
ҚАРАША, ЖЕЛТОҚСАН МЕН СОЛ БІР-ЕКІ АЙ
Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай –
Қыстың басы бірі ерте, біреуі жәй.
Ерте барсам жерімді жеп қоям деп,
Ықтырмамен күзеуде отырар бай.
Кедейдің өзі жүрер малды бағып,
Отыруға отын жоқ үзбей жағып.
Тоңған иін жылытып, тонын илеп,
Шекпен тігер катыны бүрсең кағып.
Жас балаға от та жоқ тұрған маздап,
Талтайып кақтана алмай, өле жаздап.
Кемпір-шалы бар болса, қандай киын,
Бір жағынан қысқанда о да азынап.
Кәрі қой ептеп сойған байдың үйі,
Қай жерінде кедейдің тұрсын күйі?
Қара қидан орта қап ұрыспай берсе,
О да қылған кедейге үлкен сыйы.
Қар жауса да, тоңбайды бай баласы,
Үй жылы, киіз тұтқан айналасы.
Бай ұлына жалшы ұлы жалынышты,
Ағып жүріп ойнатар көздің жасы.
Бай үйіне кіре алмас тұра ұмтылып,
Бала шықса асынан үзіп-жұлып,
Ық жағынан сол үйдің ұзап кетпес,
Үйген жүктің күн жағын орын қылып.
Ұнады ма? Онда достарыңмен бөліс!
|