Приветствую Вас Гость • Регистрация • Вход • RSS
Четверг, 8.12.2016
Главная » Файлы » Курстық жұмыстар » Қазақша курстық жұмыстар [ Добавить материал ]

Түркістан қалыптасуы мен тарихы


Оқушылар,студенттер,мұғалімдер,сайт қолданушылары өз материалыңызбен бөліссеңіз қуанышты болатын едік!

[ Скачать с сервера (306.5Kb) ] 19.02.2014, 15:32

КІРІСПЕ
Тақырыптың өзектілігі. Қазақстанның тәуелсіз дамуы уақыт өткен сайын қарқын алып, ұлттық, жалпыадамзаттық және демократиялық құндылықтар мен ұстанымдар негізінде биік мұраттарға бағыт түзеп келеді. Елімізде әлеуметтік-экономикалық, саяси-құқықтық реформалардың іске асырылуы мәдени-рухани өмірімізге жаңа сипат, тың мазмұн берді. Сондай түбірлі өзгерістер тарих ғылымының әлеуметтік қызметіне де ықпал жасады. Осыған байланысты Нұрсұлтан Назарбаев "Тарих дегеніміз өткеннің ғана сабағы емес, ол едәуір дәрежеде болашақтың да көрінісі,” "қазақ тарихы фактілердің өлі қоймасы емес, бұл өзі орасан зор дәйектеуші және дәлелдеуші күш” [1] деп атап көрсеткен болатын. Бұл тұжырым еліміздің алдында тұрған қоғамдық сананың жаңару үдерісіндегі тарих ғылымының кешенді міндеттерін айқындайды. 
Тәуелсіздік жылдары отандық тарих ғылымының мазмұны тоталитарлық жүйенің идеологиялық ықпалынан арылуымен бірге тәуелсіздік идеологиясының әдістемелік негізінде тарихи дамудың ақиқат болмысын қалпына келтіру бағытында түбірлі жұмыстар атқарылды. Дегенмен, мемлекеттік маңыз алған осы бағытта әлі де терең ғылыми талдау жасап, концептуалдық тұрғыда қайта қарауға тиісті мәселелер мен тақырыптар жеткілікті. 
Отандық тарихтың мазмұнын байытып, осы кезге дейін қалыптасқан тарихи таным жүйесін қайта қарауда дәстүрлі тоталитарлық жүйенің әдістемелік негіздерінен бас тарта отырып, оны алмастыратын тың негіздер батыл тұрғыда іздестіріліп, зерттеу барысында қолданысқа енгізіліп келеді. Қоғам дамуының заңдылықтарын айқындап, тарихи үдерістерге баға беруде элита теориясы ұтымды тәсіл ретінде шетелдік қоғамдық ғылымдарда сәтті қолданыс табуда. Таптық қағидаларға балама позиция ұстанатын бұл концепция әзірге отандық тарих ғылымында іргелі зерттеу жұмыстарына негіз бола қойған жоқ. 
Отан тарихының ең күрделі де түйінді нысаны болған Түркістан тарихы, әсіресе оның ұлттық-мемлекеттік мәжелеуге дейінгі кезеңі белгілі деңгейде зерттелгенімен бұл тақырып концептуалды тұрғыда терең қарастыруды қажет етеді. Өйткені ғылыми зерттеу бағыттары алдыңғы қатарға шығарып отырған күрделі тарихи үдерістердің себеп, салдарлы байланыстарын, ортақ заңдылықтары мен ерекшеліктерін айқындау ғылыми зерттеу жұмыстарында тың әдістемелік тәсілдерді қолданып, жаңа бағыттарды игеруді қажет етеді. Осындай ерекшеліктерге байланысты тақырыптың мынадай өзектілігі айқындалады: 
- біріншіден, патшалы Ресейдің Қазақстанның оңтүстігі мен Орта Азияны отарлауы нәтижесінде құрылған әкімшілік-мемлекеттік бірлік ретінде Түркістан генерал-губернаторлығы мен кеңестік негіздегі Түркістан автономиялы республикасының тарихы отандық тарихтың ажырамас құрамды бөлігі ретінде үнемі назар аударуды қажет етеді. Тарихи жағдайлармен Түркістанға қосылған қазақ елі мен жерінің ұлттық мемлекеттілігімізді қалыптастырудағы маңызы өте зор. Жарты ғасыр әкімшілік-территориялық оқшаулық жағдайында бұл өлкеде патшалық, кеңестік биліктер отарлық тәртіпке тән озбырлықпен еркін ой-сананы бұғаулап, ұлттық рухани болмысты деформациялау саясатын жүргізді. Бұл саясат, әсіресе, өлкеде мемлекеттік билік құрылымдарының қалыптасуы мен ұлттық элита жүйесінің орнығуындағы кереғарлықтардан айқын байқалды. 
Осыған байланысты өлкеде ұлыдержавалық шовинизмге қарсы кең өріс алған түркілік бірлік идеясы мен кеңестік тәртіптің ұлттық-территориялық межелеу арқылы ұлт республикаларын құру саясаты да тәуелсіздік идеологиясы талаптарына сай дәстүрлі тұжырымдардың ықпалынан арылып қазіргі заманғы әдістемелік тұрғыда қайта бағалауды қажет етеді. 
- екіншіден, ХХ ғасыр басындағы дүниежүзілік ұлт-азаттық қозғалыстың Ресей отарындағы аймақтық көріністері түрінде пайда болып, даму барысында дербес саяси құбылыстарға айналған Түркістан ұлт-азаттық қозғалысы мен Алаш қозғалыстары да қазіргі кезде тарихи ойдың қызығушылығын оятып отыр. Қазақстан мен Орта Азия республикалары тәуелсіздігінің бастауында тұрған бұл қозғалыстарды бірін-бірі толықтыратын біртұтас ортақ құндылықтарымен және бірін-бірі қайталамайтын ерекшеліктерімен дара құбылыстар ретінде қарастыру қажеттілігі айқын сезіліп отыр. Бұл мәселеге элита теориясы тұрғысынан назар аударылар болса онда тарихи танымның игілігіне айналатын соны нәтижелерге қол жеткен болар еді. Өйткені, бұл қозғалыстардың идеялық сабақтастығы мен бағдарламалық мақсаттарының сәйкестігі үйлестіруші факторларының ортақтығымен бірге олардың басқарушы элита өкілдерінің де саяси көзқарасы мен рухани-мәдени ұстанымдарының ортақтығынан туындап жатты. Бұндай саяси, мәдени-рухани ортақ ұстанымдардың негізділігі қазіргі бауырлас мемлекеттер арасындағы интеграциялық ықпалдастықты одан әрі өрбітуге жаңа тыныс береді. - тақырып өзектілігінің үшінші қыры – қазіргі заманғы тарихи таным тәсілдерінің бірі ретінде элита теориясы концепциясын қолдану мүмкіндігінен туындайды. Еліміздің тарихи Ресей мен Кеңес Одағы құрамындағы даму факторларының жүйесінде саяси басқару факторы маңызды орын алып келді. Бұл жағдай мемлекеттік басқарудың субъектісі болған саяси элитаның рөлін арттыра түседі. Түркістан өлкесінде іске асырылған кез-келген модернизация осындай себептермен "жоғарыдан төменге" қарай бағытталғаны белгілі. Тоталитарлық билік қоғамдық дамудың эволюциялық ырғағына қарсы жүргізген саясаты терең әлеуметтік, саяси күйзелістерге ұрындырғандықтан да осының бәріне тікелей жауапты билік басындағы басқарушы элитаның қоғамдық құбылысқа айналған болмысын тану қажет-ақ. Осы міндетті шешуде жаңа әдістемелік тәсілдің маңызы арта түседі деп есептейміз. 
Қазіргі әлеуметтік-экономикалық қайта құрулар мен бұрынғы кезеңдегі элитаайналымы үлгісінің түбірінен өзгергеніне қарамастан саяси элита бұрынғысынша еліміздегі саяси үдерістің маңызды факторы болып отыр. Соңғы кездегі саяси, әлеуметтік талдаулар көрсетіп отырғандай елімізде қалыптасқан мемлекеттік билік құрылымдарында саяси элита өзінің ролін нығайтып келеді. Бұл үдерістің алдағы уақытта да жалғаса түсетін тенденциясы байқалуда. Дәстүрлі қоғамдағы әлеуметтік институттардың билік құрылымдарын қалыптастыруда ұстанған құндылық бағдарлары қазіргі кезде де маңызын жойған жоқ [2]. Демек қоғамдық өмірде саяси элита ықпалының артуы Қазақстанда элитақалыптастырушы үдерістердің генезисін тарихи деректік материалдар негізінде концептуалдық тұрғыда зерттеудің маңыздылығы тақырыптың барынша өзекті екендігі танытады. 
Бұл себептерге қосымша айтармыз, ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде Түркістанның қоғамдық-саяси тарихын ғылыми ойдың тезінен өткізіп, тәуелсіздік идеологиясы талаптарына сай қайта қарау отандық тарихнамадағы олқылықтардың орнын толтырады деп есептейміз.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Қазақ қоғамындағы саяси-әлеуметтік құбылыстар элита теориясы тұрғысында осы кезге дейін жеке тақырып ретінде зерттелген жоқ. Ал Қазақстан тарихында жан-жақты ғылыми негізделген әдістемелік тәсіл ретінде бұл аталған үлгінің қолданылмағандығы белгілі. ХХ ғ. басындағы Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының тарихнамасы аса қомақты, соның ішінде ұлттық элитаның қалыптасуы мен қызметіне қатысты зерттеулер сипаты, мазмұны жағынан өте күрделі болды. Тақырып тарихнамасының күрделі сипат алуының бірнеше себебі бар.
Біріншіден, Түркістан ұлт-азаттық қозғалысы өзінің бағдарламалық мақсаттары, қызмет аясы, әлеуметтік-саяси негізі, тіпті ұйымдық құрылымы бойынша әлемде теңдесі жоқ қайталанбас ерекшеліктері мол тарихи құбылыс болатын. Сондықтан ол құбылыс аймақтық оқшаулауға көнбейтін, әлемдік ұлт-азаттық қозғалыспен саяси-идеялық тұрғыда сабақтасып жатты. Міне, осы күрделі сипат жүргізілген зерттеу жұмыстарының барынша әралуандығына негіз болды.
Тақырыптың зерттелуіне күрделі сипат берген екінші себеп – қоғамдық-саяси көзқарастар жүйесінің өзгермелігінен туындайды. Кеңестік қоғам тарихнамасы біртұтас жүйе ретінде қарастырылғанымен оның өзі қоғамдық-саяси құндылық бағдарламаларының өзгеруіне байланысты тұтас кезеңдерге жіктелсе, сол кезеңдер концептуалдық тұрғыда жекелеген ағымдарға таралып кетеді. Демек, әр кезеңнің, әр ағымның тақырыпқа қатысты зерттеулерінің деректік, әдістемелік негізі әртүрлі болғандықтан олардың арасында бір-біріне қарама-қарсы бағалар да кездеседі. Бұндай жағдайда мәселені кешенді түрде қарастырып, тарихи тұрғыда салыстыра бағалау қажеттігі туады. 
Тақырыптың зерттелуіндегі ең түйінді деп есептеген үшінші себеп - зерттеу жұмыстарында қолданылған теориялық-әдістемелік тәсілдердің сипатымен айқындалады. Тақырып тарихнамасының қомақты бөлігін құраған кеңестік тарихнамада маркстік таптық-формациялық әдістеме тарихи танымының негізі болған еді. Бұл кезеңдегі қоғамдық ғылымдарда ғылыми зерттеудің элита теориясына орын болмады. Оның есесіне әлемдік ғылыми ойда бұл таным тәсілі қоғамдық-саяси құбылыстар мен тарихи оқиғаларға талдау жасап, ғылыми баға беруде батыл қолданып келеді. Ал идеологияланған кеңестік тарихнама оған "буржуазиялық қоғамның” кезекті сәтсіз тәжірибесі деген баға беріп қойды. Содан да кеңестік тарихнамадағы элитаға қатысты ой-пікірлерді ауқымды зерттеулердің арасынан біртіндеп іздеуге және ұқсас мәнді тұжырымдар мен концепцияларды элитологиялық қағидаларға сай талдап, тақырыпқа қарай "бұрып әкелуге” тура келеді. Демек, осы кезге дейін қолға алған тақырып концептуалды тұрғыда дербес зерттеле қоймағандықтан да алға қойған міндеттерді шешу ғылыми зерттеуді барынша мұқият жүргізуді қажет етеді. 
Тақырыптың жаңа тарихи таным тәсілімен игерілуі жоғарыда айқындалған себептерді негізге алып, арнайы тарихнамалық талдау жасау міндетін алға тартады. Осы кезге дейін элита тақырыбының отандық тарихта жеткілікті дәрежеде қарастырылмауы тақырыптың зерттелу деңгейін айқындауды кешенді түрде жаңа көзқараспен жүргізуге итермелейді. Содан да зерттеу жұмысының мазмұнында бұл мәселе арнайы қарастырылды. 
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Диссертациялық зерттеу жұмысы ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі Түркістан ұлт-азаттық қозғалысы тарихындағы ұлттық элитаның қалыптасуы мен қызметін жаңа теориялық-әдістемелік концепция негізінде қарастыруды мақсат етіп қояды. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін мынадай міндеттер белгіленеді: 
-элита теориясына қатысты әлемдік ақыл-ойды тарихнамалық тұрғыда талдау және жүйелік тәсілмен зерттеу;
-"элита” категориясын тарихи-әдістемелік танымның нысаны ретінде негіздеу; 
-Түркістан қоғамындағы элитақалыптастырушы факторларды айқындау және жіктеу;
-дәстүрлі, ұлттық элита мен партиялық-мемлекеттік номенклатураның қалыптасу үдерісіне талдау жасау;
-кеңестік реформаларды іске асырудағы ұлттық элитаның қызметіне баға беру;
-ұлттық элитаның жеке құрамы мен олардың арасындағы саяси ағымдарды айқындау; 
-Түркістан ұлт-азаттық қозғалысындағы ұлттық элитаның басшылық қызметін талдау; 
-кеңес өкіметінің жергілікті ұлт өкілдерін саяси, мемлекеттік құрылымдар басшылығына тартудағы топтық, әлеуметтік шектеу тетіктерінің сырын ашу; 
-Түркістандағы Алаш қозғалысы Оңтүстік қанатының қызметі туралы тұжырымды одан әрі тереңдету. 
Диссертацияның ғылыми жаңалығы. Отандық тарихта теориялық-әдістемелік тұрғыда Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының тарихы алғаш рет элита теориясының әдістемелік негіздері бойынша қарастырылды. Осы кезге дейін тақырыптың бұл аспектісі отандық және шетелдік тарихшылар тарапынан қолға алынбаған болатын. Осыған байланысты зерттеу жұмысының мынадай маңызы мен жаңалықтарын атап көрсетеміз:
-алғаш рет шет елдік және отандық элита теориясына қатысты зерттеу жұмыстарына жүйелі түрде тарихнамалық талдау жасалып, қалыптасқан ой-пікірлердің мектептері мен ағымдары қарастырылды;
-отандық тарихта тарихи таным тәсілі ретінде ғылыми-зерттеу жұмыстарында элита теориясының әдістемелік мүмкіндіктерін қолданудың алғышарттары айқынды; 
-нақты тарихи жағдайда элитақалыптастырушы саяси, әлеуметтік, рухани және этникалық факторлардың өзара байланысы жүйеленді; 
-Түркістанның тарихи қоғамдық-мемлекеттік жүйелеріндегі элита айналымының саяси, әлеуметтік тетіктері жіктеліп, олардың ортақ белгілері мен ерекшеліктері ажыратылды:
-Түркістан жағдайында орныққан кеңестік қоғамның тоталитарлық жүйесінің билеуші тобына айналған партиялық-мемлекеттік номенклатураның қалыптасуы мен қызметіне талдау жасалды; 
-ұлттық элитаның жоғарғы және орта буын өкілдері жеке құрамының сипатты ерекшеліктері айқындалып, олар ұлттық мүддеге қатысты әрекеттеріне қарай топтастырылды және олардың саяси көзқарастары мен қоғамдық ұстанымдары бір ізге түсірілді;
-қоғамдық-мемлекеттік билік институттарының қоғамды модернизациялау саясатына қатысты ұлттық элитаның ұстанған позициясы мен ықпал етуші қызметіне баға берілді; 
-Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының негізгі кезеңдеріндегі ұлттық элитаның басшылық қызметтеріне және ұлттық күштердің арасындағы саяси ағымдарға талдау жасалды;
-партиялық-мемлекеттік номенклатураның элитаайналымының тетігі ретінде қолданған жоғарылату тәсілінің таптық сипаты мен саяси мазмұны жан-жақты сараланды;
-Түркістан ұлттық элитасы қызметі арқылы Алаш қозғалысының Оңтүстік қанаты жасырын жағдайда 1924 жылға дейін қызмет жасағандығы жөнінде концепция негізделді. 
Тақырыптың хронологиялық шеңбері. Түркістан ұлттық элитасының қалыптасуы мен қызметінің тарихы тақырыбының хронологиялық кезеңінің бастауы 1900 жыл болып белгіленді. Өлкеде отарлық билік толық орнап, оның мемлекеттік билік құрылымдары қоғамдық, саяси, экономикалық модернизациялау міндеттерін іске асыруға шұғыл кірісуі ұлттық саяси элитаның қалыптасуы мен қызметін осы кезден бастауға негіз болады. Түркістан ұлт-азаттық қозғалысында қарулы күрестен бас тартқан ұлттық элита саясат сахнасына саяси күрес идеяларын алып шықты. Ал Орта Азиядағы ұлттық-территориялық межелеу әкімшілік, саяси бірлік ретінде Түркістан ұғымын тарих қойнауына жіберді. Ендігі жерде ұлттық элита қызметі жеке ұлттық мемлекеттер аясында қарастырылатын болғандықтан тақырыптың зерттеу кезеңі 1924 жылмен шектелді. 
Диссертацияның практикалық құндылығы ретінде элита теориясының әдістемелік қағидаларын басшылыққа алып, бай деректік материалдар негізінде жасалған негізі тұжырымдар мен қорытындыларды, алынған нәтижелерді ғылыми еңбектер, оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдар дайындауға, сол сияқты әлеуметтік-гуманитарлық бағыттағы болашақ доктор, магистр, бакалавр мамандары үшін отан тарихының теориялық және әдістемелік мәселелеріне байланысты арнайы курстар дайындауда қолданылатындығын айтуға болады. Сол сияқты зерттеу жұмысында қалыптасқан әдістемелік тәсілдер ұлттық элита өкілдерінің қоғамдық-саяси қызметін жан-жақты зерттеп, тарихи таным нысанына айналдыруға мүмкіндік береді. 
Диссертациялық жұмыстың деректік негізі. Отандық тарихнамада элитаға қатысты арнайы зерттеу еңбектердің болмауы және тәуелсіздік жағдайындағы тарихи таным қағидалары мен ұстанымдардың өзгеруі тақырыптың деректік негіздерін сұрыптаудың біршама күрделі сипатын айқындайды. Осыған байланысты зерттеу жұмысының деректемелік негіздері бірнеше бағытқа топтастырылды. Атап айтқанда:
- патша өкіметінің Түркістан өлкесі мен Далалық облыстарға қатысты реттеуші заңнамалық құжаттары;
- кеңес өкіметі мен үкіметінің, Коммунистік партия мен басқа да ұйымдардың Түркістан Республикасы мен Қырғыз (Қазақ) автономиялы Республикасына қатысты шешімдері мен қаулы-қарарлары;
- Түркістан өлкесі мен қазақ облыстарында жарық көрген мерзімдік басылымдар;
- тақырыптың хронологиялық ауқымы шегіндегі қоғамдық-саяси, тарихи оқиғаларды айғақтайтын түрлі кезеңдердің міндетін арқалаған құжаттық деректердің жинақтары;
- ұлттық элита өкілдерінің жарық көрген мемуарлық туындылары мен шығармаларының жинақтары.
Деректік негіз ретінде архив материалдары кеңінен пайдаланылды. Атап айтқанда Ресей мемлекеттік қазіргі заманғы саяси тарих архивінің (РГАСПИ) В.И. Ленин қоры (Қ.2), Халық Комиссарлар Кеңесі және Еңбек пен Қорғаныс Кеңесінің төрағасы В.И. Лениннің хатшылығы (Қ.5), РК(б)П ОК Саяси Бюросы (Қ.17), РК(б)П ОК Туркбюросы (1920-1921) (Қ.61), БК(б)П ОК Ортаазиялық бюросы (Қ.62), БОАК пен РКФСР ХКК Түрккомиссиясы (Қ.79), БОАК пен РКФСР ХКК Түркістан істері жөніндегі комиссия (Қ.122), П.А. Кобозев (Қ.133) қорлары, Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік архивының (ҚРОМА) Жетісу облыстық басқармасы (Қ.44), Уақытша үкіметтің Жетісу облыстық комиссариаты (Қ.Р-13), Верный, Әулиеата, Қазалы, Түркістан, Шымкент уездік басқармалары (Қ. 41, 140, 267, 119, 124) қорларында жинақталған деректік материалдар қамтылды. Ал Қазақстан Республикасы Президентінің архивындағы (ҚРПА) Халық Комиссарлар Кеңесі (Қ.14), Қырғыз Өлкелік партия комитеті (Қ.139), Қазақ Өлкелік партия комитеті (Қ.141) және Саяси қайраткерлердің естеліктері (Қ.811) қорларында ұлттық элита өкілдерінің 1924 жылдан кейінгі қызметтеріне қатысты мол құжаттық деректер талдау нысанына айналды.
Сол сияқты зерттеу мақсатына сай Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік Комитетінің және Қызылорда облыстық Ұлттық қауіпсіздік Басқармасы архивтерінің қорларындағы жекелеген тұлғаларға қатысты істердің деректері пайдаланылды.
Зерттеу тақырыбының негізгі нысаны болғандықтан басты дереккөзі ретінде Өзбекстан Республикасы Орталық Мемлекеттік архивының Түркістан генерал-губернаторының кеңсесі (Қ.1), Сырдария облыстық басқармасы (Қ.И-17), Сырдария облыстық соты (Қ.И-127), Түркістан Республикасы ОАК (Қ.17), Түркістан Республикасы Халық Комиссарлар Кеңесі (Қ.25), Түркістан Республикасы Ағарту Халық Комиссариаты (Қ.34), Түркістан Республикасы Ұлт істері жөніндегі Халық Комиссариаты (Қ.36), Түркістан Республикасы Кәсіподақтардың Орталық Кеңесі (Қ.735) қорларының, сонымен бірге Өзбекстан Республикасы Президентінің архивындағы ТКП Ферғана обкомы (Қ.25), ТКП Сырдария обкомы (Қ.56), ТКП Орталық Комитеті (Қ.60), ТКП Самарқанд обкомы (Қ.68) қорларының материалдары дереккөз ретінде қолданылды.
Аталған архивтерден қарастырылған құжаттар мен деректік материалдар авторға зерттеу барысында патша өкіметі мен кеңес өкіметінің және РК(б)П Орталық Комитетінің, оның Түркістандағы өкілетті органдары Түрккомиссия, Түркбюро, Ортаазиялық бюроның, жергілікті партия, кеңес органдарының ұлттық кадрларды билік құрылымдарына тартудағы қызметін талдап, оған ғылыми баға беруге мүмкіндік жасады.
ХХ ғ. алғашқы ширегінде жарық көрген қазақ тілді "Қазақ” (Орынбор), "Сарыарқа” (Семей), "Бірлік туы”, "Сана”, "Ақ жол”, "Шолпан” (Ташкент), өзбек тіліндегі "Улұғ Туркистон”, "Кенгаш”, "Хуршит”, "Наджот”, "Турон”, "Тарракий”, "Ойна” ("Айна” –Х.Т.) басылымдарында ұлттық элита өкілдерінің қоғамдық-саяси, әлеуметтік экономикалық мәселелерді көтерген құнды мақалалар жарық көрді. Ұлттық идеяның, тәуелсіздік идеологиясының қалыптасу эволюциясын анықтап, элита қызметіне баға беруде бұл деректемелік негіздің маңызы ерекше. Сол сияқты осы кезде Түркістанда шығып тұрған "Туркестанские ведомости”, "Туркестанский курьер”, "Туркестанское сельское хозяйство”, "Туркестанский вестник”, "Известия” (Түркатком мен ТКП ОК органы) басылымдарында өлкедегі қоғамдық-саяси үдерістің мазмұнын айқындайтын құнды деректер жарияланды. 
Кеңес өкіметі мен Коммунистік партияның Түркістандағы қызметін бейнелейтін орасан зор көлемдегі саяси құжаттарды бұл күнде деректік құндылық ретінде қарастырудың маңызы үлкен. Сол сияқты партия, кеңес қайраткерлерінің еңбектері де тақырып мазмұнын ашуда маңызды дереккөз болмақ.
Осы аталған материалдарды талдау барысында, әсіресе, ресми құжаттарда кеңестік саяси жүйе мен оның басқару құрылымдарының, партиялық- мемлекеттік номенклатураның қалыптасуы мен қызметін идеологиялық тұрғыда біржақты бағалау ағымы үстем болғандығы бірден көзге ұрады. Ол құжаттарда кеңестік басқарушы таптың қалыптасуындағы олқылықтар мен кемшіліктер мүлдем аталмайды. Сондықтан да бұл құжаттарды сыни көзқараспен талдап, оның мазмұнын басқа құжаттардың дәйегімен салыстыра, саралай пайдалануға тура келді. 
Тақырыптың құнды дереккөзі қатарында Түркістан ұлттық элитасы шоғырындағы М. Тынышпаев, С. Лапин, М. Бехбуди, Мұнауар Қари, М. Шоқай, Н. Төреқұлов, Т. Рысқұлов, С. Асфендияров, Ф. Хожаев, С. Қожанов, З. У. Тоған және т.б. қайраткерлердің мақалалары мен еңбектері, естелік жазбалары пайдаланылды. Сонымен бірге Түркістандағы саяси қозғалыспен тығыз байланыста болған Алаш қайраткерлері Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Қ. Кемеңгеров, Ж. Досмұхамедов, Х. Досмұхамедов, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов, М. Әуезовтердің шығармашылық мұраларында тақырып мазмұнын айшықтайтын деректер көптеп кездеседі. 
Аса елеулі деректік база ретінде отандық және шетелдік архивтердің бұрын қол жетпейтін қорлардағы құжаттардың жарияланымы болды. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Президентінің архивы дайындаған жинақтар және Алаш қозғалысына қатысты құжаттардың жинақтарымен бірге Москваның «РОСПЭН» баспасынан жарық көрген жинақтар дереккөз ретінде кеңінен қолданылды.
Зерттеудің теориялық және әдістемелік негізі. Тақырыптың теориялық- әдістемелік негіздемесі диссертацияда арнайы қарастырылды. Зерттеу барысында талдау және жинақтау, индукция мен дедукция, тарихи-салыстырмалы, жүйелік – құрылымдық, теориялық таным, модельдеу мен типтендіру сияқты жалпы ғылыми, философиялық, әлеуметтанушылық, тарихи зерттеу тәсілдері қолданылды. Оның үстіне саяси тарихты зерттеу ғылымнан өткен күннің тарихи-саяси және әлеуметтік-мәдени дәйектерінен ой қорытқанда барынша шынайы болуды, саяси–идеологиялық феномендердің көптүрлі және қарама-қайшылықты жағдайын ескеруді талап ететін болғандықтан тарихи тәсілдерді қолдана отырып, ұлттық элита қызметін бағалауда зерттеу нысанасының көпнұсқалығы, олардың өзара байланысы мен ішкі тәуелділігі сияқты ерекшеліктер ескерілді. «Тарихты қайта жазып шығу» қағидасы емес, дәстүрлі тарихи танымдағы білімдерді толықтыратын, теріске шығаратын немесе қуаттайтын тың деректер мен тұжырымдар ұсыну қағидасы басшылыққа алынды. 
Ұлттық элитаның қалыптасуы мен қызметі туралы теориялық танымымыз бен ұстанымдарымыздың қалыптасуына идеялық және әдістемелік тұрғыда елеулі ықпал жасаған және іргелі теориялық еңбектері басшылыққа алынған авторлар қатарында С. Зиманов, Р.Б. Сүлейменов, М. Қозыбаев, К. Нұрпейіс, М. Қойгелдиев, Х. Әбжанов, Т. Омарбековтерді атаймыз. 
Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар: 
-Қазақ мемлекеттігі құрылымының тарихи мәселелеріне теориялық талдау жасаудың элитологиялық концепциясы қоғамдық дамудағы саяси-әлеуметтік факторлар мен этникалық рухани үдерістердің өзара ықпалынан туындайтын ерекшелікті ескеруді қажет етеді; 
-ұлт-азаттық күресі ең басты элитақалыптастырушы фактор болғандықтан осы рухта қалыптасқан ұлттық элита құрамы мемлекеттік басқаруда қарымдылық таныта алмады; оның бір айғағы - Кеңес Одағы құрамындағы ұлттық мемлекеттік құрылымды айқындауда ұлттық элита өкілдерінің қоғамды модернизациялаудың орнына полиэтникалық негізде Түрік Кеңестік Автономиялық Республикасын құру туралы жасаған саяси әрекеттері тарихи дамудың талаптарына жауап бере алмады; осы мәселеге байланысты Түрккомиссияның әрекеті біржақты шовинистік сипатта түсіндіріліп келді; 
-Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының қозғаушы күші ретінде кеңестік тарихнамада европалық саяси партиялардың, европалық үлгідегі элитаның қызметіне басымдық берілсе соңғы жылдардағы тарихнама керісінше жәдитшілік, мұсылмандық, түркілік негіздегі қоғамдық ұйымдар мен партиялардың, ұлттық элитаның қызметін жоғары қояды, содан да өзінің әлеуметтік, саяси және ұлттық негіздері барынша әртекті, ортақ мақсатқа жұмылдыратын тұрақты үйлестіруші факторлары да сан-алуан болып келетін күрделі құбылысқа сол үдерістердің ұйымдастырушысы болған элита қызметі арқылы баға беру барынша объективті нәтижелерге қол жеткізеді;
-мемлекеттік билік құрылымдарының қалыптасуы мен билеуші топтың қызметін зерттегенде таптық-формациялық теория мен элита теориясы бір-біріне бара-барлығына қарамастан, оларды бірден-бір оңтайлы тәсіл деп қабылдауға болмайды, өйткені қарастырылатын мәселенің мәні олардың арасындағы бірін-бірі теріске шығаратын теориялық алғышартқа қатысты емес, барлық түйін - әлеуметтік ақиқатты танудың тарихи өлшемінің өзгеруінде;
-элита теориясы ғылыми таным тәсілдерінің жиыны қатарында қазіргі заманғы саясаттану, әлеуметтану ғылымдары мен арнайы ғылымдардың арасындағы іргелі теориялық-әдістемелік тәсілге айналып отыр. Тарихи таным мәселесі ретінде элита концепциясы әдістемелік алғышарттарының бастауы қоғамның тұрақты билік құрылымдарының қағидалары мен басқару институттары қызметінің тұтастығын қамтамасыз ететін жеке тұлғаның феноменінен туындайды; 
-қазіргі кезде "элита" категориясының танымдық мүмкіндіктері тоталитарлық қоғамның тарихи дамуына салыстырмалы талдау жасауда сыннан өткен тәсіл ретінде қолданылуда; 
-дәстүрлі қазақ қоғамы мен қазіргі қазақстандық қоғамның билік құрылымы мен басқару институттары қызметінің арасында рухани сабақтастық сақталғанымен, олардың мазмұндық, түрлік, құрылымдық ерекшеліктері өте елеулі. Қоғамдық даму барысында бұндай ерекшеліктердің қалыптасуына өзге факторлармен бірге ұлттық элита қызметінің ықпалы да айтарлықтай болды, сол сияқты ұлттық элитаның табиғаты да осы қоғамдық дамуға тікелей байланысты еді;
-элита категориясы билікке қол жеткізген билеуші топ түрінде қоғамдағы тұрақты әлеуметтік-саяси қауымдастықты танытатын болса Түркістан жағдайында ұлттық элита ұғымына өлкеде билік жүргізген патшалық, тоталитарлық элитаға балама позиция ұстанып түркілік, мұсылмандық, этникалық негізде топтасып, саяси мүдделерді қорғаған жергілікті ұлттың билікке араласқан, оған ықпал жасаған жоғарғы тобы енгізілді. Қазақстанның жаңа тарихынан бастап қазақ қоғамында ұлттық өркениетке аралас элементтер ене бастады да қазіргі ұғымдағы "қазақстандық өркениет” қалыптасты. Тарихи дамудың осы сұлбасы қазіргі заманғы элита ұғымына да тән: қазіргі кезде ұлттық элита ұғымын қазақ ұлты құрған мемлекетке топтасқан қауымдастықтың жоғарғы тобын білдіретін "қазақстандық элита” ұғымына балама ретінде қолданамыз. 
Зерттеудің сарапталып, сыннан өтуі. Диссертация ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Кеңес дәуіріндегі Қазақстан тарихы бөлімінде және Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ Қазақстан тарихы кафедрасында талқыланып, қорғауға ұсынылды. Диссертацияның негізгі тұжырымдары халықаралық және республикалық ғылыми-практикалық конференцияларда баяндалды. Сонымен бірге диссертация мазмұны бойынша Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ тарих факультетінде бакалаврлар мен магистрлерге арналған «Түркістан ұлттық элитасы және ұлт-азаттық қозғалыс» атты арнайы курстан дәріс оқылды. Зерттеу тақырыбында «Түркістан ұлт-азаттық қозғалысы және Түркістан Мұхтарияты» атты монография жарық көрді және республикалық ғылыми басылымдарда 30-дан астам мақала жарияланды.
Диссертацияның құрылымы. Ғылыми жұмыстың құрылымы кіріспеден, бес тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен және қосымшадан тұрады. 

ЖҰМЫСТЫҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ

Зерттеу бағытын таңдау ХХ ғ. алғашқы ширегінде Түркістан ұлт-азаттық қозғалысына элита теориясы тұрғысында тарихи талдау жасауға негізделді.
Кіріспеде таңдалған тақырыптың өзектілігі негізделіп, мәселенің зерттелу деңгейі сипатталды және зерттеудің мақсаты мен міндеттері белгіленіп, диссертациялық зерттеудің хронологиялық шегі, әдістемелік негізі мен деректік базасы айқындалды, қорғауға ұсынылатын қорытындылар тұжырымдалып, зерттеу нәтижелерінің сыннан өтуі мен қолданбалық маңызы және диссертацияның құрылымы мазмұндалды.
"Элита концепциясының қалыптасуы, тарихнамасы және теориялық әдістемелік негіздері” деп аталған бірінші тарауда отандық және шетелдік зерттеулерде негізделген элита теориясының ғылыми мектептері, бағыттары талданып, тақырып бойынша жүйелі тарихнамалық шолу жасалды және мәселенің теориялық-әдістемелік негіздері қарастырылды.
Қоғам мен мемлекеттік билік құрылымының арақатынасы ежелгі дәуірден ойшылдар мен саясаткерлерді қызықтырған мәселеге айналды. Кунфуцзы, Платон Афинский, Аристотель еңбектерінде әділеттілік қағидасымен құрылған жетілген қоғамның үлгісі жасалды. 
Саяси элита мәселесінде Н. Макиавелли (1469-1527 жж.) тұтастай ғылыми көзқарастар жүйесін негіздеп, арыстанның табандылығы мен түлкінің айлакерлігін үйлестіре алатын билеушінің бейнесін жасап, билік шыңына өз қажыр-қайратының арқасында, тағдырдың сәттілігімен, отандастарының қолдауымен немесе қылмыс жасау сияқты үш тәсілмен жетуге болады деп есептеді. Элита мен қоғамның ара-қатынасы туралы идеялар Томмас Гоббстың, Ж. Боденнің, Вольтердің көзқарастарында одан әрі дамытылды.
Г.В.Ф. Гегель әлемдік тарихты әлемдік рухтың қызметімен, оның парасатты және қоғам үшін аса қажетті еркімен байланыстырып, тарихтағы ұлы адамның рөлін бағалауға қатысты элита теориясын жаңа деңгейге көтерді.
Мемлекетті күштеу құралын заңды негізде қолданып, адамдардың адамдарға билік жасауының қатынасы ретінде қарастырған М. Вебердің билікті заңды деп танудың негізділігін айқындаған көзқарастары билік құрылымдарына талдау жасауда әдістемелік тәсіл ретінде тиімді қолданыла бастады. 
К. Маркс пен Ф. Энгельс саяси билік бір таптың екінші тапты басып-жаншуда қолданатын күштеу құралы деп бағалап, революция барысында пролетариат билеуші тапқа айналып, таптық қарама-қарсылықтың шарттарын, тіпті тап ретіндегі өзінің де билігін жояды деген тұжырым жасады. 
Орыс қоғамында элитаға қатысты ойлар Феофан Прокопович, А.М. Курбский, Симеон Полоцкий, В.Н. Татищевтің еңбектерінде одан әрі дамытылды. Халық пен элитаның өзара қарым-қатынасы туралы П.И. Пестель, М.А. Бакунин, П.А. Кропоткин және В.О. Ключевскийдің ойларында құнды идеялар көрініс тапты. 
Элиталық теориядағы социал-демократиялық идеялар Ресейде Г.В. Плеханов пен В.И. Лениннің еңбектерінен орын алды. Плеханов «ұлы адам» өндіргіш күштердің дамуына ықпал ете алмағанымен қоғамдық қатынастардың, қоғамдық сананың өзгерісін аңғара алса, соған сәйкес тарихи оқиғаларға да ықпал жасай алған болар еді деген қорытындыға келеді. 
Социализм таптар жойылған қоғамда орнайды деп сенген В.И. Ленин буржуазияны жеңген пролетариат саяси билікті қолға алып, қаналушыдан қанаушы тапқа айналады деп есептеді. Социалистік басқару жүйесі нақты мәселелермен бетпе-бет келгенде жалпыадамзаттық құндылықтармен сыйыспайтын қателіктерге ұрындырды. Пролетариат қолына билік тиген соң таптық идеяларға елігіп, кез-келген күшті таптап тастайтын көзсіз тобырға айналды. Ленин өмірінің соңында элита қалыптастыру жүйесін жетілдірудің шараларын ұсынғанымен кеңестік билік құрылымы біртіндеп партиялық номенклатураға ұласты. 
Саяси элита мәселесі орыс ойшылдарының шетелдік өкілдері-философтар Н.А. Бердяев, И.А. Ильин, С.Л. Франк, әлеуметтанушы П.А. Сорокин сияқты ғалымдарды да қатты қызықтырды. Дегенмен мәселені әр қырынан қарастырған ғылыми бағыттар мен мектептер элитаның қалыптасуы мен қызметінің заңдылықтарын анықтай алмады. Саяси элита мәселесін жүйелі зерттеу ХХ ғ. соңы – ХХІ ғ. басында ғана барынша қарқынды қолға алынды.
Отандық тарихта әдістемелік тәсіл ретінде элита теориясы үлгісінің бұрын қолданылмауынан азаматтық, интеллектуалдық тарих міндеттеріне сай тақырып тарихнамасын жүйелі түрде үш топқа бөлеміз. Бірінші, Түркістан және Алаш ұлт-азаттық қозғалысы; екінші, ұлттық интеллигенцияның қалыптасуы мен қызметі; үшінші, тұлғатану бағытында жүргізілген зерттеулер. 
Алғашқы бағыттағы зерттеу жұмыстары тақырыптық, желілік тұрғыда барынша кең ауқымда жүргізілді және ол зерттеулердің теориялық-әдістемелік тәсілдері де алуан түрлі болып келеді. Осы тұрғыда Х. Әбжановтың "Ұлт-азаттық қозғалыстың үш мәнді белгісі бар: біріншісі - қозғалысқа жалпыұлттық идеяның тән болуы; екіншісі - қозғалыс алға қойған негізгі мақсаттың анық та ашық түрде мемлекеттік билік мәселесіне келіп тірелуі; үшіншісі – қозғалыс басында ұлт зиялыларының саяси көрегендік, қолбасшылық, кемелдік, дипломатиялық әбжілдік, харизмасы өткір қасиеттері бойында бар көрнекті өкілдердің тұруы” [3] деген тұжырымы Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының тарихнамасын талдауға жаңа тыныс береді. 
Кеңестік дәуірдегі тарихнаманың бастапқы кезеңі таптық идеология орныға қоймаған, тарихи танымның "төңкеріске дейінгі” мектебі өкілдерінің ықпалы сақталуымен ерекшеленеді. Т. Рысқұловтың еңбектері ұлттық элитаға қатысты құнды деректік құжат болды. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы элитаның қызметіне ресми органдар барынша керітартпа топшылдық күрес деп баға берді. 
20-жылдардың соңы 50 жылдардың басында Түркістан ұлт-азаттық қозғалысын жекелеген тақырыптар бойынша зерттеу қолға алынды. Ол зерттеулер жәдитшілік, Қоқан автономиясы, 1916 жылғы ұлт-азаттық және коммунистік қозғалыс деген тақырыптармен өлке тарихын құраған еңбектерде өлкедегі қоғамдық-саяси үдерістердің мәні таптық көзқараспен ашықтан-ашық бұрмаланды. 50 жылдардың ортасындағы саяси жылымық тарихи танымға тың серпіліс берді және архив қорларынан жаңа құжаттық деректерді ғылыми айналымға ұсынған Т. Елеуов, И.К. Додонов, К.Е. Житов, Х. Иноятов, А.А. Гордиенколардың іргелі зерттеу еңбектері жарық көрді [4]. 
Тақырып тарихнамасының жаңа кезеңі болып есептелетін 60-80 жылдар ұлт-азаттық қозғалыс, соның ішінде әсіресе автономиялық қозғалыс тақырыбын жаңа қырынан көтерген еңбектерде [5] Түркістан қоғамындағы жастүріктер, жаспарсылар, жасбұхарлықтар, жәдитшілер сияқты идеялық ағымдар мен қозғалыстардың ықпал-әсері ресейлік демократиялық күштердің тасасында қалды. 
Жариялылық пен демократия кезінде мәселеге қатысты тың концептуалды тұжырымдар ұсынған ортаазиялық тарихшылар [6] большевиктердің Түркістанда жүргізген ұлт саясатын жаңа қырынан қарастыруға алғашқы талпыныстар жасады. Жаңа теориялық-әдістемелік негізде Түркістан қозғалысы тақырыбында іргелі ғылыми зерттеулер жүргізілді [7]. 
Түркістан ұлт-азаттық қозғалысы және ондағы ұлттық элитаның қалыптасуы мен қызметіне қатысты отандық зерттеулерге әдістемелік негіз қалаған К. Нұрпейістің [8], М. Қойгелдиев [9] пен Д. Аманжолованың [10] және Ө. Озғанбайдың [11] іргелі зерттеу еңбектерінің маңызын атап көрсетуіміз керек. К. Нұрпейіс алғашқы болып Түркістанда қызмет жасаған Алаш қозғалысының Оңтүстік қанаты туралы идеяны тұжырымдады. М. Қойгелдиев Түркістан Мұхтарияты мен Алашорда үкіметін бір-бірімен сабақтас мемлекеттік құрылымдар ретінде қарастырды және Түркістан қозғалысының көсемі М. Шоқай туралы зерттеулері тақырып аясын кеңітті. Д. Аманжолованың еңбегі мәселеге құжаттық талдау жасап, ұлт-азаттық қозғалыстың шынайы мазмұнын қалпына келтіріп, ұлттық элитаның жеке құрамының қызметіне баға берудегі объективтілігімен ерекшеленеді. Ал Ө. Озғанбайдың зерттеуінде Ресей Мемлекеттік Думасына Дала және Түркістан өлкелерінен депутат болып сайланған ұлттық элита өкілдерінің қызметі алғаш рет және жаңа көзқарас тұрғысында жан-жақты қарастырылды.
Түркістан тарихын соңғы жылдары отандық зерттеушілер түрлі аспектілерде қарастыруда. Тақырыпқа қатысты да бірқатар диссертациялық зерттеулер жүргізіліп, монографиялық еңбектер жарық көрді.
Тақырып тарихнамасындағы ұлтшылдық рухымен ерекшеленген М. Шоқай, З.В. Тоған, Б. Хайт, Х. Оралтай еңбектері Түркістан ұлттық элитасының қалыптасуы мен қызметі туралы ой-тұжырымдары таным аясын кеңейте түседі. 
Қоғамдық ғылымдарда барынша кең орын алған «интеллигенция» тақырыбындағы ғылыми әдебиеттер шоғыры тарихнаманың қомақты бөлігін құрайды. ХХ ғ. басындағы Ресей интеллигенциясының тарихын саяси билікке қатысына қарай зерттеген еңбектер Орта Азия мен Қазақстанда концептуалдық, мазмұндық және тақырыптық үлгіге алынып, ұлттық интеллигенцияның қалыптасуы мен қызметі алғаш рет жеке желі болып қарастырылды [12]. 
70 жылдары А.К. Қанапин, А.Д. Яндаров, Р.Б. Сүлейменов, Х.И. Бисеновтердің еңбектері жарық көрді [13]. Р.Б. Сүлейменов қазан төңкерісіне дейін Қазақстанда 22 қазақ, ал Орта Азияда бірде-бір жоғары білімді жергілікті ұлт өкілі болмаған деген кеңестік тарихнамадағы таптаурын тұжырымға күмән келтіреді. Ал В.М. Устиновтың еңбегі [14] Түркістан интеллигенциясын арнайы тақырып етіп қарастыруымен ерекшеленеді. Тәуелсіздік ұлттық интеллигенция тақырыбын жаңа мазмұнда игеруге кең мүмкіндікке жол ашты [15]. 
Түркістанда жаңартушы рөл атқарған экономикалық тетіктің саяси-әлеуметтік сипатын айқындауға баса мән берген М.Х. Асылбековтың іргелі еңбектерінде теміржол саласында ұлттық кадрлардың пайда болуы мен қалыптасуы жан-жақты зерттеліп, Т. Рысқұлов пен М. Тынышпаевтың Қазақстан экономикасын индустрияландырудағы қызметі жаңа қырынан танылады [16]. 
В.З. Галиев зерттеулерінде қазақ интеллигенциясының өкілдері жайлы құнды мағлұматтар жинақталған [17]. Тәуелсіздік жағдайында тақырыпты жаңа әдістемелік негізде қарастыру бағыты М. Қозыбаевтың [18], Ж. Абылхожиннің, Т. Омарбековтың [19] іргелі зерттеулерінде одан әрі өріс алды. Мәселе Ә.М. Ауанасова, Д. Махат, З. Дүкенбаева зерттеу еңбектерінде жаңа көзқараспен қарастырылып, тың мазмұн алды [20]. 
Тақырып тарихнамасындағы тұлғатануға қатысты еңбектер жекелеген желілерді терең де байыпты қарастыруға мүмкіндік береді. Бұл бағыт ХХ ғ. басындағы ұлттық элита өкілдерінің шығармашылық қызметінен бастау алды. 
Түркістандық элитаның арасында алғашқы болып Т. Рысқұловқа қатысты зерттеулер қолға алынды. В.М. Устинов еңбектерінде ұлтшыл және ауытқушыл Рысқұловтың қасаң бейнесінің орнына өрлеу мен құлдыраудан, жеңіс пен жеңілістен тұратын, өзінің революциялық дәуірімен біте қайнасқан тұтас та күрделі бейнесі орнықты. Отандық тұрартануда О. Қоңыратбаевтың, К. Нұрпейісов пен В.Х. Григорьевтің [21] еңбегінің де маңызы үлкен болды. 
Түркістан ұлттық элитасының көрнекті тұлғасы С. Қожановтың өмірі мен қызметі туралы зерттеу еңбектер жарық көріп, диссертациялық зерттеулер жүргізілді [22]. Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының көрнекті өкілдері М. Шоқай, М. Тынышбаев, С. Лапин, К. Төгісов, Х. Досмұхамедов, Ж. Досмұхамедов, М. Дулатов, О. Жандосов, Ж. Аймауытов туралы ғылыми зерттеу жұмыстары жарық көріп, диссертациялар қорғалды. Өкінішке орай көптеген түркістандық қайраткерлер (С. Өтегенов, Қ. Қожықов, С. Ақаев, А. Оразаев, Н. Айтақов, И. Тоқтыбаев, Б. Аралбаев, Н. Рүстемов, Н. Сатығұлов, Қ. Сармолдаев, Ә. Құдабаев, М. Лаумуллин, Ә. Палмұхамедов және т.б.) туралы осы кезге дейін дербес зерттеу жұмыстары қолға алынбады. «Көрнекті мемлекет, қоғам қайраткерінің өмірі дегеніміз белгілі бір адамгершілік және әлеуметтік бағдарлар жүйесіндегі оның нақты ойлары мен әрекеттері ғана емес, ол сонымен бірге тұлғаның өзі саясат сахнасынан кеткеннен кейінгі де қоғамдық үдерістерге жасайтын ықпалы» [23] екендігін ескерсек аталған тұлғалар алдағы уақытта ғылыми ойдың нысаны болуы тиіс. Өйткені саяси қайраткер атына шын мәнінде лайық болғандардың тәні бақилық болса да олардың өнегесі саясат үшін өлмейді. 
Тәуелсіздік жылдары тарихи мәселелерге элитологиялық концепция тұрғысынан алғаш назар аударған Б.М. Сужиков шетелдік тарихнаманың қазақ жеріндегі ұлт-азаттық қозғалыс тақырыбына талдау жасады. М. Қойгелдиев тарихи Ресей және Кеңес Одағы құрамындағы қазақ саяси элитасының қызметін бес кезеңге бөлуі және әр кезеңдегі элита өкілдерінің саяси көзқарастарын, күрес тәсілдерінің ерекшеліктерін жүйелеуі отандық тарихтың мазмұнын қайта қарауда жаңа концептуалдық бағытқа негіз болды.
Х. Әбжанов ұлттық элитаға қоғамдық саяси құбылыс ретінде баға беріп, Шәкәрім қажының "Ең жақсы адам не қылған кісі?” деген сауалына "ел тағдырын шешер биліктің екі тізгін, бір шылбыры кемелдің, үздіктің үздігінің қолында болуы қажет. Топты жарып шыққан осындай кемелдерді, осындай үздіктерді ғана ұлттық элита деген айдармен айшықтауға негіз бар” [24] деген ғалымның жауабы тарихи танымдағы элита ұғымының ұлттық мазмұнын айқындайды. 

Похожие материалы

Рахмет ретінде астында тұрған жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!

Категория: Қазақша курстық жұмыстар | Добавил: Admin
Просмотров: 1121 | Загрузок: 205 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]