Приветствую Вас Гость • Регистрация • Вход • RSS
Четверг, 1.11.2012
Главная » 2011 » Октябрь » 5 » Қазақстан соңғы 3 жылда арақ-шарап ішуді азайтыпты
14:55
Қазақстан соңғы 3 жылда арақ-шарап ішуді азайтыпты

Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекованың айтуынша, соңғы үш жылда еліміз тұрғындары арақ-шарап ішуді 9 пайызға азайтыпты. 

Фото: РИА Новости
Фото: РИА Новости

Бұған "бәрекелді!" демеске амалымыз жоқ. Ал енді осы деректердің себеп-салдарына үңілсек, ішімдікті тұтынуға қатысты мемлекет ұстанып отырған саясаттың тиімділігі бірінші орында тұрған көрінеді.

Екінші бір себепкер халықтың имандылыққа бет бұруы көрінеді. Бес мезгіл намазын қаза жібермейтін ағайынның аузынан арақ туралы әңгіме есту мүмкін емес. Тағы бір мәселе, жұрт мәдениетті өмірге бет бұрды.

Қазір екі қазақтың бірі қолына "рюмка" ұстамайды. Уақыты жоқ. Жұмысбастылық "ерінбей еңбек еткен кісінің ғана қарны тоқ, қайғысы жоқ" болатындығына баршаның көзін жеткізді.

Ішімдіктің елге келтірер залалы, денсаулыққа тигізер зардабы шексіз. Айталық, елімізде салынып ішуден келетін дерттер 35,8 пайызды құраса, бұдан да қауіптісі - маскүнемдікпен жасалатын қылмыс болып тұр. Мысалы, адам өлтірудің 70 пайызы бөтелке босатудан кейін туындайды. Мұны криминалды полиция комитеті де ресми түрде мойындайды.

Алайда соңғы 5 жылда адам өлтіру көрсеткіштері де мың адамға шаққанда біршама төмендеген. Қолын қанға малатындар, негізінен, 18 бен 35 жас аралығындағылар. Айтпақшы, Қазақстанда да ауру-сырқау да кеміпті. Бұған "Саламатты Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасының қосқан үлесі зор.

Айталық, өткен жылмен салыстырғанда ана өлімі - 1,8 есеге, нәрестелердің шетінеуі - 12,9 пайызға төмендеген. Жарақат алу мен улану - 11, жарақат салдарынан болатын өлім - 5,4 пайызға азайған. Мұның да негізгі себепшісі - салауатты өмір. 

Ал енді кейбір электронды ақпарат құралдарының деректеріне сенсек, маскүнемдер қатары 2000-шы жылдармен салыстырғанда 4 есеге азайып, арақ өндірісі 30 пайызға төмендеген. Қазақстан арақ-шарап өндірісі мен өндірушілер қауымдастығының төрағасы Әміржан Қалиевтің айтуынша, соңғы кездері дінге бет қойғандардың көптігінен ішімдікке құмарту кеміген. 

"Қазір Қазақстан халқының 70 пайызы - мұсылмандар. Сәждеге жығылғандардың қатары жыл сайын артып, есесіне, ішімдік ішу азайды. Исламда арақ-шарап ішу түгілі оны сақтауға да болмайды. Айталық, бұрын он кісінің сегізі арақ ішсе, қазір он кісінің сегізі ішпейді" дейді Әміржан Қалиев. 

Бүгінде елімізде тұрғындар орта есеппен жылына 5 литр спирттік өнімдерді пайдаланса, Ресейде бұл көрсеткіш - 18 литрден, ірі шарап өндіруші ел Францияда - 7,5 литрден келеді. 

Иә, шын мәнінде, арақтан арылу - қазаққа тек пайда әкелетіндігін өмірдің өзі дәлелдеді. Ендеше, сау жүріп, салауатты өмір сүру қаны да, жаны да таза, рухы мықты ұрпақ өсіруге дәнекер болатындығын ұмытпаңыз. Өйткені сіз және сіздің ұрпағыңыз - елдің болашағы. 

Просмотров: 321 | Добавил: Admin | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email:
Код *:
Новости музыки