Приветствую Вас Гость • Регистрация • Вход • RSS
Суббота, 10.12.2016
Главная » Файлы » Қазақша рефераттар » Еуразияшылдық:теория және практика [ Добавить материал ]

Л.Н. Гумилев: этногенез теориясы


Оқушылар,студенттер,мұғалімдер,сайт қолданушылары өз материалыңызбен бөліссеңіз қуанышты болатын едік!

[ Скачать с сервера (1.10Mb) ] 18.02.2014, 17:19

Л.Н. ГУМИЛЕВ: 
ЭТНОГЕНЕЗДІҢ ПАССИОНАРЛЫҚ ТЕОРИЯСЫ 

Жер бетінде әртүрлі замандарда өмір сүрген этностар мәңгі емес. Бұл мәселе туралы пікірталас көп. Немістің ұлы тарихшысы Ранке тарих ғылымында «халықтық рух» идеясын енгізіп, ұлтты, халықты «тарихи аренаға шығаратын уақыт» деп көрсеткен болатын. Ұлттың үнемі өзгеріске ұшырайтыны туралы идея кеңестік теорияда да бар, осыған сүйене отырып, кеңес өкіметі ұлтсыздандыру саясатын жүргізді. Алайда ұлт мәселесіне мұндай жауапсыздық пен жеңіл көзқараспен қараудың неге әкеп соқтырғаны тарихта белгілі жайт. Әлем халықтарының өзара байланыстылығы мен халықтарды «тарихи» және «тарихи емес» деп бөлетін евроцентризмге өмір бойы күрескен Л. Гумилев Еуразияның ерекше географиялық аймағы – Ұлы даланың тарихының Еуропа тарихынан әсте кем еместігін зерттеп қана қойған жоқ, жаңаша тұжырымдар жасап, тарихи ақиқатты жақындататын зерттеулер әдістерін жаңартып, этногенездің жаратылыстық ғылыми теориясын жасақтады.
Бұл зерттеулер 1965 жылы «Вестник Ленинградского университета» атты журналда «Ландшафт және этнос», «Тарихи география пәні туралы» деген мақалаларында жарияланды. 
1976 жылы жазылып аяқталған «Этногенез және жер биосферасы» атты еңбегін, 15 жылға дейін жариялауға тыйым салынды. 
1979 жылы бұл кітап қолжазба түрінде ВИНИТИ-ға тапсырылып, (депонирование) сақталды. Көп тиражбен басуға рұқсат етілмегендіктен, Л. Гумилевтің бұл еңбегімен танысуға қызығушылар саны толастамады. ВИНИТИ-ға 2 мыңнан аса тапсырыс түсті. Бұл ғалымның атағын дамытып, асқақтатты. Бірақ ғылыми орта мен оқырман арасында Л. Гумилевтің даңқы артқанмен, ресми билік оның себебін мойындамады. Тек Қайта құру кезеңінде ол кітап боп басылып шықты.
Кеңестік ғалымдар Гумилев тұжырымдарын қолдамады. Мұның басты себебі – Кеңес этнографтары этносты – әлеуметтік құбылыс деп қарастырса, Гумилев этностың табиғи құбылыс екендігін дәлелдеді.
Ұлт немесе халықтың бұрынғы анықтамасы бойынша, ортақ тілі, территориясы, ортақ тегі, экономикалық байланыстары, саяси бірлестігі және мәдени ерекшеліктері, діні, сана-сезімі сияқты белгілер негізге алынып, этногенез аяқталған процесс боп саналса, Гумилев этносты аяқталмаган процесс ретінде көрсетті.
Мысалы, батыстық тарихнама мен әлеуметтануға тән «өркениеттік әдіс» субъективтік фактордың маңызын арттырып, дін және мәдениетке көп көңіл бөлді. Ал маркстік формациялық әдіс экономикалық детерменизмге бой ұрып, субъективтік факторлардың рөлін төмендетті.
Осындай жағдайларда батыс әлемін XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасыр басындағы тарих ғылымындағы методологиялық дағдарыстан шығу жолдарын іздестіріп, тамаша тарихшы социологтердің еңбектері жарияланды. Олардың тарихи концепция-лары тарихты зерттеудің әдістері мен жолдарын жетілдірді. Алайда XX ғасырдағы Ресейдегі жағдай мүлде өзгеше қалыптасып, Кеңестік дәуірдегі тарих ғылымы догматтық пен біржақтылыққа ұрынды. Осындай тиімсіз жағдайларда Л.Н. Гумилев өзінің тарихи ұстанымдары мен көзқарастарын өз еңбектері арқылы көрсете білді. Этногенез – ұлттың, халықтың пайда болуы, дамуы және жойылу процесі. Ежелгі түркілер тарихын зерделеген Л. Гумилев халықтар мен ұлттардың пайда болуы мен жоғалуына жауап іздеп: «Финикиялықтар бір кезде болды, ал қазір жоқ, финикиялықтар кезінде француздар болған жоқ, олар IX ғасырда пайда болды, XIX ғасырда қалыптасты» деген сұрақ қояды.
Л. Гумилев ұланғайыр тарихи процестерді талдау, қорытындылау анықтаманың: тіл, экономика, территория, мәдениет орталығы қате екендігін дәлелдеді. Мысалы, ортақ тілді алсақ, тарихта әртүрлі тілде сөйлесе де, өзінің ұлттық бірлігін жоғалтпаған этнос аз емес. Мысалы, француздар орта ғасырларда 3 тілде сөйледі: Париж тұрғындары – ескі француз тілінде, Бретань провинциясында – бретандық тілде, ал оңтүстікте Прованс пен Лангедокта – провансаль тілінде сөйлесе де, француз этносын сақтап немесе 120 жыл бойына Ресей, Австрия, Германия империяларының қол астында болған поляктар ұлтын жоғалтпады.
Жоғары мәдениет пен гүлденген экономикаға қол жеткізген этностар өздерінен әлдеқайда төмен ұйымдасқан халықтардың идеологиялық және әскери экспансиясына төтеп бере алмады, яғни экономикалық қуаттылық та ұлттың, халықтың мәңгі өмір сүруінің белгісі бола алмайды. Мысалы, Рим империясы ІV-V ғғ. варвар-герман, ғұн тайпаларына төтеп бере алмады.
Л. Гумилев этносты-ұлтты анықтайтын бұрынғы белгілердің қате екендігін дәлелдеп, этногенезді – этностың пайда болуы мен дамуын – жаратылыстық ғылым тұрғысынан қарастыруды ұсынды. Яғни этностың қалыптасуы адам қызметінің нәтижесінде емес, Жердің биосферасындағы процестер арқылы жүзеге асады деген тұжырым жасады. Бұл бір қарағанда жаңалық емес сияқты, өйткені географиялық фактордың адам қызметі мен шаруашылығына, мемлекеттердің сипатына ықпал ететіндігі туралы пікірлерді араб ғалымдарынан бастап, еуропалық гуманистер, ағартушылар айтқан болатын. Л. Гумилев еңбегінде бұл идея теория түрінде ғылыми негізделді.
Л. Гумилев этногенез процесінің энергетикалық табиғатына назар аударды. Тарихтағы қызметтің қайнар көзі, Гумилевтің айтуынша, биосферадағы тірі заттардың биохимиялық энергиясы. Биосфераның биохимиялық энергиясын кезінде В.И. Вернадский ашқан болатын.
Этнос – бір-біріне ынталылығы мен мәдени деңгейлері жағынан ұқсамайтын әртүрлі адамдардан құралады. Адамдар қоршаған ортадан тұрақты түрде қабылдайтын биохимиялық энергиясы деңгейімен ерекшеленеді. Кейбір адамдарға қоршаған ортаға бейімделу үшін және қайшылықсыз өмір сүру үшін энергия қажеттілігі жеткілікті болады, біз мұндай адамдарды «гармониялық» адамдар дейміз. Кейбіреулерінің қабылдаған энергиясы тұрмыстық қажеттілігіне жетпейді, сондықтан олар өмірдің қызығына тоймайтын, өзгелер арқылы күн көретін, болашағын ойламайтын «субпассионарларға» айналады. Ал тарихты, адамзат қоғамын қозғайтын күш – пассионар адамдар, олар биохимиялық энергиясын өмірді өзгертуге, қоғамды қайта құруға арнайды.
Уақыт өте келе, бір этностың ішіндегі адамдардың 3 пассионарлық түрі өзгеріске ұшырайды. Субпассионарий адамдары көп этнос бірте-бірте әлсірейді. Пассионарлары көп этнос немесе халық күшейеді. Ол ұлы империялар мен мәдениетті қалыптастырған халықтардың (гундар, түркілер, моңғолдар, еуропалықтар т.б.) тарихи аренаға шығуын түсіндіреді.
Ұлттың қалыптасуының шешуші факторы – «пассионарлық» –биохимиялық энергияның сапалық көрінісі. Осы пассионарлық энергия Жердегі биосферадағы әртүрлі этникалық жүйелердің пайда болуы мен өмір сүруіне әсер етеді. Осындай фактормен біріккен адамдар ұжымдарының ортақ мінез-құлқы болады, сонысымен өздерін өзгелерден ажыратады.
«Пассионарлық энергияны» адам қызмет ету үшін жұмсау қажет. Пассионар адамдар жаңа үйлер салады, кітап жазады, соғыс жүргізеді, билік үшін күресте белсенділік көрсететін, саясатпен айналысатын жігерлі адамдар болады. Осыған байланысты әртүрлі ұлттар мен халықтардан шыққан пассионар адамдардың әрекеттері өздерінің мақсаттарына сәйкес ұқсас болады. Сондықтан мысалы, Наполеонды – Юлий Цезарьмен, Александр Македонскиймен, Лобачевскийді – Евклидпен, ал Пушкинді – Дантемен салыстырып жатады.
Бірақ осы ұқсастықтарына қарамастан, әртүрлі этностың адамдарының сырт көзге және іс-әрекеттеріне байланысты өзгешеліктері де болады. Ол заңды да. Өйткені адамның мінез-құлқына, іс-әрекетіне оның географиялық ортасы – ландшафт пен шаруашылық жүйесі және мәдени дәстүрлері мен этникалық қоршауы (көршілес халықтар) әсер етеді. Осы 3 фактор Л. Гумилевтің айтуынша, ұлтты (этнос) өзге ұлттан ерекшелендіретін белгілерін қалыптастырады. Бұл ерекшелік ұлт пен ұлт арасындағы өзгешелікті ғана емес, бір ұлттың ішіндегі ерекшеліктерді де көрсетеді.
Әрбір этнос субэтносқа бөлінеді. Орыс ұлтының (этнос) ішінде поморлар, старообрядцы, сибиряктар, казактар – субэтнос боп саналады.
Қазақ ұлтының (этносының) ішіндегі тайпалық бірлестіктер мен руларды да субэтнос деуге болады. Мысалы, үйсіндер мен наймандар арасында немесе беріштер мен шеркеш арасында өзіндік ерекшеліктер бар. Соған қарамастан бұлар қазақ халқын құрайды.
Мұндай жағдайды этностар арасындағы қарым-қатынастардан да көруге болады. Тарихтан іс-әрекеттері мен мінез-құлқы бір-біріне жақын ұлттар мен халықтар үлкен этникалық одақ құрғанын білеміз. Бұларды суперэтностар деп атаймыз. Оларды «мәдениет», «өркениет», «әлем» деп те атауға болады. Мысалы, «христиан әлемі» деп Рим папасын, яғни католик дінін мойындайтын барлық католиктерді айтамыз. Немесе араб әлеміне барлық ислам дінін ұстанатын Арабия түбегі мен Жерорта теңізінің шығысы мен оңтүстігіндегі елдерді жатқызамыз. Мысалы, ерте замандардағы ғұн, түркі, моңғол халықтары суперэтностар саналады. Л. Гумилевтің пассионарлық теориясы Еуразия халықтарының туыстығы туралы пікірді растайды.
Сонымен қатар, этнос биологиялық құбылыс еместігін де көрсете отырып, Л. Гумилев оның географиялық сипатына ерекше мән береді. Жер ландшафтының әртүрлілігі – этностардың да әртүрлілігін калыптастырады дейді.
Қазіргі кезде Л.Н. Гумилевтің этногенез теориясы көпшілік мойындаған, ғылыми ортадағы ең маңызды жаңалықтың бірі. Этносты – табиғи құбылыс деп қарастырған Гумилев, оны зерттеудің тәсілдеріне назар аударады.
Этностың мәні мен маңызын түсіндіруде әртүрлі көзқарастар жүйесін қолдану керек. Мысалы, орта ғасырда Американы жаулап алған испандар ацтек, инктердің әйелдеріне үйленіп, балаларын испандық деп санады. Сөйтіп, Испанияның шекарасын Оңтүстік Америкаға дейін создық деп ойлады. Бірақ Оңтүстік Америка халықтары испандыққа айналмады, XIX ғасырда бұл халықтар Испаниядан бөліну үшін ұлт-азаттық көтеріліске шығып, тәуелсіздігі үшін күресті. Ақырында Латын Америкасында Бразилия, Аргентина, Чили, Венесуэла, Колумбия, т.с.с. мемлекеттер пайда болды. Сонымен қатар, бұл халықтарға христиандық католик дінін тарату да оларды испан ұлты ете алмады.
Л. Гумилев этнография мен этнология деп екіге бөліп қарастырады, біріншісі халықтардың тұрмысы, шаруашылығы мен діни ерекшеліктерін зерттесе, этнологияның басты мақсаты – этностар мінез-құлқының импульстарын зерттеу. Мұны зерттеу үшін тарихтың әдістері жеткіліксіз. Дәстүрлі әдіс оқиғаларды белгілі бір аймақтарда іріктеуге, баяндауға әкеледі. Мұндайда осы оқиғалардың байланысын анықтау зерттеуші назарынан тыс қалады. Этнологиялық методика арқылы жекелеген елдер мен оның көрші елдер арасындағы ғана емес, тұтас Еуразияның этникалық тарихындағы ақтаңдақтарды зерттеуге болады.
Синхронды принцип (мысысалы, студент пен профессорды салыстыру), яғни ұлттардың уақыттық даму кезеңдерін ескермеу көшпелі халықтардың «артта қалғандығы» туралы тұжырымдарды шығарды, сондықтан синхрондық принципті этникалық процестерді зерттеуге қолдануға болмайды, себебі, этникалық процесс – дискретті (үзілмелі). Осы себептен ежелгі түркілер өздерінің арғы тегі – хұндарды білмеді, сол сияқты түркі қағанаты мен Шыңғысхан империясы арасындағы дәстүр жалғастығының үзілісі болды. Қазақ тарихын осылармен байланыстырмау үрдісі де осылайша қалыптасты.
Л. Гумилев ұсынған диахрондық принцип қазіргі мәдениетті еуропалықтардың жастық кезеңінде жабайы франктер мен нормандар болғанын көрсете алады. Осы әдістерге сүйене отырып, Л. Гумилев еуразиялық теорияны жасақтайды. Бұл теория жекелеген халықтардың қайталанбас ерекшелігі мен әлемнің әртүрлілігіне негізделеді. Бұл қазақ тарихын зерттеуде жаңаша тұжырымдарға шығуға мүмкіндік береді.
Бұл идеялар жалпыадамзаттық, әлемдік мәдениет туралы тұжырымдарды жоққа шығарады. Керісінше, әлемдік мәдениеттік этностар мен суперэтностық мәдениеттерден құралатындығын тұжырымдайды. Ол Батыс Еуропадан да, Азиядан да ерекшеленетін еуразиялық суперэтностың бірлігі туралы пікірі ерекше құнды.
Л.Н. Гумилевтің этногенез териясының негізгі ережелері қандай? Оның айтуынша, этностар тармағында – ру, тайпа, кең ұғымда «халық, ұлт». Этнос табиғи жағдайда өзіндік ортақ мінез-құлық, дәстүр-тұрмыс сипаты жағынан басқалардан ерекшеленетін адамдардың ұжымы, этнос комплиментарлық (ұнамды) негізде басқа ұлт, халықтармен байланысқа түседі. Сонымен этносты анықтаушы негіз – халықтың мінез-құлық, дәстүр-тұрмыс бірлігі. Яғни халықтар мен ұлттар – бір-бірінен нәсілі, тілі, діні, білімділігі арқылы емес, ұстанған мінез-құлық пен тәртібімен ерекшеленеді.
Мінез-құлық, тәртіп – адамдардың жер, табиғат жағдайларына бейімделуінің нақты көрінісі. Әртүрлі табиғи жағдайлар – әртүрлі халықтар мен ұлттарды қалыптастыратын негіз боп саналады. Ұлт пен ұлттың, халық пен халықтардың комплиментарлық байланысы жақсы, жаман және бейтарап боп 3-ке бөлінеді. Жақсы байланыс – халықтардың бір-бірімен келісімді өмір сүруіне ықпал етеді. Мысалы хазарлар мен ежелгі түркілер осындай қатынаста болған. Жаман байланыс халықтардың бір-бірін жау көруі немесе оны өзгертуге ұмтылуы. Мысалы, хазарлар мен еврейлердің байланысы негізінде Хазария жойылды. Немесе қытайлар көшпелілерді жек көрді, сондықтан көшпелілермен үнемі соғысты.  Л. Гумилев орыстар мен Еуразия түркілері арасында ұнамды қатынастар болды дейді. Үшінші бейтараптық байланысқа түсу. Өзара түсіністік, бейқамдық қатынастар боп саналады. Қытайлар мысалы, хұндармен жауласқанмен, үйсіндермен бейтараптық байланыста болды.
«Комплиментарность» деген мінез-құлық тәртібін Лев Гумилев табиғи негізден шығарды. Әр адамның биоритмі болатыны сияқты, өзара ұқсас мінез-құлық негізінде жинақталған халықтың биоритмі немесе биоэнергетикасы болады. Халықтар арасындағы комплиментарность деңгейі осы энергетикалардың үйлесу-үйлеспеуіне байланысты болады деп көрсетеді Гумилев.
Пассионарлық теория бойынша ұлт немесе халық бір ортақ атадан шыққан ұрпақтар жиынтығы емес. Саналы адам пайда болған палеолит дәуірінен бастап, бүгінге дейін қаншама халықтар мен ұлттар ауысып, өзгерді. Бір халықтың ұрпақтары кейін қалыптасқан бірнеше халықтардың құрамында болуы мүмкін, себебі, этнос, ұлт дегеніміз – бір тектен таралған адамдардың жиынтығы емес, жүйе. Ұлт жойылғанда, оны құрайтын адамдар жоқ боп кетпейді.
Гумилевтің зерттеу әдісі этностардың пайда болуы мен жоғалуының себебін анықтауға мүмкіндік береді. Халық немесе ұлт, мемлекеттің аты жоғалғанмен, оны құрайтын адамдар жойылып кетпейді. Жаңа пассионарлық негізде басқа бір халықтардың құрамына кіріп, жаңа этносты қалыптастырады.
Бұл тұжырым қазақ халқының Еуразиядағы ежелгі көшпелі мемлекеттермен тарихи сабақтастығын дәлелдеуге мүмкіндік береді.

Әдебиеттер
1. Ермолаев В.Ю. Предисловие к очерку Л.Н.Гумилева «Из истории Евразии»; Ланров С.Б. Триумф после смерти // газета Санкт-Петербургский университет / №16 (№3449) / 1 сентября 1997 г.; // (http: // www. kulichki. com/~ gumilev/.
2. Ирмуханов Б.Б. Исторические воззрения мыслителей XX века. -А., 1999. - 136 с., -73 с.
3. Козлов В.И. О биолого-географической концепции этической истории. «Вопр. истории», 1974. -№12.
4. Гумилев Л.Н. Этногенез и биосфера Земли. Л. Гидрометеоиздат. 1990, 528с.; От Руси к России: очерки этнической истории. -М.: Экопрос, 1994;
5. Гумилев Л. Н. Тысячилетие вокруг Каспия. Баку Азернешр,1990. -312 с.
6. Гумилев Л.Н. Конец и вновь начало. -М.: Танаис, 1994. -542 с.


Похожие материалы

Рахмет ретінде астында тұрған жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!

Категория: Еуразияшылдық:теория және практика | Добавил: Admin
Просмотров: 6402 | Загрузок: 784 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]