Басына өскен тарбиып,
Жапырақсыз бұтағы.
Алады одан қан құйып.
Емге шипа бұл дағы. (Бұғы)
Жапырақ жоқ бұтасында,
Қос емен өсiп тұр бiр басында. (Бұғы)
Төбесiнде қу бұтақ,
Алар екен кiм бұтап. (Бұғы)
Мүйiзiнен таралған,
Жанға шипа дәрi алған. (Марал)
Есек емес,
Жылқы емес.
Екеуiнiң ұқсастығы
Бередi тұрқы елес. (Құлан)
Тұрқы, түрi
Жылқы тектес жалы бар,
Шөп жеп түрлi,
Түзде өскен жануар. (Құлан)
Пысқырғыш не?
Ысқырғыш не? (Құлан мен жылан)
Жақпар тастың өркешiне,
Секiредi құламай.
Қия құздың өр төсiне,
Орғып шығар ол оңай. (Арқар)
Тау көтерген төрт қазық. (Төрт аяқ)
Жез бейнелi өзi,
Кең дала еркесi,
Мөп-мөлдiр көзi. (Киiк)
Айбарлы сұсы бар,
Қанжардай тiсi бар.
Тұла бойында
Тасыған күшi бар,
Күжiрейген жалды,
Бiлсең айт бұл аңды? (Арыстан)
Түлкi ұқсас тұрқы,
Бiр тоймайтын құлқы,
Андитыны тастан,
Құс пен тышқан. (Қабылан)
Мойыны тұтасқан,
Аузы апан.
Жоны жалпақ,
Бұты талтақ. (Бегемот)
Тiк жардай түстi,
Шұбатылған
Тұмсығы күштi.
Таситын жүктi,
Бұл қандай мықты? (Пiл)
Қаймықпайды күштi аңнан,
Қорқады тек тышқаннан. (Пiл)
Түрi жылқы бейнесi,
Жолақ-жолақ жейдесi. (Зебр)
Қара ала тоны бар,
Аңдардың ол краны.
Оны сен де танып ал,
Серейiп кеп тұрады. (Жираф)
Мойыны сорайған,
Сирағы серейген.
Теңбiл шұбар терiсi,
Шөлдегi аңның iрiсi.
Жонында жалы бар,
Бұл қандай жануар? (Жираф)
Иiр мүйiз,
Сүйiр мүйiз,
Ай қабақты,
Май бұғақты,
Тұла бойы
Бұқа мойын,
Бұл қандай түлiк,
Сен де оны ал бiлiп? (Қошқар)
Иiр-иiр денесi,
Сахараның кемесi,
Ащы шөптер тамағы,
Шөлге шыдап бағады. (Түйе)
Көрiп тұрар бар ауыл,
Бiр тауда қос қарауыл. (Түйе өркешi)
Ұқсап тұрған жақшаға,
Төбеде өскен шақша ма? (Iрi қара мүйiзi)
Желемiк күнгi толқындай,
Бұйрасы бар,
Төл тоны.
Бағалайды алтындай,
Киiм тiгiп, ел де оны. (Қаракөл елтiрiсi)
Жыртылмай-ақ тоны,
Жамапты оны.
Бiр жерi қара ала,
Бiр жерi сары ала,
Тiгiлмеген бiрақ,
Бұл қандай құрақ? (Шұбар мал терiсi)
Тастан-тасқа секiредi,
Қалқиып қос құлағы,
Ойын болып көкiрегi,
Аула оның тұрағы. (Лақ)
Бұтақтарға секiрiп,
Әр жерден қылт етедi.
Кейде жаңғақ кемiрiп,
Жоғары өрлеп кетедi. (Ақтиiн)
Бұтақтардан бұтаққа,
Орғиды да қарғиды.
Кейде салар бұлтаққа,
Құйрығымен әрқилы,
Қос құлағы делдиiп,
Тыныштықты бағады,
Жемiн тауып жейдi үйiп,
Домалатып шағады. (Тиiн)
Шырша саясы – күркесi,
Өзi орман еркесi.
Қарғып жүрер жан-жаққа,
Өте құмар жаңғаққа. (Тиiн)
Сайқымазақ қулығы бар,
Барған жерде ұрлығы бар.
Бұл қандай аң?
Ұғып ал. (Түлкi)
Қырда жүрер ол жортып,
Iнi де жоқ бармайтын.
Құйрығымен бұлтартып,
Қандай аң ол алдайтын? (Түлкi)
Жылқыны қарына қыстырып,
Тұйенi ернiне қыстырып,
Есектi құлағына қыстырып
Қасқырды ат қып мiнiп,
«Әйт!» дегенде жүре берген. (Қоян)
Сылдырдан қорқады,
Шошынып жортады. (Қоян)
Жылқы тұмсық,
Ешкi құйрық,
Есек құлақ,
Түйе ерiндi,
Төрт аяғы тең емес,
Бiрi ұзын,
Бiрi қысқа,
Қорқақ өзi,
Қыли көзi. (Қоян)
Қорыққанда жел аяқ,
Отырғанда томардай-ақ. (Қоян)
Ерiншектi,
Емiншектi,
Аямайды,
Қаламайды,
Шағады.
Мұны кiм табады? (Ара)
Жаздай жатпай,
Қырдағы гүлдi аралар,
Өзi де татпай,
Жинар гүл шырынын,
Тисең оған құрыдың,
Аямай шағып жаралар. (Ара)
Ұнады ма? Онда достарыңмен бөліс!
|