Приветствую Вас Гость • Регистрация • Вход • RSS
Суббота, 10.12.2016
Главная » Файлы » Курстық жұмыстар » Қазақша курстық жұмыстар [ Добавить материал ]

Қазақ фольклорындағы тарихи өлеңдер


Оқушылар,студенттер,мұғалімдер,сайт қолданушылары өз материалыңызбен бөліссеңіз қуанышты болатын едік!

[ Скачать с сервера (186.0Kb) ] 23.02.2014, 15:57
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Еліміз тәуелсіздік алғанға дейін қазақ тарихи өлеңдері жекелей алынып, арнайы зерттеу нысанасына айналмауының объективті және субъективті себептері бар екендігі мәлім. 
Тарихи өлеңдер өз бастауын тым ертедегі түркі тектес халықтар бірлестігі, Алтын Орда, Ноғайлы кезеңі, Қазақ хандығының құрылуы, қалыптасуы жайындағы халық басына түскен аласапыран оқиғалардан алады. Сол тарихтың сыр-сипатын, шынайы болмыс-бітімін ашу тарихшы, әдебиетші қауымға оңай тимегені рас. Ал, XX ғасырдағы Кеңес үкіметінің идеологиясы, партияның пәрменшіл саясаты рухани құндылықтарды терең тануға түрлі қаулы-қарарлар тасқынымен тосқауылдар жасап, таптық тұрғыдан қатаң қараудың нәтижесінде тұралатып келді. Шағын өлеңдер түгіл, кең көлемді эпикалық жырлардың өзі көзден таса, халық назарынан бүркемеленіп мұрағаттарда, кейбір үлгілері аңыз болып ел аузында ғана сақталып қалды. Қазақ халқының басынан кешкен «Ақтабан шұбырынды...» заманы мен «азаттық жолындағы күрес» оқиғалары туралы ауыз әдебиеті шығармаларын ұрпақ санасынан өшіру мақсаты көзделіп, ұлт мұрасына кереғар саясат жүргізілді. Ақиқаттың дәлелі мен деректері көптің аузындағы аңыз-әңгіме, өлең-жырларда екендігі айтылса да, өктем саясат өз дегенімен қажеттісін қалқып, керек емесін көзден тасалай білді.
Ғалымдар тарапынан тарихи өлеңдердің тек-тамыры көне түркі ескерткіштерінен табылатыны, оның кенже үлгілері Ұлы Отан соғысы кезеңінде де туындағандығы жөнінде ескертулер айтылып келді. Бүгінгі уақыт талабы тарихи өлеңдердің жанрлық мәселелерін, поэтикалық әлемін, ауыз әдебиетінің жанрлармен байланыс-бірлігі, тақырыптық топтасулары мен атқарған қызметін тексеру қажеттігіне ықпал етті.
Түйіндей айтсақ, тарихи өлеңдерді тәуелсіздік рухына және Елбасының «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасына сай, қазіргі ұлттық жаңғыру үрдісімен үндес саралап, жан-жақты тексеру ісі тақырыптың өзектілігін танытады.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Қазақ халық поэзиясының бір саласы ретінде тарихи өлеңдер XX ғасырдың 20 жылдарынан кейін сөз болып, оған қатысты пайымдаулар жасала бастаған. Оның басты дәлелі А.Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқыш» (1926) еңбегінде, М.Әуезовтің «Әдебиет тарихы» (1927), Х.Досмұхамедұлының «Қазақ халық әдебиеті» (1928), С.Сейфуллиннің «Қазақ әдебиеті» (1932) еңбектерінде ауыз әдебиетінің тектері мен түрлеріне қатысты, тарихи кезеңдер шындығын берудегі халық поэзиясының рухани күш-қуаты тұрғысында бағаланады. Осы еңбектердің көпшілігінде қазақ фольклорындағы тарихи өлеңдер мен тарихи жырлардың арасына шек қойылмай бірлікте алынып, ой-пікірлер айтылды.
Бұдан кейін XX ғасырдың 40-50 жылдары және онан кейінгі кезеңдерде тарихи өлеңдерге қатысты мәселелер назарға ілікті. Мәселен Ә.Х.Марғұланның эпосқа қатысты еңбегі (1946), Н.С.Смирнованың XVIII ғасырдағы қазақ әдебиетіндегі эпикалық және тарихилық мәселелеріне (1948; 1949; 1951) байланысты зерттеулері мен қазақ әдебиеті тарихына арналған көп томдықтың алғашқы томында (1948) сөз бола бастады. Бұл еңбектерде де тарихи өлеңдер мен тарихи жырлар арасы толық анықталмай, зерттеушілер «тарихи жырлардың ең кішігірім үлгілері» деген атау қалыптастырды. Бұл аталып отырған еңбектердегі талданғандар шын мәнінде тарихи өлеңдер болатын. Тарихи өлеңдердің бертіндегі туғандарына байланысты Б.Кенжебаевтың еңбегі 1916 жылғы көтеріліс жырларына арналды (1956). Осы тақырыпта Х.Ищановтың «1916 жыл және халық поэзиясы» (1958) еңбегі жарық көрді. Сөйтіп, тарихи өлеңдер туралы тарихи жырлармен қоса ғылыми тексерулер ісі басталды. Тарихи өлеңдердің ерте дәуірлерде туғандары туралы бұл кезеңдерде жинақтау ісі болса да, ғылыми тұрғыдан талдаулар шолу түрінде айтылған ой-пікірлермен шектеледі. 1960 жылы жарық көрген «Қазақ әдебиетінің тарихы» кітабының 1-томы ауыз әдебиетіне арналып, мұнда XVIII ғасырдан бастап, тарихи өлеңдер мен тарихи жырлардың өткендегі тарихи оқиғаларды шын мәнінде жеткізе алатындығы айтылды. Кітапта XIX ғасырдағы және 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске қатысты туған өлеңдер жөнінде түсініктер беріліп, біршама ғылыми салмақты пікірлер айтылды.
Тарихи өлеңдерге қатысты ғылыми зерттеудің жаңаша бағыт-бағдар алуы өткен ғасырдың 60-80 жылдар аралығы деуге болады. Атап айтсақ, 1962 жылы М.Жармұхамедовтің «1916 жылғы көтеріліске қатысты қазақ халық поэзиясы» атты кандидаттық диссертациясы қорғалса, 1968 жылы орыс тілінде «Қазақ әдебиет тарихының» көп томдығының бірінші томы жарық көріп, онда қазақ фольклорының XVIII-XIX ғғ. тарихи шығармаларға арналған бөлімді С.Қасқабасов пен Е.Тұрсынов, XX ғасырға арналған бөлімді Е.Ысмайылов жазады. Қазақтың тарихи жырлары мен аталған ғасырларға қатысты мұнда да бағалы пікірлер айтылған еді. М.Мағауиннің «Қобыз сарыны» (1968) атты монографиясының жарық көруі, диссертациялық еңбегінің қорғалуы да көне мұраны жаңғыртып, жаңаша көзқарас қалыптастыруға ықпал етті деуге болады. Себебі бұл еңбектерде тарихи өлеңдер туған дәуірлерге байланысты байыпты байлам, ғылыми жаңаша тұжырымдама қалыптасқаны аян.
Белгілі ғалым Б.Уахатов «Қазақ халық өлеңдері» (1974) атты монографиялық еңбегінің бір тарауын тарихи өлеңдерге арнады. Бұдан бұрынғы тарихи жыр мен тарихи өлеңдерді бірге қарап, арасына шек қойылмай келген мәселелерге автордың бұлайша концепция ұсынуы тарихи өлеңдерге байланысты жаңаша бір бағыт әкелді деуге болады. 
Арада бес жыл өткеннен кейін, қазақтың тарихи жырларына арналған «Қазақ тарихи жырларының мәселелері» (1979) атты Қазақ ССР ҒА М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұжымдық монографиялық еңбегі жарық көреді. Тарихи жырлар мен тарихи өлеңдердің жанрлық ерекшеліктерін, поэтикалық табиғатын, тарихи негіздерін ашуда бұл еңбек өз кезінде лайықты бағасын алған еді. Еңбекке басшылық жасаған ғалым Р.Бердібай мақаласында да тарихи жырлар мен тарихи өлеңдерге қатысты мәселелер айтылып, ғылыми зерттеу мәселесіндегі кешеуілдеудің себеп-салдарына тоқталады. Осы іргелі еңбектегі С.А.Қасқабасовтың «Тарихи жырлардың зерттелуі мен жанрлық сипаты» атты мақаласында тарихи жырлардың қалыптасуына тарихи өлеңдердің циклденуі ықпал еткені аталып, екі жанрдың айырмашылықтарын ғылыми тұрғыдан жан-жақты түсіндірсе, Е.Тұрсыновтың «Тарихи жыр, өлеңдердің тегі мен дамуы» атты мақаласында тарихи жырлардың қалыптасу эволюциясы сөз болып, автор екі жанрды бірлікте қарайды. 1982 жылы жарық көрген Р.Бердібаевтың «Қазақ эпосы» атты еңбегінде тарихи жырларға арнайы тарау беріліп, осы тарауда «тарихи өлеңдердің іздеушісі керектігі» түбегейлі зерттелуі туралы мәселе қозғалған еді. Бұл пікірлер дамытылып, әсіресе, «ақтабан шұбырынды» дәуіріне қатысты «Қаратаудың басынан көш келеді» өлеңі туралы пікір талас туындап, тәуелсіздік алғаннан кейін де осы мәселе турасында көптеген мақалалар дүниеге келді. 1993 жылы «Қазақтың XVIII ғасырындағы ұлт-азаттық көтерілісіне байланысты туған тарихи жырлар» жөнінде кандидаттық диссертация қорғаған Б.С.Рахымов еңбегінде тарихи жырлардың өз бастауы тарихи өлеңдерден тамыр тартатыны, тарихи өлеңдердің тақырыптық топтасулары туралы мәселелер көтерілді. 
Зерттеудің мақсаты – ең алдымен, қазақ халық поэзиясының осы уақыт аясындағы зерттеулер арқылы жанрлық жіктелісіне назар аударып, оның ішінде тақырыпқа қатысты тарихи өлеңдердің алатын орнын анықтау. Сөйтіп, тарихи өлеңдердің жиналуы мен зерттелуі, жанрлық ерекшеліктері және поэтикалық мәселелеріне тиянақты жауап беру. 
Зерттеудің міндеттері:
ҚР Білім және ғылым министрлігі Орталық ғылыми кітапханасы мен М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты қолжазба қорларындағы сақталған, фольклорлық экспедициялар кезінде табылған тарихи өлеңдерді екшеп, кейінгі кезеңде жарыққа шыққан үлгілерін зерттеу ісіне пайдалану;
туыстас халықтар поэзиясына назар аударып, қазақ тарихи өлеңдерін психологиялық жағынан түрік, қырғыз, қарақалпақ, татар, өзбек т.б. халықтар мұраларымен салыстыра тексеріп, жаңаша пайымдаулар жасау;
тарихи өлеңдердің бастауы, қалыптасуы мен дамуы, жанрлық сыр-сипаты жайындағы бізден бұрынғы зерттеу еңбектерді негізге алып, бүгінгі тәуелсіздік тұрғысынан халқымыздың көнеден келе жатқан рухани мұрасы ретінде жаңаша пайымдау;
бүгінгі күнге дейін толық тексерілмегендігін ескеріп, тарихи өлеңдердің поэтикасына қатысты салыстырулар жүргізіп, өзіндік түйіндеулер мен тұжырымдар ұсыну;
тарихи өлеңдердің ауыз әдебиетінің басқа жанрларымен байланысын жан-жақты зерттеу.
Зерттеудің дерек көздері ретінде ҚР Білім және ғылым министрлігі Орталық ғылыми кітапханасы мен М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының сирек қорларындағы қолжазбалар пайдаланылды. Көне басылымдардан Т.А.Сейдалин мен С.А.Жантөрин құрастырған «Қырғыз (қазақ) поэзиясының үлгілері» (1872), И.Березиннің «Түрік хрестоматиясы» (1890), С.Сейфуллиннің «Қазақтың ескі әдеби нұсқалары» 1 жинақ (1931), «Он алтыншы жыл» (1940) жинақтары мен одан кейінгі әдеби мәліметтер, мұрағаттар деректері және Орталық Қазақстан облысы бойынша 1986-1997 жылдар аралығындағы фольклорлық практикалар мен 2002 жылғы фольклорлық-этнографиялық экспедиция материалдары, сондай-ақ, Солтүстік Қазақстан облысынан жинақталған рухани мұралар, оқулықтар мен ғылыми басылымдар қолданылды.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. Қазақ фольклорындағы тарихи өлеңдердің шығу тегі мен дамуын жан-жақты саралап, өзге халықтардың тарихи өлеңдерімен салыстыра қарап, жанрлық сипатын анықтау және поэтикалық ерекшеліктерінің алғаш рет арнайы ғылыми-зерттеу нысанына алынуы – тақырыптың сонылығын сипаттайды. Зерттеудің осы реттегі басты ғылыми жаңалықтары:
тарихи өлеңдердің тақырыптық топтасуы және тұтастануына байланысты тың тұжырымдар ұсынылады;
ауыз әдебиетінің басқа жанрларымен тарихи өлеңдердің өзара байланысы және осы уақытқа дейінгі тарихи өлең мен тарихи жырлардың арасындағы айырмашылықтарға қатысты түрлі көзқарастарға жауап беріліп, тарихи өлеңнің тарихи жырларға әсер-ықпалы жөнінде жаңа ғылыми концепция жасалды;
суырыпсалмалық ақындар шығармашылығымен тарихи өлеңдердің қарым-қатынасы айқындалып, тарихи өлеңдердің фольклорлық негізіне баса ден қойылды;
тарихи өлеңдердің тұтастай поэтикалық тұрғыдан зерделенуі –диссертациялық жұмыстың басты жаңалығы болып табылады.
Зерттеу жұмысының теориялық және әдіснамалық негіздері. Қазақ фольклортану ғылымындағы жетістіктер мен ғылыми ізденістер басшылыққа алынды. Ерекшелеп айтқанда, қазақ халық ауыз әдебиетінің жанрларына қатысты ғылыми таным мен түсініктер, фольклордың тарихы мен теориясына, сондай-ақ, суырыпсалмалық өнер өкілдерінің шығармашылығындағы дәстүр мәселесін қозғаған елеулі еңбектер мен эпостану саласындағы, халық поэзиясына қатысты зерделі зерттеу еңбектер жұмысымыздың әдістемелік әрі ғылыми бағдары болып табылды. Бұл мәселеде қазақ фольклортану ғылымына үлес қосқан Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Байтұрсынов, Х.Досмұхамедұлы, С.Сейфуллин, М.Әуезов, С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, Б.Кенжебаев, Е.Ысмайылов, Ә.Х.Марғұлан, Н.С.Смирнова, Ә.Қоңыратбаев, Ы.Дүйсенбаев, З.Ахметов, Н.Төреқұлов, Р.Бердібай, С.Қасқабасов, Б.Уахатов, О.Нұрмағамбетова, М.Жармұхамедұлы, Е.Тұрсынов, Б.Әбілқасымов, Ш.Ыбыраев, М.Мағауин, С.Садырбаев, З.Сейітжанов, Б.Әзібаева, Б.С.Рахымов және т.б. ғалымдар еңбектері, ғылыми зерттеулері басшылыққа алынып, еңбектену барысында қажетіне қарай қолданыс тауып отырды.
Сонымен бірге тақырыбымызға қатысты орыс ғалымдарының теориялық пікірлеріне назар аударылып, жұмыс барысында В.Бартольд, Л.Н.Гумилев, И.Березин, Б.Н.Путилов, И.В.Стеблева, В.Я.Пропп, А.М.Астахова және т.б. ғылыми ұстанымдары тиісті дәрежеде кәдеге асырылды. Сондай-ақ, қырғыз фольклорынан Ж.Суванбеков, С.Закиров, ұйғырдың көне ескерткіштеріне қатысты Л.Ю.Тугушева, қарақалпақ фольклорынан Қ.Айымбетов, өзбек әдебиетінен Ғ.Каримов, қарашай халық жырларына қатысты Р.Ортабайланың, бурят фольклорынан Н.А.Шаракшинова, якут фольклорынан Г.У.Эргис, славян халықтарының эпикалық дәстүрін зерттеген Ю.И.Смирнов еңбектері мен «Моңғолдың құпия шежіресіне» қатысты зерттеулер басшылыққа алынып отырды. Тарихи құжаттар мен тарихшы ғалымдар еңбектері кеңінен пайдаланылды.
Зерттеудің теориялық және практикалық мәні. Тарихи өлеңдерге байланысты зерттеудің нәтижелері мен тұжырымдары қазақ әдебиеті тарихының ауыз әдебиетіне қатысты көп томдық еңбектердің халық поэзиясына арналған бөлімдерін толықтыруға, түрлі деңгейдегі орта және жоғары мектептер үшін оқулықтар әзірлеуге, сонымен қатар, гуманитарлық бағыттағы жоғарғы оқу орындарының филология факультеттерінде халық ауыз әдебиеті, қазақ фольклоры пәндерінен дәріс оқуға және мамандандыру курстарына пайдалануға болады.
Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар:
тарихи өлеңдер жеке ел болып, дербес мемлекет ретінде қалыптасқан дәуірлердегі ел басына күн туып, түрлі қиыншылықтарға тап болғандағы оқиғаларды бейнелейді;
тарихи өлеңдегі дәстүрлі естірту, жоқтау, қоштасу өлеңдерінің мотивтері болғанымен, онда жалпыхалықтық мәселе көтеріледі. Ел мен жер тағдыры басты тақырыпқа айналады. Оқиғаның болып жатқан сол сәтінде шыққандығы және жеке адамды бейнелеуге қатысты еместігін ескере келе, тарихи өлеңдерді отбасылық әдет-ғұрып фольклорымен шатастыруға болмайды;
тарихи өлеңдер белгілі бір дәуір тұсындағы ел күйзелісін, ашу-ызасын, мұң-шерін т.б. толық ашып бере алады;
тарихи өлеңдердің ерте дәуірден бізге жеткені ел-жұртпен қоштасу, атамекенді жоқтау, халықтың көсемдері мен батырларын мадақтау түрінде кездеседі;
қазақ халқына байланысты туған тарихи өлеңдер Қазақ хандығының кезеңінен басталады. Тәуелсіздік жолындағы күрес ісі шын мәнінде тарихи өлеңдерден бастау алады;
тарихи өлеңдердің негізгі арқауы ел мен жердің азаттығы, халықтың арманы мен мұраты болып отырады. Тарихи жыр мен тарихи өлеңнің басты айырмашылығы осыдан көрінеді. Тарихи жырда ерлік мәселесі кең көлемде алынып, азаттық жолындағы арпалысқан қаһарман бейнесі сомдалса, тарихи өлеңде жалпы халықтың мұң-зары, қайнаған кегі заман тудырған аласапыран оқиға негізінде бейнеленеді;
тарихи өлеңді айтушылар сол оқиғаны көзбен көріп, көңілмен сезген сөз сүлейлері екендігі анық. Табиғаты жағынан қоштасу, жоқтау т.б. дәстүрлі ерекшеліктер тарихи өлеңдердің лирикалық өлеңдермен байланысы барын көрсетеді. Бірақ тарихи өлеңдер таза лирикалық өлеңге жатпайды. Себебі өзінің жедел тууы, тарихи оқиғаны дәлме-дәл беруі жағынан тарихи өлең эпикалық түрге жатады. Оның өлшемі ішкі эпикалық кеңдікпен ерекшеленеді.
Жұмыстың сарапталуы мен жариялануы. Диссертациялық жұмыс негізінен Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті қазақ әдебиеті кафедрасының мәжілісінде, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының фольклортану бөлімінде және институттың Ғылыми кеңесінде талқылаудан өтіп, қорғауға ұсынылды. 
Диссертациялық жұмыстың басты мәселелері мен негізгі түйіндері бойынша халықаралық, республикалық, аймақтық  ғылыми-теориялық, практикалық конференцияларда баяндама ретінде тыңдалып, жинақтарда жарық көрді. Барлығы – 9 мақала жарияланды және тақырыпқа байланысты жинақталған хрестоматия жарық көрді.
Зерттеу жұмысының құрылымы. Жұмыс кіріспеден, үш бөлімнен, әр бөлімге байланысты барлығы 8 тарау мен қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен, қосымшалардан тұрады. 
Жұмыстың негізгі мазмұны


Похожие материалы

Рахмет ретінде астында тұрған жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!

Категория: Қазақша курстық жұмыстар | Добавил: Admin
Просмотров: 639 | Загрузок: 185 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]