Приветствую Вас Гость • Регистрация • Вход • RSS
Понедельник, 25.9.2023
Главная » Файлы » Қазақша рефераттар » Экономика [ Добавить материал ]

Нарықтық механизм


Оқушылар,студенттер,мұғалімдер,сайт қолданушылары өз материалыңызбен бөліссеңіз қуанышты болатын едік!

21.01.2015, 22:20

Нарықтық механизм

 

Мақсаты: нарық ұғымына анықтама бере отырып, оның түрлеріне, қызметтеріне, принциптеріне тоқталу, оның негізгі элементтерін, соның ішінде сұраныс пен ұсыныс теориясын, икемділіктің мәнін жан-жақты талқылау.

Талқылау сұрақтары:
5.1 Нарықтың мәні, негізгі элементтері және әртүрлі жіктелу өлшемдеріне байланысты түрлері
5.2 Нарықтың атқаратын қызметтері мен принциптері. 
5.3 Инфрақұрылым және нарықтық инфрақұрылым.
5.4 Сұраныс пен ұсыныс: мәні, әсер ететін факторлары, заңдары, қисықтары. Нарықтық тепе-теңдік
5.5 Икемділік ұғымы. Сұраныс пен ұсыныс икемділігі

    Негізгі ұғымдар: нарық, «көрінбейтін қол», нарықтың түрлері, нарық элементтері, нарықтың принциптері, сұраныс, сұраныс детерминанттары, сұраныс заңы, ұсыныс, ұсыныс детерминанттары, ұсыныс заңы, нарықтық тепе-теңдік, тепе-теңдік баға, тепе-теңдік көлем, артықшылық, тапшылық, икемділік, икемділік коэффициенті, сұраныс икемділігі, ұсыныс икемділігі, сұраныстың баға бойынша икемділігі, сұраныстың табыс бойынша икемділігі, сұраныстың қиылысқан икемділігі, т.б.

5.1 Нарықтың мәні, негізгі элементтері және әртүрлі жіктелу өлшемдеріне байланысты түрлері
Жалпы нарық немесе рынок деген ұғымды классикалық саяси экономия бағытының негізгі өкілі Адам Смиттің (1723-1790 жж.) «көрінбейтін қол» қағидасымен байланыстыруға болады. Оның айтуынша, «көрінбейтін қол» - бұл сатушылар мен сатып алушылардың өзара әрекеттерін тиімділікке жетелейтін автоматты өзін өзі реттеу механизмі, өндірушілердің пайдасын арттыруға және тұтынушылардың пайдалылығын максималдауға итермелейтін күш және мәжбүрлейтін бәсекелік күрес. Сондықтан, классикалық бағытқа сәйкес, нарық өзін өзі автоматты түрде реттейтін механизм деген тұжырым қалыптасқан. Нарық деген ұғымға бірнеше анықтама беруге болады.
    Нарық (рынок) дегеніміз 1) тауарлар мен қызметтерді сату және сатып алумен байланысты барлық экономикалық қатынастар жиынтығы; 
2) өзара айналым сферасын сипаттайтын тауар – ақша қатынастары; 
3) сатушылар мен сатып алушылардың мүдделерін келістіріп отыратын сиқырлы құрал немесе тетік; 
4) тауарлар мен қызметтер арқылы кез келген салада әрекетке түсетін экономикалық агенттердің кез келген жағдайда өзара үйлесім табуы; 
5) сұраныс, ұсыныс және баға арқылы өзін өзі реттейтін механизм. Міне осы түсініктерге байланысты нарық жағдайында, сұраныс пен ұсыныстың бітпейтін өзара әрекеттестігі сипатталады.
    Нарықтың пайда болу жағдайын ең алдымен мыналар анықтайды:
1) Қоғамдық еңбек бөлінісі. 
2) Өндірушілердің дербестілігі және экономикалық таңдаудың еркіндігі.
3) Өндірушілердің жеке меншік шеңберіндегі экономикалық оқшаулануы.
Нарық құрылымының әртүрлі жіктелу өлшемдеріне байланысты түрлері орын алады:
1) Нарықтық қатынас объектілерінің экономикалық мүдделері бойынша:
- тауарлар мен қызметтер (игіліктер) нарығы;
- өндіріс факторларының нарығы, соның ішінде, еңбек нарығы, капитал нарығы және жер нарығы;
- қаржы нарығы;
- ақпарат нарығы.
2) Географиялық орналасуы бойынша:
- жергілікті нарық;
- аймақтық нарық;
- ұлттық нарық;
- дүниежүзілік нарық.
3) Бәсекенің шектелу деңгейі бойынша:
- жетілген бәсеке нарығы;
- монополиялық нарық;
- олигополиялық нарық;
- монополистік бәсеке нарығы.
4) Салалар бойынша:
- автомобиль нарығы;
- компьютер нарығы, т.б.
5) Сатылу сипаттамасы бойынша:
- көтерме сауда нарығы;
- бөлшек сауда нарығы;
- фьючерстік сауда нарығы.
6) Заң нормаларына сәйкестігі бойынша:
- ресми нарық;
- ресми емес (көлеңкелі) нарық.

5.2 Нарықтың атқаратын қызметтері мен принциптері. Нарықтық инфрақұрылым

Нарықтың мазмұнын оның атқаратын қызметтерінен толық көруге болады. Нарықтың атқаратын негізгі қызметтері:
1) Нарықтың ақпараттық қызметі – нарықтың экономиканың қазіргі жағдайлары туралы маңызды мәліметтерді тарата алуы. Бұл жерде нарық арқылы өнім өндіруге кеткен шығындар, олардың бағаларының ауытқуы, сатылуы мен сатып алынуы сияқты ақпараттар үнемі ағылып отырады. 
2) Нарықтың делдалдық қызметі – нарықтың тұтынушыға өзіне қолайлы сатушыны тауып беруіне және өндірушіге өзіне пайдалы сатып алушыны таңдай алуына мүмкіндік жасау қабілеті. Бұл жерде нарық арқылы сатып алушылар мен сатушылардың байланысы орнап екі жақты операциялар жасалынып отырады.
3) Нарықтың баға белгілеушілік қызметі – нарықтың тек қоғамға ғана қажетті шығындарды қабылдауды және төлеуді талап етуі. Бұл жерде нарық арқылы өнімдер мен қызметтерге баға белгілеу жүзеге асырылады. Баға сұраныс пен ұсыныстың әсерінен ауытқып отырады.
4) Нарықтың реттеушілік қызметі – нарықтың ақша қаражаттарының тиімсіз саладан тиімді салаға көшуін қамтамасыз етіп болашағы бар салалардың дамуына жағдай жасауы. Бұл жерде нарық арқылы қоғамдық өндірісті реттеу не, қалай және кім үшін деген мәселелерді шешу жолымен жүзеге асырылады.
5) Нарықтың сауықтырушылық қызметі – нарықтың қоғамдық өндірісті бәсекеге төтеп бере алмайтын, әлсіз, икемсіз және қабілетсіз кәсіпкерлерден тазарта отырып бәсекеге жарамды аса белсенділер мен тапқырларға жол ашып отыруы.
Нарықтың осындай қызметтері арқылы жұмыс істеу механизмі басты үш принципке негізделеді:
1) Маржиналды (шекті) талдау принципі – нарық субъектілерінің, тұтынушылар мен өндірушілердің өздерінің шектеулі мүмкіндіктері тең болғанша дейін қосымша пайда алуға және қосымша пайдалылықты сезінуге әрдайым ұмтыла беруін сипаттайтын мінез-құлықтың қағидасы. Бұл жерде оларға орташа шамалар емес, шекті шамалар шешуші әсер етеді.
2) Баламалы (экономикалық) таңдау принципі – берілген шығындар деңгейінде қоғамның қажеттіліктерін максималды түрде қанағаттандыру мақсатының орындалуы кезінде бірдей альтернативті нұсқалардың ішінен ең дұрысын және жақсысын таңдап алу. Бұл жерде нарық субъектілері тікелей шығындары мен жіберіп алған мүмкіндіктерін немесе алынбаған пайдаларын салыстырып отырады, яғни, осындай қағиданың орын алуы нарық субъектілерінің қолда бар мүмкіндіктерді тиімдірек пайдаланудың жолын іздеуге итермелейді.
3) Экономикалық ұтымдылық принципі – рационалды субъектінің өз алдына қойған мақсаттарын жүзеге асыру барысында берілген шығындар деңгейінде немесе ең аз шығынмен максималды нәтижелілікке жетуіндегі ұтымды шешім қабылдау әрекеті мен мінез-құлқы. Бұл жерде нарықтың әрбір субъектісі аса жоғары көрсеткішке жетуіне тырысады: тұтынушы өз қажеттіліктерін максималдауды, фирма өз пайдасын арттыруды, мемлекет халықтың әл-ауқатын көтеруді мақсат етеді.
Осы аталған принциптер негізінде нарық механизмі сұраныс пен ұсыныс сияқты қарама-қарсы күштерді және нарықтық бағаларды пайдалануға негізделген нарықтық тепе-теңдікті қалыптастыруға мүмкіндік береді.

5.3 Инфрақұрылым және нарықтық инфрақұрылым

Инфрақұрылым – бұл қоғамдық өндірістің қалыпты жұмыс істеуі үшін фирмалардың қызметіне және тұрғындардың өмір-тіршілігіне әсер ететін шаруашылық ұйымдарының және коммерциялық емес мекемелердің кешенді жүйесі.
Экономикада инфрақұрылымның мынадай түрлері қалыптасқан:
1. Өндірістік инфрақұрылым – бұл өндірістік қызметтер мен халық шаруашылығындағы экономикалық айналымды қамтамасыз ететін салалар мен салаішілік салалардың жиынтығы. Өндірістік инфрақұрылымның құрамына мыналар кіреді: өндіріске қызмет көрсететін көліктердің барлық түрлері, өндіріске қызмет көрсететін байланыс құралдары, материалдық-техникалық жабдықтау, тауарлар қозғалысының жүйесі, ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындау және өткізу, электр қуатының объектілері, т.б. Инфрақұрылымның бұл түрі қоғамдық өндірістің тиімді жұмыс істеуі мен оны орналастыру үшін жалпы жағдайлар жасайды.
2. Әлеуметтік инфрақұрылым – бұл халықтың дұрыс өмір сүруі үшін материалдық, мәдени-тұрмыстық, рухани жағдайларды қамтамасыз ететін салалардың және салаішілік салалардың жиынтығы. Бұл әртүрлі қызмет көрсетулер мен рухани игіліктерді өндіру аясы. Әлеуметтік инфрақұрылымның құрамына мыналар жатқызылады: халыққа білім беру, денсаулық сақтау, дене шынықтыру және спорт, мәдениет пен өнер, бөлшек сауда, қоғамдық тамақтандыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, тұрмыстық қызмет көрсету, жолаушылар көлігі, халыққа қызмет көрсету орталықтары, т.б.
3. Нарықтық инфрақұрылым – бұл ерекше нарықтар ретінде әрекет ететін және олардың тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ететін институттардың өзара байланысқан жиынтығы. Нарықтық инфрақұрылымның құрамына мыналар жатады: банктер, сақтандыру компаниялары, тауар және қор биржалары, еңбек биржалары, сауда үйлері, көтерме және бөлшек сауда кәсіпорындары, жәрмеңкелер мен көрмелер, аукциондар, делдалдық құрылымдар, сауда-өнеркәсіп палаталары, кедендік мекемелер, ақпарат орталықтары, жарнамалық агенттіктер, заң қызметтері, т.б.





Категория: Экономика | Добавил: Admin
Просмотров: 14171 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 5.0/1
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]