Приветствую Вас Гость • Регистрация • Вход • RSS
Среда, 7.12.2016
Главная » Статьи » Туған күнге тілектер » Қазақша сценарийлер

Қазақстан рәміздері сценарий


Оқушылар,студенттер,мұғалімдер,сайт қолданушылары өз материалыңызбен бөліссеңіз қуанышты болатын едік!

Қазақстан рәміздері

Жоғары сынып оқушыларына арналған тарихи-танымдық турнир

          Дайындық кезеңі: Шараны өткізу үшін ҚР елтаңбасы, әртүрлі елдердің елтаңбалары, Қазақстан қалаларының ертедегі елтаңбалалары, алғашқы этностық-мәдени нышандар, Кеңестер Одағының елтаңбасы, тулардың суреттері дайындалады.  Бұл шараны өткізу үшін Е.Шаймерденовтың Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері атты рәмізтану саласына байланысты жарық көрген кітабының пайдасы зор болады. Ондағы түрлі-түсті рәміздік белгілердің суреттерін жұмыс барысында пайдалануға болады.

        Жоғары сынып оқушылары арасында Қазақстан рәміздеріне байланысты шығарма, өлең жазып келу тапсырылады. Шара барысында осы шығармалардан үзінділер оқылады.

      Турнирдің шарты: Қатысушылар үш топқа бөлінеді. Жарыс үш турдан тұрады: І.Елтаңба ІІ. Жалау. ІІІ. Әнұран

          Әрбір қатысушы білімінің жетіктігімен өз тобымен де, сондай-ақ жеке дара да жеңіске жете алады. Әрбір топ ойынның ережесін бұзбаса, көрермендер көмегін пайдаланбаса және шығармашылық жұмыстарды ұйымшылдықпен, ынтымақпен орындаса жеңіске жетеді.  

        Жүргізуші :   «Біз Тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік. Енді сол тәуелсіздіктің қасиетті белгілерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз керек. Әрбір азамат Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Әнұранын тұмардай қасиет тұтуы қажет. Елдігіміздің сыналатын бір тұсы-осы»,- деген Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың арнау сөзін Қазақ елінде тұратын және оны өз отаным деп білетін әрбір азамат жүрегінің терең түкпірінде сақтап, қашанда жадында ұстауы керек. Бұл баршамыздың туған ел алдындағы перзенттік борышымыз! Әрине, мемлекеттік рәміздерімізді қастерлеп, қасиеттеу үшін, алдымен мемлекеттік рәміздер туралы терең түсінік болуға тиісті.  Мемлекеттік рәміздер де белгілі бір елдің өзіндік өмір салтын, бүкіл болмыс ерекшелігін, айрықша арман-аңсарын, басқалармен байланыс мұратын білдіретін белгі.  Сонымен, бүгін өмір сүріп отырған үшінші мыңжылдық ғасырынан, сонау алғашқы адамзат пайда болған ерте кездерге ауысамыз да, мемлекеттік рәміздер туралы білімімізді сарапқа саламыз.

 

 

І тур

  • Елтаңба дегеніміз не?

 

   Негізі «Герб» сөзі неміс тілінен аударғанда «ербо» –мұра деген мағынаны білдіреді. Ал дәл осы ұғымды тіліміздегі «таңба» деген сөз анық жеткізеді. Бұл әрбір елдің, қаланың, әрбір рудың, жеке адамның бейнесі белгіленген шартты және ерекшелік белгісі. Елтаңба иесінің тарихымен тығыз байланысты болады. Елтаңба сол елдің заңына байланысты анықталады және заң бойынша бекітіледі.

 

ü  Геральдика (елтаңбатану) және вексилология (тутану) атты ғылым салалары өмірге келгелі бірнеше ғасыр өтті. Бұл жөнінде алғашқы кітаптар ХVІ ғасырда-ақ белгілі болған. Француз тарихшысы Менестрэ 1650 жылы осы мәселені үңгіп жазған үлкен еңбегі үшін елтаңбатану ілімінің атасы атанды.

 

  • Алғашқы елтаңбалар қашан пайда болған?

       Алғашқы нышандарға жататын тотемдік белгілер әлемнің барлық халықтары арасында кең тараған. Негізінен жануарлар бейнесі кескінделген бұл тұмаршалар белгілі бір рулар мен тайпалардың ортақ рәмізіне айналды. Олардың қай қоғамдастыққа жататынын сол тұмаршаларға қарап ажырататын болды. Кейінірек көсемдер мен рубасыларының билік белгілері ретінде бір уыс шөп, жапырақ, құстың қауырсын қанаты, айрықша әшекейлеп жасалған бас киім және басқа нышандар пайдаланылды. Олардың орнын найза, әшекейлі бақандар мен түрлі темір салпыншақтар басты. 

  • Геральдика сөзі нені білдіреді?

Геральдика латын сөзінен аударғанда елтаңбатану дегенді білдіреді.

  • Ең алғашқы геральдикалық белгілер қайда бейнеленген?

Ұлы Гомер әйгілі Троя шайқасына қатысқан әскерлердің қалқандарындағы белгілер туралы баяндаса, Эсхил жауға қарсы соғыс ашқан жауынгерлердің қалқандарындағы нышандарды талдап жырлайды. Келе-келе, алғашқы әскери байрақтар пайда болды. Темір бақан басына, найзаның ұшына немесе ағаш таяқтарға өздері сиынатын құдайларының немесе әулие тұтатын жануарлардың бейнесін іліп шығатын болған. Оларда қанатты Пегас, Минотавр, тасбақа мен үкі бейнелері кездеседі. Кир (ХІІ ғ.) алтын қанатты қыран бүркіт бейнесін жеке таңбасы ретінде пайдаланған деседі.

ü  Дегенмен, қазіргі жалаулар мен тулардың түп атасы дерлік алғашқы байрақ көне Азия топырағында, бұрын көшпелі ата-бабаларымыз аралас –құралас өмір сүрген ежелгі Қытай жерінде дүниеге келген деседі. Чжоу әулеті билік жүргізген б.з.д. ХІІ ғасырда желбіреген тұңғыш байрақтар түсі де бізге таныс-ала болған. Кейіннен ежелгі Үнді жерінде көтерілген қызыл, жасыл түсті әскери байрақтардың ұшы үшкілденіп келетін де, ортасына сары бояумен әр түрлі киелі жануарлардың бейнесі салынатын.

  • Қазақ елінің геральдикасының тарихы қашаннан бастау алды?

          Өз тіліміздегі «таңба» сөзі Түркі қағанатында дүниеге келген. Білімпаз Махмұд Қашқари өзінің әлемге әйгілі сөздігінде «таңба-ел билеушілердің ерекше белгілері» деген мағына береді.Бұл сөзді бергі он жетінші ғасырға дейін орыс князьдары да пайдаланған. Түркі халықтарының таңбалары туралы деректер V ғасырдан белгілі екендігі көрсетілген. Қазақ руларының таңбалары осы күнге дейін сақталған. Таңба белгілер көне ақшаларымызда да көрініс тапқан. Сонау VІ-VІІІ ғасырларда-ақ ру-ұлыс нышандары айшықталған металл теңгелер шығарылған. Отырар, Тараз қалаларындағы металл теңгелер шығарған ұстаханалар туралы деректер өте мол.

ü Тік сыңар сызық-қаңлылардың, тік қос сызық немесе қос әліп-қыпшақтардың, сүйір немесе тік қосылған сызықтар-керейлердің, бұрыш бейнелі белгі-наймандардың, дөңгелек-дулаттардың, қос дөңгелек көз-арғындардың, босаға бейнесі-қоңыраттардың, садақ бейнесі-адайлардың, құлақты дөңгелек-албандардың т.б. ру-тайпалық белгілері болған.

  • Қазақстан жерінде қолданылған қандай елтаңбалардың түрлерін білесің?

           Елтаңбалардың дамуы, жетілуі, әртүрлілігі кезеңдерге байланысты. Елтаңбалар 6 түрге, яғни 6 деңгейге бөлінеді.

Алғашқы әлеуметтік, рәміздік (рулық таңбалар), мөрлер, әулеттік, қалалар мен аумақтық және ресми бекітілген мемлекеттік елтаңбалар.

  • Кеңес Үкіметі тұсындағы Қазақстан елтаңбасы туралы не білесің?

               Жетпіс жылдан астам уақыт бойы желбіреген қызыл тудың мемлекеттік нышанға айналуы ресми түрде 1918 жылдары қабылданған.           Бидай масақтарымен көмкерілген орақ-балғалы қызыл жұлдызды Қазақстанның елтаңбасы пайда  болған. Онда қазақша жазылып, орыс тіліндегі нұсқаларын қайталаған «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!». «ҚКСР» деген қазақша қарыптардан басқа, республика ерекшелігіне мегзейтін ешқандай белгі болмаған.

  • Елтаңба құрылымы неден тұрады?

      Елтаңба негізінен жайма тақта (қалқан) және оның айналасындағы кескін, бейнелеулерден тұрады.Елтаңбаның негізі батырлардың қалқандарының көшірмесі ретінде ашылған.

  • Геральдика тарихында бұрын-соңды болмаған Қазақстан елтаңбасындағы қандай  бейне ?

Шаңырақ тектес елтаңба бұрын-соңды әлемдік геральдика тарихында болмаған.  Қазақтың қасиетті қара шаңырағының бейнесі бүтін қазақ елінің символы іспеттес. Қара шаңырақ-біздің ұлттың алтын бесігі. Асыл діңгек аман болса, алтын бесік мәңгілік өмір жырымен тербеле береді деген ұғым бар.

  • Қазақстан елтаңбасындағы бесбұрышты жұлдыз нені білдіреді?

       Тәуелсіз мемлекетіміздің құшағы бес құрлыққа бірдей ашық, әлемдік өркениет көшіне өз болмыс-бітімімізді сақтай отырып ілеспек ниетіміз бар дегенге мегзейтін бесбұрышты жұлдыз.

ü Бесбұрыш формасы Күлтегін ескерткішінде де қолданылған. Аспан денелерін, әсіресе, Күн мен Айды, одан кейін жұлдыздарды кие тұтатын халқымыздың «бағымыз ашылып, жұлдызымыз жарқырай берсін» деген асыл арманын да арқалап тұр ол.

          Жүргізуші: Бірінші турдың шығармашылық тапсырмасы төмендегідей: өздерің ойларыңнан кез-келген елтаңбаның суретін салыңдар. Негізгі шарт- бұл елтаңба ерекше, таңқаларлық болу керек.

          (Екі топ өздерінің шығармашылық жұмыстарымен таныстырады)

 

 (Шығармалардан үзінділер орындалады)

 

 

 

ІІ тур

  • Ту деген не?

Ту («флаг» нидерл.) ағаш сапқа немесе бауға ілінген белгілі бір түсі, көбіне эмблемасы бар мата.

  • Мемлекеттік ту дегеніміз не?

Мемлекеттік ту- елдің Тәуелсіздігін білдіретін ресми билік нышан.

  • Тудың сипаттамасы қайда тіркеледі?

Мемлекеттік тудың негізгі сипаттамасы Конституция бойынша бекітіліп, тіркеледі.

            Мұрағатшы: Мемлекеттік тудың негізгі элементі оның түсі екендігі де дау тудырмаса керек. Ең көп тараған деректер бойынша, мысалы, қызыл ту ерлік таныту, күрес, қауіп төндіру, бас көтеру және шу шығару деген ұғымдарды береді. Ақ ту-бейбіт ниет, жауға қарсыласпай берілу, қара ту-қайғы, жоқтау және қарсылық білдіру белгісі деп саналады. Түстердің діни мағыналары да бар. Ақты-христиандар, жасылды мұсылмандар, сарғыш қызылды буддаға табынушылар қасиет тұтады.

ü Әр халықтың, әр ұлттың жанына жақын, айрықша қастерлейтін өз баяуы, өз түсі де болады. Осыған орай ұлттық бояу деген ұғым кең тараған. Оның терең танымдық мәні, қолдану үрдісі және әріден бастау алатын төл тарихы болады. Әдетте, ұлттық бояу ұлттық өнер туындыларында, ою-өрнектерде, киім-кешектерде, тұрмыстық заттарда жиі қолданылады. Ол сол себепті халықтың табиғи болмыс-бітімі мен мінез-құлқынан да хабар беріп тұрады деп есептеледі. Мысалы, Испания туларындағы өрекпіген қызыл-сары бояулар испан халқының қызу қанды мінезіне үйлесер болса, Финляндия туларындағы ақшыл, көгілдір түс фин халқының бойындағы салқын қандылық пен сабырлылықты сездіретін көрінеді.

  • Қазақстан туының көк түске боялу себебі?

  Танымдық тұрғыдан алғанда, қызыл-оттың, жылу мен қанның, жасыл-шөптің, өсімдіктің, қара-жердің, суықтың, қараңғылықтың, ақ-судың белгісі болып саналса, зеңгір көк-аспанның, ауа мен құрлықтың белгісіне баланады.

ü Алғашқы геральдистердің бірі Ансельм жасаған кесте бойынша, ол-адалдықтың, кіршіксіз тазалық пен бейкүнә пәктіктің нышаны, әрі осы реңдес ту көтерген елдің саясатына ерекше сенім көрсетуге болады деген ойға жетелейді.

  • Қазақ жерінде ту қашан пайда болды?

Ту көтерген батыр бабалар бейнесі сонау ерте замандарда жартаста сызылған суреттерде айқын бейнеленген. Көне ұғымдарды былай қойғанда, аттары бүгінге дейін жеткен Мөде, Бумын және Елтеріс, Жәнібек пен Керей, Қасым мен Есім хан, Тәуекел мен Тәуке, Әбілқайыр мен Абылай сынды ел билеушілеріміздің, қол бастаған баһадүрлеріміздің қай-қайсысының да өз байрағы болғаны мәлім. Байрақтың түсіне келер болсақ, «Көк асаба» аталған көне байрақ түсі исі түркі халықтарының түп атасы кие тұтқан Көк аспан әміршісінің белгісіне баланса, түркілердің тағы бір табынары-көк бөрі бейнесі де тудағы таңбаға айналған. 

ü  Қазақ даласында көтерілген байрақ, тулар да бір тектес болмаған, әрине. Ұзақ уақыт бойы арнайы сөз етіліп, қасиетті жәдігер ретінде құнтталмағандықтан да, ел ішінде көбіне Абылайдың ақ туы ғана ауызға алынады. Дегенмен, тек төрелер ұстаған тулардың өзі әр алуан болған. Мысалы, араб, парсы, түркі және қытай жазбаларына сүйене отырып, олардың қызыл, көк, ақ, ала тулы болғанын білеміз.

  • Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туының ресми анықтамасы?

 Туымыздағы нұр шұғылалы алтын күн бейнесі, қыран көңіл халқымыздың асыл арманын арқалаған дала бүркіті мен рухани болмысымыздың жарқын бір көрінісі болып табылатын ұлттық өрнек-сондай айтары мол астарлы айшықтар. Ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тікбұрышты көгілдір түсті мата. Оған қоса, Туды сабының тұсынан ұлттық өрнек  нақышталған тік жолақ көктеп өтеді. Күн, шұғыла, қыран және өрнек бейнелері алтын түсті болуы керек. Тудың ені мен ұзындығының бір-біріне қатынасы ½ бөлшегімен өрнектеледі. Яғни, ені-1,5 метр болса, ұзындығы 3 метр болады.

 

                (Шығармалардан үзінділер оқылады)

 

              ІІІ тур

 

  • Әнұран дегеніміз не?

Қытайлар гимнді «гоге»-мемлекет өлеңі, мемлекет әні десе, арабтар оған отан өлеңі, отан әні деген мағына береді.

 

  • Қазақ халқының сөзі жоқ мемлекеттік әнұран міндетін атқарып келе жатқан музыкалық шығарма?

Құрманғазының әйгілі «Сарыарқа» күйі ғасырдан астам уақыт бойы халқымыз үшін сөзі жоқ, тек әуеннен тұратын ұлттық рәміз міндетін атқарып келеді

 

  • Қазақ халқының басына түскен қасіретті баяндайтын әлемдегі болмыс бітімі бөлек ұлттық әнұран?

Қазақтың «Елім-ай әні -әлемде теңдесі жоқ болмыс –бітімі бөлек ұлттық әнұран. Әдеттегі әнұрандарда, негізінен, мадақтау сарыны басым жататын болса, бұл ел әнінің қуаты бүкіл халық басына түскен қасіретті боямасыз баяндай отырып, рухты жасытпай, қайта елдік пен ерлікке шақыратын оптимистік сезім оятатын қасиетінде жатыр.

ü Жоңғар шапқыншылығындағы әйгілі «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» қырғыны кезінде 1723 жылы дүниеге келген бұл екрекше ел әнінің авторы –Қожаберген Толыбайұлы. Ол Үргеніш, Бұхар, Самарқан медреселерінде оқып, білім алған.

 

  • Кеңес Үкіметі кезінде, қазіргі Тәуелсіз Қазақстанда дажастарды, халықты отаншылдыққа шақыратын еліміздің ресми емес әнұраны болып кеткен ән? Осы әнді жазған кім? Әннің бір шумағын айтып бер.

Бұл ән 1986 жылғы желтоқсан оқиғасында «Елім-ай» әнімен қатар шырқалған болатын. Сөзі Н.Нәжімеденовтікі, әні Ш.Қалдаяқовтікі «Менің Қазақстаным әні»

Алтын күн аспаны,

Алтын дән даласы.

Думанды бастады,

Далама қарашы.

Кең екен жер деген,

Жерге дән шықты ғой.

Дән егіп, терлеген,

Қазағым мықты ғой.

Менің елім, менің елім,

Гүлің болып егілемін,

Жырың болып төгілемін елім,

Туған жерім менің-Қазақстаным!

  Шығармашылық тапсырма: Әрбір топ  өздерінің рәміздерін ойлап табулары керек. Негізгі шарты: Ол ерекше, таңқаларлық болуы керек. Жәнеде міндетті түрде Қазақстанмен байланысуы шарт.Жүргізуші турнирдің қорытындысын шығарады, жеңімпаздар марапатталады)

       Құрметті, балалар. Бүгінгі турниріміз сәтті аяқталды. Бұл шараға барлығымыз белсенді қатысып, өзіміздің білімімізді ортаға салып, білмегендерімізді көңілге түйдік деп ойлаймын. Енді Елбасымыз Н.Назарбаев пен дарынды әнші, композитор Б.Тілеуханның «Елім менің» әнінің клипін тыңдауларыңды ұсынамын. Бұл музыкалық шығарма қазақ елінің бар перзентінің еліне, жеріне, Отанына деген мақтаныш сезім оятатын ән. Бұл әнді қазіргі кездегі қазақ халқының ресми емес әнұраны десек қателеспейміз.

 

Арайлап таңым, асқақтап тауым,

Ән ойнап көгім, күй тартты көлім.

Қол жетті, міне, аңсаған күнге,

Жасай бер, жаса, қазағым менің.

 

Қазақстаным – жасыл орманым,

Қуанышымды жасыра алмадым.

Аңсаған бабам, аңсаған елім!

Бостандық еді – ау асыл арманың.

Қайырмасы:

Елім менің аңсаған,

Тас бұғаудан босаған.

Құтты болсын отауың- оу,

Берік болсын –ау босағаң.

 

Бабамның қаны, анамның жасы,

Сіңген бұл далам, қымбатсың маған.

Береке –бірлік қамалдың басы,

Ұрпаққа мәңгі тіл қатшы, далам.

 

Күйінсін жауың, сүйсінсін досың,

Жиылсын қауым, құйылсын көшің.

Ертеңің үшін аянба, ерім,

Ояншы, елім, жиылсын есің.

 

Қайырмасы:

Ұрпақ үшін, ел үшін,

Атамекен жер үшін.

Берекең мен бірлігің – оу,

Таси берсін – оу өрісің.

 

 

Қосымша

Мемлекеттік рәміздерге байланысты қызықты ақпарат пен деректер

 

 

       Қызыл түс- әлем мемлекеттері туларында ең көп кездесетін рең. Ол барлық тулардың үштен екісінде бар. Одан кейін көп пайдаланылғаны ақ, көк, сары және қара бояулар екен.

 

       Ені мен ұзындығы бірдей жалғыз шаршы ту- Швейцариянікі

 

        Күн бейнесі- мемлекеттік туларда жиі кездесетін нышан. Олардың ішіндегі ең атақтысы-Жапонияның «Күн дөңгелегі». Рәміз-елдің «Күншығыс елі» деген атының нышаны белгісі. Тайвань туларында-ақ күн, Филиппин туларында –сегіз сәулелі күн,      Уругвай туында-адамның бет бейнесіне ұқсас «Мамыр күні» суреттері бар.

 

       Тудағы жазу рәміздің ең басты бөлшегі болып табылатын ел-Сауд Арабиясы. Оның туында «Алладан басқа құдай жоқ, Мұхаммед-оның пайғамбары» деген сөйлем бар.

 

         Иранның туында «Аллах акбар»  (Алладан басқа құдай жоқ) деген сөйлем 22 рет жазылған.Бразилия туында тәртіп және прогресс, Руанда туында «R» (Р) әрпі таңбаланған.

 

        «Көк қаршыға». Шыңғыс ханның туы-тоғыз шашақты үшкіл ақ мата. Ол тудың сабына үш жерден байланатын болған. Ал тудың дәл ортасында бауырына аулап алған қара қарғаны қысып, қанатын жайып, ұшып келе жатқан көк қаршығаның суреті салынған. Көк қаршыға хан әулетін желеп-жебеуші киелі құс саналады. бабасы Бодуаншар қиын кезде құс салып, жан сақтады деген аңыз бар.

          Тудың сабының ұшында үшбұрышты арнайы темір қондырғы болған. Ал туды жерге тұрғызып қою үшін, жеті тармақты жылжымалы тіреуіштер пайдаланылған.

          Абылайдың ақ туы. Ел жадында ерекше сақталған рәміздердің бірі-Абылайдың ақ туы. Ол бір түсті төрт бұрышты ақ мата. Шашақты бауы бар. Қазақтың ұлы туының түсі –Шығыс ғұн (375-454жж), Ақ ғұн (420-562жж), Шыңғыс ханның Алтын орда (1236-1502жж) мемлекеттері рәміздерімен реңдес. Ол б.з.д. ХІІ ғасырда дүниеге келген әлемдегі тұңғыш әскери байрақтардың түсімен де туыстас.

        Тубегі- Ерте замандарда осындай ресми атақ, жоғары мәртебелі қызмет болған. Жоңғар жаугершілігіне қарсы алдында бас әмірші болып-Әбілқайыр хан, ал тубегілігіне-бас сардар Бөгенбай батыр сайланған. Мұндай шешім Ордабасындағы ұлы жиында қабылданған. Тубегін тағайындау салты кейін де сақталған. Мысалы, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі қаһармандарының бірі Амангелді батыр әскерінің тубегі Қияқбай батыр болған.

           Елұран-Кезінде қазақ халқын құраған ру-тайпалардың өз ұрандары болғаны белгілі. Олар бір сөзден тұрады. Көбіне аруақты аталар мен аналардың атына құрылған. Ал бар қазаққа бірдей елұран «Алаш» болатын. Тағы бір ортақ ұран-«Аруақ» сөзі. Ұрандауды кейде «аруақ шақыру» дейді.

          Ең қысқа әнұран мәтіні бар болғаны 4 жолдан тұрады. Ондай рәміздер бірнешеу. Жапония, Иордания және Сан-Марино әнұрандарының мәтіндері осындай.

        Ең ұзақ әнұран мәтіні 158 өлең жолынан тұрады. Ол-Грекияның мемлекеттік рәмізі. «Бостандық әнұраны» деп аталады. 1823 жылы жазылған. Авторы-грек ақыны Диониенос Соломос.

 


Похожие материалы

Рахмет ретінде астында тұрған жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!

Категория: Қазақша сценарийлер | Добавил: Admin (12.11.2013)
Просмотров: 7083 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]