Приветствую Вас Гость • Регистрация • Вход • RSS
Среда, 27.9.2023
Главная » Файлы » Қазақша рефераттар » Экономика [ Добавить материал ]

Кәсіпкерлікті ұйымдастыру негіздері


Оқушылар,студенттер,мұғалімдер,сайт қолданушылары өз материалыңызбен бөліссеңіз қуанышты болатын едік!

21.01.2015, 22:27

Кәсіпкерлікті ұйымдастыру негіздері

Кәсіпкерлікті ұйымдастырудың негізгі формалары

Кәсіпкерлік адам қызметінің ерекше саласы және ол еңбектің басқа түрлерінен оқшауланып тұрады. «КӘСІПКЕРЛІК» терминін алғашқы рет ағылшын экономисі Ричард Кантильон енгізді. Кәсіпкерлік ұғымына ол нарықтық тәуекелділік жағдайында табыс алу мақсатымен өндірісті ұйымдастырудағы адам белсенділігін жатқызды. Кәсіпкерлік дегеніміз – бұл азаматтар мен бірлестіктердің мүлікті жауапкершілік пен тәуекел ету негізінде іске асырылатын, жоғары табыс алуға бағытталған шығармашылық, дербес іс-әрекеттері. 
Кәсіпкерліктің негізгі белгілері: 
• шаруашылық субъектілерінің дербестігі және тәуелсіздігі;
• экономикалық мүдделілігі;
• шаруашылық тәуекел етуі және жауапкершілігі;
• белсенді ізденуі;
• жаңалықтығы. 
Кәсіпкерліктің субъектілері: мемлекет, жеке тұлғалар, заңды тұлғалар, серіктестіктер, арендалық ұжымдар, акционерлік қоғамдар, шаруашылық ассоциациялары, әртүрлі бірлестіктер. 
Кәсіпкерліктің объектілері: шаруашылық қызметтің кез-келген түрлері, коммерциялық делдалдық, инновациялық, кеңес беру іс-әрекеттері, құнды қағаздармен операциялар. 
Кәсіпкерліктің негізгі атқаратын қызметтері: 
1. Новаторлық қызметі. Әрбір кәсіпкер өзінің мақсатына жету үшін кәсіпкерлікті ұйымдастырудың жаңа формаларын, жаңа технологияларды қолдануға мүдделі болады. Бұл қызмет өнімнің бәсекеге қабілеттілігін және сапасы туралы мәселелерді шешеді. 
2. Ұйымдастыру қызметі. Әрбір кәсіпкер минималды шығын жұмсау және максималды пайда табу мақсатымен ең тиімді өндірісті таңдайды. Өндірісті ұйымдастыру кезінде кәсіпкер жер, еңбек, капитал ресурстарын бір процеске біріктіреді. 
3. Басқару қызметі. Әрбір кәсіпкер шаруашылықты жүргізуде негізгі шешімдерді қабылдау инициативасын өз жауапкершілігіне алады: кадр мәселесі, өнімді сатып өткізу, банк жүйесімен байланысты мәселелерді шешеді. 
4. Тәуекелге бару қызметі. Әрбір кәсіпкер тәуекелге бару үшін істелетін істің айқындылығын талдап, қорытындысына не болатынын білген жөн. Кәсіпкер тек қана өз уақыты, еңбегін, іс қабілеттілігін тәуекелге салмайды, сонымен бірге өндіріске кеткен өзінің серіктестіктерінің немесе акционерлерінің қаржыларын тәуекелге салады. 
Кәсіпкерліктің экономикалық, әлеуметтік және құқықтық жағдайлары. Кәсіпкерлікпен айналысу барысында экономикалық, әлеуметтік және құқықтық жағдайлар ескерілуі қажет. 
1. Экономикалық жағдайлар: Нарыққа тауар, қызметтер ұсы-ну, тауарлардың, қызметтердің алуан түрлері, тұтынушылардағы ақша-қаражат көлемі, яғни олардың сатып алу қабілеттілігі, жұмыс орнының және жұмыс күшінің артық-кемдігі, еңбек ақы қорының артық-кемдігі, қарыз беретін мекемелердің ақша ресурстары болуы керек. 
2. Әлеуметтік жағдайлар. Кәсіпкерлікті ұйымдастыру, қалып-тастыру үшін тұтынушыларда тауар сатып аларлық қаражаты болуы, олардың тауарға, қызметке деген талғамы, төлем қабілеттілігі бар сұранысы болуы. Әлеуметтік жағдай әрбір адамның жұмыс орнындағы жағдайы, еңбек ақы мөлшерімен байланысты. Әрбір кәсіпкер әлеуметтік мәселелерге белсенді араласып, жағдай жасауы тиіс: денсаулық сақтау, жұмыс орнын жасақтау, еңбек ақы мөлшерін қадағалау. 
3. Құқықтық жағдайлар. Кәсіпкерлікті реттейтін заңдар және нормативтік-құқықтық жағдайлардың болуы: Қазақстан Республика-сының Азаматтық Кодексі, салық туралы заңдар, кәсіпкерлерді қорғайтын заңдар, шағын және орта бизнесті қолдайтын органдар, меншікке құқықтық заңдар. 
Кәсіпкерліктің түрлері және ұйымдастыру формалары.
Кәсіпкерліктің түрлеріне өндірістік, коммерциялық, қаржылық, кеңес беру, сақтандыру, делдалдық кәсіпкерлік жатады. 
• Өндірістік кәсіпкерлік – бұл тауар өндіру мен қызмет көрсетумен байланысты кәсіпкерлік. 
• Коммерциялық кәсіпкерлік – бұл өнім өндірумен байланыс-сыз тауарлар мен қызметтерді қайта сату бойынша операцияларды жүргізумен ерекшеленетін кәсіпкерлік. Коммерциялық кәсіпкерліктің іс өрісі тауар биржалары мен сауда мекемелері. 
• Қаржылық кәсіпкерлік – бұл сату, сатып алу объектісі ақша, валюта, құнды қағаздар болып табылатын коммерциялық кәсіпкерлік-тің түрі. Қаржылық кәсіпкерлікке коммерциялық банктер және қор биржалары жатады. 
• Кеңес беру кәсіпкерлігі – бұл нарыққа бағытталу туралы қаржылық шаруашылық талдауды жасауға, басқару мәселелері жөнінде көмектер көрсетумен айналысатын кәсіпкерлік. 
• Сақтандыру кәсіпкерлігі – бұл белгілі бір жағдайларды сақтандырудан сақтандыру төлемін алу нәтижесінде пайда болатын қаржылық кәсіпкерліктің түрі. 
• Делдалдық кәсіпкерлік – бұл белгілі бір мәмілеге мүдделі тараптарды біріктіретін кәсіпкерлік. 
Кәсіпкерліктің ұйымдастыру формаларына ұйымдық-құқықтық және ұйымдық-экономикалық кәсіпкерліктер жатады. 
Ұйымдық-құқықтық кәсіпкерлік жеке кәсіпкерлік, серіктестік, акционерлік қоғамды біріктіреді. 
Жеке кәсіпкерлік – бұл бір адамның немесе бір жанұяның кәсіпкерлікпен айналысуы. 
Серіктестік – бұл екі немес одан да көп адамдардың капитал салымдар (үлестері) негізінде құрылған табыс алуға бағытталған іс-әрекеті. Серіктестіктің түрлері: 
1. Толық серіктестік. Мүшелері өз мүліктері шеңберінде жауапкершілікке ие болады. 
2. Коммандиттік серіктестік. Мүшелері аралас жауапкерші-лікке ие болады, яғни біреуі толық мүлікпен, ал екіншісі салынған капиталы негізінде жауап береді. 
3. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік. Мүшелері тек қана салынған капиталы негізінде тәуекелге барады және жауап береді. 
Акционерлік қоғам – бұл жарғылық капиталы белгілі бір үлестерге (акцияларға) бөлінген, заңды тұлға құқығы бар кәсіпорын. Акционерлік қоғам ашық және жабық болып екіге бөлінеді. Ашық акционерлік қоғам өз акцияларын ашық сатуға және басылымдарда акциялардың құнын жариялауға құқылы. Жабық акционерлік қоғамда акциялары құрылтайшылары арасында астылатын, акциялардың құны басылымдарда жарияланбайтын акционерлік қоғамның түрі. 
Ұйымдық-экономикалық кәсіпкерлік формалары: 
1. Концерн – көп салалы іс-әрекетпен ерекшеленетін өнеркәсіп саласындағы корпорацияның кең тараған формасы. 
2. Ассоциация – экономикалық дербес кәсіпорындардың ерікті бірлестігі. Ассоциацияның негізгі мақсаты ғылыми-техникалық, өндірістік, экономикалық және әлеуметтік міндеттерді бірігіп шешу. 
3. Консорциум – ірі қаржы операцияларын істеу үшін біріккен кәсіпкерлердің бірлестігі. 
4. Синдикат – бір саланың кәсіпкерлерін тауар сатуға біріктіру. 
5. Картель – тауар, қызмет көрсету бағасы, нарық аудандарын бөлу, өндіріс мөлшері, патент айырбастау жөнінде келісім. 
6. Трест – белгілі бір тауарды өндіру бойынша белгілі бір түрдегі монополисттік бірлестік. 

7.3 Кәсіпкерлік капитал. Толық айналым және ауыспалы айналым. Инвестициялар

Кәсіпкерліктің кез-келген түрінде кәсіпкер әрдайым капитал жұмсап өзіне тезірек пайда табуға ұмтылады. Бұл үшін кәсіпкер өндірісті үзбей жалғастырып, ұдайы өндіріс үдерісін жүзеге асырады. Ұдайы өндірістің үздіксіздігі өнеркәсіптік капиталды пайдалану негізінде жүреді. Ұдайы өндірістік үдерісті, осыған қатысатын өнеркәсіптік капиталдың функционалдық формаларының өзгеруі тұрғысынан қарасақ, оны төмендегідей түрде сипаттауға болады:
А – Т ... Ө ... Т' – А'
Бұл ұдайы өндірістік үдерістің формуласы. Ол мынадай заңды сатылардан құралады:
А – Т ...
Өндіріс факторлары нарығында тауар формасын алған өндіріс факторларына ақша капиталы жұмсалады.
Сөйтіп, осы ақша капиталы өндіргіш капиталға айналады. Бұл капиталдың қызметі болып өндіріске жағдайлар жасау табылады:
... Ө ...
Өндіріс үдерісінде өндіргіш капитал тауарлық капиталға айналады және ол үстеме құн (қосымша пайда) өндіру қызметін атқарады:
... Т' – А'
Дайын тауарларға сіңген үстеме құн, оны нарықта өткізгеннен соң кәсіпкердің қарамағына пайда ретінде түседі. Бұл сатыда тауарлық капитал тағы да жаңадан ақша капиталына айналады. Тауарлық капиталдың қызметі – үстеме құнды жасау және сату.
Капиталдың бір формадан екінші формаға айналатын қозғалысын капиталдың ауыспалы айналымы деп атайды. Капиталдың ауыспалы айналымы қосымша пайда табуды көздейді:
d = A' – A
Мұнда, А – бастапқы жұмсалған капитал; d – үстеме құн.
Өндіріске құйылған бастапқы капиталдың барлық қозғалысы-ның түгелдей бір цикл бойы айналып шығуын капиталдың толық айналымы деп атайды. 
Капиталдың толық айналымы мен ауыспалы айналымы бір-біріне сәйкес келмейді. Ауыспалы айналымның әрқайсысының нәтижесінде кәсіпкерге ақшалай формада бастапқы капиталдың тек бір бөлшегі ғана қайтып келеді, барлық капиталдық құн өз иесіне тек өзінің бастапқы ақшалай формасында толық қайтып түскенде ғана капитал толық айналым жасайды. 
Капиталдың осындай түрлерінің айналымы әрқашанда бірдей жүрмейді. Капитал құнының айналымдағы әр қилы қызметтеріне байланысты капитал негізгі және айналмалы болып бөлінеді.
Негізгі капитал – бұл өндірістік үдеріске толық қатысатын, бірақ өзінің құнын дайын өнімге бірте-бірте ауыстыратын және меншік иесіне ақшалай формада біртіндеп қайтып оралатын капитал. Негізгі капиталға құрал-жабдықтар, саймандар, машиналар, станоктар, өндірістік ғимараттар, құрылыстардың түрлері және тағы басқалары жатады. 
Айналмалы капитал – бұл өндіргіш капиталдың бір бөлігі болып табылатын, өзінің құнын дайын өнімге бірден ауыстыратын және әрбір ауыспалы айналым актісінің соңында ақшалай формада тұтас қайтатын капитал. Айналмалы капиталға шикізат, отын, материалдар, басқалары жатады.
Негізгі капитал айналмалы капиталға қарағанда материалдық (физикалық) және моралдік (сапалық) тозуға ұшырайды. 
Материалдық тозу – бұл негізгі капитал элементтерінің физикалық тұрғыдан қызмет етуге жарамсыз болып қалып өздерінің тұтыну құнын жоғалтуы.
Негізгі капитал материалдық тозуға мынадай жағдайларда ұшырайды: 
- жұмыс уақытында капиталдың қызмет ету үдерісінде;
- табиғат күштерінің әсерінен жұмыссыз қалған кезеңде.
Материалдық тозудың екі жағы болады:
- техникалық-өндірістік – тұтыну құнының жойылуы;
- құндық – құнның жаңа өнімге көшуі.
Моралдік тозу – бұл негізгі капитал, еңбек құралдары құнының төмендеуі нәтижесінде немесе олардың өнімділігінен жоғары сапалы еңбек құралдарының пайда болуына байланысты құн бағалылығының жойылуы.
Моралдік тозудың екі түрі болады:
- еңбек өнімділігінің өсуіне сәйкес берілген еңбек құралдары арзандау, аз құнмен ұдайы өндіріледі;
- құны бұрынғыдай машиналар өндіріледі, бірақ техникалық жағынан жетілдірілуі, өнімділігі мен рентабельділігі (тиімділігі) жоғары болады.
Аталған екі жағдайда да негізгі капитал тозуға ұшырайды, құны төмендейді, өйткені еңбек құралдарының бағасы олардың пайдалылығымен есептеледі. Мұндай жағдайлар амортизациялық қор құруды талап етеді. Амортизациялық қор – бұл негізгі капитал қорының қаражаты жыл сайын жасалып және жиналып отыратын амортизациялық жарналар. Амортизациялық қордың қаражаттары ескірген құрал-жабдықтарды толық алмастыруға, жабдықтарды жөндеуге, жетілдіруге, сондай-ақ, қосымша машиналар, станоктар және басқа да құралдарды сатып алуға пайдаланылады. Демек, амортизациялық қор өндірісті ұлғайту үшін қолданылады, капитал қорлануының қосымша көзі ретінде қызмет етеді.
Өндіргіш капиталдың, яғни негізгі капитал мен айналмалы капиталдың қызмет ету сапасы мен тиімділігін бірқатар көрсеткіштер анықтайды. 
Негізгі капитал корының көрсеткіштері:
1. Қор қайтарымдылығы. Негізгі капитал қорының мың теңге құнына қанша өнім келетіндігін сипаттайды және ол бір жыл ішінде өндірілген дайын тауар құнының негізгі капитал қорының орташа жылдық құнына қатынасы ретінде анықталады:
ҚҚ = ТӨ / ҚО 
Мұнда,  ТӨ - теңгемен есептегенде бір жыл ішінде өндірілген таза өнімнің тауарлы немесе атаулы құны; ҚО – теңгемен есептегенде негізгі капитал қорының орташа жылдық құны.
Мысалы: Кәсіпорын жыл бойы шығарылған өнімнің жалпы көлемін (ТӨ) 198 мың теңгеге өндірді. Осы мезгілде негізгі қордың орташа жылдық құны (ҚО) 180 мың теңгені құрады. Қор қайтарымдылығы көрсеткіші қаншаға тең?
Шешімі: 198 мың / 180 мың = 1,10 теңге.
2. Қор сиымдылығы. Қор қайтарымдылығы шамасына кері көрсеткіш болып табылады және ол негізгі капитал қорының бір өнім өлшеміне шаққандағы құнымен анықталады (теңгемен есептегенде):
ҚС = ҚО / ТӨ 
Мысалы: Кәсіпорын жыл бойы шығарылған өнімнің жалпы көлемін (ТӨ) 198 мың теңгеге өндірді. Осы мезгілде негізгі қордың орташа жылдық құны (ҚО) 180 мың теңгені құрады. Қор сиымдылығы қаншаға тең?
Шешімі: 180 мың / 198 мың = 0,91 теңге.
3. Қормен қарулану (Ққ) – бұл көрсеткіш ақшалай немесе ақшалай емес бірлік деңгейіндегі негізгі өндіріс қорларымен жабдықталу дәрежесі. Оны негізгі өндірістік қор құнының көлемін, орташа жылдық өнеркәсіп өндірісінде істейтін жұмысшылар санына қатынасы арқылы анықтайды.
Ққ = ҚО / Жс
Мысалы: Кәсіпорында негізгі капитал қорының орташа жылдық құны 180 мың теңгені құрайды, ал орта тізімдегі өнеркәсіптік өндіріс жұмысшыларының саны 600 адам болды. Қормен қарулану көрсеткіші қаншаға тең?
Шешімі: 180 мың / 600 = 300 мың теңге. 
Айналмалы капиталдың көрсеткіштері:
1. Айналмалы капитал қаражатының айналу коэффициенті:
Кайналым = Ө / Қ
Мұнда, Ө - белгілі бір кезеңдегі өнімнің сатылу құны (сатудан түскен түсім); Қ – сол кезеңдегі айналмалы капитал қаражатының орташа қалдығы.
Егер сатудан түскен түсім бір жылда 200 млн. теңгені құраса, ал айналым қаражатының орташа қалдығы 40 млн. теңге болса, онда айналу коэффициенті 5-ке тең болады:
Кайналым = 200 / 40 = 5.
Демек бір жылдағы айналым қаражатына салынған әр теңге 5 рет айналысқа түскен.
2. Айналым қаражатын бекіту коэффициенті:
Кбекіту = 1 / Кайналым
Келтірілген мысал бойынша:
Кбекіту = 40 / 200 = 0,20.
Бұл тауарды сатқаннан кейінгі түсімнің 1 теңгесіне шаққандағы айналым қаражатының орташа қалдық сомасын анықтайды, мысал бойынша ол 20 тиынға тең.
3. Материал қайтарымдылығы:
МҚ = Өндіріс / М
Мұнда, Өндіріс - өндіріс көлемі; М – шикізат, отын, энергия, т.б.
4. Материал сиымдылығы:
МС =  М / Өндіріс.
Бұл көрсеткіш материал қайтарымдылығы шамасына кері көрсеткіш болып табылады.
Кез-келген кәсіпкер үшін өз капиталының үнемі қорланып отыруы өте маңызды болып табылады. Капиталдың қорлануы екі түрде жүзеге асады:
1) капиталдың шоғырлануы – бұл үстеме құн есебінен капитал мөлшерінің өсуі;
2) капиталдың орталықтануы – бұл капиталдың бірнеше жолмен ірілену үдерісі. 
Өндірістік тәжірибеде капиталдың қорлануы өндіріске инвести-ция (күрделі қаржы) тартумен жүзеге асырылады. Инвестиция – бұл кәсіпкердің ұзақ мерзімді кезеңде пайда табу мақсатында негізгі капиталға, жаңа құрылысқа, құрал-жабдықтарға, кәсіпорынның өндірістік ауқымын ұлғайтуға, өндірісті техникалық қайта жабдық-тауға, тұрғын үйге күрделі қаржы құюы.
Инвестицияның қайнар көздеріне өнеркәсіптік кәсіпорындардың пайдалары, ірі банктердің еркін ақша қорлары, тұрғындардың жинаған ақшалары, мемлекеттің ақшалай қоры жатады. Ал инвестиция салудың артықшылықтарына жұмыссыздықтың жойылуын, ұлттық табыстың ұлғаюын, өндіріске қосымша жұмыс күшін тартуды жатқызады. Инвестицияның тиімділігін анықтау үшін өндіріске салынған күрделі қаржыны күтілетін нәтижемен салыстыру қажет. 

7.4 Қазақстандағы кәсіпкерліктің дамуы

    Шағын және орта кәсіпкерліктің қазіргі жағдайы. Қазақстан Республикасы статистика Агенттігінің (ҚРСА) мәліметтері бойынша шағын және орта кәсіпкерлік (ШОК) субъектілерінің ЖІӨ-ге қосқан үлесі 2011 жылы 22%-ға жетті. Бұл төмен көрсеткіш болып табылады. Сондықтанда мемлекет 2020 жылға ШОК-ң ЖІӨ-гі үлесін 10%-ға дейін арттыру міндетін айқындап отыр. Дамыған елдермен салыстырғанда (мәселен, Германияда – 57%, Ұлыбританияда – 52%, АҚШ-та – 52%, Францияда – 50%) отандық ШОК-ң ЖІӨ-гі үлесінің тым төмен болуы сол үлестің үлкен бөлігін ірі бизнестің жасайтындығымен (мұнай-газ және тау-кен секторларында қамтылған 7% ірі бизнес ЖІӨ-нің 75%-дан астамын өндіреді) түсіндіріледі. Бұл жағдай отандық бизнес құрылымының көп бөлігінің шикізат салаларында шоғырланғандығын айғақтайды.
ҚРСА деректеріне сүйенсек, 2012 жылдың 1-сәуіріне сәйкес тіркелген ШОК субъектілерінің саны 1 373 414 бірлікті құрады, соның ішінде, шағын бизнестің кәсіпорындары – 220 549 (16%), жеке кәсіпкерлер – 954 506 (69,5%) және шаруа (фермерлік) қожалықтары – 198 359 (14,5%) болды.
Республика бойынша 2012 жылдың 1-сәуіріне сәйкес, ШОК-те жұмыспен қамтылғандардың саны 2 664 306 адамды құрады, соның ішінде, шағын бизнестің заңды тұлғалары 738 894 адам, орта бизнестің заңды тұлғалары 657 927 адам, жеке кәсіпкерлер 877 448 адам, шаруа қожалықтары 390 037 адам болды. Ал экономикалық белсенді халықтан (8 774 638 адам) ШОК-те қамтылғандардың үлесі 30,4%-ды құрады. Сонымен қатар, осы уақыт аралығында ШОК субъектілерінің шығарған өнім көлемі 1 374 932 млн. теңгеге жетті.
Қазақстанның халықаралық рейтингтердегі көрсеткіштері. Дүниежүзілік банктің Doing Business рейтингісінде елдің бизнес-ахуалы 2008 жылы 64 орынды, 2009 жылы 63 орынды, 2010 жылы 58 орынды, 2011 жылы 47 орынды иеленді. Бұдан басқа, Қазақстан 2010 жылы кәсіпкерлік қызметпен айналысу үшін қолайлы жағдайлар жасауда ең жақсы нәтижелерге жету бойынша 10 елдің ішінен 1-орынға шықты.
Doing Business рейтингісінде 2011 жылы бизнесті ашу, меншікті тіркеу, инвесторларды қорғау, салық салу, келісімдерді орындау және кәсіпорындарды жою сияқты маңызды салалар бойынша Қазақстан алдыңғы 50 елдің қатарынан табылды.
ШОК субъектілерін қаржылық қолдау шаралары. Кәсіпкер-лікті дамыту комитеті «Даму» Қорымен бірге «Бизнестің жол картасы – 2020» Мемлекеттік Бағдарламасын (әріқарай – Бағдарлама) жүзеге асырып жатыр. Бағдарламаның мақсаты болып шикізаттық емес секторларда аймақтық кәсіпкерлікті тұрақты және теңгерімді дамыту, сонымен қатар, іс жүзіндегі жұмыс орындарын сақтау және тұрақты жаңа жұмыс орындарын ашу табылады.
Бағдарламаны жүзеге асыру барысында жалпы сомасы 350 456,9 млн. теңгеге 1 112 жоба субсидияландырылды. Жобалардың басым бөлігі мына салаларда орын алды, яғни агроөнеркәсіптік кешен – 265 жоба, көлік пен қоймалау – 223 жоба, жеңіл өнеркәсіп пен жиһаз өндірісі – 160 жоба. 
2012 жылдан бастап Бағдарламаға төмендегідей қаржы құралдары енгізілді:
1. Несиелендіруді кепілдендірудің жаңа жүйесі, бұл кәсіпкерлердің несие ресурстарына деген қол жетімділігін жақсарту мақсатында әзірленді.
2. Жаңашылдығымен ерекшеленген жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асырушы өз ісін енді бастаушы кәсіпкерлерді қолдау. 
«Жұмыспен қамту – 2020» Мемлекеттік бағдарламасы шеңбе-рінде шағын несиелерді беру және оқыту бағдарламаларын жүргізу арқылы ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсету шаралары да жүзеге асырылады. Бұл Бағдарламаға қатысушыларға 2011 жылы микрокредиттік ұйымдар арқылы 3 569 млн. теңге көлемінде шағын несие берілді. Жалпы алғанда, Бағдарламаның 1 435 қатысушысы несие ресурстарымен қамтамасыз етілді. Шағын несиенің орташа көлемі 1 862 мың теңгені құрады. 
ШОК субъектілерін қаржылық емес қолдау шаралары. Қазіргі уақытта, «Бизнестің жол картасы - 2020» Мемлекеттік Бағдарламасы «Кәсіпкерліктің әлеуетін күшейту» деген бағытын жүзеге асырып жатыр. Бұл бағыт шеңберінде ШОК-ті мемлекеттік қолдау өз ісін жаңа бастаушы кәсіпкерлерді қолдаудан (старт-ап жобалар), іс жүзіндегі бизнесті сервистік қолдаудан, ШОК-ті топ-менеджментке үйретуден, «Іскерлік байланыстар» жобасын жүзеге асырудан тұрады.

Әдебиеттер тізімі

1.    С. Әкімбеков, А.С. Баймұхаметова, У.А. Жанайдаров. Экономикалық теория. Оқу құралы. Жалпы редакция С. Әкімбековтікі. – Астана: 2002. - 464 б. 
2.    Жалпы экономикалық теория. Оқулық. Ө.Қ. Шеденов, Е.Н. Сағындықов, Б.А. Жүнісов, Ү.С. Байжомартов, Б.И. Комягин. /Жалпы редакциясын басқарған Ө.Қ. Шеденов – Ақтөбе, «А-Полиграфия», 2004 – 455 бет. 
3.    Я. Әубәкіров, К. Нәрібаев, М. Есқалиев, Е. Жатқанбаев, т.б. Экономикалық теория негіздері. Оқулық. – Алматы, «Санат», 1998. – 479 бет. 
4.    Ғабит Ж.Х. Экономикалық теория: оқу-әдістемелік кешен. – Астана: 2006., 248 б. 
5.    Нарматов С.Р., Нарматова А.С. Экономикалық теория. Лекциялар курсы. (Оқу құралы). – Алматы: «Эверо», 2009. – 516 бет.
6.    Курс экономической теории: учебник – 5-е исправленное, дополненное и переработанное издание/ Под общ. ред. Чепурина М.Н. и Киселевой Е.А. – Киров: «АСА», 2006 – 832 с. 
7.    Сажина М.А., Чибриков Г.Г. Экономическая теория: Учебник для вузов. – 2-е изд., перераб. и доп. – М.: Норма, 2005. – 672 . 
8.    Крымова В. Экономикалық теория: Кестелі оқу құралы. Алматы: Аркаим, 2009. – 196 б. 
9.    Женсхан Д.Ж. Экономикалық теория. Экономикалық емес мамандықтарға арналған қысқаша курс. Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ., 2008. – 147 б.
10.    Шеденов Ө.Қ. Экономикалық ілімдер тарихы: оқулық. - Ақтөбе: А - Полиграфия, 2006. – 316 б.
11.    ҚР-ның Президенті Н.Ә. Назарбаевтың халыққа Жолдауы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты», 2012 ж. 28 қаңтар.
12.    ҚР-ның Президенті Н.Ә. Назарбаевтың халыққа Жолдауы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз», 2011 ж. 28 қаңтар.
13.    ҚР-ның Президенті Н.Ә. Назарбаевтың халыққа Жолдауы «Жаңа онжылдық – Жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері», 2010 ж. 30 қаңтар.
14.    ҚР-ның Президенті Н.Ә. Назарбаевтың халыққа Жолдауы «Дағдарыстан жаңару мен дамуға». 2009 ж. 7 наурыз.
15.    Н.Ә. Назарбаев. Қазақстан - 2030: «Ел Президентінің Қазақстан халқына жолдауы», Алматы – 1998 ж.





Категория: Экономика | Добавил: Admin
Просмотров: 21844 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]