Экономиканы ұйымдастырудың жалпы негіздері
Мақсаты: қоғамдық өндірістің экономикалық мәнін түсіну, экономикалық теорияның негізгі базалық түсініктері: қажеттіліктер, ресурстар және игіліктер ұғымдарын кеңінен қарастыра отырып, экономикалық таңдау мәселесін шешу.
Талқылау сұрақтары:
2.1 Қоғамдық өндіріс, оның қазіргі экономикалық жүйедегі орны мен рөлі
2.2 Негізгі экономикалық түсініктер: қажеттіліктер, ресурстар, игіліктер. Маслоу пирамидасы
2.3 Шектеулілік және экономикалық таңдау мәселесі. Үнемділік.
2.4 Өндірістік мүмкіндіктер қисығы және оның экономикалық мәні
Негізгі ұғымдар: экономиканың негізгі үш мәселесі, өндіріс, қоғамдық өндіріс, өндіру, бөлу, айырбастау, тұтыну, қажеттіліктер, Маслоу пирамидасы, ресурстар, технология, игіліктер, шектеулілік, экономикалық таңдау, балама шығындар, өндірістік мүмкіндіктер қисығы, т.б.
2.1 Қоғамдық өндіріс, оның қазіргі экономикалық жүйедегі орны мен рөлі
Экономикалық теория қоғамдық ғылым ретінде шектеулі ресурстар мен мүмкіндіктер жағдайында мынадай сұрақтарға жауап беруі тиіс:
1. Не өндіру керек? – қандай тауарлар мен қызметтер өндірілуі тиіс.
2. Қалай өндіру керек? – қандай ресурстарды және технологияны пайдалану арқылы өндірілуі тиіс?
3. Кім үшін өндіру керек? – шығарылған тауар немесе қызмет кімге арналады, олар қалай бөлінеді, оларды кімдер сатып алады.
Қоғамның қажеттіліктерін барынша толық қанағаттандыру мәселесін шеше отырып, экономикалық теория экономикалық таңдау мәселесімен соқтығысады, яғни осы жерде экономикалық теория 2 аксиомаға сүйенеді:
1. АДАМДАРДЫҢ ШЕКСІЗ ҚАЖЕТТІЛІКТЕРІ;
2. РЕСУРСТАРДЫҢ ШЕКТЕУЛІЛІГІ.
Өндіріс адам өмірінің және қоғамның негізі болып табылады. Өндіріс адамның табиғатқа деген ықпал ету үдерісін білдіреді. Өндірістің түпкі нәтижесі болып табылатын қоғамдық өнім және оның қозғалысы негізгі 4 сатыдан өтеді:
1) Өндіру – пайдалы өнімдерді, материалдық және рухани игіліктерді жасау үдерісі.
2) Бөлу - өндірілген өнімде әрбір адамның үлесін анықтау.
3) Айырбастау – бір өнімді басқа бір өнімге айырбастау үдерісі.
4) Тұтыну – жасалған игілікті қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін қолдану.
Қоғамдық өндіріс екіге бөлінеді:
1. Материалдық өндіріс, бұған өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, материалдық-техникалық жабдықтау, қоғамдық тамақтандыру, құрылыс, су шаруашылығы және басқалары жатады.
2. Материалдық емес өндіріс, бұған денсаулық сақтау, білім беру, көлік, байланыс, мәдениет, несие мекемелері, қоғамдық ұйымдар, басқару органдары және басқалары жатады.
Сонымен, өндіріс – бұл қоғамдық сипатқа ие бола отырып адамзат баласының өмір сүруі үшін қажетті материалдық және материалдық емес игіліктерді өндіру үдерісі.
Қоғамдық өндіріс үнемі үздіксіз жаңартылып отырады, ол үдерісті ұдайы өндіріс деп атайды.
Ұдайы өндірістің екі тұрпаты ажыратылады:
1. Жай ұдайы өндіріс.
2. Ұлғаймалы ұдайы өндіріс.
Ұлғаймалы ұдайы өндірістің түрлері:
1. Экстенсивті ұдайы өндіріс - өндіріс факторларының санын арттыру есебінен өндірісті ұлғайту.
2. Интенсивті ұдайы өндіріс – техника мен технологияны жетілдіру, өндіріс факторларының сапасын көтеру есебінен өндірісті ұлғайту.
3. Аралас ұдайы өндіріс - өндіріс факторларының саны мен сапасын бірдей дәрежеде арттыру есебінен өндірісті ұлғайту.
2.2 Негізгі экономикалық түсініктер: қажеттіліктер, ресурстар, игіліктер. Маслоу пирамидасы
Экономикалық ғылымның жоғарыда аталған негізгі үш мәселесіне жауап бере алатын басты ұғымдар орын алады. Бұл ұғымдар экономикалық теорияның базалық түсініктері болып табылады, яғни олар:
1. Қажеттіліктер.
2. Ресурстар.
3. Игіліктер.
Енді осыларға кеңірек тоқтауымыз қажет.
Кез-келген экономикалық мәселелер қажеттіліктерді зерттеуден басталады. Экономикалық ғылымның бастамасы ең алдымен, экономикалық қажеттіліктер және олардың қанағаттандырылу тәсілдері болып табылады.
Қажеттіліктер – бұл экономиканың субъектілеріне белгілі бір экономикалық қызметті атқаруға итермелейтін ішкі ниеттер мен ынта-жігерлер, немесе басқаша сөзбен айтқанда, адамның өмір сүруін қамтамасыз етуге және де жеке бір индивидтің, фирманың және тұтастай қоғамның дамуына қажетті заттар мен нәрселерге деген жетіспеушіліктен туындайтын мұқтаждықтар. Қоғамның кез келген қажеттілігі игіліктер арқылы қанағаттандырылуы тиіс.
Игіліктер – бұл қажеттіліктерді қанағаттандыратын құралдар; өндірушілер мен тұтынушылардың экономикалық қызметінің объектісі. Олар шексіз (мысалы, ауа, күннің нұры, жел энергиясы) және шектеулі көлемде болып келеді. Шектеулі көлемдегі игіліктерді экономикалық игіліктер деп атайды. Яғни, экономикалық игіліктер дегеніміз – экономикалық қажеттіліктерді қанағаттандыра алу қасиетіне ие материалдық және материалдық емес заттар мен қызметтер. Ал экономикалық игіліктердің ерекше түріне тауар немесе қызмет көрсету жатады. Тауар немесе қызмет көрсету дегеніміз – нарықтық экономикалық жүйеде сатылатын және сатып алынатын материалдық және материалдық емес экономикалық игіліктер. Адамдардың экономикалық қажеттіліктері көбінесе игіліктерді өндіру мүмкіндігінен асып кетіп отырады. Сондықтан да, жетпеген тұтынушылық игілікті өндіру үшін жанама экономикалық игілік – ресурстар қажет.
Ресурстар – бұл қандай да бір экономикалық қажеттілікті қанағаттандыруы тиіс экономикалық игіліктерді (тауарлар мен қызметтерді) өндіруде қолданылатын ресурстардың барлық түрлері немесе басқа игіліктерді өндіруде қолданылатын игіліктер. Сондықтан да, оларды өндіріс факторлары деп атайды. Қазіргі уақытта, олардың негізгі түрлеріне еңбек, капитал, жер, кәсіпкерлік қабілет және ақпарат жатады.
Экономикалық теорияда өндіріс факторларын талдаудың маңызы өте зор. Осыған сәйкес, өндіріс факторларына деген екі ғылыми көзқарас қалыптасқан: олар - маркстік және маржиналистік.
1. Маркстік тұжырымдама өндірістің үш факторын бөліп көрсетеді: 1) адамның еңбегі; 2) еңбек заттары; 3) еңбек құралдары. Адамдардың еңбек үдерісінде өңдеуге түсетін табиғат заттарын еңбек заттары деп атайды. Олардың екі түрі орын алады, біріншіден, табиғаттың тікелей берген заттары (балық, мұнай, газ, т.б.), екіншіден, өңдеуге түскен еңбек заттары (шикізат). Еңбек құралдары деп адамдардың солардың көмегімен еңбек затына ықпалын білдіретін құралдарын айтады. Еңбек құралдарына машиналар, станоктар, жабдықтар, құрал-саймандар, өндірістік ғимараттар, жолдар және басқалары жатады. Еңбек заттары мен еңбек құралдары бірігіп жиынтығында өндіріс құрал-жабдықтарын құрайды. Ал өндіріс құрал-жабдықтарын және өндірістік тәжірибесі бар, еңбек құралдарын іс-әрекетке икемдеп қосатын адамдарды қоғамның өндіргіш күштері деп атайды.
2. Маржинализм тұжырымдамасы бойынша, өндіріс факторлары төртке бөлінеді: 1) еңбек; 2) капитал; 3) жер; 4) кәсіпкерлік қабілет.
Еңбек – бұл өндіріске тартылатын жұмыс күшінің жиынтығы ретінде қарастырылатын адамның интеллектуалдық және физикалық іс-әрекетінің жиынтығы.
Капитал – өндіріс құрал-жабдықтарының жиынтық кешенінің материалдық формасы ретінде саналатын машиналар, құрал-саймандар, қоймалар, көлік және байланыс құралдары, т.б.
Жер – бұл табиғи байлықтар, жердің қыртысы, пайдалы қазбалар, орман және су ресурстары, жыртуға жарамды жерлер түрінде қарастырылатын табиғи ресурстардың жиынтығы.
Кәсіпкерлік қабілет - өндірісті ұйымдастыру және оған бақылау жасау бойынша шешуші әрекет ретінде қарастырылатын ерекше фактор.
Қазіргі кездері осы аталған өндіріс факторларының қатарына менеджмент пен ақпарат ресурстарын қосады. Менеджмент – бұл идеялар, модельдер, инновациялық өнім үлгілері, технологиялар, ұйымдастыру нысанында көрінетін ерекше ресурс. Ақпарат технологиялық жаңарудың қозғаушы күші, өндіріске жаңа идеяларды және жобаларды енгізудің көзі ретінде қарастырылады.
Сонымен қатар, қазіргі экономистер өндіріс факторларына сәйкесінше, экологиялық факторды және уақытты жатқызады. Экологиялық фактор бұл жерде экономикалық өсудің импульсі ретінде қоршаған ортаның ластануымен байланысты өндіріс мүмкіндігінің шектеулілігін түсіндіреді. Уақыт факторы да өндірісте қолданылатын және оның тиімді жұмсалуын көрсететін шектеулі ерекше ресурс ретінде көрінеді.
2.3 Шектеулілік және экономикалық таңдау мәселесі. Үнемділік
Уақыттың әрбір нақты кезеңінде экономикалық ресурстардың шектеулілігі мәселесі орын алады.
Ресурстардың шектеулілігі дегеніміз – барлық экономикалық қажеттіліктерді бір мезетте қанағаттандыру мүмкін еместігінің көрсеткіші. Ресурстар шектеулі болғандықтан оларды тиімді пайдалану қажет. Әр өндірістік ресурстың шегінің болуы және экономикалық мақсаттардың көп болуы – экономикалық таңдау мәселесін туындатады.
Экономикалық таңдау дегеніміз – берілген шығындар деңгейінде қоғамның қажеттіліктерін максималды түрде қанағаттандыру мақсатының орындалуы кезінде бірдей альтернативті нұсқалардың ішінен ең дұрысын және жақсысын таңдап алу. Кез келген қоғамның алдында әрдайым шектеулі ресурстардың аһуалы мен бағытын анықтау мәселесі тұрады. Пайда болған мәселелерді шешудің ең жақсы нұсқаларын таңдап соны жүзеге асыру барысында экономикалық субъект экономикалық рационалдылыққа және ұтымды шешім қабылдауға жүгінеді.
Экономикалық рационалдылық немесе ұтымды шешім қабылдау дегеніміз – рационалды субъектінің өз алдына қойған мақсаттарын жүзеге асыру барысында берілген шығындар деңгейінде немесе ең аз шығынмен максималды нәтижелілікке жетуіндегі ұтымды шешім қабылдау әрекеті мен мінез-құлқы. Сондықтанда, микроэкономикалық теорияда әрбір шаруашылық жүргізуші субъект аса жоғарғы көрсеткішке жетуіне тырысады: тұтынушы өз қажеттіліктерін максималдауды, фирма өз пайдасын арттыруды, мемлекет халықтың әл-ауқатын көтеруді мақсат етеді.
Экономикалық таңдау мәселесі үнемдеу мәселесімен тығыз байланысты болып келеді. Үнемдеу мәселесі дегеніміз – берілген экономикалық субъектінің берілген қажеттілікті қанағаттандыруға игіліктерді дұрыс ойластырып және шектеп жұмсауынан туындайтын мәселелер, демек соның нәтижесінде басқа да қажеттіліктерге осы игілікті жеткізе алу. Алайда, балама қажеттіліктерді шектеулі игіліктермен қанағаттандыруды түсіндірген кезде экономикалық әрекеттердің шығындары туралы айтып өтуіміз керек, себебі кез келген экономикалық қызмет шығындарсыз орындалмайды. Нақты өмірде адамдар үнемі баламалы (альтернативті) шығындармен кезігіп отырады. Бір өнімді өндіре отырып біз екінші бір өнімді өндіруден бас тартуымыз қажет. Ұтымды субъект болашақ шығындарын есепке алып қоймай, сонымен қатар, ол оңтайлы экономикалық таңдау жасау үшін қолданыла алмаған және жіберіп алған өндірістік мүмкіндіктер шығындарын да есепке алуы қажет. Яғни, баламалы (альтернативті) шығындар дегеніміз – жіберіп алған немесе қолданыла алмаған мүмкіндіктер шығындары, бір өнімді өндіру барысында құрбан болған және таңдауға ие болмаған балама нұсқалардың сол өнімді өндірудің құнымен өлшенген шығындары.
2.4 Өндірістік мүмкіндіктер қисығы және оның экономикалық мәні
Экономикалық таңдау кезінде баламалы шығындарды есептеу экономикалық талдаудың маңызды принциптерінің бірі болып есептелетіндігі бізге белгілі.
Енді баламалы (альтернативті) шығындарды график арқылы, яғни өндірістік мүмкіндіктер қисығы арқылы көрсетуге болады. Бұл қисық – екі секторлы экономикалық модель. Берілген өндірістік ресурстар қорын және белгілі деңгейдегі технологияны пайдаланып, осы ресурстан дайын өнім өндіргенде бір ғана баламалы игіліктің өндірісін кеңейтуге болады, бірақ осы уақытта басқа игіліктің өндірісі азаяды. Және де бұл кезде ресурстардың өндірістік құрылымдарының баламалы мүмкіндіктері өте көп болады.
Өндірістік мүмкіндіктер дегеніміз – технологиялық дамудың белгілі бір деңгейінде қолдағы бар ресурстардың барлығын аса толық және тиімді пайдалана отырып экономикалық игіліктерді өндірудегі қоғамның мүмкіндіктері. Жоғарыда атап өткеніміздей, өнімнің мүмкін шығарылымын өндірістік мүмкіндіктер қисығы сипаттайды. Мысалы, қоғамда тек қана екі игілік өндіріледі: тұтыну заттары және инвестициялық тауарлар. Оны 2.1 суретінен көруге болады. Осы суретке сәйкес, А нүктесінде – ресурстардың барлығы тұтыну заттарын өндіруге жұмсалады. Е нүктесінде – ресурстардың барлығы инвестициялық тауарларды өндіруге жұмсалады. D нүктесі – тиімсіз өндірісті білдіреді. N нүктесі – мүмкін емес өндірісті сипаттайды. А, В, С, Е нүктелерінен өтетін қисықты біз өндірістік мүмкіндіктер қисығы – ресурстарды толық пайдалану кезіндегі альтернативтік нұсқаларды сипаттайтын қисық деп атаймыз.
А
тұтыну В . N
заттары
С
. D
E
Инвестициялық тауарлар
Сурет 2.1 Өндірістік мүмкіндіктер қисығы
Әдебиеттер тізімі
1. С. Әкімбеков, А.С. Баймұхаметова, У.А. Жанайдаров. Экономикалық теория. Оқу құралы. Жалпы редакция С. Әкімбековтікі. – Астана: 2002. - 464 б.
2. Жалпы экономикалық теория. Оқулық. Ө.Қ. Шеденов, Е.Н. Сағындықов, Б.А. Жүнісов, Ү.С. Байжомартов, Б.И. Комягин. /Жалпы редакциясын басқарған Ө.Қ. Шеденов – Ақтөбе, «А-Полиграфия», 2004 – 455 бет.
3. Я. Әубәкіров, К. Нәрібаев, М. Есқалиев, Е. Жатқанбаев, т.б. Экономикалық теория негіздері. Оқулық. – Алматы, «Санат», 1998. – 479 бет.
4. Ғабит Ж.Х. Экономикалық теория: оқу-әдістемелік кешен. – Астана: 2006., 248 б.
5. Нарматов С.Р., Нарматова А.С. Экономикалық теория. Лекциялар курсы. (Оқу құралы). – Алматы: «Эверо», 2009. – 516 бет.
6. Курс экономической теории: учебник – 5-е исправленное, дополненное и переработанное издание/ Под общ. ред. Чепурина М.Н. и Киселевой Е.А. – Киров: «АСА», 2006 – 832 с.
7. Сажина М.А., Чибриков Г.Г. Экономическая теория: Учебник для вузов. – 2-е изд., перераб. и доп. – М.: Норма, 2005. – 672 .
8. Крымова В. Экономикалық теория: Кестелі оқу құралы. Алматы: Аркаим, 2009. – 196 б.
9. Женсхан Д.Ж. Экономикалық теория. Экономикалық емес мамандықтарға арналған қысқаша курс. Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ., 2008. – 147 б.
10. Шеденов Ө.Қ. Экономикалық ілімдер тарихы: оқулық. - Ақтөбе: А - Полиграфия, 2006. – 316 б.
11. ҚР-ның Президенті Н.Ә. Назарбаевтың халыққа Жолдауы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты», 2012 ж. 28 қаңтар.
12. ҚР-ның Президенті Н.Ә. Назарбаевтың халыққа Жолдауы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз», 2011 ж. 28 қаңтар.
13. ҚР-ның Президенті Н.Ә. Назарбаевтың халыққа Жолдауы «Жаңа онжылдық – Жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері», 2010 ж. 30 қаңтар.
14. ҚР-ның Президенті Н.Ә. Назарбаевтың халыққа Жолдауы «Дағдарыстан жаңару мен дамуға». 2009 ж. 7 наурыз.
15. Н.Ә. Назарбаев. Қазақстан - 2030: «Ел Президентінің Қазақстан халқына жолдауы», Алматы – 1998 ж
Ұнады ма? Онда достарыңмен бөліс!
|