Приветствую Вас Гость • Регистрация • Вход • RSS
Суббота, 10.12.2016
Главная » Файлы » Курстық жұмыстар » Қазақша курстық жұмыстар [ Добавить материал ]

Қазақстан инновациялық мектептерінде қосымша білім бағдарламалары негізінде оқытуды бейіндік саралаудың дамуы


Оқушылар,студенттер,мұғалімдер,сайт қолданушылары өз материалыңызбен бөліссеңіз қуанышты болатын едік!

[ Скачать с сервера (258.5Kb) ] 22.02.2014, 00:57
Зерттеудің көкейкестілігі. Өткен ғасырдың соңғы онжылдығы Қазақстан Республикасы үшін үлкен қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық өзгерістер әкелді. Бұл өзгерістер оқыту мен тәрбиелеу мазмұнын жетілдіру, олардың жаңа түрлерін іздеу, бейімдеу негізінде білім беру саласына да жаңалықтар енгізді. 
Білім жүйесінде кеңестік дәуірде қалыптасқан оқушыларды белгілі бір білімдер жиынтығымен қаруландыру принципі қайта қаралып, ендігі жерде алынған білімді пайдалануға үйрету, баланың дара ерекшеліктеріне, қабілетіне, қызығушылығына қарай бейіндік бағыттау алға шықты, сонымен қатар оқытудың әдіс-тәсілдерін қолдану көп векторлық сипат алды.
Қазіргі уақытта білім беру жүйесіне қойылатын талаптар оның мүлде жаңа парадигмасын жасауды қажет етеді. Өйткені өмір сүріп келген жүйе үнемі даму үстінде болып отырған қоғамның сұраныстарына жауап бере алмайды. Жалпы білім беретін орта мектептің білім беру мазмұны оқушылар мен ата-аналардың сұраныстарын қанағаттандыра алмады. Оның үстіне білім деңгейлері арасындағы сабақтастық үзіліп, жалпы орта білім беру мен жоғары білім жеке құрылымдар ретінде өмір сүрді, бұл жағдай өз кезегінде мектеп бітірушілерді жоғары оқу орнында білім алу үшін қосымша даярлау тәрізді артық жүйенің ресми емес түрде пайда болуына алып келді. Осындай жағдайда кәсіби бағдарлау жұмыстары өз мәнінде нәтижесін бере алмай отыр. Міне, мұның бәрі мектеп бітірушілерде өзінің болашағын жоспарлауда таңдауының бұлдырлығын тудырды.  Сондықтан осы мәселеге мемлекеттік деңгейде үлкен мән беріліп, білім саласын жүйелі реформалау, түбегейлі өзгерістер енгізу қолға алынды. Қалыптасқан жағдайдан шығудың бір шешімі ретінде «Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасында» орта білімнің жоғары сатысында бейіндік оқытуды енгізу жоспарланған болатын. 2006-2007 оқу жылында еліміздің мектептерінің 10 сыныптары екі бағыт (қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математикалық) бойынша оқытуды бейіндік саралауға кірісіп те кетті. Осы процесс келесі оқу жылынан енгізілетін 12 жылдық білім беруге көшу барысында өзінің заңды жалғасын таппақ. 
Кейінгі жылдары жүргізілген педагогикалық-психологиялық зерттеулер біздің еліміздің білім беру кеңістігіндегі оқыту жүйесінің тұлғаны дамытуда және үздіксіз процесс ретінде талапқа толық жауап бере алмағандығын көрсетіп отыр. Сондықтан әртүрлі деңгейде (республикалық, аймақтық) осы мәселенің шешімін іздестіру оқытудың ұйымдық түрлерінің баламалылығын дүниеге әкелді, яғни білім нарығында білім беру мекемелерінің жаңа түрлері қалыптасты. Білім мазмұны мен оны жүзеге асыру жолдарын әлемдік тәжірибені, педагогика ғылымының жаңалықтарын бейімдеу арқылы жетілдіруге бағыт алған мұндай оқу орындары «инновациялық мектептер» деген атауға ие болды. 
Білім беру жүйесін реформалауда қалыптасып отырған осындай жағдайда оқытуды бейіндік саралау, инновациялық процестер, инновациялық мектептер мәселелері, қосымша білім бағдарламаларын қалыптастыру, практикаға енгізу және басқа да олардың жекелеген аспектілері көкейкесті болып, отандық және шетелдік педагог ғалымдардың назарын өзіне аударып отыр. 
Мәселен, педагогика тарихы тұрғысынан жалпы білім берудің тарихи-педагогикалық негіздері А.Н.Ильясова, Ә.И.Сембаев, Т.Т.Тәжібаев, Б.Бержанов, К.Қ.Құнантаева, Г.М.Храпченков, В.Г.Храпченков, т.б. еңбектерінде қарастырылады. Сол сияқты қазақстандық ғалымдар Ш.Ә.Әбдіраман, Б.Ә.Әбдікәрімов, Ғ.З.Әділгазинов, Е.З.Батталханов, З.А.Исаева, Ғ.М.Кертаева, С.Қалиев, К.Ж.Қожахметова, М.С.Мәлібекова, Ж.Ж.Наурызбай, Қ.А.Сарбасова, Л.А.Шкутина, т.б. қоғам сұранысына сәйкес оқушы тұлғасын қалыптастыру, оның тұлғалық өзегі – дүниетанымын қалыптастыру, оны қалыптастырушы – педагогтың ғылыми-әдістемелік даярлығын жетілдіру және педагогикалық процесті ұлттық реңкте құру мәселелеріне жан-жақты тоқталып өтеді.
Оқыту процесінде оқушылардың дара ерекшеліктерін, олардың бейімдері мен қабілеттерін, қызығушылықтары мен сұраныстарын есепке алу мәселесіне педагогика ғылымының классиктері П.П.Блонскийдің, П.Ф.Каптеревтің, Я.А.Коменскийдің, К.Д.Ушинскийдің, Ы.Алтынсариннің, С.Т.Шацкийдің, т.б. еңбектерінде ерекше мән беріледі.
Кеңестік ғалымдар А.А.Бударный, И.Г.Бутузов, Н.К.Гончаров, А.А.Кирсанов, Е.С.Рабунский, Н.М.Шахмаевтар оқытуды даралау мен саралаудың жалпы мәселелеріне байланысты зерттеулер жүргізген. Бұл орайда әсіресе И.Унттың еңбектері біз үшін құнды болып табылады. Г.В.Дорофеев, А.А.Каверина, Ю.М.Колягин, Л.В.Кузнецова, В.М.Монахов, В.А.Орлов, С.Б.Суворова, М.В.Ткачева, Н.Е.Федорова, В.В.Фирсов, Д.А.Эпштейн, Ю.Д.Хацинская, С.И.Шварцбурд, т.б. жеке пәндер және факультатив сабақтар аясында саралау мәселелеріне тоқталады. Оқытуды бейіндік саралаудың шетелдік тәжірибесін А.Н.Джуринский, Н.Е.Воробьев, Н.В.Иванова, А.К.Савина, т.б. өз зерттеулеріне өзек етіп алды. Бейіндік оқытуға көшу шеңберінде оны ұйымдастыру мәселелері Д.Ермаков, Л.Гаджиева, В.Гузеев, Г.Петрова еңбектеріне арқау болды.
Сол сияқты қазақстандық ғалымдар Қ.М.Арынғазин, Б.А.Әлмұхамбетов, М.Жадрина, С.Т.Каргин, М.Ковжасарова, Д.М.Қазақбаева, И.Марченко, С.Д.Мұқанова, С.Қ.Омаров, К.А.Сарманова, Л.С.Сырымбетова, Н.Тен, т.б. саралаудың әр әр түрлі аспектілерін қарастырады.
Инновация, инновациялық процесс, инновациялық мектеп мәселелері де педагогика теориясы мен практикасында өіндік орнын алған. Бұл мәселелер В.Ф.Взятышев, В.Кваша, А.И.Кочетов, Д.М.Перминова, М.М.Поташник, А.И.Пригожин, Л.И.Романкова, И.И.Цыркун, Н.Р.Юсуфбекова, В.Е.Шукшунов, т.б. зерттеулерінде әр қырынан зерттеледі. Сонымен қоса аталмыш мәселелер отандық ғалымдар Ш.Қ.Әмір, Ж.О.Жылбаев, С.Н.Лактионова, Ш.Т.Таубаева, А.В.Перминов, т.б. зерттеу объектісі болып табылды. Қазақстандағы инновациялық мектептердің тарихы Т.Линчевская, Р.Масырова, И.Н.Шевченко еңбектерінде жан-жақты сөз болған.
Инновациялық мектептер оқушы тұлғасының дамуының бағыттылығын қамтамасыз ету мақсатында өздеріне нормативтік деңгейде берілген артықшылықтарды, кеңірек айтқанда қосымша білім бағдарламаларын пайдалана отырып бейіндік саралай оқытуды негізге алады, осы тұрғыда елімізде өткен 15 жыл мерзімде көлемді тәжірибе жинақталды. Бейіндік оқытуға көшу жағдайында біздің ойымызша, осы тәжірибені ғылыми-теориялық жағынан рәсімдеу, талдау оны одан әрі жетілдіруге, практика жүзінде одан әрі қолданылуының тиімділігін арттыруға мұрындық болады.
Дегенмен, отандық педагогика тарихында инновациялық мектептерде бейіндік саралаудың қолданылуы, оның құралы ретінде қосымша білім беру бағдарламаларының орны жеткілікті деңгейде зерттелмеген деп айтуға негіз бар.
Сондықтан педагогика ғылымында инновациялық мектептердегі бейіндік саралауда тәжірибенің жинақталуы мен оның ғылыми-теориялық тұрғыда талдану және бүгінгі күні өзекті болып отырған бейіндік оқытуды енгізуде оның позитивті және негативті тәжірибесін ескере отырып, жаңа талаптарға негіздеп, бейімдеп пайдалану қажеттігі арасындағы қайшылықты шешуге бағытталған зерттеу жүргізу қажеттілігі туындады, міне, бұл біздің зерттеу жұмысымыздың проблемасының мәнін анықтап, тақырыпты «Қазақстан инновациялық мектептерінде қосымша білім бағдарламалары негізінде оқытуды бейіндік саралаудың дамуы (1992 – 2005 жж.)» деп алуға негіз болды.
Зерттеліп отырған проблеманы инновациялық мектептердегі қосымша білім бағдарламаларын пайдалану тұрғысынан қарастыру біріншіден, аталған мерзімде оқытуды бейіндік саралауды жүзеге асыру осы мектептерде толыққанды жүргізілуімен, екінші жағынан оның негізгі құралы – қосымша білім бағдарламалары болып табылуымен байланысты.
Зерттеудің хронологиялық шеңберін таңдау нақ осы мерзімде бейіндік саралау процесінің бір ізге түсуімен, жүйеленуімен және белсенді жүруімен түсіндіріледі. Оның үстіне 1992 жылы Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының қабылдануымен инновациялық мектептер берік құқықтық мәртебеге ие болды. Жекелеген жағдайларда қалыптасқан жағдайды тарихилық және жүйелік тұрғыдан талдау негізінде тұтас, толыққанды нәтижеге қол жеткізу мақсатында аталған уақыт шеңберінен шығуға мәжбүр боламыз.
Зерттеудің объектісі – инновациялық мектептердегі бейіндік саралау  процесі.
Зерттеудің пәні – қосымша білім бағдарламалары негізінде жүргізілген республиканың инновациялық мектептеріндегі оқытуды бейіндік саралау.
Зерттеудің мақсаты – Қазақстан Республикасының инновациялық мектептеріндегі қосымша білім бағдарламалары негізінде оқытуды бейіндік саралаудың дамуын талдау, сипаттау және оның позитивті тәжірибесін практикада қолдану мүмкіндігін анықтау.
Зерттеудің болжамы – егер инновациялық мектептердегі оқытуды бейіндік саралаудың дамуын талдау оның алғышарттарын, осы процестің негізгі тенденцияларын анықтаса, онда қалыптасқан жағдайды ескеру арқылы мектептерде бейіндік оқытуды енгізуде жинақталған оң тәжірибені қолдану мүмкіндігі артады, өйткені, оның позитивті және негативті жақтары ашылады және бұл оларды бүгінгі күн жағдайында пайдаланудың шарты болып табылады.
Зерттеудің міндеттері:
1. оқытуды бейіндік саралау мәселесінің генезисін ғылыми-теориялық талдау;
2. Қазақстан инновациялық мектептеріндегі оқытуды бейіндік саралаудың дамуының тарихи-, ғылыми-педагогикалық және құқықтық-нормативтік алғышарттарын айқындау;
3. қазақстандық инновациялық мектептердегі қосымша білім бағдарламалары арқылы бейіндік саралаудың дамуын талдау, позитивті және негативті тәжірибесін бөліп көрсету;
4. инновациялық мектептердегі қосымша білім бағдарламалары арқылы бейіндік саралаудың позитивті тәжірибесі негізінде бейіндік оқытуды іске асыру моделін жасау.
Зерттеудің жетекші идеясы: инновациялық мектептерде қосымша білім беру бағдарламалары негізінде бейіндік саралаудың дамуын талдау жинақталған оң тәжірибені анықтауға, оның позитивті және негативті нәтижелерін бейіндік оқытуды іске асыруда ескеруге мүмкіндік береді.
Зерттеудің әдіснамалық негізін философия, педагогика ғылымындағы теориялық-әдіснамалық теориялар, теория мен тәжірибе арасындағы байланыстар туралы қағидалар, философиялық ілімдер, тарихи-педагогикалық құбылыстарды зерттеудегі объективтілік, жүйелілік теориясы туралы ілімдер құрайды. 
Зерттеудің әдістері:
- жалпығылыми: логикалық, жүйелі-құрылымдық, нидуктивтік, дедуктивтік, т.б.;
- тарихи: тарихи-салыстырмалы, тарихи-генетикалық, ретроспективалық, т.б.;
- педагогикалық: теориялық және эмпирикалық (ғылыми-педагогикалық әдебиетті, архив материалдарын, мектеп құжаттарын зерттеу және талдау, педагогикалық мәліметтерді жүйелі және статистикалық талдау, т.б.).
Зерттеудің көздері:
- заңнамалық және нормативтік-құқықтық құжаттар;
- зерттеу тақырыбына байланысты ресми құжаттар (оқу жоспарлары, бағдарламалар, оқу-әдістемелік кешендер);
- зерттеу проблемасына қатысты ғалымдардың еңбектері, ғылыми-теориялық материалдар, мерзімді басылымдар жарияланымдары;
- инновациялық мектептердегі бейіндік саралау бойынша жұмыс тәжірибесін көрсететін мектеп құжаттары.
Зерттеудің кезеңдері:
Бірінші кезеңде (2001-2003 жылдар) зерттеу процедурасы жасалып, проблеманың теориясы, тарихы мен қазіргі жағдайы қарастырылды; зерттеудің әдіснамалық базасы, мақсаты, міндеттері, объектісі, пәні, болжамы, жетекші идеясы анықталды; материалдар жинақтау басталды.
Екінші кезеңде (2003-2006 жылдар) оқу-әдістемелік, статистикалық материалдарды жинақтау, ғылыми-теориялық талдау, жүйелеу және қорытындылау жүргізілді, зерттеу проблемасы нақтыланды.
Үшінші кезеңде (2006-2007 жылдар) материалдарды теориялық өңдеу, алынған мәліметтерді жүйелеу және қорытындылау жүргізілді; қорытындыларды рәсімдеу аяқталды.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен теориялық мәнділігі:
- оқытуды бейіндік саралау мәселесінің генезисі ғылыми-теориялық тұрғыда талданды;
- Қазақстан инновациялық мектептеріндегі оқытуды бейіндік саралаудың дамуының тарихи-, ғылыми-педагогикалық және құқықтық-нормативтік алғышарттары айқындалды; 
- инновациялық мектептердегі қосымша білім бағдарламалары арқылы бейіндік саралай оқыту мазмұнының даму тенденциялары мен ерекшеліктерін талдау барысында оқытуды бейіндік саралаудың кезеңдері анықталып, жіктемесі жасалды;
- республиканың инновациялық мектептеріндегі қосымша білім бағдарламалары негізінде оқытуды бейіндік саралаудың позитивті және негативті тәжірибесі анықталды;
- Қазақстан инновациялық мектептеріндегі қосымша білім бағдарламалары арқылы оқытуды бейіндік саралау тәжірибесі негізінде бейіндік оқытуды іске асырудың моделі жасалды.
Зерттеудің практикалық мәнділігі: 
Зерттеу нәтижелері бейіндік оқытуды жүзеге асыратын мектеп әкімшілігі мен мұғалімдерінің ғылыми-әдістемелік даярлығын жетілдіруде (мектептерде «Бейіндік оқытуды ұйымдастырудың ғылыми-әдістемелік мәселелері» оқыту семинары, «Бейіндік оқытуды ұйымдастыру» оқу құралы, «Бейіналды даярлыққа және бейіндік оқытуға арналған вариативті білім беру бағдарламалары» жинағы), болашақ педагогтарды даярлау барысында («Жалпы педагогика» пәнінің типтік оқу бағдарламасына, педагогикалық мамандықтар студенттерінің педагогикалық практикасын ұйымдастыру бағдарламаларына практиканттарды мектептердегі бейіндік оқытудың жайымен таныстыру мақсатында толықтырулар, 050110 – Физика мамандығына арналған «Бейіндік оқыту мәселелері» арнайы курсы, «Педагогика. Оқытудың несиелік жүйесіндегі сабақтар» оқу құралы) қолданылды.
Ұсынылған «Бейіндік оқытуды іске асырудың моделі» жалпы орта білім беру жүйесіне бейіндік оқытуды енгізуде қолданылуы мүмкін.
Қорғауға ұсынылатын қағидалар: 
- Оқытуды бейіндік саралаудың теориялық негіздеріне педагогика теориясындағы саралап оқыту, тұлға дамуындағы даралау, білім беру мазмұнын қалыптастыру концепциялары жатады және тарихи-педагогикалық алғышарты – педагогика тарихы мен шетелдік және отандық педагогика практикасындағы оның тәжірибесі, ғылыми-педагогикалық алғышарты – оны білім алушылардың сұраныстарына, қызығушылықтары мен бейімдеріне байланысты оқыту процесінің принциптеріне негіздеп жүргізу, құқықтық-нормативтік алғышарттары - осы кезеңде қабылданған «Білім туралы» Заңдар, оқу жоспарлары, білім берудің жалпыға міндетті стандарты, ҚР гимназиялары мен лицейлерінің жұмысын ұйымдастыру туралы Ережелер болып табылады.
- Қазақстанның инновациялық мектептерінде оқытуды бейіндік саралау а) оқу жоспарларының нұсқаларын таңдау; ә) олардың вариативті бөлігін тиімді іріктеу; б) инновациялық мектептерге берілген қосымша білім бағдарламаларын енгізуге байланысты құқықтық-нормативтік артықшылықтарды пайдалану негізінде жүргізілді;
- Қазақстан инновациялық мектептерінде оқытуды бейіндік саралаудың негізгі құралы – болашақ кәсіби іс-әрекеттің ерекшеліктеріне бағдарлау, базалық пәндік білімді толықтыру және тереңдету, пәнаралық интеграция функцияларын атқаратын және оқушылардың дара ерекшеліктері мен сұраныстарын есепке алу, интерактивтілік, тұлғалық-іс-әрекеттік және субъект-субъектілік қатынас принциптеріне сүйене отырып жасалған қосымша білім бағдарламалары болып табылады;
- Қазақстан гимназиялары мен лицейлеріндегі оқытуды бейіндік саралау үш кезеңде (1-кезең – бейіндер бойынша оқытудың негізінің салынуы; 2-кезең – құқықтық-нормативтік артықшылықтар арқылы бейін мазмұнының нақтылануы; 3-кезең – жинақталған тәжірибені ғылыми негіздеуге әрекет) жүзеге асты;
- инновациялық мектептерде оқытуды бейіндік саралау бейін саны, бейін бағыттылығы, бейіндерді қалыптастыру және білім жүйелеріне кіріктірілуі бойынша жіктеледі;
- бейіндік оқытуды тиімді іске асыру үшін ұсынылған Қазақстан инновациялық мектептеріндегі оқытуды бейіндік саралау тәжірибесі негізінде жасалған, бейіндік оқытуды теориялық-әдіснамалық, құқықтық-нормативтік, ұйымдық-педагогикалық және ғылыми-әдістемелік қамтамасыз етуді көздейтін бейіндік оқытуды іске асыру моделі.
Зерттеу нәтижелерінің дәлелділігі зерттеу әдіснамасының қойылған проблемаға сәйкестігімен, зерттеу объектісінің, оның мазмұндық және процес-суалдық сипаттарының теориялық деңгейде жан-жақты қарастырылуымен, зерттеу объектісіне байланысты Қазақстанның әр аймағындағы инновациялық мектептердің жұмыс тәжірибелерінің талдануымен, оларды іс жүзінде қолдануға болатынымен және зерттеушінің осы бағыттағы практикалық жұмыс тәжірибесімен қамтамасыз етілді.
Зерттеу жұмысының теориялық қағидалары мен нәтижелерін байқаудан өткізу түрлі деңгейдегі ғылыми-практикалық конференцияларда (халықаралық – Қарағанды, Көкшетау-Тюмень, Жезқазған, Ақтөбе; республикалық – Қарағанды, Павлодар; аймақтық - Қарағанды) баяндама жасау, ғылыми журналдарда мақалалар жариялау («Қарағанды мемлекеттік университетінің хабаршысы», «Павлодар мемлекеттік университетінің хабаршысы» «Ізденіс», «Ұлт тағылымы») және Қарағанды облысының орта мектептерінде (Қарағанды қаласындағы №92 қазақ гимназиясы, №12 орта мектеп, Ақтоғай ауданының Күләш Байсейітова, Қазбек Нұржанов атындағы орта мектептерінде) дәрістер оқу мен семинарлар ұйымдастыру арқылы жүргізілді.
Диссертациялық зерттеу жұмысының көлемі мен құрылымы. 
Зерттеу жұмысы кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан және әдебиеттер көрсеткішінен тұрады.
Кіріспеде зерттеу тақырыбы негізделіп, зерттеудің ғылыми аппараты сипатталған: мақсаты, объектісі, тақырыбы, міндеттері, болжамы, әдіснамалық негізі, зерттеудің әдістері мен кезеңдері, оның ғылыми жаңалығын негіздеу, теориялық және тәжірибелік мәні, қорғауға ұсынылатын негізгі қағидалар, дәлелділігі, зерттеу жұмысының нәтижелерін байқаудан өткізу баяндалады.
«Инновациялық мектеп жағдайында қосымша білім бағдарламалары арқылы оқытуды бейіндік саралаудың теориялық негіздері» деп аталатын бірінші тарауда педагогика теориясы мен практикасындағы оқытуды бейіндік саралау генезисі, бейіндік саралау жүзеге асырылып отырған инновациялық мектептердің қалыптасуы мен дамуының алғышарттары және оқытуды бейіндік саралауды іске асырудың негізгі құралы ретіндегі қосымша білім бағдарламаларының орны сөз болады.
«1992 – 2005 жж. аралығында Қазақстан инновациялық мектептерінде қосымша білім бағдарламалары негізінде оқытуды бейіндік саралаудың мазмұны» атты екінші тарауда жалпы білім беру мазмұны және оны инновациялық мектептерде қосымша білім бағдарламалары арқылы саралаудың құқықтық-нормативтік шарттары, Қазақстан инновациялық мектептеріндегі оқытуды бейіндік саралауды қосымша білім бағдарламалары негізінде іске асырудың барысы және Қазақстан инновациялық мектептеріндегі оқытуды бейіндік саралау тәжірибесін бейіндік оқытуға көшу жағдайында пайдаланудың мүмкіндіктері қарастырылады.
Қорытындысында жалпы тұжырымдар жасалып, ғылыми негізделген ұсыныстар және бұл өзекті мәселенің болашақта зерттелу мүмкіндігі анықталған.

Негізгі бөлім

Бүгінгі күні біздің еліміздің ғалымдары алдында білім беру саласының даму жолын қайтадан, жаңа көзқарас тұрғысынан қарастыру міндеті тұр. Ғылыми-педагогикалық еңбектерде білім туралы сөз болғанда оқушылардың сұраныстарын, қызығушылықтарын ескеру, оқыту процесін әр бейінде, оқу материалын игердің түрлі топтарына негіздеп құру мәселелері көтеріледі. Мұның барлығы оқыту мақсатын оқушылардың мүмкіндіктері мен тілектеріне және қоғамның әлеуметтік, саяси-экономикалық сұранысын қанағаттандыруға сәйкестендіруден шығып отыр. Олар оқытуды саралаудың түрлі тұжырымдамаларында көрсетілген.
Қазіргі педагогика теориясы мен практикасында саралауға қатысты «саралай оқыту» «саралық тұрғыдан келу», «бейіндік саралау», т.б. ұғымдар кең тараған. «Саралау» сөзі латынша «differentia» - ерекшелеу, айырмашылық сөзінен шыққан, тұтасты бөліктерге, формаларға, сатыларға жіктеу, мүшелеу, айыруды білдіреді, олай болса саралау міндетін оқушыларды оқыту процесінде оқытудың басты мақсатына жету және әр оқушының ерекшеліктерін есепке алу болып табылатын әрекет ретінде түсіну керек.
«Саралай оқыту» ұғымына ғалымдар түрлі мағынада анықтамалар бергенмен, барлығының ортақ идеясы осыған саяды. 
Оқытуды саралауды педагог ғалымдар негізінен деңгейлік және бейіндік деп екіге бөліп қарастырады. Оқытуды бейіндік саралау оқушылардың әр түрлі топтарының материалдың мазмұны, көлемі, қарастырылатын мәселелері ерекшеленетін бағдарламалармен оқытылуын, сол сияқты оқытудың кәсіби бағдарлануын меңзейді. Бейіндік оқытудың бір түрі – оқушылардың пән бойынша білімінің деңгейін көтеретін, сол арқылы жоғары нәтижелерге жетуге мүмкіндік беретін пәндерді тереңдетіп оқыту. Бейіндік саралау мектептің жоғарғы сатысындағы фуркацияның демократиялық және кең формасы болып табылады.
Оқытуды бейіндік саралаудың генезисін ғылыми-теориялық талдау қай уақытта да оның педагогика ғылымындағы өзекті мәселелердің бірі болғанына көз жеткізді.
Сонымен, оқытуды бейіндік саралаудың теориялық негіздері болып педагогика теориясындағы саралап оқыту (И.Э.Унт, З.И.Калмыкова, А.А.Кирсанов, В.В.Фирсов, Ю.К.Бабанский, С.Д.Муканова, т.б.), тұлға дамуындағы даралау (С.Л.Рубинштейн, Б.Г.Ананьев, Ю.М.Орлов, И.Э.Унт, т.б.), білім беру мазмұнын қалыптастыру (Б.С.Гершунский, В.В.Краевский, В.С.Леднев, И.Я.Лернер, М.Н.Скаткин, М.Ж.Жадрина, Қ.Ж.Аганина, т.б.) концепциялары табылады.
Қазақстан мектептерінде оқытуды бейіндік саралау негізінен инновациялық мектептерде жүзеге асырылып келді. Елімізде оқытуды бейіндік саралаудың жүргізілу барысын толық түсіну үшін мектептердің осы типтерінің ерекшеліктерін, олардың жұмысының ғылыми-педагогикалық негізін қарастыру қажеттігі туындайды, себебі мәселені толық ашу үшін оның жүргізілу ортасын және жағдайын, яғни инновациялық мектептердің қалыптасуының ғылыми-педагогикалық негіздерін талдау керек болады.
ХХ ғасырдың 80-ші жылдарының соңынан бастап кеңестік білім жүйесінде мектептердің жаңа типтері пайда бола бастайды. Олар жалпы «жаңа типті мектептер», «инновациялық мектептер» деген атқа ие болды. Осындай мектептердің ең басты ерекшелігі – өз жұмыстарында жан-жақты, үйлесімді дамыған тұлға даярлау мақсатында педагогикалық инновацияларды кеңінен қолдану болғандықтан оларды «инновациялық» деп атауға толық негіз бар деп есептейміз. Себебі, ол мектептердің статусының өзі үнемі ізденіске, педагогикалық процесті жоғары деңгейде ұйымдастыруға итермелейді. Сонда «инновациялық мектеп» - үнемі ізденісте болатын, жаңа енгізулерді батыл және тиімді пайдаланатын, оқу-тәрбие процесінде ерекшелігі бар мектеп болып табылады. Сонымен, мектептің инновациялылығы деңгейінің онда жүретін процестердің инновациялылығымен анықталатынына, бұл инновациялық процестердің өзіндік құрылымы, заңдары мен принциптері болатынына көзіміз жетті. Мұндай сипаттамаға мектептердің салыстырмалы түрде жаңа типтері – гимназиялар мен лицейлер сәйкес келеді. Біз өз жұмысымызда «инновациялық мектептер» ұғымы аясында осындай мектептерді қарастыратын боламыз.  Қалыптасқан анықтамаларға сәйкес гимназия – негізгі және қосымша жалпы білім беру бағдарламаларын іске асыратын, оқушыларды олардың бейімділігі мен қабілетіне сәйкес тереңдетіп, салаға бөліп, саралап оқытуды көздейтін, жалпы орта білім беретін оқу орны болса, лицей - негізгі және қосымша жалпы білім беру бағдарламаларын іске асыратын, оқушыларды кәсіби бағдарлап оқытуды жүзеге асыратын жалпы білім беретін оқу орны болып табылады.
Инновациялық мектептердің басты артықшылықтарының бірі – оның оқу жоспарының оқушылардың қабілеттері мен бейімдеріне, сұраныстары мен қызығушылықтарына қарай сараланған білім беруге жан-жақты мүмкіндік беруінде. Міне, осы артықшылық негізінде еліміздің инновациялық мектептері оқытуды бейіндік саралауды іске асыра алып отыр. Бұл жерде оқытуды бейіндік саралаудың негізгі құралы – қосымша білім бағдарламалары болып табылады. Қосымша білім беру бағдарламалары азаматтардың, қоғамның, мемлекеттің білімге және мәдениетке деген қажеттіліктерін жан-жақты қанағаттандыру мақсатында іске асырылады. Қосымша білім беру бағдарламаларына тиісті мемлекеттік жалпы міндетті білім беру стандарттарынан тыс жалпы білім беру және кәсіби даярлық жүргізетін бірім беру ұйымдарында, қосымша білім беру ұйымдарында, жеке педагогикалық қызмет арқылы іске асырылатын әртүрлі бағыттағы білім беру бағдарламалары жатады.


Похожие материалы

Рахмет ретінде астында тұрған жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!

Категория: Қазақша курстық жұмыстар | Добавил: Admin
Просмотров: 1196 | Загрузок: 219 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]