Главная » Файлы » Қазақша рефераттар | [ Добавить материал ] |
В разделе материалов: 2987 Показано материалов: 2701-2710 |
Страницы: « 1 2 ... 269 270 271 272 273 ... 298 299 » |
Үсу — суықтың әсерінен денедегі тіндердің зақымдануы. Үсу ауа райының аязды күні ғана емес, сондай-ақ температура нөлге жуық кезде де (ылғалдылық жоғары болып, күн ұзақ уақыт суытқанда) болуы мүмкін. Үсуге суық жел, ауаның ылғалдылығы, су болған әрі тар киім, аяқ киім, қолғап немесе мастық, организмнің жалпы әлсіздігі әсер етеді. Үсікке көбінесе саусақ, башпайлар, мұрын, құлақ шалдығады. Үсудің 4 дәрежесі ажыратылады. Бірінші дәрежелі Үсу кезінде терінің сезімталдығы нашарлап бозарады, үсіген жер ісінеді, ауырып қышиды. Екінші дәрежелі Үсу біршама ауыр өтеді, терінің асты суланып күлдірейді. Үшінші дәрежелі Үсу түрінде терінің астына қанды су жиналып, күлдірейді, бірнеше күннен соң олардың орны жансызданып, жарылады да, тыртық пайда болады. Төртінші дәрежелі Үсу кезінде барлық жұмсақ тіндер, кейде тіпті сүйек тіндері де жансызданады. Бұл Үсудің ең ауыр түрі. Жансызданған жер тырысып кеуіп қалады, қара қоңыр түске боялады. Алғашқы көмек көрсеткенде үсіген адамды бірден жылы жерге кіргізіп, жылытып, ыстық шай не кофе беру керек. Жансызданған жерін жылы суға (температура 37 — 40°C) малып, денесі қызарып, жылынып, сырттан тиген қолды сезетін болғанша жайлап ысқылайды, содан соң таңып тастайды. ҚҚ — ҚV дәрежелі үсікке шалдыққан адамды алғашқы көмек көрсетіліп болғаннан кейін жылы орап, ауруханаға апару қажет. Үсік шалған жерді суық жерде тұрып қармен ысқылауға және суық суға түсіруге болмайды. Үсіген организм көп уақытқа дейін суыққа сезімтал келеді.
|
Түсік, өздігінен болатын аборт — өз-өзінен болатын патологиялық жүктіліктің үзілуі. Клиникалық түрде расталған жүктіліктің 15—20% түсікпен бітеді. Бұл сандар төменгі бағалау шегі болып табылады, себебі көп жағдайда түсік жүктіліктің бастапқы кезеңінде, әйел адам өзінің жүктілігін байқамай тұрып орын алады. Ал түсіктің симптомдарын қатты етеккірмен немесе оның жоқтығымен шатыстырады. Түсік қаупі патология болып табылады және кей жағдайда стационарлық емдеуге жатады. Түсіктің арнайы жасалатын медициналық аборттан айырмашылығы бар. |
Топалаң – жануарлар мен адамдарда болатын аса жұқпалы ауру. Ауыл шаруашылық малдарының барлығы және жабайы жануарлардың көптеген түрлері ауырады. Топалаңмен ауырған кезде көршиқандар шығады, түрлі ағзалары серроздық-геморрагиялық қабынады. Қоздырғышы капсула мен спора құратын Bacіllus anthracіs бацилласы жер қыртысында көбейеді және ондаған жылдар бойы сақталады. Сондай-ақ суыққа да төзімді болады. Ауру қоздырғыштарын таратудың негізгі көзі – сыртқы ортаға бөлініп шығатын ауру малдардың зәрі, сүті, сілекейі. Топалаңнан өліп, кезінде жиналмаған қой өлексесі өте қауіпті. Қоздырғыштары тері зауыттарының, мал көмген орындардың маңайында, жайылымдарда, мал су ішетін орындарда жиі кездеседі. Ауру көбіне жазда (шілде – тамыз айларында) байқалады. Ауырған мал жүріп келе жатып тоқтап қалады, мойнын соза береді, танауы делдиіп, аузын ашып, ауыр тыныс алады, кейбіреулері қанды зәр шығарады. 2 – 16 сағат ішінде мал жүре алмай, жығылып қалады, аяқтары тартылады, мұрны мен аузынан қанды көбік ағады. Өлексесі өте тез ыдырайды. Малдың іші кеуіп, ісінеді, көкбауыры тым үлкейіп, қанға толып тұрады. Күйіс қайыратын малдарда және жылқыда жүрек соғысы мен тыныс алуы жиілейді, сілекейлі қабығы көгереді, тәбеті нашарлайды, дірілдеп, денесінің әр жерінде жаралар пайда болады. Шошқалардың мойнында ісік пайда болып, тыныс алу мен жұтыну қызметі бұзылады. Топалаңның алдын алу үшін бүкіл малға СТИ-1 немесе ГНКИ вакцинасын егеді. Бұған қоса жайылымдар, қой суаратын орындар, үй маңындағы телімдер малдәрігерлік-санит. талаптарға сай болуы тиіс. Адамдарға Топалаң ауру малдарға күтім жасағанда, мал өнімдерін өңдеу кезінде, ауру малдардың сүті мен етін тағамға қолданғанда жұғады. Клиник. белгілері – көршиқандардың пайда болуы, ішектердің, кейде өкпенің зақымдануы.
|
Тонзиллит (tonsіllіtіs) – таңдай (көмекей) бадамшаларының қабынуы. Тонзиллиттің жедел түрі және оның бірден қатты ұстайтын созылмалы түрі бар. Созылмалы түрі мұрыннан қиналып дем алудан, мұрын қуыстарының және тістің зақымдануынан болады. Бұл кезде қабыну ошағы негізінен бадамша бездің шұңқыры лакунада болады. Науқас адамның оқтын-оқтын тамағы ауырып, жұтынғанда тамағында бір нәрсе тұрғандай сезінеді. Кейде құлақ шаншып ауырады. Ауру адамның дене қызуы 37,3 – 37,5С-қа көтеріліп, дерт бірнеше аптаға, тіпті бірнеше айға созылады. Соның салдарынан науқас әлсіреп, буындары сырқырайды, басы ауырып, жұмысқа қабілеті төмендейді. Тонзиллиттің бұл түрі мезгіл-мезгіл қайталануы мүмкін. Дерттің өршуі жүрек-қантамыр және несеп-зәр шығару жүйелері қызметінің бұзылуына, буындардың сырқырап ауруы – тонзиллогенді сепсиске әкеледі. Сондықтан дер кезінде дәрігерге қаралу керек. Емді дәрігер тағайындайды. Ем кешенді түрде жүргізіледі. Дұрыс диета сақтап, витаминдерге бай тағамдар ішу керек; антигистаминді препараттар, антибиотиктер беріледі; лакуналарды антисептик. ерітінділермен жуады. Дерт қатты асқынып кеткен жағдайда, хирург. операция жасап, таңдай бадамшаларын алып тастайды.
|
Теміреткі - (грекше lіchen – жұқпалы) – этиологиясы әр түрлі көптеген тері ауруларының жалпы атауы. Теміреткінің негізгі белгісі – денеде ұсақ түйіндер пайда болып, адам қатты қышынады. Теміреткімен барлық жастағы адамдар ауырады, әсіресе 40 – 60 жас аралығындағы әйелдерде жиі кездеседі. Дерттің дамуына әр түрлі инфекцияның түсуі, организмде жүйке және иммунды жүйелердің бұзылуы, улану және аллергия жағдайлар әсер етеді. Теміреткі алғашқыда дененің кез келген жеріне қызарып, бөртпе болып шығады. Оның беті жылтыр, түйіннің (папуланың) ортасы ойыс, қызғылт күңгірт немесе алқызыл түсті, диаметр 2 – 3 см болады. Түйіннің жылтыр бетіне жарық түсірсе, оның реңі балауыз тәрізді екені анық көрінеді. Бірте-бірте түйіндер бір-бірімен қосылып, бетін ұсақ қабыршақтар жапқан, кішкентай қатпарлы табақшалар құрайды. Осы қатпарлы табақшалардың бетін өсімдік майымен сүрткенде терінің мүйізді қабатында ұсақ, ақшыл түсті нүктелерді және шырматылып жатқан өрмек торын көруге болады (Уикхем симптомы). Дерт жазылып кеткеннен кейін де ауру ошағының орнында тұрақты гиперпигментация (пигменттің шамадан тыс бөлінуі) сақталып қалады. Ауру күшейгенде қышымаға айналып, науқас адам, әсіресе, түнде қатты қышынып, ұйықтай алмай мазасызданады. Теміреткі адамның қолтығы мен шабына, ауыздың кілегей қабатына, білегіне, білезік буындарына, санның ішкі жағына, балтырға жиі шығады. Жазылып кеткен теміреткі адам ашуланса, ренжісе, та жағдайларда қайта шығуы мүмкін. Емі: ең алдымен асқазан-ішек жолын, жүйке-психикалық жағдайын тексерістен өткізеді; диета сақтап, витаминге бай тағамды жеу керек; транквилизаторлар, антидеприссанттар, антигистаминдер, вирусқа қарсы препараттар, иммунды модуляторлар қолданылады, тері қабынуын қайтаратын стероидты майларды (синофлан, лоринден, фторокорт, флюцинар) жағу қажет.
|
Талма ауруының генетикасы
Талма (эпилепсия) ауруымен бүкіл әлем бойынша 20-дан 40 миллион дейін адамдар ауырады. Еуропада бұл аурудың әртүрлі жас аралығында кездесу жиілігі 100000 адамға шаққанда 40-70 аралығында анықталады. Аурудың ең басым көрсеткіші бір жасқа дейінгі балаларда кездеседі. Алғашқы талма 75 пайыз жағдайда 18 жасқа дейін дамиды. Ең минималды жиілігі 30 және 40 жас аралығында, ал қарт адамдарда бұл көрсеткіш қайта жоғарылайды. Талма ауруы 12-20 пайыз жағдайда жанұялық сипатта болады. Талма ауруы ерте заманнан белгілі. Біздің заманымызға дейін 400 жылдары Гиппократ осы талма ауруына арналған бірінші трактатын «Қасиетті ауру» жазды. Бұл ғұлама дәрігер талма ауруының табиғатын тұқымқуалаушылық пен бас миының ақауларымен байланыстырды. Ал, талманың дамуын бас миының тығыздығын өзгертетің күн сәулесімен, жел және суықпен әсер етеуінен-, деп есептеді. Қазіргі заманғы түсінік бойынша талма ауруы мультифакторлы аурулар тобына жатады. Патогенезінде бас миындағы эпилептикалық ошақта нейрондардың шамадан тыс қозуының салдарынан клиникалық көрінісінде қайталамалы жайылған талманың дамуымен сипатталады. |
Спондилит (грек. spondylos – омыртқа) – адам омыртқасының қабынуы. Аурудың негізгі себебі – туберкулез қоздырғышы (туберкулезді спондилит), кейбір жағдайларда, спондилит мерез, актиномикоз, стафилококк инфекцияларынан, Бехтерев ауруының салдарынан дамиды. Спондилит 10 жасқа дейінгі балаларда (60%-ға дейінгі жағдайларда) жиі кездеседі. Туберкулез қоздырушы таяқша омыртқаға, әдетте, қан ағымымен (гематогендік жол) жетеді. Бұл жағдайда науқастың кеуде омыртқасында, мерез болған спондилитте – мойын омыртқада, ал Бехтерев ауруынан болған спондилитте – бел омыртқада өзгеріс болады. Аурудың қай түрі болса да баяу дамиды. Біртіндеп баланың мінезінде, жүріс-тұрысында өзгеріс еніп, тез әлсірейтін болады. Мысалы, ауру бала еденде жатқан затты көтеріп алу үшін тізесін бүгіп, қолын тізесіне тірейді де, омыртқаға күш түсірмей көтеруге тырысады. Ауру асқынғанда омыртқаның кеуде бөлігі жансызданып, кейін сол жерде ірің пайда болады. Қрің біртіндеп кеудеден бел, сан омыртқаларына ауысады. Қріңнен босаған омыртқа кішірейіп, төмен түседі. Осының нәтижесінде омыртқаның басқа бөліктері (өскінділері) артқа қарай жылжып, кейін омыртқаның қисаюына әкеледі (қ. Бүкірлік). Пішіні өзгеріп, төмен түскен омыртқа омыртқааралық жүйке талшықтарын, қан тамырларын жаншып, адам ауырсынады. Спондилиттің диагнозын клиникалық-лаборотория және рентгендік зерттеулердің қорытындысына сүйеніп қояды. Науқасты негізінен стационарда кешенді түрде емдейді. Спондилиттің алдын алу мен емдеу: антибактер. терапия, ортопед. шаралар (гипстен жасалған кереует, корсет, т.б. салу, омыртқаны түзейтін тәсілдер) қолдану, хирург. операция жасау, санаторийлерде емделу. Спондилиттің алдын алу үшін туберкулез ауруынан сақтану қажет.
|
Сепсис (латынша sepsіs — шіру, іріңдеу) — ірің микробтарымен залалданған қаннан дамитын ауру. Сепсистің негізгі қоздырғыштарына стафилакокк, стрептококк, менингококк, т.б. іріңдеткіш микроорганизмдер жатады. Сепсистің дамуында жергілікті іріңді ошақтың сипаты; сол жердегі бактериялардың саны және адамның иммундық жүйесінің әлсіреуі үлкен рөл атқарады. Көбінесе организмнің қабынуы мен іріңді жаралардың асқынуынан, ауыр операциядан, қан кетуден, қоректің жетіспеуінен, аурудан кейін организм әлсірегенде адам Сепсиске ұшырайды. Сепсисте фатоцитоз процесі бұзылып, лейкоциттер сіңіріп алған микробтар жойылмастан клетка ішінде көбейе бастайды. Лимфоциттер мен моноциттердің белсенділігі төмендеп, иммундық антиденелердің түзілуі бұзылады. Сепсистің орналасқан орнына қарай: терапевтік (өкпенің іріңді қабынуы); бадамша бездік (іріңді баспа); хирургиялық (шиқан шыққанда); гинекологиялық (ауруханадан тыс жасатқан аборттан кейін); урогендік (несеп жолдарындағы іріңді қабынулар); отогендік (іріңді отиттің асқынуы); кіндіктік (нәрестенің кіндігінің айналасындағы қабыну) түрлері бар. Егер инфекцияның қай жерден түскенін анықтай алмаса, оны криптогендік (жасырын) Сепсис деп атайды. Сепсис кезінде науқастың дене қызуы 39 — 40ӘСепсисқа дейін көтеріледі, басы қатты ауырады, асқа тәбеті шаппайды, дел-салданады, кейде есінен танып сандырақтайды, ісінеді, жүрек соғуы жиілеп, тыныс алуы қиындайды. Сепсистің кенеттен дамитын, жедел, жеделдеу және созылмалы (хрониосепсис) түрі болады. Жедел түрі 1 — 2, жеделдеуі 5 — 7 күнде өтеді. Клиник.-морфол. белгілеріне қарай: септицемия, септикопиемия, сепсистік эндокардит болып бөлінеді. Септицемия — Сепсистің метастазсыз түрі. Бұл кезде көкбауыр үлкейіп, лимфа түйіндері ұлғаяды. Ішкі органдарда дистроф. өзгерістер, қабынулар байқалады. Септикопиемия кезінде Сепсистік ошақтар өкпеде, бүйректерде, ми тінінде, жүректе басталады. Іріңді қабыну Сепсис ошағынан айналадағы тіндерге өтіп, іріңді плеврит, перикардит, перитонит дамиды. Сепсистік эндокардит жүрек қақпақшаларынан басталады. Соның нәтижесінде некроз ошақтары пайда болады. Өзгерген қақпақшалар ыдырап, олардың бетінде тромбтар түзіледі. Тромбоз организмде инфаркт ошақтарының қалыптасуына жағдай туғызады. Кейбір жағдайда ішектің, аяқтың және терінің гангренасы дамуы мүмкін. Сепсис — өте қауіпті ауру, сондықтан, көп жағдайда бұл аурумен ауырған адамдар жазылып кетпейді. Емі: Сепсистік ошақтар сақталып қалған жағдайда оларды хирург. жолмен тазартып, антибиотиктермен және антисептиктер қолданып, іріңді тазартып жуып-шаю; антибиотиктер қолданып, организмнің инфекцияға төзімділігін арттыру; құнарлы тағам, витамин беру, қан құю арқылы организмді әлдендіру. Сепсис жануарлар мен мал арасында да жиі кездеседі. |
Сему, атрофия (грекше atropheo — ашығу, сему) — организмдегі белгілі бір орган немесе тін қызметінің бұзылуынан олардың көлемінің кішіреюі. Семудің физиологиялық және патологиялық түрлері бар. Физиологиялық сему адамның жасына байланысты. Мысалы, жаңа туған нәрестелерде — кіндік қан тамырларының семуінен кіндігі түседі; жасөспірімдерде 13 — 15 жас аралығында айырша бездің (тимус) қызметінің тоқтауына байланысты ол семіп қалады. Ал қарт адамдардың терісі жұқарып, әжім пайда болады; сүйектері жұқарып, морт сынғыш келеді; ішкі секреция бездерінің қызметтері төмендейді. Патологиялық cему белгілі бір аурудың салдарынан дамиды. Оның 2 түрі бар: 1) жалпы cему қатерлі ісіктердің, жүйке және эндокрин жүйелері ауруларының, аштықтың салдарынан болады. Бұл кезде организм өз салмағының 40 — 50%-ын жоғалтып, адам көтерем болып қалады. Тері асты торларында, шарбыда, шажырқайда май қоры мүлдем жойылып, тері жұқарып, қатпарланып, қоңырқай тартады. Ішкі органдардың көлемі кішірейеді, ауру адамда тек тері мен сүйек қана қалғандай көрінеді. |
Семіздік, май басу — ағзада артық майдың жиналуы, тері асты клетчаткасын, шарбыны, т.б. тіндер мен органдарды май басу. Мұндай жағдайда майдың пайда болу процесі оның ыдырауына қарағанда жылдам жүреді. Көбінесе, семіздік үнемі артық тамақ ішкеннен болады. Бұл жерде қабылдайтын тағамның мөлшері мен калориясынан гөрі, адамның атқаратын жұмысына байланысты (ой еңбегі не дене еңбегі) тағамды организмнің қалай сіңіретіні үлкен рөл атқарады. Сондай-ақ семіздікке дұрыс тамақтанбау, тәуліктік рационда сіңімді көмірсулар, қант, кондитерлік, тәтті тағамдар мен мал майларының (сары май, майлы ет) мөлшерден тыс көп болуы және организмнің тұқым қуалаушылық — дене бітімдік ерекшелігі де белгілі бір дәрежеде себеп болады. Маскүнемдік, ішімдіктерді үнемі ішу де семіздікке әкеледі, себебі олардың калориясы жоғары, ал оны ішкен кезде адамның тамаққа тәбеті ашылады. Кей жағдайда семіздік ішкі секреция органдарының ауруларымен де байланысты. семіздіктің 4 сатысы бар. Бірінші сатыда адамның салмағы әдеттегі қалпынан 29%-дан артық; екіншісінде — 50%; үшіншісінде — 100%-ға; төртіншісінде — 100%-дан асып кетеді. Бұл жағдайда организмнің зат алмасуының бұзылуы және сүйек пен буынға салмақ түсуінің өсуі тірек-қимыл аппараттарында өзгерістер тудырады. Қатты семіру тыныс алу және жүрек-қантамыр жүйелерінде де өзгерістер туғызып, өкпе мен жүрек қызметін әлсіретеді. Артық салмақ қант диабетінің, гипертония аурулардың, стенокардия мен миокард инфарктының, өтке тас байлану, т.б. аурулардың пайда болуына әсер етеді. Емі: диета сақтау, май, көмір, су және калориясы аз, бірақ белогы мен витаминдері мол тағамдарды ішу керек; дәрігердің кеңесімен тәбетті төмендететін дәрі ішу және ашығу күнін белгілеу; суға шомылу, массаж жасату, спортпен шұғылдану қажет. Шипажай, санаторийлерде емделу де пайдалы. |