Приветствую Вас Гость • Регистрация • Вход • RSS
Вторник, 28.7.2020
Главная » Файлы » Қазақша рефераттар » Жұмбақтар мен жаңылтпаштар [ Добавить материал ]

АСПАН ӘЛЕМI МЕН ТАБИҒАТ ҚҰБЫЛЫСТАРЫ ЖАЙЫНДАҒЫ ЖҰМБАҚТАР


Оқушылар,студенттер,мұғалімдер,сайт қолданушылары өз материалыңызбен бөліссеңіз қуанышты болатын едік!

15.12.2013, 00:59
загрузка...

Көкжиегi тұйық дөң,

Шатыр тiккен биiк кең. (Аспан)

 

Төрiнде тұр нұр көзi,

Жердiң биiк күмбезi. (Аспан)

 

Әйнектей көгiлдiр,

Теңiздей тым мөлдiр. (Аспан)

 

Тiршiлiк аусар тек,

Ұстасаң қауқар жоқ,

Айналам қоршау көк,

Одан асқан кәусар жоқ. (Ауа)

 

Күмбез сынды кең сарай,

Еш жерде жоқ тен сарай. (Аспан)

 

Жайғаным түктi кiлем,

Iлгенiм – тықыр кiлем. (Жер мен Аспан)

 

Қос алып көз,

Бiрi – жарықта көредi,

Бiрi қараңғыда көредi. (Күн мен Ай)

 

Айдалада көк шатыр,

Көк шатырда

Қызыл көздi шал жатыр. (Аспан мен Күн)

 

Әлемнiң бар екi күзетшiсi;

Бiрi – күндiз тынығады,

Бiрi – түнде тынығады. (Күн мен Ай)

 

Мекенi көкте екi ару,

Бiр-бiрiн көруге зәру. (Күн мен Ай)

 

Үлкен алтын табақтан,

Әлемге нұр таратқан. (Күн)

 

Алауға оранып,

Көкке өрлеп шығады.

Бiр айналып оралып,

Көкжиекке бұғады. (Күн)

 

Күн мен түннiң кеңдiгiн,

Жер шарының ендiгiн,

Қаә бөлiп тұр тепе-тең,

Жұмыр жердiң белдiгi. (Экватор)

 

Ғаламның шырағы не?

Адамның шырағы не? (Күн мен Бiлiм)

 

Екi доп ауысты,

Бiр шеңбердi тауысты. (Күн; Ай; Тәулiк)

 

Жартысы

Жадыратып нұр себедi,

Қалғаны

Қара мақпал бүркенедi. (Тәулiк)

 

Тұрғанымен жырақ өзi,

Таусылмайтын шырақ көзi. (Күн)

 

Шаруасы әр салалы,

Он екi балалы,

Бәйтеректей атам бар.

Әр баласың

Отыздан серiгi,

Өзiне лайық көрiгi бар. (Жыл он екi ай)

 

Алып мұхит – ақ алау,

Шетi шексiз жағалау. (Көкжиек)

 

Орақ болып туады,

Табақ болып тынады. (Ай)

 

Бейнесi суда дiрiлдейдi,

Қармаққа бiрақ iлiнбейдi. (Ай)

 

Көк төрiнде жоғары,

Iлулi тұр атамның

Сапталмаған орағы. (Ай)

 

Сарайдың сансыз шырағы,

Нұр шашып, самсап тұрады. (Жұлдыз)

 

Жылт-жылт етiп төбемде,

Түсе алмай тұр төменге. (Жұлдыз)

 

Күндiз бiлiнбейдi,

Түнде күлiмдейдi. (Жұлдыз)

 

Көк жүзiнде ай батқан,

Жолақ жатыр,

Аумаған

Төгiп алған қаймақтан. (Құсжолы)

 

Айсыз түнде қараңғы,

Түнекте де боранды.

Бiр орнынан жылжымай,

Бағыт берер бұлжымай,

Қандай жұлдыз шырағы,

Жол көрсетiп тұрады. (Темiрқазық)

 

Мөлдiр көкте бiр ғана,

Шоқтай жайнап тұр дара. (Шолпан)

 

Күндi айналып қозғалады,

Артында жарық жол қалады. (Құйрықты жұлдыз)

 

Күзде шығыстан,

Қыста төбеден,

Көктемде батыстан көрiнетiн,

Шiлдеде күн қасында боп,

Түнде жоғалатын не? (Үркер)

 

Дұрыстап аңғарсаң,

Көктегi бағдаршам. (Үркер)

 

Алып кiлем –

Гүлге толы

Үстi кiлең. (Жер)

 

Жыл мезгiлi шуақты,

Жердiң бетi нұрланған.

Сайды қуып су ақты,

Гүлдер өстi ырғалған. (Көктем)

 

Терезеден есiледi,

Қараңғыны көшiредi. (Сәуле)

 

Күн көзiнен құйылады,

Жер бетiне жиылады.

Құшақ ашап барша тiрлiк,

Қуанады, сыйынады. (Нұр)

 

Түсi бар көрiнбейтiн,

Бiр тұтас бөлiнбейтiн.

Тынысы ол тiршiлiктiң,

Ешқашан жерiнбейтiн. (Ауа)

 

Ештеңеден қаймықпай,

Көздi арбаған өрнекпен.

Сурет салар айнытпай,

Шебер едi ол неткен? (Аяз)

 

Күндiз шырақтай,

Тұрады түгел жадырап.

Түнде, бiрақ та,

Түндiгi жабық шаңырақ.

(Жарық пен Қараңғы)

Ағаштарды шайқайды,

Көзге көрiнбейдi.

Шарлағанда сай-сайды,

Бiр сәт ерiнбейдi. (Жел)

 

Зәулiмде тұрағы,

Тiреусiз тұрады. (Бұлт)

 

Дәу шүйкесiн,

Күн алды,

Көк теңiзге түсiрiп,

Шығарды да жұлбасын,

Жел әкеттi ұшырып. (Бұлт)

 

Етек-жеңi жиналмай,

Дауыл тұрса дым қалмай,

Тұйдектелiп көшедi,

Тоз-тоз болып өшедi. (Бұлт)

 

Қара алып жарқыратып,

Жасын атып, күркiрейдi.

Суды сайға сарқыратып,

Демi шөптi сiлкiлейдi. (Бұлт)

 

Көшiп жүрiп желменен,

Сеуiп шықты тамшысын,

Қыраттарға шөлдеген. (Бұлт)

 

Бiрде – селдiр жабағы,

Бiрде – теңбiл жабағы. (Бұлт)

 

Будақ түтiн түсi аппақ,

Көк жүзiне тұзақтап,

Қойғандай-ақ жылжымай,

Тауды өбедi құшақтап. (Ақша бұлт)

 

Аспаннан домалап,

Көп моншақ төгiлдi.

Бусанып жон-алап,

Терледi, керiлдi.  (Жаңбыр)

 

Келiстiрiп өрнегiн,

Құрып қойды өрмегiн. (Кемпiрқосақ)

 

Жарқылдан соң жаңағы,

Суға бөктi бар алап.

Көкте түрлi жолақты,

Өрнек тұрды ғаламат!  (Кемпiрқосақ)

 

Жаңбыр жуды жерiмдi,

Көкте өрмек керiлдi.  (Кемпiрқосақ)

 

Аспанды от қамшы осады,

Ащы үнiн ышқынып қосады. (Найзағай)

 

Дүрлiктiрiп қырқаны,

Шақпақ тастың жарқылы

Бұлт көрпесiн жыртады. (Найзағай)

 

Шашылды көктен ақ моншақ,

Жоғалды бiздер тапқанша-ақ.  (Бұршақ)

 

Дауыл ақ дән ұшырып,

Шашып өттi аспаннан.

Шекемiздi iсiрiп,

Қаштық үйге сасқаннан.  (Бұршақ)

 

Ақ құмалақ шашылды,

Жан-жаққа бірдей боп.

Күн көзi ашылды,

Жер қапты жұрдай боп. (Бұршақ)

 

Әуеде ақ мамық

Қалбалақтап ұшады,

Қанаты талып,

Жердi барып құшады.  (Қар)

 

Аспаннан ақ ұлпан борады,

Қырқаны сейсепке орады.  (Қар)

 

Қоймасын қыс ақтарып,

Жердi жапты ақ мамық.  (Қар)

 

Мөлдiреген жүзiмдi,

Ұстап едiм, езiлдi.  (Шық)

 

Тек өзi көрiнбейдi,

Адамды тоңдырады

Ызғары дiрiлдетiп,

Есiңнен тандырады.  (Аяз)

 

Қолы мен қаламы жоқ,

Бiрақ сурет салады көп. (Аяз)

 

Мүлгiп тұрған бақ тыныш,

Ораныпты ақ күмiс. (Қырау)

 

Көлдiң бетi көк әйнек,

Сырғанауға, тым әйбет! (Мұз)

 

Қыс бойы бiз коньки тепкенде,

Айдынның мөп мөлдiр көгiлдiр

Тозбаған көрпесi,

Көктемде

Бiр күнде-ақ бой-бой боп сөгiлдi. (Мұз)

 

Суда қалқиды,

Жылыда балқиды. (Мұз)

 

Қыста шыны боп қатады,

Жылыда су боп жатады.  (Мұз)

 

Жалтырайды сайда,

Сынбайтын айна.  (Мұзойнақ)





Категория: Жұмбақтар мен жаңылтпаштар | Добавил: Admin
Просмотров: 14426 | Загрузок: 105 | Рейтинг: 2.8/4
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]