Приветствую Вас Гость • Регистрация • Вход • RSS
Пятница, 9.12.2016
Главная » Файлы » Қазақша рефераттар » Экономика [ Добавить материал ]

Меншік қатынастары


Оқушылар,студенттер,мұғалімдер,сайт қолданушылары өз материалыңызбен бөліссеңіз қуанышты болатын едік!

21.01.2015, 22:14

Меншік қатынастары 

 

Меншіктің мәні мен мазмұны, түрлері мен нысандары, объектілері мен субъектілері

Меншік категориясы кез-келген экономикалық жүйені ұйымдастырудың іргетасы болып табылады. Меншік ұғымы тарихи категория ретінде алдымен, жермен, содан соң өндіріс құрал-жабдықтарын иемденумен, пайдаланумен және оларды жалға берумен байланыстырылады. Осы тұрғыда, меншікті молайтуда өндіруші-адамның еңбегіне және оның еңбек өнімділігінің басымдылық рөліне ерекше мән беріледі, өйткені ол барлық байлықтың және пайда табудың қайнар көзі ретінде саналады.
Меншік теориясына сүбелі үлесті У. Петти, Ф. Кенэ, А. Смит, Д. Рикардо, П. Прудон, К. Маркс, Р. Коуз және А. Алчиан сияқты ғалымдар қосты. 
Маркс бойынша, меншік – бұл өндіріс құрал-жабдықтарын иемденумен байланысты қатынастар деп қарастырылады. Ал Коуздың пікірінше, кез-келген ресурстар өздігінен меншікке айнала алмайды, тек ресурстарды қолдану арқылы ғана меншіктің кешенді құқықтарын анықтауға болады. Бұл меншіктің мазмұнын білдіре отырып, осы меншік құқығына қатыстылардың барлығы сол меншіктің кімге қатысты екенін және өзара пайдалы іс-әрекетті орындауға қол жеткізу үшін сол адамдардың бір-бірімен қалайша келісе алатындығын сипаттайды. 
Осындай көзқарастарға қарап, меншікті меншік объектілерінің қатыстылығы жөніндегі адамдар арасындағы экономикалық қатынастар деп түсінуге болады. Меншік нысаны меншік объектілерінің кімге тиесілі екендігін көрсетеді. 
Кейбір отандық әдебиеттерде, меншік құқығы деп белгілі бір тұлғаларға материалдық және материалдық емес игіліктердің тиістілігін бекітетін және осы құқықтарды қорғайтын заң нормаларының жиынтығын айтады. Экономиканың негізгі үш іргелі мәселесі – не, қалай және кім үшін өндіреміз сұрақтарын шешу экономикалық агенттердің өндіріс құралдарына деген меншік құқығына тәуелді болып табылады. Осыған байланысты, кез-келген меншік иесі болып табылатын тұлға өз қалауы бойынша меншік объектісін иемденеді, пайдаланады және билік етеді. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде меншікке қатысты мынадай ұғымдар айтылады:
1) Иемдену – мүлікті іс жүзінде иелену мүмкіндігінің заңдық тұрғыдан қамтамасыз етілуі.
2) Пайдалану – белгілі бір игіліктен оның пайдалы қасиеттерін алудың және одан пайда таба алудың заң жүзінде қамтамасыз етілуі.
3) Билік ету – мүліктің тағдырын айқындаудың заңмен қамтамасыз етілуі.
Ағылшын заңгері А. Оноре 1961 жылы алғаш рет меншіктің толыққанды кешенді құқықтарын ұсынды. Оны «бір буда құқық» немесе Оноре тізбесі деп атайды және ол 11 элементтен құралады:
1. Иемдену құқығы, қандай да бір игіліктің жағдайын бақылау құқығы.
2. Пайдалану құқығы, игіліктерден оның пайдалы қасиеттерін алуға деген құқығы.
3. Билік ету құқығы, игіліктерді пайдалануды кім және қалай шешетіндігі жөніндегі құқығы.
4. Табыс алуға деген құқығы, игіліктерді пайдаланудан қандай да бір нәтижеге жете алу құқығы.
5. Егемендік құқығы, игілікті шеттету, тұтыну немесе жою құқығы.
6. Қауіпсіздікке деген құқығы, яғни игілікті қанаудан және сыртқы ортаның зияндылығынан қорғау құқығы.
7. Игілікті мұрагерлікке беру құқығы.
8. Игілікті иеленудегі мерзімсіздіқ құқығы.
9. Сыртқы ортаға зиян келтіретін әдістерді қолдануға қарсылық жасау құқығы.
10. Жауапкершілікке жазалау түрін қолдану құқығы, яғни қарызды төлеуге игіліктермен жазалау мүмкіндігі.
11. Қалдықтық сипат құқығы, яғни бұзылған құқық шарала-рын қалпына келтіруді қамтамасыз ету институтының өмір сүру құқығы.
Сонымен, меншіктің экономикалық категория ретіндегі мәні мынаған келіп саяды, яғни меншік – бұл адамдар арасындағы материалдық және рухани игіліктерді өндіру, бөлу, айырбастау және тұтыну салаларындағы күрделі әлеуметтік-экономикалық қатынастар.
Меншік қатынастары меншік объектілерін иемдену жөнінде меншік субъектілерінің арасында қалыптасып отырады. Меншік субъектілері – бұл олардың арасында меншік қатынастары туындап отыратын тұлғалар, оларға жеке индивидтер, отбасы, әлеуметтік топтар, ұжым, халық, мемлекет және басқару органдары жатады. Меншік объектісі – бұл осылар арқылы меншік қатынастары туындап отыратын қандай да бір заттар немесе құралдар, т.б. Меншік объектілеріне мыналар жатады: жер, ғимараттар, табиғи ресурстар, өндіріс құрал-жабдықтары, мүлік, ақшалар, бағалы заттар, ақпарат, жұмыс күші, білім, құнды қағаздар, ұлттық құндылықтар, т.б.
Меншіктің 2 түрі ажыратылады: жеке меншік және мемлекеттік меншік. Олардың әрқайсысының бірнеше нысандары бар.
Жеке меншік – бұл бір тұлғаның немесе отбасының мүліктің немесе ресурстың иесі болып табылуы. Жинақтау сипаты бойынша жеке меншік еңбектік және еңбектік емес болып бөлінеді. Еңбектік жеке меншік жалақы есебінен және кәсіпкерлік қызметтен келіп түсетін табыс арқылы анықталады. Еңбектік емес жеке меншік мүлікті мұраға қалдыру есебінен, бағалы қағаздардан, депозиттерден алынатын табыстар және басқа да табыс көздері арқылы анықталады. Жеке меншіктің ерекше нысаны болып ұжымдық меншік табылады. Ұжымдық меншіктің мысалына кооперативтік меншік және акционерлік меншік жатады. 1) Кооперативтік меншік деп бірігіп қызмет істеуі үшін сол кооператив иелерінің еңбегі мен өндіріс құрал-жабдықтарын біріктіру жолымен қалыптасатын ұжымдық меншіктің бір түрін айтады. 2) Акционерлік меншік – бұл акцияларды сату нәтижесінде қалыптасатын меншік.
Мемлекеттік меншік – бұл субъектісі мемлекет болып табыла-тын меншіктің түрі. Меншіктің бұл түрін басқаруды және оған билік етуді мемлекеттік билік органдары жүзеге асырады. Мемлекеттік меншіктің басты ерекшелігі болып оның бөліске түспейтіндігі ретінде саналуы табылады. 
Мемлекеттің меншіктің дамуы негізінен әміршіл-әкімшіл экономикалық жүйеде орын алады. Әдетте, оның үлесі меншік түрлерінің жалпы құрылымында 90%-ға дейін жетеді. Мәселен, бұрынғы КСРО-да мемлекеттік меншіктің үлесі 88%-дан асты. Алайда, нарықтық экономикасы дамыған елдерде мемлекеттік меншіктің үлесі 5%-дан 30%-ға дейін ауытқып отырады. 
Экономикада мемлекеттік меншіктің басым болуы нақты өмірде жағымсыз жайттарға алып келуі мүмкін: мемлекеттік монополиялар-дың пайда болуы, мемлекеттік өндірушінің тұтынушыға деген үстемдігінің орын алуы, арзан тауарлар түрлерінің жойылып кетуі, тауар тапшылығының пайда болуы, сұраныстың қанағаттандырыл-мауы. Осыдан барып мынадай тұжырым жасалады, яғни бұл жерде мемлекеттік меншікті жою емес, оның монополиялық үстемдігін жою туралы әңгіме қозғау керек.

3.3 Қазақстандағы мемлекет иелігінен алу және жекешелендіру бағыттары

    КСРО ыдырағаннан кейін Қазақстан Республикасының әміршіл-әкімшіл жүйеден нарықтық экономикалық жүйеге көшуі меншік қатынастарын өзгертудің заңды қажеттілігін туындатты. Бұл үдеріс мемлекет иелігінен алу мен жекешелендіру арқылы жүзеге асырылды. Қазақстанда мемлекеттік меншікті мемлекет иелігінен алу мен жекешелендіру үдерісінің басталуы – мемлекеттік меншіктің үлесін азайтуға, оның монополиялық үстемдігін жоюға бағытталады.
    Мемлекет иелігінен алу – бұл мемлекеттік кәсіпорындарды тікелей шаруашылық жүргізуші субъектілерге шаруашылық жүргізу және оларға сәйкес өкілеттіліктерді беру арқылы түрлендіру.
Жекешелендіру – бұл заңды және жеке тұлғалардың мемлекеттен мемлекеттік меншік объектілерін, сонымен қатар мемлекеттік кәсіпорындар мен ұйымдардың өзгертілуі арқылы құрылған акционерлік қоғамдардың акциялар үлесін алуы.
Жекешелендіру экономиканы қайта құрудың аса маңызды элементі болып табылады. Өйткені, жекешелендірудің бірқатар артықшылықтары бар:
1. Микроэкономикалық артықшылықтары:
- капиталды инвестициялау;
- өзіндік құнды төмендету және тиімділікті көтеру;
- жаңа басшылық;
- жаңа технологиялар.
2. Макроэкономикалық артықшылықтары:
- бәсекелестіктің күшеюі;
- қаржылық тұрақтылық;
- капитал нарығының дамуы;
- әлеуметтік бағдарламалар;
- тікелей шетел инвестицияларын тарту.
3. Шетелдік инвесторлар үшін пайдалы болуы:
- жаңа нарықтар;
- тәуекелдің төмендеуі;
- нарыққа кірудегі ең төменгі тосқауылдардың болуы;
- тұтынушылар үшін пайдалылығы.
Жекешелендірудің түрлері:
1. Кіші жекешелендіру – жұмысшылар саны 200 адамға дейінгі мемлекеттік меншіктің шағын объектілерін жекешелендіру.
2. Жаппай жекешелендіру – жұмысшылар саны 200 адамнан асатын орта кәсіпорындарды жекешелендіру. Басқаша, бұл купондық жекешелендіру деп аталады.
3. Жеке жобалар жекешелендіру – жұмысшылар саны 5000 адамнан асатын ірі және стратегиялық маңызы бар мемлекеттік меншік объектілерін жекешелендіру.
4. Жекеше жекешелендіру – мемлекеттік меншік объектілерін жекелеген бөліктерге бөліп жекешелендіру.
5. Қарапайым кездейсоқ жекешелендіру – мемлекет тарапы-нан бақылау орын алмайтын жекешелендірудің түрі.
Әлемдік тәжірибеде жекешелендірудің алғашқы үш түрі аса кең тараған деп жиі айтылады.
Жекешелендірудің әдістері:
1. Аукциондар, бұлар конкурстар жариялау арқылы қандай да бір мүлікті сату және сатып алу тәсілдерін қарастырады. Бұл жерде үміткерлер қатысатын ашық сауда коммерциялық конкурс арқылы жүргізіледі. Коммерциялық конкурс – максималды бағасы ұсынылып, сатып алушы қойылған шартты толық орындауға келіскен жағдайда мемлекеттік меншік объектілерін сату.
2. Акцияларды сату, яғни кәсіпорын капиталындағы үлестерді сату. Бұл жерде тендерлер жарияланып, үміткерлер қатысатын жабық сауда инвестициялық конкурс арқылы жүргізіледі. Инвестициялық конкурс – коммерциялық конкурсқа ұқсас, бірақ жеңіс өлшемдері жекешелендіру объектісінің инвестиция мерзімі мен мөлшері болып табылатын сауда-саттық.
3. Жалға берілген кәсіпорындардың мүлкін сатып алу. Бұл жерде кәсіпорындарды сату аукциондар арқылы ашық сауда тәсілдерімен жүргізіледі және сатып алушыға максималды баға қоюдың талабы ұсынылады.
Қазақстанда кең көлемді жекешелендіру 1991 жылы басталды. Бұл үдерістің негізгі бағыттары үш кезеңнен өтті. Үкіметтің бағдарламалары бойынша 31 мың кәсіпорынды мемлекетсіздендіру және жекешелендіру жоспарланды.
1991-1992 жылдарға арналған мемлекетсіздендіру мен жекешелендірудің алғашқы ұлттық бағдарламасы мемлекеттік меншікті басқа нысандарға айналдыруды, азаматтардың мемлекеттік кәсіпорындардың мүліктерін (акцияларын) сатып алуды мақсат етіп қойды. 
1993-1995 жылдарға арналған екінші ұлттық бағдарлама кіші, жаппай және жеке жобалар бойынша жекешелендірудің түрлерін қарастырып, нарықтық экономикаға көшуге жағдай жасауды мақсат етті.
1996-1998 жылдарға арналған үшінші ұлттық бағдарлама негізінен жекешелендіру үдерісін аяқтау арқылы экономикада жеке сектордың басымдылығына қол жеткізіп, оны бекітуді мақсат етті. 
Бірінші кезең. Кіші жекешелендіру 1991-1992 жылдары жүргізілді. Бұл кезеңде сауда, қызмет көрсету аясындағы кіші және орта кәсіпорындардың 50%-ы жекешелендірілді. Мемлекеттік меншіктің мөлшері мен құрамын белгілеу, меншік құқығын беру тетіктерін әзірлеу шаралары жүзеге асырылды.           
Екінші кезең. Үлкен және жаппай жекешелендіру 1993-1996 жылдары жүргізілді. Бұл кезеңде орта және ірі кәсіпорындар жекешелендірілді. Бұл кезең кіші жекешелендіру бағдарламасының аяқталуын, жаппай жекешелендіру және жеке жобалар бойынша жекешелендіруді белсенді іске қосуды көздеді. Бұл жерде жаппай жекешелендірудің мынадай артықшылықтарын көрсетуге болады, біріншіден, жаңа жұмыс орындарын құру есебінен жұмысбастылықты көтеруге жағдайлар туындайды, екіншіден, жаппай жекешелендіру шаралары үлкен мемлекеттік шығындарды талап етпейді. Сонымен қатар, жаппай жекешелендіру мемлекеттің халыққа ұлттық мүлікті қайтару шарасын мақсат тұтып, кәсіпорындарды кең көлемде қайта құрылымдауды, оларды басқаруды жетілдіруді және қаражаттардың қосымша көздерін қамтамасыз етуді қарастырады. Республиканың жұмысқа жарамды халқының 17%-ның тағдыры жаппай жекешелендірудің нәтижелеріне тәуелді болып табылды.
Үшінші кезең. Жеке жобалар бойынша 1997-2000 жылдары жүргізілген жекешелендіру жекешелендірудің аяқталу кезеңі деп аталады. Күтілген оң нәтижелері: экономикалық тиімділіктің өсуі, кәсіпорындарды басқаруды жетілдіру, жекешелендірілген кәсіпорындардың және олардың өндірген тауарларының бәсекелік қабілеттілігін көтеру.
      

Әдебиеттер тізімі

1.    С. Әкімбеков, А.С. Баймұхаметова, У.А. Жанайдаров. Экономикалық теория. Оқу құралы. Жалпы редакция С. Әкімбековтікі. – Астана: 2002. - 464 б. 
2.    Жалпы экономикалық теория. Оқулық. Ө.Қ. Шеденов, Е.Н. Сағындықов, Б.А. Жүнісов, Ү.С. Байжомартов, Б.И. Комягин. /Жалпы редакциясын басқарған Ө.Қ. Шеденов – Ақтөбе, «А-Полиграфия», 2004 – 455 бет. 
3.    Я. Әубәкіров, К. Нәрібаев, М. Есқалиев, Е. Жатқанбаев, т.б. Экономикалық теория негіздері. Оқулық. – Алматы, «Санат», 1998. – 479 бет. 
4.    Ғабит Ж.Х. Экономикалық теория: оқу-әдістемелік кешен. – Астана: 2006., 248 б. 
5.    Нарматов С.Р., Нарматова А.С. Экономикалық теория. Лекциялар курсы. (Оқу құралы). – Алматы: «Эверо», 2009. – 516 бет.
6.    Курс экономической теории: учебник – 5-е исправленное, дополненное и переработанное издание/ Под общ. ред. Чепурина М.Н. и Киселевой Е.А. – Киров: «АСА», 2006 – 832 с. 
7.    Сажина М.А., Чибриков Г.Г. Экономическая теория: Учебник для вузов. – 2-е изд., перераб. и доп. – М.: Норма, 2005. – 672 . 
8.    Крымова В. Экономикалық теория: Кестелі оқу құралы. Алматы: Аркаим, 2009. – 196 б. 
9.    Женсхан Д.Ж. Экономикалық теория. Экономикалық емес мамандықтарға арналған қысқаша курс. Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ., 2008. – 147 б.
10.    Шеденов Ө.Қ. Экономикалық ілімдер тарихы: оқулық. - Ақтөбе: А - Полиграфия, 2006. – 316 б.
11.    ҚР-ның Президенті Н.Ә. Назарбаевтың халыққа Жолдауы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты», 2012 ж. 28 қаңтар.
12.    ҚР-ның Президенті Н.Ә. Назарбаевтың халыққа Жолдауы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз», 2011 ж. 28 қаңтар.
13.    ҚР-ның Президенті Н.Ә. Назарбаевтың халыққа Жолдауы «Жаңа онжылдық – Жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері», 2010 ж. 30 қаңтар.
14.    ҚР-ның Президенті Н.Ә. Назарбаевтың халыққа Жолдауы «Дағдарыстан жаңару мен дамуға». 2009 ж. 7 наурыз.
15.    Н.Ә. Назарбаев. Қазақстан - 2030: «Ел Президентінің Қазақстан халқына жолдауы», Алматы – 1998 ж.


Похожие материалы

Рахмет ретінде астында тұрған жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!

Категория: Экономика | Добавил: Admin
Просмотров: 6330 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]