Приветствую Вас Гость • Регистрация • Вход • RSS
Суббота, 18.11.2017
Главная » Файлы » Қазақша рефераттар » Экономика [ Добавить материал ]

Жұмыссыздық пен инфляция мәселелері макроэкономикалық тұрақсыздықтың көрінісі ретінде


Оқушылар,студенттер,мұғалімдер,сайт қолданушылары өз материалыңызбен бөліссеңіз қуанышты болатын едік!

21.01.2015, 22:47

Жұмыссыздық пен инфляция мәселелері макроэкономикалық тұрақсыздықтың көрінісі ретінде

Мақсаты: макроэкономикалық тұрақсыздықтың негізгі белгілері ретінде көрінетін жұмыссыздық пен инфляцияның негізгі себептеріне, түрлеріне, көрсеткіштеріне және оларға қарсы реттеу шараларына кеңінен тоқталу.

Талқылау сұрақтары:
13.1 Жұмыссыздық: мәні, пайда болу себептері, түрлері, зардаптары, оған қарсы күрес шаралары. Оукен заңы
13.2 Инфляция: мәні, пайда болу себептері, түрлері, әлеуметтік-экономикалық салдарлары. Филлипс қисық сызығы. Инфляцияға қарсы саясат

    Негізгі ұғымдар: жұмыссыздық, толық жұмысбастылық, жұмыссыздық деңгейі, жұмыссыздықтың табиғи деңгейі, фрикциондық жұмыссыздық, құрылымдық жұмыссыздық, циклдік жұмыссыздық, Оукен заңы, жұмыссыздықтың зардаптары, инфляция, дефляция, дезинфляция, инфляция қарқыны, баяу инфляция, үдемелі инфляция, гиперинфляция, импортталған инфляция, ашық инфляция, жабық инфляция, Филлипс қисық сызығы, инфляцияға қарсы саясат, т.б.

13.1 Жұмыссыздық: мәні, пайда болу себептері, түрлері, зардаптары, оған қарсы күрес шаралары. Оукен заңы

Жұмыс күші – бұл адамның еңбекке деген қабілеттілігі; адам-дардың игіліктерді өндіру үрдісіндегі физикалық және ой қабілеттіліктерінің жиынтығы; елдегі жұмыскерлердің жалпы саны; жұмыспен қамтылған мен жұмыспен қамтылмаған (жұмыссыздар) халықтың бір бөлігі. 
Жұмыссыздық – бұл еңбек ұсынысының еңбекке деген сұра-ныстан артып кетуі; еңбекке жарамды халықтың жұмыс таба алмауы немесе жұмыспен қамтылмауы. Еңбек нарығында тепе-теңдік орын алғанда экономикада толық жұмысбастылық қалыптасады. Бірақ ақпараттың жетілмегендігінен еңбекке қабілетті халықтың белгілі бір бөлігі жұмыс таппай қалады.
16 жастан бастап және одан жоғары жастағы халықты мынадай екі топқа бөліп қарастырады: 
1) экономикалық белсенді халық (бұл топқа жұмыс күші жатады, ол өз кезегінде жұмыспен қамтылғандар және жұмыссыздар болып бөлінеді); 
2) экономикалық белсенді емес халық (бұлар жұмыс күші құрамына кірмейтін оқушылар, зейнеткерлер, т.б.).
Жұмыссыздықтың негізгі көрсеткіші болып жұмыссыздық деңгейі табылады, ол жұмыссыздар санының жұмыс күшінің жалпы санына (жұмыс істейтіндер мен жұмыс істемейтіндер санының сомасына) қатынасы арқылы анықталады және пайыздық көрсеткіш-ке ие болады:
     немесе,     
мұндағы, u – жұмыссыздық деңгейі, U - жұмыссыздар саны, L – жұмыс күші, E – жұмыспен қамтылғандар саны.

Төмендегі кестеден Қазақстандағы еңбек нарығы көрсеткіш-терінің динамикасын көруге болады (сурет 13.1).

 

Кесте 13.1 2001-2010 жылдардағы Қазақстандағы 
еңбек нарығының динамикасы
мың адам
2001    2002    2003    2004    2005    2006    2007    2008    2009    2010
Жұмыс күші
7479,1    7399,7    7657,3    7840,6    7901,7    8028,9    8228,3    8415,0    8457,9    8610,7
Жұмыспен қамтылғандар
6698,8    6708,9    6985,2    7181,8    7261,0    7403,5    7631,1    7857,2    7903,4    8114,2
Жалдамалы қызметкерлер
3863,3    4030,2    4229,6    4469,9    4640,5    4776,6    4973,5    5199,4    5238,8    5409,4
Өз бетінше жұмыс істейтін қызметкерлер
2835,5    2678,7    2755,6    2711,9    2620,4    2626,9    2657,6    2657,8    2664,6    2704,8
Жұмыссыздар
780,3    690,7    672,1    658,8    640,7    625,4    597,2    557,8    554,5    496,5
Жұмыссыздық деңгейі, пайызбен
10,4    9,3    8,8    8,4    8,1    7,8    7,3    6,6    6,6    5,8
Жастар жұмыссыздығының деңгейі, пайызбен
19,1    17,3    14,5    14,3    13,4    12,1    9,4    7,4    6,7    5,2
Экономикалық белсенді емес халық
3175,8    3155,3    3278,6    3383,4    3476,9    3493,9    3463,2    3416,2    3500,3    3487,7
Дерек көзі: www.stat.kz

Кестеден көріп отырғанымыздай, осы жылдар аралығында еңбек нарығы көрсеткіштерінде оң өзгерістер байқалып отыр. Жалпы халық санындағы экономикалық белсенді халықтың үлесі, яғни жұмыс күшінің саны жылдан жылға артып келеді. Жұмыс күші жұмыспен қамтылғандар санының өсуімен бірге жүріп отыр және керісінше, оның құрамындағы жұмыссыздар санының, сонымен қатар, жұмыс-сыздық деңгейінің жылдан жылға азайып келе жатқандығын байқай-мыз.
Жұмыссыздықтың мынадай негізгі үш түрі орын алады: 
1) фрикциондық жұмыссыздық – адамдардың әртүрлі өмір кезеңдерінде бір жұмыс орнынан басқа бір жұмыс орнына тұрақты түрде ауысып отыруына байланысты туындайтын қысқа мерзімдегі еркін жұмыссыздық. Жұмыссыздықтың бұл түрі жұмыс іздеумен және оны күтумен байланысты. Азаматтардың кәсіби біліктілігі мен жеке талғамдарына сәйкес келетін жұмыс орындарын іздеу белгілі бір уақытты талап етеді. Мұндай жағдайда, бос жұмыс орындары және оған лайық азаматтар туралы ақпараттар жетілмеген болып табыла-ды. Жұмыскерлердің территориялық жағынан орын ауыстыруы да белгілі уақытты талап етеді. Жұмыс күшінің бір бөлігі кәсіби мүдделерінің, тұрғылықты мекен-жайларының өзгеруімен және басқа да себептердің болуымен байланысты өз қалауы бойынша жұмыстан шығып кетіп отырады. Сондай-ақ, жұмыс орнын бірінші рет іздеп жүрген азаматтар да жұмыссыздықтың осы категориясына кіреді. Мысалы, оқу бітіріп диплом алған жас маман иесі өз біліктілігін іске асыру үшін аса қолайлы жұмыс орнын іздеуі мүмкін. Фрикциондық жұмыссыздыққа тап болған азаматтар жұмысқа деген қабілетті-ліктерін еш жоғалтпай оны кез-келген уақытта еңбек нарығында іске асыра алады. Еңбек нарығының үнемі өзгеріп отыруына орай және адамдардың жұмыспен қамтылғандар категориясынан жұмыссыздар категориясына үнемі ағылуынан және керісінше ағылуынан жұмыс-сыздықтың бұл түрінен құтылуға болмайды.
2) құрылымдық жұмыссыздық – еңбек ұсынысы мен еңбекке деген сұраныстың сәйкес келмеуінен пайда болатын мәжбүрлі ұзақ мерзімді жұмыссыздық. Жұмыссыздықтың бұл түрі өндірістегі технологиялық алға жылжулармен байланысты және осыған сәйкес жұмыс күшіне деген сұраныстың құрылымы өзгереді. Бұл жұмыс-сыздық мамандықтары «ескірген» немесе ғылыми-техникалық прог-ресстің дамуына байланысты экономикаға қажеті шамалы болып табылатын азаматтардың арасынан көрініс табады. Құрылымдық жұмыссыздыққа тап болған азаматтар өз еңбек қызметтерін «дайын» күйінде еңбек нарығына ұсына алмайды және жаңа жұмыс орын-дарына орналасу үшін кәсіби қайта даярлаудан өтулері қажет. Қайта даярлаудан өту үшін аса көп уақыт кетеді және көбінесе мемлекет тарапынан қосымша шығындар жұмсауды талап етеді. 
3) циклдік жұмыссыздық – өндіріс деңгейінің құлдырауынан немесе жиынтық сұраныстың жалпы төмендеуіне байланысты кез-келген мамандық бойынша жұмыс таба алмаудан орын алатын жаппай жұмыссыздықтың аса ауыр түрі. Жұмыссыздықтың бұл түрі жұмыссыздықтың нақты деңгейінің табиғи деңгейінен ауытқуымен байланысты. Экономикалық құлдырау кезеңінде циклдік жұмыссыз-дық фрикциондық жұмыссыздық пен құрылымдық жұмыссыздықты толықтырады, ал экономикалық өсу (өрлеу) кезеңдерінде циклдік жұмыссыздық жоғалады.
Бірақ, еңбек нарығы тепе-теңдік жағдайында  болғанда да фрик-циондық және құрылымдық жұмыссыздықтың деңгейі орын алады. Ал циклдік жұмыссыздық болса құлдырау кезеңдерінде орын алады да, соның салдарынан жұмысбастылық жиынтық сұраныс пен жиынтық ұсыныстың тепе-теңсіздігінен қысқарады. Циклдік жұмыс-сыздықтың орын алуы күрделі макроэкономикалық мәселеге айнала-ды, макроэкономикалық тұрақсыздықты туындатады, ресурстардың толық қамтылмауын болдырады.
ХХ ғасырдың 60-шы жылдары американдық экономистер, Нобель сыйлығының лауреаттары Милтон Фридмен мен Эдмунд Фелпс «толық жұмысбастылық» және «жұмыссыздықтың табиғи деңгейі» деген ұғымдарды енгізді. 
Толық жұмысбастылық – бұл жұмыс күшінің жалпы санында 5,5%  және 6,5% мөлшерінде жұмыспен қамтылмағандардың үлесін сақтап тұру, яғни бұл жағдай тек циклдік жұмыссыздық болмағанда ғана орын алады. Бұл көрсеткіштер әр елде әртүрлі болуы мүмкін, бірақ толық жұмысбастылықты жұмыс күшінің 100% жұмыс істеуі деп айтуға болмайды. 
Жұмыссыздықтың табиғи деңгейі – бұл әлеуетті ЖІӨ-ге сәй-кес келетін толық жұмысбастылық кезіндегі жұмыссыздық деңгейі. Жұмыссыздықтың табиғи (теңгерімді) деңгейі фрикицондық және құрылымдық жұмыссыздық деңгейлерінің қосындысына тең. Шетел-дік тәжірибеде жұмыссыздықтың табиғи деңгейін басқаша «NAIRU» деп атайды. 
«NAIRU» (Non-Accelerations-Infliacion Rate of Unemployment) түсінігі – бұл инфляция қарқынын үдетпейтін жұмыссыздықтың дең-гейі немесе инфляцияны тұрақтандыратын жұмыссыздықтың қалып-ты деңгейі. Жұмыссыз-дықтың табиғи деңгейін ресми бағалау алғаш рет АҚШ-та 1960-жылдары жүргізілді және оның шамасы 4%-ды құрады. Кейіннен Р.Рейган, Б.Клинтон және Дж.Буш әкімшіліктерінің орын алған саясаттары нәтижесінде оның шамасы 6,5%-ға дейін өзгерді. Дегенмен, жоғарыда аталып өткендей, көптеген экономистер-дің айтуынша, әртүрлі елдерде жұмыссыздықтың табиғи деңгейі-нің шамасы тәжірибе жүзінде 7%-дан 20%-ға дейінгі аралықта жүруі мүмкін.
Жұмыссыздық пен өнім көлемі арасындағы өзара байланыс Оукен заңы деп аталады. Оукен заңына сәйкес жұмыссыздықтың нақты деңгейі өзінің табиғи деңгейінен 1%-ға өссе, онда нақты ЖІӨ деңгейі әлеуетті ЖІӨ-ге қарағанда 2,5%-ға қысқарады. Ал 2,5% Оукен коэффициенті деп аталады. Оукен заңы игіліктер нарығы мен еңбек нарығы арасындағы өзара байланысты сипаттайды. Оукен заңы мынадай формуламен жазылады:
Y* – Y / Y* = γ (u – u*),
мұндағы, Y* - толық жұмысбастылық жағдайындағы өндірістің әлеуетті көлемі; Y – ұлттық өндірістің нақты көлемі; u – жұмыссыз-дықтың нақты деңгейі; u* - жұмыссыздықтың табиғи деңгейі; γ – Оукен коэффициенті. Осының нәтижесінде өндіріс көлемінің жұмыс-сыздықтың нақты деңгейіне тәуелді екендігін байқауға болады.
Жұмыссыздықтың табиғи деңгейіне бірқатар факторлар әсер етеді:
а) демографиялық факторлар;
ә) елде бекітілген жалақының төменгі деңгейі;
б) кәсіподақтардың ықпалы және т.б.
Табиғи жұмыссыздықтың өзгеруі ЖІӨ-нің әлеуетті деңгейінің өзгеруімен тығыз байланысты болғандықтан бұл мемлекет саясаты-ның басты мәселесі болып табылады.

Жұмыссыздықтың экономикалық және экономикалық емес салдарлары бар, олар жеке және қоғамдық деңгейде көрініс табады. 
Жұмыссыздықтың экономикалық емес салдарлары – бұл жұмысты жоғалтудың психологиялық, әлеуметтік және саяси салдарлары. 
Жұмыссыздықтың экономикалық салдарлары табысты немесе табыстың белгілі бір бөлігін (яғни, ағымдық табыстың төмендеуінен) жоғалтудан, сонымен қатар, біліктілікті жоғалтудан (әсіресе, жаңа мамандық иелері үшін) көрінеді және сондықтанда болашақта жалақысы жоғары беделді жұмыс орнын табу мүмкіндігі төмендеуі мүмкін.
Жұмыссыздықтың осындай экономикалық және экономикалық емес зардаптарының болуы еңбек нарығына мемлекеттің араласуын әрдайым талап етеді. Мемлекет еңбек нарығын реттеуде мақсатты бағытталған саналы түрдегі экономикалық саясатты жүргізеді. Ол ұлттық деңгейде еңбек қатынастарын (жұмыс күнінің ұзақтылығы, жұмысқа жалдау және жұмыстан босату тәртібі, еңбек қауіпсіздігі, ең төменгі жалақы деңгейі, демалыс күндерін және еңбек демалыстарын ұйымдастыру, т.б.) реттейтін заңдылық жүйесін әзірлейді.
Еңбек нарығын реттеудің негізгі мақсаттарын мыналар жатады:
    толық жұмысбастылықты қамтамасыз ету, бұл жерде жұмыссыздықтың «табиғи» деңгейін сақтай отырып циклдік жұмыссыздықты болдырмау;
    экономикалық дамудың ішкі және сыртқы өзгерістеріне тез бейімделе алатын «икемді еңбек нарығын» қалыптастыру, бұл жерде жұмыс істеуге ынталы әрбір азамат өзінің қабілетіне қарай жұмыс орнын таба алуы тиіс.
Еңбек нарығын мемлекеттік реттеудің мынадай бағыттарын атауға болады:
1.    Еңбек ресурстарын жұмыспен қамтудың санын арттыруды ынталандыру және мемлекеттік секторда жұмыс орындарының санын ұлғайту бойынша бағдарламалар.
2.    Жұмыскерлерді даярлау және қайта даярлау бойынша бағдар-ламалар.
3.    Жұмыскерлерді жалдауға қолдау көрсету бойынша бағдарла-малар.
4.    Жұмыссыздықты әлеуметтік сақтандыру бойынша бағдарла-малар (жұмыссыздық бойынша жәрдемақылар).
    Еңбек нарығын мемлекеттік реттеудің алғашқы үш бағытында мемлекеттің саясаты белсенді, ал соңғы төртінші бағытында мемле-кеттің саясаты енжар болып табылады.
Белсенді саясат әрқашанда толық жұмысбстылыққа қол жеткізу-ге бағытталады және дамыған елдерде еңбек нарығының басым бағыттарына жатады. 
Белсенді саясат кезінде атқарылатын іс-шаралар:
    экономикаға инвестициялардың құйылуын мемлекеттік ынта-ландыру, бұл шара жаңа жұмыс орындарының ашылуына көмектеседі;
    құрылымдық жұмыссыздыққа тап болғандарды қайта оқыту және олардың өз біліктілігін арттыруына жағдай жасау;
    еңбекпен қамту орталықтарын, еңбек биржаларын ашу және оларды дамыту, бұл шара фрикциондық және құрылымдық жұмыссыздықты төмендету мақсатында бос жұмыс орындары туралы ақпараттармен қамтамасыз етуге жағдай жасайды; 
    жеке немесе отбасылық бизнесті қолдау, бұл шара дамыған елдерде халықты жұмыспен қамтудың аса маңызды әдісі болып саналады;
    жастар мен мүгедектер сияқты халықтың ерекше топтарына жұмыс берушілердің жұмыс орындарын тауып беруі үшін мемлекеттің салықтық және заңдық шаралар арқылы ынта-ландыруы;
    қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру;
    жұмыс табу үшін қажет болғанда тұрғылықты мекен-жайын ауысты-руына көмектесу;
    халықаралық еңбек миграциясымен байланысты жұмысбас-тылық мәселесін шешуде халықаралық ынтымақтастық шара-ларын жүргізу;
    білім беру, медицина, коммуналдық шаруашылық, қоғамдық ғимараттарды тұрғызу сияқты мемлекеттік сектор салала-рында жұмыс орындарын ұйымдастыру.
    Енжар саясат кезінде мемлекет еңбек нарығында жұмыссыз қалғандарды мемлекеттік қолдау және оларды әлеуметтік қорғау шараларын жасайды. Мұндай жағдайда жұмыссыз азаматтарға келесі-дей кепілдемелер беріледі:
    материалдық көмек, жәрдемақылар және басқа да әлеуметтік төлемдер түрінде әлеуметтік қолдауды іске асыру;
    тегін медициналық қызмет көрсету.
Дамыған едерде жұмыссыздарға қаржылай көмек беру жұмыс-сыздық бойынша сақтандыру жүйесі негізінде жүзеге асырылады және сол арқылы жұмыссыздардың өмірлік ең төменгі шығындарын қамтамасыз етеді.
Жоғарыда аталып өткендей, еңбек нарығын реттеуде маңызды орынды еңбек биржалары алады. Осыған да жеке тоқталып кетуге болады.
Еңбек биржасы – бұл жұмыс күшін сату және сатып алуды жүзеге асыратын жұмыскерлер мен кәсіпкерлер арасында делдалдық қызметтер көрсететін ұйымдар болып табылады. Бұлар жұмыс-сыздықты түгел жоя алмаса да, жұмысқа орналастыру және жұмыс-керлерді жалдау үрдісінің дұрыс ұйымдастырылуына және тиімді жүзеге асуына мүмкіндік береді.
Сонымен, бұл жердегі мемлекеттің рөлі толық, тиімді және еркін жұмысбастылықты қамтамасыз етуге көмек беру үшін оңтайлы саясатты жүзеге асыру шараларынан көрінеді.
Елбасының тікелей тапсырмасымен қазіргі уақытта елімізде еңбек нарығын реттеудің және жұмыссыздықты жоюдың жаңа бағыттары қалыптасып іске асырылу үстінде. Жаңа қабылданған «Жұмыспен қамту-2020» Мемлекеттік бағдарламасы және елді индустрияландыру картасы аясында 370 мыңға жуық жұмыс орны құрылатын болады. 
«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы үш бағытты қамти-ды:
1. Кәсіптік оқытудан кейін жұмысқа орналастыруды қолға алу. 
2. Жеке ісін бастаушыға ең алдымен ауылда ұйымдастыруға жәрдемдесу;
3. Тұратын жерінде жұмыс, не бизнес жасауға мүмкіндік болмаған жағдайда осы бағдарлама бойынша дамыған өңірге баруға мүмкіндік беру.
Сондай-ақ, осы бағдарлама аясына «Дипломмен - ауылға» бағдарламасын да кіріктіріп оны сәтті түрде жүзеге асыру назардан тыс қалмайтын болады. 
Қазақстан Республикасы Статистика Агенттігінің ресми мәлі-меттері бойынша еңбек нарығының қазіргі экономикалық жағдайы туралы бірқатар мәліметтерді қосымша беруге болады. 
2011 жылғы I-тоқсанда 15 және одан жоғары жастағы экономикалық  тұрғыдан белсенді халықтың саны 8,6 млн. адамды құрады, бұл 2010 жылғы тиісті кезеңге қарағанда 0,6%-ға көп. Республика экономикасында 8,1 млн. адам жұмыспен қамтылды немесе 15 және одан жоғары жастағы халықтың 67,2%.  Өткен жылғы I-тоқсанмен салыстырғанда олардың саны 105,2 мың адамға (1,3%-ға) артты.

Кесте 13.2 Қазақстан Республикасы еңбек нарығының қазіргі жағдайы
    15 жастағы және одан жоғары халықтың саны
    I тоқсан    2010ж.
IV тоқсан
    2009ж.    2010ж.    2011ж.    
Экономикалық белсенді халық, мың адам    8413,5    8555,5    8610,4    8616,1
Экономикалық белсенді халықтың деңгейі, %    70,3    70,7    71,2    71,2
Экономикалық белсенді емес халық, мың адам    3548,8    3544,1    3487,8    3483,4
Экономикалық белсенді емес (енжар) халықтың деңгейі, %    29,7    29,3    28,8    28,8
Жұмыспен қамтылған халықтың саны, мың адам    7830,4    8029,3    8134,5    8141,4
Жұмысбастылық деңгейі, 
%-бен: 
1) 15 жастағы және одан жоғары халық санына шаққанда 
2) экономикалық белсенді халыққа шаққанда    

 

65,5

93,1    

 

66,4

93,8    

 

67,2

94,5    

 

67,3

94,5
Жалдамалы жұмысшылар, мың адам,
жұмыспен қамтылғандардың жалпы санындағы үлесі, 
%-бен    
5199,1


66,4    
5347,8


66,6    
5465,9


67,2    
5460,0


67,1
Өздігінен қамтылғандар, 
мың адам
жұмыспен қамтылғандардың жалпы санындағы үлесі, 
%-бен    
2631,3


33,6    
2680,6


33,4    
2668,6


32,8    
2681,4


32,9
Жұмыссыз халық, мың адам    583,1    526,2    475,9    474,7
Жұмыссыздық деңгейі, %    6,9    6,2    5,5    5,5
15-24 жас аралығындағы жұмыссыздар, мың адам    100,5    81,5    60,6    56,3
Жастар жұмыссыздығының деңгейі, % (15-24 жастағы)    7,7    6,1    5,0    4,7
Ұзақ мерзімдік жұмыссыздық деңгейі, %    2,7    2,3    2,0    2,1
Дерек көзі: www.stat.kz

Жұмыспен қамтылғандардың құрамындағы жалдамалы жұмыс-шылардың пайыздық үлесі 67,2% болды, ал өздігінен қамтылғандар (самозанятые) 32,8%-ды құрады. Жалданып жұмыс істейтіндердің негізгі үлесі мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда жұмыспен қамтылды – 81,7% (4,5 млн.адам). Өз бетінше жұмыспен қамтылғандар саны 2,7 млн. адамды құрады. Өз бетінше жұмыспен қамтылғандардың негізгі бөлігі өз қызметін ауыл шаруашылығында (62,1%), сондай-ақ, сауда саласында (22,6%),  көлік қызметін көрсетуде (4,9%) және құрылыста (4,0%) жүзеге асырды.   
2011 жылғы I-тоқсанда жұмыссыздар саны (табысты жұмысы болмаған, оны үздіксіз іздеген және оған кірісуге әзір болған 15 және одан жоғары жастағы адамдар) 475,9 мың адамды құрады және өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 50,3 мың адамға немесе 9,6% қысқарды. Жұмыссыздық деңгейі 5,5% (2010 ж. I-тоқсанда – 6,2%) құрады.
Ағымдағы жылғы I-тоқсанда жұмыссыз ерлердің үлесі 43,5%, әйелдердің үлесі – 56,5% құрады. Жұмыссыз әйелдердің саны 269,0 мың адамды құрады, бұл ерлердің санынан 62,1 мың адамға (30,0%-ға) көп.
2011 жылғы I-тоқсанда жұмыссыздардың жалпы санындағы жастардың (15-24 жастағы) үлесі 12,7% немесе 60,6 мың адамды құрады. Жастар жұмыссыздығының деңгейі 5,0% (2010 ж. I-тоқсанда – 6,1%) болды.

Кесте 13.3 2011 жылдың 1-тоқсанында жыныстық және жас құрамы бойынша жұмыссыз халықтың саны
    Барлығы    соның ішінде
    мың адам    жұмыс-сыздық деңгейі, %    ерлер    әйелдер
            мың адам    жұмыс-сыздық деңгейі, %    мың адам    жұмыс-сыздық деңгейі, %
Жұмыссыздар, барлығы     60,6    5,0    32,3    4,9    28,3    5,1
Соның ішінде, 15-24 жастағы    100,2    7,5    45,2    6,4    55,0    8,7
25-29 жастағы    77,4    5,8    31,9    4,7    45,5    7,0
30-34 жастағы    50,1    5,6    20,3    4,5    29,8    6,7
35-39 жастағы    42,9    4,4    18,1    3,8    24,8    4,8
40-44 жастағы    49,4    4,8    19,2    3,8    30,2    5,7
45-49 жастағы    49,6    5,1    18,8    4,0    30,8    6,1
50-54 жастағы    32,4    5,8    13,1    5,1    19,3    6,4
55-59 жастағы    13,3    6,1    8,0    5,6    5,3    7,2
60-64 жастағы    60,6    5,0    32,3    4,9    28,3    5,1
    Дерек көзі: www.stat.kz

2011 жылғы наурыздың соңында жұмыссыздар ретінде тіркел-ген адамдар саны (Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректері бойынша) 53,7 мың адамды құрады, бұл 2010 жылғы осы кезеңге қарағанда 22,7 мың адамға немесе 29,7%-ға аз. Экономикалық тұрғыдан белсенді халық санындағы тіркелген жұмыссыздардың үлесі 0,6% (2010 жылғы наурызда – 0,9%) болды.

13.2 Инфляция: мәні, пайда болу себептері, түрлері, әлеуметтік-экономикалық салдарлары. Филлипс қисық сызығы. Инфляцияға қарсы саясат

Инфляция – көпфакторлы құбылыс, ол бағаның жалпы дәреже-сінің өсуі арқылы және нақты активтерге қарағанда ақша белгілерінің құнсыздануы арқылы бейнеленеді. Жеке тауарлар бағасының қандай болмасын өзгеруі міндетті түрде инфляция болып табылмайды. Инфляцияға қарама-қарсы дефляция баға мен шығындардың жалпы төмендеуі болып табылады. Бағаның өсуінің бәсендеуі дезинфляция деп атайды.
Экономикалық құбылыс ретінде әлем экономикасында, инфля-ция ұзақ уақыт бойы тарихи негізінде қалыптасып дамуда. Оның пайда болуын негізінен, ақшаның шығуымен және оның қызметімен байланыстырады. «Инфляция» термині латын сөзі – «inflatio» – қампаю, тұнғыш рет Солтүстік Америкада 1861-1865 жылғы азамат соғысы кезінде пайда болып, айналымдағы қағаз ақшалардың тым көбейіп кетуі процесін білдірген. Осы түсінік ХІХ ғасырда Англия мен Францияда қолданыла бастады. Экономикалық әдебиеттерде инфляция түсінігі ХХ ғасырда бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін жиі қолданылып, кеңес үкіметінің экономикалық әдебиеттерінде 20-шы  жылдардың орта кезінде көрінді.
Ақша, тауарларды сатып алу қабілеті күшті валютамен салыстырғанда, құнсызданады. Инфляцияны былай түсіндіру, яғни ақшаны алтынға қатысты құнсыздануы, алтынды бұрынғыша ақша сияқты жалпылама эквивалент деп қарастыруда жатыр. Ең алдымен, бағаның өсуі, тауарға сұраныстың оның ұсынысынан артық болуы-мен байланысты. Белгілі тауар рыногында сұраныс пен ұсыныстың сәйкестілігінің бұзылуы инфляция емес. Инфляция елдегі баға деңгейінің өсуі. Бағаның көтерілуіне нақты экономикалық дағдарыс тек мұнай бағасының өсуінен емес, басқа да тауар мен қызмет көрсету бағаларының өсуімен байланысты. 
Сонымен, инфляция – бұл бағалардың орташа деңгейінің өсу қарқыны, бірақ бұл жағдайда барлық бағалар өседі деуге болмайды. Инфляция кезінде кейбір бағалар бір қалыпта қалады, ал кейбір бағалар төмендейді.
Инфляцияның пайда болу себептері монетарлық және монетарлық емес болып бөлінеді. 
Монетарлық емес себептер:
-    экономикадағы диспропорциялар;
-    әскери-өнеркәсіптік кешеннің дамуына шектен тыс ақшаның бөлінуі;
-    тым күшті импорттық тәуелділікте болу кезінде экспорттық сектордың әлсіз дамуы;
-    ЖІӨ көлемінің құлдырауы;
-    халықтың инфляциялық күтулері.
Монетарлық себептер: 
-    мемлекеттік бюджеттің тапшылығы; 
-    ақша массасы көлемінің инфляция қарқынына әсері. Орталық банк активтерінің ұлғаюы барлық жағдайларда ақша массасының өсіп отыруына алып келеді, бұл төлем қабілет-тілігі бар сұраныстың артуын білдіреді. Нәтижесінде игілік-терге жалпы баға деңгейі өседі; 
-    ақша айналымы жылдамдығының артуы.
Инфляцияның әртүрлі жіктелу критерийлеріне байланысты көпте-ген түрлерін ажыратуға болады:
1.    Экономиканы мемлекеттік реттеудің «тереңдігіне», инфля-цияға қарсы саясаттың инструментарийлеріне байланысты, инфляция айқын (ашық) және басылған-бүркемеленген (жабық) түрде жүріп отыруы мүмкін. Инфляция процесінің айқын немесе ашық формада болып отырғаны бағаның өсуі, ұлттық валюта курсының төмендеуі арқылы көрінеді. 
    Бағалардың еркін құбылуы жағдайларында орын алатын ашық инфляция-ның деңгейін келесі формуламен анықтауға болады:
π = Р – Р-1 / Р-1 × 100%.
мұнда, Р – ағымдағы жылғы бағалардың орташа деңгейі; Р-1 – өткен жылғы бағалардың орташа деңгейі.
2.    Зерттеу объектісіне байланысты, инфляция ұлттық, аймақтық және әлемдік болып бөлінеді. Ұлттық және аймақтық масштабта талдау объектісін көтерме және бөлшек сауда бағалары-ның динамикасы, кейбір елдердегі, елдер бірлестігінің дәрежесіндегі, халықаралық нарықтағы ЖҰӨ-нің дефляторы құрайды.
3.    Ішкі және сыртқы факторлар тудыратын жүйеге ықпал ететін инфляциялық импульстарға байланысты, импортталған және экспортталған инфляция болады. 
4.    Бағаның өсу қарқынына байланысты, инфляциянын мынадай түрлері болады: жылына 10%-ке дейін болса баяу, немесе, жылжымалы инфляция, жылына 200% болғанда – өршімелі, немесе, «латындық», 200%-дан (Самуэльсон бойынша) артқанда – гиперинфляция  (американдық экономист Ф. Кэган бойынша – айына 50%-тен артық болса).
    Мәселен, өткен ғасырда, бағалардың өсу қарқынының өте жоғары деңгейлерін, әсіресе, гиперинфляцияны бастан кешірген мемлекеттер көп, соның ішінде, Қазақстан да 90-жылдардың басында өтпелі экономика жағдайында нарықтық қатынастарға көшу бары-сында инфляцияның аса жоғары қарқынына тап болды. 1992-1994 жылдар аралығында елімізде гиперинфляция құбылысы байқалды (кесте 13.4).

Кесте 13.4 Қазақстандағы инфляция қарқыны
кезең соңына, өткен жылғы желтоқсанға пайызбен, өсуі
1991ж. – 147,1    1995ж. – 60,3    1999ж. – 17,8    2003ж. – 6,8    2007ж. – 18,8
1992ж. – 2960,8    1996ж. – 28,7    2000ж. – 9,8    2004ж. – 6,7    2008ж. – 9,5
1993ж. – 2165,0    1997ж. – 11,2    2001ж. – 6,4    2005ж. – 7,5    2009ж. – 6,2
1994ж. – 1158,3    1998ж. – 1,9    2002ж. – 6,6    2006ж. – 8,4    2010ж. – 7,8
    Дерек көзі: ҚР Статистика агенттігі, www.stat.kz

5.    Экономиканың бағаның өсу қарқынына ұтымды бейімделуіне байланысты, инфляция баланстанған (теңдестірілген) және баланс-тандырылмаған  (теңдестірілмеген) болып бөлінеді. 
6.    Мемлекеттің инфляциялық процеске әсер ету қабілетіне байланысты, инфляция бақылаудан шықпаған және бақылауға көнбейтін болып бөлінеді.
7.    ЖҰӨ-нің көрсеткішінің өзгеруіне байланысты, экономикада сұраныстың өскен жағдайында ақиқат және жалған инфляция орын алады. 
8.    Бағаның болашақтағы өсу қарқыны және оған үйлесімді бейімделу дәрежесі туралы болжамның дәлме-дәл болуына-болмауына байланысты, болжауға болатын және болжауға келмей-тін инфляция болып бөлінеді.
9.    Инфляциялық процесті тудыратын және оған дем беретін факторларға байланысты «сұраныс» инфляциясы және «шығын-дар» инфляциясы болады.

Инфляцияның әлеуметтік-экономикалық зардаптары:
1. Инфляция халықтың, кәсіпорындардың және мемлекеттің ақшалай табыстарының нақты төмендеуіне алып келеді. Бұл атаулы және нақты табыстарының арасындағы айырмашылықпен анықтала-ды. Мұндай жағдайда әдетте, тұрақты (тіркелген) табыс табатын адамдар инфляция кезеңдерінде көп зардап шегеді, яғни «табан тоздыру» шығындары орын алады.
2. Инфляция байлық пен табыстың қайта бөлінуіне алып келеді. Демек, қарыз алғандар өздерінің кредиторлары арқылы баийды. Дебиторлар барлық деңгейде ұтады, яғни қарыз ақшаның белгілі бір сатып алушылық қабілетінде берілгендіктен ол белгілі бір уақыттан кейін кредиторға құнсызданып барып қайтарылады. Бұл жерде үлкен мемлекеттік қарызға батқан үкімет те ұтады. Инфляция төлем мерзімін кейінге қалдырған адамдардың пайдасына ақшаны қарызға берген адамдардың есебінен табыс пен байлықты қайта бөледі. Инфляция жылжымайтын мүліктің құнын арттырады.
3. Инфляция кезеңдерінде нарықта сұранысқа ие тауарлы-материалдық қорларға деген бағалар өседі. Сондықтан тұрғындар мен кәсіпорындар өздерінің тез құнсызданып кетуі мүмкін ақшалай қаражаттарын мүмкіндігінше тез арада қорларға айналдыруға тырысады. Бұл экономикалық агенттердің қолында ақша қаражат-тарының жетіспеушілігіне алып келеді. Тауарларды дүрлікпе (ажиотаж) сатып алуға тырысудың нәтижесі сұраныс инфляциясының күшеюіне алып келеді.
4. Инфляция ұзақ мерзімдік инвестициялаудың мүмкіндіктерін төмен-детеді.
5. Инфляция фирмалардың амортизациялық қорларын құнсызан-дырады, сөйтіп ұдайы өндірістің қалыпты жұмыс істеуі бұзылады және үдерісі қиындайды. Инфляция жинақ түрлерінің (салымдардың, облигациялар мен сақтандырулардың, т.б.) нақты құнын төмендетеді. Адамдар мұндай жағдайда ақша жинамауға тырысады, ал фирмалар болса өздерінің тапқан табыстарын ағымдық тұтынуға бағыттайды, соның салдарынан қоғамның қаржылық ресурстары қысқарады.
6. Инфляция тұрғындар мен кәсіпорындардың ақша қаражат-тарын салықтар арқылы жасырын тәркілеуге алып келеді. Бұл салық төлеушілердің атаулы табыстарының өсуінен салық салудың аса жоғары тобына автоматты түрде өтуінен орын алады. 

Инфляция мен жұмыссыздықтың өзара байланысы. 
Көптеген экономистер инфляция қарқынының жұмыссыздық-тың деңгейімен өзара байланысын зерттеген. Бұл байланыс Лондон экономикалық мектебінің профессоры Албан Филлипстің (1914-1975) үлгісінде терең зерттелді. Ол 1861 мен 1957 жылдар аралығындағы кезеңде Ұлыбритания экономикасының статистикалық деректерін талдаудың нәтижесінде мынадай қорытындыға келген, яғни егер жұмыссыздық 3%-дық деңгейден асса, онда бағалар мен атаулы жалақының өсу қарқыны төмендей бастайды. Олай болса, жұмыссыздық пен атаулы жалақының қарқыны (кейіннен, инфляция қарқыны) арасындағы өзара байланыстың графикалық кескіні Филлипс қисығы деп аталады. Кейіннен, Пол Самуэльсон мен Роберт Солоу Филлипстің моделіне өзгеріс енгізді: жалақының өсу қарқыны деген көрсеткішті инфляция көрсеткіші деп өзгертті. Филлипс қисығы қысқа мерзімді кезеңде жұмыссыздық пен инфляцияның арасындағы өзара байланысты көрсетеді (сурет 13.2) және Самуэльсонның пікірінше, тиімді саясатты жүргізу арқылы жұмыссыздық пен инфляция арасындағы «өзара келісім» (компромисс) нүктесін табуға көмектеседі. Бұл өзара келісімнің шарты Филлипс қисығының көлбеулігімен анықталады. Қысқа мерзімді кезеңде бағалар мен жалақы мөлшерлемелерінің инфляция-лық сипатта өсуі еңбек ұсынысын ынталандырып өндірісті артты-рады. Ал инфляциялық үдерістерді басу жұмыссыздықтың өсуін туындатады.

                   π             
  (инфляция
   қарқыны)


    
    
                     
                   
    Ph

                                              (жұмыссыздық деңгейі) U 
Сурет 13.1 Филлипс қисығы

Дегенмен, соңғы жылдары әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, инфляцияның жоғары қарқынымен қатар жұмыссыздық-тың жоғары деңгейі де бірге жүріп отырады. Дәлірек айтсақ, бұл күрделі құбылыс жоғарыда аталып өткендей, стагфляция деген атқа ие болып 1973-1975 жылдары орын алған экономикалық дағдарыспен байланысты еді, сонымен қатар, 80-ші жылдары жұмыссыздық пен инфляцияның бір уақытта төмендегендігі де байқалған. Сол себепті Филлипстің теориясына және оның аясында жүргізілген экономика-лық саясатқа сенімсіздік туындады. Осыған байланысты осы теорияны әріқарай жетілдірудің қажеттілігі пайда болды.
Филлипс қисық сызығы теориясының аясындағы жаңа көзқарастар М. Фридмен мен Э. Фелпстің жұмыссыздық табиғи деңгейі теориясы арқылы көрініс тапты. Осы теорияға сәйкес екі ғалымның ойынша Филлипс қисығы қысқа және ұзақ мерзім аралықтарында қарастырылған жөн. Ұзақ мерзімде Филлипс қисығы тік сызық түрінде болады. Егер жұмыссыздықтың нақты деңгейі табиғи деңгейіне тең болса, онда инфляцияның нақты деңгейі инфляцияның күтілген деңгейіне сәйкес келеді (сурет 13.2).


                   π    PhLR             
  (инфляция
   қарқыны)


    
    
                     
                   
                                                                    PhSR

                                                      (жұмыссыздық деңгейі) U 
Сурет 13.2 Қысқа және ұзақ мерзімдегі Филлипс қисығы

Инфляцияға қарсы саясат – бұл инфляцияны төмендетуге бағытталған мемлекеттік реттеу құралдарының жиынтығы. ХХ-ғасырдың 60-шы жылдарынан бастап бағаны тікелей және жанама түрде реттеу мақсатымен барлық экономикаға ортақ шаралар қолданыла бастады. 
Тікелей реттеу табыстар саясаты шеңберінде жүргізіледі. Табыстар саясатын шартты түрде екі бағытқа бөлуге болады: жалақы мен бағаларды өсу нысаналарымен белгілеу және осыларға тікелей бақылау жүргізу. Осыларды қолданып атаулы табыстар мен бағаның өсуін төмендетуге бағытталған шараларды анықтауға болады. Нысаналарға еркін орындалуға тиісті ережелердің жиынтығы жатады. Бақылауға заң актілерінің күші тән болады. Нысаналар ретінде баға мен жалақы мөлшерлемелерінің өсуінің максималды шегі пайдаланы-лады. Жалақы мөлшерлемелерінің өзгерістері әдетте, барлық эконо-микадағы еңбек өнімділігінің өсу қарқынымен байланыста болады, бағалардың өзгерістері еңбекақыға жұмсалған шығындардың өзгеріс-терін өтеу үшін жүргізіледі. Осы бағыттың мәні мынада: жалдамалы жұмыскерлердің табыстары тікелей реттеледі, ал пайда – жанама түрде баға арқылы реттеледі. 
Әдетте, бақылауды пайдалану үшін бағалар мен жалақыны белгілі уақыт мерзімі бойынша «тұрақты» етіп ұстап отыру туралы заңдар қабылданады. Жалдамалы жұмыскерлер үшін табыстар саясатының дискриминациялық дәрежесі жоғары болады, өйткені мемлекет органдары және өндірушілер бағадан гөрі жалақыға бақылау жүргізуді ұнатады. Тәжірибе жағынан келсек, жалақыдан гөрі бағаларға бақылау жүргізу оңайға түспейді, өйткені тауарлар топтарының саны көп болады. Бұдан басқа, экономикада еңбек өнімділігінің өсуі автоматты түрде ұлттық табыстағы жұмысшылар-дың үлесін салыстырмалы және абсалютті түрде төмендетеді. 
Табыстар саясатының бір бағытына әлеуметтік келісімдер жата-ды. Бағаның өсуі мен жалақының арасында тұрақты компромисс орнату үшін үкімет ірі кәсіпорындар мен кәсіподақтардың арасында келіссөздер ұйымдастырады. Табыстар саясаты қашан болмасын дискуссияға ұшырап отырады. Осы саясаттың қарсыластарының айтуы бойынша, кәсіпкерлер мен кәсіподақтар жетекшілері өздерінің мақсатты қызметтері – барынша көп пайда табудан бас тарта алмай-ды, сондықтан олар үкімет белгілеген нысаналарды өз еркімен орындамайды.  
Заң жүзінде бағаның өсуіне шектеудің қойылуы, бағалардың жоғарылауы пайдалы болатын тауарлардың көлеңкелі нарығын дамытуы мүмкін. Бағалардың өсуіне шек қоюды болдырмайтын келесі әдіс, ол буып-түйілген дайын өнімдердің сапасы мен салмағын төмендету. Осыдан басқа, бағаға әкімшілік бақылау жүргізу нарықтың қызметін дұрыс атқарылуына, ресурстар мен капиталдың еркін жылжуына кедергі болады. Нәтижесінде, экономикада тапшы-лық жинақтала түседі, тұтынуды үнемеу қажеттілігі туындайды. Табыстар саясатының жақтаушылары бойынша, егер кәсіпкерлер мен жұмыскерлер үкіметтің инфляциямен күресуге күші де, құралдары да жеткілікті деп сенсе, онда бұл саясат инфляциялық күтімдерді сөндіруге көмек береді. Нарық қызметінің тиімділігі туралы әңгіме  құрғанда мына жағдайды атап өту қажет: монополиялық күштердің-тауар өндірушілердің және ресурстар иелерінің-бар болуының өзі ресурстардың бөлінуін бұрмалайды. Экономикада инфляцияның болуы осы тұжырымды дәлелдейді. Сондықтан, бағаға бақылау жүргізу жағдайды түзетуге көмек береді.
Бағаға ықпал жасаудың жанама әдістеріне монетарлық және фискалдық саясаттың «дефляциялық» шаралары жатады. Алғашқыда олар циклге қарсы саясат аясында қолданылған болатын. Орталық банк инфляцияның күшеюіне байланысты ақша массасының өсуіне, белгіленген есептік мөлшерлеменің өсуіне, ашық нарықта сатылатын мемлекеттік құнды қағаздардың көлеміне және міндетті резервтер нормасына бірте-бірте шектеу енгізеді. Инфляцияны төмендету мақсатымен валюта саясатының құралдары да пайдалануы мүмкін: шетелдерден келетін ақшаға шек қою, ұлттық валюта бағамын көтеру.              
«Дефляциялық» шаралардың тежеу жасайтын әсері ең алдымен, экономикалық өсуді баяулатады және жұмыссыздықты өсіреді, ал бағалардың төмендеуі елеулі болмайды. Стагфляцияның пайда болуы дефляция саясатының кейбір құралдарынан бас тартуға мәжбүр етеді. Стагфляциямен күресудің неоклассикалық бағытының балама жол-дары бар. Оның мәні: инфляцияны төмендетуде қандайда болмасын құралдарды қолданбау үшін, экономикадағы осы және басқа процес-терді қолдан шығарып алмауды көздеу керек. 
Филлипстің қисық сызығына тежеуші монетарлық және фискалдық саясаттарды қолданып қалай да бұрынғы қалына қайтып келудің қажетіне тырысу керек емес, жиынтық ұсыныстың қисық сызығына тікелей ықпал ету қажет. Осы үшін қаржылық және ақша саясатын аз ғана өзгертіп, қатаң стандарттармен мақсатты қаржылан-дыру мен несиелендіруді, салаларды селективтік (іріктеп) қолдауды, протекционнистік шараларды, табыстар саясатының элементтерін қолдануды пайдалануға болады. Соңғы нұсқаны қолданудың тиімді-лігі жоғары және бұның әлеуметтік шығындары төмен. 
Үкімет үшін инфляцияға қарсы саясат жүргізудің екі бағыты болады: оны бірте-бірте ұзақ мерзімді көздеп жүргізу немесе оны шұғыл жүргізу (естен тандыру терапиясы). Барлық жағдай елдің көлеміне, оның экономикасының болмысына, әлемдік нарыққа кіру-дің дәрежесіне және шарттарына, өзгерістерді халықаралық қаржы мекемелерінің қолдауына, ел ішіндегі әлеуметтік және саяси жағдай-ларға және т.б. байланысты болады.

Әдебиеттер тізімі

1.    С. Әкімбеков, А.С. Баймұхаметова, У.А. Жанайдаров. Экономикалық теория. Оқу құралы. Жалпы редакция С. Әкімбековтікі. – Астана: 2002. - 464 б. 
2.    Жалпы экономикалық теория. Оқулық. Ө.Қ. Шеденов, Е.Н. Сағындықов, Б.А. Жүнісов, Ү.С. Байжомартов, Б.И. Комягин. /Жалпы редакциясын басқарған Ө.Қ. Шеденов – Ақтөбе, «А-Полиграфия», 2004 – 455 бет. 
3.    Я. Әубәкіров, К. Нәрібаев, М. Есқалиев, Е. Жатқанбаев, т.б. Экономикалық теория негіздері. Оқулық. – Алматы, «Санат», 1998. – 479 бет. 
4.    Ғабит Ж.Х. Экономикалық теория: оқу-әдістемелік кешен. – Астана: 2006., 248 б. 
5.    Нарматов С.Р., Нарматова А.С. Экономикалық теория. Лекциялар курсы. (Оқу құралы). – Алматы: «Эверо», 2009. – 516 бет.
6.    Курс экономической теории: учебник – 5-е исправленное, дополненное и переработанное издание/ Под общ. ред. Чепурина М.Н. и Киселевой Е.А. – Киров: «АСА», 2006 – 832 с. 
7.    Сажина М.А., Чибриков Г.Г. Экономическая теория: Учебник для вузов. – 2-е изд., перераб. и доп. – М.: Норма, 2005. – 672 . 
8.    Крымова В. Экономикалық теория: Кестелі оқу құралы. Алматы: Аркаим, 2009. – 196 б. 
9.    Женсхан Д.Ж. Экономикалық теория. Экономикалық емес мамандықтарға арналған қысқаша курс. Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ., 2008. – 147 б.
10.    Шеденов Ө.Қ. Экономикалық ілімдер тарихы: оқулық. - Ақтөбе: А - Полиграфия, 2006. – 316 б.
11.    ҚР-ның Президенті Н.Ә. Назарбаевтың халыққа Жолдауы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты», 2012 ж. 28 қаңтар.
12.    ҚР-ның Президенті Н.Ә. Назарбаевтың халыққа Жолдауы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз», 2011 ж. 28 қаңтар.
13.    ҚР-ның Президенті Н.Ә. Назарбаевтың халыққа Жолдауы «Жаңа онжылдық – Жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері», 2010 ж. 30 қаңтар.
14.    ҚР-ның Президенті Н.Ә. Назарбаевтың халыққа Жолдауы «Дағдарыстан жаңару мен дамуға». 2009 ж. 7 наурыз.
15.    Н.Ә. Назарбаев. Қазақстан - 2030: «Ел Президентінің Қазақстан халқына жолдауы», Алматы – 1998 ж.


Похожие материалы

Рахмет ретінде астында тұрған жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!

Категория: Экономика | Добавил: Admin
Просмотров: 10439 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]