Приветствую Вас Гость • Регистрация • Вход • RSS
Суббота, 10.12.2016
Главная » Файлы » Курстық жұмыстар » Қазақша курстық жұмыстар [ Добавить материал ]

ҚАЗАҚ ЭТНОПЕДАГОГИКАСЫНЫҢ НЕГІЗІНДЕ СТУДЕНТТЕРГЕ ПАТРИОТТЫҚ ТӘРБИЕ БЕРУ


Оқушылар,студенттер,мұғалімдер,сайт қолданушылары өз материалыңызбен бөліссеңіз қуанышты болатын едік!

[ Скачать с сервера (533.0Kb) ] 22.02.2014, 00:48

Зерттеудің көкейкестілігі. «Қазақстан – 2030» Жолдауында Республика Президенті еліміздің ұлттық қауіпсіздігін, тәуелсіздік пен егемендігін танытатын мемлекетіміздің ұзақ уақытты дамуын анықтады. Білім беру мен тәрбиенің негізгі міндеті - өз елінің азаматы, патриотын тәрбиелеу болса, осыған сәйкес «қазақстандық патриотизм мен ұлттық патриотизм» студенттердің тәрбиелік деңгейін бағалудағы көрсеткіш болып қарастырылады.
Республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдетуге, қоғамның саяси және рухани өмірі саласындағы міндеттерді қайта жаңартуға бағытталған идеялық-тәрбие жұмыстары мемлекеттің стратегиялық бағдарымен анықталды. Еліміздің тәуелсіздік алып, егемендікке жетуі қазақ халқының және республикада тұратын басқа да халықтардың ұлттық дүние танымының өсуіне жағдай жасады.
Қазақстанның жоғарғы оқу орындарында студенттерге этностық ерекшеліктерімізді, халқымыздың тарихы мен мәдениетін, сондай-ақ халықтың батыр ұл-қыздарының ерлік істерін назарға алу, жастарды патриоттыққа тәрбиелеудің және оны қазіргі жағдайда зерттеудің қажеттілігін арттыра түседі. 
 Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің студенттермен кездескен сөзінде оларды патриоттыққа тәрбиелеудің қажеттілігін көрсетті. Бұл жастарға этнопедагогикалық негізде білім беріп, патриоттыққа тәрбиелеу ісіне нұсқау әрі оның қажеттілігін айқындайтын бағдарлама деуге болады.
Соңғы жылдары қалыптасқан тәрбие жүйесі көпшілік жағдайда сөз, ұран, мәліметтік сипатта болып, жоғары оқу орындарындағы студенттерді міндетті түрде қоғамдық пайдалы іс-әрекетке қатысуын қарастырмады, олардың патриоттық тәрбиелеу бағытын дамытуды қиындатты. 
Бұл қазіргі кезде тәрбиелік мән беретін көптеген мәселелерді қайта қарауды және студенттерді жалпы Отанның өткендегі ерлік істерін терең сезіммен ұғынуға баулитындай тәрбиенің ерекше тиімді формалары мен әдістерін қарастыруды талап етеді. Әсіресе бүгінде байсалдылық, табандылық, батылдылық, батырлық, қайсарлық, білім ғана емес, әсіресе өнегелік көрсету қажет болып отырған уақытта аса маңызды.
Қазіргі уақытта «Қазақстандық керемет» деген ұғым пайда болды. Ол тек бастамасы. Оған нағыз сай болу үшін жан-жақты дамуымыз керек. Қазақ – құдыреттілігі, имандылығы, адамгершілігі көзінен, жүрегінен көрініп тұрған, патриоттығы ішінде ұйып жатқан кең халық. Бүкіл білім беру жүйесі арқылы осыларды сыртқа шығару, жоғарғы дәрежеге көтеру қажет, ол үшін сапалы патриоттық тәрбие керек. Бұл сырттан ғана келетін әсер емес, ол іштен шығатын, дамитын, қалыптасатын ерекше қасиет. Ол қазақ менталитетінің ғасырлар бойы қалыптасып келе жатқан халыққа тән санамен келген ойлау нәтижесі.
Қайта жаңғырған ұлттық педагогикамыздың маңызды бір бөлігі рухани мұрадағы тәлім - тәрбиелік ой  пікірлер, патриоттық сана-сезім, оған деген ғылыми көзқарас.
Қазақ елі жастарының 1986 жылғы желтоқсандағы рухани сілкінісі туғызған қайта түлеу процесі, сол патриотизмнің даму барысын өзгертуге, сөйтіп, шынайы ұлттық патриоттық тәрбие қағидаларын (принциптерін) қайта қарауға ықпал етті. 
Қазақстан Республикасының егеменді ел болып ана тілінің мемлекеттік тіл болуымен қатар өткен тарихымызды қайта қарап, ондағы рухани құндылықтарды елеп-екшеп және рухани құндылықтардың қорына өлшеусіз үлес қосатын мұраларын зерделеп зерттеу бүгінгі ұрпақ тәрбиесінің керегіне жарату, өзекті мәселелердің бірі болуда.
Кеңес Одағы кезінде жоғарғы оқу орындарында студенттерді тәрбиелеудің арқауы болған «социалистік патриотизм» ұғымы сол идеологиямен бірге құрдымға кетті. Қазіргі заманда біздің халқымыздың патриотизмі экономиканы қайта құруда, қоғамды рухани жаңартып демократияландыруда, плюрализм пікірін бекітуде және әлеуметтік орта мен идеологиядағы сол бір тоқырау кезеңдерінің әсерінен туған жікшілдік пен бұрмалаушылықты жоюдағы күреске бар күшті ынталандыру болып табылады.
Мұның бәрі келешек жас ұрпақты патриоттық және интернационалдық рухта тәрбиелеудің қажеттілігін қамтамасыз етеді. Қазақстан Республикасының білім беру жаңа бағдарламасында, қоғамның, бүгінгі күнгі талабы алдағы уақытта да әрбір адамды Отанын сүюге, туған жерін құрметтеуге, ата-бабаның озық салт-дәстүрлерінің құндылығын мақтаныш тұтуға, әлемде халықтар арасындағы бейбітшілік үшін достықты нығайтуға бағыт беруде талмай еңбек етуді қажет санайды.
Идеялық тәрбие жұмыстарының маңызды міндеттерінің бірі-патриоттық тәрбие. Патриотизм-әлемдегі бейбітшілік үшін күреспен, адамзат өміріне қауіп төндіретін термоядролық, экологиялық және террорлық апаттың алдын алумен, халықаралық қатынастарды құрумен және әлемдегі жаңа тәртіптерді бекітумен, өзара түсіністікті негізге алумен, тәуелсіз елдермен және басқа да мемлекеттермен көршілік татуластықпен, іскерлік ынтымақтастықпен тығыз байланыста болумен өлшенеді.
Қазіргі кезде қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар саласында зерттеу жүргізуші ғалымдар халқымыздың сан ғасырлардағы рухани мұрасын, әсіресе оқу, тәлім-тәрбие мәселесін философия, психология, педагогика ғылымдарының зор жетістіктерін пайдаланып, асыл қазыналарын жоғары теориялық биіктен талдап, ғылыми көзін ашуда.
Тәлім-тәрбие мәселелерін зерттеуде елеулі үлес қосқан қазақстандық ғалымдар Қ.М.Арынғазин, Қ.Ж.Аганина, Ш.Ә.Әбдіраман, Е.З.Батталханов,  А.А.Бейсенбаева, Қ.Бөлеев,  Қ.Б.Жарықбаев, С.Т.Каргин, Ғ.М.Кертаева, С.Қалиев, К.Ж. Қожахметова,  С.А.Ұзақбаева, этномәдениет мәселесі бойынша М.Х. Балтабаев, Ж.Ж. Наурызбай, А.С.Сейдімбек, патриоттық тәрбие бойынша С.К.Нурмукашева, Н.Р.Рамашовтың  еңбектері.
Қ.М. Арынғазин «Мағыналы педагогикаға кіріспе» атты еңбегінде, сыныптық сабақ беріп оқыту жүйесінен, сыныптық сабақ беріп оқыту-тәрбиелеу жүйесіне көшу қажеттілігін, оқыту жолдарын тұтас педагогикалық процестің жаңа үлгісін көрсеткен.
Жаңа тәрбие үлгісіне (парадигмасына) көшу жолындағы оқыту, рухани байлықты, өнегелікті қалыптастыруды Қ.М.Арынғазин, А.А.Бейсенбаева  еңбектерінде қарастырады. Осы процесті одан әрі дамыта отырып, көптеген ғалымдар қазақ халық педагогикасы мұраларының құнды идеяларын тәрбие құралы ретінде және дене тәрбиесі, музыкалық-эстетикалық тәрбиесі арқылы қарастырғандар Р.Қ.Дүйсембінова, Т.Ә.Қышқашбаев, Ы.Оршыбеков, Е.Сағындықов,  т. б.
Ү.К.Санабаев Қазақстан Республикасының ішкі істер министрлігіне қарасты ішкі әскерлерінің әскери қызметкерлерінде патриотизмді тәрбиелеудің педагогикалық негіздердін өз ғылыми зерттеу жұмысына арқау етіп алған.  
А.А.Бейсенбаева «Қазақтың ерлік эпосы арқылы жоғары сынып оқушыларына патриоттық тәрбие беру» атты ғылыми еңбегінде «патриотизм», «патриоттық тәрбие» ұғымдарының мәні, олардың құрылымдық компонентері мен функцияларын нақтылап, жоғары сынып оқушыларының патриотизмін сыныптан тыс жұмыстарда қазақ ерлік эпосы арқылы қалыптастырудың механизмін жасады. 
Р.М.Айтжанова «Жалпы білім беретін мектеп жағдайында этнос субъектісін қалыптастырудың педагогикалық шарттары» атты еңбегінде жалпы білім беретін мектептің оқушысын этнос субъектісі ретінде қалыптастырудың педагогикалық негіздерін айқындап, мектеп оқушысын этнос субъектісі ретінде қалыптастырудың теориялық моделін жасаған.
Интернацоналдық-патриоттық тәрбие мәселесін зерттеумен республикамызда бірқатар ғалымдары айналысады. Олар мына бағыттарда, атап айтсақ, ұлттық дәстүрлер мен патриоттық тәрбие, әскери-патриоттық, интернацоналдық, адамгершілік, ерлік тәрбиесі проблемаларын қарастырады (С.Ешімханов, Р.С.Елубаева, Е.Жұматаева, С.Т.Иманбаева,  т.б).
 Соңғы жылдары қазақстандық патриотизмге зор мән берілуде. Бұл тұрғыда К.Т.Әбілғазиева, Ғ.Б.Базарғалиев, Д.С.Құсайнова, А.К.Салимолдаева,   еңбектерін атауға болады. 
Патриоттық тәрбиенің кейбір мәселелерін қарастырған ғалымдар  С.Ә. Әбдіманапов, Л.А. Шкутина, т.б.
 Дегенмен, жоғарыда айтылған ғалымдардың ғылыми еңбектеріне талдау жасай келе біз зерттеп отырған мәселеің толық зерттелмегені байқалды. Қазіргі жаңа қоғамда студенттерге патриоттық тәрбие берудің этнопедагогикалық негіздері арнайы жеке зерттеу пәні ретінде толық қарастырылмаған деп тұжырымдауға болады. 
Жоғары оқу орындарында патриоттық тәрбие беру саласы ғылыми тұрғыда негізделген нұсқауларға мұқтаж. Сонымен бірге жоғары оқу орындарының оқу-тәрбие практикасын талдау барысында студенттерді патриотизмге тәрбиелеудің тарихи-педагогикалық және этнопедагогикалық тұрғыдан толық зерделенбеуімен бүгінгі күнде студенттерді ел жанды, отанының нағыз патриоттары болып қалыптасуында этнопедагогиканың қағидаларын пайдаланудың қажеттілігі арасында қайшылық туып отыр. Сондықтан студенттердің оқу-тәрбие процесін қазақ этнопедагогикасының негізінде ұйымдастыру арқылы патриотизмге тәрбиелеу біздің зерттеу проблемамызды айқындайды.
Аталған қайшылықтың шешімін зерттеуіміздің тақырыбын «Қазақ этнопедагогикасының негізінде студенттерге патриоттық тәрбие беру» деп таңдауымызға негіз болды.
Зерттеудің нысаны: жоғары оқу орындары студенттерінің патриоттық тәрбиесі.
Зерттеудің пәні: жоғары оқу орнында қазақ этнопедагогикасы негізінде  студенттердің патриоттық тәрбиесі.
Зерттеудің мақсаты: қазақ этнопедагогикасы арқылы студенттердің патриоттық тәрбиесін теориялық тұрғыдан негіздеп, оның әдістемесін жасау. 
Зерттеудің ғылыми болжамы: егер жоғары оқу орындарында студенттерге қазақ этнопедагогикасы негізінде патриоттық тәрбие берудің ерекшеліктерін анықтап, патриоттық тәрбие берудің моделі жасап, оқу-тәрбие процесіне енсе, онда студенттерге патриоттық тәрбие берудің тиімділігі артады, өйткені патриоттық тәрбие халықтың педагогикалық тәжірибесінің өзегі. 
Зерттеудің міндеттері:
қазақ этнопедагогикасын студенттердің патриоттық тәрбиесінде пайдаланудың теориялық негіздерін ашу;
студенттерге патриоттық тәрбие беруде қазақстандық патриотизм мен ұлттық патриотизм ерекшеліктерін көрсету, мәнін ашу;
студенттерге қазақ этнопедагогикасы негізінде патриоттық тәрбие берудің теориялық моделін жасау;
қазақ этнопедагогикасы негізінде студенттерге патриоттық тәрбие берудің әдістемесін жасап, оның тиімділігін эксперимент жүзінде тексеру.
Зерттеудің жетекші идеясы: қазақ этнопедагогикасындағы патриоттық тәрбие идеялары бүгінгі оқу-тәрбие процесінде патриоттық тәрбиенің қайнар көзі.
Зерттеудің әдіснамалық-теориялық негіздері: ұлттық педагогикалық ой пікірлерге байланысты философтардың, тарихшылардың, педагогтардың, психологтардың еңбектерімен ой-пікірлері, этнопедагогика және этнопсихологияның теориялық қағидалары, тәрбие теориясы, біртұтас педагогикалық процесінің теориясы және кәсіби білім берудің теориясы.
Зерттеудің негізгі көздері: әр дәуірде өмір сүрген ойшыл-ғұламалардың тәлім-тәрбиелі мұралары, Қазақстан Республикасының Конституциясы,  Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы, Қазақстан Республикасы орта және жоғары білім беру тұжырымдамалары; Қазақстан Республикасының  білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы; «Қазақстан Республикасының азаматтарына патриоттық тәрбие берудің 2006-2008 жылдарға арналған бағдарламасы», Қазақстан Республикасының білім беру ұйымдарында тәрбие берудің кешенді бағдарламасы (2000); оқу және тәрбие процесінің бағдарламалары; психологтар мен педагог ғалымдардың, жазушылардың, соғыс ардагерлерінің оқу және тәрбиеге арналған еңбектері.
Зерттеудің әдістері: зерттеу проблемасы бойынша тарихи-педагогикалық,  әдебиеттерге талдау жасау; белгіленген міндеттерді шешу және ғылыми болжамды тексеру үшін зерттеу әдістерін қолдану; жоғарғы оқу орындарында студенттердің оқу-тәрбие процесін бақылау; студенттермен пікір талас, әңгіме жүргізу, сауалнама алу; модельдеу; әдістемелік жүйенің мақсатқа сәйкестілігін, тиімділігін тәжрибелік-педагогикалық зерттеу жұмысы арқылы тексеру; алынған нәтижелерді сұрыптау әдістері. 
Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен теориялық мәнділігі:
қазақ этнопедагогикасын студенттердің патриоттық тәрбиесінде пайдаланудың теориялық негіздері ашылды;
"қазақстандық патриотизм" мен "ұлттық патриотизм"  ерекшеліктері айқындалды жәні анықтамалары нақтыланды;
жоғары оқу орындары студенттеріне қазақ этнопедагогикасы негізінде патриоттық тәрбие берудің моделі құрылды;
қазақ этнопедагогикасы негізінде студенттерге патриоттық тәрбие берудің әдістемесі жасалды.
Зерттеу жұмысының практикалық мәнділігі:
Жоғарғы оқу орны студенттерін патриотизмге тәрбиелеуде жинақталған тарихи - педагогикалық материалдарын орта арнаулы оқу орындарының оқу тәрбие ісінде, қоғамдық мекемелердің тәрбие практикасында пайдалануға болатындығында.
Студенттерге патриоттық тәрбие берудің ғылыми-педагогикалық үлгісі жасалды. Олар мына бағытта пайдаланылады:
- «Қазақ этнопедагогикасында патриоттық тәрбие берудің негіздері» атты курсты оқытудағы тәрбиелік іс–шаралар жүйесі жасалынды (қазақ күресі, тоғызқұмалақ, садақ ату, аударыспақ, т.б. жарыстары);
- «Әскери патриоттық тәрбие негіздері» атты типтік бағдарлама жасалып оқу-тәрбие процесінде пайдаланылды; 
- «Қазақ этнопедагогикасында патриоттық тәрбие берудің негіздері» атты арнайы курс бағдарламасы жасалып, енгізілді;
- «Студенттерге отаншылдық негізде патриоттық тәрбие беру» атты оқытушылармен семинар бағдарламасы жасалып, жүзеге асырылды.
Зерттеудің негізгі кезеңдері: бірінші кезеңде (2000-2002 жж.) тақырып анықталды, зерттеудің мақсаты, нысаны, пәні, міндеттері, әдістері жазылып, тұжырымдалды. Тақырып бойынша теориялық - педагогикалық негіз зерттелді, патриоттық тәрбие материалдары бойынша деректер жинақталды. 
Екінші кезеңде (2002-2005 жж.) жиналған теориялық және деректі материалдарға жүйелі ғылыми талдау беріліп сұрыпталды. 
Үшінші кезеңде (2005-2007 жж.) жиналған материалдар теориялық тұрғыда қорытындыланды. Патриоттық тәрбиеге байланысты педагогикалық құнды ой -пікірлер сараланып жүйеге келтірілді, оның ішінен патриоттық тәрбиеге қажетті мәселелерді іріктеп, зерттеуміздің негізгі желісіне зерттеу барысында жинақталған ғылыми материалдарды тұжырымдап зерттеу нәтижелерін мақұлдаудан өткізілді. Тәжірибелік-эксперименттік жұмыс бойынша алынған нәтижелер талданып, қорытындылар жасап, зерттеу тұжырымдамалары анықталды. Іріктелген материалдар ғылыми зерттеу жұмысы болып жинақталды.
Зерттеудің базалары:
Тәжірибелік-эксперимент жұмысы Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің дене шынықтыру және спорт факультетінде, М.О.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемелекеттік университетінің дене шынықтыру және спорт факультетінде, Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының дене шынықтыру және спорт факультетінде, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің Жаратылыстану және дене тәрбиелеу мәдениеті факультетінде өткізілді. 
Қорғауға ұсынылатын қағидалар:
қазақ этнодедагогикасын студенттердің патриоттық тәрбиесінде пайдаланудың теориялық негіздері;
студенттерге патриоттық тәрбие беруде қазақстандық патриотизм ерекшеліктері мен ұлттық патриотизм ерекшеліктері;
студенттерге қазақ этнопедагогикасы негізінде патриоттық тәрбие берудің теориялық моделі;
тәжірибелік-эксперимент жұмыстарының әдістемесімен нәтижелері.
Зерттеу нәтижелерінің дәлелділігі мен негізділігі.
Жұмыс нәтижелері халықаралық, республикалық, аймақтық ғылыми-практикалық конференцияларда көрсетілді (Қарағанды-2002-2006; Астана-2005; Павлодар-2005) және ғылыми басылымдарда (Қарағанды мемлекеттік университетінің хабаршысы, 2003, №4, 2004, №4, 2006, №4; Қазақстан мектебі, 2005, №5-6; Еуразия гуманитарлық институтының хабаршысы, 2006, №2; Павлодар мемлекеттік университетінің хабаршысы, 2006, №2) жарияланды. «Әскери патриоттық тәрбие негіздері» типтік бағдарлама, «Студенттерге отаншылдық негізде патриоттық тәрбие беру» атты  әдістемелік нұсқау әзірленді.
Диссертация құрылымы. Диссертация кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан және пайдаланған әдебиеттер тізімі мен қосымшалардан тұрады.
Кіріспе бөлімінде тақырыптың көкейкестілігі, зерттеудің ғылыми аппараты, нысаны, пәні, мақсаты, міндеттері, жетекші идеясы, әдіснамалық-теориялық негіздері, негізгі көздері, зерттеу әдістері, ғылыми жаңалығы мен теориялық мәнділігі, практикалық мәнділігі, негізгі кезеңдері, зерттеу базалары, қорғауға ұсынылған қағидалар, нәтижелердің дәлелділігі мен негізділігі, зерттеу болжамы, зерттеу әдістері мен зерттеудің негізгі кезеңдері берілді.
«Қазақ этнопедагогикасы негізінде студенттерге патриоттық тәрбие берудің ғылыми-теориялық негіздері» атты бірінші тарауда студенттерге патриоттық тәрбие берудегі қазақ этнопедагогикасының бағыт-бағдары ашылды, сонымен қатар «қазақстандық патриотизм» мен «ұлттық патриотизм» ерекшеліктері қарастырылды қазақ этнопедагогикасындағы патриоттық тәрбие берудің ғылыми-педагогикалық үлгісі жасалып сипаталды. 
«Жоғарғы оқу орындары студенттеріне қазақ этнопедагогикасы  негізінде патриоттық тәрбие беру бойынша тәжірибелік-эксперименттік жұмыс мазмұны мен нәтижелері» атты екінші тарауда жоғарғы оқу орындарында қазақ этнопедагогикасы негізінде студенттерге патриоттық тәрбие беруді ұйымдастырудың мүмкіншіліктері және де студенттерді оқу-үрдісінде тәрбиелеудің жолдары қарастырылып «Қазақ этнопедагогикасында патриоттық тәрбие берудің негіздері» атты арнайы курстың мазмұны беріліп, патриоттық тәрбиенің іс-тәжірибедегі тиімділігі көрсетіліп жолдары анықталады. 
Қорытындыда болжамды дәлелдейтін зерттеудің негізгі нәтижелері мен тұжырымдары қорытындыланып, әдістемелік ұсыныстар берілді және қарастырып отырған мәселенің келешекте зерделенетін бағыттары айқындалды.

  Негізгі бөлім

Адам баласының әрқайсының өз өмір жолы болатыны тәрізді, кез-келген халықтың, қоғам мен мемлекеттің өз тарихи ғұмыры бар. Ол көне тіршілік көшінде сан алуан кейіпте көрініп келе жатқан күрделі процесс. Әр ұрпақ өзінің бұрынғы ұрпақтың жалғасы болғанынан, өз дәуірінің шыңырауына үн қосып, өз соқпағын іздейді. Әлем тарихында патриоттық тәрбие және әскери патриоттық туралы білім ғасырларға тамырымен терең кеткен.
Тәуелсіз Қазақстан жағдайында біз патриоттық тәрбие беруді қазақ этнопедагогикасының негізінде қарастыруды тиімді деп есесптейміз. Өйткені жалпы тәрбиелеу процесі тек қана батыс европа мен американдық үлгіні қабылдап бара жатқанға ұқсайды. 
Ал Қазақстан әрі батыс, әрі шығыс елі, ерекше ортада тұрған көп ұлтты мемлекет. Оның өзіне тән ұлттық, қоғамдық еркешеліктері бар. Сондықтан халықтық педагогика негізінде студенттердің бойына патриоттық сезімді қалыптастыратын болсақ, Қазақстаннның даму жолында өзінің сара жолы бар. 
Ғылыми зерттеулерді оқып-зерделеп талдағанда және педагогикалық тәлім-тәрбиені ұйымдастырғанда студенттерге патриоттық тәрбие беру ғылыми теориясы өз алдына дербес проблема ретінде анықталғанын және ол үнемі зерттеп отыруды қажет ететіндігін көруге мүмкіндік берді.
Қазақы дүниетаным, ақыл-ой, тағылымдық ұлағат ғасырлар бойы шыңдалып қалыптасты. Сан ғасырлық ұлттық тәрбиенің этнопсихологиялық негіздерін бір арнаға түсіріп, қазақ ойшылдары мен ағартушыларының, қоғам қайраткерлерінің еңбектеріндегі ұлттық тұлға тәрбиесі туралы ой - пікірлердің дамуын, халқымыздың шынайы ұлттық тұлғасы болған ақын - жазушы, ғалым және қоғам қайраткерлерінің үлгі-өнегесін тәрбие мәселесінде пайдалану да қарастырып келеді.
Қазақ этнопедагогикасындағы білім өз мәні жағынан студенттердің ішкі дүниесін, оның рухани – адамгершілік келбетін қалыптастыруға бағыттала алуы мүмкін және солай бағытталуы тиіс.  Қазақ этнопедагогикасының бұл арада ерекше мүмкіндіктері бар. Өйткені оның мазмұнында ұлттық құндылықтар жарасымды үйлесім тауып жатады. Мұның өзі халқының өзіне тән ұлттық ерекшелігін терең танып, көре білуге мүмкіндік береді.
Біз жұмысымызда егемендікпен қоса келген «Қазақстандық патриотизм», «Ұлттық патриотизм» ұғымдарымен байланысты «Қазақстандық патриотизм ерекшеліктері» мен «Ұлттық патриотизм ерекшеліктерін» анықтап жоғарғы оқу орындары студенттеріне патриоттық тәрбие берудің мазмұны мен бағыттарын қадағаладық. 
Ұлттық және жалпы қазақстандық намысты ояту мәселесіне келгенде қазіргі қоғамда демократиялық өзгерістерге орай жаңаша патриоттық мазмұн,  студенттердің рухани азығына айналып отыр.
 Студенттер бойында патриоттық сананы қалыптастыру  тек қана жиын өткізумен шектеліп қалмауы тиіс. Бұл бағытта атқарылатын жұмыс аға буындарының ең өзектісі, ең маңыздысы болып белгіленуі қажет.
Қазақстанда патриоттық тәрбиенің біртұтас жүйесі жасалып, әсіресе қазақстандық патриотизмді қалыптастырудағы рөлі шынайы бағалануы тиіс.
Осы ретте біздің ұсынып отырған еліміздің барлық жоғарғы оқу орындарында «Қазақ этнопедагогикасында патриоттық тәрбие беру негіздері» атты факультативтік курс жүргізілсе деп ойлаймыз. Осындай шараларды қолға алмасақ қазақстандық патриотизмнің қозғаушы күші болып табылатын заңдар өзінен өзі жүзеге аспайды. 
Сондықтанда үкімет тарапынан арнайы бағдарламалар қабылдануы тиіс. Олар мерзімді баспасөздерде толығымен жарияланып, сол қабылданған бағдарламалардың жүзеге асуы қалай деген мәселе басылым беттерінен көрініс табуы керек. Қазақстандық патриотизм қалыптастырудағы оң шешім болар еді. 
     Біздің көзқарасымызша мұндай позиция «шынайы патриотизм» түсінігі мәнін ашып көрсеткендей болуы керек. Бұл жерде ненің, дұрыс ненің бұрыс екенін бүкіл әлемдегі достықта емес, одан жоғары қарау позициясы анық байқалады. Жоғарыдағы айтылғанды ескере отырып, мынаны атап өткіміз келеді: зерттеуімізде біз ұлы державалық патриотизм идеясын үгіттеушілердің позицияларын мақұлдаймыз. 
Қазақстандық патриотизмді еліміздің әрбір азаматтарының санасына сіңіру кезек күттірмейтін мәселе. Біздің зерттеуіміздің негізінде жалпы халықтық патриотизм, халықтық модернизация процесінде белсенді араласуы секілді интегративті қазақстандық патриотизм көрінеді (сурет 1). 














Сурет 1 – Қазақстандық патриотизмнің мәні


Жалпы патриотизм дегеніміз – Отанға деген сүйіспеншілік, мемлекет алдындағы борышын жанқиярлықпен орындау.
Ал Қазақстандық патриотизм - Қазақстан азаматының өзін осы елдің төл баласы нағыз азаматы ретінде сезінгенде, Қазақстанды өзінің туған елі, Отаны деп есептеген жағдайда ғана қалыптасады дей келе Қазақстанның патриоты қандай болу керек екенін белгілесек, онда оның ерекшеліктері мынада:
1. Қазақстанда 130 – дан астам ұлт өкілдері тұрады. Көп ұлтты мемлекет. Барлығы Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне ерекше құрметпен қарайды, шын ниетімен қадірлейді. Қазақстан азаматының Конститутциялық құқығын сақтайды. Әрбір ұлттың Қазақстанды ортақ үйіміз деп санай білуі.
2. Қазақстанда тұратын  барлық халықтар ұлтына қарамай Отанды қорғауға дайын болуы. Қазақстан халықтары ассамблеясында қабылданған барлық шешімдердің іске асуына өз септігін тигізуі.
3. Бұл әрбір азаматтың тек өзінің конституциялық борышын өтеуі ғана емес, сонымен бірге оның жеке басының қалыптасуы және тәрбиелеу мектебінің қалыптасуына ықпал етуі.
4. Қазақстан халықтарын ұлы державалық патриоттық сезімге ұмтылғызу мақсатында қазақстандық ғажайыпқа сендіру, оны мақтаныш еткізу.
5. Қазақстан Республикасының азаматының Отанын қорғауға деген оң көзқарасын қалыптастырып, Қазақстан Республикасының қарулы күштерінің әскер қатарында болатынына ұлттық патриоттық мақтаныш сезімін тудыру. 
6. Қазақстан Республиканың әскери доктринасына сай Қазақстан халқының мүддесін көздеуде патриоттық сезімдерін ояту.
Әрбір халықтың тарихи өмірінде қол жеткізген ең құнды дүниелері – рухани және адами қасиеттер, құлықтылық (моральдық нормалар) үлгілері бар. Сондықтан да әрбір жаңа ұрпақ үшін мәнді тәрбие-ұлттық тұрғыдағы тәрбие үлгісі болып табылады. ¤йткені, мұнда тәрбиенің негізін замандар бойы қалыптасып келген асыл рухани құндылықтар және биік ізеттілік пен құлықтылық тұрғысындағы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып жататын, адамның адамдық қасиетін нығайтып әрі асылдандыра түсетін, халықтың даналық өмір–салтынан туындап отыратын бұлжымас ережелер мен қағидалар құрайды. Ұлттық тәрбие – адам өмірінің алтын арқауы. Ұлттық тәрбие жалпы –адамзаттық рухани құндылықтарды жоққа шығармайды, қайта солармен үндесіп жатады. Бұлар бір-бірін байытып, құнарландырып отырады. ¦лттық тәрбиеден тереңдеп нәр алған адам – рухани бай адам. Ондай адам жалпы адамзаттық тұрғыдан мәдени және рухани құндылықтарды бойына тезірек сіңіреді, сөйтіп, толық әрі кәміл адам дәрежесіне тезірек жетеді. ¦лттық менталитет – тұнып тұрған рухани қазына. Халықтың тілі мен мәдениеті болсын, салт-дәстүрі мен наным-сенімі болсын – мұның бәрі де әрбір халық үшін асыл да қымбатты рухани дүниелер. Әсіресе, наным-сенімнің әрбір халықтың өмірінде алатын орны өзгеше.
Ұлттық тәлім-тәрбиенің дамуы мен қалыптасуына үлкен үлес қосқан қазақтың көптеген зиялы оқымыстылары жеке басқа табынудың құрбаны болды, қудалауға түсті. Мұның өзі ұлт мәдениетінің өсуін үлкен тежелуге әкеліп соқтырды. Халық педагогикасы жөнінде ғылыми-зерттеулер жүргізуге шек қойылды. Ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеу, өмірге енгізу санадағы ескінің сарқыншағы деп бағаланды. Халықтық дәстүрлер өзінің қоғамдық мәнін жойып, отбасылық мәнге ғана ие болды. Оның өзі бертін келе, мектеп, жоғарғы оқу орындарының тәрбие жұмыстарының негіздеріне кірді. Тәрбиелік жұмыстар коммунистік идеологияға негізделіп, оқу-тәрбие жұмыстары негізінен орыс тілінде жүргізілуіне байланысты қазақ тілі біртіндеп өмірден шеттеле бастады.


Похожие материалы

Рахмет ретінде астында тұрған жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!

Категория: Қазақша курстық жұмыстар | Добавил: Admin
Просмотров: 2159 | Загрузок: 234 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]