Приветствую Вас Гость • Регистрация • Вход • RSS
Четверг, 8.12.2016
Главная » Статьи » Туған күнге тілектер » Қазақша тақпақтар мен өлеңдер

Ана тілі тақпақтар,өлеңдер


Оқушылар,студенттер,мұғалімдер,сайт қолданушылары өз материалыңызбен бөліссеңіз қуанышты болатын едік!

СҮЙЕМ ӨЗ ТІЛІМДІ

Сүйсем өз тілімді,

Боламын білімді:

Өз тілім үйретер,

Өнерді, ғылымды.

Сүйем өз тілімді.

                                     Әдібай Табылды

 

АНА ТІЛІ САБАҒЫНДА

-Ана тілі тым оңай!

Деп Күлдірген тыңдамай

Терезеге қарады,

Теректерді санады.

Оны көріп мұғалім,

Қойды кенет сұрағын:

-Айтшы, тұрып сен енді

Анықтауыш дегенді.

-Анықтауыш ... Әрине ...

Анықтайды бәрін де ...

Күбір сөзі ұзарып,

Күлдірген тұр қызарып.

Ана тілін білмесең,

Аһ ұрасың күнде сен.

                                      Әдібай Табылды

 

АНА ТІЛІҢ – АРЫҢ БҰЛ

Ана тілің біліп қой,

Еркіндігің, теңдігің.

Ана тілің біліп қой,

Мақтанышың, елдігің.

 

Ана тілің – арың бұл,

Ұятың боп тұр бетте.

Өзге тілдің бәрін біл,

Өз тіліңді құрметте!

                                      Қ.Мырзалиев

 

 

АНА ТІЛІНЕ ТАҒЗЫМ

Ана тілі – біздің туған анамыз!

Анамыздай сыйлап, бағып-қағамыз.

Ана тілін бағаласақ, қалай біз

Өзіміздің сондай болмақ бағамыз.

Ана тілін кім аялай білмесе,

"Анасынан безген ұл!” – деп қараңыз.

                                      М.Әлімбаев

 

АНА ТІЛІ

Ақыл-ойын адамның

Ана тілден аламын.

Ана тілім ардақты,

Ақ сүтіндей анамның.

 

Өсірген ой білімді,

Сүйем туған тілімді.

Мақсат етем әр сөздің

Мәнін  терең білуді.

                                      Ә.Табылды

 

АНА ТІЛІМ

Ана тілім – ұраным,

Ана тілім – құралым,

Ана тілім – болмаса

Мықты болмас тұрағым.

 

Ана тілім – елдігім,

Ана тілім – ерлігім.

Ана тілім – болмаса

Бүтінделмес кемдігім.

                                      С.Кәттебайұлы

 

АНА ТІЛІ

Мейірі мол балаға

Барлық, барлық анаға,

Басымызды иеміз,

Бабамыздың тілі деп.

 

Даламыздың үні деп,

Ана тілін,

Ана тілін,

Ана тілін сүйеміз.

                                      Ш.Сариев

 

Туған  тілім – бабам тілі - өз тілім.

Туған тілім – анам тілі - өз тілім.

Туған тілім – далам тілі - өз тілім.

Туған тілім – адам тілі - өз тілім.

                                                                  Д.Әбілев

 

 

АХМЕТ БАЙТҰРСЫНОВ РУХЫНА

Қасиет атаулының барлығы да

Халықтың кірігеді нарлығына ...

Өзіңді ұйпаса да өрттей тағдыр,

Артыңда тот шалмайтын қалды мұра.

Ана тіл ғылымының Абайысың,

Туғандай ұрпақтардың талайы үшін.

Сақтаған жүрегінің күмбезінде

Туған ел сені өлімге қалай қисын?!

 

Ғұлама, халық жанды ғазиз бабам!

Халқыңнан бір сәтің жоқ ажыраған.

Келесің өлмей жасап, шырақшы боп,

Ана тілі – асыл жиған қазынаға.

 

Алуан алыс-жақын көршіміз де

Сыйлаған, қызыққан да өршіл ізге:

Сен – Адам-Академия! Сахарада

Тарихтың бұйырғаны еншімізге!

 

Аққудай қайта қондың Ақкөліңе,

Қазақтың қайта отырсың қақ төрінде!

Бірінші кластықтар жазып жатыр:

"Әділдік”, "Ақиқат” деп дәптеріне!

                                                        М.Әлімбаев

 

АНА ТІЛІМ, КҮМБІРЛЕ САРАЙЫМДА!

Тілін білген Абылай, Абайым да,

Құдырет берген ана тіл талай ұлға.

Қасиетті сол тілдің арқасында

Ерікті ел боп алысқа қарайын да.

Ана тілім, күмбірле сарайымда!

 

Тағдырым, даралама тілден мені,

Тіл – елмен қауыштырар іргемдегі.

Тіл – елмен табыстырар алыстағы,

Аспандатар жердегі жүрген мені.

 

Тілмен өрлер мерейім өрлесе де,

Тілсіз бақытын басынан ел кешер ме?

Тілер едім таусылса ақтық демім,

Жерлеңдер деп тілменен жерлесең де...

 

Ерекше бір сән беріп көшке бүгін,

Келе жатыр жаңғырып өшкен үнім.

Ана тілім рухымды көтереді,

Самал тербеп тұрғандай текше гүлін.

 

Өмір кешіп басынан ала құйын,

Жат жерінде күңіренткен дара күйін;

Атамекен,

Аңсаған Ана тілін,

Арманда өткен Мысырда Фарабиім!..

 

Көме түсіп көкірекке кекті мұңын,

Жетпіс жылды өңгеріп өтті күнім.

Ана тілмен жазған ғой Мұса Жалил

Түн – түрмеде отырып отты жырын...

 

Ана тілсіз тарих та жасалмайды,

Ана тілсіз іс өрге баса алмайды.

Желмаяның үстінде желіп жүріп,

Күңіренбеген тектен –тек Асан Қайғы

 

Тілін білген Абылай, Абайым да,

Құдірет берген Ана тіл талай ұлға.

Қасиетті тілімнің арқасында

Ерікті ел боп алысқа қарайын да.

Ана тілім, күмбірле сарайымда!..

 

*  *  *

Бәлкім, дарыр жаныңа сенің де өнер,

Сонда ғана бір жүгім жеңілденер.

Қара бұлттар айығып аспанымнан,

Күңгірт тартқан жан дүнием көңілденер.

Ана тілмен сомдалар тыныстағы үн,

Ана тілді мен дәйім пір ұстадым.

 

Ана тілдің жолында ұғын, балам,

Садақа ғой

Даңқ пен күміс тағың!..

                                                        М.Айтхожина

 

АХМЕТ ЖӘНЕ АНА ТІЛІ

Қазақтың әсте  елеңдер

Аз емес лағыл-жақұты ...

Ахмет, ақаң, кемеңгер –

Ана тілінің бақыты.

 

Ұрпағын ақын мінесе,

Ұға ма мәңгүрт,

Мақаулар?!

Алтындай қымбат мың есе

Ахмет тапқан атаулар.

 

Жылына емес,

Күніне

Жүз мәрте кіріп майданға,

Құдыреті бар тіліне

Құдырет қосқан пайғамбар.

 

Ұйқылы-ояу өмірде

Оятты ол неше жұртымды,

Сезінбес бұлай Тәңір де

Өзі жаратқан бір тілді!

 

Біліңіз!

Жақсы біліңіз!

Ұстаңыз есте ұдайы:

Қашан да

Ана тіліміз –

Қазақтың басты құдайы.

                                                        Қ. Мырза-Әли



Похожие материалы

Рахмет ретінде астында тұрған жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!

Категория: Қазақша тақпақтар мен өлеңдер | Добавил: Admin (12.11.2013)
Просмотров: 2863 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]