Приветствую Вас Гость • Регистрация • Вход • RSS
Воскресенье, 1.10.2023
Главная » Файлы » Қазақша рефераттар » Философия [ Добавить материал ]

Ғылымның пайда болуы


Оқушылар,студенттер,мұғалімдер,сайт қолданушылары өз материалыңызбен бөліссеңіз қуанышты болатын едік!

30.09.2016, 17:46

Ғылымның пайда болуы. Ғылымның тарихи дамуының негізгі кезеңдері.

  1. Ғылымның пайда болу проблемалары.
  2. Ежелгі мәдинет адамдарының дүниетанымдарының ерекшеліктері мен мәдениеті.
  3. Ежелгі Греция ғылымның отаны.
  4. Орта ғасырдағы Европадағы ғылыми таным.
  5. Шығыс ортағасыр ғылыми.

"Эпистемология" деген ертедегі грек сөзін қазақшаласақ, "episteme" білім дегенді, ал "1оgos" ілім, ғылым дегенді білдіреді екен. Сөйтіп ертедегі Грецияда эпистемология деп дәлелді, ақиқат білім туралы ілімді түсініпті. Олар мұндай білімге математика мен логиканы және астрономияның қайсы бір жақтарын жатқызды. Қалған басқа білімдердің бәрі жай пікір (dоха) деп саналды. Ертедегі грек философтары Парменид пен Платон эпистемологияны ақиқат туралы білім деп қарастырып, оны сезімдік бақылауларға негізделген пікірлерге қарсы қойды.

Қазіргі заманғы философиялық әдебиетте эпистемология көбінесе ғылыми таным теориясы мағынасында қолданылады, ал жалпы таным теориясын білдіру үшін әдетте "гносеология" термині пайдаланылады. К.Поппердің пікірінше, эпистемология дегеніміз "ғылымның болмысын және оның өсуін түсіндіруте тырысатын" ғылыми таным теориясы. Дәлелді ақиқат білімнің жай күнделікті білімнен айырмашылығы ертедегі гректерге де белгілі болғанымен, ғылыми білімнің эпистемологиялық проблемаларын зерттеу шын мәнінде тек Жаңа заманда ғана басталды. Шындық дүниені ғылыми тұрғыдан зерттеудің күнделікті қисыңды мәнге негізделген практикалық танымнан түбірлі айырмашылығы бар екендігі Жаңа заманда ғана анықталды. Мәселен, Аристотельдің физикасы бойынша және күнделікті қисынды мәніне қарай тұжырымдалған пікір бойынша да сыртқы күш әсер етпеген дененің қозғалысы бірден тоқтауы тиіс, ал Галилейдің инерциялық принципі бойынша ол түзу сызық бойымен қозғала береді. Галилей енгізген ең басты жаңалық ғылыми зерттеудің арнайы әдісі ретінде ғылымда экспериментті пайдалану болды. Галилей тарихта тұңғыш рет тәжірибеде байқалатын эмпириялық құбылысты оның логикалық талдауымен біріктіруді математикалық әдістердің көмегімен іске асырды. Ғылымның әрі қарай дамуы барысында математикалық әдіс табиғаттың түрлі құбылыстары мен объектілерін зерттеуде барған сайын кеңінен қолданыла берді. Галилейдің "табиғаттың кітабы математика тілінде жазылған" деген қанатты сөздері математикалық әдістің ғылымда зор маңызы бар екенін, сондықтан математика тілін білген адам ғана табиғат құбылыстарын ойдағыдай зерттей алатынын атап көрсету мақсатында айтылған.

XVIIғасырда классикалық ғылымның тууына байланысты классикалық эпистемиология туды. Ол көбінесе ғылыми білім алу, оны зерттеп, дәлелдеу проблемаларын талдауға көңіл бөлді. Кезінде ғылыми білім алудың теориялық және дедукциялық әдістерін талдаумен Р.Декарт пен Г.В.Лейбниц айналысты, ал Ф.Бэкон зерттеудің индукциялық әдісін тұжырымдады. Ол кездегі эпистемология өзінің таным әдістері мен принциптерін, ақиқат критерийлерін бұрынғы натурфилософия мен ортағасырлық схоластикалық философияны сынау барысында тұжырымдады. Жаңа индукциялық логиканы жасаудың бастамашысы болған Ф.Бэконның қызметі дәл сол мақсатқа бағытталған еді, өйткені Аристотельдің дедукцилық логикасы (силлогизмі) табиғат құбылыстарын зерттеуге жарамады. Табиғатты зерттеу мақсаттарына әсіресе Галилейдің эксперименттік әдісі дәл келді, өйткені Галилей эксперименті табиғат құбылыстарына жай бақылау жүргізу мағынасында түсінген жоқ, Белгілі мақсатқа сәйкес ұйымдастырылған зерттеу процесі мағынасында түсінді, өйткені мұндай эксперименттік зерттеуде құбылыстарды бақылаудың сезімдік-тәжірибелік әдісі мен олардың мәнін ашудың рационалдық әдістері өзара бірлікте қолданылып, бірін-бірі толықтырып отырады.

Дегенмен, ғылымның одан әрі даму барысында жаңа ақиқаттарды ашудың ешқандай логикасы жоқ екендігі анықталды. Сондықтан классикалық эпистемология содан кейін ғылыми білімді негіздеу пробемасына күш сала бастады. Білімді негіздеу деп ол жеке ғылымдардың даму барысында қалыптасқан зерттеу әдістерін, нормалары мен критерийлерді қатаң сақтауды түсінеді, ал бұл түсінік кейіннен классикалық эпистемология шеңберінде танымның эмпириялық және рационалдық әдістерінің арақатынасын кеңінен талқылауға жағдай жасады. Егер эмпиризмді жақтаушылар ғылыми білімнің бірден-бір сенімді көзі түйсік пен қабылдауға негізделген сезімдік тәжірибе деп есептеген болса, ал рационализмнің жақтаушылары ақыл-ой ғана және соған негізделген рациональдық таным әдістері ғана сенімді ақиқат білімге қол жеткізеді деп дәлелдеді.

Классикалық эпистемология шеңберінде эмпиризм мен рационализм арасында өрбіген пікір таласы мен дискуссия түрліше формада жүрді. Латынның "sensus" — түйсік, сезім деген сөзінен шыққан сенсуализм бағытының өкілдері (француз материалистері Дидро т.б және ағылшын философы Дж.Локк т.б) түйсікті біздің біліміміздің бірден-бір көзі, атом сияқты ең ұсақ негізгі деп санаған болса, ал рационалистер білімнің ондай негізгі ретіңде ақыл-ой қызметін алды. Мысалы, Р.Декарт ғылыми білімнің алғашқы көзі ақылмен аңғару (интуиция) деп есептеді. Рационализмді жақтаушы Г.В.Лейбницте математикалық ой ақыл-ойдың ең жоғарғы көрінісі деп санады. XVIII—XIXғасырларда идеализм мен априоризмнің көптеген өкілдері (И.Кант, Гегель, жаңа кантшылар т.б.) рационализмді жақтады.

XIXғасырда позитавистер, ал XXғасырда неопозитивистер эмпиризм бағытын жақтады. Неопозитивистер бүкіл ғылыми білімнің негізін құруға тиісті тәжірибені білдіретін протоколдық сөйлемдерді (сөзбе-сөз дәл білдіретін сөйлемдерді Ә.Т.) ерекше бөліп көрсету идеясын ұсынды. Абстракциялық ұғымдар мен пікірлерді, ғылым заңдарын олар дәл сондай протоколдық сөйлемдерге жатқызды.

Классикалық эпистемологиядағы пікірталастың тағы бір бағыты жалпы таным теориясында психологизм және антипсихологизм проблемасы төңірегінде болды; ол талас ғылыми таным саласында ерекше болды. XIXғ. психология ғылымының дамуына байланысты кейбір философтар біздің білімімізді негіздеу принциптерін санамыздың шекарасынан тыс жерден, тіпті логикадан да іздемей, сананың өз ішінен іздеу керек деген пікір айтты. Сондықтан таным теориясында психологизмді жақтаушылар бұл проблеманы психология ғылымының ұғымдары, заңдары мен принциптері негізінде қайта құруға әрекеттенді. Психологизмді жақтаушылар тіпті формальды логика сияқты көпшілікке белгілі ғылымның заңдарын да жеке адам санасында болатын идеялардың бірігу және ажырасу процесіне жатқызуға тырысты. Бірақ бұл тұрғыдан қарастырғанда көп ғасырлар бойы практикада тексеріліп тұжырымдалған ойлаудың жалпы адамдық заңдары мен ережелері таза субъективтік сипатта іске асатын жеке адам ойлауының бірігу және бөліну құбылысына айналар еді. Сондықтан көптеген белгілі логиктардың, математиктер мен философтардың психологизм бағытына қарсы болуы тегін емес.

Классикалық эпистемологияға жасалған қысқа ғана шолудан көретініміз: ол ең алдымен ғылыми білімді негіздеудің нормаларын, әдістері мен принциптерін жырымдауға күш салды. Ал бұл неопозитивистер мен сыншыл рационалистерді жаңа білім ашудан гөрі дайын білімді негіздеуге баса назар аударуға алып келді.

Қазіргі классикалық емес эпистемологияның қалыптаса бастауы ғылыми білімді негіздеуден ол білімнің даму процесін зерттеуге көшуінен басталды: ғылымның эволюциясы жайлы бірінші модельдер (үлгілер) XX ғасырдың 60 жылдарында пайда болды; ол тірі организмдер дүниесінің эволюциясы мен ғылыми білімнің дамуы арасындағы аналогия (ұқсастық) туралы түсінікке негізделді. Бұл модельдердің ішінде көпшілікке кеңірек белгілісі К.Поппердің эволюциялық эпистемологиясы болды. Ол эпистемология бойынша, ғылыми танымның дамуы Ч.Дарвин тұңғыш зерттеген тірі табиғаттың эволюциясына өте ұқсас процесс болып табылады екен. Табиғаттағы бәсекелесу және тіршілік үшін күрес сияқты, дейді К.Поппер, ғылыми танымда да түрліше гипотезалардың арасында бәсекелесу жүреді. Егер табиғатта өмірге ең бейімделген организмдерді іріктеу табиғи сұрыпталудың нәтижесінде жүзеге асатын болса, ал ғылымда ең тиімді гипотезалар үздіксіз тексеру процесінде расталмаған гипотезаларды жаратпай тастау жолымен іске асады.

Алайда мұндай аналогияның белгілі бір пайдасы болғанымен, бірақ ол басты мәселені шеше алмайды, ол ғылыми білімді дамытудың жолдары мен тәсілдерін аша алмайды, сөйтіп оны объективтік ақиқатқа жақындата алмайды. Оның үстіне қателіктерді тексеріп көру, яғни болжаулар арқылы қателіктерді болдырмау әдісін толық ғылыми деп қабылдауға бола берер ме екен, өйткені болжамдарда кездейсоқтық жиі кездеседі.





Категория: Философия | Добавил: Admin | Теги: қазақша реферат, философия, реферат
Просмотров: 9280 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]