Приветствую Вас Гость • Регистрация • Вход • RSS
Воскресенье, 11.12.2016
Главная » Файлы » Қазақша рефераттар » Экономика [ Добавить материал ]

Жетілген және жетілмеген бәсеке жағдайындағы нарықтық құрылымдар және олардың қызметтері


Оқушылар,студенттер,мұғалімдер,сайт қолданушылары өз материалыңызбен бөліссеңіз қуанышты болатын едік!

21.01.2015, 22:24

Жетілген және жетілмеген бәсеке жағдайындағы нарықтық құрылымдар және олардың қызметтері

 

Мақсаты: нарық жағдайындағы бәсеке теориясына, оның түрлеріне, нарықтық құрылымдардың түрлеріне және олардың шарттарына кеңірек тоқталу, сонымен қатар, әртүрлі бәсекелестік жағдайындағы баға мен өнім көлемін таңдау тетіктерін қарастыру.

 

Талқылау сұрақтары:

6.1 Нарықтық құрылымдар және олардың сипатты белгілері

6.2 Жетілген бәсеке және оның орындалу шарттары

6.3 Жетілмеген бәсекенің формалары: монополия, монополистік бәсеке, олигополия, т.б.

6.4 Жетілген және жетілмеген бәсеке жағдайында баға мен өндіріс көлемін таңдау

6.5 Бәсекені қорғау және монополияны шектеу. Антимонополиялық саясат

 

            Негізгі ұғымдар: нарықтық құрылымдар, бәсеке, жетілген бәсеке, жетілмеген бәсеке, монополия, олигополия, монополистік бәсеке, монопсония, екі жақты монополия, бағалық дискриминация, жарнама, бәсекелестікті қорғау, ашық монополия, жабық монополия, табиғи монополия, монополиялық билік, монополияның зардаптары, антимонополиялық саясат, т.б.

 

6.1 Нарықтық құрылымдар және олардың сипатты белгілері

 

Нарықтық құрылым көптеген белгілерімен ерекшеленетін күрделі ұғым ретінде саналады. Нарықтық құрылым бәсекелестіктің әртүрлі дәрежесімен анықталады.

      Нарықтық құрылым – бұл фирмалардың салалық нарықта өзара әрекеттесу сипатын анықтайтын және нарықтық тепе-теңдіктің қалыптасу әдістерін көрсететін нарықтық ұйымдастыру белгілерінің жиынтығы.

      Нарықтық құрылымның типі салалық нарықтың негізгі белгісі ретінде көрінетін ұсыныс тарапынан да, сұраныс тарапынан да әрекет ететін көптеген факторлармен анықталады. Нарықтық құрылымның типін анықтайтын негізгі факторлардың бірнешеуін бөліп көрсетуге болады:

1.      Өндірушілердің шоғырлануы.

2.      Сатып алушылардың шоғырлануы.

3.      Өнімді ерекшелендіру дәрежесі.

4.      Нарықтық ақпараттың толықтылығы.

5.      Салаға кіру және одан шығып кету мүмкіндіктері.

6.      Өндірушілердің бағаға бақылау жасай алу дәрежесі.

7.      Фирмалардың өзара әрекеттесу сипаты.

      Осы факторларды ескере отырып нарық құрылымын негізгі төрт түрін бөліп көрсетуге болады:

·    Жетілген (таза) бәсеке;

·    Абсолютті (таза) монополия;

·    Монополистік бәсеке;

·    Олигополия.

 

6.2 Жетілген бәсеке және оның орындалу шарттары

 

            Жетілген бәсеке нарығы дегеніміз – нарықтағы бағаға әсер ете алмайтын және оны өзгерте алмайтын, саны өте көп және көлемі жағынан шағын фирмалар жұмыс істейтін нарықтық құрылымның бір типі.

Жетілген таза бәсеке үлгісі нарықтық құрылымның бір тұрпаты ретінде бірқатар қатаң болжамдарға сүйенеді. Атап айтсақ, оның шарттары төмендегідей болып табылады:

1. Біртекті немесе стандартты өнім өндіретін және оны сататын сатушылардың саны және осы өнімді сатып алушылардың саны нарықта өте көп болады.

2. Фирмалардың салаға кіруі және одан шығып кетуі еркін және ол ешқандай тосқауылдармен шектелмейді.

3. Әрбір жеке фирманың нарықтық үлесі соншалықты мардымсыз болғандықтан олардың әрқайсысы бағаға бақылау жасай алмайды.

4. Сатушылар да, сатып алушылар да нарықтың әрекет ету жағдайлары мен бағалар туралы ақпараттарға толық ие бола алады.

Осындай нарықтық құрылымның аталған шарттарына байланысты оған мынадай анықтама беруге болады. Жетілген бәсеке нарығы – бұл нарықтық бағаға әсер ете алмайтын, саны өте көп және көлемі жағынан шағын фирмалар әрекет ететін нарық құрылымының бір типі.

Жетілген бәсекелес фирманың өніміне деген сұраныс қисығы баға бойынша өте икемді болып табылады. Ол абсцисса осіне параллельді түрде өтеді.

            Жетілген бәсеке нарығының артықшылықтары:

  1. Өнім өндіру технологиялық жағынан аса тиімді түрде жүзеге асырылады.
  2. Ресурстар оңтайлы дәрежеде бөлінеді.
  3. Кәсіпорындар тұрақты, әрі шығынсыз жағдайда жұмыс істейді.

Жетілген бәсеке нарығының кемшіліктері:

  1. Нарықтың бұл типіне капиталдың үлкен бөлігіне ие бола алмайтын шағын кәсіпорындар тән болғандықтан, олар өнімділігі жоғары техника мен технологияны қолдануға қабілетсіз болып табылады.
  2. Ғылыми-техникалық прогресстің дамуына үлес қоса алмайды, өйткені ұзақ мерзімде ғылыми-зерттеу және тәжірибелік жұмыстарды жүргізу көп қаржыны талап етеді.
  3. Қоғамдық игіліктерді өндіре алмайды.

            Сәйкесінше, осы аталған артықшылықтар мен кемшіліктер тек жетілген бәсеке нарығына ғана тән болады алады, яғни осындай ерекшеліктер нарықтық құрылымдардың басқа да типтері үшін сипатты болып табылмайды.

 

6.3 Жетілмеген бәсекенің формалары: монополия, монополистік бәсеке, олигополия, т.б.

 

Жетілген бәсекенің жоғарыда аталған шарттарының ең болмағанда біреуі ғана бұзылатын болса, онда нарықта жетілмеген бәсекенің формалары орын алады.

Жетілмеген бәсеке жағдайында фирмалардың саны шектеулі болып табылады, мұндай нарықтық құрылымдар жетілген бәсеке нарығына қарағанда экономикалық жағынан тиімділігі төмен нарық-тар ретінде саналады. Себебі, жетілмеген бәсеке жағдайларында фирма нарықтағы бағаны бақылай алады, оның нарықтағы белгілі бір үстемдігі орын алады және өнім көлемін жетілген бәсекеге қарағанда салыстырмалы түрде аз өндіреді.

Жетілмеген бәсекенің негізгі формаларын қарастырғанда кейбір жағдайларда сатушылар да және сатып алушылар да нарықтық билікке ұмтылып бағаға ықпал жасай алуы мүмкін.

Жетілмеген бәсекенің негізгі формалары:

      1. Монополия – нарықта бір ғана фирма сатушы ретінде жұмыс істейтін бәсекелестіктің ең шеткі түрі.

      Қарастырып отырған тауарды өндіретін тек бір ғана жеке фирма бар және осы ауыстыратын басқа тауарлар жоқ деп есептесек, онда мұндай нарық – монополия, ал фирма – монополист деп аталады. Монополист өзінің ерекше жағдайын пайдалана отырып, тауардың бағасын бәсекелес фирманың бағасынан әлдеқайда жоғары деңгейде белгілейді және де бәсекелес фирмаға қарағанда тауарды аз мөлшерде ұсынады.

      Монополияға тән сипатты белгілер немесе оның шарттары:

1.      «Фирма» және «сала» түсініктері түйіседі.

2.      Сатып алушыларда тауарды таңдауда мүмкіндіктері болмайды.

3.      Таза монополист өнім шығарудың барлық көлемін бақылай отырып, бағаны кез-келген бағытта өзгертеді және басқара алады.

4.      Монополист берілген тауарды өндіретін жалғыз фирма болғандықтан, оның өніміне деген сұраныс қисығы бір мезгілде нарықтың да сұраныс қисығы болып табылады және ұсынылған тауардың бағасын анықтайды.

5.      Таза монополия бәсекелестіктен биік кедергілермен (тосқауылдармен) қорғалады.

            Салаға кіруге қойылатын тосқауылдар – бұл салаға кіргісі келетін жаңа фирмалардың кіру жолдарына қойылатын кедергілер. Егер салаға кіру тосқауылдары неғұрлым жоғары болса, онда монополиялық пайда соғұрлым тұрақты сипатта болады. Монополия жағдайында барлық кедергілер былайша екіге бөлінеді:

1.      Табиғи (экономикалық) тосқауылдар – бұлар экономикалық себептерден туындайды (өндіріс масштабының тиімділігі, басты ресурстарды бақылау).

2.      Жасанды (заңды немесе құқықтық) тосқауылдар – институционалдық жолмен құрылатын, мысалы, үкімет іс-әрекеттерінің салдарынан (патенттер, лицензиялар немесе монополисттің әділетсіз іс-әрекеттері) туындайды.

            Таза монополия – бұл жетілген бәсекеге қарама-қарсы болып табылатын нарықтық құрылымның ең шеткі түрі.

            Тағы бір айта кететін жайт, монополист-фирмалар өз өнімінің бағасына бақылау жүргізе алғандықтан, оларды «баға іздеушілер» немесе «жетілмеген бәсекелес фирма» деп те атайды. Яғни, монополист жетілген бәсекелес фирмаға («баға қабылдаушыларға») қарағанда өз пайдасын максималды дәрежеге жеткізе алатын тиімді баға деңгейін іздейді және соны саналы түрде тағайындайды.

            Нарықты монополиялаудың негізгі себептеріне байланысты монополияның мынадай түрлері болады:

1.      Жабық (жасанды) монополия – бәсекелестіктен заңды шектеулер көмегімен қорғалған монополияның бір түрі.

2.      Табиғи (мемлекеттік) монополия – белгілі бір өнімнің көлемін бір фирманың өндіруі және оны екі немесе одан да көп фирмаларда өндіргенне гөрі арзанға түсетін өндіріс саласы.

3.      Ашық (кездейсоқ) монополия – берілген тауарды өндіретін тек қана бір фирма болып және оның бәсекелестіктен ешқандай арнайы (заңдық шектеулер көмегімен) қорғанышы жоқ болатын жағдай.

            Таза монополияның тауарына деген сұраныс қисығы теріс көлбеулі болады, сондықтан фирма өнім шығару көлемін бақылай отырып, бағаға ықпалын тигізе алады. Егер сатушы өз тауарының өндіріс көлемін өзгерту арқылы нарықтық бағаға әсерін тигізе алса, онда ол монополиялық билікке ие болады деп айта аламыз.

            Кейбір жағдайларда таза монополия бағалық дискриминация жүргізе алады, яғни сатып алушылардың әртүрлі тобына сапасы да, шығындар деңгейі де бірдей тауарларды әр түрлі бағамен сата алады. Бағалық дискриминация – монополист-фирманың сапалары бірдей болып табылатын берілген тауар немесе қызмет бірлігінің көлемін берілген шығындар деңгейінде әртүрлі бағалар бойынша әртүрлі тұтынушыларға сатуын немесе сата алуын сипаттайтын монополиялық тәжірибе.

            Бағалық дискриминацияны іске асырудың шарттары:

  1. Тұтынушының монополиядан сатып алған тауарын қайтадан сатып жіберуге мүмкіндігінің болмауы.
  2. Қарастырып отырған тауарды тұтынатын сатып алушыларды сатып алу қабілетіне қарай түрлі топтарға бөлу мүмкіндігінің болуы.

            Монополиялық билік – бұл фирманың нарықта сатылатын тауарының санын өзгерту арқылы өзінің тауарының бағасына ықпал ету қабілеті.

            Таза монополия шын (толық) монополиялық билікке ие бола алады.

            Егер нарықта ұқсас тауарларды өндіретін бір емес бірнеше өндірушілер болса, онда монополиялық биліктің деңгейі өте салыстырмалы болады.

            Монополиялық биліктің қажетті алғышарты – фирма тауарының сұраныс қисығы төмен қарай көлбеулі болуы керек.

            Монополиялық биліктің сандық түрдегі сипаттамасын анықтау үшін төмендегі көрсеткіштер қолданылады:

            1. Лернер индексі (IL) – монополиялық биліктің сандық мәнін анықтайтын негізгі көрсеткіш. Кезінде 1934 жылы ағылшын экономисі Абба Лернер алғаш рет монополиялық билікті анықтаудың осындай әдісін ұсынғандықтан, аталған көрсеткіш сол экономистің атымен аталады. Ол мына формуламен анықталады:

IL = (Pm – MC) / Pm = 1 / EdP.

мұндағы, Pm – монополиялық баға, МС – шекті шығын, EdP – сұраныстың бағалық икемділігі.

            Жетілген бәсеке жағдайында баға шекті шығындар шамасына тең және осы жағдайда Лернер индексі 0-ге тең болады. Баға шекті шығындардан асып кеткен жағдайда индекс нөл мен бірдің аралығында (0 < L < 1) орналасқан оң мәнге ие болады. Индекс 1-ге жақындаған сайын фирма монополиялық биліктің үлкен көлеміне жақындайды.

            2. Херфиндаль-Хиршман индексі (IHH) – нарықтағы фирмалардың шоғырлану (концентрация) деңгейін анықтайтын және нарықтың барлық қатысушылары арасында нарықтық билікті бөлуді сипаттайтын көрсеткіш. Индексті есептеу үшін әрбір фирманың нарықтағы жеке үлестері бөлшек ретінде шаршының алынуы керек және мына формауламен анықталып, осы шаршылардың қосындысы арқылы алынады:

IHH = S2 1 + S2 2 + . . . + S2 n,

мұндағы, IHH – шоғырлану (концентрация) көрсеткіші, S2 1 – ең ірі фирманың нарықтағы пайыздық үлес салмағы, S2 2 – көлемі бойынша келесі фирманың нарықтағы пайыздық үлес салмағы, S2 n – ең кіші фирманың үлес салмағы. IHH -дің ең жоғарғы шамасы – 10000, яғни оның мәні салада тек бір фирма болғанда 10000-ға тең болады, өйткені S2 1 – 100%. Егер салада 100 бірдей фирма болса, онда S2 1 = 1%-ке, ал IHH 100-ге тең болады.

 

2. Монополистік бәсеке – бұл салада өзіндік ерекшеліктері бар тауарларды өндіретін және өзара бәсекеге түсетін көптеген фирмалар болатын, сонымен қатар, олардың ешқайсысының нарықтық бағаны бақылауға толық билігі болмайтын нарықтық құрылымның бір түрі. Монополиялық бәсеке «таза монополия» жағдайына, сонымен қатар «жетілген бәсекеге» де ұқсайды.

      Монополиялық бәсеке жағдайында фирманың сұраныс қисығы төмен қарай бағытталған, кемімелі, икемді болады. Сұраныс икемділігінің факторлары – бәсекелестер саны, өнімнің ерекшелену (дифференциациялану) деңгейі.

      Тауарды ерекшелендіру (дифференциациялау) дегеніміз –  фирманың нарықтағы өз билігін күшейту мақсатында тұтынушы-ның көз алдында тауарын өзіне ұқсас тауарлардан қандай да бір белгімен айрықша көрсету әдістерін сипаттайтын нарықтағы мінез-құлықтық элементі, яғни ондай айрықша белгілерге: сапа, жарнама, сауда белгісі, сату шарттары, буып-түю және т.б жатады.

      Монополиялық бәсеке нарығы моделінің ерекшеліктерін екі негізгі сипаты бойынша қарастыруға болады:

      1. Монополиялық сипаттары бойынша:

- кемімелі сұраныс қисығы;

- бағаға әсер ете алу мүмкіндігі.

      2. Бәсекелестік сипаттары бойынша:

      - нарықты басқа ұсақ фирмалардың көпшілігімен бөлісу;

      - іс-әрекеттері басқа фирмалаға тәуелді емес;

      - өнім көлемін шектеу мақсатында келісімге келу мүмкіндігі жоқ.

      Тауарды өзгешелендірумен байланысты шығарылатын қосымша шығындар осы салаға жаңа фирмалардың кіруіне кедергі болуы мүмкін.

            Монополистік бәсеке нарығының монополия сияқты қоғам үшін экономикалық тиімсіздікке алып келетін әлеуметтік-экономикалық салдарлары бар. Біріншіден, тауарлар өндірісі үшін ресурстар толық қолданыла алмайды, яғни жоғарыда атап өткеніміздей, артық өндіріс қуаты пайда болады. Екіншіден, тұтынушылар тауарларды төменгі бағамен сатып ала алмайды, яғни оларға қажетті тауарлар тиісті деңгейінде өндірілмейді. Үшіншіден, тауарға тұтынушылық сұранысты бейімдеу үшін сол тауарға үнемі ерекшелік беріп жетілдіріп отыру қажет. Төртіншіден, тауарға тұтынушылық сұранысты бейімдеу үшін сол тауарға жарнама жасап отыруды қажет етеді.

 

3. Олигополия – шешім қабылдау кезінде өздерінің бәсекелес-терінің мүмкін болатын іс-қимылдарын есепке алатын, бір-бірімен өзара тығыз қарым-қатынаста әрекет ететін фирмалардың саны шектеулі және санаулы болып табылатын жетілмеген бәсеке жағдайындағы нарықтық құрылымның бір типі.

Олигополия нарығы моделінің түрлері:

            1. Табиғи олигополия – ұзақ мерзімдік ең төменгі орташа шығындармен барлық нарыққа өнімнің белгілі бір түрін бірнеше фирмалардың сатуымен ерекшеленетін олигополияның бір түрі.

            2. Таза (стандартталған) олигополия – біртекті (стандартты) өнімді (мысалы, металл, шикі мұнай, т.б.) өндіруді жоспарлаған бірнеше ірі фирмалардың нарықта әрекет етуін сипаттайтын олигополия нарығының бір түрі.

            3. Ерекшеленген (дифференциацияланған) олигополия – нарыққа әртүрлі (ерекшеленген) өнімдерді (мысалы, автомобиль, тұрмыстық техника, т.б.) бірнеше ірі фирмалардың шығарып сатуын сипаттайтын олигополия нарығының бір түрі.

         Олигополия нарығының негізгі ерекшеліктері:

  1. Нарықта басым фирмалар болады, олардың саны көп емес.
  2. Олигополиялық фирмалардың нарықтық үлестері көп болады, сондықтан бағаға монополиялық билік жүргізе алады.
  3. Осындай әрбір фирманың сұраныс қисығы төмен қарай бағытталған болады.
  4. Олигополиялық нарықтың басты сипаты – фирмалар бір бірімен тығыз байланыста және өзара тәуелділікте болады. Баға мен өнім көлемін анықтағанда әрбір фирма өзінің бәсекелестерінің ықтимал реакциясын ескеруге мәжбүр болады.
  5. Салаға жаңа фирмалардың кіруіне айтарлықтай кедергілер қойылады.

            Жалпы өзара байланыстың салдары:

            1) сұранысты бағалау қиындығы;

            2) шекті түсімді анықтауға болмайды;

            3) тепе-теңдік баға (P*) мен тепе-теңдік сату көлемін (Q*) анықтау мүмкіндігі жоқ.

            Нарық іс-әрекетінің осындай белгісіздігінен олигополия үлгісінің көптігі туындайды, олар кооперативтік және кооперативтік емес іс-әрекет модельдеріне бөлінеді.

            Кооперативтік емес іс-әрекет – бұл әрбір жеке олигополист-фирмалардың бәсекелестерінің ықтимал шешімдері мен реакцияларын ескере отырып, баға мен өнім көлемі туралы мәселелерді өз бетінше дербес шешуін сипаттайтын бірікпеген қимылдары.

            Кооперативтік іс-әрекет – бұл саладағы олигополист-фирмалардың біртұ-тас монополия құру мақсатымен баға, өнім көлемі және ықтимал пайда туралы мәселелерді өзара бірігіп шешуін сипаттайтын қимылдары.

 

6.4 Жетілген және жетілмеген бәсеке жағдайында баға мен өндіріс көлемін таңдау

 

Нарықтық құрылымның және бәсекелестіктің әртүрлі жағдайларында жұмыс істейтін кез-келген фирманың іс-әрекеті пайда табуға және оны арттыруға негізделеді. Ол мақсатқа жету үшін фирмалар оңтайлы баға мен өндірістің тиімді көлемін таңдау қажет. Жетілген және жетілмеген бәсеке жағдайында өндірілетін тауарлардың әртүрлі болуына байланысты фирмалар бағаны тағайындағанда оның өніміне деген сұраныс қисығымен әрдайым санасып отырады. Содан соң фирма пайдасын көтеретін өндірістің ең тиімді көлемін таңдауға ұмтылады.

Жетілген бәсеке жағдайында фирманың өніміне деген сұраныс абсолютті икемді болып табыла отырып, оның сұраныс қисығы шекті табыс қисығымен сәйкес келеді, бұл өз кезегінде фирманың нарықтық бағаны басшылыққа ала отырып шығарылым көлемі туралы шешім қабылдауға итермелейді. Фирма өз пайдасын шекті шығындар нарықтық бағаға тең болғандағы шығарылым көлемі кезінде максималдайды. Қысқа мерзімде жетілген бәсекелес фирманың ұсыныс қисығы өндірістің қысқа мерзімді шекті шығындарының орташа өзгермелі шығындармен қиылысуындағы жоғарғы кесіндісімен сәйкес келеді:

- өндірістің орташа шығындарынан жоғары баға кезінде фирма экономикалық пайда алады;

- бағаның өндірістің орташа шығындарына тең болуы кезінде фирма нөлдік пайда ала отырып, өзін-өзі өтеу жағдайында болады;

- фирма шығындарды ең аз деңгейге жеткізе отырып бағаның минималды орташа өзгермелі шығындарымен тең болғандағы шығарылым көлемін жүзеге асыруы қажет. Жетілген бәсекелестік жағдайында ұзақ мерзімді уақытта MC=MR=AC=P теңдігі сақталады. Тепе-теңдік жағдайында осы белгілі бәсекелестік саланың барлық фирмаларының шығындары бірдей болуы керек деген парадокс туындайды. Жетілген бәсеке нарығында салаға кіріп-шығу тосқауылдарының жоқ болуы ұзақ мерзімде нарықтық ұсыныстың ұлғаюы есебінен экономикалық пайданың жоғалуына себепші болып табылады. Жетілген бәсекелі фирманың және саланың ұзақ мерзімдегі тепе-теңдік жағдайы нарықтық баға өндірістің ұзақ мерзімдегі минималды орташа шығындарына тең болған уақытта орындалады, яғни фирмалар нөлдік экономикалық пайданы ғана ала алады. Қысқа мерзімдегі нарықтық (салалық) ұсыныс бағаның әрбір жеке деңгейінде жекелеген фирманың қысқа мерзімдегі ұсыныс көлемдерін көлденеңінен қосу арқылы анықталады. Салалық ұсыныстың ұзақ мерзімдегі қисығы өндіріс факторларына деген бағалардың өзгеруіне байланысты қалыптасады және оның көлбеулігі мынадай болуы мүмкін: а) көлденең түзу сызықты, егер өндіріс факторларының бағалары салалық шығарылым көлемін кеңейту кезінде өзгеріссіз қалса; ә) жоғары бағытталған өспелі қисық түрінде, егер факторлардың бағалары өссе; б) төмен бағытталған кемімелі қисық түрінде болуы мүмкін, егер өндіріс факторларының бағалары төмендейтін болса. Жетілген бәсеке нарығы әрекет етудің мынадай шарттарының орындалуын қамтамасыз етеді, яғни жетілген бәсеке жағдайындағы фирма баға шекті шығындарға және де өндірістің ұзақ мерзімдегі минималды орташа шығындарына тең болғандағы сату көлемін таңдайды. Жетілген бәсеке нарығы әрекет етуді қамтамасыз етудің аса тиімді әдісі болып табылады, яғни бұл жерде өндірістік ресурстарды аса ұтымды түрде пайдалану жүзеге асырылады және өндіріс үрдісі ең аз шығындармен және аса арзан тәсілдермен орындалады.

Монополия жағдайында фирманың билік жүргізуінің көзі болып нарыққа бақылау жасай алуы табылады, ол нарықты бақылау арқылы өзінің өндіріс көлемін реттей отырып нарықтық бағаға әсер ете алады. Монополия жағдайында минималды орташа шығындармен өндіруге ынталандыратын нарықтық күштер болмағандықтан, монополист өндірістің кез-келген көлемін таңдай алады. Пайданы максимизациялау ережесіне жүгіне отырып, монополист шекті табыс өндірістің шекті шығындарына тең болғандағы өндіріс көлемін таңдайды. Бұл жағдайда, сұраныс қисығының көлбеулігін ескере отырып монополист бағаны бір өнімге кететін шекті шығындардан жоғары етіп тағайындайды, яғни осы баға оның өніміне деген сұраныс икемділігіне кері пропорционалды олып табылады. Монополисттің өндіріс көлемі туралы шешім қабылдауы шекті түсім қисығының сипатын анықтайтын сұраныс икемділігінің өзгеруіне байланысты болса, онда баға мен ұсыныс көлемі арасында арақатынас орын алмайды, сондықтанда монополия жағдайында ұсыныс қисығы болмайды. Әр түрлі тең жағдайларда монополистің ұсыныс көлемі жетілген бәсекелес фирмаға қарағанда төмен, ал бір өнімге деген монополиялық баға жетілген бәсекелес фирманың бағасына қарағанда жоғары болып табылады, осының салдарынан қоғамдың әл-ауқаты төмендейді.

Монополистік бәсеке жағдайында фирма пайданы максималдауды басшылыққа алатын болса, онда ол шығарылым көлемін өндірістің шекті шығындары оның шекті табысына тең болған кезде оңтайландыруы қажет. Монополистік бәсеке жағдайында жұмыс істейтін фирма өнімінің бағасы қысқа мерзімде оның орташа өзгермелі шығындарын және ұзақ мерзімді кезең үшін ұзақ мерзімді орташа шығындарды жауып отырғанша дейін шығарылым көлемін жүзеге асыра береді. Монополистік бәсеке жағдайында фирманың және саланың ұзақ мерзімдік тепе-теңдігі тауарды өндірістің ұзақ мерзімді орташа шығындарға тең болғандағы бағамен сатқанда орындалады, бұл салалық тосқауылдардың төмен болуына орай бәсекенің орын алуына себепші болып табылады. Сондықтанда, фирма ұзақ мерзімдік тепе-теңдік жағдайында бола отырып экономикалық пайда алу мүмкіндігінен айрылады. Монополистік бәсеке жағдайындағы фирмалар өз өніміне деген сұраныс қисықтарының көлбеулігімен санасады десек, онда олардың ұзақ мерзімдік тепе-теңдікке жетуі нарықтық бағалардың шекті шығындардан және өндірістің ұзақ мерзімді минималды орташа шығындарынан жоғары болуы кезінде қамтамасыз етіледі, ал бұл өз кезегінде артық өндіріс қуатының болуын сипаттайды.

Олигополия жағдайында фирмалар салалық пайда максималды болатындай шығарылым көлемін қамтамасыз етуді өз алдына мақсат етіп  қояды. Өзара әрекеттесудің өзі кооперативтік стратегия формасында жүзеге асуы мүмкін, яғни бұл жағдайда бірігу фирмалардың баға мен өндіріс көлемі туралы өзара келісімге келуі арқылы қол жеткізіледі, және де әрекет ету кооперативтік емес стратегияны қолдану кезінде орын алуы мүмкін, яғни бұл жағдайдағы координация бәсекелік әдістер жолымен жүзеге асырылады. Кооперативтік іс-әрекеттер кезінде фирмалар біртұтас монополия ретінде мінез-құлық танытып, бағаны жоғары белгілейді және өнім көлемін де тым шектейді. Ал кооперативтік емес іс-әрекет кезінде фирмалардың мінез-құлқы жетілген бәсекеге ұқсас болып келеді және олардың пайдасы да кооперативтікке қарағанда төмен болады.

 

6.5 Бәсекені қорғау және монополияны шектеу. Антимонополиялық саясат

 

            Қазіргі уақытта таза монополия нарығын мемлекет тарапынан реттеудің әлемдік тәжірибе тұрғысынан қалыптасқан бірнеше тәсілдері бар, яғни монополиялық билікті қысқартудың негізгі тәсілдері мыналар болып табылады:

            1. Монополияға қарсы заңдар – фирмалардың қоғамға зардап шектіретін монополиялық билікті көбейтуіне қарсы бағытталған шаралар. Мұндай заңдылықтардың негізгі мақсаты – ірі фирмалардың бірігуіне, бәсекелетікті әлсіретуге, монополияны орнатуға, яғни олардың бірігуіне рұқсат бермеу арқылы құрылымдық салаларды реттеу.

            2. Табиғи монополияларды мемлекет тарапынан реттеу (тікелей және жанама).

            3. Мемлекеттік меншікті қалыптастыру, яғни жеке иеліктегі табиғи монополияны реттеудің орнына, мемлекет өзі монополияны иемденуші бола бастайды. Дегенмен, тәжірибе көрсеткендей, пайдаға ұмтылу – фирманы кәсіби басқарудағы тіректі кепіл болып табылады.

Сонымен, монополиялық іс-әрекеттерді мемлекеттік реттеу салалық ұсынысты ұлғайту мақсатында жүзеге асырылады және ол монополиялық әрекеттерді жоюға бағытталған құқықтық нормалар, монополияның нарықтық билікті жүзеге асыру мүмкіндіктерін шектейтін экономикалық іс-шаралар сияқты әдістер арқылы жүргізіледі.

 

Әдебиеттер тізімі

 

  1. С. Әкімбеков, А.С. Баймұхаметова, У.А. Жанайдаров. Экономикалық теория. Оқу құралы. Жалпы редакция С. Әкімбековтікі. – Астана: 2002. - 464 б.
  2. Жалпы экономикалық теория. Оқулық. Ө.Қ. Шеденов, Е.Н. Сағындықов, Б.А. Жүнісов, Ү.С. Байжомартов, Б.И. Комягин. /Жалпы редакциясын басқарған Ө.Қ. Шеденов – Ақтөбе, «А-Полиграфия», 2004 – 455 бет.
  3. Я. Әубәкіров, К. Нәрібаев, М. Есқалиев, Е. Жатқанбаев, т.б. Экономикалық теория негіздері. Оқулық. – Алматы, «Санат», 1998. – 479 бет.
  4. Ғабит Ж.Х. Экономикалық теория: оқу-әдістемелік кешен. – Астана: 2006., 248 б.
  5. Нарматов С.Р., Нарматова А.С. Экономикалық теория. Лекциялар курсы. (Оқу құралы). – Алматы: «Эверо», 2009. – 516 бет.
  6. Курс экономической теории: учебник – 5-е исправленное, дополненное и переработанное издание/ Под общ. ред. Чепурина М.Н. и Киселевой Е.А. – Киров: «АСА», 2006 – 832 с.
  7. Сажина М.А., Чибриков Г.Г. Экономическая теория: Учебник для вузов. – 2-е изд., перераб. и доп. – М.: Норма, 2005. – 672 .
  8. Крымова В. Экономикалық теория: Кестелі оқу құралы. Алматы: Аркаим, 2009. – 196 б.
  9. Женсхан Д.Ж. Экономикалық теория. Экономикалық емес мамандықтарға арналған қысқаша курс. Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ., 2008. – 147 б.
  10. Шеденов Ө.Қ. Экономикалық ілімдер тарихы: оқулық. - Ақтөбе: А - Полиграфия, 2006. – 316 б.
  11. ҚР-ның Президенті Н.Ә. Назарбаевтың халыққа Жолдауы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты», 2012 ж. 28 қаңтар.
  12. ҚР-ның Президенті Н.Ә. Назарбаевтың халыққа Жолдауы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз», 2011 ж. 28 қаңтар.
  13. ҚР-ның Президенті Н.Ә. Назарбаевтың халыққа Жолдауы «Жаңа онжылдық – Жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері», 2010 ж. 30 қаңтар.
  14. ҚР-ның Президенті Н.Ә. Назарбаевтың халыққа Жолдауы «Дағдарыстан жаңару мен дамуға». 2009 ж. 7 наурыз.
  15. Н.Ә. Назарбаев. Қазақстан - 2030: «Ел Президентінің Қазақстан халқына жолдауы», Алматы – 1998 ж.

Похожие материалы

Рахмет ретінде астында тұрған жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!

Категория: Экономика | Добавил: Admin
Просмотров: 8683 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]