Приветствую Вас Гость • Регистрация • Вход • RSS
Суббота, 10.12.2016
Главная » 2014 » Июнь » 18 » Баланың періште әлемі-тәрбиешінің бақыты.Эссе
16:53
Баланың періште әлемі-тәрбиешінің бақыты.Эссе

Эссе.  «Баланың періште әлемі-тәрбиешінің бақыты»
        Адамның өзіне-өзі өмір бойы қоятын және оған әрдайым жауап іздейтін санаулы сұрақтары болады екен. Мен үшін сол мәңгі сұрақтың бірі де бірегейі – мұғалім-тәрбиеші деген кім? Алдымен осы сұрақтың жауабын тағы да бір айқындап бағайын. Өйткені мен де бала бағбаны - тәрбиешісімін.
Таңғажайып балалар әлемімен тереңірек танысып, өз өмір тәжірибемнің мейірімінің  дәндерін қондыру - менің жұмысымның мәні.
Балалармен жұмыс жасау – үлкен бақыт.Себебі, тек қана бала ешнәрсеге алаңдамай мейірімділікке сенеді, кішкентай алақанын  менің алақаныма қойып, өз құпияларын айтып маған сенім артады. Пәк көңілді балалармен қарым-қатынас маған қуаныш, шаттық сыйлайды. Өйткені, мен оларға, олар маған қажетігіне сенімдімін. Осы сенімнің болуы - әр тәрбиешінің бақыты. Тәрбиеші балаға деген ыстық ықыласын бір сөзбен  айтып көрсетіп қана қоймай, бар жүрегімен және жан -тәнімен  сезіне білуі қажет.Тәрбиешінің жұмысы күрделі де қызықты.Шынымды айтсам, кейде жұмыстан үйге келгенде қатты шаршағанымды сеземін. Бірақ сол өткізген  күндерімді ой елегінен өткізе отырып, балаларымның ыстық ықыласын, маған ұмтылған үміт толы көздерін, тәтті қылықтарымен, сәбилік шын жүректерімен айтқан сөздері есіме түскенде шаршағанымды ұмытып кетемін. Осы бір «Балалар әлемінің теңізіне" бір бойласам, ешқашан өз мамандығымды өзгерткім келмейді. Өйткені, бала-пәк, бала тап-таза мөлдір бұлақтың бастауы сияқты. Көзін ашып, тұнығына қану үшін тәрбиешіде жылы жүрек, аялы алақан және                                                                                                                                                                                                                                    тәрбиешіге  тән ең бірінші қасиет – баланы құрметтеу сезімі болу керек екенін түсіндім. Оның адамшылық ар-ожданын, намысын, тұлғасын жасына қарамай сыйлау, құрмет тұту. 
     Француз ағартушысы,жазушы Жан-Жак Руссо  «Бала туғанда ақ қағаздай болып таза туды, оның үстіне шыймайды қалай салсаң, қағаз бетіне солай түседі, бала тәрбиесі сол сияқты, өзің қалай тәрбиелесең ол солай тәрбиеленеді»деген нақыл сөзі осы мектепалды даярлық сыныбының балаларына арналғандай.
Тәрбиешінің әрбір өткізген сабағы баланың ақыл-ой парасатын дамыта білетіндей, баланың жас ерекшелігіне сай құрылса, баланың ынта –жігері артары сөзсіз деп білемін. Өзімнің еңбек жолымда әрдайым балалардың тілін, ой-өрісін, тіл байлығын дамыту мақсатында ертегілерден көріністер ұйымдастырамын. Себебі бала ролде өзі ойнаса сол кейіпкердің бойындағы барлық қасиет дағдыларын ой елегінен өткізіп саралайды. Ақылмен ойланады. Ол үшін тәрбиеші бойындағы асыл қасиет – ақыл-парасат болуы шарт. Баланың ішкі жан дүниесіне жол тартқан тәрбиеші ең нәзік те мөлдір, алайда, сонымен қоса, ең күрделі де жұмбақ әлемге енеді. Осы әлемнің ішінде, осы әлеммен қатар, үндесе өмір сүруі тиіс. Ол үшін сол мөлдір әлемнің айқыш-ұйқыш құбылыстары мен қағидаларын, заңдылықтары мен жұмбақтарын барынша тереңірек түсініп, парықтай алатын айқын да қуатты ақыл-парасат қажет. Адам жанын аялай отырып, түсінетін нәзік те әмбебап табиғи құрал керек. Баяғы Сократтың «Таным – бұл жақсылық» деген пәлсәпалық қағидасы дәл осы жерде тікелей мағынасына ие. Баланың жан дүниесін неғұрлым терең таныған сайын мұғалім оның тұлға ретінде жетілуіне септігін тигізе алады.
Оқу, жазу, санаудың берік дағдыларын қалыптастыру мақсатында мектеп алды оқушысын мектеп өміріне енгізудің өзі таңдаулы технология мен асқан шеберлікті талап етеді. Баланың мектепке келгенге дейін «Мен бәрін де мектептен үйренемін» – деген үмітін анықтау, бүкіл мектеп ұжымымен  ата-анасының, туған-туысының қатысуымен жүзеге асырылады. Балалардың ата-аналарымен үнемі байланыста болып, оларды мектептегі түрлі шараларға белсене қатыстырып отырдым. 
          Баланың мектепке дайындығын балабақша мен мектептегі әдіс-тәсілдерді ұштастыру арқылы жүзеге асыру – басты  мақсатым.
Осындай тынымсыз еңбектің жемісін көру үшін, тәрбиешілік жұмыс тәрбиешінің бойынан – жігерлілік пен еңбекқорлықты  қажет ететінін айқын аңғардым. Әрине, әрбір тірлікте де жігерлі еңбек етпей айтарлықтай нәтижеге жету мүмкін емес. Ал тәрбиешіде бұл қасиеттердің түп негізі жауапкершілікте дер едім. Қолыңдағы баланың, адамның, тағдырын шешуден артық жауапкершілік бар ма?! Тәрбиешінің жұмысын дәрігермен салыстырамын. Емші адам бойындағы ауру-сырқатпен алысса, тәрбиеші оның ойындағы надандықпен күреседі. Осы ауыр жауапкершілікті қабылдаған тәрбиеші күндіз-түні тыным таппасы анық. Оның мұқалмас жігері балаға бұйрық беруге жұмсалмасын деңіз. Тәрбиеші жігері оның бала санасына «мол суымен сабырлы аққан кең арналы өзендей» таси құйылған білімі мен дана тәрбиесінен көрінеді. 
«Құдай алдында адамның бәрі бірдей» екені ақиқат. Бірақ бесенеден белгілі ақиқат – пендешілікте екі адам заты ешқашан бір-біріне ұқсаған емес. Ақыл-парасат жағынан да, сезім-түйсік жағынан да, мінез-құлық жағынан да, тұлға-тұрқы жағынан да, жалпы жаратылысынан адам баласы бірегей, дара..Сол бір «жауқазынның бүр жарғанындай» сырлы сәтті басынан өткізген тәрбиеші  бақытты. 
Балалар  - өмір гүлі. Ал гүлдер ешқандай жасандылықсыз, шынайылықпен баптағанда ғана өседі. 
      Мектепалды даярлық тобының оқушыларының осылайша шығармашылығын дамыта отырып, қазіргі заманғы педагогикалық теориямен практиканы басшылыққа алып, жұмыс жасаудамын. Педагогикалық озық техналогияларды сабақ барысында пайдаланып, балалардың шығармашылағын дамытуға ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы жүзеге асырдым. Қортындылай келе мектепалды даярлық тобы тәрбиешісі ең озық педагог, психолог, ғалым және асқан дарын иесі болу керектігіне көз жеткіздім. Бес жастағы бала зейінін дамытып, жеке тұлғаға айналдыру әр тәрбиешінің басты міндеті. Сондықтан бала жүрегіне жылылық ұялатып, қабілетімен дарынын ашу әр тәрбиешінің алдына қойылған ең басты міндеті деп түсіндім.


                                                          Қадырғожина А.Ж
Батыс Қазақстан
.Орал қаласы
Круглоозерный жалпы орта білім 
беретін мектебінің  мектепалды
 даярлық тобының тәрбиешісі

Рахмет ретінде астында тұрған жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!

Категория: балабақшадағы жобалар | Просмотров: 10136 | Добавил: Admin | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]