Приветствую Вас Гость • Регистрация • Вход • RSS
Вторник, 6.12.2016
Главная » Файлы » Қазақша рефераттар » География [ Добавить материал ]

ОРХОН, ЕНИСЕЙ, ТАЛАС ЕСКЕРТКIШТЕРI


Оқушылар,студенттер,мұғалімдер,сайт қолданушылары өз материалыңызбен бөліссеңіз қуанышты болатын едік!

[ Скачать с сервера (527.5Kb) ] 21.02.2014, 15:44
Жұмыстың жалпы сипаттамасы

Зерттеудің өзектiлiгi. Жалпытүркілік тектілден (протоязык) өрбіп, өзара тоғысу, қайта ыдырау тәрізді тілдік үдерістерді бірнеше мәрте басынан өткізген, өзіндік ерекшеліктерімен, бітім-болмысымен сараланатын, сан ғасырлық дербес даму жолынан өтсе де жалпытүркілік табиғатын сақтап келе жатқан қазіргі түркі тілдерінің қалыптасу ерекшеліктерін, өзара туыстық деңгейін анықтауға арқау болып отырған құнды тілдік дерек – ҮІI-ІХ ғасырлардан жеткен көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі. Орхон, Енисей, Талас ескерткiштері тiлi түркi жазба тiлiнiң бiзге жеткен ең көне нұсқасы болғандықтан қазіргі барлық түркі тілдеріне тән басты фонетикалық, грамматикалық заңдылықтардың бағыт-бағдарын, өткен кезеңдердегі қалып-күйін, ортақ лексикалық жүйенің дамуын айқындауға мүмкіндік береді. Көне жазба мұралар тілінің лексикалық құрамы, фонетикалық жүйесі мен морфологиялық, синтаксистік құрылымы, стильдік ерекшелігі қазіргі түркі тілдерінен де көрініс тауып отыруы тек табиғи-генеалогиялық сабақтастықты ғана көрсетіп қоймайды, жалпытүркілік рухтың, тілдік сананың беріктігіне де дәлел бола алады. Түркi халықтарының ұлттық-мәдени болмысын, тарихи-әлеуметтiк сипатын танытуға қызмет ететiн жалпытүркiлiк танымды жаңғыртып, түркi жұртшылығы арасындағы рухани үйлесiмдiлiк пен тарихи тұтастықты сақтауға жол ашады. Бұл көне түркi жазба мұраларын зерттеудiң тек түркiлiк тiлтану ғылымында ғана емес жалпы түркi әлемi аясындағы өзектi мәселе екенiн көрсетедi.
Көне түркі дәуірінде өмір сүріп, артына мол жазба мұра қалдырған мемлекеттік деңгейдегі түркілік бірлестіктер тек этникалық негізде ғана емес,  географиялық-аумақтық негізде де құрылғаны тарихтан белгілі. Кең байтақ аумақты алып жатқан түркі елі өзіндік тілдік ерекшеліктері бар бірнеше түркі этникалық топтарын қамтығанын, сол көне тайпалардың қазіргі түркі халықтарының этностық құрамына шашырай таралғанын ескерсек, көне түркі жазбаларының барлық түркі халықтарына ортақ жәдігер, ортақ құндылық екені анық. Көне тілдің ерекше белгілері қазіргі тілдердің тек біреуінен ғана емес, әр топтағы бірнеше тілдерден көрініс беруі де кезінде өзiндiк диалектiлiк ерекшелiктерi бар жалпытүркілік ортақ жазба әдеби тілінің қолданыста болғанының куәсі. Сондай-ақ әрбір мемлекеттік деңгейдегі тайпалық бірлестіктер құрамындағы саны жағынан басым топтардың немесе билеуші тайпалардың тілі де басымдыққа ие болатынын естен шығармау керек. Соған орай, көне түркілердің қазіргі мұрагерлерінің көне түркі жазба ескерткіштеріне қатысы қаншалықты дәрежеде, үлес-салмағы қандай деген мәселелердің туындауы да заңды. Қазіргі түркі тілдерінің ішінде көне түркі тілінің фонетикалық, лексика-грамматикалық құрылымын дәлме-дәл қайталайтын бірде-бір тіл жоқ. Тіл үнемі даму үстіндегі құбылыс болғандықтан, бұл – табиғи лингвистикалық заңдылық. Сондықтан ҮII-ІХ ғасырлардағы көне түркі елінің ортақ әдеби тіліне арқау болған тайпа тiлiн немесе диалектісін анықтау көне жазба мұралар тілін қазіргі түркі тілдерімен бірден жеке-дара салыстыру негізінде емес, сол дәуірлерде өмір сүріп, түркі қағанаттарының құрамында болған көне тайпаларға тікелей қатысы бар қазіргі түркі тілдерінің макротоптарын құрайтын бірнеше тілдер деректері негізінде қарастырса нәтижелі болмақ. Сондай түркілік макротоптардың бірі – көне түркі бірлестіктерінің құрамында болған көне қыпшақ тайпаларымен тікелей генетикалық-тарихи жалғастықта қалыптасқан, қазіргі түркі тілдерінің қыпшақ тобын құрайтын – қазақ, қарақалпақ, ноғай, татар, қырым татарлары, башқұрт, құмық, қарайым, қарашай-балқар халықтарының тілдері. Орхон, Енисей, Талас ескерткiштерi тiлi мен қазiргi қыпшақ тiлдерi салыстырмалы-тарихи негiзде арнайы зерттеу нысаны ретiнде алынбауы көне мұралар тiлiн оғыздық, ұйғыр-оғыздық, қырғыз-қыпшақтық сипатта тануды қалыптастырып, батыс қыпшақ тiлдерiне қатысы күңгiрт қалып отыр, бұл жұмыстың өзектiлiгiнiң тағы бiр қырын анықтайды.
«Ескерткіш тілін зерттеудің көп жолының тиімді де нәтижелі бір жолы – ол түбі бір түркі тілінің түбіріне тереңірек үңілу» (Ә. Қайдар) ескерткіштер тілі мен қазіргі түркі тілдеріндегі моносиллабтардың фоно-морфо-семантикалық ерекшеліктерін айқындау. Орхон, Енисей, Талас көне түркі жазбаларының тілі мен қазіргі қыпшақ тілдеріндегі бір буынды түбір-негіздердің тұлғалық ерекшеліктерін анықтау аталған тілдердің дыбыстық жүйесін, морфологиялық құрылысы мен семантикалық құрылымын тереңірек тани түсуге жол ашады. Түркi тіл біліміндегі түбiртану өзiндiк тарихы бар, жан-жақты талданған сала болғанымен, түбiр сөздердiң құрылымдық типтерiн анықтауда әлi даулы мәселелердiң болуы да ескерткiштер тiлiн моносиллабтық деңгейде саралаудың көкейкестiлiгiн көрсетiп, зерттеу жұмысының өзектiлiгiн танытады.
Соңғы жылдары тіл біліміндегі когнитивті бағыттың, тіл бірліктерін танымдық тұрғыдан зерделеу мәселесінің жандана бастауына орай мазмұн мен мағынаға ерекше мән беріліп, сыртқы тұлға, оның тарихи өзгерістері назардан тыс қалып жатқаны да белгілі. Шын мәнінде туыс тілдердегі сабақтастық гомогенді түбірлер мен түбір-негіздердің тұлғалық сәйкестіктерін олардың мазмұнымен, архитұлға мен архисеманың лингвогенездік негізімен, алғашқы дыбыстық тіл бірліктерінің акустикалық қалып-бейнесі мен идеялық бейнесін тұтастықта қарағанда ғана айқын ажыратылады. Сондықтан түркi тiлдерiндегi моносиллабтарды құрылымдық-жүйелiлiк, тарихи-салыстырмалы және антропоцентристiк парадигмаларды ұштастыра отырып зерттеу де қазіргі тіл білімінің даму бағытына сәйкес көкейкестi мәселелердiң бiрi.
Зерттеу нысаны – Орхон, Енисей, Талас ескерткiштерi мен қазiргi қыпшақ тiлдерiндегi бiр буынды түбiрлер мен түбiр-негiздердiң құрылымы; моносиллабтар құрамындағы фоно-корреляттар.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен мiндеттерi. Зерттеу жұмысының мақсаты Орхон, Енисей, Талас ескерткiштерi тiлiндегi бiр буынды түбiр-негiздердi қазiргi қыпшақ тiлдерiндегi сәйкес нұсқаларымен салыстыра отырып, түркi тiлдерiнiң көне түркiлiк қабатындағы түбiрлер жүйесінің  құрылымдық модельдерiн нақтылау,  көне жәдiгерлер тiлi мен қыпшақ тiлдерiнiң  қатыс-дәрежесiн моносиллабтар құрамындағы фоно–корреляттар негізінде анықтау. Осы мақсатқа орай мынадай мiндеттердiң шешiмiн табу көзделедi: 
– Орхон, Енисей, Талас ескерткiштерiнiң тілдік тұрғыдан зерттелу деңгейiн саралау;
– ҮII-ІХ ғасыр түркi жазба ескерткiштерi тiлi мен қазiргi қыпшақ тiлдерiн моносиллабтық деңгейде салыстыра зерттеудiң тарихи-лингвистикалық негiзiн көрсету;
– ескерткiштер тiлi мен қыпшақ тiлдерiндегi ортақ моносиллабтық жүйенi анықтау;
– V және СV модельдерiнің түркілік  моносиллаб концепциясындағы тарихи орнын зерттеу нысанына сәйкес YII-IX ғасыр ескерткіштері және қазіргі қыпшақ тілдері деректері негізінде бағамдау; 
– VС, СVС, VСС, СVСС модельдi моносиллабтардың тарихи эволюциясы мен өзгерiстерiн түбірлес сөздер аясындағы табиғаты негізінде шамалау;
– көне түркi және қыпшақ тiлдерi моносиллабтар жүйесiндегi тарихи дыбыс сәйкестiктерiнiң толық құрамын көрсету;
– ескерткiштер тiлiнiң өз iшiндегi және қыпшақ тiлдерiнiң бiрi – қазақ тiлiнiң iшiндегi дыбыс сәйкестiктерiн салыстыру арқылы көне түркі тілі мен қазіргі қыпшақ-ноғай тілдері моносиллаб жүйесіндегі ортақ фонологиялық  заңдылықтарды анықтау;
– дыбыс сәйкестiктерiнiң фоно-семантикалық қырларын V, VС, СV модельдерi негiзiнде зерделеу;
– моносиллабтар дамуындағы тұлға мен мазмұн үйлесiмдiлiгiн құрылымдық– жүйелілік, тарихи– салыстырмалы, антропоцентристік парадигмаларды ұштастыра отырып бағалау;
– көне түркiлер мен қазақтардың таным ортақтығының тiлдегi бейнесiн анықтаудағы моносиллабтық деңгейдің мәнін көрсету;
– көне түркi және қазақ тілдері ономажүйесіндегі ортақ моносиллабтық негiздiң этно-мәдени қырлары арқылы ескерткіштер тілі мен қазақ тілінің (қыпшақ тілдерінің) сабақтастығын көрсету.
Зерттеу жұмысының дереккөзi. Орхон ескерткiштерi – Бiлгеқаған, Күлтегiн, Туниқуқ, Күлi Чор, Мойун Чур, Онгин жазбаларының, Енисей ескерткiштерi – Уюк-Тарлақ, Уюк-Аржан, Барык жазбаларының, Талас өңiрiнен табылған Айыртам-ой ескерткiштерiнiң, Шу, Талас бойынан табылған басқа да шағын жазбалардың мәтiндерi (В.Радлов, П.Мелиоранский, С.Малов, Ғ.Айдаров,  А.Аманжолов, Қ.Сартқожаұлының оқылымдары мен аудармалары бойынша); И.А.Батманов, З.Б.Арагачи т.б. авторлардың «Современная и древняя Енисейка» (1962), «Древние тюркские диалекты и их отражение в современных языках. Глоссарии. Указатель аффиксов» (1971), Д.Д.Васильевтiң «Корпус рунических памятников Енисея» (1983), «Древнетюрский словарь» (1969), Э.В.Севортянның «Этимологический словарь тюркских языков» (1974, Т.I; 1978, Т.II; 1980, Т.III, 1989, Т.IҮ), Л.З.Будаговтың «Сравнительный словарь турецко-татарских наречий» (1869, Т.1; 1871, Т.2.), В.Вербицкийдiң «Словарь алтайского и аладагского наречий тюркского языка» (1884, 2-басылымы, 2005), М.Қашқаридың «Девону луғат-ит түрк» (Муталибов, 1960, Т.1; 1961, Т.II; 1963, Т.III), Ә.Құрышжановтың «Исследование по лексике старокыпчакского письменного памятника ХII в. "Тюркско-арабского  словаря”» (1970) еңбектерiндегi деректер; Қазақ тiлiнiң  түсiндiрме сөздiгi, 10 томдық (1974, 1976, 1978, 1979, 1980, 1985, 1986), I.Кеңесбаевтың «Қазақ тiлiнiң фразеологиялық сөздiгi» (1977), «Қазақ тiлiнiң диалектологиялық сөздiгi» (1996), сондай-ақ қарақалпақ, ноғай, татар, башқұрт, қырғыз, құмық  т.б. тiлдердің түсiндiрме, диалектологиялық және екi тiлдi сөздiктерi қолданылды.
Зерттеудiң әдiс-тәсiлдерi. Жұмыста зерттеудiң лингвистикалық әдiс-тәсiлдерiнiң бiрнеше түрi пайдаланылды. Олардың негiзгiлерi – дәстүрлi сипаттама әдiсi, тарихи-салыстырмалы, диахронды-синхрондық, типологиялық салыстыру әдiстерi, морфемдiк-компоненттiк талдау, ретроспективтi талдау тәсiлдерi, тарихи-семантикалық, этимологиялық, семасиологиялық, танымдық-логикалық талдау әдiстерi.
Зерттеудiң ғылыми жаңалығы. Жұмыста Орхон, Енисей, Талас ескерткiштерi тiлiнің моносиллабтық деңгейі арнайы зерттеу нысаны ретінде алынды, әрi көне түркiлiк моносиллабтардың тұлғалық ерекшелiктерi қыпшақ тiлдерi аясында алғаш рет арнайы қарастырылып отыр.
–Орхон Енисей Талас ескерткіштері деректері негізінде  ҮII-ІХ ғасыр түркiлерi тiлiнiң моносиллабтық жүйесі анықталды;
– ескерткiштер тiлiмен салыстырыла отырып, батыс қыпшақ тiлдерi ортақ моносиллабтық жүйесiнің көне түркілік қабаты  жіктелді;
– көне түркi тiлiндегi моносиллабтардың құрылымдық типтерiнiң тарихи даму бағыты айқындалды;
– ескерткiштер тiлi мен қазiргi қыпшақ тiлдерi моносиллабтар жүйесiндегi дыбыс сәйкестiктерiнiң  толық құрамы ажыратылды;
– ескерткiштер тiлiндегі қыпшақтық белгілер ҮII-ІХ ғасыр түркiлерi тілі мен қыпшақ-ноғай топшасындағы тiлдердiң өзара жақындығын көрсететiн моносиллабтар құрамындағы дыбыс сәйкестiктерi негізінде дәлелденді;
– V, СV модельдi моносиллабтар құрамындағы фоно-корреляттардың сөз мағынасына ықпал ету мүмкiндiгi бастапқы архетиптердiң полифонды және полисемалы болып келуiмен байланысты құбылыс екені анықталды;
моносиллабтар дамуындағы тұлға мен мазмұн үйлесiмдiлiгiн қалыптастырудағы фоно-корреляттардың мәні ашылды; 
ескерткiштер тiлi мен қазақ тiлi онимдік жүйесiнiң ортақ моносиллабтық негiзi лингво-танымдық сабақтастықтың көрiнiсi ретінде бағаланды;
– ескерткiштер тiлінiң қыпшақ-оғыздық сипаты  зерттеу мақсаты мен нысанына сәйкес фоно-корреляттар негізінде дәйектелді;
Зерттеу жұмысының теориялық маңызы.
Тақырыптың теориялық маңызын жұмыстың өзектiлiгi айқындайды. ҮII-ІХ ғасыр ескерткiштер тiлi мен қазіргі қыпшақ тiлдерiнiң моносиллабтық жүйесінiң негiзiн анықтап, олардың құрылымдық модельдерiнiң даму эволюциясы мен тарихи орнын саралау түркілік моносиллаб концепциясын теориялық тұрғыдан дәйектеп, түбіртанудың күрделі мәселелерін шешуге, жалпытүркілік түбірлер корпусын сомдауға септігін тигізеді. Қазiргi түркi тiлдерiнiң үлкен бiр бұтағын құрайтын қыпшақ тобындағы тiлдер мен көне түркi мемлекеттерi қалдырған жазба ескерткiштер тiлiн моносиллабтық деңгейде зерделеу тарих пен тіл сабақтастығы арқылы жалпы түркiлерге тән онтологиялық, семасиологиялық стереотиптердi модельдеуге жол ашады.
Зерттеу жұмысының практикалық мәнi. Зерттеу  материалдары мен тұжырымдары жоғары оқу орындарында түркiтануға кiрiспе, көне түркi тiлi, түркi тiлдерiнiң салыстырмалы грамматикасы, қазiргi түркi тiлдерi, қазақ тiлiнiң тарихи грамматикасы пәндерi бойынша ғылыми курстардан дәрiс оқуда,  қыпшақ тiлдерiнiң тарихи морфологиясы, тарихи дыбыс өзгерiстерi, түбiр мәселелерi бойынша арнайы курстар мен арнайы семинарлар өткiзуге, көмекшi оқу құралдарын дайындауда септiгiн тигiзедi. Сондай-ақ жинақталған тiлдiк материалды тарихи этимологиялық зерттеулер мен лексикографиялық еңбектерде де пайдалануға болады.
Зерттеу жұмысы бойынша қорғауға ұсынылатын негiзгi тұжырымдар:
– Орхон, Енисей, Талас ескерткiштерi тiлi мен қазiргi қыпшақ тiлдерiн салыстыра зерттеу негізінде моносиллабтардың құрылымдық ерекшеліктерін анықтаудың тарихи-лингвистикалық негiзi бар;
– қазiргi қыпшақ тiлдерiнiң көне қыпшақ тiлiмен генетикалық байланысын сипаттайтын белгілердің  және қыпшақ тiлдерiн классификациялаудың шарттылығын зерттеу барысы көрсетіп отыр;
–  ескерткiштер тiлi лексикасының негiзiн құрайтын моносиллабтар  қазiргi қыпшақ тiлдерi моносиллабтық жүйесiнде толық сақталған;
– ескерткiштер тiлiндегi СVС, СVСС, VС, VСС модельдi моносиллабтар түркі түбірінің архетипі бола алмайды;
– V, СV модельдi моносиллабтардың архитұлғасы мен архисемасы бiрнеше вариантты қамтитын полифонды, полисемалы болып келедi, олардың тұлғалық өзгерiстерi о бастағы көп мағыналы архитұлғаның варианттары ретінде семасиологиялық-онтологиялық даму барысында дербес мағыналық реңктерге ие болған;
– салыстырмалы тілдік деректердегі СVС, СVСС, VС, VСС модельдi моносиллабтар  құрамындағы соңғы дауыссыздар мағынаны нақтылаушы, даралаушы қызмет атқаратын идео-сема-фондар;
– моносиллабтар дамуындағы тұлға мен мазмұн үйлесiмдiлiгiн фоно-корреляттар қамтамасыз етеді;
моносиллабтардың тұлғалық парадигмасы мен семантикалық деривациясы таным ортақтығының көрсеткiшi;
YII-IX ғасыр ескерткіштері тілі мен қыпшақ- ноғай топшасындағы тілдердің өзара жақындығын моносиллабтар құрамындағы тарихи дыбыс сәйкестіктері айқындайды.
– ескi қыпшақ-оғыз тiлi, қазіргі қыпшақ тілдері Орхон, Енисей, Талас ескерткiштерi тiлiмен тiкелей сабақтастықта дамыған тарихи мұрагерлері. 
Зерттеудiң талқылануы мен жариялануы. Диссертацияның негiзгi мазмұны мен бағыттары, басты тұжырымдары бойынша  «Байырғы түркi өркениетi: жазба ескерткiштер» (Астана, 2001), «Байырғы түрк мұралары қазақ мәдениетiнiң түпнұсқасы» (Астана, 2002),  Ә.Т. Қайдардың туғанына 80 жыл толуына орай ұйымдастырылған  «Академик Ә.Т.Қайдар және тiл бiлiмiнiң мәселелерi» (Алматы, 2004), Академик Ә.Марғұланның туғанына 100 жыл толуына арналған «Уақыт ұштастырған желi: көшпелiлер әлемi ХХ ғасырдағы тарих ғылымында» (Астана, 2004), «Көне түркi жазба ескерткiштерi: жазу мәдениетiнiң бастаулары, тiлдiң даму құбылыстары» (Астана, 2005), Т.Р.Қордабаевтың туғанына 90 жыл толуына арналған «Тiлтанудағы тұлға» (Қарағанды, 2005), «Азаттық идеясының қазақ әдебиетiндегi көрiнiсi: әдiснама, таным, көркемдiк» (Астана, 2006), Ә.Қоңыратбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Ежелгі түркі өркениеті және Қорқыт ата мұраларын зерттеудің өзекті мәселелері» (Қызылорда, 2006), «Ғасырлар тоғысындағы түркі өркениеті: саясат, экономика және мәдениет» (Орал, 2007) «Отандық түркология: мәселелер, iзденiстер, нәтиже» (Астана, 2007) атты халықаралық ғылыми-теориялық, ғылыми-практикалық конференцияларда; «Қазақ терминологиясы және бұқаралық ақпарат құралдары» (Астана, 2003), «Н.Оңдасынов – Қазақстанның көрнектi мемлекет және қоғам қайраткерi» (Астана, 2004), «Қазақ ономастикасының өзектi мәселелерi» (Астана, 2005), «Қазақ ономастикасы мен терминологиясының өзектi мәселелерi» (Астана, 2005),  «А.Байтұрсынұлы оқулары» (Астана, 2006) атты республикалық ғылыми-теориялық, ғылыми-практикалық конференцияларда баяндалды; республикалық басылымдар мен ғылыми жинақтарда 30-дан аса мақала жарияланды; «Қазақ жазуының тарихи негiздерi» (Астана, 2002. –123 б.), «Қазақ тілі» (Астана 2001. -208 б.) оқу құралдары, «Түркi филологиясына кiрiспе» (Астана, 2004. –144 б.) оқу-әдiстемелiк құралы, «Тарихи дыбыс өзгерiстерi» (Астана, 2003 –184 б.), «Көне түркiлер тiлi мен қазiргi қыпшақ тiлдерiнiң моносиллабтық негiзi» (Алматы, 2007. –250 б.) атты монографиялар жарыққа шықты; ҚР БҒМ А.Байтұрсынұлы атындағы Тiл бiлiмi институты жанындағы «Лингвистикалық жұма» ғылыми-әдiстемелiк семинарында баяндама жасалды (2006). Жұмыстың қолжазбасы А.Байтұрсынов атындағы Тіл білім институтының  тіл тарихы және диалектология бөлімінің кеңейтілген мәжілісінде талқыланып, қорғауға ұсынылды.
Диссертация құрылымы. Жұмыс кiрiспеден, бес тараудан, қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тiзiмiнен тұрады.

ЖҰМЫСТЫҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ

       Дисертациялық жұмыстың кіріспесінде тақырыптың өзектілігі, зерттеу нысаны айқындалып, мақсат, міндеттері белгіленді. Зерттеудің ғылыми жаңалығы, теориялық және практикалық құндылығы көрсетіліп, әдіснамалық негіздері мен қорғауға ұсынылатын тұжырымдар туралы мәлімет берілді. 
Дисертацияның «Көне түркi жазба ескерткiштерi тiлi мен қазiргi түркi тiлдерiндегi моносиллабтарды зерттеудiң теориялық-методологиялық және тарихи негiзi» деп аталатын І тараудаVII–IX ғасыр  көне түркі жазбалары жайлы қысқаша мәлімет беріліп, ескерткіштердің лингвистикалық  тұрғыдан зерттелу деңгейі анықталады. Орхон, Енисей, Талас жазбалары  тілін қазіргі қыпшақ тілдерімен сабақтастыра қарастырудың  тарихи – лингвистикалық негізі дәйектеліп, түркілік түбіртанудың теориялық – методологиялық негіздері сараланады. 
Орхон-Енисей, Талас жазба ескерткіштерін зерттеудің бастапқы кезеңі негізінен рунологиялық, текстологиялық мақсаттарға, мәтіндерді оқып, транслитерациялау, аудару жазудың генезисi мәселелеріне арналса, таза лингвистикалық тұрғыдан зерделеу ХХ ғасырдың алғашқы жылдарынан басталады. Көне түркі жазба мұраларының тілін зерттеудің көш басшысы В.В.Радловтың ескерткіштер тілінің фонетикалық жүйесі, морфологиялық құрылымы жайлы, көне түркі тілі мен қазіргі түркі тілдерінің агглютинациялық табиғаты, аффикстердің шығу тарихы туралы құнды пікірлері түркітану ғылымының ғылыми қағидаларына айналып, кейінгі зерттеушілердің бағдаршамы қызметін атқаруда. П П.М.Мелиоранскийдің көне түркі жазбалары тілінің фонетикалық жүйесі, лексика-грамматикалық құрылымы жайлы зерттеулері қазіргі түркі тілдерінің тарихи грамматикасының қалыптасуына негіз болды,  ескерткіштер тіліндегі  синкретикалық жұптардың күрделі табиғаты туралы алғаш пікір білдірген ғалым түркі түбірлерінің полисемялық сапасы жайлы тұжырымдардың теориялық негізін қалады. А.Н.Самойлович түркі тілдерін жіктеуде негіз тіл ретінде Орхон-Енисей жазбаларының тілін алып, ескерткiштер тiлiнiң фонетикалық белгілерін жіктеудің басты критерийі ретінде қолданды. Осы тұрғыдан алып қарағанда А.Н.Самойлович Орхон-Енисей жазбаларының тілін түркі тілдерінің тарихи-салыстырмалы грамматикасында қолданудың методологиялық қырларын жетілдіруге үлес қосқан ғалым. 
С.Е.Маловтың қажырлы еңбегінің нәтижесінде көне түркі тілінің теориялық іргетасы қаланды. Ғалым ескерткіштер тілінің фонетикалық жүйесіне  талдаулар жасау негізінде түркі тілдерінің тарихи–хронологиялық  жіктемесін ұсынып, lt, nt, nč  үнді–қатаң  дауыссыздар  тіркесін, γ, g   дыбыстарының сақталуын көне  құбылыстар ретінде қарастырса [1, 5-7], 1958, 1959 жылдары жазылған кейінгі еңбектерінде көне түркі тілінің диалектілік  ерекшеліктеріне сараптама жасайды  И.А.Батмановтың көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі жайлы зерттеулері көне түркi ескерткіштері тілі деректерін жинақтап, жүйеге түсіруімен ,сөздiгiн түзуiмен,дыбыстардың комбинаторлық өзгерістерін, лексикалық сәйкестіктерді, лексикалық–тақырыптардың  ортақтығы мен айырмашылықтарын саралап беруімен құнды болса [2.], В.М. Насиловтың еңбектері өзіне дейінгі зерттеушілер көп бара бермеген ескерткіштер тілінің синтаксистік құрылымы, сөздердің байланысу тәртібі, сөз тіркестерінің жасалуы, сөйлем мүшелерінің орын тәртібі мен ойды жеткізудегі қызметіне айрықша мән беруімен ерекшеленеді [3]. ҮІІ-ІХ ғасырдағы көне түркі жазба ескерткіштерінің тілін оғыз, ұйғыр, қырғыз, қыпшақ басқа да көне түркі тайпалары бірдей қолданған әдеби қалыпқа түскен тіл ретінде қарастырған Э.Р.Тенишевтің «у огузов и кипчаков эти были j – языки, у уйгуров d – язык, у киргизов z – язык» [4,165] деген пікірі аса маңызды. Ескерткiштер тiлiнiң грамматикасын түзу барысында көне түркi тiлiндегi түбiрлердiң фонетикалық құрылымы, бiр буынды етiстiк – есiм омонимиясы, сөзжасамның фонетикалық тәсiлi тәрiздi түркiлiк түбiртанудың маңызды мәселелерiне арнайы тоқталған зерттеушi көне түркi түбiрiнiң ең шағын тұлғасы дауысты, дауыссыз – дауысты, дауысты – дауыссыз құрылымды түбiрлерден тұратындығын көрсетеді, қазiргi түркi тiлдерiне кеңiнен таралған дауыссыз – дауысты – дауыссыз дыбыстардан тұратын үш құрамды моносиллабтарды Э.В.Севортян, Б.М.Юнусалиев тәрiздi белгiлi түркологтар негiзiн қалаған грамматикалық синкретизм немесе етiстiк – есiм мәндi түбiр-негiздер мәселесiне қатысты қарастыруды қолдайтынын бiлдiредi [5, 76]. Көне түркі жазба ескерткіштері тілінде көне оғыз, көне ұйғыр тілдерінің ықпалы сақталғанын көрсеткен Н.А.Баскаков Орхон, Енисей жазбаларын  көне оғыз және көне қырғыз  тілдерімен байланыстырса, манихей жазбаларынан көрініс беретін көне ұйғыр тілін п  диалектісіне және j диалектісіне жіктейді  [6, 165-166].  В.Г.Кондратьев көне оғыз ескерткіштерінде де, көне ұйғыр ескерткіштерінде де Орта Азияда жүздеген жыл бойы  қолданылған біртұтас түркі тілі  сақталған деп санайды. [7, 26].  
Көне түркі мұраларының тілі жайлы алғаш пікір айтқан қазақ ғалымдарының бірі – С. Аманжолов ҮII-ІХ ғасыр ескерткіштер тiлi негіз тіл ретінде барлық түркі тілдері жайлы тарихи-салыстырмалы зерттеулердің тіні, арқауы қызметін атқаруы қажеттігін көрсетеді [8, 131-133].  Көрнекті түрколог-лингвист  Ғ.Айдаров көне түркі жазбалары мәтінінің қазақ тіліндегi лингвистикалық аудармасын жасаған әрі көне түркі тілі мен қазақ тілінің сөздігін түзген, көне түркі тілінің грамматикасын қазақ тілінде жазған тұңғыш ғалым. Түркі рунологиясында өзіндік орны бар А.Аманжоловтың еңбектері тек рунолог ретінде көне мәтіндерді оқып, транслитерациялау, аудару, жазудың генезисін зерттеу ісінде сіңірген қажырлы еңбегімен ғана емес, көне түркі тілі деректері негізінде жалпы түркі тілдерінің тарихи грамматикасының күрделі теориялық мәселелері жайлы, көне түркі тілінің диалектілік ерекшеліктері туралы тұжырымдарымен, сөз этимологиясын ашудағы дәйекті ой-пікірлерімен де құнды. Қазақ тіл біліміндегі А.Есенқұлов, Е.Ағыманов, Қ.Өмірәлиев, М.Томанов, Ә.Құрышжанов, Т.Қордабаев т.б. сынды белгілі ғалымдардың көне түркі жазба мұраларының тілі жайлы әр жылдары айтқан ой-пікірлері ескерткiштер тiлi мен қазақ тiлiн салыстыра зерттеудiң теориялық-әдiснамалық негiзiн қалыптастырып, түркiтану ғылымына қосылған қомақты үлес болды. Жалпы көне түркi ескерткiштерiнiң лингвистикалық тұрғыдан кеңiнен зерттелуi өткен ғасырдың 50-90 жылдары аралығына сәйкес келедi. Осы кезеңде Орхон, Енисей, Талас ескерткiштерiнiң жекелеген мәселелерi жөнiнде, қазiргi түркi тiлдерiне қатыс-дәрежесi, сабақтастығы жайлы бiрнеше диссертациялар қорғалып, көптеген мақалалар мен iрi монографиялар жазылды.
ҮІІІ ғасырдың мұрасы Мойун-Чур ескерткішінде түрік-қыпшақтардың елу жыл қағанат басында отырғаны жайлы деректің сақталуы қазіргі қыпшақ тілдерін көне мұралар тілімен сабақтастықта қарастырудың тарихи негізін көрсетеді, осы дерек негізінде қыпшақтар ҮІІ ғасырдың соңында-ақ көне түркі тайпалары ішіндегі  дербес те  беделді ірі тайпалардың бірі болғанын байқаймыз.
ХI-ХҮ ғасыр аралығындағы қыпшақ тiлiнiң деректерiнен мәлiмет беретiн мол жазба ескерткiштер қоры жинақталып отыр, олардың iшiнде қыпшақ тiлiнiң табиғатын терең танытатын грамматикалық, лексика-грамматикалық, лексикографиялық-грамматикалық еңбектер де бар. Орта ғасыр түркi ескерткiштерiн жинау, жариялау, оқу, аудару, тiлiн зерттеу мәселелерiнiң көш басында Г.Ю.Клапрот, В.В.Радлов, П.М.Мелиоранский, А.Н.Самойлович т.б. тәрiздi ұлы тұлғалар тұрса, кеңестiк дәуiрде, одан кейiнгi кезеңде орта ғасыр ескерткiштерiнiң лингвистикалық тұрғыдан жан-жақты зерттелуi Э.Н.Наджип, А.К.Боровков, Э.Фазылов, А.М.Щербак, Ә.Құрышжанов. Б.Сағындықұлы, А.Ибатов, Р. Сыздық, Ә.Керiмов, Т.И.Грунин, А.Н.Гарковец сынды т.б. зерттеушiлердiң есiмдерiмен байланысты. Аталған мәселе бойынша еңбек етiп жүрген кейiнгi буын өкiлдерiнен С.Құдасов, М.Сабыр, С.Дүйсенов т.б. зерттеушiлердiң еңбегiн атауға болады. Орта түркi жазба мұраларының тiлiн талдау нәтижелері оғыз, қыпшақ тілдері сараланып шыққанға дейін жалпытүркілік қыпшақ-оғыздық, оғыз-қыпшақтық жағдайдың орныққанын көрсетіп бергені белгілі. Орта түркi  дәуiрiнiң алдындағы көне түркi жазба ескерткiштерi тiлi мен орта түркi дәуiрiнен кейiнгi дәуiрде қолданылып жүрген қазiргi қыпшақ, оғыз тiлдерi деректерi де қыпшақ  оғыз тiл бiрлестiгiнiң iздерi сақталғанын көрсетедi.
Қыпшақ тобына кіретін тілде сөйлейтін түркі халықтары тіліндегі ортақ белгілердің біразы қыпшақ бірлестігі кезінде қалыптасса, енді біразы Алтын Орда дәуірінде қалыптасып,  көне түркі дәуірінде-ақ өзіндік ерекшеліктері  аңғарыла бастаған қыпшақтық белгілер тереңдей түсті. Қазақ, ноғай, қарақалпақ халықтарының тарихи тамырластығына олардың этникалық құрамындағы ортақ ру-тайпалар, салт-дәстүріндегі, ауыз әдебиеті үлгілеріндегі, жалпы мәдениетіндегі ортақтықтар дәлел бола алады. Әуел баста қыпшақ тілінің  диалектілерінде сөйлеген қазіргі қыпшақ-ноғай  топшасына енетін тілдерді  Алтын Орда, Ноғай ордасы кезіндегі  лингво-этникалық процестер жақындата түсті. Ал қыпшақ-бұлғар, қыпшақ-половец топшаларындағы тілдерде сөйлейтін халықтардың этногенездік тарихында біраз өзгешеліктер бар. Татар, башқұрт, қарашай-балқар, қырым татарлары өз тарихын негiзiнен Ғұн мемлекеті ыдырағаннан кейін қалыптасқан Бұлғар мемлекетімен байланыстырады. Кезінде Н.И. Ашмарин ұсынған «бұлғар-чуваш» теориясына қарсы М.З. Закиев көне бұлғар тілінің жазба мұралары тілінің деректері негізінде бұлғарлар о бастан-ақ  қазіргі татар тілінің кейбір белгілері бар z тілінде сөйлеген, ешқандай ротацизм, ламдаизм белгілері болмаған деген қорытындыға келеді. Ғалым пікірі бұлғар тілі  z тілді оғыз-қыпшақ тілінен жаңа z тілді қыпшақ-оғыз тіліне ауысып, кейіннен қыпшақтық сипат алған дегенге саяды. [9, 110]. Башқұрттардың этникалық құрамындағы угро-финдердің, мадьярлардың үлесіне байланысты қалыптасқан  «мадьяр-башқұрт» теориясы әлi шешiмiн таппай келе жатқан мәселе. Башқұрттардың венгерлiк тегiне негiзделетiн «мадьяр-башқұрт»  теориясын этногенетикалық зерттеулер толық қуаттап отырған жоқ, сондай-ақ башқұрттар құрамындағы мадьяр/мажар компонентін де жоққа шығармайды. Зерттеушілер Орал бойы башқұрттарының, Волга бұлғарларының, ІХ—Х ғасырдағы венгрлердің ортақ этникалық компоненті–түркі тілді мажар-мишарлардың тілі деп таниды  [10, 139-140]. Тарихи әдебиеттерде қарашай-балқарлардың этногенезі, глоттогенезі жайлы түрлі теориялар ұсынылып жүргенімен, олардың көне бұлғарлармен генетикалық байланысын қолдаушылар басым. Қарашайлар мен балқарлардың қыпшақтану процесі  кумандардың біраз бөлігі қарашай-балқарлардың арасына сіңіп кетуімен түсіндіріледі  [11,16-19]. Батыс қыпшақ  тобына жататын  қырым татарлары тілі оғыз ықпалына ұшыраған тілдер  қатарында қарастырылады. Қырымды билеген қыпшақтардың ұрпағы саналатын қырым татарлары тіліне оғыз тілдерінің ықпалы Қырым өлкесінің Түркияға қосылу кезеңінен басталып (1475 жылдары), Қырымды Ресей  патшалығының  отарлауынан  кейін де үзілмеген  [12,26-30]. Шағын этнос – қарайымдар да хун тайпаларының құрамында, кейін бұлғар-хазарлар тобында болып, соңғы кездерде қыпшақтық сипатқа ие болған тілдерге жатады. Құмық тiлiнiң табиғаты жайлы да көзқарастар екi бағытта өрбидi, бiрiншi бағыттағы зерттеушiлер ХIII ғасырға дейiн-ақ қалыптасқан қыпшақ тiлi ретiнде таныса, екiншi топтың пiкiрi монғол шапқыншылығынан кейін қыпшақтық сипаты басымдыққа ие болды дегенге саяды [13,119]. Түркі тілдеріне қатысты барлық жіктемелерді салыстыра қарағанда, қазіргі қыпшақ тобына жататын тілдердің фонетикалық жүйесі мен морфологиялық құрылымының ұқсастығы сол тілде сөйлеуші этностардың генетикалық немесе тарихи жақындығы ғалымдар тарапынан принципті түрде ажыратылатын  пікір қайшылығын тудырмайтынын байқауға болады. Жалпы бір негізден тараған тілдердің өзі де түрлі ішкі, сыртқы факторларға байланысты негіз тілдің белгілерін бірдей дәрежеде сақтай алмауы лигво-эволюцияның заңдылығы. Қазіргі қыпшақ тобына енетін тілдердің  бір бөлігінің негізінде оғыздық сипаты бар көне бұлғар тілінің жатуы, қыпшақтану процессінен кейін де басқа туыстас тілдермен қатынаста болуы олардың лексикалық қорындағы қыпшақтық қабаттың өзгерістерге түсуіне алып келді. Мұндай өзгерістер негізінен сөз тұлғаларындағы дыбыс сәйкестіктері арқылы айқындалады. Қазіргі қыпшақ тілдерінің ішінде қыпшақтық белгі қазақ, ноғай, қарақалпақ тілдерінде, татар диалектілерінде басым екенін зерттеу нәтижелері көрсетіп отыр ( С.Е.Малов, Қ. Жұбанов, Н.Сауранбаев, т.б.). 
Оғыз және қыпшақ тілдерінің дербестік  сипатқа ие болуы тұстас бір тілдің  екіге  жарылуы нәтижесінде емес, бұрыннан  өздеріне тән мүддесін қорғау ыңғайында, яғни өздеріне тән  белгілерді сақтап қалу ыңғайында  қалыптасқанын байқаймыз. Орта ғасырдағы оғыз-қыпшақтық аралас  тілдік  жүйедегі қыпшақ тілдерінің дербестік сапасының  айқындала  бастауы бір ғасыр шеңберінде ғана қалыптасқан құбылыс емес түркi тiлдерi дамуының алғашқы кезеңдерiнде-ақ оғыздық немесе қыпшақтық белгiлердiң сiлемдерi қолданыста болуы әрi олардың арасында дифференциациялық және интеграциялық процестердiң кезең-кезеңiмен бiрнеше мәрте қайталануы да мүмкiн. Сондықтан көне түркi дәуiрi мен орта ғасыр дәуiрiндегi түркi жазба әдеби тiлi арасындағы сабақтастық та аралас тiлдiк жүйе арқылы айқындалады. 
Түркітану ғылымындағы түбір сөз проблемасының зерттелуі өзіндік дәстүрі мен қағидалары қалыптасқан, мақсат-мүддесі айқындалған классикалық сала болып табылады десек те, тілдің негізін құрайтын бір буынды сөздердің табиғаты толық ашылып болмағаны белгілі. Түбір проблемасының күн тәртібінен түспей отыруы алғашқы дыбыстық тілдің сұлбасы байқала бастаған кезден бастау алатын түркі түбірінің бірнеше сатылы даму жолы мен қайшылыққа толы қат-қабат күрделі табиғатына байланысты. Түркі сөздері тұлғасының қарапайымнан күрделіге қарай дамуы басты ерекшелік болғанымен, фонетикалық заңдылықтарға орай кезең-кезеңімен кері процестерді де (ықшамдалу, редукция, элизия т.б.) басынан өткізуі, одан қайта күрделенуі тәрізді мәселелер де түбір табиғатын айқындауда қиындықтар туғызады. Фонетикалық құбылыстар гаплалогия мен редукция, үнемдеу принципi жаңа дыбыс тiркесiмiн, жаңа фонологиялық жағдайды тудырады. Фонетикалық жүйедегi өзгерiстер моносиллабтардың тұлғасына әсер етiп, семантикалық даму барысында қарапайым фонетикалық өзгерiстер фонологиялық құрылымға да ықпал етуi мүмкiн. Осы процестiң нәтижесiнде дыбыс сәйкестiктерiнiң  екiншi дәрежелi фоно-морфо-семантикалық қырлары қалыптасады.  Сөздің шынайы болмысын танып-білу әрдайым тұлға мен мазмұнды бірлікте қарауды талап ететіндіктен жалпы түркі лексикалық қорының негізін құрайтын моносиллабтардың семантикалық дамуы да адам санасымен, дүниетанымымен тікелей байланысты құбылыс ретінде семасиологиялық жүйенің сан қырлы заңдылықтарына орай психо-физиологиялық процестермен өзара сабақастықта жүріп отыруы мәселені одан әрі күрделендіре түседі.


Похожие материалы

Рахмет ретінде астында тұрған жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!

Категория: География | Добавил: Admin
Просмотров: 2724 | Загрузок: 392 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]