Приветствую Вас Гость • Регистрация • Вход • RSS
Воскресенье, 4.12.2016
Главная » Файлы » Курстық жұмыстар » Қазақша курстық жұмыстар [ Добавить материал ]

Қазақ тіліндегі әйел қолөнеріне байланысты халықтық лексиканың этнолингвистикалық сипаты


Оқушылар,студенттер,мұғалімдер,сайт қолданушылары өз материалыңызбен бөліссеңіз қуанышты болатын едік!

[ Скачать с сервера (232.0Kb) ] 23.02.2014, 17:12
Зерттеудің өзектілігі. Қазіргі тіл білімінде этномәдени тіл бірліктерін белгілі бір тақырыптар төңірегінде топтастыра отырып, оларды түрлі бағытта қарастыру кең үрдіс алып келеді. Тіл – тек қарым-қатынас құралы ғана емес, ол өзінің кумулятивтік (сақтап – жеткізушілік) қасиетінің арқасында адам қолымен жасалған материалдық және рухани мәдениетті бола-шақ ұрпаққа жеткізуші құрал. Тілдің осындай қызметінің арқасында ғана халықтың өмір сүру дағдысының, халықтық тәжірибелік білімнің, дәстүр жалғастығының сабақтастығы сақталып, олар жаңғыртылып, жетілдіріліп отырады. Осымен байланысты қазақ халқының тұрмыс- тіршілігін, материалдық және рухани мәдениеті мен дүниетанымын тіл арқылы зерттеп сипаттау – қазіргі тіл білімінің этнолингвистика, лингвомәдениеттану, лингвоелтану, когнитивтік лингвистика сияқты бағыттарының негізі болып отыр. Осы тұрғыдан алғанда, ата-бабаларымыздың материалдық және рухани мәдениетінің айқын көрінісі, ретінде әйел қолөнерінің туындылары практика-лық та, эстетикалық та қызметті қатар атқарған.
Бұл ретте әр алуан лексикалық бірліктердің «екінші деңгейдегі мағыналарын – этнолингвистикалық мағыналарын» тіл білімі тұрғысынан басқа ғылым салалары деректірімен ұштастыра отырып зерттеу, көпшіліктің жадынан шыға бастаған әйел қолөнеріне байланысты атауларды жаңа сапада қайта жаңғыртудың, сол арқылы ана тіліміздің байлығын, оның оралымдылығын арттыра түсудің мәні ерекше. Бұл мәселенің өзі осы жұмыстың өзектілігін белгілейді.
Қолөнерінің қазақ мәдениетін қалыптастырудағы қызметі мен оның әлеуметтік-гендерлік табиғатын анықтау («еркектерге тән іс», «әйелдерге тән іс» деп бөлінетінін және соған қатысты атаулардың құрамын анықтау), сол арқылы қазақ әйелінің қоғамдағы орны мен ролін айқындау бүгінгі күндері арнайы зерттеуді қажет ететін тақырыптардың бірі болып отыр.
Әйел қолөнері бұйымдарының ономасиологиялық тұрғыдан уәжділік қасиеттерін анықтауды тілдік және тілдік емес (экстралингвистикалық) мәнділіктермен байланыстыра қарастыру және «ұлт пен тіл біртұтас» деген қағидаға сай этнолингвистикалық бағытта кешенді зерттеу жүргізу де тақырыптың өзектілігін дәлелдей түседі.
Ұлттық мәдениетімізді зерттеп-білуге зор мән беріліп отырған бүгінгі күнде мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асыруға өз үлесін қоса алатындығы да жұмыстың өзектілігін айқындайтындығы күмән тудырмаса керек.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Зерттеу мақсаты – материалдық және рухани мәдениеттің сабақтастығын бейнелейтін әйел қолөнеріне байланысты атаулардың, оларға қатысты ұғым-түсініктердің этнолингвистикалық табиғатын, олардың тілдік жүйедегі орнын, әйел қолөнерінің болмыс-бітімін ономасиологиялық жүйе негізінде анықтау. Бұл мақсаттарға жету үшін мынадай міндеттерді шешу көзделді:
- әйел қолөнеріне қатысы атауларды халық ауыз әдебиеті үлгілерінен, түрлі сөздіктер мен түрлі саладағы зерттеу еңбектерінен жинақтау, жүйелеу;
- қазақ тіл біліміндегі жалпы қолөнер лексикасының зерттелу тарихы мен қазіргі бағыт-бағдарына шолу жасау;
- әйел қолөнеріне байланысты атаулардың лексика-семантикалық, тақырыптық топтарын айқындау;
- әйел қолөнерінің ұлттық мәдениетімізді қалыптастырудағы алатын орнын қолөнер мен рухани мәдениеттің қарым-қатынасына қатысты жинақталған материалдарды кешенді зерттеу арқылы анықтау;
- этномәдени мәнді атаулар мен этнофразеологизмдердің мағына астарлы мәнін ашу;
- ономасиологияның теориялық тұжырымдарына сүйене отырып, әйел қолөнеріне байланысты атаулардың этномәдени уәждерін, уәждік жүйесін этнографизмдер негізінде айқындау;
- әйел қолөнеріне қатысты қалыптасқан атаулардың табиғатын тілдік және тілдік емес (экстралингвистикалық) факторлар арқылы анықтай отырып, оның ұлттық сипатта қалыптасуы мен рухани-мәдени өмірдегі орнын, этномәдени мазмұнын қарастыру.
Зерттеудің нысаны. Әйел қолөнеріне байланысты атаулардың этнолингвистикалық сипаты мен ономасиологиялық негіздері.
Зерттеудің әдістері. Зерттеу барысы мен дереккөздерді жинау барысында сұрыптау, жүйелеу, талдау тәсілдері, атаулардың мағыналық өрісін анықтауда лексика-семантикалық талдау, диахронды-синхронды сипаттама, семасиологиялық, ономасиологиялық, этнолингвистикалық талдау әдістері қолданылды.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. Қазақтың ұлттық қолөнерінің табиғаты көптен бері этнографтар мен өнертанушылар, тілші ғалымдар тарапынан әр қырынан қарастырылып келеді. Қазақ тіл білімінде қолөнерінің нақты бір түрі ретінде зергерлік өнерінің лексикасына, киіз үйге, ою-өрнекке, музыка аспаптарына, киім атауларына байланысты зерттеу жұмыстары жазылғанмен, әйел қолөнерінің лексикасы арнайы қарастырылған емес. Жұмыстың жаңалығы әйел қолөнеріне байланысты қалыптасқан этнографизмдердің алғаш рет этнолингвистикалық, ономасиологиялық тұрғыдан қарастырылуы болып табылады. Атап айтқанда, тіл мен мәдениеттің, материалдық және рухани мәдениеттің сабақтастығы, әйел қолөнерінің салт-дәстүрдегі, дүниетанымдағы көрінісі этнолингвистикалық талдаулар арқылы сараланып, әйел қолөнеріне байланысты атаулардың ономасиологиялық негіздері, уәжді белгілері айқындалады.
Зерттеудің дереккөздері. Қазақ тіліндегі әйел қолөнеріне байланысты атаулардың этнолингвистикалық табиғатын ашу мен ономасиологиялық негіздерін айқындау барысында 10 томдық «Қазақ тілінің түсіндірме» сөздігінің, 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігінің» жарық көрген үш томының, «Қазақ тілінің аймақтық сөздігінің», «Қазақ тілінің диалектологиялық сөздігінің», «Қазақ совет энциклопедиясы» мен «Қазақ ұлттық энциклопедиясының», І.Кеңесбаевтың «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі» мен А.Құралұлының «Қазақ дәстүрлі мәдениетінің энциклопедиялық сөздігінің», т.б. сөздік және халық ауыз әдебиеті үлгілері мен көркем шығармалар материалдары пайдаланылды. Сондай-ақ ұшырасатын С.Қасиманов, Ә.Тәжімұратов, Х.Арғынбаев, Ө.Жәнібеков, С.Мұқанов, М.Мұқанов, Ә.Ысқаққызы, т.б. этнографтар мен өнертанушы ғалымдардың еңбектерінен қазақ әйелі қолөнері жөнінде қажетті мәліметтер мен деректер алынды.
Жұмыстың теориялық және практикалық маңызы. Зерттеу жұмысының нәтижелері мен тұжырымдары тіл мен мәдениет, тіл мен ұлт, тіл мен дүниетаным, тіл мен ойлау сабақтастығын қарастыратын этнолингвистика, ономасиология салаларының теориялық негіздерін белгілі дәрежеде толықтыра түсіп, қазіргі «дүниенің тілдік бейнесі» бағытындағы зерттеулерге өзіндік үлес қосуға талпыныс жасалды. Диссертациялық жұмыстың негізгі теориялық және практикалық мәні – осы зерттеудің теориялық тұжырымдары мен нәтижелері негізінде қазақ қолөнеріне байланысты атауларды әлі де зерттей отырып, бір жағынан, қазақ қоғамындағы әйелдердің орны мен ролін, екінші жағынан, әйел қолөнерін адам мен табиғат, тіл мен мәдениет, заттық мәдениет пен рухани мәдениет сабақтастығы арқылы этнос болмысын этнолингвистикалық тұрғыдан зерттеуде.
Зерттеу барысында қол жеткізген тұжырымдар мен тілдік фактілерді жоғары оқу орындарының филология факультеттерінде «Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы», «Этнолингвистика», «Қазақ тілінің ономасиологиясы», «Лингвомәдениеттану» атты пәндерден дәріс оқу барысында, семинар сабақтары мен арнайы курстар өткізуде, сондай-ақ әртүрлі сөздіктер мен сөздік мақалалар дайындау барысында пайдалануға болады.
Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар:
- қазақ әйелдерінің қолөнеріне байланысты этнографизмдер мен этнофразеологизмдер – этностың өткен өміріндегі тұрмыс-тіршілігінің айнасы, ғасырлар бойғы мәдениетінің тұнып тұрған мұражайы;
- әйел қолөнеріне байланысты атаулар ұлттық сөздік қордың ауқымды қабатын құрайтын күрделі таңбалар жүйесі болып табылады;
- әйел қолымен өңдеп дайындалған бұйымдар (көбінесе жүннен) – шектес ғылым салалары деректерін пайдалана отырып кешенді зерттеу арқылы анықталатын материалдық және рухани мәдениеттің тоғысуын бейнелейтін этномәдени туынды;
- әйел қолөнеріне қатысты атаулардың ономасиологиялық жүйесін анықтау қазақ әйелі болмысын этномәдениетпен тұтастықта сипаттайды;
- әйел қолөнеріне байланысты атаулардың уәждік жүйесі (жасалатын шикізаты, дайындау технологиясы, атқаратын қызметі мен қолданылатын орны, түр-түсі, т.б.) ұлттық таным мен талғамның, тәжірибелік білімнің гендерлік деңгейін сипаттайды;
- әйел қолөнеріне байланысты этнографизмдер мен фразеологизмдердің этнолингвистикалық сипаты ұлттық және аймақтық ерекшеліктерді айқындайды;
- әйел қолөнеріне байланысты атаулардың этнос мәдениетіндегі орны «мәдени реконструкция» арқылы, ал олардың тіл жүйесіндегі орны «тілдік реконструкция», этнолингвистикалық, семасиологиялық, ономасиологиялық сабақтастықтағы талдаулар арқылы анықталады.
Жұмыстың талқылануы мен жариялануы. Зерттеу жұмысының мазмұны мен нәтижелері Т. Рысқұлов ат. ҚазЭУ-нің ғылыми конференциясында және еңбектер жинағында (Алматы 2003), «Жоғары оқу орнында сапа мен менеджменті жүйесін енгізу мәселелері және оларды шешу жолдары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда (Алматы, 2005),  «Жедел жаңару жолындағы экономикалық бағдарлар» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда (Алматы, 2005), «Қазақстанда ой-сананың дамуы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда (Алматы, 2006),  «Бизнес, Ғылым, Білім» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда (Алматы, 2008) баяндалып, талқыланды. Республикалық ғылыми басылымдар мен ғылыми жинақтарда диссертация тақырыбына қатысты 7 мақала жарияланды.
Жұмыстың құрылымы. Зерттеу жұмысы кіріспеден, екі тараудан және қорытындыдан тұрады. Жұмыс соңында пайдаланылған әдебиеттер тізімі берілген.

ЖҰМЫСТЫҢ     НЕГІЗГІ     МАЗМҰНЫ

Диссертацияның кіріспе бөлімінде зерттеу тақырыбының өзектілігі, зерттеу нысаны, жұмыстың мақсаты мен міндеттері, ғылыми жаңалығы, қорғауға ұсынылатын тұжырымдар, зерттеу әдістері, теориялық және практикалық маңызы сипатталып, пайдаланылған тілдік дереккөздер, жұмыстың жариялануы туралы мәлімет беріледі.
«Әйел қолөнеріне байланысты атаулардың этнолингвистикалық сипаты» деп аталатын бірінші тарау әйел қолөнеріне байланысты атауларды зерттеудің теориялық мәселелерін шолуға, атаулардың лексика-семантикалық, тақырыптық топтарының этномәдени мазмұнын ашып, этнолингвистикалық талдау жасауға арналады.
1.1. Әйел қолөнеріне байланысты атауларды зерттеудің этномәдени негізі. Халықтың дүниені танып білуі, өзі өмір сүріп отырғын ақиқат дүниеге деген көзқарасы күнделікті тұрмыс-тіршілігіндегі, шаруашылығы мен кәсіби қызметіндегі тәжірибеге негізделген. Қандай да болсын белгілі бір зат пен құбылысты тану оның сыртқы бейнесі мен адамға тигізетін пайдазиянын ажырата білу, оның түрлі әсерін бақылап, түйсіну, күнделікті тәжірибеде қолданудың нәтижесінде жүзеге асады. Танылған заттар мен құбылыстар айрықша қасиеттеріне, өзіндік ерекшелігі мен пішініне, адам санасында қалдырған әсеріне қарай белгілі бір атауға ие болады. Бұрынғы тұрмыстағы адам ақыл-ойы мен еңбегінің арқасында жасалған сан алуан заттар, бұйымдар, құбылыстар халқымыздың этнографиялық мұрасы болып табылады. Олай болса этнографизмдер дегеніміз – этнографиялық заттар мен құбылыстардың атауы. Басқаша айтқанда, «этнографизмдер дегеніміз – өткен тұрмысымызда болған, көбі әлі де қолданылып келе жатқан тұрмыстық бұйымдардың, белгілі бір кәсіпке, шаруашылыққа, салт-дәстүрге, әдет-ғұрыпқа, наным-сенімге, баспанаға, киім-кешекке, ішер асқа, туыстық қатынасқа, ел билеу ерекшелігіне, заң тәртібіне, әдеттік правоға байланысты қолданылатын, халқымыздың тұрмыстық және тілдік өзіндік ерекшелігін көрсететін арнаулы атаулар мен сөз тіркестері» [1, 18 б.]. Этнографизмдерді зерттейтін сала тіл білімінде этнолингвистика деп аталады. Этнолингвистиканың негізгі мақсаты – қазақ тілінің қазіргі қалпындағы ерекшеліктерді емес, өткен тұрмыстағы халық тәжірибесінен туған ұлттық болмысымызды, күнделікті тұрмыс-тіршілігіне байланысты қалыптасқан этномәдени ұғымдарды зерттеу. Олай болса көне этнографизмдерді жинақтап толықтыруда, ұлттық сөздік қорымызды, байырғы төл сөздерімізді жаңғыртуда тіл біліміндегі осы саланың маңызы зор екендігі айқындала түспек. 
Осы бағыттағы зерттеулер қазақ ұлттық болмысының бүгіні мен өткенінің ілектес екенін жаңа қырынан танытуда (Ә. Қайдар, М. М. Копыленко, 
Е. Жанпейісов, т.б.). 
Тілімізде сақталып қалған көптеген халықтық атаулар мен көнерген сөздердің астарында этнографиялық мән, этнофразеологизмдер жататындығын Р. Сыздық, Н. Уәли, Г. Смағұлова сияқты ғалымдар өз зерттеулерінде тарихи, тілдік, мифтік, этнографиялық, танымдық мәліметтерге сүйене отырып, өз тұжырымдарын келтіреді.
Атап өтерлік жайт: қазіргі уақыттағы тіл арқылы мәдениетті тану лингвомәдениеттану пәнінен бұрын этнолингвистика ғылымында сөз болған және әлі де жалғасын тауып келе жатыр. Дегенмен, бүгінгі күні ара жігін ажырата қоймаған осы екі ғылым саласының көп жағдайда ортақ, ұқсас жақтары болғанмен, өзіндік ерекшеліктері айқындалу үстінде. Оны В. Телияның, 
В. А. Маслованың, А. Сейсенованың, А. Сейілханның т.б. зерттеушілердің ой-пікірлерінен байқауға болады.
Зерттеуші А. Исламның пікірінше, қазіргі лингвистиканың құрылымдық, яғни тілді өз жүйесі ішінде ғана зерттеу парадигмасының антропоцентристік қағида негізінде – сол тілдің иесі болып табылатын адаммен, оның (тілдің) функционалды қолданыс табатын әлеуметтік орта, тарих, мәдениет пен танымдық үрдіспен байланыстыра зерттеулердің нәтижесі болып табылар соңғы он жыл көлемінде тіл мен мәдениеттің өзара байланыс тетіктері мен жалпы ұлттық дүниетаным, ұлттық мәдениеттің тілдегі көрінісін зерттейтін лингвомәдениеттану ғылымы пайда болды [3, 5 б.].
Жоғарыдағы пікірлерді жинақтай келгенде, лингвомәдениеттану – этнос мәдениеті мен сол тілде сөйлеуші халықтың мәдени-тілдік деректерін сипаттайтын, жұрт мәдениетін өз лексикасы арқылы басқа этносқа танытатын, ұлттық рух пен ұлттық тілдің туын көтеретін, халықтың тіл байлығын тек болмысы арқылы өз тұғырына жеткізіп келешекке танытатын, тілдік деректерді ұлттық нышанда жарата да, жарқырата да алатын, этнолингвистика пәнімен ағайындас, ұлттық рух пен тіл арасында өзіндік жолы бар, тілді мәдениет арқылы танудағы бітімімен басқа тіл ғылымдарынан ерекшеленетін, қоғамдық-әлеуметтік, эстетикалық, философиялық сипаты бар кешенді пән [4, 24 б.]. Ал, этнолингвистика жоғарыда аталып өткендей, тіл мен мәдениеттің өзара қатынасының бүгінгі қалпын емес, өткен өміріндегі ұлттық болмысты, мәдени ұғымдарды зерттейді. Бұдан, әрине, этнолингвистиканың синхронды сипаты мүлде болмайды деген ұғым тумауы керек. Қысқасы, этнолингвистика – тіл ғылымының басқа салаларынан өзіндік ерекшелігі бар, проф. Е. Жанпейісов көрсеткендей, «этносқа қатысты мәдениеттанымдық, этнологиялық, мифологиялық, лингвистикалық және фольклористикалық зерттеулердің синтезі ретінде көрінетін тоғыспалы ғылым» [3].
Сайып келгенде, этнографизмдердің де, лингвокультуерамалардың да (мәдени мәнді атаулар), көздейтін мақсаты – адамның дүниетанымындағы ақиқат дүниенің бейнесінің қалай қалыптасқанын, заттар мен құбылыстардың күнделікті өмір тәжірибесінде қолданылуының, мәдени тұрақтылыққа ие болуының, қандай да бір құндылығымен ерекшеленуінің және оларды қолданудың салт-дәстүрге, әдет-ғұрыпқа айналуының себеп – негіздерін анықтау.
Қазақ халқының қолөнері, оның ішінде әйелдерге тән салалары, оған байланысты салт-дәстүрлер мен ырым-жоралғылар, мифологиялық түсініктері тілімізде сақталған. Оларды бір-бірімен тығыз байланыстыра отырып, тұтас құрылым жүйесінде алып қарастырып, «ұлт мәдениетінің бейнесі» деп сипаттауға болады. Осымен байланысты тіл байлығының этнотанымдық мәнін анықтау арқасында ұлтымыздың материалдық мәдениетімен бірге рухани, мәдени болмысын да саралап тани түсеміз. 
1.2. «Әйел қолөнерінде байланысты атаулардың лексика-семантикалық, тақырыптық топтарының этномәдени мазмұны» атты екінші тараушада әйел қолөнерінде қандай материалдар, құрал-саймандар қолданылғандығына, оларды технологиялық өңдеу тәсілдеріне қатысты және түрлі зат, бұйым атауларына жеке-жеке этнолингвистикалық сипаттама беріледі.
1.2.1. Әйел қолөнерінде қолданылатын материал атаулары. Әйел қолөнерінде дайындалатын дәстүрлі бұйымдардың (киіз, киім, кілем, алаша, сырмақ, арқан-жіп, бау-шу, ши) ерекшелігіне қарай ерте замандардан бері қолданған шикізаттары төрт түлік малдың жүні мен терісі, аң терілері мен құстың мамығы және өсімдіктер болды.
Қолда бағылатын төрт түлік малдың және жабайы аң-құстардың денесінің үстіндегі түгі, қылшығы жүн деп аталатындығы белгілі. Қазақ халқының ғасырлар бойғы негізгі шаруашылығы мал шаруашылығы болғандықтан отыратын баспана – киізі үйдің жабыны да, күнделікті киім де, төсеніш пен жамылатын көрпе де, малға және көші-қонға қажетті арқан-жіптер мен киіз үйге қажетті бау-шулар да осы жүннен жасалды.
Қой жүні жабағы, күзем жүн, тоқты жүні, қозы жүні, өлі жүн, шет-пұшпақ деп ажыратылады. Жабағы деп қой мен түйенің жазғытұрымғы ұйысқан қысқы жүнін айтады. Күзем жүнге қарағанда қылшығы аз, түбіті көп болғандықтан көбіне тоқымашылық кәсібінде молырақ пайдаланылады. Жүннің осы қасиетіне орай оны ұрғашы жүн деп те атаған. 
Қойдың күзде қырқылған жүні күзем жүн деп аталады. Күзем жүннің түбіті жабағыға қарағанда аз, жүн талшықтары қысқалау әрі қылшығы молырақ болып келеді. Сондықтан ел арасында бұл жүн еркек жүн деп те аталған. Күздігүні мал жүнін қырқып алуды күзем алу дейді. Сонымен бірге шілдеде, тамыз айының басында қозылардың жүні де қырқылады. Оны қозы күзем дейді.
Көктемде малдан түлеп түскен жүнді, сол сияқты мал терісінен жұлып яки жидітіп алынған жұлма жүнді, қойдың бауырында, пұшпақтарында білтеленіп жүрген жүндері өлі жүн деп атайды. Қойдың өлі жүні мамыр айында қырқылады. Шет-пұшпақ жүн деп қотан арасында түсіп қалған, бұта басына жиналған, бау-шу ескеннен қалған үзік жүндерді айтады. Мұндай жүндер көбінесе арқан-жіп есуге жұмсалған.


Похожие материалы

Рахмет ретінде астында тұрған жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!

Категория: Қазақша курстық жұмыстар | Добавил: Admin
Просмотров: 1472 | Загрузок: 367 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]