Приветствую Вас Гость • Регистрация • Вход • RSS
Суббота, 10.12.2016
Главная » Файлы » Қазақша рефераттар » Тарих [ Добавить материал ]

Түрік қағанаты


Оқушылар,студенттер,мұғалімдер,сайт қолданушылары өз материалыңызбен бөліссеңіз қуанышты болатын едік!

[ Скачать с сервера (95.6Kb) ] 11.12.2013, 00:25

Түрік қағанаты (551–603 жж.)

«Түрік» деген ат алғаш рет 542 жылы аталады. Қытайлар түріктерді сюнну-ғұндар деп атаған, мұның өзі түріктердің ғұн тайпаларының жалғасы екенін көрсетеді. 546 жылы тирек (телэ) тайпалары Моңғолияның оңтүстік және орталық аудандарын мекендеген аварларға (жкань-жуань) қарсы жорық жасайды. Осы кезде күтпеген жерден түріктердің қағаны Тумынның (Бумын) басқаруымен түріктер телэ әскерлеріне шабуыл жасап, жеңіп, 50 мың әскерін тұтқынға алады. Осыдан кейін түріктер күшейіп, енді бұрын өздері тәуелді болып келген аварларға (жуань-жуань) қарсы шығады. 552 жылы көктемде түріктер аварлардың ордасына шабуыл жасап, оларды жеңеді, авардың қағаны Анағұй өзін-өзі өлтіреді. Осы кезден бастап Бумын түрік қаған деген атағын алады. Бумын 553 жылы қайтыс болады.

 

Бумын өлгеннен кейін, таққа оның інісі Қара-Еске отырады. Ол Орхонның жоғарғы жағында аварларды екінші рет жеңеді. Қара-Ескеден кейін, оның мұрагер інісі Еркінді-Мұқан деген атпен қаған болады. Оның ел билеген кезі 553–572 жылдар. Мұқанның тұсында аз уақыт ішінде (553–554 жж) түріктер шығыста қайлар, қидандар және оғыз-татар тайпаларын, солтүстікте Енесей қырғыздарын, Жетісу жеріндегі түргенттерді өздеріне қаратты. Бұл жылдары түріктердің батысқа қарай жасаған жорықтары күшті болды. Оларды Тумынның басқа бір інісі Естемі жүргізді. Кейін тарихи деректерде оны Батыс түріктерінің түпкі атасы және Батыс Түрік қағанатының негізін қалаушы деп атайды. 563 жылы Түрік қағаны Силзибул (Естемі) Эфталит мемлекетін басып алуға кіріседі.

 

571 жылы Естемі қаған Солтүстік Кавказды басып алды, сөйтіп Керчь түбегіне (Боспорға) шықты. Оның баласы Түріксанф Керчті басып алып, 576 жылы Қырымға шабуыл жасады. Бірақ Естемі өлгеннен кейін, 582–593 жылдары Түрік қағанатында билік үшін қырқыс басталды. Өз ішіндегі алауыздық пен әлеуметтік қайшылықтар қағанатты қатты әлсіретті. Елде мал індеттері, жұттар мен ашаршылық орын алды. Түрік қағанаты шекараларына шығыстан Қытайдың Сүй әулетінің (581–618 жж.) шабуылы күшейді. Бұл жағдайлардың барлығы 603 жылы Түрік мемлекетінің екі дербес қағанатқа – Шығыс және Батыс қағанаттарына бөлінуімен аяқталды.

 

Батыс Түрік қағанаты (603–704 жж.)

Батыс Түрік қағанаты. Аумағы Алтайдан Тянь-Шаньға дейін, Шығыс Түркістаннан Каспийге дейін созылады. Астанасы – Суяб қаласы. Қағанат құрамындағы тайпалар: қаңлы, үйсін, дулат, түркеш, қыпшақ, қарлұқ т. б.

 

Шаруашылығы. Көшпелі мал шаруашылығымен, суармалы егіншілікпен айналысты. «Ұлы Жібек жолының» Батыс Түрік қағанаты жерінен өткендігі сауда мен қолөнердің дамуына әсер етті.

 

Басқару жүйесі. Мемлекетті қаған басқарды. Қағанның әулеті жоғары тұрды. Олар янғу, шад, тегін сияқты жоғары лауазымдарға ие болды. Билік мұрагерлікпен беріліп отырды. Қағанат он тайпаға бөлінеді. Ол «он оқ» деп аталады.

 

Мәдениеті. Халық түрік тілінде сөйлейді. Бізге белгілі Орхон-Енисей жазуы Батыс түрік қағанатының мәдениетінен дерек береді. Моңғолия жерінен табылған Білге қағанның, Күлтегіннің, Тоныкөктің Орхон жазуы бар құлпытастары қағанат мәдениетінің жоғары дәрежеде дамығанын көрсетеді. Бұл ескерткішті 716 жылы жазған. Ескерткішті алғаш рет Данияның ғалымы Томсон оқыған. VII ғасырда Батыс түрік қағанатында жазба әдебиеті дамыған.

 

Қағанаттың ыдырауы. Батыс Түрік қағанаты 704 жылы құлады.

 

Басты себептері: феодалдардың ішкі талас-тартысы және Батыс түрік қағанатының Таң патшалығымен соғысы. Қағанат территориясы жаңадан құрылған Түркеш қағанатының құрамына кірді.

 

Тарихи деректер. Батыс түрік қағанаты жайында көптеген мәліметтер бар. Солардың ішінде Жуңғо кезеңінің деректері ең қомақты деректер болып табылады. 630 жылы будда ғалымы Шуан Заң қағанат астанасы Суяб және тағы басқа қалалар жайында естеліктер қалдырған. Моңғолия жеріндегі Білге қаған, Тоныкөк, Күлтегін құлпытастары Батыс түрік қағанаты туралы заттай деректер болып табылады.

 

Түргеш қағанаты (704–756 жж.)

Түрік тектес түргеш тайпалары VI-ғасырда Тянь-Шань таулы аймақтарын мекендеген, ал VII-ғасырда Жетісудың орталық аймақтарын қоныс еткен. Түргеш тайпалары жөніндегі алғашқы мәліметтер Күлтегін ескерткішінде және Қытай жазба деректерінде кездеседі. Ал түргештердің жеке қағандық болып құрылуы туралы дерек "Тоныкөк” жазуында айтылған. Түргеш қағанаты халқының этникалық құрамы негізінен сары және қара түргеш тайпаларынан тұрған. Шу бойындағы түргештер сары, ал Талас аймағындағы түргештер қара түргештер деп аталған.

 

Түргеш қағанаты 704–756 жылдар аралығында өмір сүрді. Бұл кезде Жетісу аймағында араб басқыншыларына қарсы күрес жүріп жатқан болатын. Жетісуда Түргеш қағанаты билеушілерінің негізін қалаушы Үшелік-қаған. Оның билік жүргізген кезі – 699–706 жылдар. Ол Жетісудан Батыс түрік билеушісі Бөрішадты қуып, Ташкенттен Турфанға және Бесбалыққа дейін өзінің өкіметін орнатты. Оның басты саяси орталығы – Шу өзені бойындағы Суяб қаласы. Екінші орталығы – Іле өзені бойындағы Күнгүт қаласы. Үшелік елді 20 ұлысқа бөліп, олардың әрқайсысында 7 мыңнан әскер ұстады.

 

Түргеш қағанатында Үшелік өлгеннен кейін билік оның баласы Сақал-қағанға көшті. Оның ел билеген кезі 706–711 жылдар. Қаған билігі үшін сары және қара түргеш тайпаларының арасында талас-тартыс басталды. Батыста түргештер соғдылармен бірігіп арабтарға қарсы күрес жүргізді. 711 жылы Шығыс түрік қағаны Қапаған Жоңғария жерінде түргештерге соққы беріп, Сырдариядан өтті. 712–713 жылдары арабтарға қарсы түріктер, соғдылар Шаш (Ташкент) қаласы тұрғындары және ферғаналықтар бірігіп күш көрсетті. Мәуеренахрдағы араб иелігіне төніп отырған қауіпті түсінген Күтеиб Шаш қаласын өртеді, 714 жылы ол Испиджабқа шабуыл ұйымдастырды.

 

Екі тайпаның арасындағы тартыста қара түргештер жеңіске жетеді, олар қолдаған Сұлу тархан қаған болады. Түргеш қағанаты Сұлу қағанның (715–738 жж.) тұсында қайта күшейе бастады. Бұл кезде өкімет қара түргеш тайпаларының қолына көшіп, мемлекет орталығы Талас (Тараз) қаласына ауысты. Айлалы саясаткер және күшті әскери қолбасшы Сұлу екі майданда: батыста арабтарға қарсы, шығыста Батыс түрік қағандары мирасқорларын қолдаған Тан империясымен күрес жүргізді. 723 жылы түргештер Ферған қарлұқтарымен және Шаш тұрғындарымен бірігіп, арабтарға күйрете соққы берді. Арабтар 732 жылы өз әскерлерін біріктіріп, түргештерді қирата жеңіп, Бұхара қаласын басып алды. 737 жылы Сұлу арабтарға қарсы жорық ұйымдастырып, Тохарстанға дейін жетті, бірақ кейін жеңіліп қалды. Қайтып келе жатқанда, оны өзінің әскери басшысы Баға-тархан өлтірді. Сұлу қаған қаза болғаннан кейін билік үшін "сары” және "қара” түргештердің арасында ұзаққа созылған күрес жүрді. Түргеш мемлекеті өз ішіндегі күрестің нәтижесінде едәуір әлсіреді, мұны Тан (Қытай) империясы ұтымды пайдаланды. 751 жылы Тараздың қасындағы Атлах қаласы жанында Зияд-ибн-Салых бастаған араб әскерлері мен Гао-Сяньчжи басқарған Қытай әскерлерінің арасында 5 күнге созылған қырғын соғыс жүрді. Қытайлықтарға қарсы оның тылындағы қарлұқтар көтерілді. Нәтижесінде Қытай әскерлері жеңіліске ұшырады. Әбден әлсіреген Түргеш мемлекеті 756 жылы құлады.

 

Түргеш қағандығы бар-жоғы жарты ғасырдай өмір сүрді. Оның көп жылдары сыртқы жаулармен соғыста өтсе, ішкі жағдайында да тыныштық болмады. Тайпалар екі жаққа бөлініп, бір-бірімен талас-тартысқа түсті. Мұндай ұзақ уақытқа созылған саяси күрес қағанаттың экономикалық және мәдени жағынан өсіп өркендеуіне кері әсерін тигізді.

 

Қарлұқ қағанаты (756–940 жж.)

Қарлұқтар туралы алғашқы мәлімет V ғасырдан бастап белгілі болады. Бұл кезде қарлұқтар Моңғол Алтай тауы мен Балқаш көлінің шығыс жағалауы арасын қоныс етіп, көшіп жүрген. VI-VII ғасырларда қарлұқтар Түрік, Батыс түрік және Шығыс түрік қағанаттарының құрамына кіреді. Олар ірі-ірі үш тайпалық – бұлақ, шігіл (себек) және ташли одағына бірікті. Қарлұқ тайпалар одағының билеушісі елтебер деп аталды.

 

742 жылы Моңғолия даласындағы Шығыс Түрік қағанатын үш тайпаның – қарлұқтардың, ұйғырлар мен басымалдардың біріккен одағы күйретіп жеңеді. Қағанат билігі аз уақыт басымалдардың қолына көшіп, олардың көсемі қаған болады. Қарлұқтар басшысы мен ұйғырлардың жетекшісі жабғы атағын алады. Алайда, бұлардың арасында талас-тартыс басталып, 744 жылы басымалдарды ұйғырлар мен қарлұқтардың біріккен күші тас талқан етеді. Сөйтіп, Орталық Азияда жаңа мемлекет Ұйғыр қағанаты (744–840 жж.) құрылады. Ұйғыр тайпаларының басшысы жоғарғы қаған болады да, қарлұқтар көсемі жабғы атағын алады. Бірақ қарлұқтардың дербестікке ұмтылуы, олардың Ұйғыр қағанатынан бөлініп шығуына жеткізеді. 746 жылы қарлұқ тайпалары Жетісу жеріне қоныс аударады. Сыртқы жаулардың шабуылынан және өзара қырқысқан күрестерден әлсіреген түргеш қағандары қарлұқтарға қарсылық көрсете алмады. 766 жылы түргеш қағанының екі ордасы – Тараз бен Суяб және бүкіл Жетісу жері қарлұқтар жабғуының қолына көшті.

 

Қарлұқ тайпалары VIII-X ғасырларда Қазақстанның Жоңғар Алатауынан бастап, Сырдарияның орта бойына дейінгі кең байтақ жерлердің бәрінде қоныстанды. Олар Балқаш пен Ыстықкөлдің арасын, Іле, Шу, Талас аңғарларын, Тянь-Шаньннің баурайларын мекендеді. Қарлұқтардың бір тобы 766–775 жылдары Қашғарды басып алды, ал VIII ғасырдың аяғында олардың екінші бір бөлігі Ферғанаға өзінің үстемдігін жүргізді. IX ғасырдың бас кезінде қарлұқ тайпалары Оңтүстік Қазақстандағы Отырар (Фараб) қаласы маңына барып қоныстанды. Бұл кезде Қарлұқ конфедерациясына түркі тілдес көшпелі және жартылай көшпелі әр түрлі тайпалар: жікілдер, бұлақтар, халаждар, түргештер, азкишлер, тухсилер, шарухтар, аргулар, барсхандар кірген. Қарлұқ жабғуы IX ғасырдың басында арабтарға қарсы Ферғана және Жетісу қарлұқтарының күрестерін қолдап отырды. 810 жылы арабтар қарлұқтарға қарсы шабуыл жасап, Құлан (қазіргі Луговой стансасы) қаласына жетеді. 812 жылы арабтар Отырарға жорыққа шығып, қарлұқтарды жеңеді. Олардың жабғысы Қимақ еліне қашып кетуге мәжбүр болады. Осыдан кейін Оңтүстік Қазақстан жерінің Қарлұқ қағанатына кіретін бір бөлігінде араб билігі орнайды.

 

791 жылы ұйғырлар Бесбалық түбінде қарлұқтар мен тибеттіктердің біріккен әскерлерін талқандайды. 812 жылы олар қарлұқтарды жеңеді. 840 жылы Енесей қырғыздары Ұйғыр қағанатын талқандап оның халқын Турфан аймағы мен Ганьчжоу ауданына еріксіз көшіреді. 893 жылы Самани билеушісі Исмаил-ибн-Ахмет Таразға жорық жасайды. Қарлұқ қағаны Оғұлшақ Қадырхан қорғанғанымен ақырында қала құлап, халқы ислам дінін қабылдайды.

 

Қарлұқ феодалдық қоғамы байлар мен кедейлерге бөлінді, одан басқа қауымның ешбір құқы жоқ тобы – құлдар-тын. Көшпелі тайпалардың билеуші ақсүйек топтарының қолында жайылымдар мен құнарлы жер ғана емес қалалар да болатын. Тарихи деректер бойынша қарлұқтар елінде 25 қала мен қыстақ болған. Олар: Тараз, Құлан, Мерке, Атлақ, Тұзын, Балиг, Барысхан, Сыйкөл, Талғар, Тонг, Пенчуль т. б. Қалаларда қолөнер мен зергерлік кеңінен дамыды. X ғасырдың басында Қарлұқ қағанатының жағдайы нашарлай түсті. Оған Орта Азиядағы саманилер әулеті мен арабтардың шабуылы күшейді. Ішкі қырқыс, өкіметті басып алу, қоныс-өрісті иемдену жолындағы талас-тартыс оның береке-құтын қашырды. Міне осындай қиын жағдайда қауіп-қатер Қарлұқ қағанатына Қашғар жағынан келді. 940 жылы олар Баласағұнды басып алды да, Қарлұқ мемлекеті құлады.

 

Арабтардың жаулап алу жорықтары

VII ғасырдың басында Арабия түбегінде Араб мемлекеті құрылады. Бұл мемлекет ислам дінін басты қағида етіп ұстайды. Араб феодалдары «дін үшін соғыс» жиһад ұранымен басқа халықтарға, елдерге басқыншылық жорықты бастайды.

 

Арабтар жорығының басталуы. 633 жылы арабтардың «дін үшін соғыс» ұранымен жаулап алу жорықтары басталады. Олар Сирия, Иран, Египет жерлерін басып алады.

 

Арабтардың Орта Азияға, Қазақстанға шабуылы. Арабтар ең алдымен Мәуереннахрға, 706 жылы Бұхараға шабуыл жасайды. Арабтарды Орта Азияға Қорасан билеушісі Кутейба ибн Муслим бастап келеді. 709 жылы арабтар екінші рет Мәуереннахрға шабуыл жасап, Бұхара қаласын, 714 жылы Шашты басып алады. 753 жылы қарлұқтар мен түріктер арабтарды Самарқанға дейін қуады. 724 жылы арабтар Ферғананың орталығы Қасанның маңында түркештер мен ферғаналықтардан жеңіледі. 737–748 жылдары арабтар Қазақстан жерлеріне бірнеше рет шабуыл жасайды. 451 жылы Тараз қаласының маңында арабтар осы өңірді басып алған қытайларды жеңеді.

 

Арабтарға қарсы күрестер. 766 жылы қарлұқтардың, содан кейін Ферғана халықтарының арабтарға қарсы күресі басталды. 806 жылы Орта Азияда арабтарға қарсы Мұқанна қозғалысы болды. IX ғасырда Араб халифатының саяси жағдайы күрт нашарлады. Осының салдарынан Орта Азия мен Оңтүстік Қазақстанда арабтардың билігі әлсіреді.

 

Араб басқыншылығының салдары мен маңызы. Оңтүстік Қазақстан, Жетісу өңірлеріндегі халықтар малынан, жерінен айырылды. Арабтардың басқыншылығы Қазақстанның саяси-экономикалық, мәдени өміріне үлкен өзгеріс әкелді. Ең алдымен Қазақстан аумағында ислам діні, араб мәдениеті, жазуы тарады. Тараз, Отырар, Бұхара т. б. қалаларда араб мәдениетінің, ислам дінінің ірі орталықтары пайда болды.

 

Оғыз мемлекеті (IX-XI ғғ. басы)

Қарлұқ қағанатының солтүстік-батыс жағында, Сырдарияның орта және төменгі бойында, оған жалғасып жатқан Батыс Қазақстан далаларында IX-X ғасырларда Оғыз тайпаларының ежелгі феодалдық мемлекеті қалыптасты. Оғыздардың ата-бабаларының әуелгі қоныстанған жерлері Ыстықкөлдің маңы. Оғыздар IX ғасырда Сырдария бойына келіп орналасады, бірақ ондағы кангар-печенег бірлестігімен ұзақ уақыт соғысуға тура келеді. Махмұд Қашғари Оғыз елінің 22 кейбір деректерде 24 тайпаға бөлінгенін және әр тайпаның өз белгі таңбасы мен туы болғанын айтады.

 

IX ғасырдың аяғы мен X ғасырдың бас кезінде оғыз тайпалары Сырдарияның орта ағысынан Еділдің төменгі бойына дейінгі орасан кең жерлерді мекендейді. Оғыздардың қоныс өрістері Ырғыз, Орал, Ембі, Ойыл өзендерінің бойларында, Сырдарияның Қаратау баурайлары мен Исфиджаб шегіне дейін жеткен. Олар Сырдарияның орта және төменгі ағысы бойында, арал өңірі мен шығыс Каспий аймағында шоғырланып қоныс тепті.

 

X ғасырда Оғыз мемлекетінің астанасы – Янгикент немесе Жаңа Гузия деп аталатын қала болды. Ол Қимақ даласы арқылы Сарысу, Есіл және Нұра бойларына баратын сауда жолының үстінде орналасқан. Оғыз мемлекеті өзінің саяси және әлеуметтік тұрмысы жағынан көне феодалдық мемлекет болды. "Жабғы” атағы бар жоғарғы билеуші Оғыз мемлекетінің басшысы болып саналды. Оғыз жабғыларының орынбасарларын Көл-еркін деп атаған. Жоғарғы билеушілер орны мұрагерге беріліп отырған. Оғыз хандарын сайлау кеңестерде өткізілген. Жабғудың "инал” деген атағы бар өз мұрагерлері болған. Жас кезінде оларды тәрбиелеу үшін арнайы қамқоршылар (атабектер) тағайындалған. Оғыз жабғыларының әйелдері сарай маңындағы өмірде айтарлықтай рөл атқарған. Оларға "қатын” деген атақ берілген. Сарайда әскери кеңеске сүйенетін оғыз әскерінің бастығы (Сюбашы) маңызды орын алған.

 

965 жылы Оғыз жабғуы Киев князі Святослав пен одақтасып хазарларды талқандады. 985 жылы оғыздар Орыс князьдарымен бірігіп, Еділ Булғариясын күйрете жеңді. IX-X ғасырларда Оғыз мемлекетінде ескі рулық-тайпалық институттардың тез ыдырауы жағдайында патриархаттық-феодалдық қатынастар дамыды. X ғасырдың аяғы мен XI ғасырдың бас кезінде Оғыз елінде алым-салықты тиянақты түрде жинап отыру жүйесі орын алды, бұл – мемлекетте тұрақты басқару аппаратының құрылғанын көрсетеді. Оғыздардың көпшілігінің басты кәсібі көшпелі мал шаруашылығы болды. Оғыз тайпаларының бір бөлігі Сырдарияның төменгі бойын қыстап, жайлауға Каспий маңындағы далаға көшкен. Оғыздар негізінен жылқы, қой, ешкі, сиыр, өгіз, түйе өсірген. Әсіресе, қой өсіру шаруашылығы маңызды рөл атқарған. Сондай-ақ оғыз бай-феодалдары жер қайыстырған қалың жылқы үйірлерін ұстаған. Көшпелі оғыздар түйе, оның ішінде айыр өркешті ірі түйелер өсірген. Оғыздар аңшылықпен де айналысты. Оғыз кедейлері Арал теңізінен, Сырдариядан, тағы басқа да өзендерден балық аулап кәсіп қылған. Қалалардағы үйлер көбіне тастан, ағаштан, қамыстан тұрғызылды. Оғыздардың Сырдарияның төменгі ағысында Жанкент, Жент, Жуара, ал Сырдарияның орта ағысында Қарнақ, Сүткент, Фараб, Сығанақ және Сауран т. б. қалалары болған. Оларда қолөнер кәсібі, соның ішінде мал өнімдері мен шикізаттарды өңдеу дамыды. Оғыздарда құмырашылық өндірісі де өркендеді. Олар мекендейтін аумақтарда темір, күміс, алтын, мыс және асыл тастар өндірілді.

 

XI ғасырдың басында Оғыз мемлекеті құлдырай бастады. Оған алым-салықты жыртқыштықпен аяусыз жинауға наразылық білдірген оғыз тайпаларының көтерілісі себеп болды. Бұл жағдай X ғасырдың екінші жартысында өкімет басына келген Әлиханның билік құрған кезіне жатады. Жабғының өкіметіне қарсы халық наразылығын, Жент маңына келіп қоныстанған салжұқтардың көсемдері пайдаланды. Салжұқ көсемдері Янгикенттегі оғыз билеушілеріне қарсы көтерілісті бастап, Жент қаласын басып алды, бірақ оны ұзақ ұстап тұра алмады. Осы кезде ел басына Әлиханның мұрагері Шахмәлік келіп, мемлекет едәуір кұшейді. 1041 жылы оғыздар Хорезмді жаулап алады. Алайда, арада екі жыл өткеннен кейін оғыздардың соңғы жабғысы Шахмәлік салжұқтардың қолына түсіп өлтіріледі. Салжұқтармен жүргізілген ұзақ жылғы соғыстар Оғыз мемлекетін қатты әлсіретті. Аяғында келіп Жабғы мемлекеті қыпшақ тайпаларының соққысынан біржолата құлады. Оғыздардың бірсыпыра топтары осыдан кейін Шығыс Еуропаға, Кіші Азияға қоныс аударды. Енді біразы Орта Азияға, Оңтүстік Қазақстандағы Қарахан әулетінің және Хорасанның салжұқ билеушілерінің қол астына көшті. Ал XI ғасырдың ортасында қыпшақтар талқандаған оғыздардың кейбір қалдықтары кейін келе Дешті Қыпшақтардың түркі тілдес тайпаларына сіңіп кетті.

 

Кимек қағанаты (IX-XI ғғ. басы)

Қытай деректемелерінде көрсетілгендей (Кимектер) Қимақтар тарихы VII ғасырдан басталады. Ондағы аталатын яньмо тайпасы зерттеушілердің шамалауы бойынша кимек тайпасы болып саналады. Теле тайпаларының бірі болған яньмолар (кимектер) VII ғасырдың бас кезінде Солтүстік Моңғолияны мекендеген, ал VII ғасырдың ортасына таман кимектер Алтай тауларының солтүстігі мен Ертіс өңіріне көшіп барады. Кимек тайпаларының басшысы "шад татұқ” деп аталған. VIII ғасырдың екінші жартысы – IX ғасырдың басында кимек тайпалары үш бағытта: солтүстік-батыста Оңтүстік Оралға, оңтүстік-батыста Сырдария аңғарымен Оңтүстік Қазақстанға, оңтүстікте Солтүстік Шығыс Жетісу аймағына қарай қоныс аударады.

 

766 және 840 жылдар аралығында кимектер Батыс Алтай, Тарбағатай мен Алакөл ойпатының жерлерін жайлап, Шығыс Түркістанды мекендейтін тоғыз оғыздардың теріскей шебіне дейін жетеді. Осы кездері жеті тайпадан: эймур, кимек, қыпшақ, татар, баяндүр, ланиказ, ажлардан тұратын кимек федерациясы құрылды. Кимек тайпаларының басшысы "байгу” (жабғы) деп аталады. Бұл атақ өзінің лауазымдық дәрежесі жағынан шадтан жоғары болған.

 

IX ғасырдың бас кезінде кимектер Сырдарияға қарай жылжиды. Бұл жерде олар қарлұқтармен одақтасып, Сырдария бойындағы және Арал өңіріндегі қаңғар-печенег тайпаларын талқандайды. Печенегтерді бұл жерлерден ығыстырып, осында қоныс аударған оғыз тайпаларына оларды батысқа қарай қуып жіберуге пәрменді көмек береді. Мемлекет ішінде тайпалар ақсүйектерінің өкілдерінен билеушілерді тағайындап отырған.

 

IX ғасырдың аяғы – X ғасырдың бас кезінде, яғни Кимек қағанатының құрылған уақытынан бастап, олардың ханы түріктердің ең жоғарғы лауазымы хакан деп аталған, немесе хандардың ханы деген мағынаны білдіреді. Хаканнан кейінгі билік Қимақ мемлекетінің құрамына енген тайпалар бірлестігін басқарған жабғулардың қолында болған. Олардан кейінгі жеке-жеке ру-тайпаларды шад-түріктер билеген.

 

Кимек мемлекетінің қалыптасып өсуіне қарай, олардың тайпаларының құрамы да өзгеріп отырған. Тарихи деректердің көрсетуі бойынша, бұл кезде қағанат құрамына кірген тайпалардың саны 12-ге жеткен. Кимектердің 16 қаласы болыпты, бастылары Кимекия, Қарантия, Дамурия, Шнария, Сараус, Дахлан, Банджар, Астур. Қимақтың ақсүйек байлары киімді қызыл және сары жібектен киетін болған, кедейлері жұпыны киінген. Қимақ қоғамында мал-мүліктің теңсіздігінің нәтижесінде көшпелі ақсүйектер пайда болады. Малы аз қимақтар кедейге айналады. Қимақтар қол өнермен, аң аулау, балық аулаумен шұғылданып, қыстауларды қоныс етіп, шағын мекендерде тұрған, бұл мекендер бірте-бірте қалаға айналған.

 

Қимақтар жазуды білген. Олар ежелгі көне түрік жазуын пайдаланып, қамыс қаламмен жазған. Қимақтар табиғаттың әр түрлі күштері мен құбылыстарын пір тұтқан, көк тәңірісі ата-бабаларына сиынған. Олар күнге, жұлдыздарға, аруақтарға да табынған. Ертіс өзенін қасиет тұтып, "өзен – адамның тәңірі” деген. Өлгендерді өртеп жіберген. Оларға тас сымбат (мүсін) қойып, оған табыну салты кеңінен тараған.

 

XI ғасырдың бас кезінде Орталық Азиядан шыққан тайпалардың бірінен соң бірінің шабуыл жасауы Қимақ мемлекетін әлсіретті. Бұдан басқа қағанаттың өз ішінде де билік үшін талас-тартыс күшейді. Сондықтан оның құрамына кірген қыпшақтар өзінің қоныстанған жерлерін тастап, Сырдария бойындағы, Аралдың батысы мен Каспийдің солтүстік өңіріндегі оғыздарды орындарынан қозғап, оларды оңтүстікке және Қара теңіз далаларына көшуге мәжбүр етті. Оғыз жерін басып алғаннан кейін, қыпшақ хандары күшейе түсті.

 

Осы оқиғалардың барысында қимақтар саяси үстемдігінен айырылып қана қойған жоқ, сонымен қатар қыпшақтарға тәуелді болып шықты. Қимақтардың бір бөлігі Ертісте қалып, екінші бөлігі Түркістан және Орта Азия аймағына қоныс аударды, енді біразы қыпшақ тайпаларымен батысқа, оңтүстік орыс далаларына қарай қозғалды. Сөйтіп, қыпшақтар қимақ мемлекетінің орнын басты.

 

Қыпшақ хандығы (XI ғ. — 1219 ж.)

Қыпшақтар туралы алғашқы хабар Қытайдың жазба деректерінде кездеседі. Қыпшақтар ең әуелі Алтай, Саян тауларының баурайларын мекендеген. VII ғасырда олар Қазақстан жеріне Алтайдағы телэ тайпаларының құрамында қоныс аударып келген. VII-X ғасырларда Қазақстан аумағында қыпшақ этникалық қауымдастығының ұзаққа созылған қалыптасу процесі жүрді.

 

Қазақстан жерінде қыпшақ этникалық қауымдасуын үш кезеңге бөліп қарауға болады. Бірінші кезең, қыпшақтардың қимақ тайпалық одағында болуы: VII ғасырдың екінші жартысы – VIII ғасырдың соңына дейін. Екінші кезең: VIII ғасырдың аяғы – XI ғасырдың басы. Бұл кезде қыпшақтар Алтай және Ертістен Орал таулары мен Еділге дейін қоныс тепті. Қыпшақ тайпалық Одағына Мұғалжар жеріндегі құмандар және қимақ тайпалары кірді. Қыпшақтар Сырдария, Қаратау бойындағы қалаларды өздеріне бағындырды. XI ғасырдың орта кезінен бастап қыпшақтар қазіргі Волгадан (Еділден) батысқа қарай жылжыды, сөйтіп шығыс Еуропа елдерімен, орыс княздіктерімен, Византиямен, Венгриямен шектесті. Ұлан-байтақ қыпшақтар мекендеген жерлер "Дешті қыпшақ”, яғни қыпшақ даласы деп аталды. Ал қыпшақтардың өзі Батыс Еуропа деректерінде құмандар, орыс жылнамаларында половцылар деп көрсетілді.

 

XI ғасырдың екінші жартысынан бастап 1219 жылға дейін қыпшақ тайпалық одағы дамуының үшінші кезеңі жүрді. Осы кезде қыпшақ хандарының мәртебесі, күш-қуаты өсті. Олардың этникалық құрамы өзгеріп, қимақ, құман, ертедегі башқұрт, оғыз т. б. тайпалар кірді. Сондай-ақ қыпшақтардың этнос болып қалыптасуына түрік тілді қаңлылар, ұрандар, Шығыс Түркістаннан келген баяттар, түргештер, қарлұқтар, шігілдер әсерін тигізді.

 

Бұл кезде қыпшақ хандары өз жерлерін оңтүстікте Тараз қаласына дейін жеткізіп, қарахандықтармен шектесті. Олардың арасындағы шекара – Балқаш көлі және Алакөл ойпаты болды. XII ғасырда қыпшақ тайпалары Алтайда, Ертістің жоғарғы жағында наймандармен, қаңлылармен, керейттермен шектесті, солтүстікте қырғыздар және хакастармен көрші болды. Қыпшақ тайпаларының басында қаған, одан төмен қарай хан, тархан, басқақа, бек, байлар тұрды. Қыпшақ қоғамы әлеуметтік және сословиелік жағынан тең болған жоқ. Негізгі теңсіздік малға деген жеке меншік еді. Жылқы басты байлық болып саналды. Төменгі тапқа малы аз шаруалар, кедейлер жатса, ал қолға түскен тұтқындар құл ретінде пайдаланылды. Мал ұрлау қатаң жазаланды. Жеке меншіктегі малға рулық-тайпалық белгілер салынды. Малынан айырылған, немесе көшу мүмкіндігін жоғалтқан қыпшақ кедей шаруалары отырықшы тұрғындар — жатақтар қатарына көшті. Бірақ олар жеткілікті мөлшерде мал жинап алысымен, қайтадан көшпелі шаруашылыққа ауысып отырды.

 

Қыпшақ хандары Орта Азия мемлекеттерімен, әсіресе Хорезм шахтары және салжұқтармен табанды күрес жүргізді. 1065 жылы салжұқтардың билеушісі Алып Арсылан қыпшақтарға қарсы Маңғыстауға шабуыл жасайды. Қыпшақтарды жеңіп бағындырғаннан кейін, ол Жент пен Сауранға жорыққа шығады. Соғыста жеңіліс тапқан қыпшақ тайпаларының бір бөлігі Хорасан салжұқтарына тәуелділікке түсті. 1096 жылы "Құдіретті” хан бастаған қыпшақ бірлестігінің әскерлері Хорезмге қарсы жорық жасады, бірақ ол сәтсіздікпен аяқталды.

 

XI ғ. аяғы – XII ғ. бас кезінде Жент, Янгикент, төменгі Сырдарияның тағы басқа қалалары қыпшақ көсемдерінің қолына қараған. Хорезмшах Атсыз (1127–1156 жж.) Жентті жаулап алады, сонан соң солтүстікке қарай бет алып, өз қарауына Маңғыстауды да қосады. 1133 жылы Жент қаласынан Дешті Қыпшақ даласына тереңдеп жорық жасаған Атсыз қыпшақтарды ойсырата жеңеді. Осы кезден бастап қыпшақ хандығының ыдырауы басталады. Оған себеп болған негізгі жәйттер: қыпшақ тайпалары ақсүйектерінің арасында Хорезмді жақтаушылардың көбеюі, қыпшақтарға қарсы қаңлылардың аса ірі бірлестігінің құрылуы, өкімет билігі үшін өзара әулетті қырқыстың күшеюі еді.

 

Бұл жағдайды Хорезм билеушілері, әсіресе Текеш пен Мұхаммед жан-жақты пайдалануға тырысты. Олар қыпшақ билеушісі Қадыр-Бүке хан мен оның немере інісі Алып-Деректің арасындағы бітіспес тақ үшін таласты пайдаланды. Қыпшақтардың орталығы Сығанақ қаласын басып алуға әрекет жасады. 1195 жылы Текеш (1172–1200 жж.) өз ойын іске асыру үшін Сығанақты басқарып отырған Қадыр-Бүке ханға жорыққа аттанды. Бірақ, шайқас кезінде Хорезм шахының түріктердің ұран тайпасынан құрылған сарбаздары Қадыр-Бүке ханмен келісіп, соның жағына шығып кетеді. Осыдан кейін талқандалған әскерінің қалдығымен Текеш Хорезмге қайтып оралады. 1198 жылы Текештің ұлы Мұхаммед Алып-Дерекпен одақтасып Қадыр-Бүке ханға қарсы қайта жорық жасады. Соғыс барысында Қадыр-Бүке жеңіліп, Хорезмге жеткізілді. Хан билігі енді Алып-Дерекке көшті. Қыпшақ ханының одан әрі күшейіп кетуінен қорыққан Текеш Қадыр-Бүке ханды босатып, оған Хорезмнің көп әскерін беріп, Алып-Дерекке қарсы аттандырды. Шайқастың барысында Алып-Дерек әскерлері жеңіліске ұшырады, бірақ қыпшақ билігін қолына алған Қадыр-Бүке ханның өзі де Хорезмшахқа тәуелді болып шықты. Хорезм билеушілері әйелдерін қаңлы мен қыпшақтардың хан әулеттерінен алып отырған.

 

Хорезм шахы Мұхаммед (1200–1220 жж.) өз мемлекетінің құрамына XIII ғ. бас кезінде Сығанақ жерін қосып алады. Сығанақ иелігінен айырылып қалғанына қарамастан қыпшақ хандары Хорезмге қарсы күресін жалғастыра берді. 1216 жылы қыпшақ билеушісі Қайырханға қарсы аттанған әскери жорықтарының бірінде ол Ырғызға дейін жетеді. Осы кезде ол Торғай даласында қыпшақтар еліне қашып кірген меркіттерді қуалап келе жатқан Шыңғысхан қолымен соқтығысып қалады. Бұл моңғолдардың Қазақстан жерінде алғаш рет болуы еді, сөйтіп моңғол басқыншылығының дәуірі басталады.

 

Қыпшақтардың басты шаруашылығы мал өсіру болды. Олар жылқы, қой, сиыр, өгіз, түйе өсірді. Жылқы мен қой басым болған. Жылқы басты көлік құралы және қыпшақтар сиыр мен қой етінен жылқы етін артық көрді. Батыс Қазақстан аймақтарында қыпшақтардың жекеленген топтары түйе шаруашылығымен де шұғылданған. Қыпшақтар аңшылықпен де айналысқан. Олар аң аулағанда садақ пен жебеден басқа лашын, бүркіт сияқты құстарды, жүйрік тазыларды пайдаланған. Бағалы аң терілерін қыпшақтар басқа елдерге шығарып, сауда қатынасын жүргізген. Аң аулаумен қатар қыпшақтардың өзен мен көл жағалауларында тұратындары балық аулаумен шұғылданған, олар кішкене қайық, кемелерді пайдаланған. Қыпшақ қоғамында малсыз кедейлер егіншілікпен, соның ішінде өзен бойларында суармалы егіншілікпен айналысқан. Қыпшақтар негізінен тары өсірген. Олар жетіспеген астықты Орта Азияның егіншілерінен мал шаруашылығы өнімдеріне айырбастап алып отырған. Қыпшақтарда үй кәсібі, қолөнер жақсы дамыған.

 

Қарахан мемлекеті (942–1210 жж.)

Қарахан қағанаты Шығыс Түркістан, Жетісу, Сырдария, Талас, Шу өңірін құтты қоныс етті. Оның құрылуы 940 жылдан басталады. Қағанаттың орталық астанасы Шу өзені бойындағы Баласағұн, кейінірек Ордакент (Тараз) қаласы. Қарахан мемлекетінің Үзген, Мерке, Құлан сияқты қалаларында ірі алыпсатар алпауыттар мен қолөнершілер мекендеген.

 

Қарахан әулетінің негізін салушы Сатұқ Боғрахан (915–955жж.) болып есептелінеді. Ол Қарлұқ хандығының іргесін көтеріп, мәртебесін асырушылардың бірі – Білге құл Қадырханның немересі. Сатұқ Тараз және Қашқар қалаларын өзіне қаратып, 942 жылы Баласағұндағы билеушіні құлатып, өзін жоғары қаған деп жариялайды. Мемлекеттің күшеюіне қарлық, шігіл, ягма тайпалары үлкен үлес қосты. Сатұқ өлгеннен кейін билік оның баласы Мұсаға көшті, ол 960 жылы Қарахан мемлекетінің халқын ислам дініне қаратты. Оның астана қаласы Қашғар болды. Сатұқтың екінші баласы Сүлеймен-ілек Баласағұнды иеленді. Кейін бұл өңірді оның ұлы Хасан Боғра-хан мұра етіп алды. Мұса өлген соң, Қарахан жеріндегі жоғарғы қаған атағы оның баласы Әли Арсылан ханға көшті. 990 жылы Қарахан билеушілерінің бірі Хасан (Харун) Боғра хан Исфиджабты бағындырды. Ал 992 жылы қарахандықтар шығыста Хотанды, батыста Бұхараны басып алды. 999 жылы Қарахан билеушісі Әли Арсыланның баласы Насыр Орта Азиядағы Саманилер мемлекетіне соққы берді. Қарахан хандығы ұзақ соғыстардан кейін 1004–1005 жылдары Мәуеренахр жерін түгелдей өзіне қаратты. Осыдан кейін Қарахан мемлекеті XI-ғасырдың 30 жылдары Шығыс және Батыс қағанаты болып екіге бөлінді:

 

Жетісу және Шығыс Түркістан жері Шығыс қағанатына қарап, оның орталығы әуелі Орда (Баласағұнға жақын), кейін Қашғар қаласы болды.

Мәуеренахр жерлері – Батыс қағанатына қарап, оның орталығы Үзкент, кейінірек Самарқанд болды.

Қарахан мемлекетінде жоғарғы өкімет билігі хаканның қолында болған. Ол мұрагерлікке қалып отырған. Қарахан феодалдық қоғамының үстем тап өкілдеріне хаканның ұрпақтары тегіндер, ілек хандар, бектер, нәменгерлер, нөкерлер жатқан. Ханға ең жақын адамдардың бірі уәзір болған. Уәзір жоғарғы билеушінің ең жақын көмекшісі және кеңесшісі болып саналды. Хан сарайы, оның басты ордасы мемлекеттік және әкімшілік басқару орталығы болып есептелді. Қарахан мемлекетіндегі аса маңызды әлеуметтік-саяси институт әскери-мұралық жүйе болған. Мемлекет бірнеше үлестерге бөлінді. Олардың бастылары: Тараз, Исфиджаб, Баласағұн. Хан мемлекеттік немесе әскери қызметі үшін феодалдарға жер беріп, сол жердегі халықтан салық жинауға рұқсат еткен. Мұндай жерлер икта, ал оны иеленуші мукта деп аталған. Қарахандардағы жер иеленудің тағы бір көп тараған түрі әскери – үлестік жерлер. Ол әскери қызмет үшін берілген. Қарахан феодалдық қоғамында шаруаларды қанаудың бір түрі – жалға үлестік жер беру орын алған. Араб-парсы деректерінде үлестік жер алған шаруалар мұзарлар немесе барзұгар деп аталған. Үлескер жерден алынған өнімнің денін салық түрінде мемлекетке және жер иелеріне төлеп отырған. Шаруаларды қанаудың екінші бір түрі – коммендация жер иелігі. Оның мәні: әлсіз адам өзінің жер телімін күштінің қамқорлығына береді, ол күшті адам әлсіз адамды басқалардан қорғауға тиіс.

 

Қазақстанның оңтүстік-шығыс және оңтүстік аудандарын мекендеген қарахандықтар көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығымен айналысты. Мал шаруашылығында жылқы өсіру жетекші орын алды. Қарахан мемлекетінің құрамына енген түркі тайпалары отар-отар қой ұстады, сондай-ақ түйе, ешкі, ірі қара өсірді. Отырықшы, жартылай отырықшы түрік тайпаларының біразы егіншілікпен де айналысты. Олар тары және басқа да дәнді дақылдар өсірді, отырықшылар қала мәдениетімен араласып, қала халқын толықтырды. Қалаларда қолөнер кәсібі, әсіресе көзешілік кеңінен дамыды. Олар аңшылықпен де айналысқан. Сондай-ақ Сырдария, Іле, Шу, Талас өзендерінен балық аулау айтарлықтай рөл атқарды.

 

XI ғасырдың аяғына қарай Қарахан мемлекеті соғыстармен және феодалдық иеліктердің одан әрі бөлшектенуімен байланысты құлдырай түсті. XII ғасырдың 30-шы жылдары Шығыс Қарахан иелігін, Жетісуды және Қазақстанның оңтүстігін шығыстан келген кидандар жаулап алды.

 

Найман және керейт ұлыстары

Найман тайпалар одағы (түрікше «сегіз тайпа одағы») VIII ғасырдың орта шенінде Жоғарғы Ертіс пен Орхон аралығында пайда болып, Ханғайдан Тарбағатайға дейінгі жерлерді алып жатты.

 

Найманның батыстағы көршісі Ертіс өзені бойында тұрған қаңлылар, ал солтүстігінде – қырғыздар, шығысында – Тола алқабын, Орхонның орта ағысы және оң жақ бетін алып жатқан меркіттер мен керейттер, Оңтүстігінде ұйғырлар болды. Наймандар мен керейлерде ертедегі феодалдық қатынастардың орнығуы ұлыстардың құрылуымен қатар жүрді. «Ұлыс» деген сөз ол кезде «халық» деген ұғымды білдірді, әрбір ұлыс белгілі бір жерлерді алып жатты. Оны белгілі бір рудың өкілі, хан басқарды. Хан ордасы ұлыстың өздеріне меншікті жазғы жайылымы, қысқы қыстауы болып, әскері – ондық, жүздік, мыңдық, түмендерге бөлінді. Наймандар мен керейлер XII ғасырда іс жүргізуде ұйғыр жазуын пайдаланған. Ханның «алтын мөрі» болып, онымен қажетті құжаттарды куәландырып отырған. Шыңғысханның жаулап алу жорықтарына дейін наймандар Орталық Азия жеріндегі өте күшті ұлыстардың бірі болған. Шыңғысханның әкесі Ясукай батырдың тұсында найман елін Иналых Білгі Бұқа хан билеген. «Иналых» — сенімді, «білгі» — білімді, кемеңгер, «бұқа» — ұлық, мықты деген сөз. Білгі Бұқа хан өлгеннен кейін, оның екі баласы: Таян (Байбұқа) хан мен Бұйрық хан арасында тақ таласы басталып, найман ұлысын екіге бөлген. 1199 жылы Шыңғысхан керейлердің билеушісі Оң ханмен одақтасып, найман Бұйрық ханға шабуыл жасайды. Алтай аймағының Ұлыңгір көлінің маңындағы шайқаста Бұйрық хан жеңіліп, қырғыз еліне қашып кетеді.

 

1204 жылы Шыңғысхан керейлерді жаулап алғаннан кейін, найман Таянхан мен меркіттердің билеушісі Тоқтабектің біріккен әскерлеріне шабуыл жасап талқандайды. 1206 жылы моңғолдар Бұқтырма өзенінің бойында Бұйрық бастаған наймандарды жеңіп, оның өзін өлтіреді. 1208 жылы Шыңғысхан Алтайдағы Күшлікхан бастаған наймандарға қатты соққы берді. Бұдан кейін наймандардың бір бөлігі Алтайдан Жетісу жеріне ойысты, ал екінші бір бөлігі Шығыс Қазақстанда қалып қойды. 1218 жылы моңғолдар Жетісу жеріндегі наймандарды жеңді. Бүкіл Шығыс Түркістан мен Жетісу жерлері моңғолдардың қол астына көшті.

 

Керейттер конфедерациясының этникалық құрамы бір текті болмаған. Ол түрік тілді және моңғол тілді жұрттан құралады. Керейттердің батысында – наймандар, солтүстігінде – меркіттер, шығысында – татарлар, оңтүстігінде – таңғұттар мекендеген. Керейт тайпалары көсемдерінің екі ордасы болған. Солтүстік ордасы – Орхон өзені бойындағы Қатынбалық қаласы, ал оңтүстік ордасы Хуанке өзені бұрылысының теріскейіндегі Қара-Хото қаласы. 1007 жылы керейттер наймандармен бірге христиан дінінің несторияндық тармағын қабылдайды.

 

XII ғасырдың 50-ші жылдары керейттерде Марғұз хан билік жүргізді. Кейін ол қытайлар қолына түсіп өлтірілген. Одан кейін елді Бұйрық хан биледі. 1171 жылы хан тағы оның баласы Тоғырылға көшті. Оның Оңхан деген екінші лауазым аты болған. Бұл ат «Уаң хан» дегеннен шыққан, мағынасы – бір елдің әміршісі. Тоғырыл хан тұсында Керейттер ұлысы солтүстікте – Селенганың жоғарғы бойынан, оңтүстікте – Хуанкеге дейінгі, батыста – Хангай тауынан, шығыста – Халкин Голге дейінгі жерлерді еркін жайлаған. Тоғырыл хан Шыңғысханның әкесі Ясукаймен дос болған. Сондықтан осы жағдайды пайдаланып, Темучин Моңғолиядағы күшті ел болып келген Керей ханы Тоғырылға арқа сүйеген. Тоғырыл екеуі дос болды, одақтасып жорыққа аттанып отырды. Бұл жағдай Тоғырыл ханның балалары мен туыстарына, уәзірлері мен жақындарына ұнамайды. Сондықтан олар екеуінің арасында іріткі салу әрекетін қолданып, бір-біріне айдап салады. Мұның аяғы насырға шауып, керейлер мен моңғолдар арасында соғыс қақтығысына әкеліп соқты. Ақырында Шыңғысхан 1202 жылы Оңханның елін шауып, өзін өлтіріп, жерін жаулап алды. Шыңғысханнан жеңілген соң, Керей ұлысы оған тәуелді елге айналды.

 

Қарақытай мемлекеті (1128–1213 жж.)

Моңғол тілді кидан тайпалары б. з. IV ғасырында Қытайдың солтүстік жағында Маньчжурия мен Уссури аймағын мекендеген.

 

X ғ. Басында Солтүстік Маньчжурия мен Моңғолияда Киданның Ляо мемлекеті (907–1125) құрылды. Кидандықтар Сұн (960–1279) империясы жерінің бір бөлігін және Селенгі мен Орхондағы Ұйғыр қағанатының жерлерін басып алып мекен етті. Көрші тайпалардың соғыстарына және ішкі талас-тартыстарға байланысты Ляо империясы әлсірей берді. 1125 жылы ол тұңғыс-маньчжур тайпаларының соққысынан бас көтере алмайтындай жеңіліске ұшырады. Осыдан кейін Кидан тайпалары Елюй Дашының басшылығымен батысқа қарай көшіп, олардың саяси ықпалы Жетісу жеріне, Сырдарияның оң жағалауына және басқа аймақтарға тарады. Жергілікті жерлердегі түркі тайпалары кидандарды қарақытайлар деп атады.

 

1128 жылы Қарахан әулетінен шыққан Баласағұнның билеушісі Арыслан өздеріне қысым жасап, тыныштық бермеген қаңлылар мен қарлұқтарға қарсы күреске қарақытайларды көмекке шақырады. Қарақытайлар көсемі Елюй Даши Баласағұнды басып алып, Жетісуда өз мемлекетін орнатады. Олар қарлұқтарды бағындырып, Шығыс Түркістанды қосып алды. 1137 жылы қарақытайлар Ходжент қаласы жанында Мәуеренахрдың билеушісі Махмудхан әскерін талқандады.

 

Қарақытайлар Орта Азияға қарай жылжып, Салжұқ сұлтаны Санжарға соққы беріп, 1141 жылы Самарқанд қаласын басып алды. Осыдан кейін Елюй Дашы өзін ең жоғарғы лауазымды атақ гурхан (ұлыхан) деп жариялады. XII ғасырдың 30–40 жылдарында қазіргі Оңтүстік Қазақстанның, Бұқара мен Самарқандты қоса алғанда, Мәуеренахр аймағының жері қарақытай иелігіне кірді. Карахандар әулетін қарақытайлар өз боданына (вассал) айналдырды.

 

Қарақытайлар Жетісу және Орта Азия жерлерін басып алған кезде, ондағы қалалар мен отырықшы қоныстарды қиратпады. Өйткені олар бұл жерлердегі қалалармен және егіншілік аймақтармен сауда жүргізуге мүдделі болды. Қарақытай мемлекеттік бірлестігінің қалыптасуымен қатар басқарудың патриархаттық-феодалдық принциптері нығая түсті. Мұнда жоғары билікті мұраға қалдыру жүйесінің өзіндік ерекшелігі болды. Мәселен, гурхан өлген жағдайда оның мұрагері болып әйелдері тағайындалу орын алды. Мұның өзі жергілікті мұсылман халқының түсінбеушілігі мен наразылығын туғызды. Қарақытай билеушілері өзі орналасқан қалаларда хан сарайларын, будда ғибадатханаларын салдырды. Қалаларда қолөнер мен сауда дамыды. Көшпелі мал шаруашылығымен шұғылданған аймақтарда егіншілік етек алды. Қарақытай мемлекетінде тұратын түркі халықтарының көпшілігі ислам дінін қабылдады, сонымен бірге онда будда дініне сенушілер де, христиандық несториан дінін ұстанушылар да кездесті.

 

Елюй Дашы 1143 жылы қайтыс болды. Баласы Иле жас болғандықтан хандықты Елюй Дашының әйелі Табұян басқарды. Жеті жылдан соң Дашидың ұлы Иле әкесінің тағына отырып, 1150–1164 жж. гурхан болды. Ол қайтыс болған соң, қарындасы Бұсұған таққа отырып, 1164–1177 жж. билік жүргізді. Оның хандығының соңғы кезінде Бұсұған өлтірілді. Оның орнына Иленің баласы Жилугу гурхан болды. Жилугу өзінің билігін 1213 жылға дейін жүргізді.

 

Қарақытай шонжарларының басқаруы халықты үлкен ауыртпалыққа ұшыратты, олардың қысым жасауы, салықтар жинау кезіндегі шамадан тыс талаптары бұқараның наразылығын туғызды. Нәтижесінде Қарақытай мемлекеті әлсіреп, Орта Азияда басып алған жерлерінен айырыла бастады. 1198 жылы Ауған аймағынан шыққан гурид билеушілері қарақытайларға күйрете соққы берді. 1210 жылы Хорезмшахы Мұхаммед Тараз қаласының жанында қарақытайларға күйрете соққы берді. Бұл жағдайды Жетісу жеріне көшіп келген наймандар пайдаланды. 1213 жылы қарақытайлардың Жетісудағы иеліктері наймандардың қолбасшысы Күшліктің қолына көшті. Сөйтіп, Қарақытай мемлекеті ыдырап тарады.

 

Ортағасырдағы Қазақстандағы шаруашылық (VI-XII ғғ.)

Мал шаруашылығы. Мал шаруашылғының 2 түрі:

 

Көшпелі мал шаруашылығы,

Жартылай көшпелі мал шаруашылығы.

Өсірген негізгі малдары: қой, ешкі, жылқы. Солтүстік Қазақстанда негізгі мал ірі қара (сиыр) болды.

 

Егін шаруашылығы. VII-VIII ғасырларда Арыс өзенінің жағасында суландыру жүйесі қалыптасты. Ақтөбе су жүйесі мен Весидж суландыру жүйесі осы кезеңге жатады. Егінді суаруға өзен суымен қатар қар суы пайдаланылған. IX-XII ғасырлардағы аса ірі суармалы егіншіліктің орталығы Оңтүстік Қазақстандағы Отырар өңірі болды. Жетісуда Талас өзенінің маңында ұзындығы 100 шақырымға дейін жететін Қалмақ арық деген егіншілікке арналған су арнасы болған. Жалпы егіншілік Оңтүстік Қазақстанда (Сырдария, Арыс), Жетісуда (Іле, Талас) жақсы дамыған. Өсірген дәнді дақылдар: тары, бидай, арпа, сұлы және бау-бақша өнімдері. Егіншілік құралдары: кетпен, орақ, айыр, күрек т. б.

 

Қолөнер. Орта ғасырларда Қазақстанды мекендеген халықтардың қолөнері жөнінде археологиялық құнды деректер мол. Олар ауыл шаруашылық шикізатын өңдеу арқылы қолөнер түрлерін дамытқан. Мысалы, тоқымашылық, кілем тоқу, ою-өрнек жасау т. б. Орта ғасырларда ыдыстардан құмыра көп жасалған. X-XII ғасырларда қыш ыдыстар пешке күйдіріліп жасалған. Тараз, Отырар қалаларында шыны бұйымдар өндірілген. Орта ғасырлардағы шеберлер мыс, алтын, күміс, қорғасын, темір сияқты металдарды өңдей білген. Қолөнер шеберлері түрлі әшекей бұйымдар мен диірмен, келсап сияқты тұрмыс заттарын да жасаған. Зергерлік өнер XI-XII ғасырларда жақсы дамыды.

 

Сауда және ақша айналымы. Орта ғасырларда Қазақстанның сауда ісінде «Ұлы Жібек жолының» орны ерекше болды. Бұл жолдың бойында Тараз, Испиджаб, Шаш, Мерке, Құлан, Суяб сияқты қалалар орналасты. Қазақстанның орта ғасырлардағы аса ірі сауда орталықтары – Тараз, Отырар, Сығанақ сияқты қалалар. Қазақстан халықтары негізгі сауданы Орта Азия, Иран, Сібір, Кавказ, Шығыс Түркістан елдерімен жасады. Сауда айналымындағы негізгі заттар: кілем, мата, жылқы, әшекей, қару-жарақ т. б. Қытай елінен Жібек жолы арқылы жібек келіп тұрды. Сауданың дамуы ақша айналымын тудырды. VI-VIII ғасырларда әр тайпаның өз теңгелері болған. Сауда айналымында VII ғасырда ежелгі түрік теңгелері мен соғды теңгелері, VIII ғасырда Бұхара теңгелері мен Ташкент (Шаш) теңгелері, Тараз қаласында түркеш теңгелері, IX-X ғасырларда Самани әулетінің мыс теңгелері, күміс дирхемдері жүрді. XI-XII ғасырларда Тараз, Испиджаб, Шаш, Қашғар, Бұхара қалаларында теңге сарайлары болды. XII-XIII ғасырларда Отырар қаласында мыс дирхемдер шығарылды. Жазба деректерде Тараз бен Суяб қалалары ірі сауда орталықтары болғаны айтылды.

 

VI-XII ғасырлардағы қалалар

Орта ғасырларда әкімшілік, сауда-экономикалық орталық болған қалалар Оңтүстік Қазақстан мен Жетісуда қалыптасты. Қазақстандағы орта ғасырлардағы қалалардың бірнеше бөліктері болды.

 

Шахристан – қала билеушілері, ақсүйектер мен діни қызметкерлердің тұрағы.

Рабад – қаланың қолөнершілері мен саудагерлері тұратын бөлігі.

Цитадель – қаланың қорғаныс бөлігі, яғни қамал мен бекіністер.

VI-XII ғасырлардағы Қазақстан жеріндегі ірі қалалар: Мерке, Аспара, Суяб, Үзкент, Сауран, Құлан, Талкиіз, Қойлық, Тараз, Отырар, Қарнақ, Ашнас, Баршынкент, Сығанақ, Испиджаб, Весидж, Шауғар, Иасы (Түркістан), Баласағұн, Орда т. б. Археологтар Қазақстан жерінен 60-тан астам қала орнын анықтаған.

 

Қала әкімшілігі. Орта ғасырлардағы қалалардың көбі тәуелсіз өмір сүрген. Әр қаланың жеке билік жүргізетін билеушілері болған. Билеушілердің титулы әр түрлі, мысалы Кермикент билеушісі – кутеген-лабан, Барысханда – манап, Науакентте – ялан-шах, Семекнада билеуші инал-тегін деп аталған.

 

Қала халқы. Қалаларда халық біршама қоныстанды. Сонымен қатар қала халқы отырықшыға айналған көшпелілер есебінен көбейіп отырған. Испиджабта 40 мың, Отырарда 16 мың, Таразда 10 мың, Баласағұнда 10 мыңдай адам өмір сүрген (IX-XI ғасырлар)


Похожие материалы

Рахмет ретінде астында тұрған жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!

Категория: Тарих | Добавил: Admin
Просмотров: 19218 | Загрузок: 1294 | Комментарии: 2 | Рейтинг: 5.0/1
Всего комментариев: 2
2  
Үлкен Рахмет!!!!!!!!

1  
я же написала слайд

Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]