Приветствую Вас Гость • Регистрация • Вход • RSS
Суббота, 10.12.2016
Главная » Статьи » Туған күнге тілектер » Қазақша сценарийлер

25 - мамыр соңғы қоңырау сценарий(Қош бол, алтын ұям - мектебім)


Оқушылар,студенттер,мұғалімдер,сайт қолданушылары өз материалыңызбен бөліссеңіз қуанышты болатын едік!

25 - мамыр соңғы қоңырау сценарий(Қош бол, алтын ұям - мектебім)

 

« Қош бол, алтын ұям - мектебім» атты Батық орта мектебінде өтетін 2009-2010 оқу жылының соңғы қоңырау салтанатының жоспары
Ұйымдастырушы: директордың тәрбие ісі жөніндегі 
орынбасары Жұмағали Мұрат Жақияұлы 
Жүргізуші: Тарих - география пәнінің мұғалімі 
Ақмолдина Үмітжан Нұралықызы 
-    Қайырлы күн құрметті қонақтар, ұстаздар, ата – аналар, оқушылар!
-     « Қош бол, алтын ұям - мектебім» атты Батық орта мектебі 2009-2010 оқу жылының соңғы қоңырау салтанатына қош келіпсіздер !
Бүгін білімге тояттаған қырандардың соңғы қоңырауы. 
Жас жүректің өмірлік құштары – гүл,
Бағбан құстар баулыған құстары – бұл.
Қоштасып бүгінгі күн ұясынан,
Сол құстардың бір тобы ұшқалы тұр.
Алтын ұя мектебінің табалдырығынан үлкен өмірге ұшқалы отырған мектеп түлектерін құрметпен ортаға шақырайық. 
        
Түлектерді алтын ұясынан ұшырып отырған сынып жетекшісі Малдыбаева Райхан Дүйсебайқызы 
-    Мектеп оқушылары! Түзеліп тік тұрыңдар. Егемен Қазақстанның туына қарап сап түзеңдер. (Әнұран орындалады, Болашақтың 2 оқушысы туды көтереді)  
-    Тарихы терең қазақ деген көне елде,
Ел белгі де, ерлік, өрлік, өнерде.
Жаһандағы ең жауынгер халықта, 
Кім сенеді ту болмады дегенге.

Батырлыққа уызынан жарыған,
Ер түркіні байрағынан таныған.
Өзі ақын, өзі әнші халыққа,
Жарасады жігер берер әнұран. 
  ҚР көк байрағы әрқашанда қуанышта, сән салтанатымен желбіресін дей келе,  Қарағанды облысы Шет ауданы Батық орта мектебінің 2009-2010 оқу жылындағы соңғы қоңырау салтанатын ашық деп жариялаймыз. 
- Бүгінгі салтанатты жиынға келіп отырған қонақтармен таныстыруға рұқсат етіңіздер. 
1. Батық селолық округінің әкімі – Рақымжанов Мәжит Өміртайұлы 
2. 

3. Батық орта мектебінің 2005 жылғы 14 түлектері 5 жылдан соң алтын ұя мектептеріне қадірлі қонақ ретінде шақырылып отыр. 5 жыл аз уақыт болса да олардың өмірінде қаншама өзгеріс болды. Олардың кейбірі ЖОО тамамдап еңбекке араласты, біреулері жас астанамыздың көркеюуіне үлестерін қосса, енді біреулері өмірлік серіктерін тауып шаңырық көтерді. Ауыл экономикасына өз үлесиерін қосып жатқандары да баршылық. Ендеше мектептің 14 түлектерін қошеметпен ортаға шақырайық.2004-2005 оқу жылында Батық орта мектебінен 17 түлек ұшып шықты. Олар :
Еңбегіңіз еленіп жанып жатыр,
Қалаулы деп халқымыз танып жатыр, 
19 – шы түлектер қанат қомдап, 
Қанаттарын қияға қағып жатыр
Бүгінгі салтанаттты жиынымыздың алғашқы ақ тілегін Мектеп директоры Абдыкул Бағдат Саламатұлына береміз. 
-    №1 Жылқышы Балдырғанның орындауындағы «Ұстазым» әнін қабыл алыңыздар
-    Арман ойлар жеткізбеген аңсаған,
Қайрат күші қажыта алмас қарсы ағын.
Өмір теңіз толқындарын көргенде,
Асыл аға тілегіңді аңсармын. 
-    Егер ауданнан қонақ келсе соған сөз беріледі. 
-    
Ауыл әкімі Рақымжанов Мәжит Өміртайұлына сөз кезегін береміз. 
- №2   «Гүлдәурен» орындайтын Ақытбек пен Райымбек
- Аяулы ұстаз! Өлшемі жоқ бағаңның,
Айтыңдаршы, таласады оған кім ?
Еленуде елге істеген еңбегің, 
Айтады алғыс шәкірттерің саған мың. 
2009-2010 оқу жылының қортындысы туралы мектеп басшысының бұйрығымен таныстыру үшін сөз кезегі мектептің оқу ісі жөніндегі меңгерушісі Сапарбай Гаухар Тілеулесқызына беріледі.

( Үздіктерді марапаттау- Бұйрық оқылғанда директор грамоталарды береді, громата алған оқушылар ол жерге сапқа тұрады.Олар туралы өлең оқылғанды сапты айналып орындарына барады.)
Жақсы оқығаны үшін 8 оқушы, бір 4 бар 9 оқушы 
10 оқушы қоғамдық жұмысқа қатысқаны үшін 

  Ғылымды терең меңгеріп,
Үмітті бұлар ақтады.
Мектепті үздік бітіріп,
Ұстаздың болды мақтаны.

Шығыңдар білім шыңына,
Батамыз осы сендерге.
Болыңдар үздік тағы да,
оқуда да,  еңбекте. 
-№3 Құндыз, Балдырғын «Достарым»

- Ажырамай мектептен бір елі сіз, 
Жақсылыққа жаралған жүрегіңіз.
Сөз берелік құрметпен өзіңізге, 
түлектерге арналсын тілегіңіз. 
Құттықтау сөз мектебіміздің тәрбие ісі жөніндегі меңгерушісі Жұмағали Мұрат Жақияұлына беріледі. 

-    Әлі есімде әліппені ашқаным,
Есіміңді мәңгі есте сақтадым.
Жүрегіме нұрын құйған жылылық,
Көрген емес ешқашанда суынып

Қоңырау сыңғыры көңілді тербейді, 
Бал дәурен балалық айналып келмейді. 
Алғашқы ұстазың әліппе ұстатқан 
Жүректе ешқашан өшпейді. 
Түлектердің алғашқы ұстазы  қолға қалам алдырып 42 әріпті үйретікен Байғабулова Балдырған Жақияқызын және Махмутова Жанар Әмзеқызына сөз кезегін берелік. 
-    №4  Хор «Ұстазым»
-    Мына жолмен енді қайта өте алмай кетерсің, 
Шыға алмаған, асуыңа аман болсаң жетерсің. 
Ей түлегім, ей түлегім, басыңды бір көтерші
Мына тұрған мектебіңді қалай қиып кетерсің. 
- Иә осыдан 11 жыл бұрын мектеп табалдырығын тарыдай болып аттаған бүлдіршіндер, бүгін таудай болып ұясынан ұшпақшы. Ендеше балған балалаық шаққа саяхат жасап, 1 сынып оқушыларының періште көңілінен шыққан тілектерін тыңдайық. 
Құттықтау сөз 1 сынып оқушыларына беріледі. 
Мектебің, мынау класың 
осында он жыл тұрасың, 
Тарыдай болып кіресің
Таудай болып шығасың 
Білімнің кілтіндей әліппені аяқтап, білім әлемінеқадам басқан 1 сынып оқушыларына 11 сыныптың аманат тапсыру сәтін тамашалаңыздар. 
- Аманат тапсыру 2 қыз , 1 ұл шығып кілтті тапсырады. 
1- оқушының сөзі: 
- Қалт жібермей жақсы күннің қабағын,
Алау болып жанамын деп ойладым.
Ақынжанды болғаннан соң оқыдық,
Ұстаздардың мұқият тыңдап сабағын.
Көп іздедік, көпті көрдік, тыңдадық,
Қиналдық та, майыстық та сынбадық.
Есеппенен бас қатырып, тырысып,
Сөйлем талдап, романдарды тыңдадық. 
2- оқушының сөзі: 
Білім жолы- қиын жол! Қиындықтан қорықпа, білім алудан жалықпа. Білімнің мына алтын кілті сендерге алдағы көп сұрақтың жауабын шешуге көмектессін. Аманатқа осы кілтті тапсыра отырасендерге зор денсаулық, мол бақыт тілейміз. 
3- оқушы кілтті 1 сыныпқа тапсырады. : 
- Мына біздің кішкене сыйлығымыз, сіздерге бізден ескерткіш болсын.
  1 сыныпқа, сыйлықтарын береді. 
-Мынау біреу жымияды қызына, 
Мына біреу ақыл айтады ұлына.
Мына біреу сөз сөйлейді сызыла,
Мына біреу елтіп отыр жырымы.
-    Ол кім ?- десең,
Қуаныштан езулерін жимаған.
Ұстаз білім берсе егер, жарық нұрын сыйлаған. 
Баласының болашағы үшін өмір сүретін,
Ол ата – ана әлемдегі сыйлы адам- дей келе сөз кезегін баласы үшін жақсылықтан шашу шашуға әзір ата – аналарға берейік. 
Сөз кезегі Құндыз, Райымбек, Балдырғанның атасы Нұрғабыл ақсақалға, және Саиданың Роза әжесне беріледі. . 
№5. Би «Ақ көгершін»
-    Ата – ананың өмірінің жалғасы,
Ұстазының енді толған арнасы. 
Өмір бақтың пісіп тұрған алмасы,
Түлектерім сөйлейді. 

Кең пейіл мен ақ арманнан нұр алған,
Туған жердің бақытына жаралған.
Орын табар бақыт деген аралдан,
Жүректерің не дейді ?
Түлектерім сөйлейді. 
Мектеп түлектеріне сөз кезегін берейік. 

10-15  минуттық құттықтау арнаулары оқылады. 
№ 6 Хор «Мектебім»
№7.Хор « Түлектердің қоштасу әні»
Балдырған тілек айтып, оқушылар  мұғалімдерге сыйлық береді. 
Мойытпасын қиындықтар сендерді, 
Батылдықпен асыңдар сан белдерді.
Біліміңмен қуантсаңдар мектепті,
Жақсы іспен қуантыңдар елді енді. 

Құттықтау с өз кезегін 10 сынып оқушыларына береміз.
№ 8 10 сынып 
-    Биік сенің ұстаздық қасиетің, 
Мінезің жоқ қиынға бас иетін. 
Өмірге тәрбиелеп, құлшындырған,
Жүрегімде әр кез өсиетің – 
деп қанаттарын қатайтып бірге жүріп, бірге күлген, сынып жетекшісі Малдыбаева Райхан Дүйсебайқызына сөз береміз. 
№ 9. Сәуле «Ұстазым»
Балғын балалықты артқа тастап, жүректері лүпілдеп 5 жыл бұрын үлкен өмірге қадам басқан түлектеріміз, бүгінгі жиынға қанаттары қатайып, өмірден өз орындарын тауып, кірпіш дүниеге кетігін тауып қаланып қонаққа келіп отыр, ендеше сөз кезегін 
Батық орта мектебінің 5 жыл бұрынғы түлектерінің атынан ---------------------------------------- береміз. 
- Соңғы қоңырау- таза, пәк әлем.
Соңғы қоңырау- құмары қанбаған балалықпен қоштасу... 
- Қоштасады ұшқан ұяң, мектебің, 
Маңдайыңнан сүйіп өтер көктемің.
«Сәт сапар» деп, қол бұлғаймыз бәріміз,
Тілейміз біз армандарға жеткенін.
Көрмеген артық сөйлеп, артық күліп, 
Шәкірттерін баулыды, тәртіпті қып 
Қоштасамыз біз бүгін ұстаздармен 
«Мектеп вальсін » айтып тұрып
–    дей отыра мектеп бітіруші түлектерді «Мектеп вальсіне» шақырамыз. 
№10. Ақытбек, Балдырған «Мектеп вальсі» орындайды, қалғаны билейді
-    Қымбатты мектеп бітіруші жас түлектерІ 
Мектептегі 11 жыл ішінде сендер 20 мыңнан аса қоңырау үнін естідіңдер. Оны алғаш қолыңа гүл алып, мектеп табалдырығын аттағанда естідің, 45 минут бойы өзің сүйіп оқитын сабағың аяқталғанда естідің. Ал, бүгінгі қоңыраудың үні ерекше. 
- Секен Тұрысбековтың «Көңіл толқыны» күйі қойылып, мына өлең оқылады. 
Арманың да, жаның да, жалының да, 
Жас талапкер, сөзіме көңіл аудар.
Бұрынғыдай күтпейді мектеп сені, 
Бұрынғыдай соғылмас қоңыраулар...
Мектеп қайта есігін ашпас енді,
Өмір ұстаз, ақылды ақшаш енді
Басқаша енді өмірдің бас сабағы. 
Қоңыраулар соғылар басқаша енді.
Былтырғыдан басқаша бола  берер,
Білімің мен ақылың, күйің керек.
Енді басқа жиын – той , киім керек.
Енді саған шынайы сүю керек.
Сұрақ басқа оп – оңай шешілмейді.
Жасасаң да тентектік, есір мейлі
Мектептегі мұғалім кешіргенмен
Өмір қатал, ол сені кешірмейді. 
Даусыз, ол сенің есіңде сақталады.
Жазылмаған өмірдің ақ парағы.
Жаңа дастан күтеді, жазуыңды.
Күтпейді тек кластың тақталары.
Енді сені күтеді барлық столдар
Күтпейді тек мектептің парталары. 
Кездеседі дауыл да, дабыл да көп.
Дамылдама, қаймықпа, қабылда деп, 
Үлкен ойдан, үлкен іс туар, ойлан,
Болашақтың тағдыры қолымда деп.
Уақытта емтихан алар 
Ол сені қорқыта алмас.
Жас талапкер!
Билет ал тәуекел деп.
Емтиханда, өмірде жолың болсын ! 
Түлектер шарға тілектерін жазып, біріктіріп, көгершіндерімен ұшырады. 


Қоңырау соғу сәті. 

-Қағылды соңғы қоңырау күмбірлеген,
Аралап айлық жерді, күндік жерді. 
Соңғы қоңырау сендерді үлкен өмірге шығарып салды. 
Соңғы қоңырау  балалықты сендерден алып қалды. 

- Алда сендерді үлкен сын  ҰБТ күтіп тұр. Сендерге ақ жол тілеп, атамыздан бата сұрайық. 

-    Өмір өзен ағып жатыр, сырғып өткен уақыт өз дегеніне еріксіз көндіруде.  Келессі 2010-2011 оқу жылының 11 сынып оқушыларын 11 сынып орнына салтанатпен шақырамыз. 

Бәрі -  сын, араласаң, өмір аулың,
Бәрі – шын, қоштасарда қоңырау мұң.
Мәнісін ұғасыңдар өткен күннің,
Дауысын естігенде қоңыраудың. 
Дауысын қоңыраудың естіп тұрып, 
-Мектептен киелі мекен жоқ екенін түсінесің
- Сыңғырла, сыңғырла соңғы қоңырау. Сәт сапар жас түлектер. Ақ жол. 
- Мектеп оқушылары! Түзеліп тік тұрыңдар. Егемен Қазақстанның туына қарап сап түзеңдер. (Әнұран орындалады) 

Осымен « Қош бол, алтын ұям - мектебім» атты Батық орта мектебі 2009-2010 оқу жылының соңғы қоңырау салтанатын жабық деп жариялай отыра, жазғы демалысты жақсы өткізіп, келессі оқу жылында жолыққанша сау болыңыздар


Похожие материалы

Рахмет ретінде астында тұрған жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!

Категория: Қазақша сценарийлер | Добавил: Admin (12.06.2014)
Просмотров: 6418 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]