Приветствую Вас Гость • Регистрация • Вход • RSS
Среда, 7.12.2016
Главная » Файлы » Қазақша рефераттар » Тәрбие сағаты [ Добавить материал ]

Әбілхан Қастеев туралы тәрбие сағаты


Оқушылар,студенттер,мұғалімдер,сайт қолданушылары өз материалыңызбен бөліссеңіз қуанышты болатын едік!

04.03.2016, 19:47

Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданы Ақсай қаласының №4 жалпы орта білім беретін мектебінің  мұғалімі 
Утегалиева Мария Ерсайновнаның  тәрбие сағатының  жоспары
 
Тәрбие сағатының тақырыбы: Мирас болған мол мұра
Тәрбие сағатының мақсаты: Оқушыларды қазақтың саңылақ суретшісі Әбілхан Қастеев туралы білімдерін толықтырып, Суретшінің қыл қаламынан туған шығармаларын таныстыру. Оқушылардың тілдік, сөздік қорларын молайту, танымдық ойлау қабілеттерін арттыру. Ұлттық өнерге деген сүйіспеншілік арқылы эстетикалық тәрбие беру.
Тәрбие сағатының  барысы: Ұйымдастыру бөлімі.
Негізгі бөлімі:
1.Ә.Қастеевтің өмірі.
2.Шығармалары: алғашқы шығармалары, табиғат пейзажы, өнер туындылары, портреттері..
«Асыл мұра» кітап көрмесі
Қорытынды бөлім
Көрнекілігі: презентация Ә.Қастеевтің қаламынан туған порттретері, «Асыл мұра» кітап көрмесі
Жүргізуші: Қазақстанның сурет өнері тым жас, тарихы тым беріден басталады. Сөйте тұра ол жастың албырттығынан да кексенің байсалды даналығынан да құралақан емес.
Қазақ бейнелеу өнерін, әрине Ә.Қастеевсіз көз алдымызға елестету мүмкін емес. Ол сонау 20-30 жылдары-ақ Қазақстандағы болашақ суретшілер Одағының негізін қалаушылардың бірі.Ә.Қастеев - адам жанын, оның шаттығы мен мұңын, қуаныш, сүйенішін,ішкі ой арпалысын тереңнен түсіне білген және айналадағы табиғат құбылыстарымен адам көңіл күйін шендестіре отырып, өз шығармалары арқылы соларды көпшілікке шебер жеткізе білген суретші.
  Ә.Қастеев - қазақ мәдениетінің таным тарихы. Ол - рухани тарихтың құрамындағы өзінше жеке өзек секілді. Ол - өз дәуіріндегі өзіне ғана тән жолмен, өзіне ғана тән дара өнермен қазақ мәдениетін жаңа кезеңге көтерген хас шебер.Шебердің өнері ортақ болғанымен, сыры құпия. Қазақстан халық суретшісі Ә.Қастеев есімі - республика жұртшылығына кеңінен танымал және аса құрметті. Бейнелеу өнеріне ең алғаш назар аударған ұлттық өнер суретшісі. Ә.Қастеев 1904 жылы Жаркент қаласынан онша қашық емес Шежін деген жерде кедей шаруа отбасында дүниеге келген.
1-оқушы: И.Үркімбайұлы." Қылқаламның атасы"
Бір кішентай ауылда маздап қазан-ошағы,
Шағын ғана шаңырақ шілдехана жасады.
Жылдар өтіп, осынау қызылшақа нәресте,
Құпиялы өнердің шымылдығын ашады.
Жазиралы Жаркенттің жаны дархан елінде,
Қылқаламның атасы келді осылай өмірге.
Тас бетінде көмірмен бейне сызып сан түрлі,
Қозы жайып жүгірді Шақпақтының белінде.
Табиғаттың ғажайып өрнегіне үңіліп,
Ержетті ол бояуын жүрегіне сіңіріп.
Қазағымның бейнелеу өнеріне жол салып, 
Шырылдады көгінде бозторғай боп ілініп.
Жүргізуші:Жастайынан жетім қалып, өзінен кіші бауырларын асырау үшін, анасына көмектесіп, еңбек етуге мәжбүр болған. Осындай жағдайда оқу, мектепке бару мәселесі тек қиял елесі болып қалған.
 Суретші өрнек жасау шебері болған анасынан көрнекті үлгі сабақтарын алды. Әбілханның анасы үйіне керекті басқұр мен бау, бояулы алаша тоқу, кілем тоқу, оны өте әдемі өрнекпен әшекелеу жұмыстарының барлығын да өзі жасайтын және осы өмір сабағы Әбілханның халық өнеріне деген сүйіспеншілігін қалыптастырады.
Ұлы қазан төңкерісінен кейін Әбілханның көзі ашылып талантты да жігерлі жасты Алматыға оқуға жібереді. Онда екі жылдай кәсіби тәжрибелі суретшісі Н.Г.Хлудовтың басшылығымен бейнелеу мен акварель сырына тереңнен қанық бола бастайды, отызыншы жылдардың бастапқы кезінде Ә.Қастеевтің алғашқы еңбектері оның шығармашылық еңбегінің ілкі кірпішін қалайды.
2 оқушы: Алғашқы туындылары.
Ең алғаш Әбілхан Қастеевтің кездескен суретшілерінің бірі - Н.Г.Хлудов жас талант еңбегін өте жоғары бағалап, қазақтан шыққан тамаша суретшіге өзінің қылқаламын, түрлі бояу салынған қорапты сыйлайды. Осы кезде салынған суреттерінің көбі сақталған жоқ, тек біразы сол кездегі Т.Г. Шевченко атындағы қазақтың мемлекеттік көркемсурет галереясында «Қарындасымның портреті», «Көкшіл түсті көйлек киген қыз», «Түрксіб», «Мектепке бару» т.б.
1934 жылы  Қазақстан көркемөнершілерінің тұңғыш рет байқауына қатысып, Абайдың «Жазғытұры» өлеңіне арналған сюжетті еңбегі көрермендер сүйіспеншілігіне бөленді. Суретші қылқалам өнеріне тереңдей бойлау мақсатында Мәскеуге оқуға аттанады.
Алғашқы шығармаларының біріне тоқталатын болсақ: Түрксіб-Сібір теміржолына жақсылып хат танымаса да ол жиырма жасында осы жолдың құрылысына келді, ересектерге арналған кешкі мектептен сабақ алып, өзінің алғашқы еңбектерімен көрмеге қатысты. Сонымен қатар оның салынуы қазақтың алғашқы суретшісі - Әбілхан Қастеевтің өміріне көптеген өзгерістер енгізді. Суретшінің өз творчествосын «Түрксіб» (1934) атты кішкене суреттен бастауы кездейсоқ емес. Мұнда күн қақтаған сары далада түйе мен темір тұлпар кездескен.
 Кейін, есейіп кеткенсоң, суретші өмірін еске алғаны болар, осы тақырыпқа қайта оралып, көптеген кейіпкерлері бар «Түрксіб» (1969) атты үлкен картина жазды. Вагондардың ұзын тізбегін сүйреген алғашқы пойыз даланы дүр сілкіндірді. Алғашқы шығармалары туралы:
Табиғатпен егіздей жаны, демі,
Сырласса, жаны рахат тауып еді.
Тасүңгірге күн ұзақ кіріп алып,
Бейнесін адамдардың салып еді,
Үңгір тас пен қойтастар алла берген, 
Тізбектеп моншақ тағып, алқа терген.
Жүргізуші:Атақты суретші көзінің тірісінде-ақ өмірдің өзіндей биікке көтерілген, сол зәулімінен түспеген, әлі мәңгі тұра беретін тұтастықтағы дара тұлға келбетін жыр тілі жүрдектікпен жеткізіп тұрғандай. Биікке шығу үшін білім керек еді, оны ол өз бетінше  өмір мектебінен алды. Кәсіби шеберлігін де өз бетінше шыңдады. Іздене жүріп кемелденді. Талантын түлетті, дарынын ашты. 
Ә.Қастеевтің шын мәнінде өмірден оқи да, үйрене де білген, жаратушының құдіреті мен бойына дарыған ерекше дарынымен өмірден алғанын өмірдің өзіндей ғып сомдап, өмірдің өзіне қайтарған. Оны жырлаған мына өлеңде осы айтқанымызға сәуле түсіріп тұрғандай көрінеді.
3 оқушы: Өмір туралы.
Көгілдір мылқау көк аспан,
Шеті мен шегі көз жетпес.
Зәулім көкпен таласқан,
Заңғар құз түрін өзгертпес.
Өзі де бейне табиғат,
Тірлікті қолмен жасаған.
Келісім тауып әрбір зат,
Келіспей тынбас осы адам.
Көп түстен жаңа түс алып,
Әсемдік сезім нұр құйып.
Өмірден шабыт, күш алып,
Өмірдей ол да тұр биік.
Жүргізуші:Әбілхан ағаға «асқан суретші» деген бір сөзбен анықтама беріп, ол кісіні білеміз дегенімізбен, терең біле бермейтініміз де анық.
Ұлы суреткердің әрбір шығармасы – бір әлем. Суретші Ә.Қастеев халық өмірінің панорамасын бейнелейтін тарихи шығармаларының біртуар таланты. Бүгінгі кештің де мақсаты асылымызды қадірлеп, аруағына бас ию ғана емес, баға жетпес құндылығын болашақ ұрпақтың зердесіне жеткізу, рухани дүниемізді байыту.
Ә.Қастеевтің шығармалары – бір ғасырдың көлемінде бірнеше дәуірді бастан өткізді дерлік. Өйткені, олар халықтар өмірінің қалтықсыз айнасы, шынайы шындығы. Әбекеңнің қаламынан туған тарихи адамдардың живопистік портреттері немесе Түркісіб темір жолына қатысты, Жетісу табиғатының ең бір сұлу көркем жерлерінің суреттері адамға эстетикалық әсер берумен қатар, тарихын да көркемдікпен көркейтіп жатады.
4 оқушы: Табиғат пейзажы.
Суретшінің табиғатпен үндестігін, біте қайнасқан бірлігін көптеген туындысынан көреміз. Атап айтқанда: «Шежін өзенінің аңғарында», «Қапшағай су электр стансасында», «Күзгі пейзаж», «Тау көріністері» және тағы басқа туындыларынан осы қасиеттерді анық байқап, көруге болады. Оның ең алғашқы ұстазы, мектебі, көрген көрме залы – табиғат. Өзен, тау, үңгірі асыл тастар, тас бетіндегі көне бейнелер, таңбалардың әсерін бойына сіңіре жүріп, үйрене білді. Сондықтан Қастеевтің табиғатты «суреттеуі» үндесіп, ұғысуы өзіне тән қасиет, ол – ұлылық!Қастеев табиғатты тәңірі тұтқан суреткер. Тау мен даланың дарқан жыршысы. Суретшінің мықтылығы сонда, кім-кімді де бей-жай қалдырмай, бір көргеннен үлкен әсер қалдырады. Сол әсерді өлеңмен де жеткізгің келеді.
Мынау – көктем бақта бұлбұл сайраған, 
Мынау – жайлау жастар бие байлаған.
Еліміздің арғы-бергі тарихы,
Қарай берсең, осы үйде бар айналаң.
Жай үйде емес, жүргендейміз музейде,
Бірде көктем, бірде бұл жер күз бейне.
Қапшағайда жүрсек жаңа, тұрамыз
Маңғыстаудан бір-ақ шығып біз кейде.
5 оқушы: Өнер тақырыбына.
Ә.Қастеевтің өнерге құштарлығын арттырған екінші мектебі ол – қазақ халқының қолөнері. Алғашқы көзіне оттай басылып, екі жанарының нұрын алған оюланып, мәнерленіп қырланған, бедерленіп, түрлі түске боялған жиһаз бұйымдар, кілем, сырмақ, текеметтер, он саусағынан өнер тамған шеберлер болса, оның арасында аса әсер еткен анасының қолынан шыққан, қадірлі де қастерлі тұрмыстық қолөнер заттары еді.Мұның дәлелі – ұлы суреткердің аңызға айналған «Өнерді өзеннің бұлағынан, қойдың құлағынан апамның киізінен, ешкінің мүйізінен үйрендім», - деген сөздері.Әсіресе қарапайым көшіп-қонуға ыңғайлы киіз үйдің ішіндегі жиһаз бұймдар. Олардың сұлулығы, үйлесімділігі, көркемдігі ішкі композициялық заңдылыққа орай құрылып, әртүрлі түстердің біртұтастығы әсем ансамбль бейнелеп, кескіндеме өнеріне жол сілтегендей болып еді. Бір ғана қазақ үйдің өзін Қастеев өмірі мен өнеріне жол сілтеуші десек, қазақ үйі көне дәуірден келе жатқан ұлттық өнеріміздің жарқын үлгісі, алғашқы әліппесі. Олай болса атамыз көне дәуірдің зерттеушісі, сол кеңстікті игеруші суреткер. Қазақстан териториясын мекендеген көшпелі тайпалардың материалдық мәдениетін бойына сіңірген этнограф-археолог суретші. Әбілханды ел адамдары «көзінің айнасы бар бала» деп тегін атамаған. Оның «Кітап ұстаған қыз», «Қыз Жібектің күймесі», «Көкпар», «Киіз үйдің ішкі көрінісі», «Жайлау» және басқа туындыларынан этнографиялық көріністерді аңғарамыз.
Ә.Қастеев көшпенділердің өмірін ғажап кестелей білген. Осы орайда әсіресе төрт түлік бейнелерін өз ырғағымен, түрсипатымен әсем келістірді.Ә.Қастеев кереметі – халықтығында, өміршеңдігінде, жасампаздығында.
Қолында алуан бояу бар,
Түрі мен түсі мың бөлек.
Қараңдар, көңіл бояулар,
Көңілі алғыр, шын зерек.
Торғыл көк өзен, жасыл көл,
Бәрінің сыбдыр тілі бар.
Асқақтап тұрған асу, бел, 
Мекені бұлттың тынығар.
Бере алса өмір реңін.
Қуантар сәтті көріністер,
Үмітпен жылытып жүрегін.
6 оқушы: Портреттік.
Ә.Қастеев – Портрет жанрына да өзіндік үлес қосқан, оның қаламынан туған Абай, Ш.Уалиханов, Садыр палуан, Ж.Жабаев, Аманкелді, С.Мұқанов, М.Әуезов, Кенен, Тоқаш және тағы басқа көптеген айтулы еңбек адамдарының кескін – келбетін айнытпай кестелеуі күні бүгінге дейін көз тартып, көрермендерін қуанышқа бөлеп келеді.
Ә.Қастеевтің айтулы суретінің бірі – «Ана портреті». Суретшінің бір ғажабы: кісінің өңіне киімін де үйлестіре білген. Мұнда да жағалы тон Ананың айбынын асырып, алысқа қараған ақылды көзде алғырлық та, ептеп шаршау да бар. Ананың келбетіне қарап-ақ әркім әрқилы сыр ұққандай: өмірдің, заманның, жастық пен кәріліктің, кешегі мен бүгіннің бүкпелі, қатпарлы сырлары.
Әбілхан атамыздың атақ-даңқын әсіресе қатты шығарған оқиға – Амангелді суретін салуы. Көп жұрт оған баға бергенде, айнытпай салғандығын бірінші айтады. Суретшінің ең басты шеберлігі – Амангелдінің айырықша адам екендігін көрсете білуінде. Көсем болуға ылайық адам келбетін, көркін, кейпін қалай таба білгендігі оның шеберлігін, халқын ерекше сүйе білгендігін, азаматын ардақтағанын көрсетіп тұр.
Ә.Қастеев салған Мәншүгі де басқаша: қату қабақ, ызалы кескін ода жоқ, өмірді сүйген, әдемі дүниені одан бетер әдемілей түсуге жаратылған жап-жас қызды көреміз. Қиылған қасы, үлбіреген жүзі, тесіле қараған көзі, ерні-мениегі- бәрі бейкүнә қыздың арайлаған бітімі. Атамыз суретін салған қазақтың бәрі ғажап! Суретші Әбекеңнің таныстыруында:
Сәлем бердік, кетті жұмыс басталып,
Кіре есіктен суретке көз тастадық.
Киімі жыртық жүрген қора сыпырып
Жасы «менмін»,- деді Әбекең қас қағып.
Жалшы кезін ұмытпаған әлі күн,
Аязбидің көріп тұрмыз тәлімін.
Жас Абай мен аттылы Амангелділер
Әйгілеп тұр ең түпнұсқа қалыбын.
Мынау- оқып танитын кез алғаш хат,
Мынау – Түрксіб жолы әлемге жалғаспақ.
Қойтаста отыр Шоқан жағын таянып,
Тоқаш Бокин жатыр әне жамбастап.
Жүргізуші:Біз Ә.Қастеев әлеміне енген сайын ол соншалықты тұлғаланып, соншалықты биіктей береді. Қазаққа кенжелеу сіңген кәсіби өнеріне бір күнде, бір айда, бір жылда екі перзент келіп бірі Әбілхан қазақ жерінде, екіншісі Ташкент қаласының маңында жандай досы атақты суретші Орал Таңсықов болғанын айта кету жөн.
1930-40 жылдары Алматыда шеттен келген әжептәуір суретші қауымымен ұстазы Н.Хлудов және таланты шебер суретшілер-Риттих, Бортников, КрутильниковтарменӘбекең бірге болып олардан алған үлгісі де көп болады. 
Ә.Қастеев шығармаларындағы көркемдікке жету жолдары, бейнелеу тілі, оның мүмкіндіктері жайлы, басқа суретшілерде көп ізденген. Мысалға: 1986 жылы өнертанушы Б.Барманқұлованың құрастыруымен жарық көрген мақалалар мен естеліктер беріліп Қастеевтің шығармалар жинағы шықты.Ә.Қастеев суреттері туған жер табиғатын, өмір жаңалықтарын кестелеген суреттері сұлулығымен, тіпті, кейде бір болмашы нәзіктігімен адам көңілін баурап, желпініс ала келетіні бар. Суретші туралы үлкен жазушы, драматург Юрий Домбровсийдің: «Әбілхан портреттерінен үнемі бір әдемі саз, қоңыр леп есетін еді. Оның туындылары ұлттық мінезге бай, жомарт»,-деп жазуы да кездейсоқ емес.
1969 жылы Мәскеуде Ә.Қастеевтің дербес көркемсурет көрмесі ашылып, үлкен табысқа жетеді, көрермен жұртшылығының жылы лебізіне ие болады.Ә.Қастеев 1944 жылдан ҚР халық суретшісі, Қазақстан Суретшілер Одағы басқармасы мен президиумының мүшесі. Бірнеше рет Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің депутаты болып сайланды. Ә.Қастеев-екі мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен және Құрмет белгісі орденімен марапатталған, Республика көркемөнеріне еңбегі сіңген қоғам қайраткері. Өз өмірінің қырық жылдан астамын  Ә.Қастеев өнерге шексіз қызмет етуге арнады. Осы мерзім уақытында ол Республикамыздың тамаша көркем шежіресі болып табылатын 1000-нан астам көркем туындылар жасады.
Қазақ өнеріне еңбегі сіңген Әбілхан Қастеев ұзаққа созылған ауыр науқастан кейін 1973 жылы 2 қарашада қайтыс болады. Оның жоғары идеялыққа, терең халықтық және өмір шындығына толы өнері халыққа кеңінен танылып, сүйіспеншілікке бөленді.
7 оқушы:Ә.Тәжібаев. «Художник Кастеев»
Оркестрде бір үн бар ұғымсыздау,
Бірде жылы сезілсе, бірде мұздай,
Жылап тұр ма белгісіз, күліп тұр ма
Қалай-қалай тартады жұғымсыздар.
Құя алмасаң жасыңды, тоқтат бәрін!
Керек емес қырық құрау жамауларың.
Өлгендігін мәлімдеп Қастеевтің
Өзім айтсам өлеңмен жоқтау зарын.
Ал жігіттер, сендерден тілер тілек,
Көтеріңдер табытты биігірек
Шығарайық шығанға Қастеевті
Кебін емес, жағалы киімімен!
Көрдіңдер ме көктегі кептерлерді,
Суретшінің досы олар көптен бергі.
Жылда осылар аспанмен әкелетін
Қастеевті жылытар көктемдері.
Жүргізуші:Ә.Қастеев – бүгінгі таңда да біздің замандасымыз. Бүкіл жан-тәнімен әрқашан халықпен бірге болған ол оның ең таңдаулы қадір-қасиетін бойына сіңіріп, сол арқылы болмыс пен уақыт шындығын замандастары мен келер ұрпаққа баяндап берді. Халықпен осы етене жақындығының нәтижесінде оның өмірі мен өнері мәңгі жасарған күйі көз алдымызда тұра бермек.


Похожие материалы

Рахмет ретінде астында тұрған жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!

Категория: Тәрбие сағаты | Добавил: Admin | Теги: тәрбие сағаты, Әбілхан Қастеев туралы
Просмотров: 701 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]