Приветствую Вас Гость • Регистрация • Вход • RSS
Воскресенье, 11.12.2016
Главная » Файлы » Қазақша рефераттар » Биология [ Добавить материал ]

Будандастыру(шағылыстыру)


Оқушылар,студенттер,мұғалімдер,сайт қолданушылары өз материалыңызбен бөліссеңіз қуанышты болатын едік!

19.05.2014, 00:19

Будандастыру — малдың тұқым қуалаушылық жене өзгер-гіштік қасиеттеріне күшті әсер ететін, адам баласының ежелден қолданып келген тәсілі. Будандастыру малдың нәсілдік қасиеттерін түбегейлі өзгерте алады, жаңа комбинативтік (қисынды құрастырылған) өзгергіштікті туғызып, нәсілдік қасиетті биологиялық тұрғыдан байытады, малдың дене бітімінің мықтылығын арттырады жене гетерозис құбылысының пайда болуына қолайлы жағдай туғызады. 
Будандастыру мал өсіруде өте кең тараған тәсіл. Оның ұғымының алғашқы ғылыми анықтамасын сонау XIX ғасырда Ч. Дарвин берген болатын. Қазіргі уақытта будандастыру деп белгілі бір мақсатпен екі мал тұқымы өкілдерін бір-бірімен шағылыстыруды, сонымен қатар будандарды өзара немесе басқа топтармен шағылыстыруды айтады. Будан деп екі тұқым өкілдерін шағылыстырудан туған малды атайды. 


Будандастыру — жануарлардың тұқым қуалайтын белгілерін тез өзгертудің барынша тиімді әдісі ғана емес, сонымен бірге, жаңа мол өнімді тұқымдар шығарудың да тиімді әдісі. 
Будандыстырудың табысқа жетуі бастапқы тұқымдарды дұрыс тандай білуге, будандастырудың мақсаттары мен түріне; ұрпағының қасиеттеріне қарай тексерілген жақсы аталықтарды жұптастыруға; будан мал үшін жақсы азықтандыру және күтіп-бағу жағдайларын жасауға байланысты. 
Будандастыру мал шаруашылығында еретеден-ақ қолданылып келеді. Халықтың Шығыстан Батыс Европаға қоныс аударуы, славяндардың ата-тектерінің Шығыс халықтарымен сауда байланыстарын орнатуы жануарлардың, ең алдымен жылқының әр түрлі тұқымдарын сұрапыл түрде будандастыруға түрткі болды. Орта ғасырлардың өзінде-ақ Батыс Еуропаға шығыс жылқылары кеңінен ене бастаған, сөйтіп олар жегілетін және салт мінетін жылқылардың бастамасы болған. Бұдан сәл ертерек Испанияда будандастыру жергілікті қылшық жүнді қойларды жақсарту үшін қолданылды, оларды мериностармен жұптастырған. 
Будандастыру ХVІІІ ғасырдың аяғында және XIX ғасырда капитализм дами бастаған кезеңде кеңінен қолданылды. Англияда адамдардың бір ұрпағы ішінде будандастырудың көмегімен ірі қараның, шошқаның, қойдың, жылқының 60-қа жуық тұқымы шығарылды. Жануарлардың жаңа тұқымдарын шығару әдісі ретінде будандастыру, сондай-ақ, Ресейде, Швейцарияда, Францияда және басқа да елдерде қолданылды. Стихиялы түрде өмірге келгендіктен, мал өсірудің бұл әдісінің бастапқыда ғылыми негізі болмады. Кейінірек будандастырудың мәні және мал өнімділігін жетілдірудегі оның маңызы туралы әр түрлі теориялар пайда бола бастады. Юстинус тұқымдардың константтығы теориясын ұсынды. Ол жануарлар тұқымына табиғат тұқым қуалаушылықтың мызғымас күшін берген деп есептеді және ол жануар тұқымының құндылығын екі жолмен анықтады: шығу тегінің тазалығы және жаратылуының ұзақтығы, яғни тұқымның шығу тегі неғұрлым таза болса және ол неғұрлым ертерек жаратылған болса, ол соғұрлым құнды болмақ. Алайда мұндай таза константты, шығу тегі таза жануарлар болмайды, оның үстіне олардың мал шаруашылығына керегі де жоқ. Сонсон мен Ноден будандастыру ретсіз өзгергіштікті туғызады деп көрсетті. Ол замандағы көптеген селекциөнерлер тұқымды жақсарту немесе жаңа тұқым шығару үшін будандастыру әдісін қолданудан қауіптенді. Ч. Дарвиннің айтуынша, олар шығу тегі әр түрлі тұқымдардың бағалы қасиеттерін бойына сіңірген жаңа тұқымдарды шығару мүмкін емес деген жабайы сенімде болып, таза қан және тұқымның константтығы теориясынан ажырай алмады. 
Бұдан кейінгі тұқым шығару жұмыстары мұндай қауіптерді серпіп тастап, мал өсірудің аса бағалы әдісі ретінде будандас-тырудың ғылыми негіздерін жасады. Орыс зоотехниясының классиктері П.Н. Кулешов, М.Ф. Иванов, Е.Ф. Лискун, Д.А. Кисловский және басқалары будандастырудың ғылыми биологиялық негіздерін талдауға зор үлес қосты. П.Н. Кулешовтың дәл айтқанындай, будандастыру дегеніміз ескі түбірлерге жаңа өскіндерді телу және бұл телуден ауыл шаруашылығы мақсаттары үшін едәуір пайдалы тұқымдар алу деген сөз. 
Будандастырудың әр түрлі жолдарын пайдалану арқылы мына төмендегі зоотехниялық мәселелерді шешуге болады: 
1. Өнімі төмен жергілікті мал тұқымын түбегейлі өзгерту; 
2. Өсіріп отырған мал тұқымының кейбір кемшіліктерін тез арада жақсарту; 
3. Жаңа мал тұқымын шығару; 
4. Гетерозис құбылысын барынша пайдалану. 
Будандастыру алға қойған мақсат пен жететін нәтижесіне қарай бес түрге бөлінеді: сіңіре (аудара) будандастыру, қан араластыра (түзетуші) будандастыру, зауыттық (тұқым түзуші) будандастыру, өнеркәсіптік будандастыру, кезек будандастыру. 
Сіңіре будандастыру деп кең мағынада бір тұқымдық топтын, негізгі өнімдік белгі, қасиеттерін екінші тұқымдық топтың қасиеттерімен ауыстыруды, яғни өнімі төмен жергілікті тұқымды өнім сапасы мен саны жоғары тұқыммен будандастыру арқылы түбегейлі өзгертуді айтады. Ол үшін жергілікті тұқымның және әр келесі ұрпақтың аналықтарын бірнеше ұрпақ бойы тек жақсартқыш тұқымның аталығымен шағылыстырады. Осы ретте жергілікті тұқымды-жақсартылатын, өнімі мол тұқымды-жақсартқыш тұқым деп атайды. Сонымен, сіңіре будандастырудың нәтижесінде жергілікті тұқым түбегейлі өзгеріп, жақсартқыш тұқымға ұқсас мол өнімді мал тобы құрылады. Оның бірте-бірте тіпті жаңа тұқымға айналуы да мүмкін. 
Сіңіре будандастырудың басты артықшылығы өнімі төмен жергілікті тұқым табындарын қысқа мерзімде, қауіпсіз, тез жақсартуға болады және мұны көп шығынсыз, әсіресе қолдан ұрықтандыру кең тараған жағдайда, іске асыруға болады. Сайып келгенде, қазіргі уақытта Қазақстанда кең өріс алған биязы жүнді және қаракөл қой шаруашылығы, етті және сүтті сиыр шаруашылықтары осы сіңіре будандастыруды сәтті пайдаланудың негізінде қалыптасқан. 
Ал, сіңіре будандастырудың сәтті жүруі үшін не істеу керек? 
Біріншіден, жақсартқыш тұқымды дұрыс тандай білу қажет. Жақсартқыш тұқымның саны шектеулі емес. Оның біреу де, бірнешеу де болуы мүмкін. Осыған орай сіңіре будандастыру қарапайым (егер жақсартқыш тұқым біреу болса) және күрделі (егер жақсартқыш тұқым бірнешеу болса) деп екіге болінеді. Жақсартқыш тұқымдарға қойылатын негізгі талап олар мол өнімді болумен қатар, биологиялық қасиеттері (тіршілік талғамы) тұрғысынан жергілікті жағдайға бейімделе алатын болуы тиіс, яғни будандасатын тұқымдардың тіршілік талғамы мен жергілікті сыртқы орта жағдайларының әсеріне жауап беруі реакциясы арасында аса үлкен айырмашылық, қарама-қайшылық болмауы керек. 
Екіншіден, сіңіре будандастыру жолын (схемасын) дұрыс ұйымдастыру. Сіңіре будандастырудың жалпы схемасы 51-суретте берілген. 
Суреттен көрініп тұрғандай жергілікті жақсартылатын тұқым мен буданның аналықтарын бірнеше ұрпақ бойы (V ұрпаққа дейін) жақсартқыш тұқымның аталығымен шағылыстырады. Мәселе нешінші ұрпаққа дейін жақсартқыш тұқыммен шағылыстыруды дұрыс шешуде, яғни сіңіре будандастырудың шегін білу керек. Бұл әдетте будандастырылып отырған екі тұқым өнімдерінің айырмашылық дәрежесіне, жергілікті малдың жақсартылуға тиісті белгілерінің тұқым қуалаушылық ерекшеліктеріне байланысты болады. Сіңіре будандастырудың шегін анықтағанда алға қойған мақсатты басшылыққа алады. Мақсат — будандастырылып отырған екі тұқымның да жақсы жақтарын ұтымды ұштастыру. Әдетте, будандастырылып отырған екі тұқымның арасындағы айырмашылық үлкен болған сайын, сіңіре будандастыру ұзақ (4-5 - ұрпаққа дейін), ал айырмашылық аз болса, қысқа — екінші ұрпақты алумен-ақ шектеледі. Көпшілік жағдайда сіңіре будандастырудың нәтижесінде жергілікті жақсартылатын малдың белгілерін жақсартқыш тұқымның едәуір бағалы қасиеттері біртіндеп ығыстырады да, IV-V ұрпақта будандар таза жақсартқыш тұқымның жануарларына ұқсас болып шығады. 
Сіңіре будандастырудың схемасында будандастырудың тек ұрғашылары көрсетіліп, еркектері көрсетілмеген. Себебі еркек будандар "өз ішінде" өсіргенге (суретте Fv) дейін, келесі ұрпақ алуға қатыстырылмайды. Үшіншіден, сіңіре будандастыру барысында будандарды тыянақты сұрыптау мен жұп таңдау үздіксіз жүргізілуі қажет. Төртіншіден, мүмкіншілігінше әр ұрпақка жақсы бағып-күту мен азықтандыру жағдайын туғызу керек. 
Сіңіре будандастыруда әр келесі буындағы ұрпақтың бу- дандарында жақсартқыш тұқым қанының үлесі артады. Қанның үлесі деген не? Қандылық ұғымы зоотехнияға генетиканың ғылымы ретінде дамуынан әлдеқайда бұрын пайда болған. Ол өткен ғасырлардағы мал шаруашылығында пай¬да болып, практикаға будандар "өз ішінде" өсіріледі енгізілген. Алайда қан үлесі ұғымын осы заманғы гене¬тика тұрғысынан да түсіндіруге болады. Мысалы, бестужев тұқымы мен жергілікті малды сіңіре будандастырғанда оның қан үлесі былайша өзгерген: F1-де бестужев малы қанының үлесі 1/2, Ғ2-де - 3/4, Ғ3-те - 7/8 және т.с.с. 


Сурет 51- Сіңіре будандастыру. 
- қылшық жүнді 

(жақсартылатын) тұқым 
саулықтары 
- биязы жүнді 
(жақсартқыш) тұқым қошқарлары 
Бірқатар ұрпақта сіңіру жылдамдығы тұқым қуалайтын белгілер жұбының санына байланысты, будандастырылатын тұқымдарды осыларға қарап ажыратады. Будандастыруға мұндай белгілер қаншама аз қатысатын болса, сіңіру соншама тезірек жүреді. Бір тұқымның екінші тұқымды толық сіңіруі кездеспейді деуге болады. Бірде-бір селекциөнер будандастыру барысында алдына мұндай міңдет қоймайды. III-ІV ұрпақтың жоғары қанды будандары міндетті түрде аборигендік жергілікті малдың бағалы қасиеттерін — төзімділігін, өсірілетін ауданға бейімделгіштігін сақтауы тиіс. Аз өнімді белгілі бір тұқымға жатпайтын ірі қара табынын зауыттық таза тұқымды табынға айналдыру үшін 22 жыл (4-5 ұрпақ) қажет болады. Бұл процесс шошқада 6-7 жылға, қойда — 4-5 жылға созылады. 
Жақсартатын тұқым қаны үлесінің артуы будандардың өнімділігін арттырудың кепілі емес. Будандардың қан үлесін (тұқымдылығын) өсіру таңдаулы жануарларды мақсатты түрде сұрыптауға және олар үшін тиісті азықтандыру және күтіп-бағу жағдайларын түзуге ұштасуы тиіс. 
Сіңіре будандастыру әдісі қарапайым, аса тиімді, жаппай қолдануға қолайлы. Осыған байланысты оны өнімділігі төмен, кеш жетілетін жануарларды өзгерту үшін кеңінен пайдаланады. Ресейдің Ульянов, Куйбышев облыстарындағы, Татарстан мен Башқұртстандағы жергілікті малды бестужев тұқымымен жақсарту сіңіре будандастыруды ойдағыдай қолдануға мысал бола алады. Смоленск облысындағы жергілікті малды симментал тұқымымен, қырғыз малын швиц тұқымымен, сібір малын остфриз тұқымымен, қара-ала малды голштин тұқымымен сіңіре будандастыру сәтті өтті. 
Шошқа шаруашылығында, қой шаруашылығында және жылқы шаруашылығында сіңіре будандастыруды пайдалану арқылы жақсы нәтижелер алынған. 
Түзетуші (кірістіре, қан араластыра) будандастыру. Түзетуші немесе кірістіре будандастыру дегеніміз — қолда бар зауыттық тұқымның өнімділік және асыл тұқымдық қасиеттерін одан әрі жетілдіру үшін жүргізіледі. Яғни түзетуші (қан араластыра) немесе кірістіре будандастыру — жалпы өнімділік қасиеттері жақсы, жергілікті жағдайға бейімделген мал тұқымының негізгі қалпын сақтай отырып, тез арада кейбір кемшіліктерін жою немесе кейбір өнімділік белгілерін жедел жетілдіру үшін қолданылады. 
Түзету (кірістіру, кан араластыру) әдісі жемісті болу үшін, біріншіден, жақсартқыш тұқымда жергілікті малда жетіспейтін қасиет өте жақсы жетілген болуымен қатар, өнімдік бағыты, типі мен шыққан тегі жағынан оған мейлінше ұқсас болуы керек. Екіншіден, жергілікті тұқымды жақсартқыш тұқыммен бір-ақ рет шағылыстырады. Алынған будандар бірнеше ұрпақ бойы (әдетте үшінші-төртіншіден аспайды) тек жергілікті тұқыммен жұптастырылады (52-суретті қараңыз). Осы екі шарттың арқасыңда жергілікті тұқымның негізгі қалпы сақталуына мүмкіншілік туады. Үшіншіден, будандар мұқият сұрыпталып, олардан үйлесімді жұп құрылып отырады. Төртіншіден, әдеттегідей өнім бағытына сәйкес бағып-күту мен азықтандыру ұйымдастырылады. Жұмыстың қорытынды кезеңінде негізгі тұқымның қан үлесі 7/8 және жақсартушы тұқымның кан үлесі 1/8 болатын будан жануарлар ұнамды типтің белгілеріне ие болады. 
52-суреттен көріп отырсыздар, кірістіре (қан араластыра) будандастыру жолының алдыңғы сипаттап өткен сіңіре будан- 
Cурет 52 - Түзетуші (кірістіре, кан араластыра) будандастыру 

дастырудан біршама айырмашылығы бар. Біріншіден, кірістіре будандастыруда будандардың еркегі бірінші ұрпақтан бастап-ақ көбеюге қатысады. Екіншіден, кез-келген ұрпақ буданының тегінде (алыну жолында) жақсартқыш тұқым таза күйінде бір-ақ рет қолданылған. 
Кірістіре (қан араластыра) будандастыру елімізде мал шаруашылығының барлық саласында дерлік кең көлемде қолданылып отырған тәсілдің бірі. Мысалы, биязы жүнді қой тұқымдарын австралия мериносымен, сүтті бағыттағы сиыр тұқымдарын голштинофриз, швиц тұқымдарымен кірістіре будандастыру жүріп жатыр. 
Дегенмен де қан араластыру әдісін қолданғанда аса сақтық, білгірлік керек. Себебі бұл будандастыруда тұқымдар "жақсар-тылатын" екіншісін — "жақсартқыш" деп шартты түрде ғана бөлінеді. Әйтпесе, жергілікті тұқымның жақсы жақтары көп. Сондықтан жақсартқыш тұқымға мән бермеушілік, будандарды ретсіз пайдалану мен кездейсоқ жұптау жергілікті мал тұқымын жақсартудың орнына, аздыруға әкеп соқтыратыны әр уақытта есте болуы керек. 
Кірістіре будандастыруды пайдалануда жануарларды негізгі белгілері жөнінен қатаң сұрыптап, жұп тандайды, өйткені будандардың бәрі бірдей бағалы бола бермейді, көбіне күшті өзгергіштік байқалады. Сондықтан олардың жақсыларын таңдай білу керек. Кіріспе будандастыру арқылы қазіргі тұқымдардың бәрі дерлік жақсартылған. Бестужев тұқымын шығаруда бірқатар шетелдік тұқымдардың қанын құю әлднеше рет қолданылғаны жоғарыда айтылады. Симментал және вильстермаш малының қанын құю бестужев тұқымының бағалы қасиеттерін жетілдіруге зор ықпал етті. Сонымен қатар кейде кірістіре будандастыру әдісі жануарлардың жаңа тұқымын шығаруға да мүмкіндік береді. 
Қазіргі кезде жоғары сапалы шошқа етіне деген сұраныстың артуы олармен жүргізілетін, селекция әдістерін жетілдіруді, тұқымды таза өсіру, сондай-ақ әр түрлі тұқымдарды будан¬дастыру жолымен синтетикалық іздер калыптастыруды, олардың негізінде шошқаның жаңа етті тұқымдары мен гибрид типтерін шығаруды қажет етеді. Мұндай жұмысты көптеген ғылыми мекемелер ойдағыдай жүргізуде. Ростов облысында П.Е. Ладанның басшылығымен етті шошканың дон және ростов шошқалары деген екі тобы шығарылған. Дон шошқасы тез жетілгіштігіне және жақсы көбею қасиеттеріне қарай мұқият сұрыпталған солтүстік кавказ тұқымы мен етінің сапасы өте жақсы, бірақ дене бітімі аса нәзік пьетрен тұқымының аталық іздерін будандастыру нәтижесінде шығарылған. 
Жаңа тұқымның стандарттары да жасалған. Бақылау үшін бордакылауға қойьшған төлдің тәулігіне қосатын орташа массасы 670-700 г, 1 кг қосымша массаға жұмсалатын азық — 3,8-3,9 азық өлшемі, 4-9 ай аралығындағы торайлардың сойыс шығымы (массасы 100 кг) - 62-63%. Ресейде В.Т. Гориннің, П.И. Корнеевтің, В.Д. Кабановтың және т.б. басшылығымен 73 базалық шаруашылықтарда өнеркәсіптік технология жағдайларындағы гибридтеу жүйесінде пайдалануға жарамды шошқаның арнайы етті тұқымын шығаруға бағытталған жұмыс аяқталып келеді. Мұнда бордақылауда жануарлар тәулігіне 700-750 г салмақ қосады, 1 кг қосымша салмаққа 3,8-3,9 азық өлшемі жұмсалады. Тұқымда 5 аймақгық тип калыптастырылған. 
Зауыттық, тұқым түзуші будандастыру. Бұл әдіс мал тұқымын шығару үшін қолданылады. Қазіргі мал тұқымдарының басым көпшілігі будандастырудың осы түрімен шығарылған. Зауыттық будандастыру жаңа мал тұқымын шығару тәсілдерінің ішіндегі ұтымдысы болғанымен, оны іске асыру өте күрделі, қоғамнан қажетті мөлшерде қаражат бөлуді, тыянақты білімділікті және іскерлікті талап етеді. Осыған орай, мал тұқымын шығару жұмысы қоғамның әлеуметтік-экономикалық сұранысы негізінде, белгілі бір жоспармен жүргізіледі. 

Сурет 53 - Украинаның далалық ақ шошқасын шығару жолы 


Сурет 54 - Қазақтың ақ бас сиырын шығару жолы 

Зауыттық будандастырудың қалыпты бір жолы болмайды. Ол будандастырылуға қатысқан мал тұқымдарының саны мен сапасына қарай және жергілікті жер жағдайы мен бағып-күту, азықтандыру ерекшеліктеріне байланысты өзгеріп тұрады. 
Қазіргі генетика ғылымының жетістіктері мен еліміз және дүние жүзі бойынша жаңа мал тұқымын шығару тәжірибелерін жинақтай отырып, А.И. Овсянников (1970) зауыттық будандастыруды жүргізудің мына төмендегі жолын ұсынады: 
1. Болашақ жаңа тұқымның ұнамды типі белгіленеді. Мұнда қоғамның экономикалық қажеттігінен туып отырған жаңа талап, қалаған өнім бағытындағы мал тұқымдарының табиғи биологиялық мүмкіншіліктері және мал азықтандыру, бағып-күтудің нақтылы жағдайлары басшылыққа алына отырып, болашақ жаңа тұқым малының дене бітімі, өнімдік ерекшеліктері (жергілікті тұқымнан артықшылықтары) нақтылы анықталады. 
2. Будандастырылатын мал тұқымдарын, олардың ұнамды өкілдерін және жұмыс жүргізілетін шаруашылыктарды таңдап, бел-гілеу. Будандастыруға қатысатын мал санына байланысты зауыттық будандастыруда қарапайым (екі-ақ тұқым қатысса) және күрделі (бірнеше тұқым қатысса) деп екі түрге бөлінеді. Осы арада "Қайсысы дұрыс?" - деген занды сұрақ туады. Бұл селекциөнерлердің алдына қойған мақсаты мен будандас-тырылатын мал тұқымдарының өнімдік ерекшеліктеріне байланысты. Егер көздеген мақсатқа (қалаған ұнамды типке) екі тұқымның малын шағылыстыру арқылы- 

Сурет 55 - Оңтүстік-қазақ мериносын шығару жолы 

ақ жету мүмкіншілігі болса, үшінші тұқымды араластырудың қажеті жоқ. Ал, егер екі тұқымның будандары болашақ жаңа тұқымның ұнамды типіне толық сәйкес келмесе, үшінші, қажет болса төртінші, бесінші т.т. тұқыммен будандастырылады. Есте болатын мәселе, будандастырылуға қатыстырылған мал тұқымдарының саны көбейген сайын, алынған будандардың гетерозиготалылығы (гендерінің әр тектілігі) арта түсіп, олардың белгілерін ұрпақтан ұрпаққа бекіту қиындай береді. 
3. Будандастырудың жалпы жүйесі алдын ала жасалынады. Мұнда әр ұрпақтың будандарын алу және оларды пайдалану тәртібі нақтылы белгіленеді. Әрине, жұмыс барысында қажет болса, мұның бәріне өзгерістер енгізіледі. Бұл — жаңа тұқым шығарудың ізденіс кезеңі, яғни болашақ тұқымның тілеген мақсатқа сәйкес ұнамды типін алу кезеңі. 
4. Мақсатты ізденіс негізінде алынған ұнамды типтің нәсілдік және өнімдік қасиеттерін ұрпақтан ұрпаққа бекіту. Мұның негізгі жолдарына ұнамды типтерден біртекті жұп құру, туыстас малды өзара шағылыстыру, одан алынған ұрпақты қатаң сұрыптау сияқты күрделі істер негіз болады. 
5. Болашақ мал тұқымының нәсілдік құрылымын қалып-астыру - өзіндік генотиптік және фенотиптік ерекшеліктері бар, бір-бірімен туыстық қатынасы жоқ, кем дегенде 5-6 аталық із және 1-2 аналық ұя құру. 
Осы жоғарыда сипатталған әдістеме негізінде жүргізілген будандастыру арқылы алынған мал тобы жергілікті тұқым малынан өнімі жағынан айқын артықшылығы болса ғана, оны жаңа тұқым ретінде бекітуге болады. 
Сонымен, зауыттық будандастыру деп шағылыстырылған мал тұқымдарының тиімді қасиеттерін ұтымды ұштастырған немесе кейбір жаңа қасиеттері бар, артық өнім беретін жаңа мал тұқымын шығару үшін қолданылатын будандастыруды айтады. 
Біздің еліміздің мал шаруашылығы үшін зауыттық будан-дастырудың айрықша маңызы бар. Қазақстандағы әр түрлі экономикалық, табиғи-климаттық аймақтардың әрқайсысы үшін арнайы маманданған мол өнімді мал тұқымдары болуы қажет. Жануарлардың жақсы, жаңа тұқымдарына деген қажеттілік барған сайын артып отыр. Ірі қараның етті тұқымдарын, бекон шошқаларын, таулы аудандар үшін кроссбред үлгісіндегі қойларды, спорттық мақсаттағы жылқыларды шығару жөніндегі мәселе де күн тәртібінде түр. Мал шаруашылығын өнеркәсіптік негізге көшіруге байланысты жаңа технологияға жарамды тұқымдарды шығару міндеті қойылған. Желіннің пішіні, сүтінің тез және оңай сауылуы, желінсау секілді ауруларға төзімділігі жөнінен жақсы селекциядан еткен, дене бітімі мықты жануарлардың жоғары интенсивті тез жетілгіш жаңа типтері қажет болып отыр. 
А.И. Овсянников ауыл шаруашьшығы жануарларының жаңа тұқымдарын шығару әдістерін үлкен үш топқа бөледі: 
1) тұқымаралық будандастыруды қолданбай-ақ, зауыттық тұқымдар шығару. Бұл әдістің жеке мысалдарына шетелдік тұқымдардың жануарларын әкелу негізінде жаңа тұқымдар шығару жатады; 
2) екі немесе бірнеше зауыттық тұқымды біріктіру арқылы 
жаңа тұқым шығару; 
3) жоспарлы будандастыру жолымен жаңа тұқым шығару. 
Малдың жаңа тұқымдарын шығарудың екі әдісі бар: 
а) бастапқы жануарлар саны көп болғанда; 
б) бастапқы жануарлар саны аз болғанда. 
М.Ф. Иванов бірінші әдісті, яғни көптеген жануарлармен 
жұмыс жүргізуді барынша тиімді әдіс деп есептеді. Ал өзі болса, бірқатар себептерге байланысты, шошқаның украиндық далалық тұқымын шығаруда инбридингті қолдана отырып, екінші әдіс бойынша бастапқы ата-тектің аздаған ғана мал санымен ойдағыдай жұмыс жүргізген. Егер М.Ф. Ивановтың жұмыс схемасын гендердің "ығысуының" жалпы теориясы тұрғысынан қарайтын болсақ, онда оның селекциядан өткізген шошқалар тобы сөзсіз қырылып қалуы тиіс еді. Американдық ғалымдардың жақын инбридингті қолданып, 140 мәрте қайталай жүргізген осындай жұмысының сәтсіз аяқталғаны зоотехниктерге мәлім. М.Ф. Иванов жануарлардын, бірнеше бағалы тұқымын шығарып, өз жұмысын ойдағыдай аяқтады. 
Ол жануарларды зауыттық будандастыруда мынадай жағдайларды сақтау қажеттігін көрсетті: 
1) жаңа тұқымның қандай болатыны жөнінде айқын түсінік 
болуы қажет (өнімдік бағыты, типі); 
2) будандастыру жолын дұрыс анықтау (әр буын ұрпақ- 
тарымен жүргізілетін тұқым асылдандыру ерекшеліктері); 
3) будандастыруға арналған бастапқы тұқымдарды дұрыс 
тандай білу; 
4) жұмысқа көптеген жануарларды пайдалану; 
5) тұқымды қалыптастырып, бекітудің алғашқы сатысында 
қатаң сұрыптау жүргізе отырып, туыстық жұптастыру қолдану; 
6) табынды толықтыратын төлдер үшін жақсы азықтандыру 
және күтіп-бағу жағдайларын жасау. 
Зауыттық будандастыруды төрт кезеңге болуге болады: бірінші кезең — тұқымдық топ түзу, селекциялық ізденіс (жоспарланған ұнамды типтегі жануарларды шығару); екінші кезең — будан ұрпақта жануарлардың қажетті нәсілдік қасиеттерінің типін нығайту, ол үшін жақын туыстық жұптастыру қолдану; үшінші кезең — будандарды "өз ішінде" өсіру, тұқым құрылымын жасау, туыс емес жаңа аталық іздер мен аналық ұялар қалыптастыру; төртінші кезең — ұйымдастыру кезеңі (тұқымды бекіту, оның өсу аймағын анықтау т.с.с. стандартын жасау). 
М.Ф. Иванов жай зауыттық будандастыру әдісімен шошқаның украиндық далалық ақ тұқымын шығарды (53-сурет). Мұнда бастапқы тұқым ретінде мынадай екі тұқым алынды: тірілей массасы төмен жене тез жетіле қоймайтын украиндық жергілікті қысқа құлақты шошқа және аса өсімтал, тез жетілетін, тірілей массасы үлкен, бірақ Украинаның оңтүстігіне нашар жерсінетін ағылшындық ірі ақ шошқа. М.Ф. Иванов бірінші кезеңде ірі ақ шошқа тұқымының таңдаулы аталық іздерінің бірінің қабаны Керзонды украиндық жергілікті бес мегежінмен будандастырған. I ұрпақ дамуы мен өсімталдығы жөнінен бастапқы аналық тұқымға қарағанда әлдеқайда жақсы болғанымен, ол ғалымның қойған талаптарына сай келмеді. Ол енді алынатын ұрпақта ірі ақ тұқымның белгілерін күшейтіп нығайту үшін I ұрпақтың будандарын осы ірі ақ тұқымның Бар-Нон 197 жене Бар-Нон 15 қабандарымен қайтадан будандастырды. Бұл қабанның екеуі де тұқымды қалыптастырушылар ретінде пайдаланылды. Бар-Нон 197 мегежіндердің бір тобына пайдаланылып, одан аналық ұрпағы ғана тұқымға қалдырылды. Бар-Нон 15 мегежіннің келесі тобын ұрықтандырып, тұқымға оның тек еркек ұрпағы ғана қалдырылды. Қайыра будандастыру арқылы алынған 2 ұрпақтан Асканий 1 қабаны сұрыпталып алынды, ол инбри¬динг (ІІ-ІІІ) қолдану арқылы шығарылған, дене бітімі мықты, тірілей массасы үлкен, жетілгіштігі жақсы мал болды. Бұл жануар алға қойылған мақсатқа сай келді. Сөйтіп Украинаның оңтүстігінде мол өнімді, етті-майлы, тез жетілетін, осы аймақта өсіруге жақсы бейімделген жануар болып шықты. 
М.Ф. Иванов Асканий 1-дің ұнамды типін ұрпағында орнықтыру (бекіту) мақсатымен жаңа тұқым шығарудың екінші кезеңінде де осы қабанға жақын инбридинг қолданды. Асканий 1 өзінің "қарындастарын", тікелей ұрпақтарын және немерелерін ұрықтандырды. Будан текті, гетерозисі айқын байқалатын, дене бітімі мықты, тірілей массасы үлкен, атасына (Асканий 1) жақын инбридинг қолданудан алынған ұрпақты денінің саулығына, дене бітімінің мықтылығына, даланың табиғи жағдайларына бейімділігіне қарай қатаң сұрыптау ешқандай зиянды зардап шектірген жоқ. М.Ф. Иванов тұқым түзудің үшінші кезеңінде бірқатар қабандардың (Задорный, Ворожей, Степняк) туыс емес аталық іздерін түзе отырып, тұқымды таза өсіруге көшті. Тұқымның құрылымы түзілді, мал басы артты, стандарт қалыптастырылды. 
Жылқының әйгілі орлов желісті тұқымын шығару күрделі зауыттық будандастыруға мысал бола алады. Бұл тұқымды қалыптастыру А.Г. Орлов зауытында 50 жылға (1780-1830) созылды. Ол кезде аса қажеттілігіне қарамастан, Рессейде жегін жылқылары жоқ еді. А.Г. Орлов өзінің атымен аталған желісті жылқы тұқымын шығару барысында Хренов жылқы зауытына (Воронеж губерниясы) шетелдік мініс жылқылары мен жегін тұқымдарының 3 мындай жылқысын жинаған. Ол 1775 жылы Түркиядан Ресейге арабтың 30 айғыры мен бірнеше биесін әкелген. Осылардың ішінен Салтан және Сметанка айғырлары жақсы болып шыққан. Бастапқы тұқымдар ретінде араб, дат және голланд тұқымдарын пайдаланған. 
Будандастыру жоспары мынадай болды. Араб тұқымының Сметанка айғыры даттық жегін биелерге жұпталды. Осындай жұптастырудың нәтижесінде Полкан 1 айғыры алынды, ол өз "әкесінің" жеңілдігі мен дене бітімінің әдемілігін, ширақ жүрісін, қызу қандылығын, ал енесінен — дене пішінінің шомбалдығын, жақсы жегілетін қасиеттерін тұқым қуалай қабылдады. Полкан 1 жақсы желісті қасиеттерге ие болмаса да, бұл будандастырудағы таңдаулы ұрпақтың қатарына жатқызылады. 1783 жылы зауытқа Голландиядан бірнеше желісті биелер әкелінді де, оларды Полкан 1-мен үрықтан-дырды. Одан 1787 жылы Барс 1 атты тамаша айғыры алынып, ол осы тұқымның шығу тарихында өте зор рөл атқарды. Оның экстерьері өте жақсы, бұлшық еттері мықты жетілген, аса ширақ әрі төзімді, жақсы желісті қасиеттері болды. Барс 1 орловтың желісті тұқымының негізін салушы деп есептелді. 
А.Г. Орловтың жақсы жылқы тұқымын шығаруда табысқа жетуі шебер тандалған бастапқы тұқымдарды сәтті будандастыруға ғана емес, сонымен бірге жұптарды дұрыс таңдауға, жылқыларды жақсы жаттықтырып, сынауына, төлдерді дұрыс өсіруге байланысты еді. Хренов жылқы зауытында жануарлардың жаңа тұқымдарын шығаруда әр түрлі орташа инбри¬дингі, малды гетерогенді және гомогенді жұптастыруды, аталық іздер бойынша өсіруді ойдағыдай қолданды. А.Г. Орлов қайтыс болғаннан кейін тұқым шығарудың қорытынды кезеңіндегі жұмыстарды В.И. Шишкин жүргізді. 1836 жылы тұқым қалыптастырылып, оны дүние жүзі мойындады. Орловтың желісті жылқылары өздерінің ширақтығымен, шапшандығымен белгілі болды. 1867 жылы Парижде Бүкіл дүниежүзілік көрмеде Бедуин атты жылқысы бұл тұқымның атын әлемге жайды: ол Булон орманындағы құм төселген жолда салмағы 9 пұт тартатын американдық екі дөңгелекті арбамен 3 км қашықтықты 4 мин. 45 секундта, оның ішінде соңғы километрді 1 мин. 29 секундта шауып өткен. 1880 жылға дейін жылқының орлов тұқымына шапшаңдық жөнінен ешқандай бәсекелестер болмаған. Ол кейін ғана біріншілікті едәуір жеңіл типті американдық желісті жылқыларға беруге мәжбүр болған. 
Ірі қараның таңдаулы сүтті-етті тұқымдарының бірі, күрделі зауыттық будандастыру әдісімен шығарылған — бестужев малы. Бұл тұқымның шыққан жері С.П. Бестужевтің меншікті жері (Симбирск губерниясындағы Сызрянь уезіндегі Репьевка селосы) еді. Тұқым шығарудың бірінші кезеңі мұнда дургам малын (ағылшынның етті малы) әкелуге байланысты болған. С.П. Бестужев сүтті-етті бағыттағы мал тұқымын шығару үшін 1813 жылы өзінің меншігіне Голландиядан бір топ тайыншаларды жеткізіп, оларды шортгорн тұқымының бұқаларымен будандастыра бастайды. Ол будандастырудан шыққан будандарды сүттілігіне, дене бітімінің мықтылығына, төзімділігіне қарай мұқият сұрыптайды. Будандардың шомбал болып, жақсы жетілуі үшін оны симментал тұқымымен қан араластыра будандастырады (екі рет), сондай-ақ вильстермарш, тироль, холмогор және басқа тұқымдармен де будандастырады. Будандастыруды оқтын-оқтын ұзақ мерзім "өз ішінде" өсірумен алмастырып отырады да, ең ақырында, жергілікті малмен кері будандастырып, осының негізінде тұқымды қалыптастырады. 
Тұқымды шығару 1850 жылы аяқталады. Бұл кезде тұқым Орта Поволжье шаруашылықтарында кең тарады. Орта Еділдің сол кездегі тұрғындары бестужев сиырларын "Красные сызранки" деп ерекелете атайтын және оларды денелілігі, сүттілігі және төзімділігі үшін жоғары бағалайтын. 1869 жылы Петербургте өткен ірі қараның Бүкілресейлік көрмесі бестужев малының атағын нығайта түсті. Бұл көрмеде бір топ бестужев сиыры дене бітімінің әдемілігі және мол өнімділігі үшін наградаларға ие болды. Қазіргі уақытта бестужев малы — Ульянов, Куйбышев облыстарындағы, Башқұртстан мен Татарстандағы жоспарлы тұқымдар. 
Күрделі зауыттық будандастыру әдісі арқылы қойдың алтайлық биязы жүнді тұқымы шығарылған (Литовченко). Сүтті-етті малдың Кострома тұқымы да осы әдіспен шығарылған. Ол өткен ғасырдың 1890 жылында шығарылған, бұл кезде өнеркәсіптің дамуына, халық санының өсуіне байланысты Ресейдің көптеген аудандарында сүт өнімдеріне деген сұраным артқан болатын. Жақсы жайылымдардың, жайылма шалғындарының болуы да тұқымның түзілуіне септігін тигізді. Кострома маңындағы ауылдарда жақсартылған жергілікті малдың бабаев және мисков атты екі тобы қалыптасты. Жергілікті Кострома сиырларын альгау тұқымының бұқаларымен будандастыру нәтижесінде пайда болған бабаев тобы едәуір құнды болып саналады. 1912 жылдан бастап будан сиырларды швиц бұқаларымен жұптастырады. 1925 жылға қарай жақсартылған швиц-альгау будандарының көптеген табындары болды және оларды жетілдіруге бағытталған жұмыстар жүргізілді. 1934 жылы кострома малының асыл тұқымды мал өсіретін ұясы ұйымдастырылды. 
Кострома облысындағы талантты селекциөнер С.И. Штейман жұмыс істейтін "Караваево" асыл тұқымды мал зауыты кострома тұқымын қалыптастырып, жетілдіру орталығы болды. 1932 жылдан бастап жергілікті табынның сиырларын швиц тұқымының бұқаларымен сіңіре будандастырумен қатар, бірқатар фермаларда 2-4 ұрпақтың будан бұқаларын пайдаланды. Әдетте тұқым түзудің әр түрлі кезендерінде будан бұқаларды пайдаланғанымен, бұл тәжірибе сирек қолданылады. Алайда С.И. Штейман бұған тәуекел жасаудан қорықпады. Оның тандап алған көптеген таңдаулы бұқалары "Караваевода" пайдаланылып, ұзақ уақыт бойы бағалы ұрпақ берді. Қан жаңарту үшін 1939 жылы "Караваевода" біраз уақыт асыл тұқымды жоғары класты швиц бұқаларын пайдаланды. Жануарларды сүтінің молдығына, сондай-ақ дене бітімінің мықтылығына қарай сұрыптау және жұптау, төлдерді шынықтыра өсірудің мақсатты жүйесі, жеткілікті азықтандыру сүтті-етті ірі қараның таңдаулы отандық тұқымдарының бірін шығаруға мүмкіндік берді. Кострома тұқымы 1944 жылы ресми түрде бекітілді. 
"Караваево" сиырларының сүттілігі табын бойынша алғанда орта есеппен 6406 кг-ға, тірілей массасы — 550-600 кг-ға, сүтінің майлылығы — 3,7 пайызға жетті. Мұнда 7000 кг-нан астам сүт беретін 462 рекордшы сиыр өсірілді. Олардың біреуі — Послушница-2 сиыры лактацияның 300 күні ішінде 14 мың кг-нан астам сүт берген. 
Рекордты өнімділігі бірнеше лактация бойьшда қайталанып отыратын сиырлардың асыл тұқымдық құндылығы жоғары деп саналады. "Караваевода" сүттілігі орта есеппен алғанда орбір 6-7 лактацияда 7000 кг-нан асатын сиырлар тобы бар. Бұл жануарлардың тіршілігіндегі сауылатын күндерінің саны ең жоғары деп танылған (2078-5430), тәуліктік орташа сүттілігі 18,4-29,5 кг. Бұл рекордшылар тобына тіршілігі бойында 120247 кг сүт берген әйгілі Краса сиыры, 116765 кг сүт берген Опытница және т.б. жатады. Бұл шаруашылықта көптеген көрнекті тұқымдық бұқалар (Каро, Силач, Суровый, Салат, Богатырь және т.б.) өсірілген. 
Аса мол сүттілігі, етінің сапалылығы, экстерьерінің әдемілігі, асыл тұқымдық артықшылықтары бұл тұқымның атын әлемге шығарды. Кострома тұқымы Венгрия, Чехословакия, Германия, Польша, Болгария секілді елдерде кең таралған. 
Ірі қараның жаңа етті тұқымдарын шығарудың айрықша маңызы бар. Бұл тұрғыдан алғанда, Украинада малдың жаңа тұқымын шығару жөніндегі жұмыстарды Н.А. Кравченко мен П.Л. Погребняк ойдағыдай жүргізді. 1987 жылы 40 мың жануар шығарылса, оның ішінде 10 мыңы етті сиыр болған. 
Будандастырудың жәрдемімен шошқаның мол өнімді кемеровтық, солтүстік кавказдық және басқа тұқымдары шығарылды. Соңғы 40 жыл ішінде М.Ф. Ивановтың тұқым шығару әдістемесін қолдану арқылы ТМД елдерінде ірі қараның 15 жаңа тұқымы, қойдың 24 биязы және биязылау жүнді-етті тұқымы, шошқаның 12, жылқының 14 тұқымы шығарылды. 
Зауыттық будандастыруды пайдалану соңғы кездерде шетелдерде көптеген жаңа тұқымдар мен тұқымдық топтарды шығаруға мүмкіндік берді. 1964 жылы Англияда ірі қараның бифбилл деген жаңа етті тұқымы шығарылды. Ол төрт тұқымды будандастыру (тоқал қызыл сиыр х шортгорн х абердин-ангус х линкольн) жолымен шығарылған. Бұл тұқым жануарларының экстерьері өте жақсы, тез өседі (тәулігіне қосатын тірілей массасы 1300-1500 г-ға дейін жетеді, сойыс шығымы мол). Оларды сүтті тұқымдармен будандастырудан гетерозисті ұрпақ алынады, сондықтан бифбильді сүтті тұқымдардың еттілік қасиеттерін жақсарту үшін пайдаланады. Венгрияда жергілікті теңбіл малды джерсейлермен және швицтермен өндіре будандастыру арқылы жаңа тұқым шығарылған. Канадада герефорд, швиц және голлштин тұқымдарын күрделі зауыттық будандастыру арқылы конвертер-хейс етті тұқымы (ірі азықтарды етке айналдырушы) шығарылған. АҚШ-та бастапқы 8 тұқымды будандастыру нәтижесінде етті миннесота 3 үлгісіндегі бағалы шошқа тұқымы шығарылған. 
Өнеркәсіптік будандастыру. Кез-келген түлікті өсірудің түпкі мақсаты сол түлікке тән өнімді арзан жолмен мейлінше мол өндіру. Осы тұрғыдан өндірістік шаруашылықтарда мал өнімділігін арттырудың селекциялық тиімді жолы — өнеркөсіптік будандастыру. 
Бұл будандастыру әдісі айқын байқалатын гетерозисі бар 1 ұрпақтың будандарын пайдалану мақсатындағы мал шаруашылығы тәжірибесінен шыққан. 
Өнеркәсіптік будандастыру деп екі немесе үш тұқымды будандастыру арқылы гетерозис құбылысы тән бірінші, әрі кетсе екінші ұрпақ будан алуды айтады. Гетерозис құбылысы тән буданның өнімі бастапқы тұқымдар өнімінен артық, әрі өнімге азықты аз жұмсайды және тіршілік қуаты жоғары, анау-мынау ауруға шалдықпайды. 
Өнеркәсіптік будандастырудың жай және күрделі түрі болады. Жай өнеркәсіптік будандастыруда бір тұқымның аналықтарын келесі тұқымның аталықтарымен жұптастырады, алынған ұрпақты шаруашылық мақсаттарында пайдаланады. 
Тек екі тұқымды өнеркәсіптік будандастырғанда көбінесе бірінші ұрпақ будан алумен шектеледі, яғни будандардан тек өнім алынады, олар тұқымдық келесі ұрпақ алуға пайдаланылмайды (56-сурет). 


Сурет 56 - Қарапайым өнеркәсіптік будандастыру 
Күрделі өнеркәсіптік будандастыруға үш және одан да көп тұқымдар қатысады. Үш тұқымды өнеркәсіптік будандастыруды қолданғанда екі тұқымның малын шағылыстыру арқылы алынған бірінші ұрпақ буданның ең тәуірлерін үшінші тұқыммен будандастырады. Екінші ұрпақ тек өнім алу үшін тана пайдаланылады (57-сурет). 
Өнеркәсіптік будандастырудың қай түрі де бір қарағанда оңай іс сияқты болып көрінеді. Шын мәнінде бұл әдістің де қыры, сыры мол. Біріншіден, өнеркәсіптіқ будандастырудың тиімділігінің негізгі себебі — гетерозис құбылысының көрінуі. Оның құпиясы әлі толық шешіліп болмаған мәселе. Қазіргі уақытта оның мәнін түсіндіруге ұсынылған, генетика пәнінен белгілі бірнеше теория бар. Бірақ олардың әрқайсысы гетерозис сияқты өте күрделі тіршілік құбылысының тек бір қырының ғана сырын ашады. 
Гетерозис кез-келген мал тұқымын будандыстарғанда пайда бола бермейді және пайда болса да көрінген белгі бойынша бола бермейді. Өкінішке орай, будандыстырылатын тұқымдардың үйлесімділігін алдынала болжаудың дәлдігі өте төмен. Бұл көбінесе нақтылы жүргізген тәжірибе негізінде анықталады. Сонымен қатар, гетерозис құбылысының толық білінуі үшін белгілі бір дәрменде сыртқы ортаның, бағып-күту мен азықтандырудың қолайлы жағдайлары керек. 


Сурет 57- Күрделі өнеркәсіптік будандастыру 

Сонымен, өнеркәсіптік будандастыруды нақтылы бір шаруашылықта сәтті пайдалану үшін мына төмендегі мәселелерді алдын ала шешіп алу қажет: 
- өнеркәсіптік будандастырудың мақсаты және оған жетудің ғылыми тұрғыдан мүмкіндігі; 
- будандастыруға қатысатын мал тұқымдарын тандау және оларды пайдалану тәртібін (басында аталығы қайсы, аналығы қайсы, пайдалану кезегі) анықтау; 
- өнеркәсіптік будандастыруға жіберілетін табын көлемі. 
Жануарлардың барлық түрлерін өсіруде өнеркәсіптік будандастыру кеңінен қолданылады. Шошқаның ірі ақ тұқымын, жергілікті шошқалармен қатар, беркшир тұқымымен шағылыстырудың да аса тиімді болатыны ертеден белгілі. Мал өсірушілердің европалық ассоциациясының 25-конгресінде Швецияда, Данияда, Германияда, Бельгия мен Голландияда шошқалардың түрлі тұқымдарын өнеркәсіптік будандастырудың қорытындысы шығарылды. Бұл әдіс әр түрлі климаттық аймақтарда 15 тұқымның көптеген малын (46 мың торай) түрліше вариантта өнеркәсіптік будандастыру арқылы жануарлардың өнімділігін 8-10 пайызға арттыруға мүмкіндік беретіні дәлелденді. 
Көптеген елдерде шошқа етін өндіру үшін негізінен алғанда будан төлдерді (Англияда - 90%, АҚШ-та - 85%, Венгрияда - 80%) пайдаланады. Жегін биелерін міністі айғырлармен өнеркәсіптік будандастыру арқылы аса бағалы, саяткерлік гунтер жылқысы шығарылған. 
Өнеркәсіптік будандастырудың етті мал өсіруде зор маңызы бар. Көптеген елдердің ғалымдары етті мал өсіруде өнеркәсіптік будандастыруды қолданудың әр түрлі варианттарын жасаған. 1903-1906 жылдары В.Н. Колесников Дон тәжірибе алаңында жүргізген тәжірибелері арқылы шортгорн тұқымын қалмақ малымен будандастырудың жақсы нәтиже беретінін көрсетті. 3 жасында сойылған піштірілген будандар бастапқы тұқымға қарағанда 87 кг немесе 17% артық салмақ тартқан. 1934 жылы қалмақ малын ағылшынның етті тұқымдарымен өнеркәсіптік будандастыру жөніндегі А.В. Заркевич жүргізген ұзаққа созылған тәжірибелердің зор маңызы болды. Будан төлдің салмағы бастапқы тұқымға қарағанда 6 кг артық болып шыққан. 
Қазіргі уақытта ТМД елдерінде сүтті-етті тұқымдардың сиырларын етті тұқымдардың бұқаларымен өнеркәсіптік будандастыру жөнінде кең зерттеулер жүргізілген. Мұнда 125 нариантта өнеркәсіптік будандастырудың тиімділігі зерттелген. Олардың ішінде гетерозис эффекті байқалатын тандаулылары бұл елдердің белгілі бір аймақтарының шаруашылық тәжірибесінде қолдануға ұсынылған. Будандар тез өседі, жақсы бордақыланады және етінің сапасы мен жұғымдылығы жоғары болады. Кейбір жануарлар бордақылау кезінде тірілей массасын өте жақсы арттырады. 
Н.Ф. Ростовцевтің және И.И. Черкашенконың тәжірибелерінде қырдың қызыл сиыры тұқымының аналықтарын әр түрлі етті тұқымдардың аталықтарымен өнеркәсіптік будандастырудың тиімділігі анықталған. Алынған мағлұматтар 85-кестеде келтірілген. (Мұнда азықтың жұмсалуы бірдей болған 18 айлығына дейін 3230 азық өлшемінен келген). 
Қырдың қызыл таза тұқымды өгізшелеріне қарағанда шароледен алынған 1 ұрпақтың будандары 74 кг артық салмақ тартқан, ал герефорд тұқымының будандары тірілей массасы жөнінен таза тұқымды жануарлардан 39 кг артық болған. Будандар ұшасының массасы да көп, ал еті дәмді әрі жұғымды болып шыққан. Г.А. Бадиннің мағлұматтарына қарағанда, қалмақ сиырларының санта-гертруда бұқаларымен будандас-тырудан алынған 1 ұрпақтың будандары таза тұқымды қатарластарынан 61 кг артық тартқан. 
Жұп құру дұрыс жүргізілген жағдайларда будан жануар-лардан бастапқы тұқымдарға қарағанда ең алдымен ет көп алынады. Мал өсіруде бұған шортгорн тұқымын герефордпен, қалмақ тұқымын герефордпен, қазақтың ақбас тұқымын шаролемен будандастыру арқылы қол жеткізіп жүр. Шошқа өсіруде етті-майлы және етті тұқымдарды будандастыруда зор тиімділікке қол жететіні байқалады. 

Кесте 61 - Ірі қараны өнеркәсіптік будандастыру нәтижелері 

Бастапқы тұқымдар 18 айлығына дейін пайдалана-тын азығы, азық өлшемі 18 айлық өгізшелердің тірілей массасы, кг 1 кг қосымша салмаққа жұмсалған азық, азық өлшемі Сойыс 
шығымы, 

Қырдың қызыл х шортгорн 2570 384 7,4 57,8 
Қырдың қызыл х санта-гертруда 2570 409 7,1 58,4 
Қырдың қызыл (бақылау тобы) 2570 344 8,2 54,0 
Қырдың қызыл х шароле 3385 516 6,6 63,0 
Қырдың қызыл х герефорд 3385 481 7,0 61,3 
Қырдың қызыл (бақылау тобы) 3385 442 7,6 60,3 
Қырдың қызыл х абердин-ангус 2656 389 7,3 61,1 
Қырдың қызыл х шортгорн 2656 388 7,3 62,2 
Қырдың қызыл (бақылау тобы) 2656 400 7,2 57,9 

АҚШ пен Англияда етті тұқымдарды өнеркәсіптік будандастыруға бағытталған зерттеулер жүргізілген. Ағылшынның етті тұқымдарын зебу тәрізді малмен (брамандармен) будандастырудан шыққан будан бұзаулардың енесінен айырған кездегі тірілей массасы таза тұқымды жануарлармен салыстырғанда көп болған. АҚШ-тың Монтана штатындағы тәжірибе станциясында соңғы бес жыл ішінде абердин-ангус, браман, герефорд, шароле және шортгорн тұқымдарын будандастырудан әр түрлі 20 вариант мол өнімді будан мал алынған. Сүтті бағыттағы сиырларды етті тұқымдардың бұқаларымен өнеркәсіптік будандастыру ет өнімділігі мен сапасын жақсарту әдісі ретінде будандастыруды ұйымдастырудажаңа бағыт болып табылады. Осы мақсатта фермаларда етті тұқымдардың бұқаларымен будандастыру үшін белгілі мөлшерде аз өнімді сүтті сиырлар мен тайыншаларды бөледі. Алынған будандардан сапасы жақсы көп ет өндіріледі. Сүтті сиырларды етті тұқымдардың бұқаларымен өнеркәсіптік будандастыруды кеңінен қолдану елімізде сиыр етін өндіруді тезірек арттыруға мүмкіндік береді. 
Өнеркәсіптік будандастыруда будандардың өсімталдығына айрықша көңіл бөлу керек. И.И. Черкащенко атап көрсеткендей, бұл 80 пайыздан аспайды. Бұл нашар тұқым қуалайтын белгі, тұқым қуалаушылық коэффициенті (һ2) шамамен 10%. Оған тұқымды таза өсіруде де селекция жүргізу қиын. Будандыстыруда өсімталдықты 10% арттыруға болады. 
Болашақта сүтті және сүтті-етті бағыттағы сиырларды етті тұқымдардың бұқаларымен будандастырудан алынған будан тайыншалар етті малдың аналық табындарын түзетін негіз болуы тиіс. Табынды толықтыратын тайыншаларды бір рет ұрықтандыру арқылы қосымша бұзау алу үшін пайдаланған жөн. Қосымша бұзау алудың және жақсы сиыр етін өндірудің мұндай формасы қазірдің өзінде біздің елімізде және кейбір басқа да елдерде қолданыла бастады. Сүтті сиырларды етті тұқымдардың бұқаларымен будандастыру Англияда, Францияда, Жаңа Зеландияда, Германияда және басқа да елдерде кең таралуда. 
Мысалы малдың арнайы етті тұқымы 25% болатын Англияда жыл сайын өнеркәсіптік будандастыру үшін 1,5 млн бас мал бөледі, бұл сүтті және сүтті-етті сиырлардың 45 пайызын құрайды. Германияда немістің қара-ала тұқымын шароленің бұқасымен өнеркәсіптік будандастыру жақсы нәтиже берді. Будандар енесінен азықтың өтелуі жөнінен 10%, тәулігіне қосатын орташа салмағы жөнінен - 6% және сойыс шығымы жөнінен - 4% артық болып шықты. Венгрияда сарғылт-ала малды, Чехословакияда — богемдік сарғылт-ала малды герефорд тұқымымен будандастырады. 
Германияда үш тұқымдық өнеркәсіптік будандастырудың тиімділігін зерттеген: шароле бұқаларын будан сиырлармен (джерсей х қара-ала) жұптастырған. Мұндай будандастырудан шыққан ұрпақ етінің мөлшері мен сапасы жөнінен таза тұқымды қара-ала жануарлардан асып түскен. Шетелдік авторлардың хабарлауынша, үш тұқымдық өнеркәсіптік будан-дастыру әдісімен (шортгорн х герефорд х абердин-ангус; абердин-ангус х санта-гертруда х шароле) Англияда будан¬дардың көбею қабілетін арттырудың сәті түскен. Бұзаулауы және бұзауларының тіршілік қабілеті жөнінен үш тұқымдық будандар бастапқы ағылшын тұқымынан 18-25% асып түскен (Гудингтің мағлұматтары бойынша). 
Соңғы жылдары сиыр етін өндіруді арттыру және гетерозис эффектін пайдалану үшін сүтті тұқымдардың сиырларын етті тұқымдардың бұқаларымен ғана емес, сондай-ақ етінің сапасы жақсы болатын сүтті-етті тұқымдардың бұқаларымен де будандастыру барған сайын маңызды болып келеді. Көптеген мамандардың бағалауынша, дүниежүзілік рыноктағы сиыр етінің 70 пайызы сүтті тұқымдар мен олардың будандарынан алынуда. 
Кезек (ауыспалы) будандастыру. Кезек будандастырудың мақсаты өндірістік будандастырумен бірдей, яғни гетерозис құбылысын мейлінше толық пайдалану. Айырмашылығы - гетерозис құбылысын бір-екі ұрпақ бойы ғана емес, бірнеше ұрпақ бойы пайдалану. Бұл үшін будандастыруға қатысатын тұқымдардан келесі ұрпақ алу үшін оларды бір-бірімен алмастыра кезек пайдаланады, осы тұрғыдан кезек будандастырудың жолы өндірістік будандастырудың жалғасы іспеттес (58 - суреттерді қараңыз). 

Сурет 58a - Екі тұқым (А мен В) қатысқан кезек будандастыру 

 

Сурет 58б - Үш тұқым (А, В, С) қатысқан кезек будандастыру 

Өнеркәсіптік будандастырудағыға қарағанда кезек (ауыспалы) будандастыруда аналықтардың бір бөлігін тұқымға қалдырып, олардан жануарлардың тағы бірнеше ұрпағын алуға тырысады. Әрбір келесі буындық ұрғашы будан ұрпакқа таза тұқымды аталық малды тұқымын ауыстыра отырып жұптастырады, яғни будан аналықтарды олардың әкелерінің тұқымына туыстық жақындығы жоқ басқа таза тұқымның аталықтарымен жұптастырады. 
Кезек будандастырудың қай түрінде болмасын (58 - суреттерді қараңыз) екінші ұрпақтан бастап алынған төлдің енелері будан, ал аталары әр уақытта таза тұқым (белгілі бір кезекпен) болып отыр. Осының нәтижесінде әр ұрпақта бірінші-екінші ұрпақтағыдай біршама жоғары дәрежеде гетерозиготалықтың (будандастыруға қатысқан тұқымдар қанының әр түрлілігі) болуына байланысты будандарда бірнеше буындық ұрпақ бойына гетерозис құбылысы сақталады. 
Кезек будандастыру да қатысқан мал тұқымдарының санына байланысты қарапайым (екі тұқым қатысса) және күрделі (үш-төрт тұқым қатысса) деп екіге бөлінеді. 
Екі тұқымды кезек будандастыруда таза тұқымды аталықтарды будан аналықтарымен жұптастырады. Мұндай будан аналықтарда олардың аталықтары жататын тұқым қанының 1/2 немесе 1/4 үлесі болуы тиіс, бұл жағдай гетерозисі жақсы байқалатын ұрпақ алуға және оны бірқатар ұрпақтың бойында сақтауға мүмкіндік береді. Ауыспалы будандастырудың өнеркәсіптік будандастырудан басты артықшылығы осында. Ауыспалы будандастыру шошқа өсіруде, құс өсіруде және етті малдарды өсіруде ерекше тиімді. В.А. Эктовтың мәліметтеріне қарағанда, ірі ақ, миргород және брейт тұқымдарын үш тұқымды ауыспалы будандастыру нәтижесінде таза тұқымдық малды және екі тұқымдық будандарды тірілей массасы жөнінен - 5-20%, өсімталдығы жөнінен - 15-20%, төлінің ірілігі жөнінен - 8-10% және сүттілігі жөнінен - 20-60% асып түсетін жануарлар алынған. 
Н.Ф. Ростовцевтің және И.И. Черкащенконың Батыс Сібірде жүргізген көптеген тәжірибелері арқылы соңғы жылдары екі тұқымды будандастыруға қарағанда үш тұқымды ауыспалы будандастырудың аса тиімді болатыны анықталған. Қырдың қызыл сиырын шароле, шортгорн және абердин-ангус тұқымдарының бұқаларымен будандастырудан алынған будан сиырларды санта-гертруда тұқымының аталықтарымен жұптастырған. Үш тұқымды будан өгізшелер жедел өсіп, 15 айлығындағы тірілей массасы 566 кг-ға жеткен, ет те көп алынған, ал азықтың өтелуі екі тұқымды будандар мен таза тұқымды осы шамалас жануарлардың көрсеткіштерімен салыстырғаңда жоғары болған. 
Н.Н. Нусовтың Кубаньда жүргізген зерттеулері де тұқым-аралық ауыспалы будандастырудың артықшылықтарын дәлелдейді. Тұқымдарды будандастыру варианттары мынадай болған: қырдың қызыл сиыры х абердин-ангус және қалмақ тұқымы, қырдың қызыл сиыры х санта-гертруда абердин-ангус тұқымының бұқаларымен будандастырылған. Үш тұқымды будандардың негізгі артықшылығы — жедел өседі. Сойған кезде олардың массасы таза тұқымды осы шамалас жануарлармен салыстырғанда 18% артық болып шыққан. Олардан ет және май көп алынған, терісі де салмақты болған. Үш тұқымды кезек будандастыру әдісін қолдану оның күр-делілігіне қарамастан, тиімді болып табылады. Ол мал шаруашылығы өнімдерін арттыруға, сондай-ақ мұндай жануарларды пайдалануда экономикалық көрсеткіштерді жақсартуға мүмкіндік береді. Кейбір жағдайларда ауыспалы будандастыру жануарлардың жаңа тұқымын шығарумен аяқталады. Оған норманд жылқысы, сондай-ақ белгілі бір дәрежеде Францияда шығарылған ағылшын-норманд міністі жылқысы жатады. 
Сапасы өте жақсы сиыр етіне деген сұраныс артып отырған, етті мал өсіру ісі дамыған Австралия, АҚШ, Мексика, Канада секілді елдерде таза тұқымды жануарлардың үлесін 25, екі-үш тұқымдық будан жануарлардың үлесін — 40-45, көп тұқымдық жануарлардың үлесін — 5-10 пайызға, гибрид малдың үлесін — 20 пайызға дейін жеткізуді ұсынады. 
Кезек будандастырудың сәтті болуы үшін өндірістік будан-дастыруға байланысты айтылған шарттарды толық басшылыққа алу қажет. 
Кезек және өндірістік будандастыруларға ортақ қатысы бар соңғы жаңалықтарға олардың сәтті болуы үшін будандастыруға қатысатын мал тұқымдарының жалпы үйлесімділігі емес, жекелеген аталық із бен аналық ұя арасындағы үйлесімділіктің маңыздылығы жатады. Осыған орай, әсіресе құс және шошқа өсіруде белгілі бір тұқымнан инбридинг жолымен шығарылған арнайы аталық із өкілдерін сондай жолмен шығарылған екінші тұқымның аналық ұясының өкілдерімен будандастыру кең өріс алып отыр. Бұл тұрақты гетерозистік будан алуды қамтамасыз етеді.


Похожие материалы

Рахмет ретінде астында тұрған жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!

Категория: Биология | Добавил: Admin
Просмотров: 6014 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]