Приветствую Вас Гость • Регистрация • Вход • RSS
Четверг, 8.12.2016
Главная » Файлы » Қазақша рефераттар » География [ Добавить материал ]

Қазақстан Республикасының халқы


Оқушылар,студенттер,мұғалімдер,сайт қолданушылары өз материалыңызбен бөліссеңіз қуанышты болатын едік!

[ Скачать с сервера (45.5Kb) ] 22.02.2014, 00:33
Қазақстан Республикасының халқы

Қазақстан Республикасында 1989 жылғы халық санағында 16199,2 мың адам тiркелдi. 1999 жылғы санаққа дейiнгi аралықта Қазақстан халқы 1246,1 мың адамға кемiген. Мұның басты себебi бұрын қуғын-сүргiнге ұшырап, Қазақстан жерiне көшiрiлiп, қоныстандырылған өзге ұлт өкiлдерiнiң, әсiресе, орыстардың, украиндардың, немiстердiң, кавказ халықтарының, т.б. өз ата мекендерiне көшiп кетуi болды. Өсу тек Оңт. Қазақстан, Қызылорда, Атырау облыстарында, Алматы, Астана қ-ларында байқалды. Ерлердiң саны 7201,8 мың болса, әйелдер 7751,8 мыңды құрады.

Соңғы он жылда ұлттық құрамда да айтарлықтай өзгерiс болды. Мысалы, қазақ ұлты 1468,1 мың адамға (22,9%) көбейiп, республика халқының жартысынан астамын (53,4%-ын) құрады. Сондай-ақ, күрд (29,1%-ға), дүнген (23,3%-ға), ұйғыр 15,9%-ға), өзбек (12%-ға) халықтарының саны да өстi. Оның есесiне орыс ұлты өкiлдерiнiң саны 1582,4 мың адамға (26,1%-ға) кемiдi, немiстер 593,5 мың (62,7%), украиндар 328,6 мың (37,5), татарлар 71,7 мың (22,4%), беларусьтер 66 мың (37,1%) адамға кемiген. 1897 ж. бүкiлресейлiк халық санағының мәлiметi бойынша, қазiргi Қазақстан аумағындағы халықтың 80%-ын қазақтар, 12%-ын славян тектес халықтар құраған. 1897 — 1913 ж. аралығында мұндағы халық саны қоныс аударған орыс, украин, беларусь, татар, ұйғыр, дүнген, т.б. шет жұрттықтар есебiнен 1 264,0 мың адамға көбейген. 

Қазақстан аумағындағы халық санының өсу көрсеткiшi мынадай: 1897 ж. 4333 мың адам, 1913 ж. — 5597 мың, 1939 ж. 6082 мың, 1959 ж. 9295 мың, 1970 ж. 13009 мың, 1979 ж. — 14684 мың. Кеңестiк дәуiрде, әсiресе, 1930 жылдан кейiн Қазақстан жерiне сырт өлкеден халық толассыз келумен болды. 1937 — 44 ж. тұтас халықтарды ата жұрттарынан Қазақстан аумағына күштеп көшiру науқаны жүргiзiлдi. 

 1937 ж. алғашқылардың бiрi болып Қиыр Шығыстағы корейлер көшiрiлдi. Олар негiзiнен Қазақстанның оңт. және оңт.-шығыс аудандарына қоныстандырылды. Сол жылы Армения және Әзiрбайжаннан, 1944 ж. Грузиядан күштеп көшiрiлген күрдтер Қазақстан мен Орта Азияға қоныстандырылды. 2-дүниежүз. соғыс қарсаңында КСРО ХКК-нiң 1940 ж. 18 қазандағы қаулысымен Қазақстанға Украина мен Беларусьтiң батыс облыстарынан поляктар көшiрiлiп әкелiндi. Олар Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Павлодар, Солт. Қазақстан, Семей облыстарына iрге тептi. Соғыс басталысымен 1941 ж. КСРО-ның батыс аймақтары мен Едiл бойынан немiс жұртшылығы, сонан соң 1944 — 45 ж. Украинада, Беларусьте, Балтық жағалауында тұратын немiстер көшiрiлдi. 1943 ж. қазанда қарашайлар Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарына, сондай-ақ, Қырғызия мен Өзбекстанға көшiрiлдi. 

Одақтық үкiметтiң 1943 ж. күзде қабылдаған шешiмi бойынша келесi жылдың көктемi мен күзiнде Қазақстанға Солт. Кавказ бен бұрынғы Қалмақ АКСР-нан арнайы қоныс аударушылар Қазақстанға тұрақты мекендеуге көшiрiлдi. 1944 ж. ақпанда Қазақстан аумағына чечендер мен ингуштер жер аударылды, ал наурыз айында Қазақстанның оңт. аймағына және Қырғызияға балқарлар әкелiндi. Л.Берияның "Қырым АКСР-ның аумағынан Кеңеске қарсы элементтердi тазарту туралы” 1944 ж. 13 сәуiрдегi бұйрығымен Қырым татарларын, болгарлар мен гректердi көшiру науқаны жүргiзiлдi. 

 Олар Өзбекстанға және Қазақстанның оңтүстік аймақтарына қоныс тептi. 1944 ж. 13 маусымда Мемл. қорғаныс к-тiнiң қаулысымен Грузиядан көшiрiлетiн арнайы қоныс аударушыларды респ. аумағына қоныстандару туралы Қазақстан үкiметiне өкiм берiлдi. 1944 ж. қарашада Грузиядан Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Талдықорған, Оңтүстік Қазақстан облыстарына месхеттiк түрiктер мен күрдтер күштеп қоныстандырылды. Бұдан кейiн Қазақстанға басқа халықтардың көп мөлшерде көшiп келуi тың және тыңайған жерлердi игеру кезеңiнде (1954 — 56 ж.) және өнеркәсiп нысандарын қарқынды салу жылдары (1959 — 65) көбейдi. 

 Осы жылдары Қазақстанда тұратын жергiлiктi халық саналатын қазақтардың үлесi ең төм. деңгейге жеттi (30%). Қазақстан аумағы жүзден астам ұлттар мен ұлыстардың өкiлдерi тұратын мекенге айналды. 1960 жылдан бастап көшiп келушiлер мөлшерi бiршама азайып, жыл сайынғы мөлшерi 60 — 70 мыңдай адам болды. 80-жылдардың екiншi жартысынан, әсiресе, 1990 жылдан кейiн Қазақстанды мекендеген шет жұрттықтардан көшiп кетушiлер саны өсе бастады. Қазақстан халқының саны 2003 ж. қаңтарда 14862,5 мың адамға жеттi (қ. 4-кесте). 1990 жылға дейiн Қазақстан халқының демогр. жағдайы тұрғындар санының ұдайы қарқынды өсуiмен, қалада тұрушылар үлесiнiң шұғыл артуымен, ұлттық құрамының қарқынды араласуымен, халық тығыздығының бiркелкi болмауымен сипатталды. 

 1990 жылдан кейiнгi кезеңде славян, герман тектес тұрғындардың өз елiне қоныс аударуы көбейiп, республика халқы едәуiр азайды, қазақ және басқа түркi тектес халықтардың үлесi артты, сондай-ақ, нарықтық қатынастарға байланысты iшкi көшi-қонның әсерiмен қала тұрғындарының саны өсе бастады. Төңкерiске дейiн Қазақстан қалаларында жалпы халықтың 9,7%-ы тұрды. 

 Соғысқа дейiнгi жылдарда қала халқының өсуiне Қазақстанның бай минералдық шикiзат қорларын игеру, iрi т. ж. құрылыстарын салу, т.б. факторлар әсер еттi. 1939 ж. қала халқы 3,3 есе өсiп, қалалық елдi мекендер саны 81-ге жеттi. Соғыс жылдарында жаңадан 28 қалалық елдi мекен пайда болды. 100 мыңнан астам тұрғыны бар қалалар халқының үлесi 1939 ж. 28,8%-дан, 1986 ж. 62,6%-ға артты. 1986 ж. Қазақстанда 83 қала (21 iрi, 11 орта, 51 кiшi), 204 кентте жалпы халықтың 58,0%-ы тұрды. 1985 жылдың басында Қазақстанда ауыл-село халқының саны 1970 жылға қарағанда 5,0%-ға артып, жалпы халықтың 42,9%-ын қамтыды. 

 Қазақстан жер аумағы үлкен (2724,9 мың км2) болғанымен халық сирек қоныстанған елге жатады. Оның аумағының сәйкес түрде 1 км2-не 5,4 адамнан келедi. Тұрғындар үшiн табиғат жағдайы неғұрлым қолайлы өңiрлер — Оңт. Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстары (Алматы қ-н қоса алғанда). Мұнда республика тұрғындарының 37,8%-ы орналасқан, тұрғындар тығызд. 1 км2-ге 16,9; 6,9 және 7 адамнан келедi. Салыстырмалы түрде тұрғындары көп келесi аймақтар — Солт. Қазақстан аймағы: Қостанай, Солт. Қазақстан, Ақмола және Павлодар облыстарының аумағы. Мұнда ел тұрғындарының 24,8%-ы орналасқан, тұрғындар тығыздығы 1 км2-ге 5,2; 7,4; 5,7 және 6,5 адамнан келедi. Шығыс Қазақстанда республика тұрғындарының 10,2%-ы тұрады, тұрғындар тығыздығы 1 км2-ге 5,4 адамнан. Орт. Қазақстанда (Қарағанды облысы) республика тұрғындарының 9,4%-ы орналасқан. 1 км2-ге 3,3 адамнан келедi. Халық ең аз қоныстанған аудандар батыс аймақтар — Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстары және Оңт. Қазақстан аймағындағы Қызылорда обл. Мұнда бүкiл тұрғындардың 17,7%-ы орналасқан, 1 км2-ге келетiн орташа тығыздығы, тиiсiнше, 1,9; 3,7; 4,1; 2,3 және 2,6 адамнан. 1999 жылғы санақ жүргiзiлген кездегi ҚР-ның әкiмш.-аум. бiрлiгiнде 84 қала, 200 кент, 2036 ауылдық округ, 7684 ауылдық елдi мекен болады. Ресми статист. мәлiмет бойынша, Қазақстан тұрғындарының 56%-ы қалалық елдi мекендерде, 44%-ы ауылдық елдi мекендерде тұрады. 

 Қала тұрғындары ең көп облыстар: Қарағанды (қала тұрғындарының үлесi 82,2%), Маңғыстау (78,4%), Павлодар (63,4%), Қызылорда (60,5%), Атырау (58,2%), Ақтөбе (56,2%), Қостанай (54,2%). Республиканың ең iрi қалалары — Алматы (1129356 адам), Қарағанды (43664), салыстырмалы түрде iрiлерi: Шымкент (360078), Тараз (330125), Астана (312965), Өскемен (310950), Павлодар (300503), Семей (269574), Ақтөбе (253088), Қостанай (221429), Петропавл (203533), Орал (195459), Темiртау (170481), Қызылорда (157364), Атырау (142497), Ақтау (143396), Екiбастұз (127197), Көкшетау (123389), Рудный (109515). Қалған қалалардағы тұрғындар саны 100 мың адамнан кем (қ. 3-кесте). Байырғы тұрғындардың үлес салмағы көп облыстар: Қызылорда (94,2%), Атырау (89%), Маңғыстау (78,7%), Ақтөбе (70,7%) облыстары, ең азы — Солт. Қазақстан (29,6%), Қостанай (30,9%), Ақмола (37,5%), Қарағанды (37,6%) облыстары). 

 Әдетте қазақтар көбiнесе ауылдық жерлерде тұрады. Соңғы он жылдықта олардың қалаларға көшу қарқыны жоғары болды. 1989 ж. қалада тұратын қазақтардың үлесi 38,3% болса, 1999 ж. 45,3%-ға жеттi. Консулдық қызмет департаментi басқармасының соңғы мәлiметi бойынша (2003) әрбiр үшiншi қазақ шет елдерде тұрады, олардың жалпы саны 3,5 млн. адам. Алыс шет елдерде: Қытайда — 1258500, Моңғолияда — 83000, Ауғанстанда — 28000, Түркияда — 20000, Иранда 3450; Балтық жағалауы елдерiнде — 2500, Германияда — 700, Жапонияда — 400, Австралияда — 400. Бельгияда — 28, Сауд Аравиясында 28, Норвегияда — 20, Кубада — 2 адам тұрады. Барлығы 1397028 адам. Сонымен бiрге Францияда — 172, Швецияда — 51, Пәкстанда — 36, АҚШ-та — 23; Австрияда — 18, Швейцарияда — 4, Данияда — 4 отбасы тұрады. Жақын шет елдерде 1814300 қазақ, оның iшiнде Өзбекстанда — 966000, Ресейде — 687800, Түрiкменстанда — 87600, Қырғызияда — 42600, Украинада — 10500, Тәжiкстанда — 10000, Әзербайжанда — 4000, Грузияда — 3000, Молдовада — 2000, Арменияда — 500, Беларусьте — 300 адам тұрады. Қазақстанда ер балалардың дүниеге келуi басым болғанымен әйелдер саны 30 — 34 жастан бастап айтарлықтай көбейедi. 60 — 69 жаста 1,5 есе, 70 жаста 3 есе артады. Тұтастай алғанда, республикада әйелдер саны ерлерден басым. 

Қазақ халқы жас ұлтқа жатады. Оның жас айырмашылығы құрылымында 9 жасқа дейiнгi балалар 22,0%. Ал тұтастай алғанда, 19 жасқа дейiнгi жастар 43,9%; 60 және одан жоғары жастағы тұрғындар үлесi 6,1%. Орташа арифмет. жас — небәрi 25 жас. Яғни қазақ халқының басым бөлiгi жастар мен балалар. Қазақстан халқының бiлiмдiлiк индексi мен сауаттылық көрсеткiшi жоғары деңгейде. 1990/91 оқу жылы Қазақстандағы 55 жоғары оқу орнында 287,4 мың студент оқыған болса, 1999/2000 оқу жылында жоғары оқу орындарының саны 163-ке, ал ондағы оқитындар саны 365,4 мыңға жеттi. Соңғы он жылдықта жергiлiктi тұрғындардың бiлiм алуында серпiлiс пайда болды. Әрбiр 1000 адамның 126-сы жоғары бiлiмдi. Әсiресе, студенттер санының қазақ жастары есебiнен күрт өсуi 90-жылдардың басынан басталды.  
Қазiргi кезде жоғары оқу орындарындағы қазақ студенттерiнiң үлесi 67%. Экономика салаларында еңбек ететiндер арасындағы жоғары және арнаулы орта бiлiмдiлер үлесi айтарлықтай өстi: егер 1989 ж. 1000 адамға шаққанда жоғары бiлiмдiлер саны орта есеппен 130 адам болса, 1999 ж. 212; арнаулы орта бiлiмдiлер тиiсiнше 234 және 296 болды. Қазiргi кезде жалпы бiлiм беретiн мемл. мектептерде 3101,4 мың оқушы оқиды, олардың 1661,3 мыңы ауылдық жерлерде бiлiм алуда. 1997 ж. республикадағы жалпы бiлiм беретiн жеке меншiк (беймемл.) мектеп саны 124 болды, онда 13,5 мың оқушы оқыды. Қазiргi кезде 3455 мектеп мемл. тiлде жұмыс iстейдi. Онда 1530,1 мың оқушы оқиды. Сонымен бiрге сабақ орыс тiлiнде жүргiзiлетiн 2522 мектеп (1462,4 мың оқушы); өзбек тiлiнде — 78 мектеп (77,2 мың оқушы); ұйғыр тiлiнде — 14 мектеп (22,3 мың оқушы); тәжiк тiлiнде — 3 мектеп (2,5 мың оқушы), украин тiлiнде — 1 мектеп (0,1 мың оқушы) және аралас тiлде оқытатын 2112 мектеп бар. Қазақстан үшiн табиғи өсiм тұрғындар саны өсуiнiң негiзгi көзi болып табылады әрi қазақ халқы өсiмiнiң басты факторы болып қала бередi. Мыс., қазақтардың табиғи оң өсiмi 1989 ж. Қазақстан тұрғындарының бүкiл табиғи өсiмiнiң 63,5%-ын құраған болса, бұл өсiм 1991 ж. — 72,4%, 1993 ж. — 88,2%, 1995 ж. — 88,0% болды. Соның нәтижесінде Қазақстан республикасындағы Қазақтардың пайыздық көрсеткіші 2005 жылы 60 пайызға таяп қалды.

Қаз.энциклоп. 5 том


Похожие материалы

Рахмет ретінде астында тұрған жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!

Категория: География | Добавил: Admin
Просмотров: 1514 | Загрузок: 205 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]