Приветствую Вас Гость • Регистрация • Вход • RSS
Понедельник, 5.12.2016
Главная » Файлы » Курстық жұмыстар » Қазақша курстық жұмыстар [ Добавить материал ]

Қазақстанға жер аударылған халықтар (1946-1960)


Оқушылар,студенттер,мұғалімдер,сайт қолданушылары өз материалыңызбен бөліссеңіз қуанышты болатын едік!

[ Скачать с сервера (177.5Kb) ] 22.02.2014, 00:35
Тақырыптың өзектілігі. Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан бергі жылдар ішінде еліміздің кеңестік кезеңдегі тарихы туралы ақиқатты айтуға, оның әлі де толық зерттелмеген көлеңке беттерін ашу мүмкіндігіне қол жеткіздік.
Тәуелсіздіктен кейінгі уақыт ағымында үлкен бетбұрыс жасалып, демократиялық құқықтық зайырлы мемлекет құрылды. Бүгінде Қазақстан көп ұлтты мемлекет ретінде оны мекендейтін 130-дай халықтар мен ұлттардың өз отанына айналып отыр. 
Кеңестік жаппай қуғын-сүргін тарихы көптеген зерттеулерге арқау болды. Бірақ тұтас халықтарды жер аудару тарихын зерттеу әлі де терең ізденістерді талап етеді. ХХ ғасырдың 30-шы жылдары мен 50-ші жылдарының басы КСРО-да көптеген адамдарды, тіпті тұтастай халықтарды күштеп жер аударудың орын алған кезеңі еді. 
Тоталитарлық жүйе миллиондаған азаматтардың тағдырын қиды. Сол жылдары ұлттық мүддені қорғаған зиялыларды, қарапайым еңбек адамдарын жазықсыз қудаласа, кейіннен бұл саясат шекаралық аймақтағы тұтастай халықтарды туған жерінен айырып, басқа аймаққа күшпен жер аудартты. Оларды қоныстандырған жердің негізгі қатарында Қазақстан да бар болатын. Осындай аласапыран заманда Қазақстандағы демографиялық ахуалдың күрт төмендеуін жер аударылғандар толықтырды. 
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде гитлерлік әскер мен режимге жәрдемдесті деген сылтаумен Еділ бойындағы немістер, Солтүстік Кавказ, Қырым жағалауын мекендеуші біраз халықтар қудаланып, туған жерінен тыс, алыс жерлерге күшпен жер аударылды. Егер осындай адамдар немесе жеке бір топтар болған жағдайда тек соларға ғана заң жолымен шара қолданудың орнына кеңес үкіметі тұтастай халықтар мен этникалық топтарды жер аударды. Мұның өзі олардың соғыс жағдайында өздері аймақтарына әсерін тигізген ауыр да күрделі саяси мәселе болғандығы ақиқат.
Мемлекеттің кең көлемде жүргізген осы заңсыз шаралары бүгінгі күнге дейін толық зерттелмей келе жатқан мәселе. 
Кеңестік жүйе тұсында саяси қуғын-сүргін бірнеше сатыдан өтті. Ол патшалық Ресей тұсындағы Сібірге жер аудару, каторгаға жіберу сияқты тәжірибені ұтымды пайдаланды. 
Әуелде депортация бұрынғы жүйеге қызмет еткен жеке адамдарға, одан кейін БК(б)П қарсыластарына, онан соң тұтас ұлттарға жайылды. Сүйтіп сталиндік қуғын-сүргін жылдары орын алған саясат жер аударылғандарды ұлттық болмысынан, ділінен, мәдениетінен айырып, негізсіз кінә тақты, қатал жазалады. Бұл кеңестік ұлт саясатының заңдылықты сақтамауының айқын көрінісі болды. Бірінен соң бірі жарыққа шығып жатқан сол кездегі заң актілері күшпен жер аударылған халықтардың жан-жақты дамуына, келешегіне түбегейлі кедергі келтірді. 
Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында және соғыс жылдарында Қазақстанға жер аударылған корей, шешен, ингуш, түрік, болгар, Қырым татарлары және басқа халықтар мен этникалық топтар өкілдері соғыс кезінде және соғыстан кейінгі жылдары республика халық шаруашылығының барлық саласында еңбек етіп, оның өркендеуіне өз үлестерін қосты. 1957 ж. олардың елдеріне қайтуына, ұлттық-мемлекеттік құрылымдарының қалпына келтірілуіне байланысты КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлықтары мен КСРО үкіметінің қаулы-қарарларына қарамастан олардың негізгі бөлігі осында түпкілікті қалып қойды. Тек Кавказ түріктері, немістер мен Қырым татарларына еліне қайтуға жағдай жасалған жоқ. Бүгінде олардың бәрі Қазақстан Республикасының тең құқықты азаматтары. Олардың соғыстан кейінгі Қазақстанның экономикасы мен мәдениетін дамытуға қосқан үлесі арнайы зерттеуді қажет ететіндігі айқын. 
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Сталиндік қуғын-сүргін тарихының құрамдас бөлігі ретінде депортацияның күрделі мәселелерін зерттеу қазіргі отандық тарих ғылымының басты міндеттерінің бірі. Саяси қуғын-сүргін тарихы, халықтарды жазықсыз жер аудару мәселесі кеңестік кезеңде құпия сақталып келді. Бұл проблемалар туралы зерттеу жұмыстарын жүргізу түгілі оларды баспасөз бетінде атауға тыйым салынды. Тек ХХ ғ. 80-ші жылдарының соңында ғана КСРО көлеміндегі демократиялық процестердің нәтижесінде бұрын ақиқат тұрғысынан айтуға тыйым салынған тарихтағы «ақтаңдақтар» мәселесі көтеріле бастады. Солардың қатарында КСРО-ның бір аймағынан екінші жеріне күштеп жер аударылған халықтар мен олардың тағдыры туралы зерттеу жұмыстарын жүргізуге жол ашылды. Сөйтіп осы мәселеге байланысты бұрыннан құпия сақталған мұрағат құжаттары ашылып, араға 50-60 жыл салып барып кеңестік күштеп қоныс аудару саясатының орны толмас зардаптары туралы ғылыми конференцияларда баяндамалар жасалынып, алғашқы материалдар жарық көрді. 
Кеңестік биліктің халықтарды жер аудару туралы жоспарлары, олардың іске асырылуы, жер аударылған халықтардың қанқұйлы саясаттан күйреген тарихи атамекендері, тұрмыстық және құқықтық жағдайы жөнінде құжаттар легін алғаш рет Ресей ғалымдары Н.Ф. Бугай, В.Н. Земсков, А.М. Некрич жариялады [1]. 
Қазақстанның тәуелсіздік алуы тек қазақ халқы тарихының ақтаңдақ беттерін ғана ашып қойған жоқ. 1990 жылдан бері атамекендерінен қуылып, күштеп қоныс аударылған, бүгінде екінші отанында тұрақтап қалған басқа да ұлт өкілдерінің өткен тарихының көлеңкелі тұстарының шынайы беттері ашылды. Айтулы мәселеге орай еліміздегі жер аударылған халықтар тарихын жазуға үлес қосқан көрнекті ғалым, академик М.Қ. Қозыбаев болды [2]. 
Елімізге күштеп көшірілген халықтарды атамекендерінен жер аудару саясатының жасырын ұйымдастырылып, орындалу барысын қашан және қанша адамның Қазақстанға қалай орналасқанын, еңбек армиясына қатынасуын нақты деректермен талдау жасай отырып дәлелдеген Қ.С. Алдажұмановтың зерттеулерінің мазмұны мен маңызы тереңдігімен ерекшеленеді [3]. 
Ұлы Отан соғысының басталуы кеңестік немістердің қайғылы тағдырларының негізгі себебіне айналды. Қудалануы, кінәсіз айыптар тағылуы, олардың болашақтарына ауыр соққы болып тиді. Жалпы қудалаудың негізгі нысанасы болған немістердің тарихына орай А.Н. Кичихин, Г. Вормсбехер, Л.А. Бургарт, В.П. Емельянов, А.В. Фитц сияқты авторлардың еңбектері, құнды деректермен тарихнамаға қосылған үлес екені аян [4]. 
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде тылдағы халықтан құрылған жүйе – Еңбек армиясы. Ол әскерге жарамсыз ер азаматтардан, соғыс жағдайында еңбек ресурстары ретінде кеңінен тартылған жас-өспірім ұл-қыздар, әйелдер мен егде адамдардан жасақталған. Ал осы құрылымның негізгі күші ретінде оған жер аударылғандардың ең алдымен жіберілгені бұрын айтылмайтын. Соғыс жылдары ауыр, қара жұмыстарға мыңдаған жер аударылған азаматтар айдалып, соның ішінде әсіресе кеңестік немістердің оған міндетті түрде қатыстырылуы қадағаланды. Бұл соғыстан кейін де жалғасты. Еңбек армиясын зерттегендер жер аударылғандар туралы көптеген нақтылы мәліметтерді жарияласа, аталған мәселенің мазмұнын М.Қ. Қозыбаев, Қ.С. Алдажұманов, М.Т. Баймаханов т.б. құнды еңбектері аша түседі [5]. 
Кеңестік қуғын-сүргін науқанының Қазақстанға жер аударылған Қырым, Кавказ және Еділ бойы халықтарына қолдану тәсілі, қуғындалу себептері Т.Омарбеков еңбектерінде жан-жақты талданып, көптеген мәліметтермен салыстырыла отырып, нақты дәлелдермен мәселенің шынайылығын көрсетеді [6].
Қазақстанға күштеп көшірілген халықтардың бірі кәріс халқы екені белгілі. Жер аударылғаннан кейінгі кәрістердің Қазақстанның халық шарауашылығына атсалысуын және мәдени дамуын сипаттауға арналған Г.В. Кан, Г. Хан, Г.Н. Ким, Д. Мен сияқты ғалымдардың еңбектері бар [7].
Айтулы мәселеге байланысты Қазақстандағы тарихи демографиялық үрдістердің орны айрықша. Кеңестік тоталитарлық жүйе кезеңінде халықтың демографиялық құрамы өзгерістерге ұшырап отырды. Соғыс жылдарында және одан кейінгі кезеңде халықтардың лек-легімен республикамызға күштеп қоныстандырылуы, олардың тууы мен өлімі, шектеулері алынғаннан кейінгі атамекеніне оралу кезіндегі тарихи-демографиялық дамуы, олардың сандық, жыныстық көрсеткіші жөнінде ғылыми талдаулар жасалды. Бұл мәселе М.Х. Асылбеков пен А.Б. Галиевтің, А.Н. Алексеенконың, М. Тәтімовтің, Л.Т. Қожекееваның, М.Х. Асылбеков пен А.И. Құдайбергенованың бірлескен авторлықтағы зерттеулерінен көрініс тапты [8]. 
Тоталитарлық жүйенің тұсында арнайы жазалау орындары - еңбекпен түзеу колониялары үздіксіз жұмыс істеді. Түрлі себептермен тұтқындалғандар мен күштеп қоныс аударылған халықтардың «отанын сатқандар» ретінде лагерлерде, жазасын қалай өтегендігі туралы С.Д. Дильманов, Қ.С. Алдажұманов, Г. К. Бельгер, О. Дымов және т.б. еңбектерінде айтылады [ 9]. 
Қазақстанға жер аударылғандардың өмірі туралы деректер Т. Кульбаев, А. Хегайдың «Депортация» (Алматы, 2000) және А.Т. Орымбаевтың «Депортация чеченского и ингушского народов в Казахстан в годы Великой Отечественной войны и их положение в послевоенные годы» (Астана, 2006) атты еңбектерінен көрініс тапқан [10 ].
Зерттеліп отырған тақырыпқа тікелей қатысты күштеп қоныс аударылған халықтардың орналасқаннан кейінгі келген ортаға бейімделуі мен олардың келген жерлерінде жалпы еңбекке араласуы тарихын сипаттайтын кандидаттық диссертациялар бар. Батыс Қазақстанға күштеп қоныс аударылған халықтардың орналасу барысы және олардың сол аймақтарда соғыстан кейінгі атқарған жұмыстары, мұнай саласында еңбекке араласуы Ж. Қыдыралинаның «Депортированные народы в Казахстан» (А., 1999) монографиясында айтылған. Соғыстан кейінгі жылдары жер аударылып келген немістердің Қазақстанның ауылшаруашылығын қалпына келтіру, олардың тың және тыңайған жерлерді игеруге қатынасуы А.Н. Фризеннің кандидаттық диссертациясында тыңғылықты зерттелген. Сол сияқты М.Ч. Калыбекованың кандидаттық диссертациясында жер аударылғандардың Қазақстанға келуі, соғыстан кейінгі саяси-құқықтық жағдайы зерттелген. Алайда онда соғыстан кейінгі кезеңде олардың елдің экономикасын дамытуға қосқан елеулі еңбегі туралы мәселе айтылмаған [11]. 
Күштеп жер аударылған халықтар еңбек саласында ауыр жұмыстарда жүріп, қиын кезеңдерді басынан өткізді. Ол кезең соғыстан кейінгі жылдарда да жалғасты деуге болады. Бірақ олардың салада істеген еңбектері мен атқарған жұмыстары көбіне жалпы түрде баяндалады. Жоғарыдағы шолудан олардың ауыл шаруашылығында, өнеркәсіп пен транспорт саласында атқарған жұмыстары мен тұрмыстық жағдайлары мәселесін қарастырған еңбектер аз екен. 
1946-1960 жж. арасында жер аударылғандар қандай жағдайда болды, қалай еңбек етті деген мәселені сол халықтардың өздерінің өкілдерінің естеліктерінен білуге болады. Бұл туралы Д.В. Шабаевтың, Т.А. Курдаевтың, Х.Х. Боковтің, Н. Нәдіровтің естеліктері мол мағлұмат береді [12]. 
Тағдыр тауқыметімен көп ұлт қоныстанған Қазақстанда олардың өзара және жергілікті халықпен қарым-қатынасының ерекше маңызы бар. Олардың қалай еңбек еткенін, қиын-қыстау кезеңдерінде қол ұшын берген қазақ халқына деген ризашылықтарын Ж. Балапановтың, Г.К. Бельгердің, В.А. Ауманның, Ш. Жарылғановтың кітаптары мен мақалаларынан көруге болады [13]. 
Мұрағат құжаттарының ашылуына байланысты жер аударылған халықтардың соғыстан кейінгі жағдайын, республика халық шаруашылығының әр саласында қалай еңбек еткенін көрсететін құжатты жинақтар жарық көрді. Сонымен бірге Ресейден шыққан «Сборник законодательных и нормативных актов о реаблитации жертв политических репрессий» (М., 1993) және 2 томнан тұратын «История Российских немцев в документах (1763-1992 гг.) (М., 1993), «История Российских немцев в документах (1965-1992 гг.) (М., 1994) атты жинақтарда да жер аударылған халықтарға қатысты құқықтық құжаттар жарияланды [14]. 
Зерттеліп отырған мәселе көптеген ғылыми конференцияларда, «дөңгелек столдарда» және семинарларда талқыланды. Олардың ішінде «Әділет» қоғамының «Формирование общественного сознания: освоение идей демократического плюрализма и гражданского общества (новые аспекты)» (А., 1998) және «Депортация народов и преступление тоталитарного режима» (А., 1996) жинақтарын айтуға болады [15]. 
Тақырыптың тарихнамасы жер аударылғандардың соғыстан кейінгі кезеңдегі тарихы, олардың Қазақстанның халық шаруашылығын дамытудағы үлесі әлі де арнайы зерттелгенін көрсетеді. 
Зерттеудің деректік негіздері. Жұмыстың деректік негізін өзінің мақсаты мен міндеттеріне сай мұрағаттық құжаттар, баспасөз материалдары мен құқықтық актілері, түрік, шешен-ингуш, татар, азербайжан және тағы басқа да ұлттық-мәдени орталықтарының мұрағат қорларында сақталған деректер құрайды. Онда тоталитарлық жүйеде қабылданған актілер, анықтамалар мен бұйрықтар, Ішкі Істер Министрлігі (НКВД, МВД), және басқа да ресми мекемелердің арнаулы мұрағаттарының құжаттары да бар. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің (ҚР ПМ)-708 қорының (ҚКП Орталық комитеті), Қазақстан Республикасының Орталық Мемлекеттік мұрағатының (ҚР ОММ) 1137-қорының (Қазақ КСР Министрлер кеңесі), 1987-қорының, 1928-қордан (Қазақ республикасының банкінің ауылшаруашылығы құрылысына несие беру кеңесі), 1488-қорының (Қазақ КСР Жеңіл өнеркәсіп министрлігі) жер аударылғандарға үй құрылысына, тұрмысына қаражат бөлу, жәрдем ету туралы құжаттары мен деректері де жұмысқа арқау болды. Сонымен бірге Қазақстан Республикасы Алматы облысының Мемлекеттік мұрағатының (ҚР АОММ) – 685-қорындағы (Облыстық атқару комитет), 1881-қорындағы (Қоныс аударту бөлімі), Қазақстан Республикасының Бас прокуратура жанындағы құқықтық статистика және ақпарат орталығының мұрағатының бұрын айрықша құпия 16-қорындағы деректер де алынды. Қазақ КСР Ішкі істер министрлігі мұрағатындағы 13-қорда (Распоряжения и приказания МВД СССР, Директивы МВД СССР, копии совершенно секретных приказов НКВД-МВД СССР) сақталған деректік құжаттарда қолданылды. 
Аталмыш қорларда кеңес кезеңіндегі жазалау саясатының басты жоспарларынан хабар беретін және жер аударылған халықтарға қатысты соғыстан кейінгі жылдарға байланысты құпия сақталған құқықтық құжаттар, жоғарғы билік қабылдаған бұйрықтар, қаулылар мен шешімдер, олардың құқықтық, тұрмыстық-материалдық жағдайына байланысты деректер сақтаған. 
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Қазақстанға жер аударылған халықтардың соғыстан кейінгі жылдардағы Республиканың халық шаруашылығын қалпына келтіріп, дамытуға қосқан үлесі отандық тарих ғылымында аз зерттелген мәселелердің бірі. Сондықтан жұмыстың осындай өзектілігі мен практикалық маңыздылығын ескере отырып алға қойылған мақсатты жүзеге асыру барысында мынадай міндеттерді шешу қажеттілігі туындайды:
- Қазақстанға жер аударылған халықтардың орналасуы;
- жер аударылған халықтардың материалдық-тұрмыстық жағдайы;
- жер аударылған халықтардың соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіруге қатынасуы;
- ауылшаруашылығын өркендетуге қатысуы;
- өнеркәсп пен транспортты дамытуға қосқан үлесі;
-жер аударылған халықтардың білім алуы мен мәдени дамуы;
- жер аударылғандардың құқықтық жағдайы және оны қалпына келтіру;
-жер аударылған халықтардың ұлттық - мемлекеттік құрылымдарының қалпына келтірілгеннен кейінгі Қазақстанда тұрақтап қалуы.
Зерттеу жұмысының методологиясы. Зерттеу жұмысының методологиялық әдістерін тарихи даму үрдісінің қазіргі тұжырымдарына, кеңестік кезең тарихын зерттеудегі отандық және шетелдік тарихнама жетістіктеріне негізделеді. Саяси және әлеуметтік-экономикалық үрдістер мен құбылыстарды ғылыми тұрғыда талдауда салыстырмалы сараптау әдісі қолданылып, оқиғалардың шынайы объективті тұрғыдан баяндауына мән берілді. 
Кеңестік биліктің қасаң қағидаларынан арылу барысында тарихымызды саралауға жаңа мүмкіндіктер берілгені мәлім. Сондықтан мәселені зерттеуде уақыт сауабынан өткен, қоғамның дамуындағы қайшылықтар мен құбылыстарды айқындауда танымдық ролі бар еңбектерге ерекше көңіл бөлінді. Сонымен қатар зерттеу барысында тарихилық және жүйелеу тәсілдері қолданылды. Деректер көздері, ресми, органдардың ресми құжаттары сараптау, арқылы пайдаланылды. 
Сондай-ақ зерттеу барысында кеңестік қуғын-сүргін саясаты тәуелсіздік тұрғысынан талданып, бүгінгі Қазақстанды мекендеуші, жарасымдық пен бірлік тұрғысынан баяндалды.
Диссертацияның хронологиялық шеңберіне қуғынға ұшырап, Қазақстанға жер аударылған халықтардың соғыстан кейінгі (1946-1960 жылдар) кезеңіндегі тарихы алынды.
Зерттеу нысанына Қазақстанға жер аударылған неміс, корей, шешен, ингуш, қарашай, қалмақ, әзірбайжан, күрд, түрік, хемшілі, және басқа халықтардың соғыстан кейінгі жылдарда Қазақстан Республикасының халық шаруашылығын қалпына келтіріп, өркендетудегі еңбек еткен аймақтары алынды. 
Диссертацияның ғылыми жаңалығы. Зерттеу жұмысында Қазақстан бойынша жер аударылған халықтардың халық шаруашылығын қалпына келтіріп, дамытуға қосқан үлесі нақты деректермен зерттелді. Бұл мәселе бойынша тың мұрағат құжаттары арқылы жаңалық ретінде мынандай мәселелер қарастырылады: 
Қазақстанға жер аударылған халықтардың соғыстан кейін арзан жұмысшы қолы ретінде бір жерден екінші жерге көшірілуі, орталық аудандардан, темір жол станцияларынан алыс аудандарға қоныс аударылуы; жер аударылғандардың құқықтық, материалдық-тұрмыстық жағдайлары; білім алу мәселесіндегі шеêòåóлер; жер аударылған халықтардың ауыл шаруашылығын өркендетуге, өнеркәсіп пен транспортты дамытуға қосқан үлесі зерттелді. 
Диссертацияның ғылыми жаңалығына депортацияның барлық субъективті және объективті себептері, мұнда келгендердің екінші отанында жаңа ортаға бейімделуі және шектеулері алынғаннан кейін де осында тұрақтап қалуы, екінші Отаны Қазақстанда салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын сақтауға жағдай жасау жатады. Қазақстанға жер аударылған халықтардың соғыстан кейінгі экономиканы өркендету барысында адал еңбектерімен көзге түсіп, жергілікті тұрғындармен тату, тығыз байланыстар болуын айқындау да маңызды. 
Зерттеу жұмысының қорғауға ұсынылатын тұжырымдары. 
- Республиканың Қазақстанға жер аударылған халықтардың халық шаруашылығын қалпына келтіріп, дамытуға қосқан үлесін айқындайу; 
- олардың соғыстан кейінгі саяси-құқықтық шектеу жағдайында халық шаруашылығының нақты салаларындағы еңбектеріне ғылыми тұрғыдан талдау;
- жер аударылғандардың құықтық шектеулері алынған соң зерттеліп отырған кезеңдегі олардың білім мен мәдениет саласындағы даму үрдісінің ахуалын айқындау;
- қоғамдық-саяси істерге қатысуын мұрағат құжаттары арқылы көрсету;
Диссертацияның практикалық маңызы. Қазақстанға жер аударылған халықтардың соғыстан кейінгі жағдайы мен тарихына байланысты зерттеу нәтижелерімен тұжырымдарын ұлтаралық қатынастарға байланысты еңбектерде, практикалық жұмыстарда пайдалануға болады. Диссертациялық жұмысты тарихи зерттеулерге, жоғарғы оқу орындарындағы дәрістерге, тарих факультеттерінің арнайы курстарында қолдануға болады. Сонымен бірге диссертация материалдарын отаншылдық рух жолындағы сұхбаттарда қолданудың да маңызы бар.
Зерттеу жұмысының сыннан өтуі. Ғылыми зерттеу жұмысына өзек болған мәселелер ғылыми басылымдар арқылы мақалалар түрінде және ғылыми конференцияларда баяндамалар жасау нәтижесінде көпшілік назарына ұсынылды. Диссертация ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Кеңес дәуіріндегі Қазақстан тарихы бөлімінде орындалып, бөлім мәжілісінде талқылаудан өтіп, қорғауға ұсынылды.
Диссертацияның құрылымы кіріспеден, үш бөлімнен, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

ЖҰМЫСТЫҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ

Жұмыстың «Кіріспе» бөлімінде зерттеу тақырыбының өзектілігі негізделіп, мақсаттары мен міндеттері, әдістемелік негізі, ғылыми жаңалығы мен қолданбалы маңызы айқындалып, мәселенің зерттелу дәрежесіне талдау жасалады және пайдаланылған деректерге сипаттама беріледі.
Зерттеудің «Қазақстанға жер аударылған халықтардың Ұлы Отан соғысынан кейінгі жағдайы» деп аталатын бірінші тарауда Қазақстанға күштеп жер аударылған халықтардың орналасу барысы мен олардың материалдық - тұрмыстық жағдайы қарастырылады. 
1946 ж. КСРО-да жалпы жер аударылғандар саны 2 463 940 адамға жетті (ал басқа деректерде 2 826 419 адам). Олардың Қазақстан Республикасына жалпы жер аударылғаны 1 млн. 200 мың адам болды. 
Алайда олардың келген кездегі әр ай сайын тіркеліп отырған құжаттарында жаңадан қосылғандар мен басқа жерге ауыстырылғандар, туылғандар мен өлгендер, әскерден және әскери ауруханадан оралғандар, ажырап қалған отбасылардың қайта қосылуы, отбасыларын екіге бөлу сияқты өзгерістерге байланысты нақты санын тура айту да қиын. 
1947 ж. 1 қаңтардағы есеп бойынша қоныстанғандарды ұлтына қарай бөлсек, шешен-ингуш 88 650 отбасы (341 328 адам), балқарлар 5175 отбасы (18 327адам), қарашайлар отбасы 10090 отбасы (37485 адам), немістер 101314 отбасы (325 662), қалмақтар 781 отбасы (2031 адам), Грузиядан келгендер 6696 отбасы (27 546 адам), Қырым татарлары 1 424 отбасы (4 039 адам), жалпы саны 255 170 отбасы (894 687 адам) тіркелінген.
1948 жылдың 1 қаңтарында Қазақстанға күштеп қоныс аударылғандардан жалпы саны 781 170 адам тіркелінген. Олар ұлтына қарай былай бөлінді: шешен-ингуштер - 87 860 отбасы (338 238 адам), қарашайлар 10 013 отбасы (37 019 адам), балқарларда - 5 164 отбасы (18 142 адам), немістер 101 479 отбасы (343 998 адам), қалмақтардан - 809 отбасы (2 137 адам), Грузиядан келгендерден құрамында - 6 767 отбасы (27 210 адам), Қырымнан - 1 549 отбасы (4 574 адам) болса, 1949 ж. республикада арнайы жер аударылғандардан - 250 428 отбасы (892 671 адам) тіркелінді. Олардың ішінде шешен-ингуштер – 78 995 отбасы (299 170 адам), немістер- 123 113 отбасы (410 268 адам), гректер 371 108 адам, қарашайлар – 9 067 отбасы (33 754 адам), балқарлар – 4 772 отбасы (17 558 адам), поляктар - 32 652 адам, қалмақтар – 765 отбасы (2 265 адам), Грузиядан келгендер – (29 699 адам), Қырымнан келген 1 937 отбасы (5858 адам) тіркелінген [16]. 
Сонда 1949 жылы қазақ жеріне күштеп қоныс аударылған халықтардың 36 % орналастырылса, бұл Орта Азияның барлық республикаларынан екі есе, ал Батыс және Шығыс Сібірден 6 % көп, яғни республикамызда әрбір 10 адамның 4-і күштеп көшірілген 51 ұлттың өкілдері болды. Оның үстінен күштеп көшірілген халықтардың көбі Қазақстанға жөнелтіліп отырған. 1949 жылы Қызылорда, Талдықорған, Алматы облыстарына 45400 адам жер аударылғандар жіберіледі деп хабарланып, жеткізілгендер саны 57 154 адам, яғни 11 714 адам артығымен жіберілген. Осындай себептерден келе жатқан адамдарға ғана дайындаған тұрмыстық (баспана, азық-түлік) керек-жарақтар жетпей жатты. 
Соғыстан кейінгі жылдары, соғыс кезіндегі Еңбек армиясы болмаса да, арзан және міндетті еңбек күші ретінде жер ауып келгендер басқа да осы сияқты адамдармен қатар бұрынғыша халық шаруашылығына мобилизациямен тартылатын болды. 
Сол кездің өзінде-ақ олардың көпшілігін қоныстанған орындарынан қашуын тоқтату үшін республика ішінде қалалардан, аудан орталықтарынан және темір жол станциялары аймақтарынан алыс жатқан мал совхоздары мен колхоздарға бос жатқан жаңа жерлерді игеруге пайдаланып бұл ішкі қоныс аудару «науқаны» әлденеше рет жүргізілді. Бұндай әрекеттерден шығындар да көбейді. Мысалы, 1950 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының игерілетін суармалы жерлерінде колхозшылды көбейту керек болды. Осының нәтижесінде бетпақ даланы игеруге 3 мың жер аударылғандар үгіттеліп жіберілді. Жағдайларының жақсаратына сенген олар көшуге келісім берді. Бірақ оларға жаңа жерлерде де жер аударылғандар екенін білдіретін құжаттарын өзгертуге құқы болмады. Барған жерлерде де олардың материалдық-тұрмыстық жағдайлары төмен болды. Өйткені иесіз далаға тез арада баспана, мектеп, аурухана сала қою оңайға түспеді. Олардың тұратын жерлері жертөлелер, қамыстан салынған үйлер немесе бір баспанаға бірнеше отбасылары тұратын барақтар еді. Кері қайтуға жол алыс, қаражат болмады және кетуге рұхсат та болған жоқ. 
Олардың орналасқан жерлерінде өткізілген заттары қайтарылып, үйлері жоқ қоныс аударылғандарға өкімет тарапынан үй-жай бөлінеді делінді. Бірақ соғыстан кейінгі тұралаған уақытта бұл жағдайлар орындалмады, керісінше оларға жергілікті халықтар көмектерін аяған жоқ.
Күштеп қоныс аударылғандардың өмірін, тұрмыс-тіршілігін реттейтін арнаулы жеке құқықтық актілері мен нормалары болды. Мысалы, 1945 ж. 8 қаңтардағы бір қаулыда «Әдейі қоныс аударылғандар Кеңес Одағы азаматтары сияқты барлық жағдайларды пайдалана алады» - делінді. Бірақ бұл сөз жүзінде қоныс аударылғандардың өмірінде көптеген өзгешеліктер болды. Олар бақылаушы коменданттың рұхсатынсыз елді мекеннен ешқайда шыға алмайтын болды. Жер аударылғандардың тұрмыстық-тіршілігін жаңа қоныстанған жерлерінде халық комитетінің ішкі істерінің арнайы комендатуралары бақылауға алып, тәртіп бойынша жиі-жиі тексеріп отыруды әдетке айналдырды. Әрбір өзім білерлік тез арада ашылып отырды. Әрбір заң бұзушылық тез арада ашылды.
Қоныс аударылғандар үш күн мерзім ішінде отбасындағы өзгерістерді баланың тууы, өлім, кеткен адамдар, ажырап қалған туысқандарымен табысу, емделу, тұрағының және жұмыс орнының ауысуы жайлы тағы басқа деректерді үнемі комендатураға хабарлауға тиіс болды. Олар өздері тұрған жерлеріндегі тәртіпке, күнделікті істелінетін істерге көңіл бөліп, қатаң бақылауға бағынулары керектін, өйтпеген жағдайда тәртіп бұзушы ретінде 100 сомға дейін айыппұл төлеп, 5 күнге дейін қамауға алынды.
Жаңа жердің жағдайына, құқықтық ережелерге наразы болып, тұруға белгіленген елді мекендерді өз беттерінше тастап кеткен, немесе қашқан адамдар ұсталып, қатаң қылмыстық жазаға тартылып отырды. Мұндай адамдар бас бостандығынан айырылып, ауыр жұмыстарға жіберілді. 
Осындай заң режимі олардың тұрмыс жағдайларын ауырлата түсті. Оларды отанын сатқандар немесе халық жаулары ретінде қарап жекелеген басшы қызметкерлер әртүрлі сылтаулармен жұмысқа алмауға, жәрдем бермеуге тырысты. Кейде жұмыстың жоқтығынан күнделікті тіршіліктегі хал-ахуалдары нашар болды. Тұрмыстағы мұндай келеңсіздіктер олардың жаппай ауруларына себеп болды, қашу оқиғалары да көптеп етек алды. 
Арнайы жер аударылғандар үшін жеке құқықтық мәні бар заң актілері мен нормалары қатаң сақталып, ал керісінше олардың материалдық мұң-мұқтажына байланысты мәселелер толық шешімін тапқан жоқ. Соғыстан кейінгі шаруашылық күйзелісі, жалпы экономикалық қиындықтар барлық халыққа ауыр тигені мәлім. Сондықтан жер аударылғандарды орналастыру немесе республика көлемінде басқа жерге көшіру қосымша материалдық шығындарға әкеліп соқты. 
Дегенмен, жер аударылған халықтардың тұрмыс-тіршіліктерінде әртүрлі кедергілер мен келеңсіздіктер қысылтаяң уақытта жергілікті тұрғындардың да ауыр кезеңдердегі тұрмысына орайласып келіп тұрды. Себебі бұл күштеп қоныс аударылып келген халықтарға жасалынып отырған азын-аулақ болса да көмектерді тұрғылықты халықтың аузынан жырып берумен бірдей болды. Алайда ауыр болса да елімізде мемлекет тарапынан да олардың тұрмыс-тіршіліктеріне, мүмкіндігінше материалдық қолдау (мал, үй-жай, азық-түлік, киім-кешек) көрсетіліп тұрды. Дегенмен соғыстан кейінгі қиыншылық пен тапшылықты бүкілхалық басынан өткерген еді. 
Диссертацияның «Жер аударылған халықтардың 1946-1960 жылдарда халық шаруашылығын өркендетуге қосқан үлесі» атты екінші тарауда соғыстан кейінгі тұралаған халық шаруашылығын қалпына келтіру мен олардың осы кезеңдегі тарихы байланыстырыла қарастырылды. Соғыс кезіндегі қорғаныс өндірістеріне, жаңадан салынған теміржол құрылысына, тау-кен өндірісіне шұғыл жасақталған жүйе - Еңбек армиясы еді. Еңбек армиясының құрамында мыңдаған адамдар жіберілді. Ондағыларға жұмыстың ауырлығына қарамай кез-келген нормалар беріліп, олардан соны орындау талап етілді. Жер аударылған халықтардың ішінде әсіресе немістерге деген сенімсіздік күшті болды. Олар лагерлік типтегі Еңбек армиясының барлық этаптарынан өтті. Бұндағы жұмыстарға неміс ер азаматтарының 15-55 жас аралығындағы және неміс әйелдерінің 16-дан 45 жасқа дейінгілері тартылды. Еңбек армиясы 1946 жылдың соңына дейін ұйымдасқан түрде жасырын жұмыс істеді. 1946 ж. кейін Еңбек армиясы лагерлері мен колониалары таратылып, ондағылар күнделікті өмір статусына ауыстырылды. Алайда еңбек резервтерінің мобилизациялық жоспары бойынша 16 жастағылардан жоғарғылар ФЗО (ФЗУ) арқылы жұмысшы мамандықтарын алып, міндетті түрде жұмысқа жіберіліп отырды.
Ендігі жерде оларды кейінгі жұмыстарға пайдалану әдістері халық шаруашылығындағы әрқилы еңбек түрлерімен жалғасты. Кеңес Одағы Министрлер кеңесінің 1946 ж. 9 шілдедегі №1480-650 қаулысымен «Халық шаруашылығын қалпына келтіру және өркендету туралы» мемлекеттік жоспар бойынша бұл жұмысқа жер аударылғандардан бірінші кезекте тартылды. 
Дегенмен олардың міндетті еңбек саласы халық шаруашылығын қалпына келтіру кезеңіне дәл келгенімен жер аударылған халықтарды алғашында еңбекке пайдалануда жұмысшылар мен басқарамалар арасында әртүрлі қақтығыстар да кездесіп тұрды. Мысалы, 1946 ж. Зырянов кен басқармасында өндіріс жоспарының қысқаруына байланысты жұмыстан бірінші кезекте жер аударылғандар шығарылған. Мамандықтары барлары мен ерекше цехтарда істейтін 178 адам жұмыссыз қалдырылды. Мұндай жағдайдан кейін олардың жағдайлары күрт төмендеп кетті. Кейіннен олар басқа жерге көшірілді.
Қанша ауыр жұмыс, жағдайдың нашарлығына қарамастан жер аударылғандар арасында өз жұмыстарын жауапкершілікпен атқарып, бригадаларымен жақсы көрсеткіштерге жеткендер де аз емес. Осылай елдің экономикалық қуатын арттыру үшін бар күш-жігерімен аянбай еңбек еткен ел тұрғындарымен қоса жер аударылғандар да оған барынша атсалысты. Олар Қарағанды шахталарында (неміс, шешен, ингуш, корей, грек, болгар т.б. халықтардың өкілдері), Ақтөбе ферросплавл заводында, Ақтөбе химия комбинатында, Шығыс Қазақстандағы зауыттар мен рудниктерде, Шымкент қорғасын және цемент зайыттарында, темір жол транспорты мен оның жаңадан салынып жатқан линияларында, Петропавл, Қостанай, Орал, Жамбыл, Алматы, кәсіпорындарда, мұнай кәсіпшіліктерінде, тағы басқа да өндіріс салаларында еңбек етті. Жер аударылған Кавказ халықтары жеңіл өнеркәсіп саласында да көп болды. Мысалы, Қостанайдағы №185 «Большевичка» тігін фабрикасында, Семей тері комбинатында, былғары фабрикасында, былғары аяқ киім жасау тресінде, Алматы фурнитур зауытында, Жамбыл «Соскопедзауытында», жұмыс істеді. Оларға берілген жұмыстар көбінесе аяқ киім тігіншісі, шатмпшы, күзетші, еден жуушы, мал бағушы т.б. болды. 
Халық шаруашылығын өркендетуге байланысты жер аударылғандарды колхоз, совхоз және кәсіпорын жұмыстарына пайдалану, кең түрде жүргізілді. Оларды тұрақты тұрғын үймен және өз уақытында еңбек ақысымен қамтамасыз ету қиын болды. Олар жаппай қажет мамандық алу үшін оқытуға да жіберілді. Кейіннен олардың ішінен кәсіпорындардағы жұмыстарын, яғни мамандықтарын жақсы меңгергендерді білімдерін көтеруге мүмкіндік алды. Инженер, агроном мамандықтары бойынша жұмыс істегендер де болды. 
Біртіндеп халық шаруашылығында жұмысқа араласу көрсеткіші өсті. 1949 ж. жер аударылған халықтардың халық шаруашылығында жұмысқа араласудағы жалпы көрсеткіші былай болды: ауыл шаруашылығында 546 555 адам, оның ішінде совхоздарда 80 238 адам жұмыс істесе, көмір өнеркәсібінде 161 388 адам, орман және қағаз өнеркәсібінде 117 953 адам, жергілікті өнеркәсіптерде 59 001 адам еңбекке тартылды. Металлургиялық өнеркәсіптерінде 37 575 адам, алтын өндіретін өнеркәсіптер мен т.б. кәсіпорындарда, СССР ІІМ құрылыстарында 99 872 адам, мұнай өнеркәсібінде 23 048 адам, тамақ өнеркәсібінде 21 095 адам, теміржол құрылыстарында 20 506 адам, ауыр индустиялық кәсіпорындар құрылысында 19 509 адам, жеңіл өнеркәсіп саласында 18 236 адам, машина жасау кәсіпорындарында 5 495 адам, балық өнеркәсібінде 12 486 адам, сауда мекемелерінде 8 201 адам, құрылыс материалдар өнеркәсібінде 10 955 адам, химия өнеркәсібінде 7 446 адам, халық шаруашылығының басқа салаларында 102 683 адам жұмыс істеді. Сөйтіп соғыстан кейін де халық шаруашылығының барлық салаларында күшпен қоныс аударылған халықтардан 1 282 004 адам еңбекке жұмылдырылды. 
Соғыстан кейінгі жылдары барлық күш жігер негізінен өнеркәсіп саласын дамытуға жұмсалып, ауыл шаруашылығы едәуір артта қалып қойды. Кәсіпорындар мен мекемелерде белгілі уақыттық жұмыс тәртіптері енгізіліп, қосымша демалыс уақыттары белгіленсе, ауыл шаруашылығындағылар үшін бұл мәселе назардан тыс қалып отырды. Оған себеп ауыл шаруашылығында техниканың жетіспеуі еңбек ресурстарының да жеткіліксіз екенін көрсетті. Ауыр жұмыстар қол еңбегімен орындалды. Барлық өнім мемлекетке өткізілді. Бұл республикамыздағы тұрғын халықтарды күнделікті азық-түлік өнімдерімен, қамтамасыз етуге әсер етті. Жер аударылғандар Қазақстанда тауар өнімдері мен азық-түліктің тапшылығын қиындатқаны аян. Соғыстан кейінгі жылдары соғыс салып кеткен қиыншылықтарына қарамастан Қазақстанның тұрғылықты халқы күштеп қоныстандырылғандарға барынша көмек көрсетті. Алыс орналасқан колхоздар мен совхоздардағы ұйымдастыру істері дұрыс жүргізілмеді. Мал шаруашылығында жем-шөптің жетіспеуі, оны дайындауға мүмкіндік болмай, мал шығынына әкеп соқтырды. Бұл жағдай 50-жылдардың басына дейін созылды.
Соғыстың аяқталғанына біраз уақыт болса да ауыл шаруашылығы халықты азық-түлік өнімдерімен, өнеркәсіп шикізаттармен әлі де болса қамтамасыз ете алмады. Халық шаруашылығында, оның ішінде ауылдық әлеуметтік-мәдени ісін өркендету барысында біршама қиындықтармен қатар келеңсіз кедергілер де болып отырды. Бұны шешу қаржы мәселесіне келіп тірелді. Ал жер аударылған халықтардың негізгі бөлігі ауылдық жерлерге қоныстандырылғаны белгілі. Олардың колхоздарға орналастырылғандары көбінесе егіс жинауға, дәнді-дақылдарды, мақта, темекі егістігі күтіміне, мал шаруашылығында және басқа салада жұмыс істеді. 
Десекте халық тұрмыстық қиыншылықтарды көтере білді. 50-ші жылдардың басында ұсақ колхоздарды біріктіріп, ірілендіру іске асырылғаны мәлім. Сонымен қатар 1950 жылдың орта шенінде Қазақстан Республикасында тың игеруге байланысты тұрғын үй, мәдени-тұрмыстық және мал шаруашылығы құрылыстарын салу ұлғайтылды. Осындай игі істерге жергілікті халықтармен бірге ауыл-селолық жерлерге орналастырылған жер аударылғандар да белсене араласты. Ауыл шаруашылығының алдында тұрған міндеттерді табыспен орындау мемлекеттік саясатқа еңбек адамдарына, ауыл мен селоны қамтамасыз ететін өнеркәсіпке, бүкіл сондағы инфроқұрылымға байланысты еді. Соғыстан кейін мемлекет тұңғыш рет ауыл шаруашылығына басты назар аударып, халықты ынталандыруға, тұрмысына, рухани және мәдени сұраныстарын қамтамасыз етуге көңіл бөлді. Сөйтіп ауыл шаруашылығындағы еңбеккерлердің табыстары ескеріліп, тұрмыстары түзеле бастады, еңбекке деген ынталары өсті. Жергілікті кеңестердің ауыл және село тұрғындарымен бірге ұйымдастыру жұмыстарында халықтың білім алуы, денсаулық сақтау, сауда, мәдениет және тұрмыс, жол құрылысы оған ауыл тұрғындарының бірауыздан атсалысуы талап етілді. Сондай-ақ МТС жұмыстары жандандырылып, техникалық қажеттіктер, мал шаруашылығына, егін шаруашылығына машиналар бөлініп берілді. 
Сөйтіп ауыл шаруашылығын дамыту шаралары іске асырылды. Жұмысшылардың жалақылары өсіп қана қоймай, қосымша еңбек ақы енгізілуі ауыл шаруашылығындағы жетістіктердің көбеюіне септігін тигізді. Себебі жұмысшылардың еңбекақысының өсуі олардың ауыл шаруашылығындағы кіріс көлемінің мөлшеріне байланысты болды. 
Ауыл шаруашылығының материалдық-техникалық базасының нығаюы, ондағы әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің дамуы, өңдеуші өнеркәсіптің дамуына, олардың өзара байланысуына жағдай жасады. Ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп өндірісінің осындай байланысын орнықтыратын совхоз, колхоздар мен зауыттар, мал фермалары мен фабрикалардың әсері күшті болды. Совхоздар мен зауыттардың байланысы ауыл шаруашылығы өндірісімен, оның өнімдерін өнеркәсіптің өңдеуімен өздерінің тиімділігін арттырды. 
Жер аударылып келген халықтардың қоныстанған жерлерінде алғашында ауыл шаруашылығында еңбекке араласу төмен болды. Оған себеп өз атамекендерінде қызмет атқарған немесе ауыл шаруашылығына араласып көрмеген, басқа жұмыстарда істеген адамдар колхоз, совхоздардың ауыр жұмыстарына бой ұсына бермеді.
Сондай-ақ, бірнеше адам істейтін жұмысты, жұмысшы күшінің жетіспеуінен бір адамның атқаруы, яғни ауыл шаруашылығына берілген техникалардың жеткіліксіздігінен ауыр жұмыстарды қол күшімен орындау да қиынға соқтырды. Мысалы, 1951 жылдың 1 қаңтарында Алматы ауданында құрамында 8332 шаруашылығы бар 14 ірі колхоз болды. Ондағы жұмыс істейтін 13 111 адам, ал ауданның жалпы егіс көлемі 157 332 гектарды құрады. Сонда 1 жұмысшыға шаққанда 12 гектар жерден келетін еді. Мұндағы жер аударылған халықтардың еңбектері көбінесе егістік жерлерде жүргендіктен орташа есеппен 1 жұмысшыға 2 гектар жерде жұмыс істеуі жүктелді [17]. 
Сонымен қатар ауыл шаруашылығының әр саласына бұрынғы бөлінген қаржылардың тиімді жұмсалмауындағы кемшіліктерге назар аударылып, болашақта жұмсалатын және жетпей жатқан қаржының орнын толтыру мәселелерін де ұқарастырылды. Мысалы, бұрындары 3-4 жылдың аралығында 500-600 мың шары метр жерге тұрғын үй салынып келсе, енді 3-4 жыл аралығында, 3 миллион 200 мың шаршы метрге тұрғын үйлер салынды. Бұл халықтың әл-ауқатының түзеле бастағанның да белгісі еді.
Ауыл шаруашылығында жер аударылғандар арасында жұмыстар жандана түсті. Үй құрылыстары көбейіп, ауылдық жерлерге адамдар тұрақтай бастады. Күштеп қоныстандырылған халықтар арасында ауыл шаруашылығының жұмыстарына белсене араласу байқалды. Мәселен, облысына аудандарына қоныстанған 1 721 жер аударылған халықтардан 1 300 адам мал шаруашылығы мен егін шаруашылығында жұмыс істеген болса, Қостанай облысында 44 072 жер аударылған адамдардың 19 289-ы колхоздарда, 9 336-ы совхоздарда жұмыс істеді. Павлодар облысында жер аударылған адамдардан 1955 жылы 25 қаңтар көрсеткішінде колхоздарда 14 361 адам, МТС–тарда 2 254 адам, совхоздарда 6086 адам еңбек етті. Бұл көрсеткіш бірітіндеп көбейе түсті. Мысалы сол жылдың екінші жартысында осы облыста жер аударылғандар 14 580 адамға көбейген, яғни 219 адам келіп қосылған. МТС-терде 2854 адамға өсіп 600 адам қосылса, ал совхоздардағы 6 480 адамға қосымша тағы да 394 адам еңбек еткен. 
Жер ауып келгендер әр түрлі жұмыстарын адал атқарып, өз еңбектерінің шебері бола білді. Мысалы жер аударылған кәрістер негізгі кәсіптері - күріш өсіруді келген жерлелінде іске асырып, жергілікті халықпен өз тәжіибелерін бөлісе білсе, ал мал бағу існде жергілікті халықтан тәжірибе жинақтады. Мысалы, кәріс ұлтының өкілі Ким Ман Сам күріш өсіру шеберлігін Ыбырай Жақаевпен бөлісіп, олар күріш өсіруде рекордттық көрсеткіштермен танылды. Кейіннен Қызылорда облысы Шиелі ауданының «Авангард» колхозы КСРО-да алдыңғы қатардағы шаруашылыққа айналда. Оның төрағасы Ким Хон Бин бастаған 12 адам 50-жылдары Социалистік Еңбек Ері атанды. 


Похожие материалы

Рахмет ретінде астында тұрған жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!

Категория: Қазақша курстық жұмыстар | Добавил: Admin
Просмотров: 2209 | Загрузок: 222 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]