Приветствую Вас Гость • Регистрация • Вход • RSS
Пятница, 9.12.2016
Главная » Файлы » Қазақша рефераттар » Экономика [ Добавить материал ]

Экономиканың циклдік дамуы және экономикалық өсу


Оқушылар,студенттер,мұғалімдер,сайт қолданушылары өз материалыңызбен бөліссеңіз қуанышты болатын едік!

21.01.2015, 22:43

Экономиканың циклдік дамуы және экономикалық өсу

Мақсаты: экономиканың ауытқымалы кезеңмен дамып отыруын талдау және экономикалық өсудің факторлары мен ерекшеліктерін түсіндіру, сонымен қатар, Қазақстандағы экономикалық өсу моделін сипаттау.

Талқылау сұрақтары:
12.1 Циклдік толқулардың мәні мен себептері, фазалары мен түрлері
12.2 Экономикалық өсу: түсінігі, түрлері, факторлары, негізгі үлгілері

    Негізгі ұғымдар: экономикалық цикл, жандану, өрлеу, дағдарыс, тоқырау, қысқа мерзімді толқындар, орта мерзімді толқындар, ұзақ мерзімді толқындар, экономикалық өсу, сұраныс факторлары, ұсыныс факторлары, бөлу факторлары, экстенсивті өсу, интенсивті өсу, аралас өсу, экономикалық өсудің үлгілері, т.б.     

12.1 Циклдік толқулардың мәні мен себептері, фазалары мен түрлері

Қазіргі экономикалық даму ұзақ мерзімдік динамика ретінде тұрақты түрде өсу үрдісімен көрініп отырады. Алайда қысқа мерзімде сол экономикалық дамудың жағдайлары үнемі көтерілу мен төмендеу толқындарымен сипатталады. Олай болса экономикалық даму бірқа-лыпты болмайды. Макроэкономикалық динамиканың толқушылық сипаттағы заңдылықтары экономикалық (іскерлік) цикл мәселесі ретінде қарастырылады. 
Экономикалық (іскерлік) цикл – бұл макроэкономикалық тұрақсыздықтың белгісі ретінде нақты ЖІӨ-нің экономикалық белсенділік деңгейінің үнемі толқып және ауытқып отыруы. Немесе, экономикалық дамудың жоғарылау кезеңдерінің құлдырау кезеңдері-мен ауысып отыруын, сондай-ақ, экономиканың бір фазадан екінші бір фазаға өту аралығын (құлдырау фазасынан келесі бір құлдырау фазасына дейінгі аралық) айтамыз.
Экономикалық цикл теориясы экономикалық өсу теориясымен қатар макроэкономикалық динамика теориялары ретінде қарастыры-лып, экономикалық жүйенің қозғалыстарын сипаттайды. Циклдің теориялары экономикалық белсенділіктің белгілі бір уақыт аралығындағы кезеңдік ауытқулары мен толқуларын, тұрақсыздық-тың себептерін талдайды, ал экономикалық өсу теориялары экономиканың ұзақ мерзімдік тенденция ретіндегі тұрақты өзгерісте-рінің факторлары мен шарттарын зерттейді. Оны төмендегі суреттен көруге болады.

           Іскерлік
     белсенділік
            деңгейі,
        ЖІӨ
    шың    құлдырау    тірілу
    түп
                                     көтерілу
    шың
    құлдырау    тірілу
        түп         
                    тоқырау        цикл            
уақыт   t
Сурет 12.1 Экономикалық (іскерлік) цикл
Суреттен көріп отыранымыздай, түзу сызық тренд ретінде сипатталады, яғни тренд дегеніміз – бұл ұлғаймалы тенденция фор-масында көрінетін экономикалық дамудың жалпы тұрақты ұзақ мерзімдік бағыттылығы. Толқын тәріздес қисық дамудың біркелкі еместігін сипаттайды, қоғамның экономикалық даму кезеңінің құлдырау кезеңдерімен жалғасып отыруын көрсетеді. Көтерілу мен құлдыраудың өзара тізбектеліп қайталанып отыруы экономика-лық дамуға үнемі тұрақсыздықты байқататын циклдік сипат беріп отырады. Сонымен, экономикалық цикл экономикалық белсенділіктің немесе ЖІӨ қарқынының өзара екі бірдей жағдайының (бір құлдыраудан келесі бір құлдырауға дейін) арасындағы уақыт аралығын қарастырады.
Экономикалық жағдаят – бұл экономиканың бірқалыпты, әрі өспелі тепе-теңдіктік дамуын сипаттайтын жиынтық макроэконо-микалық көрсеткіштердің өзгеру бағыты мен дәрежесі.
Экономикалық цикл, экономикалық дағдарыстар мен макроэко-номикалық тұрақсыздық мәселелеріне алғаш рет аса дәйекті түрде көңіл аудара бастаған Карл Маркс болды. Ол экономикалық циклдің 4 фазасын бөліп көрсетті.
Экономикалық циклдің фазалары: 
а) құлдырау (төмендеу, рецессия) фазасы экономикалық даму параметр-лерінің тез нашарлауымен сипатталады: өндіріс көлемінің тез қысқаруы, табыстардың тез қысқаруы, жұмысбастылықтың қысқаруы, инвестициялардың қысқаруы, бағалардың құлауы, өндір-гіш күштердің біртіндеп бұзылуы (өндірістік қуаттардың істен шығуы, жұмыссыздықтың өсуі, жаппай банкроттық, негізгі капитал-дың құнсыздануы);  
ә) тоқырау (түп, стагнация) фазасы құлдыраудың ең төменгі нүктесі ретінде сипатталады: жаппай жұмыссыздық, жалақының ең төменгі деңгейі, пайыз мөлшерлемесінің ең төменгі деңгейі, тауарлық қорлардың қысқаруы, өндірістің тұрып қалуы, бағалар төмендеуінің тоқтатылуы; 
б) жандану (тірілу), немесе қалпына келу фазасы негізгі капиталдың жаппай жаңартылуы, жұмыссыдықтың қысқаруы, жалақының өсуі, бағалардың өсуі, пайыз мөлшерлемелерінің өсуі, тұтыну заттарына деген сұраныстың артуы сияқты көрсеткіштермен сипатталады; 
в) өрлеу (шың) фазасы экономикалық өсу қарқынының жоғарылауы, өндіріс көлемінің айтарлықтай ұлғаюы, инвестиция-лардың артуы, бағалы қағаздар бағамдарының өсуі, пайданың, жалақының, бағалардың, пайыз мөлшерлемелерінің артуы сияқты көрсеткіштермен сипатталады.
Қазіргі заманғы батыстық экономикалық теория экономикалық циклдің агрегатталған екі фазасын ғана қолданады: рецессия және көтерілу. Рецессия деп дағдарыс және құлдырау түсіндіріледі. Ал көтерілу – бұл тірілу және шың.
Экономикалық циклдің типтері. Экономикалық циклдің түрлерін ажыратудың объективті негіздері мыналар бола алады:
а) капиталдың жекелеген бөліктерінің жаңарып отыру кезеңділігі;
ә) негізгі капитал элементтерінің үнемі жаңарып отыруын сипаттайтын өзгерістер;
б) демографиялық үрдістермен және ауыл шаруашылығының дамуымен шартталатын өзгерістер.
Экономикалық циклдің негізгі типтері төмендегі кестеде берілген.

Кесте 12.1 Экономикалық циклдің типтері
№    Циклдің типтері    Ұзақтылығы    Басты ерекшеліктері мен себептері
1    Дж. Китчин циклдері (қорлар циклдері)    2-4 жыл    Тауардың өмір сүру циклімен, әлемдік алтын қорларының өзгеруімен байланысты орын алатын қысқа мерзімдік толқулар. 
2    К. Жугляр циклдері (инвестициялық немесе бизнес циклдер)    7-12 жыл    Банктердің әрекеттерінен туындайтын ақша-несие факторларының өзгеруінен негізгі капиталдың кезеңділікпен жаңаруына байланысты орын алатын орта мерзімдік толқулар
3    К. Маркс циклдері    10 жыл    Негізгі капиталдың жаппай жаңаруымен байланысты орын алатын орта мерзімдік ауытқулар
4    С. Кузнец циклдері (құрылыс циклдері)    15-25 жыл    Тұрғын үйлер құрылысын және бірқатар өндірістік ғимараттардың түрлерін жаппай жаңартумен байланысты орын алатын ұзақ мерзімдік толқулар
5    Н. Кондратьев циклдері («Ұзын толқындар»)    40-60 жыл    Ғылыми-техникалық прогресстің дамуымен, экономикадағы құрылымдық алға жылжулар мен өзгерістерге байланысты орын алатын ұзақ мерзімдік толқындар
6    Форрестерлік циклдер    100 жыл    Жаңа энергиялар мен материалдардың пайда болуымен, шикізат көздерін жаңадан ашумен байланысты қоғамның жаңа сатыларға өтуімен сипатталатын өзгерістер 
7    Тоффлерлік циклдер    Мыңжылдықтар    Өркениеттік дамулардың ұласуы

Қазіргі уақытта бірқатар экономистер циклдің қаржылық, аграрлық, энергетикалық, шикізаттық, экологиялық, саяси деген түрлерін бөліп көрсетеді.
Экономикалық циклдердің себептері. Экономикалық циклдің пайда болу себептері туралы ортақ жалпы мойындалған пікірлер мен теориялар жоқ, сондықтан әртүрлі экономикалық бағыттың өкілдері экономикалық цикл туралы көзқарастарын әртүрлі түсіндіреді. 
С. Джевонс пен А. Чижевский циклдің себептерін Күн бетіндегі дақтардың адамдарға әсер етуімен түсіндіреді. В. Парето мен А. Пигу циклдің себептерін адамдардың экономикалық қызметтеріндегі оптимистік және пессимистік қатынастарға байланысты деп айтады. Т. Мальтус пен Ж. Сисмонди циклдің себептерін өндірілетін табысқа қарағанда тұтынылатын табыстың жетіспеушілігімен байланыс-тырады. М. Туган-Барановский мен А. Шпитгоф оларды өндіріс құрал-жабдықтары өндірісінің тұтыну заттары өндірісінен артып кетуінен деп тұжырымдайды. Э. Хансен мен Р. Хоутри циклдерді банктік несиелерді экспансиялаудан және шектеуден, есептік мөлшерлеменің қозғалысынан орын алатынын алға тартады. Дж. Кейнс циклдерді жинақтардың артып кетуімен және инвестиция-лардың жетіспеушілігімен байланыстырады. Ал К. Маркс болса циклдің пайда болу себептерін капитализмнің негізгі қайшылық-тарынан іздейді. 
Экономикалық циклдің факторлары. Экономикалық циклдің факторларын анықтау үшін үш әдісна-малық бағыт қалыптасады. Біріншісі, сыртқы (экзогендік) факторлармен байланысты туындайтын экономикалық циклдер. Екіншісі, ішкі (эндогендік) факторлармен байланысты туындайтын экономикалық циклдер. Үшіншісі, сыртқы және ішкі факторлардың синтезі ретінде анықталады. 
Сыртқы (экзогендік) факторлар – берілген экономикалық жүйенің шеңберінен тыс жатқан факторлар. Оларға жататындар: халықтың өсу қарқыны, халықтың миграциясы, ғылыми ашылымдар мен техникалық жетістіктер, соғыстар, әртүрлі саяси оқиғалар, мұнайға деген бағаның күрт өзгеруі, ірі кен (әсіресе, алтын) орындарының ашылуы, жаңа жерлер мен табиғи ресурстардың игерілуі, Күн бетіндегі дақтар, ауа-райы әсерлері мен табиғи апаттар, т.б.
Ішкі (эндогендік) факторлар – берілген экономикалық жүйеге қатысты факторлар. Оларға әдетте тұтыну мен инвестицияны жатқызады. Сондықтанда, бұл бағытта экономикалық циклдің мәселелері сұраныс теориясы, мультипликатор-акселератор механиз-мі арқылы зерттеледі. 
Көптеген экономистердің көзқарастары бойынша сыртқы факторлар экономикалық циклдердің бастапқы импульстеріне дем беріп отырады, ал ішкі факторлар осы импульстерді фазалық толқуларға айналдырып отырады. Сол себепті ішкі факторларды сипаттайтын бағыт аса көкейкесті болып табылады. Экономикалық циклдердің пайда болуында шешуші рөлді тұтынушылық сұраныс пен инвестициялық сұраныс ойнайды. Тұтынушылық сұраныс цикл-дердің өзгерісіне салыстырмалы баяу әсер етсе, ал инвестициялық сұраныс экономикалық циклдердің басты қозғаушы күші болып табылады.
Макроэкономикалық тұрақсыздық жағдайларында экономика-лық циклді реттеу үшін мемлекеттің экономикаға араласуының әдістері алуан түрлі болып табылады және олар әр кезеңде шыңдалып жетілдіріле түседі. Мемлекеттің экономиканың циклдік дамуын тұрақтандыру бойынша саясатын төмендегі кестеден көруге болады (кесте 12.2). Бұл жерде мемлекеттің макроэкономикалық саясат құралдары циклдік толқуларды жұмсарту мақсатында экономиканың тұрақтандыру саясатына айналады. 
Экономиканы тұрақтандыру саясаты – бұл инфляция мен жұмыссыздық деңгейлерінің циклдік толқуларын қысқартуға және экономикалық өсу үшін қолайлы экономикалық жағдаятты жасауға бағытталған, сонымен қатар, өндіріс көлемі мен жұмысбастылықты қалыпты деңгейінде ұстап тұруға негізделген мемлекеттің экономика-лық саясатының кешенді іс-шаралары.

Кесте 11.2 Мемлекеттің экономиканы тұрақтандыру саясаты
Экономиканы тұрақтандыру саясатының құралдары    Дағдарыс кезеңдерінде    Өрлеу кезеңдерінде
Бюджет-салық саясаты    Бюджет шығындарын арттыру, салық ставкаларын төмендету    Бюджет шығындарын қысқарту, салық ставкаларын жоғарылату
Ақша-несие саясаты    Есептік ставканы төмендету, ашық нарықта мемлекеттік бағалы қағаздарды сатып алу, міндетті резервтер нормасын төмендету    Есептік ставканы көтеру, ашық нарықта мемлекеттік бағалы қағаздарды сату, міндетті резервтер нормасын көтеру
Табыстар саясаты    Жалақыны арттыру    Жалақыны қысқарту
Инвестициялық саясат    Инвестициялық жобалардың іске асуын тездету, мемлекеттік қолдау көрсету    Мемлекеттік қолдауды және инвестиция салуды тежеу
Мақсаты:    Экономикалық белсенділікті ынталандыру    Экономикалық белсенділікті тежеу

Қазақстан Республикасының экономиканы тұрақтандыру (дағдарысқа қарсы)  саясаты. 
2007 жылдың тамыз айынан орын алған әлемдік қаржылық-экономикалық дағдарыс қазіргі жаһандану үдерістерінің тереңдеуі қарсаңында көптеген мемлекеттерді әуре сарсаңға салғаны белгілі. Осы дағдарыс әлем елдерін оның себептерін жою бойынша тиімді жолдар мен әдістерді іздеуге мәжбүр етті. Жаңа құбылыстар жағдайында осының бәрі тұрақтылық пен бәсекеге қабілеттілікті көтеру мақсатында ұлттық экономикалардың жандану стратегия-ларын қайта түзетуге және өз кезегінде, экономикалық саясатты жетілдіре түсуге итермеледі. Әлем елдерінің дағдарысты еңсеру бойынша қабылдаған аса маңызды іс-шараларын төмендегідей топ-тастыруға болады:
    ұлттандыру жолымен немесе мемлекет тарапынан қажылық көмек ұсыну арқылы ірі жүйе құраушы коммерциялық банктерді құтқару;
    арнайы дағдарысқа қарсы бағдарламаны әзірлеу және оны жүзеге асыру үшін қаржылық қор құру;
    қаржы жүйесін реттеуде мемлекеттің рөлін күшейту бойынша шаралар;
    ел үшін әлеуметтік-экономикалық маңызы бар нақты сектордағы ірі компанияларды тікелей қаржылық қолдау;
    бизнестің салық ауыртпашылықтарын төмендету;
    жұмыссыздықпен күрес және табысы төмен отбасыларды әлеуметтік қолдау бойынша шаралар.
    Жалпы алғанда, 2010 жылға дейін созылған әлемдік қаржылық-экономикалық дағдарысты еңсеру және қаржылық тұрақтылықты қолдау үшін әлемде жалпы ішкі өнім көлемінің шамамен 10-15%-ы немесе 10 трлн. доллардан астам қаржы жұмсалды. Ал Қазақстанда дағдарысқа қарсы іс-шаралардың жалпы сомасы 14 млрд. доллардан асып кетті.
    Әлемдік қаржылық-экономикалық дағдарыстың басында Қазақстанның коммерциялық банктері сыртқы көздерден 45 млрд. доллар көлемінде қаражатты қарызға алып үлгерген еді, сондықтанда дағдарыс басталғаннан кейін Қазақстанның банктік секторында жағдай күрт төмендеді: сыртқы көздерден арзан несие алу тиылды, қарыз құралдарының бағасы өсті, бұрынғы қарыздарды жабуда және экономиканың нақты секторын несиелеуде қиыншылықтар туында-ды. Банктердің банкроттыққа ұшырау қаупі күшейді.
    Осындай жағдайдарда еліміздің билік басындағылары қалыптас-қан жағдаятты дер кезінде нақты бағалай алып ел экономикасын дағдарыстан шығарудың дұрыс шешімдерін қабылдай білді. Қазақстан ТМД елдерінің арасынан бірінші болып ҚР-сы Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен ҚР-сы Үкіметі, ҚР-сы Ұлттық Банкі және Қаржылық қадағалау Агенттігі бірігіп «Батыл бес қадам» деп аталатын 2009-2010 жылдарға арналған экономиканы және қаржылық жүйені тұрақтандыру бойынша бірлескен іс-қимыл Жоспарын әзірледі.
    Осы құжатқа сәйкес, ең алдымен, жүйе құраушы банктерге қолдау көрсетіліп 4 млрд. доллар қаржы бөлінді, бұл олардың өтімділігін көтеруге және нақты жобаларды қаржыландыруға мүмкін-дік берді. Банктік секторды қолдаудан басқа, ауыл шаруашылығына 1 млрд. доллар, шағын және орта бизнесті қолдауға 1 млрд. доллар, серпінді индустриялық-инновациялық жобаларды іске асыруға 1 млрд. доллар және жылжымайтын мүлік нарығындағы тұрғын үй мәселелерін шешуге 3 млрд. доллар бөлінді.
    Тұтастай, мемлекеттің антикризистік саясатын іске асыруға бағытталған көлемді қаржы 2,2 трлн. теңгені немесе елдің жалпы ішкі өнімінің 14%-дан астамын құрады. Сөйтіп, осы бірлескен іс-қимыл Жоспарын жүзеге асырудың нәтижесінде 2009 жылы нақты жалпы ішкі өнімнің өсуі қалпына келе бастады. 2010 жылы антикризистік бағдарламаларды орындау әріқарай жалғасып, Үкіметтің күшімен БТА банктің және Альянс банктің қарыздарын қайта құрылымдау жүргізілді және сол арқылы экономикалық құлдырауды жұмсарту және экономиканы посткризистік даму жолына салу міндеттері алға қойылды. Сондай-ақ, «Бизнестің жол картасы» бағдарламасына сәйкес, жаңа жұмыс орындары ашылды, жұмыссыздық қысқарды, қосымша өндіріс қуаттары іске қосылды, басымдықты жобалар белсенді қаржыландырылды, шағын және орта бизнестің жұмысы жандана түсті және олардың құрылымы өзгерді. 2010 жылдың қаңтарынан қабылданған экономиканың үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының Мемлекеттік бағдарламасы сәтті орында-лып келеді және осының аясында жаңадан ішкі және сыртқы нарықтар игерілу үстінде, атап айтсақ, мұнай мен газ, металл, бидай өнімдерін экспорттаудың қытайлық бағыттылығы, ислам елдерінен, Оңтүстік Кореядан, Қытайдан және басқа да елдерден тікелей инвестициялар тарту.
    Қазіргі жүргізіліп отырған іс-шаралар өз жемісін беруде: нақты ЖІӨ 7%-ға өсті, жұмыссыздық деңгейі 5,5%-ға қысқарды, инфляция қарқыны 7,8%-ды құрады, нақты жалақы 7,5%-ға өсті, банктердегі депозиттердің жалпы сомасы 13,7%-ға өсіп 6,8 трлн. теңгені құрады, банктердің жиынтық активтері де 4,2%-ға өсіп 12,0 трлн. теңгені құрады, валюталық активтерді қоса есептегенде Ұлттық қордағы қаражаттың көлемі 59 млрд. долларға тең болды, Ұлттық Банктің алтын валюталық активтері 22,5%-ға ұлғайып 28,3 млрд. доллар болды.
    Қазіргі уақытта, Қазақстанның антикризистік және посткризис-тік жетістіктері халықаралық аренада мойындалып отыр. 

12.2 Экономикалық өсу: түсінігі, түрлері, факторлары, негізгі үлгілері

Экономикалық өсу кез-келген елдің экономикалық өмірінің аса маңызды мәселесі болып табылады. Алдымен, «экономикалық өсу» мен «экономикалық даму» ұғымдарын ажырата білу қажет. Экономикалық даму экономиканың өсуімен қатар экономиканың құлдырау үрдістерін де өзіне жатқызатын аса кең мағыналы ұғым болып табылады.
Экономикалық өсу қандай да бір елдің ұлттық экономикасын-да белгілі бір уақыт аралығында өндірілген тауарлар мен көрсетілген қызметтер көлемінің өсуін сипаттайтын сол елдің экономикалық әлеуетінің ұлғаюын көрсетеді. 
Экономикалық өсу - ұлттық өнімнің сан жағынан өсуімен қатар сапа жағынан жетілдірілуі; өндіргіш күштердің ұзақ мерзімді дамуымен байланысты өндірістің нақты көлемінің табиғи дәрежесінің ұзақ мерзімдегі өзгерістерін атайды. 
Экономикалық өсудің негізгі мақсаты – бұл халықтың әл-ауқатын материалдық тұрғыдан көтеру, ұлттық қауіпсіздікті қамтама-сыз ету, шығарылған тауарлар мен көрсетілген қызметтердің сапасын жақсарту, орта есеппен бір адамға шаққандағы табыстың өсуін шапшаңдату, сонымен қатар, ұлттық табыстың халықтың әр топтары арасында бөлінуін жақсарту. 
Қазіргі уақытта, Қазақстан да экономикалық өсудің осындай мақсатын көздей отырып, сапалы экономикалық өсуге жету үшін бірқатар міндеттерді орындауды алға тартады. 
Экономикалық өсудің міндеттері:
1.    Посткризистік даму жағдайында мемлекеттің экономикаға араласу саясатын оңтайлы үйлесімділікпен жүргізу.
2.    Экономикалық өсуге негізделген өңдеуші өнеркәсіп салалары-на шетел инвестицияларын көптеп тарту және тиімді инвести-циялық саясатты жүзеге асыру.
3.    2011-2014 және 2020 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық Стратегияны жүзеге асыру;
4.    Отандық кәсіпкерліктің өнімділігін арттыру және «Өнімділік – 2020» бағдарламасын орындау.
5.    Отандық өндіріс салаларының бәсекелік қабілеттілігін көтеру және өндірісті әртараптандыру.
    Алдағы уақытта, еліміз экономикалық өсудің осы және басқа да міндеттерін орындау арқылы экономикалық өсудің тиімділігі мен сапасына маңызды түрде көңіл бөледі. Демек, экономикалық өсудің тиімділігі мен экономикалық өсудің сапасы кез-келген ұлттық экономиканың әлеуметтік-экономикалық даму деңгейін бағалайды.
    Экономикалық өсудің тиімділігі – бұл тауарлар мен қызмет-тердің сапасын жақсарту, олардың бәсекелік қабілеттілігін көтеру, өнімнің жаңа түрлерін жасау, өндірістің мамандандырылуын терең-дету, инновациялар мен жаңа технологияларды игеру сияқты эконо-микалық қызметтің әртүрлі бағыттарын қамтитын кең мағыналы ұғым.
    Экономикалық өсудің сапасы – бұл халықтың материалдық жағдайларын жақсарту, әлеуметтік инфрақұрылым салаларының даму деңгейін арттыру, адам капиталына инвестиция құюды күшейту, адамдардың өмір сүру деңгейі мен еңбек жағдайларының қауіпсіз-дігін сақтау, толық жұмысбастылықты қамтамасыз ету және халықты әлеуметтік қорғауды күшейту сияқты маңызды көрсеткіштер арқылы сипатталатын ел экономикасының дамуының әлеуметтік бағыт-тылығы.
    Экономикалық өсудің қарқыны мен оның сапасы арасында белгілі бір өзара байланыс болады. Бірқатар жағдайларда, экономика-лық өсудің жоғары қарқыны сапаның өсуімен сәйкес жүрмеуі мүмкін немесе керісінше, экономиканың өсудің тым әлсіз қарқыны өмір сүру сапасының жақсаруына мүмкіндік беруі мүмкін. Сондықтанда, көптеген экономистер қазіргі уақытта, экономикалық өсудің тұрақтылығын көрсететін өсудің орташа қарқынын (жылына 2-3%) қамтамасыз ету әлдеқайда тиімдірек деп санайды. Олай болса, дамыған елдердегі экономикалық өсудің стандартты деңгейі орта есеппен жылына 2-3%-ды құрайды деген сөз. Бұл жерде осындай стандартты өсу жұмыссыздық пен инфляцияның қалыпты деңгейіне сәйкес келетін жұмыспен толық қамту деңгейімен ұштастырылуы тиіс. Бірақ, кез-келген экономикалық өсудің әрқашанда оң нәтижеге әкеле бермейтіндігін ұмытпағанымыз жөн, яғни теріс экономикалық өсу де болады. Экономикалық өсудің дағдарысы – бұл әлемдік тәжірибеде нақты жалпы ішкі өнім көлемінің қатарынан үш жыл бойы жалғасқан 9%-ға дерлік төмендеу көрсеткіші.
    Ал қазіргі дамыған нарықтық экономика жағдайында экономикалық өсудің шын мәніндегі көрінісін тепе-теңдіктік эконо-микалық өсу сипаттайды. 
    Тепе-теңдіктік (теңгерімді) экономикалық өсу – бұл белгілі бір уақыт аралығында бір-біріне тұрақты түрде теңесетін жиынтық сұраныс пен жиынтық ұсыныс көлемдерінің ұлғаюын көрсететін ұлттық экономиканың ұзақ мерзімдік дамуы. Жиынтық сұраныс пен жиынтық ұсыныстың теңгерімді өсуі нәтижесінде бағалардың тұрақ-ты деңгейін ұстап тұруға болады.
Қандай да бір елдің экономикалық өсуінің нәтижесін жалпы ішкі өнім, ұлттық табыс ретіндегі негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер сипаттайды. Олар белгілі бір уақытқа пайызбен өлше-неді.
Экономикалық өсуді өлшеудің тәсілдерін екіге бөлуге бола-ды:
1.    Нақты жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) өсуі. Бұл әдіс экономика мүмкіншілігінің молаю шапшандығын бағалау үшін қолданылады.
2.    Жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) бір адамға шаққандағы өсуі. Халықтың әл-ауқатының дамуын талдағанда, немесе елдер мен аймақтардағы тұрмыс дәрежесін салыстырғанда қолданылады.
Қоғамдық өндірістің типіне байланысты, өнімнің өсу шапшан-дығы мен өндіріс факторлары көлемі өзгерістерінің арасындағы сәйкестік әртүрлі болуы мүмкін, сондықтан экономикалық өсу де бірнеше типке бөлінеді.

Экономикалық өсу қарқыны – пайыздық көрсеткішпен әдетте бір жылға есептелетін нақты ЖІӨ-нің өсім қарқынының көрсеткіші. Бірақ, бұл көрсеткіш зерттелу сипатына қарай бір айға, кварталға, жартыжылдыққа, онжылдыққа, яғни уақыттың қандай да бір қолайлы кезеңіне сәйкес есептелуі мүмкін. Экономикалық өсуді өлшеудің мынадай негізгі көрсеткіштері бар:
1.    Өсу коэффициенті – бұл қарастырылып отырған ағымдық кезеңдегі өсу көрсеткішінің базистік кезеңдегі өсу көрсеткішіне қатынасы:
Yt = Yt - Yt -1 / Yt -1, немесе, ΔYt = Yt - Yt -1 
2.    Өсу қарқыны – 100%-ға көбейтілген өсу коэффициенті;
3.    Өсім қарқыны – өсу қарқыны минус 100%.
Экономикалық өсу жиынтық динамикалық көрсеткіш болып табылады және ұлттық экономиканың жағдайын белгілі бір уақыт аралығында жалпы сипаттайды. Алайда, жоғарыда аталып өткендей, экономикалық өсудің көрсеткіші әрқашанда оң шама бола бермейді. Көптеген статистикалық деректерден экономикалық өсудің нөлдік немесе теріс шамаларын да көруге болдаы. Мәселен, Қазақстанда 1991-1998 жылдар аралығында экономикалық өсудің оң нәтижелері байқалмады. Себебі, тәуелсіздік жылдары еліміз өтпелі экономика жағдайында нарықтық қатынастардың бірнеше кезеңінен өте отырып экономикалық жүйенің жаңа құрылымын жасаумен болды. Осы кезде, 1997 жылы қабылданған «Қазақстан-2030» Стратегиясы елдің экономикалық өсуіне мұрындық болды. Сөйтіп, 1999 жылдың екінші жартысында экономикалық өсу орын алды және 2,7%-ды құрады. Әріқарай, Қазақстанның экономикалық өсу қарқынын және жан басына шаққандағы ЖІӨ-ді төмендегі кестелерден көруге болады.

Кесте 12.3 Қазақстандағы экономикалық өсу қарқыны, 
2000-2011 жж.
Жылдар    Нақты ЖІӨ, пайыздық өсім    Жылдар    Нақты ЖІӨ, пайыздық өсім
2000    10,2    2006    9,5
2001    13,7    2007    7,7
2002    9,8    2008    2,0
2003    8,9    2009    -0,2
2004    8,8    2010    4,2
2005    8,7    2011     7,0
Дерек көзі: ҚР Статистика агенттігі, www.stat.kz
Кестеден көріп отырғанымыздай, 2000-2007 жылдар аралығында эконо-микалық өсу қарқыны орта есеппен 9,7%-ды құрады. Ал 2008-2010 жылдардағы отандық және әлемдік қаржылық-экономикалық дағдарыстың салдарынан өсу қарқыны нөлдік деңгейге дейін төмен-дегенімен, 2010 жылдан бастап Қазақстан посткризистік экономика-лық өсу қарқынын қалпына келтіре алды.
Дегенменде, нақты ЖІӨ көрсеткіші экономикалық өсудің қарқынын нақты өлшей алмауы және экономиканың жалпы жағдайын дұрыс анықтай алмауы мүмкін. Осы жерде экономиканың жағдайын аса нақты анықтай алатын басқа да көрсеткіш қолданыла алады – ол жан басына шаққандағы ЖІӨ. 
Жан басына шаққандағы ЖІӨ – елдер арасындағы экономи-калық өсуді және экономикалық жағдайларды салыстыру үшін қолданылатын өсуді нақты өлшей алатын әдіс.

Кесте 12.4 Қазақстандағы жан басына шаққандағы 
Жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) қарқыны, 1991-2010 жж.
Жылдар    Жан басына шаққандағы ЖІӨ, теңгемен1)    Жан басына шаққандағы ЖІӨ, доллармен2) 3)    Жылдар    Жан басына шаққандағы ЖІӨ, теңгемен    Жан басына шаққандағы ЖІӨ, доллармен
1991    5 234,0    -    2001    218 772,4    1 490,9
1992    74 072,8    -    2002    254 141,6    1 658,0
1993    1 796,2    696,2    2003    309 341,3    2 068,1
1994    26 227,9    735,9    2004    391 003,8    2 874,2
1995    64 123,3    1 052,1    2005    501 127,5    3 771,3
1996    90 880,0    1 350,4    2006    667 211,6    5 291,6
1997    109 045,2    1 445,5    2007    829 865,3    6 771,6
1998    115 001,7    1 468,7    2008    1 024 175,1    8 513,5
1999    135 075,4    1 130,1    2009    1 070 472,0    7 257,4
2000    174 682,0    1 229,0    2010    1 326 771,2    9 004,2
1) - 1990-1992 жылдары - рубль, 1993 жылдан бастап - теңге                
2) - АҚШ долларында жан басына шаққанда ЖІӨ есептеу 1993 жылдан бастап жүргізіліп келеді        
3)  - АҚШ долларына аудару барысында ҚР Ұлттық Банкінің деректері бойынша орташажылдық валюта бағамы қолданылады

Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың ел Үкіметіне жүктеген міндеттеріне сәйкес, 2011-2015 жылдар аралығында еліміздің эконо-микалық өсу қарқыны орташа есеппен 7%-ды құрап, жан басына шаққандағы ЖІӨ 15 мың АҚШ долларына жетуі тиіс. 
Кесте 12.5 2011-2015 жылдарға экономикалық өсу қарқынының болжамы
Жылдар    Нақты ЖІӨ, пайыздық өсім
2011    7,0
2012    6,9
2013    6,5
2014    7,1
2015    7,4
Дерек көзі: www.minplan.kz

Экономикалық өсудің екі түрін ажыратып көрсетеді:
1.    Нақты экономикалық өсу – бұл статистикалық органдардың кезеңділікпен жариялап отыратын ЖІӨ-нің немесе басқадай макро-экономикалық көрсеткіштердің жыл сайынғы шынайы түрде өсуі.
2.    Әлеуетті экономикалық өсу – бұл экономиканың белгілі бір жылдамдықпен немесе қарқынмен өсе алу мүмкіндігі мен дәрежесі. Бұл өсуді қамтамасыз ете алатын факторларға мыналар жатады:        а) еңбек, капитал және жер сияқты ресурстарды арттыру;                    ә) технологиялық прогресстің көмегімен, өндірістің ұйымдастыры-луын жақсарту немесе жұмыс күшінің біліктілігін арттыру есебінен осы ресурстарды пайдаланудың тиімділігін арттыру.
Экономикалық өсудің теориялық тұрғыдан негізгі үш типі бар:
1.    Интенсивті типі - техника мен технологияның жетілдірілуі арқылы ЖІӨ мен ұлттық табыстың сапа жағынан өсуі. Тиімді экономика экономикалық өсудің интенсивті типін қолдануға тырысады. Экономикалық өсудің интенсивтік факторлары:
    қолданылатын ресурстар сапасының өсуі (жұмыс күшінің сапасын өсіру және заттық капиталдың сапасын жақсарту);
    ресурстарды пайдалану әдістерін жақсарту (технологияны жетілдіру, өндірісті және өткізуді ұйымдастыру мен басқаруды жетілдіру).
2.    Экстенсивті типі – қосымша өндіріс факторларын тарту арқылы ЖІӨ мен ұлттық табыстың сан жағынан өсуі. Экономикалық өсудің экстенсивтік факторлары:
    жұмыс күші санының өсуі;
    капитал көлемінің өсуі.
3.    Аралас типі - факторлардың өсуімен қатар, техника мен технологияның  жетілдірілуі арқылы ЖІӨ мен ұлттық табыстың сапа жағынан да, сан жағынан да өсуі.
    Макроэкономикада экономикалық өсудің факторларын негізгі үш топқа бөліп қарастырады:
    1. Ұсыныс факторлары – адам ресурстарының болуы, табиғи ресурстар, негізгі капитал, технология деңгейі.
    2. Сұраныс факторлары – бағалар деңгейі, тұтыну шығында-ры, инвестициялық шығындар, мемлекеттік шығындар, таза экспорт көлемі.
    3. Бөлу факторлары – экономикалық айналымға тартылатын ресурстардың тиімділігі, ресурстардың өндіріс үрдісінде толық, әрі ұтымды түрде пайдаланылуы.
    Дегенмен, экономикалық өсуде маңызды рөлді ұсыныс факторлары ойнайды. Осының ішінде, еңбек және еңбек өнімділігін ерекше атап өтуге болады, яғни, еңбек экономикалық өсудің факторы ретінде еңбек өнімділігі көрсеткішімен анықталады. Еңбек өнімділігі – бұл бір жұмысшыға келетін өндірістің жалпы көлемі және ол мына қатынаспен анықталады: Y/L, мұнда Y-шығарылым көлемі, L-экономикадағы жұмыспен қамтылғандар саны немесе еңбектің істелген адам-сағат саны. Әртүрлі елдердің келтірген есептеулерінде еңбек өнімділігінің деңгейі неғұрлым жоғары болса, жан басына шаққандағы ЖІӨ деңгейі де соғұрлым жоғары болады деп саналады. 
    Жоғарыда аталып өткендей, экстенсивті экономикалық өсу кезінде белгілі бір уақытта, еңбек өнімділігінің шамасы өзгермейді, яғни, Y/L шамасы тұрақты болып қалады. Ал интенсивті эконо-микалық өсу кезінде ЖІӨ-нің өсу қарқыны жұмыспен қамтылғандар санының өсу қарқынына қарағанда тезірек болады, яғни еңбек өнім-ділігі артады.
    Еңбек өнімділігінің артуына технологиялық прогресс факторы аса маңызды түрде әсер етеді. Технологиялық прогресс – бұл өндірістік үрдісті ұйымдастырудың және басқарудың жаңа әдістері, жаңа ақпараттық технологиялар, өндірістік үрдісте қолданылатын ғылымның әртүрлі салаларындағы ашылымдар мен жаңалықтар және басқа да заманауи жетістіктер. Сонымен қатар, білім және адам капиталы сияқты ерекше факторға және оның экономикалық өсуге қосатын үлесіне де маңызды түрде көңіл бөлген жөн. 
    Адам капиталына инвестициялар – қазіргі заманғы экономи-калық өсудің аса маңызды факторы. Осындай инвестициялар әлеу-меттік-экономикалық құрылымның ҒТП-нің даму ырғағына үздіксіз ілесіп, әрі бейімделіп отыруына жағдайлар жасайды. Демек, бүгінгі күні сапалы білім алуға, денсаулық сақтауға, жұмыс орнында тәжі-рибе жинақтауға, инновацияларды енгізуге инвестиция салусыз, яғни адам капиталын дамытусыз экономикалық өсудің шынайылығына қол жеткізу мүмкін болмайды.
    Алайда, экономикалық өсудің теріс факторлары да болады. Экономикалық өсуді тежейтін факторларды экономикадағы әлеумет-тік өзгерістер деп атайды. Оларға әлеуметтік саланы мемлекеттік реттеу, қоршаған ортаны қорғау, денсаулық сақтау саласын шектен тыс мемлекеттік реттеу деген факторлар жатады. Мәселен, қоршаған ортаның ластануын бақылау бойынша мемлекеттік реттеуді күшейту қысқа мерзімде экономикалық өсу қарқынының бәсеңдеуіне алып келуі мүмкін. 
    Соңында, экономикалық өсудің институционалдық фактор-ларын да атап өткен жөн. Меншік құқығын мемлекеттік қорғау, қоғамдық тәртіпті орнату және қолдау, тәуелсіз сот сияқты институционалдық факторлар экономикалық өсуге оң әсер беріп еңбек өнімділігінің артуында ерекше рөл ойнайды. 
Бүгінгі күнге дейін ұзақ мерзімді тұрақты, әрі теңгерімді экономикалық өсудің нәтижелері туралы ортақ пікір жоқ. Сол себепті, әртүрлі макроэкономикалық мектеп өкілдерімен түсіндіріле-тін экономикалық өсудің үлгілері әртүлі алғышарттар мен болжам-дарға сүйенеді.
Экономикалық өсудің теорияларын көптеген экономистер дамытты. Соның ішінде, Дж.Кейнс, Ч.Кобб, П.Дуглас, Э.Денисон, С.Кузнец, Й.Шумпетер, Р.Харрод, Е.Домар, Р.Солоу, Э.Фелпс, П.Ромер, К.Эрроу, Г.Мэнкью, Д.Уэйл, Д.Ромер, Р.Лукас, Х.Юзава сияқты ғалымдар ерекше үлес қосты.

Әдебиеттер тізімі

1.    С. Әкімбеков, А.С. Баймұхаметова, У.А. Жанайдаров. Экономикалық теория. Оқу құралы. Жалпы редакция С. Әкімбековтікі. – Астана: 2002. - 464 б. 
2.    Жалпы экономикалық теория. Оқулық. Ө.Қ. Шеденов, Е.Н. Сағындықов, Б.А. Жүнісов, Ү.С. Байжомартов, Б.И. Комягин. /Жалпы редакциясын басқарған Ө.Қ. Шеденов – Ақтөбе, «А-Полиграфия», 2004 – 455 бет. 
3.    Я. Әубәкіров, К. Нәрібаев, М. Есқалиев, Е. Жатқанбаев, т.б. Экономикалық теория негіздері. Оқулық. – Алматы, «Санат», 1998. – 479 бет. 
4.    Ғабит Ж.Х. Экономикалық теория: оқу-әдістемелік кешен. – Астана: 2006., 248 б. 
5.    Нарматов С.Р., Нарматова А.С. Экономикалық теория. Лекциялар курсы. (Оқу құралы). – Алматы: «Эверо», 2009. – 516 бет.
6.    Курс экономической теории: учебник – 5-е исправленное, дополненное и переработанное издание/ Под общ. ред. Чепурина М.Н. и Киселевой Е.А. – Киров: «АСА», 2006 – 832 с. 
7.    Сажина М.А., Чибриков Г.Г. Экономическая теория: Учебник для вузов. – 2-е изд., перераб. и доп. – М.: Норма, 2005. – 672 . 
8.    Крымова В. Экономикалық теория: Кестелі оқу құралы. Алматы: Аркаим, 2009. – 196 б. 
9.    Женсхан Д.Ж. Экономикалық теория. Экономикалық емес мамандықтарға арналған қысқаша курс. Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ., 2008. – 147 б.
10.    Шеденов Ө.Қ. Экономикалық ілімдер тарихы: оқулық. - Ақтөбе: А - Полиграфия, 2006. – 316 б.
11.    ҚР-ның Президенті Н.Ә. Назарбаевтың халыққа Жолдауы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты», 2012 ж. 28 қаңтар.
12.    ҚР-ның Президенті Н.Ә. Назарбаевтың халыққа Жолдауы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз», 2011 ж. 28 қаңтар.
13.    ҚР-ның Президенті Н.Ә. Назарбаевтың халыққа Жолдауы «Жаңа онжылдық – Жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері», 2010 ж. 30 қаңтар.
14.    ҚР-ның Президенті Н.Ә. Назарбаевтың халыққа Жолдауы «Дағдарыстан жаңару мен дамуға». 2009 ж. 7 наурыз.
15.    Н.Ә. Назарбаев. Қазақстан - 2030: «Ел Президентінің Қазақстан халқына жолдауы», Алматы – 1998 ж.


Похожие материалы

Рахмет ретінде астында тұрған жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!

Категория: Экономика | Добавил: Admin
Просмотров: 7641 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]