Приветствую Вас Гость • Регистрация • Вход • RSS
Понедельник, 17.2.2020
Главная » Файлы » Қазақша рефераттар » Қазақ әдебиеті [ Добавить материал ]

Асан Қайғы туралы аңыздар


Оқушылар,студенттер,мұғалімдер,сайт қолданушылары өз материалыңызбен бөліссеңіз қуанышты болатын едік!

[ Скачать с сервера (176.5 Kb) ] 28.02.2014, 17:39
загрузка...

ӘОЖ  398 (574) (092)                                                             Қолжазба құқығында

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

МАМИЕВА  БАХЫТКҮЛ  ОКТЯБРЬҚЫЗЫ

 

Асан Қайғы туралы аңыздар

 

10.01.09- Фольклортану

 

 

 

 

 

Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның

 

АВТОРЕФЕРАТЫ

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қазақстан Республикасы

Алматы, 2007


Жұмыс Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым Комитеті М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының фольклортану бөлімінде орындалды.

 

 

 

Ғылыми жетекші:                   филология ғылымдарының кандидаты,
доцент А.А.Әбсадықов

 

Ресми оппоненттер:                филология ғылымдарының докторы,

                                                  профессор К.І.Матыжанов

 

                                                  филология ғылымдарының кандидаты

                                                  А.А.Тұрғанбаев

 

 

 

Жетекші ұйым                       Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық

                                                университеті      

 

 

Диссертация 2007 жылдың «                »  ­­_________ сағат                  Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым Комитеті М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты  жанындағы филология ғылымдарының докторы  дәрежесін беру жөніндегі Д 53.34.01 Диссертациялық кеңестің мәжілісінде қорғалады. Мекен-жайы: 050010, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29.

 

 

 

 

 

Диссертациямен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің  Орталық  ғылыми кітапханасында танысуға болады.

 

 

Автореферат 2007 жылдың «              »                      таратылды.

 

 

 

 

Диссертациялық кеңестің ғалым-хатшысы,

филология ғылымдарының  кандидаты,

доцент                                                                                                С.С.Қорабай

 

                          ЖҰМЫСТЫҢ  НЕГІЗГІ  МАЗМҰНЫ

Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Еуразияның сайын даласындағы Алтай мен Орал таулары арасындағы ұлан байтақ далалық өлкелерді көшпелі тірлік мұратымен еркін жайлаған қазақ халқының ұлттық мәдени кескін-келбеті мен болмысының белгілері мен дүниетанымының ескі іздері, тарихи танымы мен әлеуметтік ой-пікірлерінің сұрыпталып сақталған бай қазынасы, сөз жоқ, оның фольклорлық мұрасы.

Ұлттың рухы бейнеленген мұра халықтың асыл қазыналарының бірі екендігін тәуелсіздік мұраты жолында жаңа экономикалық және саяси-әлеуметтік реформаларды қарқынды жүргізіп жатқан еліміздің Үкіметі ескеріп, елдің еңсесі көтеріле бастаған уақытта рухани өмірдегі кем-кемтікті түзеуге бет бұрды. Сол тірліктің айқын көрінісінің бірі – Қазақстан Республикасы Үкіметі арнайы қаржы бөліп қабылдаған «Мәдени мұра» бағдарламасы. Рухани мұраның түрлі салаларын бөліп-жармай тұтас қарастыратын «Мәдени мұра» бағдарламасының бір нысанасы - халқымыздың фольклорлық мұраларын халық игілігіне жарату.

Қазақ фольклорындағы асыл рухани қазыналардың бір шоғыры Асан Қайғы туралы аңыздарда шоғырланған. Асан Қайғы туралы аңыздар - қазақ халқының сан ғасырлық әлеуметтік аңсарын, өмірдегі зор мұраты мен күйінішін бейнелеген рухани мұра. Қазақ халқының басынан өткен тарихын зерттеуде, дүниетанымын, арман-тілегін тануда Асан туралы аңыздардың мәні зор.

Тақырыптың зерттелу деңгейі. Қазақ халқының арман-мұңын, мүддесін арқалаған Асан Қайғы бейнесі мен ол туралы аңыздарды зерттеуге ғалымдар Ш.Уәлиханов, Г.Потанин, Х.Досмұхамедов, М.Әуезов, Е.Исмаилов, М.Ғабдуллин, Ә.Марғұлан, Ә.Қоңыратбаев, Б.Адамбаев, С.Қасқабасов, А.Шәріп, А.Сейдімбек, Б.Омарұлы т.б. үлес қосты.  Қазақ халқының рухани мұрасында Асан Қайғы есіміне қатысты аңыздардың маңызы зор. Бұл аңыздардың өн бойына ноғай мен қазақтың айырылғанына қайғы жеп, халыққа жайлы қоныс іздеген жиһанкез, хан жанында жыр толғаған жырау, ел мүддесін арқалаған шешен бейнесі енген.

Асан Қайғыға қатысты аңыздарға өз кезінде  Ш.Уәлиханов, Г.Потанин сынды зерттеуші ғалымдар назар аударған болатын.

Ш.Уәлиханов Асан есімін жазбалары мен зерттеу еңбектерінде бірнеше рет атайды. Ғалым қарт жырауды қазақ ханы Жәнібектің билік құрған тұсымен байланыстыра отырып, далалықтар күні бүгінге дейін ноғайлы философы Асан қайғы  туралы аңыздар мен оның адамгершілік туралы өсиеттерін аузынан тастамайтынын атап өтеді.

 Ғалым Г.Потанин Асан туралы аңыздарға көңіл бөліп, көшпелілер философы туралы екі аңыз нұсқасын жазып алған. Бұл аңыздар ХІХ ғасырдың аяғында қазақ халқынының қоғамдық-әлеуметтік ой-пікірін оятуға өзіндік үлес қосқан «Дала уәлаятының газетінде» жарияланды.

 ХХ ғасырдың басында Асан Қайғы есіміне қатысты деректерге назар аударылып, зерттеу жұмыстары жүргізіле бастады.

Қ.Халид «Тауарих хамса» еңбегінде Асанның ғұмырнамасы мен шығармашылығы жайында ел аузынан тарихи деректер жинап, Асан Қайғының өмір сүрген мезгілін анықтауға тырысады. Асан атаны әуелі Кіші Мұхаммед хан жанында Сарайда болған, кейін Ұлық-Мұхаммед хан қасында болған деген пікір айтады. Бұл пікірдің ғалым Ә.Дербісалин тарихи шындық деректері сәйкес еместігін атай отырып, аңыз Асанды Жәнібек заманының адамы етіп көрсететінін айтады.

Х.Досмұхамедов Асан Қайғы туралы зерттей келе, оның шығармашылығын болжал өлеңдердің бастарына қойып, ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ жерін отарлау күшейген кездегі халық шығармашылығымен үндес екенін көрсетеді.

Ғалым М.Әуезов Асан Қайғы туралы аңыздардың төркінін зерттей отырып, оның Әз-Жәнібектің тұсында өмір сүруі тарихи шындыққа сай келмейтінін аңғарды. «Әдебиет тарихы еңбегінде» Асанның Абылайдың тұстасы болмаса да, соған жақын кезеңде өмір сүргенге ұқсайды деген пікір айтады.     «Қазақ халқының эпосы мен фольклоры» атты еңбегінде Асан туралы ойды толғай отырып, ол туралы аңыздарды халық аңсаған арман-тілек бейнеленген кейіпкер екенін аңғартады.

Бұл тұжырым зерттеу жұмысы барысында Асанның ғұмырнамасына тереңірек үңілуге, оның фольклордағы жиынтық бейне екенін дәлелдеуге мұрындық болды.

Дала философы туралы аңыздардың негізгі сарынын айқындауға ұмтылған ғалым Е.Исмайлов. «Ақындар» атты монографиясында Асан туралы аңыздардағы негізгі сарын халыққа бақыт іздеу идеясы екенін атап өтеді. Ол жайындағы аңыздар халықтың басынан кешкен азабын, қорлығын елестетсе, сонымен бірге бақытты аңсаған талап, күресін көрсететіндігін тұжырымдайды.

Асан туралы аңыздарға басты назар аударып, Асан ғұмырнамасы мен аңыздардағы Жәнібектің кім екенін анықтауға ұмтылған ғалым Ә.Қоңыратбаев болды. Тарихта Жәнібек есімді үш хан болғандығына тоқталып, Асан өмірін ХҮІ ғасырдағы тарихи оқиғалармен байланыстырып қарастырады.

Асан Қайғы туралы аңыздарға арнайы тоқталған ғалым Б.Адамбаев «Тарихи аңыз-әңгімелер» атты еңбегінде Асанның жерге берген сындары арқылы оның жүрген жолын, бағытын бағдарлауға болады деген болжам түйеді. Асан Қайғыны  Майқы бидің ісін жалғастырушы деп бағалайды.

Асан туралы аңыздардың жанрлық ерекшелігіне тоқталған ғалым С.Қасқабасов болды. «Миф пен әпсананың тарихилығы» атты зерттеу еңбегінде Асан туралы әңгімелерді халық прозасының әпсана жанрына жатқызады. Сонымен қатар халық пікірінде әлеуметтік утопияның үш сатысы болатынын, Асан туралы әпсаналардағы «Жер ұйық» іздеу сарынын осы әлеуметтік утопияның алғашқы екі сатысына, халықтың орнаған қоғамға немесе әміршіге деген наразылық (протест) пен қарсылық (оппозиция) білдірген утопиялық ойлары түскенін жазады, «Жерұйық» мотивінің түп-тамыры көк, жер, жер асты әлемі туралы шамандық ұғыммен байланысты екеніне назар аудартады.

Ғалым көтерген құнды мәселелерді басшылыққа ала отырып, Асан туралы аңыздардың жанрлық ерекшелігіне айрықша назар аударуды  мақсат еттік.

Асан Қайғы туралы рухани мұраны зерттеу ХІХ ғасырдың екінші жартысында қолға алынды. Бүгінгі күнге дейін фольклортану ғылымының қалыптасуына үлес қосқан Асантанушылар оның өмірі туралы, халық тағдырын бейнелеген шығармашылығы, ел мүддесі мен арман-тілегін білдіруші бейнесі туралы құнды пікірлер бере отырып, Асан Қайғыға байланысты рухани мұраны өз еңбектеріне арқау етті.

Зерттеу жұмысының барысында ғалымдардың тұжырымдары басшылыққа алынып, Асан Қайғы туралы аңыздардың зерттелу шеңбері кеңейтіліп, олардың фольклорлық сипаты айқындала түседі

«ХҮ-ХҮІІІ ғасырлардағы қазақ әдебиетінің тарихы» атты ғылыми еңбекте Асан Қайғы туралы аңыздар мен атақты аңыз кейіпкері туралы әр кезеңдерде жүргізілген зерттеулерге сипаттама беріліп, жүйеленген. Сонымен бірге фольклортануда Асан Қайғы туралы аңыздарды фольклорлық жанрлық ерекшелігі тұрғысынан зерттеу бастамасын көтерген ғалым С.Қасқабасовтың «Миф пен әпсананың тарихилығы» атты еңбегінің маңызы зор болды.

Зерттеудің мақсаты - Асан туралы рухани мұраны кешенді түрде жүйелеп қарастырып, аңыздардың тарихи негіздері мен   фольклорлық сипатын кеңінен талдау, зерделеу.

Зерттеудің міндеттері:

қазақ фольклорындағы сан-қырлы мол мұралардың бірі болып табылатын Асан туралы аңыздарды жүйелеп зерттеу;

Асан туралы аңыздарға әдебиеттану, фольклор ғылымында берілген бағалар мен көзқарас-пікірлердің мәні мен маңызын анықтау;

ХІХ ғасырдағы зар заман ақындар шығармашылығы мен Асан туралы аңыздар арасындағы ортақ мазмұнның тарихи негіздерін айқындау;

Асан есімді тарихи тұлғалар мен фольклордағы Асан бейнесі арасындағы байланысты белгілеу;

Асан туралы аңыздардағы тұрақты мотивтердің қатарын анықтау және фольклорлық циклизация құбылыстарын талдау.

Зерттеудің дерек көздері. Диссертацияға ҚР ҰҒА ОК сирек қолжазбалар қорындағы жазбалар, Асан Қайғы туралы ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында шығып тұрған «Дала уалаятының газеті», «Тургайская газета» беттеріндегі, сондай-ақ жекелеген зерттеушілер мен Қостанай мемлекеттік университеті филология мамандығында жүргізілетін фольклорлық практика барысында жиналған аңыздар мәтіні пайдаланылды.

Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы:

Асан Қайғы туралы аңыздардың ХҮІ ғасырда Ноғайлы ордасында өткен «зар заман» кезеңінде туып, ХІХ ғасырда қазақ халқы басынан өткізген «зар заманда» қайтадан жаңғырған рухани мұра;

Асан есімімен үнемі қатар аталатын Әз-Жәнібек хан – жиынтық бейне.  Онда Алтын Орданың атақты ханы Өзбекұлы Жәнібектің, Ноғайлы Ордасы тұсында Астраханды билеген аштарханидтік Жәнібектің, сондай-ақ Қазақ Ордасын алғаш құрушылардың бірі Жәнібектің бейнелері орын алған;

Асан туралы аңыздарға Алтын Орда тұсында, Ноғайлы Ордасында өмір сүрген Асан есімді тарихи тұлғалардың елі мен жері үшін атқарған қызметінің әсері ашылады;

Асан туралы аңыздардағы тұрақты мотивтердің төркіні мен өзгерісі анықталады;

Асан ғұмырнамасы мен тарихи шындық арасындағы қарама-қайшылықтардың туындауына себеп болған көркем фольклордағы циклизация құбылысының белгілері кең түрде талданады. 

Зерттеу жұмысының теориялық және әдіснамалық негіздері. Диссертациялық жұмыста Асан Қайғы туралы аңыздар фольклористикада қалыптасқан негізгі теориялық танымдар негізінде талданып, зерттеуге салыстырмалы типология, тарихи талдау әдістері қолданылды.

Зерттеу  барысында  Ш. Уәлиханов,  М. Әуезов,  Х.  Досмұхамедов, Ә.Марғұлан,  М. Дүйсенов,  Е. Исмаилов,  М. Ғабдуллин, Б. Адамбаев, С.Қасқабасов, Е. Тұрсынов, М. Мағауин, Б.Абылқасымов, А..Сейдімбек, К.Матыжанов,    Б. Омарұлы, А. Шәріп және т.б. қазақ фольклоры мен әдебиет тарихын зерттеудегі теориялық және методологиялық тұжырымдары, ғылыми концепциялары және шетел фольклортанушыларының теориялық пайымдаулары басшылыққа алынды.

Зерттеу жұмысының теориялық және практикалық маңызы. Зерттеудің қорытындыларын фольклортануда, сондай-ақ қазақ халқының дүниетанымы мен рухани қазынасын зерттеушілер пайдалануына болады. Қазақ филологиясы  мамандығын дайындайтын жоғары оқу орындарында оқытылатын «Қазақ халық ауыз әдебиеті» пәніне, қазақ руханиятына қатысты курстарда пайдалануға болады.

Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар:

Асан Қайғы туралы аңыздарды ХҮІ ғасырдағы ноғай, қарақалпақ, қазақ халықтарында туған ортақ мұра ретінде қарастыру;

Асан туралы аңыздар Ноғайлы кезеңіндегі «зар заман» мен ХІХ ғасырдағы қазақ даласындағы тарихи-әлеуметтік жай-күйдің ортақтығынан қазақ арасында қайта жаңғырған мұралар.

Фольклорлық шығармаларда тарихи шындықтың бейнеленуі халықтың арман-тілегі мен мұрат-мүдделерінен туындайтын «шындықтың» ізінен түзелетіндіктен, онда халық армандаған шындықтың түзелгендігін көрсету;

Асан туралы аңыздарды фольклорлық көркемдеу тәсілдерін бойына терең сіңірген, халықтық таным-түсінік пен көзқарас мол мол сақталған рухани мұра деп қарау.

Жұмыстың жариялануы мен сарапталуы. Диссертацияның негізгі мазмұнын ашатын мақалалар «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Ұлт тағылымы», «Ақиқат», «Қостанай мемлекеттік университетінің  Хабаршысы» ғылыми журналдарында жарияланды. Зерттеу материалдары негізінде 3 халықаралық және 2 республикалық ғылыми теориялық конференцияда баяндамалар жасалды.

Диссертацияның теориялық мәселелері мен ғылыми тұжырымдары ҚР БҒМ М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының фольклортану бөлімінде талқыланды.

Зерттеудің құрылымы. Диссертация кіріспеден, үш бөлім мен жеті тараудан, қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен, қосымшадан тұрады.

               ЖҰМЫСТЫҢ  НЕГІЗГІ  МАЗМҰНЫ

 

Диссертациялық жұмыстың кіріспесінде Асан Қайғы туралы аңыздарға байланысты зерттеу тақырыбының өзектілігі мен зерттеу деңгейі, жұмыстың ғылыми, теориялық, әдістемелік негіздері белгіленіп, негізгі дерек көздері көрсетілді. Сонымен бірге зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері анықталып, негізгі ғылыми жаңалығы, теориялық-практикалық маңызы көрсетілді.

Зерттеу жұмысының бірінші бөлімі «Асан Қайғы туралы аңыздар мен шежірелік жазбалардың тарихи шындықпен арақатынасы» деп аталады. Бөлім екі тарауға бөлінген.

1.1 «Асан Қайғы туралы алғашқы жазбалар және дәуір шындығы» деп аталатын тарауда Асан Қайғы туралы аңыздардың ХІХ ғасырдың ІІ жартысында Ш. Уәлиханов, Г. Потаниндердің зерттеулері мен жазбалары арқылы және «Дала уалаяты газетінде» жарияланған нұсқалары сол дәуірдің шындығымен салыстыра қарастырылады.

Аңыздар - халықтың басынан өткен тарихи оқиғаларды баяндайтын халық прозасының бір түрі. Онда халықтың тарихи оқиғаларға берген бағасы, дүниетанымы, көзқарасы, өткен оқиғадан алатын тағылымы, тіршілікте көздеген арман-тілегі суреттеледі. Аңыз ұрпақтан-ұрпаққа ауызша тарағандықтан, оның мазмұнына халық басынан өткен түрлі тарихи кезеңдер өз таңбасын қалдырып,  бағасын беріп отырады. Белгілі бір тарихи кезеңде өмір сүрген әрбір ұрпақ ата-бабадан жеткен тағылымды әңгімеге өз тұсындағы өзекті мәселелерді де қосып отырады. Асан туралы аңыздардың алғаш жазбаға түскен көне нұсқаларында сол дәуірдің танымы мен тағылымы тіркелген.

ХІХ ғасыр қазақ тарихында Ресей отаршылдығы түбегейлі орнаған, жаңа саяси және экономикалық реформалар  жүрген, сол реформалар әкелген өзгерістердің салдарынан қазақтың көшпелі тіршілігіне аса қажетті көшіп-қонар қоныстарының тарылуы халықтың саяси және рухани танымдарына үлкен өзгерістер әкелді. Ол өзгерістер  халық аңыздарында, өлең-жырларына, жекелеген ақындар шығармаларынан көрініс алды.

Заман бейнесін өз шығармаларының негізгі арқауына өзек етіп алған ақын-жыршылардың қалың қатары шықты. М. Әуезов мұндай ақындар қатарын «зар заман ақындары» деп атап,  сол күйді енгізген ақындардың алғы шебі Асан Қайғыдан басталады деп көрсетеді:

«Бұл дәуірдегі әлеумет тіршілігінің ең шаншулы мәселесін әдебиет жүзіне түсіріп, алғаш рет қалың елдің қамын ойлап, күңіренген - қария Асан. Алғаш рет келешек заманның құбыжығын сезіп, тұспалмен белгі беріп, болжал айтқан Асанқайғы. Сол заманның өзінде басқа жерге ауайық десе де, өлең сөзді қауымның қызметіне жаратуға кіріскен тағы да сол. Кейінгіге ел қамын жоқтаған мұң зар сарынын тастап кеткен де сол. Зар заман ақындарының барлығындағы сары уайым - Асан бастаған сарын. Сондықтан зар заман ақындарының алғашқы белгісі Асанқайғыдан басталады дейміз» [1, 201]. 

Алаштың көрнекті ғалымы Х. Досмұхамедов те  Асан есіміне қатысты халық әдебиетіндегі жаңа сарынның басталғанын көрсетеді. Ол Асанды  қазақ халық әдебиетіндегі болжал өлеңдерінің бастауына қояды және бұл мазмұндағы өлеңдердің күшейген тұсы деп ХІХ ғасырдың ІІ жартысы деп көрсетеді. «Болжалдық әдебиеттегі бұндай үмітсіз, зарлы сарын әсіресе ХІХ ғасырдың екінші жартысында–саяси бостандықтан үміт кесілгенде (Исатайдың, Кенесарының, т.б. көтерілістерінің жаншылуы), қазақ жерін отарлау күшейгенде, ел жиі-жиі жұтқа ұшырап, кедейленгенде – күшейе түсті»[2, 22], - деп жазады ғалым.

Заман кейіпінен торығып, қайғы, уайым кешкен зар заман ақындарының қозғаған мәселелері мен Асан Қайғы туралы халық аңыздарындағы «уайым істері» бір-бірімен сабақтас. Асан туралы аңыздарда  оның негізгі қайғырып жүрген мәселелері мынадай:

1. Ел билеген хан тұқымының қарадан қатын алған ісіне қайғыру;

2. Құладынға қу ілгізіп, тектіні тексізге жығып берген хан ісіне уайым ету;

3. Орыс отаршылдығының шеңгеліне түсіп, көшіп-қонуға тар бола бастаған қайырсыз қонысты тастап көшу.

Асан Қайғының Әз-Жәнібекке артатын басты «өкпесінің» бірі – ханның қарадан әйел алуы.          Асанның пайымынша, бұл жөнсіз істің салдары елдің болашағына зиянын тигізеді. Алдағы күнде ел билейтін текті тұқым жойылып, оның ақыры  жұртты бөтен ел билейді. Басшысы тексіз елдің ісі де берекесіз, болашағы да бұлыңғыр. Ал хан тұқымының «тексізденуі» – қарадан қатын алуға байланысты.

Мұндай реніштің туындауы - қазақ даласындағы хандық жүйенің күйреуі салдарынан болғаны анық. ХІХ ғасырда қазақ даласында хандық жүйе Ресей тарапынан жасалған саяси реформаның нәтижесінде өмір сүруін тоқтатқаны тарихтан белгілі.

Асанның екінші реніші - Асанның жаман ырымға жорыған Әз- Жәнібек ханның құладынға құс патшасы аққуды ілдіруі. Бұл жерде аққу – төре тұқымының, құладын – тексіз билеушінің, сондай-ақ сыртқы жаудың бейнесі. Аққуды құладынға ілдірген хан ісінен елді тексіз кісі билейді, жұрт бодандыққа түседі, ханға қара кісі қару көтеретін заман туады деп қайғырады.

ХҮІІІ ғасырдың соңында қарадан (құл сөзінің синонимі) Сырым батыр Нұралы ханды тақтан түсіріп елден қуады,  Есім ханды өлтіреді. Исатай мен Махамбет ханға қарсы көтеріліс жасаған еді.

Қазақ халқының өзге жұрт қарауына көшуі, билікке төре жете алмай қара тұқымы келуі,  ханға қара кісінің қарсы шығып, қару көтеруі оқиғалары қазақ тарихында да болған. Елдің азып-тозуы тексіз кісілердің билікке келуі деп түсінеді халық. Заман түзелуі үшін текті тұқым ел басқаруы шарт. Асан «қайғысы» осы мәселелерді көлденең тартады.

Ал қайырсыз қонысты тастап көшу – Асан Қайғы туралы аңыздардың негізгі сарыны. Бұл сарын Асанның қазаққа жайлы қоныс іздеп, жер шолған аңыздарының мазмұнында үнемі орын алып отырады. Асан барған жеріне оның мал мен егінге жайлылығы мен жайсыздығына сын айтумен қатар, оған маңайдағы жаулардан келер қауіп-қатерді де айтып отырады. Мысалы, Тарбағатай тауының түстік жағын Қытай, солтүстік жағын орыс алар десе, Керекуді, Еділ мен Жайықты, Сарыарқаны да орыс алады деп қауіптеніп, орыс бармайтын жер деп Жиделібайсынға көшіп кетеді.

Аңыздар мазмұны Асанның не себептен қазаққа жаңа қоныс іздеп жүргенін айқындап беріп отыр. Асанды мазасыздандырған негізгі себеп – қазақ жері орыстың қолына түсетін, бекініс, қала салынатын қайырсыз қоныс. Одан құтылу жолы -  басқа құтты қонысқа көшу.

Аталған мазмұндағы мәселелер ХІХ ғасырдағы зар заман ақындары Мұрат, Дулат, Шортанбай шығармаларынан да мол орын алған еді. Сондықтан  фольклортанушы ғалым  Ә. Қоңыратбаев Асан Қайғы шығармаларына: «Ол (Асан Қайғы – Б.М.)- ел басындағы ауыртпалықты жырлап, заман жайлы сыншыл ой тудырған философ, замана сыншысы. Оның сарындарын ХІХ ғасырда «зар заман» ақындары қайталаған» [3, 95],- деп  орынды, әрі дәл баға береді.

1.2 «Тарихи-шежірелік жазбалардағы Асан ғұмырнамасы және тарихи шындық» деп аталатын тарауда қазақ тарихына қатысты шежірелік еңбектер қалдырған Қ. Халидтың «Тауарих хамса» еңбегіндегі Асан Қайғының ғұмырнамалық баяны, Шәкәрім Құдайбердіұлының «Түрік, қырғыз-қазақ Һәм хандар шежіресі» атты шежірелік зерттеуіндегі Асан өмір сүрген  заман шындығына қатысты деректер талданады.

Асан Қайғының қай кезде туып, қандай қызметтер атқарғаны туралы хабарлар  қазақ аңыздарында өте мардымсыз сақталған болса, 1910 жылы Қазан қаласында «Тауарих хамса» атты тарихи еңбек шығарған оқымысты Құрбанғали Халидтың  баяндауларында Асанның ғұмырнамасы туралы деректер келтірілген.

Қ. Халид тарихи-шежірелік деректерде жақсы сақталған Ұлық-Мұхаммед ханды Асан есімімен байланыстырып, халық аңыздарындағы «Орманбетті» Ұлық–Мұхаммед деп таниды. Бұл тұрғыда ол «Орманбет» атауының дыбысталуын бұзып, оны «Ұр-махаббат хан» деп айтады. Осы танымның салдарынан «Орманбет хан өлген күн, он сан ноғай бүлген күн» деген жолдар Халидтың еңбегінде «Ұр-махаббат хан өлгенде, он сан ноғай болғанда» деп өзгертіледі. Ал қазақ арасына кең тараған «Ел айырылған» («Ноғай мен қазақ айырылған күйі») күйін Қ.Халид ағайынды хандар Кіші-Мұхаммед пен Ұлық-Мұхаммед хандардың бір-біріне өкпелесіп айырылысқан күні тартылған күй деп танып, оны «Екі ханзаданың айырылғаны» деп те атайды. Інісіне өкпелеген Ұлық-Мұхаммед көшіп кетіп,  Қазан қаласының негізін қалаған деп санайды.  Сол Қазандағы Ұлық-Мұхаммедті Сарайдан қуылған Асан паналайды:«...Асан Атаны Сарай ханы кеңестен қуған соң, ол Қазандағы Ұлық-Мұхаммед ханның қасына барғаны кешірілген (нақыл етілген). Олай болса, әдепкіде Кіші Мұхаммед хан алдында Сарайда болып, соңынан Ұлық-Мұхаммед ханға барған болып шығады» [4,  93],- деп жазады.

Оқымысты тарихшының ел арасынан өзі жазып алып, оны шежірелік кітаптар дерегімен салыстырған аңызды талдауында тарихтан хабары бар зерделі жандарға бірден байқалатын үш қате пікір бар:

1. Халық арасында «Ұр махаббат хан өлгенде, он сан ноғай болғанда» деген ауызша тараған тұрақты жыр жолдары жоқ. Түркі тектес ноғай, қазақ, қарақалпақ, қырғыз халықтарына тараған тұрақты жыр жолдары «Ор орманы күйген күн// Орманбет би өлген күн// Он сан ноғай бүлген күн» деген тіркестермен сақталған;

2. Халид айтып отырған  «Екі ханзаданың айырылғаны» деп аталатын күй «Ноғай мен қазақ айырылған күйі» («Ел айырылған») күйі деп аталады және оның шығу уақыты Ұлұғ-Мұхаммед хан өмір сүрген ХV ғасыр емес, ХVI ғасырдың соңы [5, 166];

3. Қазан қаласының негізін қалаған Ұлұқ-Мұхаммед хан емес, қала іргетасы  ХІҮ ғасырда қаланды [6, 295]. Ұлық-Мұхаммед хан – Қазан қаласына Алтын Ордадан ығысып барған билеуші.

Қ. Халидтің Ұлық-Мұхаммед ханды аңыз-жырда айтылатын Орманбет деп тануына оның Құдабай ақыннан 1871 жылы Асан туралы алған дерегінің әсері болғаны сөзсіз. Автордың «Асан Қайғы кім, оның сөздерінен есіңізде қалғаны бар ма?» деген сауалына Құдабай мынадай сөздермен жауап қатады:

Асанның асыл түбі ноғай деймін,

Үлкендердің айтуы солай деймін.

Бұл сөзге анық-қанық емес едім,

Естігенім, тақсыр-ау, былай деймін:

Тегінде ноғай –қазақ түбіміз бір,

Алтай, Ертіс, Оралды еткен дүбір.

Ор Мамбетхан ордадан шыққан күн

Асан Ата қайғырып айтыпты жыр  [4, 111].

Құдабай ақынның Асан туралы деректерге «анық-қанық емес», «үлкендердің айтуы» бойынша білетіндігін хабарлаған бұл өлең жолдарындағы «Орманбетхан ордадан шыққан күнде» деген жолдарға Қ. Халидтың терең мән бермегені байқалады. Өлең жолы «Орманбетхан өлген күнде» деген мағынаны беріп тұр. Себебі хан ордадан «шықпайды», тек «қуылуы» мүмкін.  «Шықса» тек өлгеннен соң немесе күштеп, зорлықпен, болмаса өз еркімен тақтан бас тартып ғана шықса керек. Мұрагерлік биліктің заңы осындай.

Қазақтың жерлеу ғұрпында «үйден шығару» деген рәсім бар. Хан үшін, әрине, «үйдің» орнына «орда» аталады. «Шығу», «шығару» деген сөздер «қайту», «қайтыс болу» ұғымымен пара-пар. «Орманбет хан ордадан шыққан күнде» деп тұрған өлең жолы «Орманбет хан өлген күнде» деген хабарды жеткізіп тұр. Олай болса, Құдабай ақын «Орманбет хан өлген күні Асан қайғырып жыр айтыпты» дегенді  мезгеп тұр. Бұл халық аңыздарында айтылатын «Орманбет хан өлген күн, Он сан ноғай бүлген күн, Ор орманы күйген күні» немесе тарих тілімен сөйлейтін болсақ - Ноғай Ордасының күйреген күні. Демек, Асан Қайғы, аңыздың өзі мегзеп тұрғандай, Ноғай Ордасы күйреген күні елдің болашағына қайғырып жыр айтқан  кісі. 





Категория: Қазақ әдебиеті | Добавил: Admin
Просмотров: 5203 | Загрузок: 271 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]