
ТАУДАҒЫ КӨКТЕМ
Сай-саланы
Аймалады,
Жоталардан жел есті.
Көк қарағай
Көп баладай
Күбір-күбір кеңесті.
Қасқа бұлақ
Тастан құлап
Бара жатыр шапқылап.
Шыңылдаған,
Сыбырлаған
Айқай тастар — саққұлақ.
Бір жүрекпен
Дір-дір еткен
Жасыл талдар, жас талдар.
Еміренген,
Тебіренген
Ақбас Ата — асқарлар.
Күннен — бөркі,
Гүлден — көркі,
Тау тамаша, тау алып.
Қатпар басын,
Шатқал, тасын
Көрген сайын жаңалық.
Айналаңа,
Сайға қара,
Шыңға қара ақ маңдай.
Бала шағың,
Болашағың
Көктеп келе жатқандай.
Ұнады ма? Онда достарыңмен бөліс!
|