Приветствую Вас Гость • Регистрация • Вход • RSS
Вторник, 5.12.2023
Главная » Файлы » Қазақша рефераттар » Қазақ әдебиеті [ Добавить материал ]

Кенен Әзірбаевтың әдеби шығармашылығы


Оқушылар,студенттер,мұғалімдер,сайт қолданушылары өз материалыңызбен бөліссеңіз қуанышты болатын едік!

[ Скачать с сервера (193.5 Kb) ] 24.02.2014, 22:09
ЖҰМЫСТЫҢ ЖАЛПЫ СИПАТТАМАСЫ

Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Адамзат тарихындағы үшінші мыңжылдықтың басталуы жаңа қоғамдық құндылықтардың қалыптасу жолында өткен дәуірлердегі мәдени, тарихи процестерге жаңаша көзқараспен қарауға зор мүмкіншілік тудырды. Соның ішінде, қазақ әдебиеті тарихының ХІХ ғасырдағы әдебиет пен өнер саласындағы тарлан тұлғаларының шығармашылық мұраларын қайтадан қарап, жарияланбаған еңбектерін халыққа насихаттауға еркін қол жетті.
ХІХ ғасырдағы ұлт әдебиетінің Қазақстандағы сол кездегі саяси-әлеуметтік, қоғамдық үлкен өзгерістерге, ауысуларға ұшырауына байланысты сан-салалы дамып, жаңа бағыт-бағдарға ие болғанын ХХ ғасырдағы кеңестік идеологияның социалистік реализм принципі тек біржақты таптық тоталитарлық тұрғыда зерттелуін қадағалап отырды. Сондықтан, қазақ әдебиетіндегі жыраулық поэзия, одан кейін дүниеге келген ақындық поэзияның ролі мен мақсат-мүддесі терең зерттелмей келді.
Жұмыста кеңес дәуірінде тиым салынып келген немесе кештеу зерттеле бастаған ХІХ ғасырда ақындық поэзияның ірі өкілдерінің бірі саналған және дәстүрлі айтыс өнерінің ақтангері атанған Кенен Әзірбаевтың (1884-1976) шығармашылық әдеби мұрасы зерттеледі.
Қазақ әдебиеті тарихында Кенен тектес халық ақындарының есімдері аталып, бірді-екілі кішігірім мақалаларға арқау болғанымен, кеңес дәуірінде олардың шығармашылық өмірбаяны, әдеби шығармашылығы жайлы арнайы зерттелмеді.
Диссертация жұмысының өзектілігі – ақын Кенен Әзірбаевтың барлық әдеби шығармашылығын алғаш рет тұтастай толық қарап, оның әдебиеттегі орны мен бағыттарын анықтау. Ақынның әдеби шығармашылық мұрасы диссертациялық зерттеуге арқау болып, бұрын ғылыми айналымға түспеуі себепті алғаш жалпы шығармашылық тұтастық күйінде арнайы сөз болуы және ақынның өзі өмір сүрген дәуірдегі тарихи-мәдени даму ауқымында саралануы тақырыптың зәрулігін анықтайды.
Кенен Әзірбаевтың әдеби шығармашылығын түбегейлі зерттеп, оның басты ерекшеліктерін, атап айтқанда, ақындар айтысын дамытудағы көшбастаушылық, жетекшілік ролін, ақындық поэзиядағы шығармаларының маңыздылығын тереңірек зерделеу қажет. Жоғарыда айтылған мәселелердің негізінде қазақ әдебиеті тарихында арнайы ғылыми зерттеу арналмаған Кенен Әзірбаевтың әдеби шығармашылығын толықтай зерделеп шығу тақырыптың өзектілігін дәлелдейді.
Тақырыптың ғылыми зерттелу деңгейі. Ұлттық әдебиеттануымызда  Кенен Әзірбаевтың өмірі мен шығармашылығы ғылыми тұрғыда арнайы зерттелген емес. Кенен мұрасы хақында М.Әуезов [1], С.Мұқанов [2], Е.Ысмайылов [3], А.Жұбанов [4] және халық ақыны Ж.Жабаев құнды пікірлер айтты. Ал С.Бегалин [5], С.Бақбергенов [6], С.Сейітов [7], Т.Сыздықов [8], Ә.Тәжібаев [9], Н.Төреқұлов [10], М.Жолдасбеков [11], С.Негимов [12] т.б. мақалалар мен естеліктер жазды. Кенен мұраларына қатысты жеке зерттеу еңбек болмағанымен, әр жылдарда жазылған Т.Тебегенов [13] пен Ш.Керім [14], С.Жумкина [15], Т.Әлібековтардың [16]  еңбектерінде ақынның аты аталып кетеді.
1984 жылы Н.Төреқұлов пен Б.Әзірбаевтың құрастыруымен екі томдық таңдамалы шығармалар жинағы, 1998 жылы Т.Кененқызының авторлығымен «Кенен» [17] естелік-эссесі, 2000 жылы «Аңыздар сыры» [18] жинағы, 2001 жылы «Екі Кенен тумайды» [19] естеліктер жинағы, 2003 жылы Е.Қосбармақовтың құрастыруымен «Көпшілік, тыңда әнімді» [20] әндер жинағы, 2004 жылы ақынның 120 жылдық мерейтойына арналған Б.Кененұлының құрастыруымен «Әке рухымен сырласу» [21] атты ақын туралы естеліктер мен мақалалар топтастырылып, кітапша болып жарық көрді.
Бұл еңбектердің бәрі – ақын мұраларына, оның қазақ поэзиясына қосқан үлесіне ғылыми тұрғыдан баға беретін татымды дүниенің бастауы, бір арнасы ғана. Алайда Кенен шығармашылығын ұлттық әдеби дәстүрлер аясында кеңінен қарастырып, әдеби-тарихи контекстте байыптау, сол арқылы ақынның өзіндік дара бітімін ашып, әдеби дамудағы, рухани өмірдегі орнын айқындау, шығармаларын халықтың әдеби мұраларымен сабақтастыра зерттеу кешеуілдеп келді. Әдеби-тарихи кезеңді объективті бағалауға қолайлы жағдай жасалуы, сондай-ақ әдебиет тарихына қатысты көптеген деректердің жиналуы, молығуы әлі күнге тұтас зерттеле қоймаған көрнекті шығармашылық өкілдерінің өмірі мен әдеби мұрасын бүгінгі күн тұрғысынан таразылауға мүмкіндік береді.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Зерттеу жұмысының мақсаты – ХІХ ғасырда өмір сүрген ақын Кенен Әзірбаевтың әдеби мұрасын жинақтау, оның шығармашылығын қазақ әдебиеті тарихы аспектісінде дәуірлік сипаттарын айқындау және тақырыптық, көркемдік өрнектеріне талдау жасау арқылы тұтастай әдеби баға беру болып табылады. Сол себепті диссертация орындау барысында ақынның шығармалары жүйеленіп, мазмұндық мағынасына орай сипатталды.
Негізгі мақсатты орындау үшін осы диссертациялық жұмыста төмендегідей міндеттер қойылды:
• Кенен Әзірбаев өмір сүрген дәуірдің қоғамдық саяси-әлеуметтік      
  сипатын саралай отыра, оның жекелей ғұмырнамасы мен әдеби 
  ортасына баға беру;
• Ақын туралы әдеби-тарихи мағлұматтарды, архивтік деректерді, жеке 
  адамдардағы материалдарды жинастырып, оны толықтырып, жан-
  жақты сараптау жұмыстары жүргізілді;
• Ақынның ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетіне қосқан үлесін анықтау, 
  шығармаларын ғылыми жүйелік негізде жан-жақты талдау;
• Әдебиеттануда ақын туралы айтылған әр қилы ой-пікірлерге, түрлі 
  материалдарға назар аудара отырып сараптамалар жасау;
• Қолда жинақталған барлық шығармаларының тақырыптық 
  және көркемдік ерекшеліктерін айқындай отырып, оған әдеби баға 
  беру арқылы ғылыми айналымға енгізу;
• Айтыстары мен өлең, толғауларының мазмұны мен түріне қарай 
  олардың әдеби теориялық құрылымын анықтау;
• Кененнің айтыс өнерін игерудегі, жетілдірудегі үлесін, суырып салма-
  импровизаторлық шеберлігі мен кәсіпқойлық деңгейіне әдеби 
  сипаттама беру, ақындық поэзияны дамытуға қосқан үлесін анықтау.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. ХІХ ғасыр әдебиетіне, соның ішінде, айтыс жанры мен ақындық поэзияны дамытып жетілдіруде зор үлес қосқан Кенен Әзірбаевтың әдеби шығармаларының алғаш рет толықтай жинақталып зерттелуінің өзі тақырыптың ғылыми сипатын көрсетеді.
Ақын мұраларын зерттеу барысында диссертациялық жұмыстың жаңалықты тұстары төмендегі мәселелерден көрінеді:
1.           Кенен Әзірбаевтың шығармашылық өмірбаяны тұңғыш рет біртұтас
жүйеде қарастырылып, осыған дейін түрлі жинақтарда, баспасөз
беттеріндегі әр қилы пікірлер сараланып, оған тұжырымды дәлелдер
беріліп, ғылыми тұрғыда сарапталды.
2.           Ақынның тарихи-ғұмырнамалық деректері негізінде ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті тарихының кейбір мәселелерін қазіргі жаңа көзқарас тұрғысында бағалауға талпыныс жасалып, зерделенді.
3.           Диссертациялық жұмысты жазу барысында Кенен Әзірбаевтың бұрын еш жерде басылмаған, баспасөз бетінде жарияланбаған еңбектері Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының сирек қолжазбалар қорынан және ұрпақтарынан алынып, оларға тұңғыш рет ғылыми тұрғыдан зерттеу жүргізілді.
4.           Кенен Әзірбаевтың айтысы туралы әр жылдары жарыққа шыққан жинақтарда, баспасөздерде, жекелей монографияларда шағын мақалалар ғана болған. Жұмыста ақынның айтыстарына жан-жақты ғылыми талдау жасалынады және оның ХІХ ғасырдағы ақындар айтысы жанрына қосқан үлесі сараланды.
5.           Кенен Әзірбаевтың ақындық поэзиядағы орны, өлеңдерінің көркемдік ерекшеліктері алғаш рет таразыланып, жаңа қорытындылар ұсынылады. Сонымен қатар, тұңғыш рет табылған «Абай», «Құрметті інім Жұмабайға» деген өлеңдері талданып, ғылыми баға беріліп, әдеби айналымға түсірілді. Ақынның өнердегі басқа да қырларына (әңгімешіл, ертегішіл, әншілігі, күйшілігі) зерделеу беріледі.
6.           Қоғамдағы саяси, тарихи-әлеуметтік құбылыстар мен жағдайлар негізінде қалыптасқан рухани-мәдени ортаның көркемдік талап пен талғамға әсері, Абай, Біржан, Балуан Шолақ, Жамбыл мектептерінің Кенен шығармашылығына жасаған ықпалы мен орны жайлы тұжырымдалған байламдар жасалды.
7.           Ақынның шығармашылығы жекелеген мақалалар көлемінде болмаса диссертациялық тұрғыдан зерттелмеген. Ғылыми нәтижесі тұңғыш рет ақынның мұрасы жан-жақты жинақталап, талданып, оқу құралы ретінде баспа бетінен жарық көрді.
Қорғауға ұсынылған негізгі тұжырымдар.
Кенен Әзірбаев шығармашылығын зерттеу арқылы қазақ фольклоры мен әдебиетіндегі дәстүр мен жаңашылдық, жалпылық пен даралық мәселелері жан-жақты, теориялық та, практикалық та тұрғыдан қарастырылып, қазіргі әдебиеттанудың қажеттілігі мен талабы деңгейінде шешілді. Жеке ақын бойында синкреттік өнер ХХ ғасырда да, яғни жазба әдебиеттің, әр алуан кәсіби өнердің, техника мен ғылымның жоғары дамыған тұсында да өмір сүретіні дәлелденді, ал мұның өзі – қазақ халқының ежелден келе жатқан рухани күш-қуатының әлі де мықты екенін көрсетеді. Кененнің таланты жыршылық әрі ақындық өнер арқылы ашылғаны, яғни ХХ ғасырдың өзінде де қазақ ауыз әдебиетінің өкілдері, дәлірек айтқанда халық ақындары көп жағдайда жыршы болып бастап, даралығы бар сөз шебері ретінде қалыптасатыны – заңдылық. Мұны Жамбылдың, Нұрпейістің, Исаның, т.б. халық ақындарының шығармашылығынан көреміз.
– К.Әзірбаев – ХІХ ғасырдың аяғы, ХХ ғасырдың басындағы ақындық, жыршылық мектептердің көрнекті өкілі, оның дәстүрін жалғастырушы, жаңғыртушы.
– Кененнің үлгі алу мектебі – Жетісу жеріндегі би-шешендер, ақындар мен жыршылар шоғырланған рухани орта және фольклор мен авторлық ауыз әдебиеті, атақты сал-серілердің шығармашылық үлгілері мен тәжірибелері.
– К.Әзірбаев – айтыс өнерінің майталманы, эпикалық жанрда да өзіндік қолтаңбасы бар ақын.
– Кенен – қазақ сөз өнерінің дәстүрлі өлең өрнектерін өзінше құбылтқан айшықты, көркем тілдің шебері.
Зерттеу жұмысының теориялық және практикалық маңызы. Зерттеу жұмысында алынған нәтижелер мен ғылыми тұжырымдардың, қорытынды пікірлердің практикалық мәні үлкен. Ғылыми нәтижелерді қазақ әдебиетінің тарихына, авторлық ауыз әдебиеті өкілдеріне қатысты зерттеу жүргізгенде, жоғары оқу орындары филология факультеттерінің қазақ бөлімдерінде қазақ әдебиеті тарихын өту барысында, арнаулы курстар мен семинарларда, сондай-ақ гимназия, лицей, қазақ тілі мен әдебиеті пәнін тереңдетіп оқытатын мектептерде пайдалануға болады.
Зерттеу жұмысының ғылыми, теориялық, әдістемелік негіздері. Диссертациялық жұмыстың теориялық және методологиялық негізі ретінде әдебиеттану ғылымының жетістіктері, ғылыми ізденістері басшылыққа алынды. Әсіресе, қазақ поэзиясын, оның тарихы мен теориясын, сондай-ақ ақындардың, жыраулардың, жыршылардың шығармашылығын қарастырған еңбектер зерттеуіміздің негізгі методологиялық әрі ғылыми тірегі болды. Сонымен қатар орыс оқымыстыларының диссертация мәселелеріне қатысты зерттеулері мен ой-пікірлері негізге алынып, тақырыпты игеру барысында әдістемелік бағыт-бағдар ретінде пайдаланылды.
Зерттеудің әдіс-тәсілдері. Диссертациялық жұмыста жүйелі-кешенді, тарихи-хронологиялық-сипаттамалы талдау әдістері қолданылды.
Зерттеу жұмысының нысаны және негізгі дерек көздері ретінде К.Әзірбаевтың "Өлеңдері мен дастандары” (1952) [22], "Өлеңдері мен дастандары және ән текстері” (1955) [23], "Өмірімнің әндері” (1961) [24], "Тойбастар” (1973) [25], "Алатау шыңы” (1974) [26], "Екі томдық таңдамалы шығармалар” (1984) [27], "Аңыздар сыры” (2000) [18], "Көпшілік, тыңда әнімді” (2003) [20] атты жыр жинақтары, әр жылдар мерзімді басылымдарда жарық көрген шығармалары, қолжазба қорында сақталған мұралары, өмірбаяндық очерктері, баспасөз беттерінде жарияланған сын-зерттеу материалдар, танымдық мақалалар пайдаланылды.
Зерттеу жұмысының сыннан өтуі мен сарапталуы. Диссертациялық жұмыс нәтижелері мен тұжырымдары белгіленген тиісті басылымдарда жарияланған 3 ғылыми мақала мен халықаралық, республикалық ғылыми-теориялық және ғылыми-тәжірибелік конференцияларда жасалған 4 баяндама түрінде көрініс тапты. Диссертациялық жұмыстың қолжазбасы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика институты тарих-филология факультетінің қазақ әдебиеті кафедрасының, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қазіргі қазақ әдебиеті бөлімінің, институттың ғылыми кеңес  мәжілістерінде талқыланып, қорғауға ұсынылды.
Зерттеу жұмысының құрылымы. Диссертация кіріспеден, үш тараудан және қорытындыдан тұрады. Соңында пайдаланылған әдебиеттер тізімі берілді.

ЖҰМЫСТЫҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ

Кіріспеде тақырыптың өзектілігі, зерттелу деңгейі, мақсаты мен міндеттері, ғылыми жаңалығы, ұсынылатын тұжырымдар, зерттеу нысаны мен дерек көздері, теориялық-тәжірибелік маңызы, сарапталуы мен құрылымы жөнінде негізгі мәліметтер берілген.
Диссертациялық жұмыс үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім "Кененнің жыршылық өнері” деп аталады. Бұл бөлім "Кененнің репертуарындағы жырлар”,  "Кененнің жырды орындау мәнері” деген екі тарауға бөлінеді.
"Кененнің репертуарындағы жырлар” атты бірінші тарауда тұңғыш рет Кенен Әзірбаев өнерінің жыршылық өнері қарастырылып, түрлі әдеби қорлардан алынған дәйек көздері мен ел аузынан жиналған мәліметтер негізінде Кененнің жыршылық шеберлігі зерттеледі.
Кенен – қазақтың бай эпикалық мұрасы мен импровизаторлық дәстүрін жалғаушы әрі дамытушы. Ол қазақ, қырғыз халықтарының төл жырларымен шығыс аңыздарының желісіне құрылған қисса-дастандарды рухани азық етіп, өмір бойы жырлап өткен. Алайда, ХІХ ғасырдың көп ақындары сияқты Кененнің де жыршылық қыры бүгінге дейін ашылмай келді. Шындығында ол "Ұлы жүз жайында аңыз”, "Жалғыз қаз”,  "Қырғызбай”, "Әли батыр”, "Кенебай – Кербез”, "Жамбыл – жыр”, "Бұрынғы өткен батырлар”, т.б. жырлар мен "Сүйінбай мен Тезек төренің кездесуі”, "Тезек төре мен Бақтыбай ақын”, "Тезек төре – Түбек - Құлмамбет”, "Құлмамбет ақынның Шабдан батырға айтқаны” және өзінің айтыстарын жадында ұстап, ел арасына таратып келген.
Кененнің жыршылық репертуарында Орта Азия халықтарына ежелден әйгілі болған "Ер Төстік”, қырғыздың атақты эпосы "Манас” ("Төкетай мен Мәнікер”) жырлары болған. Біздің дәуірімізге ақын идеялық-көркемдік мәні күшті "Қырғызбай”, "Әли батыр”, "Кенебай – Кербез”, "Жамбыл – жыр” жырларын жеткізді. Кененнің бұлардан да басқа эпикалық аңыздарды айтып келгені де белгілі.
"Төкетай мен Мәнікер” (көлемі 1000 жолдай) мазмұны өзге қазақ жырларынан бөлек. Бұл тұста оның үш ерекшелігін атап көрсеткіміз келеді. Біріншіден, мұнда әрекет ететін қаһармандар қазақ пен қырғызға белгілі (Көкетай, Ер Қосай, Әлмембет, Ер Көкше т.б.), екіншіден, балаларына қыз іздеп "Күнбатыста Ақжелек, Күншығыста Көкжелек” елдерінің арасын кезетін Төкетайдың бағыты Ертістен Қырымға дейінгі жерлерді мекендеген бір замандағы Алтын Орда империясының аймағын қамтиды, үшіншіден, жырда ертегінің әйгілі қаһарманы Ер Төстік Қырым елінің батыры ретінде көрінеді. Жанрлық жағынан алып қарағанда мұнда батырлық эпостың да, тарихи жырдың да, ертегінің де элементтері араласып келіп отырады. Бір тараптан қарағанда "Төкетай мен Мәнікер” ертедегі бірнеше жырдың сарынынан құралған туынды секілді. Кітапта бұл жыр үзінді ретінде ғана берілгендігі оның генетикалық немесе жанрлық сипаты туралы тұжырым жасауды қиындатады. Өзге нұсқаларды кездестіре алмадық. Сондықтан әңгіме жырдың дәл кітаптағы нұсқасы және оның кейбір көңіл аударатын елеулі тұстары туралы болмақ.
Бұл – Кененнің ең көлемді эпикалық дастаны. Негізгі сюжеті қырғыздың "Манас” эпосы мен қазақтың "Ер Төстік” ертегісінен нәзира етілген. Кенен 1940 – 45 жылдары үзік-үзік жыр етіп жүріп, 1947 жылы басын біріктіріп, ұзақ дастан қалпына келтірген. Оны өзі "Көкетайдың асы” деп атаған. 1967, 1974 жылдардағы жинағында "Төкетай мен Мәнікер”, "Ер Төстік” деген тараулары жарияланды. Ақынның 100 жылдық мерейтойына арналған екі томдық таңдамалы шығармалар жинағына бұл жолы екі дастанды біріктіріп, мазмұн желісіне қарай аты "Бұрынғы өткен батырлар” деп өзгертіліп, толық нұсқасы берілді.
"Төкетай мен Мәнікер” жырындағы қаһарманның бірі – Ер Төстік. Бұл ертегінің кейіпкері Ер Төстікпен негізі бір екені анық. Мұнда ол Елеместің (ертегідегі Естеместің емес) отыз ұлының кенжесі, мұның да жүйрік аты Шалқұйрық деп аталады. Жырдың аңғарына қарағанда Ер Төстік Қырым ханы Ақжелекке бағынғысы келмейтін, елді өзі билеуге ұмтылған адам. Жетісудан барған, Ақжелек ханмен тіл тапқан жалғыз жолаушы, жеке батыр – Төкетайды өлтіріп жіберуі Ер Төстіктің айбаты мен қайраты ханнан да жоғары екенін сездіреді. "Төкетай мен Мәнікер” жырында тарихи оқиғалардың жаңғырығы бар деп топшылауға болады. Алтын Орда дәуірінде  сол ұлан-байтақ ұлысты жайлап жатқан елдердің жергілікті өз билеушілері болғаны, олар өзара дауласып, соқтығысып отырғаны белгілі. Кейде ондай билеушілер хандардың айтқанына көнбей азулы батырлар мен ру басылар болатын. Бұған тарихтан аты мәлім Ноғай, Мамай, Едігелерді мысалға келтірсек те болады. Эпоста жол жөнекей ескертілген жайлардың тасасында халықтың тарихи тәжірибесі мен естелігі, түрлі оқиғаларға көзқарасы мен бағасы жататынын мойындасақ, "Төкетай мен Мәнікердің” де өткен замандардың әлеуметтік қайшылығынан өз дәрежесіне көркемдік хабар бере алатындығын көреміз.
Жырдың тілдік кестесі көркем. Оның кейбір тұстары эпосымыздың ең таңдаулы жолдарын еске салады. "Төкетай мен Мәнікер” талай жыршының аузымен айтылғаны, табиғи екшелу, жеттігу жолынан өткені аңғарылады. Мұнда терең ойларды тұжырымдап, қанатты нақыл сөздер қалыптастырған шумақтар аз емес.
Бозторғайға бақ қонса 
Бидайық, қыран бағынар.
Шымшық құсқа бақ қонса 
Самырық келіп жағынар [27,152 б.], – деген жолдар осы ойымызды дәйектей алса керек.
Кенен Әзірбаев аңыз, ертегі негізінде "Ер Төстік” жырын да айтып келген. Бұл жырдың түрлі халықтар арасында тараған сюжетінде көне дәуірдің мифологиялық түсініктерін әйгілейтін деректер мол. Мәселен, үш қат әлем – жер, жердің асты, көк туралы ұғым бұл жырда анық байқалады. Жер бетінің тұрғыны Төстік жер астына түсіп, көп қатерлі оқиғаларға душар болады. Тағы да бір ескерерлігі – Ер Төстік жырда жер астына  "ажалдан қашып” түскен болып суреттеледі. Бұл арадан Қорқытқа байланысты аңыздардың идеясы елес береді.
"Кененнің жырды орындау мәнері” атты екінші тарауда Кененнің орындаушылық өнері жөнінде ой-пікірлер қозғалады. Кенен жырларын, оның орындаушылық қабілетін аңғара қарасақ, онда жыршылықтың нышаны анық байқалады. Ол өзінен бұрынғы және өз замандастарының өлең, жырларын жатқа айта білетін "құйма құлақ” жыршы. "Сүйінбайдың Тезек төреге айтқаны”, "Сарбас пен Қуандық”, "Шөже мен Кемпірбай айтыстары” және қырғыз ақындары Қалмырза, Оспанқұл, Әлімқұлдың шертпе жырларын өз әуен, өз мақамымен жырлаған.
Импровизация  процесінде өлеңді, сөзді барынша мол қамтып игеру жағына құрылған Кенен шығармалары көбіне орындаушылыққа бағына бірде таза ән, бірде терме секілді, бірде ән мен терменің қосыла өрілген сипатында жасалған. Шығармаларының жанрлық болмысына қарай ән саздары біресе толғау, біресе термелеген нақылды, дидактикалық әуенді түрде салмақты ырғақта жырланды. Кейбір шығармаларының әуезді сазды болмысы сызылған әнге жақындап кетеді де кең қайырымды сазбен аяқталады. Кейбір шығармаларының басы желдірмелетіп өзі және өмір туралы тақпақталып басталады да аяғы ән қайырымы мен өрілген түйінді ойлармен қорытындыланады. Демек, Кененнің импровизаторлық өнері - ән әуеніне, мақамға сүйене шығарылған дәстүрдің жалғасы. Бірақ, бұл жалғастық тек қайталау емес, Кенендік стильдің дара болмысын да айқындайды.
Кенен өз замандастарының суырып салма дарыны, жыршылық даралығы, айтылатын сөз бен әуен, сарын, әуез, мақамдарды үйлестіре, сіңістіре білетін сазгерлік қабілетімен ерекшеленеді. Кенен айтыстарының әуендеріне қарағанда, үні асқақ, лирикалық сезім басым болып келеді. Бұл – Жетісу ақын, жыршыларының бәріне тән ерекшелік.
Кененді халық ақын, әнші-композитор, жыршы ретінде жақсы біледі. Ақындық, жыршылық дәстүрді дамытқан Кенен ерте кезде домбырамен күй тартатын өнері де болыпты. Жыр сарындарын күйге айналдырып немесе күй ырғақтарын жыр сарындарына ұластыруға шеберлігі көбінше эпикалық жырларды орындау үстінде көрінген. Халық әдебиетін зерттегендегі олқылықтарымыздың бастысы – сөз өнері мен саз өнерін біртұтас қарастырмай, жеке бөліп кететінімізде. Мүмкін, бұл синкреттіліктен арылғанның белгісі де болар. Ә.Қоңыратбаев былай деп жазады: "Жыраулар мен ескі айтыс ақындарында импровизацияның төрт түрлі өнері бірлесіп, ол синкретизм аңғарында көрінген: 1) Олар асқан импровизатор болған, мұны сөз өнері дейміз; 2) Теңдесі жоқ күйші [домбыра, қобыз] болған, мұны музыкалық импровизация дейміз; 3) Олар ғажап орындаушы [солист, артист] болды; 4) Заман, ел жайын терең толғайтын үлкен ойшыл, ұстаз болды. Бүгінгі ақындарда алдыңғы үш белгі өзінің өрнегін жоя бастаған” [28,25-26 бб.]. Ал, Ә.Қоңыратбаев атаған осы өнер түрлерінің Кенен бойында жымдасып, үндестігін тапқаны айқын көрінеді: Кенен айтысқанда, өлең, толғау, жыр-дастандарды жырлағанда тыңдаушыларды үйіріп әкететін қасиеттері аз болмаған. Бұл ерекшеліктері туралы Т.Кененқызының естеліктерінде біраз мәліметтер бар [29]. Кенен ақынның күйшілік қыры туралы әр қилы пікірлер сараптала келіп, әр түрлі жинақтар мен зерттеулерге сүйене отырып, бірінші бөлім аяқталған.





Категория: Қазақ әдебиеті | Добавил: Admin
Просмотров: 5038 | Загрузок: 251 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]