Приветствую Вас Гость • Регистрация • Вход • RSS
Вторник, 6.12.2016
Главная » Файлы » Қазақша рефераттар » Қазақ әдебиеті [ Добавить материал ]

Жүрсін Ерман


Оқушылар,студенттер,мұғалімдер,сайт қолданушылары өз материалыңызбен бөліссеңіз қуанышты болатын едік!

23.02.2014, 23:45
Сөз құны – сөз қадірі. Жүрсін Ерман


Бұған дейін «Жанартау», «Арайлы күн, армысың», «Ұлытауға бардың ба...», Құдіретке жүгіну» кітаптарымен танылған Жүрсін Ерманның жақында «Атамұра» баспасынан «Құстың көлеңкесі» деп аталатын таңдамалы жарық көрді.

***

Кітаптың кіріспесі «Ақынның үйі» деген өлеңмен ашылады:

 Дегені қайда - басылды құйын ?
Ақылым жетпей ашиды миым:
Виноградов көшесіндегі
Қиратып жатыр Қасымның үйін.

Әуелде жыр нобайындағы психологиялық ой-нақылық ішкі иірімге ұласқанда сананың бір түкпірінде ұлт зиялыларының жүрегінде беріш боп қалған, Қасымның аузынан шығып, әмбеге жайылған баспана зарының сарыны бой көтереді. Оның үстіне, ақындықтың ақ мешітіндей болған Қасымның үйі қайдағы бір Виноградов көшесінде орналасқанын көрмейсіз бе?! Автордың «ақылы жетпей миы ашып отырған» себебін зер сала үңілсеңіз ұға қоясыз. Оқырманды жоғарыдағыдай күйге түсіру, әлбетте қаламгер шеберлігі деуге негіз болатындай-ақ тәсіл. Әрине, ақын әр жолды есегітеп, кесіп-пішіп жазып отырмағаны аян. Мұның бәрі санадан сау етіп түскен суреттер. Жырдың алғашқы жолы төмендегі ойларға күшейткіш рай танытқан. «Неге бұлай болды, Қасымның ендігі көрмегені осы ма еді?» деген қауіптің ар жағында қазақ ұлтының сан ғасырлық аумалы-төкпелі тағдыры қылаң береді. Ондағы «құйын» сөзі поэтикалық танымда объективтік кеңістіктегі субъективтік үрейді ишаралауымен ерекшеленеді. Автордың түйсігі сайрап тұр. Табиғи құбылысқа жататын «құйын» таңбасы параллельдік сипатқа ие болғанда бүгінгі заман ағымындағы жаһандық уақыт жылдамдығының мәніне теңеседі. Яғни, уақыт Қаратаудың орнына Алатауды орнатпақ. Бұл санаға сыймайды. Ақынның демі өрт шарпитындай-ақ бар. Алайда қазір қай үйді өртеп, қай үйді қиратпай жатыр!

Енді жырдың соңғы шумағына назар салайық:

Жүйрігім еді жыр көшіндегі,
Бауырын жазып бір көсілмеді.
Қиратып жатыр Қасымның үйін,
...Біздің үй соның іргесінде еді!
Жыр түйіні мүлде шатақтау түйіліпті. Автор өзінің ғана емес, оқырманның да ішін жиып тастайды. Ол «Өгізге туған күн, бұзауға да туатынын» ескерткендей. Қазақ үшін Қасымның үйі Қағбадан кем бе? Қасымның үйі бұл жерде ұлт рухының образы ретінде ғана қызмет атқарып тұрған жоқ, сонымен қатар жат пиғылдылардың қасекі әрекетін әшкерелеуімен құнды. Енді мұны «тіліңді табанға салып, асылыңды абыройдан айырып, азаматыңды оққа байлаған тұрлаусыз қоғамның сүреңсіз суреті емес» деп айта аласыз ба? Егер жыр сорабы «Біздің үйге...» келіп тірелмесе, біз бұл өлеңді осыншалықты індетпеген де болар едік.
Автор бұл туындының салмағын толық сезінген деп ойлаймыз. Мұндай өлең ілеуде бір ақынның кітабына беташар болуға бұйыра бермейтін бақыт!

* * *
Ақы иесінің өз тағдырымен көңіл-күй ауанының галереясындай үйлесімділікпен жүйеленген «Құстың көлеңкесі» кітабына жетпістей өлең топтастырылған екен. Және осынша ғана өлеңнен тандамалы құрастыру автордың қатал редакторлық өресін, талғамға деген тазалығын аңғартса, қайсыбір том-том ақ қағаздарға қиянат жасап жүрген әріптестеріне ой салатындай-ақ жаңалық. Бұл - қаламгердің өзін ғана сыйлауы емес, оқырманға деген үлкен құрметі. Осыңдайда Жұмекен Нәжімеденовтің:

 Шұбатылып жаза беру өнер ме,
Таусылмайды соған біткен күш нағып.
Жарасады жалыны бар өлеңге,
Жақсылардың гұмырындай қысқалық, — деген қағидасы еске түседі.

 Жалпы, Жүрсін Ерманның қаламынан туған дүниелер сәби салған суреттей ашық, қанық бояуларымен, алғаусыз адалдығымен қоса маңдайы тастан қайтпаған салқам, сақи табиғатымен оқшауланған. Оның кез келген өлеңінің әуезінде бағзы жыраулардың асау арманы, текті мұраты мен мұндалайды. Ірі, кесек, еркін болмыстарды жан-жүрегінде трансформациялаған ақын кененің көзіндей елес береді. Іші нәрсіз, бүгінгідей тек сыртқы формамен алдаусыратқысы келетін ақын сияқтылар көбейген тұста қара өлеңнің қасиетіне мінәжат еткен санаулы суреткердің санатында көрінген Ол қажет кезінде тыңнан түрен салады:

 Басқаларды қайдам:
Менің басым - біреу.
Жалғыз басқа, айнам,
Таппай жүрмін тіреу.

Жарғақ басым қанын
Сорғалатты кілең.
Сірә, менің жаным
Басымда емес білем.

Бітпей мәңгі егес
Ағарғанмен шашым,
Тыншу табар емес
Менің қара басым.

 Таусылғанша демім
Қуармын бір елес.
...Тыныш жүрер едім:
Басым екеу емес!

 Бұл - бір сөзбен айтқанда, «Іші - алтын, сырты - күміс сөз жақсысы!»
Мұндағы лирикалық кейіпкердің характері тек жоғарыдағыдай формада ғана құбылып, тек осындай қалыпта ғана түрлене алады. Яғни, форма мазмұнға қан-сөлмен қызмет етіп тұр!
Таңдамалыдан оқырманға ыстық тартар тағы бір өлең «Ертегі» деп аталады. Әсілі, поэзияға қойылар талап әркімнің талғамына байланысты деп жатамыз. Біздіңше, шын өлең кісінің көңіл-күйін әрі-сәрі «өртке тиген дауылдай» халге дейін жеткізуімен бағаланады. Сырлы лиризм мен терең психологизмге құрылған «Ертегі» өлеңі былайша басталады:

 Ғалам жайлы ғажап жырлар шертеді -
Ертегіні тәуір көрем мен тегі.
Осы күні ойлап көрсем, жасымда
Шешем маған айтпапты еш ертегі.

 Бұдан кейінгі жыр шумақтары лирикалық кейіпкердің балалық шағы соғыстан соңғы ауыр кезеңге тап келгені, анасының таңсәріден жұмысқа кетіп бейнеттен белі босамағаны, енді бүгін алпамсадай ұлға ертегі тыңдау кеш екенін жүрек қылын шерте отырып риясыз жеткізсе, байламды меже төмендегіше тұйықталады:

Қартайды ана.
Көп арман бар ойында,
Мазалайды ажал жайлы уайым да.
Мен шешеме айтам енді ертегі
Жүз жасайтын кейуаналар жайында.

 Автордың ғұмырнамасы деуге болатын бұл сюжетте анаға деген перзенттік махаббат, бала пейіліңдегі пәруана алаң илхамдай иландырады. Нағыз өнердің бір парасы осындай-ақ болмақ!

 * * *
Қазаққа ғана тән бір «жіңішке шаруа» бар. Ол - жершілдік, рушылдық. Бұл тақырыпқа Әуезовтен кейін аялдаған қаламгер кемде-кем. Себебі, бұл сары майдан қыл суырғандай шеберлікті талап етеді.
Аталмыш жинақта «Жамбылды қорғау» деген өлең бар. Үзінді келтіреміз:

Қаңқу сөзі қазақтың неге өлмейді?
Ұлыңды да құлдай ғып көгендейді.
Жамбыл бабам:
«Немісті жеңдіңдер-ау,
Арғындарды не істейміз?» - деген дейді.

 Айтатындай болган соң бір себебі
Айтқан шығар ауылдың дүмшелері.
Ақ сақалы Алаштың ақ туындай
Жамбыл солай деді деп кім сенеді?

 ...Жамбыл да емен, мен өзім, арғын да емен,
Бақытымды дұшпаным бар күндеген.
Сол қалжыңды айтпай-ақ қойса екен деп
Жалтақтаймын бұл күнде әркімге мен.

 Дәп бүгін Ұлт пен Отанға ру, жүз шеңберінде емес тұтас тарихымыздағы осал, ұсақ мінезімізден опық жеген сәттерімізді ескере отырып, парасат биігінен қызмет ету парыз. Осынау ар өлшеміндей ақиқатқа табан тіреген ақынның кеудесінде берекелі бірлікке құштар жүректің дүрсілі естіледі. Бұл кешегі:

- Ақын боп өмір кешіру онай деймісін, қарағым,
Аузында жүру бұл өзі сыздаған барлық жараның.
Көкірегіне құйып ап әлемнің асқақ бар әнін,

Қосудың арпалыстары бұл тоғыспас жолдар торабын, — деп жырлап, Айбергенов бекітіп берген ақындық, азаматтық кредоның табиғи  заңды көрінісі.

* * *
Аталмыш жинақтағы біз тілге тиек еткен дүниелермен қоса; «Түнгі такси», «Екі сурет», «Алматыдағы арбакеш», «Күзгі жыр», «Бәсіре сөз», «Қыстаудағы көктем», «Әйелге ода», «Сауран», «Элегия» сияқты поэзияның барша талаптарына жауап беретін өлеңдерді тек қана ұлттық антологияға ғана емес, күллі адамзаттық құндылықтар қатарына қызганышсыз қосуға болады. Сол сияқты «Мирас» триптихі де уақыт кеңістігімдегі ұлттық жадыға қойылған палитрасы бай, полотнолық ракурстен көріне білген шығарма ретінде аталып етуге тиіс.
...Сан мыңжылдықтардан ұласқан сана ағынында Ұлы Даланың да өз еншісі, өз бәсіресі бар. Ол - сөз қадірі, сөз құны! «Құстың көлеңкесі» кітабының ақы иесі Жүрсін Ерманның жырлары да Күн нұрының ең алысқа шашырайтын сәулесіндей...


Похожие материалы

Рахмет ретінде астында тұрған жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!

Категория: Қазақ әдебиеті | Добавил: Admin
Просмотров: 474 | Загрузок: 99 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]