Приветствую Вас Гость • Регистрация • Вход • RSS
Суббота, 3.12.2016
Главная » Файлы » Қазақша рефераттар » Қазақ әдебиеті [ Добавить материал ]

Төле би туралы


Оқушылар,студенттер,мұғалімдер,сайт қолданушылары өз материалыңызбен бөліссеңіз қуанышты болатын едік!

[ Скачать с сервера (62.5Kb) ] 19.02.2014, 15:48
С.Мадуан, М.Алипхан

Төле би туралы соны деректер

2001 жылы наурыз-сәуір айларында тарих ғылымдарының докторы Сейтқали Мадуан Оңтүстік Қазақстан облысы Төле би ауданының және Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті басшыларының тапсырмасымен Мәскеу қаласында ғылыми іс-сапармен болып қайтты. Сапардың басты мақсаты Мәскеу қаласының  әлемге әйгілі ірі мұрағаттары мен кітапханаларының қолжазба қорларынан Төле би туралы жазба деректерді тауып, көшірмесін алып қайту еді. Осы сапардың нәтижесінде бабамыз туралы бірсыпыра жазба деректерді табудың сәті түсті. Ол деректер бүгінде Төле би ауданында сақтаулы. Ғалым ағамыз Мәскеу сапарынан оралған соң да Төле би туралы өз ізденістерін жалғастыруда. Соның нәтижесінде Қытай Халық Республикасының кітапхана және мұрағат қорларында сақтаулы кейбір деректер табыла бастады. Солардың бірі – осы оқырмандар назарына ұсынылып отырған екі баллада.
ХVIII ғасырдың 20-30-шы жылдары Қазақ хандығы ішкі-сыртқы аса ауыр жағдайға тап болды. Бұл жылдары жоңғар қалмақтары үздіксіз шабуыл жасады. Олар Оңтүстік Қазақстан мен Сырдария бойындағы қолөнер және сауда  орталықтары болған Сайрам, Тараз, Түркістан, Сауран, т.б. қалаларды басып алуға тырысты. Сонымен қатар ең маңызды керуен жолдары өтетін территорияларды да өз қолдарына алмақ болды. Сөйтіп  18 ғасырдың алғашқы ширегінде Құба қалмақтардың шапқыншылығы қазақ халқын «Ақтабан шұбырынды» апатына душар етті. 1723 ж. көктемде қалмақтын қаптаған қалың қолы  (кейбір деректерге қарағанда 60 мыңдай таңдаулы атты әскер болған – С.М.) қаннен-қаперсіз жатқан бейбіт елді ойрандап, оларды мал-мүлкін тастай қашуға мәжбүр етті.
Құрсанған жаудың тұтқиылдан жасаған жойқын жорығынан есі шығып, бас қосып тойтарыс беру мүмкіндігінен айырылған қазақтар тоз-тоз болып жосып, Сырдариядан өтіп, Орта Азия хандықтарының территориясына ағылды. Бұл кезде Орта Азияның өзі де аласапыран соғыс жағдайында болатын. 1721-1725 жж. аралығында Бұхарада болған орыс елшісі Флорио Беновени былай деп мәлімдеген:«Орта Азияда үздіксіз соғыс болып жатыр. Бұл соғысқа ауғандар, парсылар, хиуалықтар, бұхарлықтар, қазақтар, қырғыздар, қарақалпақтар және қалмақтар қатысуда. Бұлардың бәрінің де өзара бір-бірімен даушарлары бар».
Міне, осындай қиын-қыстау заманда қырқыс пен алауыздықтың өршуіне тікелей себепкер ақсүйек хан-сұлтандардың қатарынан емес, халық бұхарасының ішінен шығып, ел-жұртына деген адалдығымен , асқан ақылымен, көрегендігімен, ерең ерлігімен «заманымызға дейін келіп жетті. «Қабанбай батыр»,«Бөгенбай батыр», «Сабалақ батыр» сияқты тарихи жырлар осы күресті бейнеледі. Біз қарастырып отырған екі шығармада да халқымыздың аса көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Төле би Әлімбекұлының (1663-1756) асқан ақылды, тапқыр, көрегендгі жайлы сөз болады. Себебі, халық басына қиын-қыстау күндер туғанда ел қорғаған ерлерді қазақ халқы дастан етіп жырлаған, олардың аты ұранға айналған.
«Қарлығаш би» жыры Қытайдың Үрімші қаласында сақтаулы екен. Жыр ел, жер тағдырын, заман шындығын тебірене сөз етумен бастлады. Жыр иесі Зағыпар Туғанбайұлының өлең тудыруда әжептеуір төселіп қалғандығы байқалады. Жыр деп берген шығармасы 11 буынды қара өлең ұйқасымен жазылған. Кейбір тұста тармақтардағы бұрын орындары ауысып кететіндігі болмаса, жалпы өлең құрылымында айтарлықтай мін жоқ. 
Ақын өзі туралы жоғары пікір айтпайды. Керісінше өзін тым қарапайым, кішіпейіл көрсетеді:
Мен де бір асып-тасқан білгір емен,
Ән салып,өнер қуып,өлең терген.
Ақын Төле би өмірінен кейінгі ұрпаққа өнеге боларлық бір сәтін бөліп алып, тарихи шындық ауқымында айтылып жүрген аңыз желісімен өрілген. Өмір шындығынан ел аңызы, одан ақын шығармасы туып отырған жағдайы бар. Ақын Төле бидің ізгі әрекетін, өзіндік талғам, қабылдауымен қомақты, көрікті ете түскен. Ақынның түпкі мұраты да жақсыны жарқыратып, жаманды одан бетер жабырқатып, жексұрын етіп көрсету болса керек. Өйткені, ақын еңбегінің арқасында оқырман жаман мен жақсыны жеңіл ажыратып, нені пір тұтып, неден аулақ болу керектігін анық, айқын біліп отырғаны жөн ғой.
Ел аузындағы Төле бидің ізгі әрекеті мен биік болмысын ақын өз тарапынан тағы да ұштай түседі:
Ұя бұзып, әлсізді өксітуге,
Ақ әділ, үлкен жүрек шыдамады.
Сол жолғы жоңғар шабуылының жөні бөлек, қарқыны қаһарлы екенін ақын өзіндік көркем де тапқыр сөз қолданысымен таныта алған: 
Жоңғардың жасақтары жеткен сонда,
Қазаққа азу басып осы жолда!
Мүмкін «азу басып» қытай қазақтарының жергілікті тіл ерекшелігі болар. Қандай болғанда да ақын жыр жазу шеберлігінен кенде емес. Мәселен, мына шумақта өмір шындығы мен көркемдік шеберлік тайталасып жатқандай көрінеді:
Қарады Сардар қалмақ шаңыраққа.
Шалқалап тыныш жатқан атырапқа.
Шырылдап ұшып келді қос қарлығаш.
Жем әкеліп балапанға, ұя жаққа.
Бұл шумақта шындықты бейнелеудің кең өрістілігі анық байқалады. Осы төрт тармақтағы қалмақ сардарының шаңырақ астындағы абдыраған күйі; адамдар арпалысынан хабарсыз, бейкүнә, бейбіт дала; балапаны жолында бәйек болған қос қарлығаш жайы жүйрік ойыңызды сан-саққа тартып кетеді. Ал мына бір шумақта халқымызға тән даналық пен ізгілік жар салып, жария болып, тұрған жоқ па?!
Үрікпесін, аман болсын балапандар,
Әр үйде балапандай балақан бар.
Бәріне де тіршілік, ғұмыр керек.
Баланы бақытына балаған бар.
Қарлығаш балапаны мен әр үйдегі балақанның тағдыры мен болмысы бір ғой. Төле би әрекеті болып табылатын қарлығаш балапанын бәйек болып қорғау да зор кісіліктен туса керек. Ақын Төле бидің осындай кісілікті болмысын танытқан іс-әрекетін жырына арқау еткен.
Төле бидің даналығы мен ізгі әрекеті өз алдына бір төбе, ал оның жау жүрегіне жол тауып, оның да діліне даналық дарыта алғаны жырда әсіресе айқын көрініс тапқан. 
Соны айтып әлгі Сардар кетті қайтып.
«Қарлығаш би» аңызын еліне айтып. 
Жорықпен дала кезіп көп жорытқан жан, 
Тамсантты тау мен дала, жеріне айтып. 
Зағыпар Туғанбайұлының басынан талай аласапыран заман өткенге ұқсайды. Туған елден жырақтағы жат жерде еркін кесіле алмай, кіріптар күй кешудің өзі зор қайғы болар. Заманнан жаза көріп, елінен табан ауып бара жатқанда жазған жыры секілді бұл шығармасы. Зағыпар ақын ұрпағының жадында жүрсін деген оймен Төле би бабасының өміріндегі осы бір сәулесі сәтін жыр етіп жазып кетіпті. Жырды Зағыпар өзі жазса да, кішілік, шәкірттік жолымен туындының шын иесі Көтбай ақынды құрметпен ауызға алады.
Бұл сөзді естігенмін бала кезде,
Алабұртқан ойға шорқақ шала кезде.
Көшкінші ұлы Көтбай ақын айтқан еді,
Өлеңмен бірдей жүйрік қара сөзге.
Бұл жыр бүгінге дейін Үрімшідегі «Шалғын» журналының ауыз әдебиеті қолжазба қорының «Аңыз әңгімелері» бумасында сақтаулы. Зағыпар Туғанбайұлы бұл жырды қолжазба қорына 1982 ж. тапсырыпты. Өзі тірі кезінде Шыңжан Ұйғыр автономиясы ауданында тұрған. Заманында әнші, қиссагер, ақын адам болыпты. 
Бұл жырға ұстаз бен шәкірт ақынның қаншалықты иелік ететінін біз нақты айта алмаймыз. Білетініміз, жырды соңғы жырлап айтушы әрі оны қолжазба қорына тапсырушы Зағыпар Туғанбайұлы. Ал ол өз кезегінде:
Кейіннен жазып қойдым қалам хаттап.
Алды – артына сөз қостым және нақтап,-
дей келе, ұстазы Көшкіншіұлы Көтбай ақынды «қара сөз бен өлеңге бірдей жүйрік» адам санайды. 
«Қарлығаш би» жыры – бас-аяғы жинақы, шымыр, тілі таза, тақырыбы тосын, идеясы айқын шығарма.
«Ақ қалпақ» аңызы да жоңғар шапқыншылығы дәуіріндегі аңыз дерегін негіз етіпті. Мұны да кезінде жырлаған Көтбай ақын екен, оны қазіргі күйінде кейінгі ұрпаққа жырлап жеткізген - Зағыпар Туғанбайұлы. Бұл жолы да шәкірт ақын Зағыпар өзі туралы тым кішіпейіл сөйлейді:
Тыңдаушы, сөкпеңіздер болса шала,
Өлеңге жаттықпаған мен бір бала. 
Кішіпейілдіктің астарындағы бір шындық, бұл жырды ұстазы айтуынан тыңдағанда оны өз тарапынан жазғанда шәкірт ақынның тым жас, яғни бала болғаны байқалады. 
Көрші қырғыз еліне жоңғарлар жойқын шабуыл, жасайды. Мұндай қиянатқа көне алмай, араша тілеп, ақыл сұрап Ана Төле биге келеді.
Елді қуған жоңғарларға тоқтату бар ма?-
Деп түйіп, ойға батып байыз тапты.
Бұл жырда Төле би дана, тапқыр адам кейпінде көрініс тапқан. Дана Төле бидің ақылында ертегілік сипат басым болса да, көңілге тез-ақ қона кетеді. Ана еліне келіп, көпшілікті жинап, шеберлерді тауып, ақыры алты қанат отаудай ақ қалпақты жасап бітеді. Ел кешіп, үлкен ақ  қалпақ жұртта қалады. 
Құлазып үріккен елдің жұрты жатыр.
Мысалы секілденіп заман ақыр.
Ақ қалпақ бір төскейде дөңкиеді.
Белгісін меңзегендей бір дәу батыр
Төле би Анаға тек дәу ақ қалпақ жасауды айтқан, ал оның ерекше сыры мен құтқарушы құдіретін таратып жатпаған. Оның сырын жоңғар қолын бастап келген сардар сөзінен білеміз:
Мұнда бір алып батыр болса керек.
Жаралған аса туып жаннан бөлек.
Әдейілеп тастап кеткен білгізуге.
Мына қалпақ соныкі, берген дерек.
Амалы құрып, қауқарсыз қалған жоңғар жағы келген жолымен кері қайтады. Алып қалпақ иесімен қарсы келуге күш қайда?! Жоңғардың бұл шарасыз күйін ақын өзіндік тіл қолданысымен көркем жеткізе білген. 
Тамсанып тісін сорып бұға берді.
Дәт айтуға еп кетіп, тіл күрмелді.
"Тісін сорып” толық тығырыққа тірелген қорқақ кісінің күйін бейнелеген тосын қолданыс. 
Төле би даналығын жария еткен бұл жырды да өз кезінде Көтбай ақынды құрмет тұтудан жаңылған емес. 
Жыр сөзге жорға еді Көтбай ақын. 
Әуені зор, тілегі елге жақын. 
Ал қазіргі қолда бар нұсқасы Зағыпар ақынның айтуымен жеткен. Бұл жыр да алдыңғы жырмен бірге Үрімшідегі қолжазба қорына тапсырылған. 90-шы жылдары Бұхар жыраудың қолжазбасы Пекиннен табылып, артынша еліне жетіп еді. Енді, міне, Зағыпар Туғанбайұлының жырлауындағы екі жырды оқырман назарына ұсынып отырмыз. 
 
1.       ҚАРЛЫҒАШ БИ ЖЫРЫ
 
Жер қайда атамекен ел сыйлаған,
Ел қайда бұрынғыдай ер сыйлаған.
Тозғын күндер тозаңы бастан өтті.
Құбылып заман шіркін бір тұрмаған.
 
Сұлудай мына заман сылаңдайды,
Өткен іс аңыз болып қылаңдайды.
Ер өксіп, даналар да өшкіндеді,
Бар нәрсе бір орында тұра алмайды.
 
Ой басып мен отырмын  қалам алсам,
Солардың бір аңызын өлең қылсам.
Ұрпақтың бір қарызын өтер ме едім
Ғибрат бір хиқая тәмам қылсам.
 
Мен де бір асып-тасқан білгір емен,
Ән салып, өнер қуып, өлең терген.
Бабамның аруағы өзі медет берген,
Атасам киелі атым Төле деген.
 
Қазақтың жоңғар жауы болған кезде,
Төле би дана бопты Ұлы жүзде.
«Қарлығаш би» деп аталып бізге жетті
Жай аңыз секілденер айтар сөзге.
 
Қазақ жерін тоздырып қаралы қол,
Басынып, баса-көктеп қылады жол.
Солардың мыңдық тобын бөгеп қалған,
Киелі хиқая еді айтатын бұл.
 
Мың ба екен, түмен бе екен- анық емес,
Бұл аңыз ердің ісін еткен елес.
Төле би елге ұйытқы дана болған. 
Әр іске ақыл айтып берген кеңес.
 
Жоңғардың атты қолы елге шауып,
Жеңілген қазақ көшкен жан-жаққа ауып.
Қарлығаш шаңыраққа ұя сапты,
Төле би ордасынан мекен тауып.
 
Тоздырған ат тұяғы дала түтек,
Ел үркіп, бас сауғалап шалғай кетпек.
Үй жығылса, ұя да бұзылады,
Бейшара балапандар мүрдем кетпек.
 
Шырылдап қос қарлығаш айналады.
Төле би соған қарап ойланады.
«Бұтаға қорғалаған торғай қалар»-
Дегенді ойлап толқиды, толғанады.
 
Ақыры кеңес айтты ауылына,
Жанашыр жақын, туыс, бауырына.
Үй қалсын, қарлығаш та аман болсын,
Деді, тиер сауабы қауымыңа.
 
Ел кетті, Төле  ордасы жұртта қалды,
Қарауға үш-төрт адам міндет алды.
Ұя бұзып, әлсізді өксітуге,
Ақ әділ, үлкен жүрек шыдамады.
 
Жоңғардың жасақтары жеткен сонда,
Қазаққа азу басып осы жолда.
Ұлын құл, қызын қатын қыламыз деп,
Айдаймыз төрт түлікті малын олжа.
 
Екпіндеп бұрын келді Сардар қалмақ,
Қалмақ десе, қазаққа түскен салмақ.
Иен Орда, төрт-бесті адам ғана.
Мал, дүние бәрі жоқ, несін алмақ?
 
Қарады Сардар қалмақ шаңыраққа,
Шалқалап тыныш жатқан атырапқа.
Шырылдап ұшып келді қос қарлығаш,
Жем әкеліп балапанға, ұя жаққа.
 
Сұрады Сардар сонда қазақтардан:
-Мынау орда не себепті иен қалған?
Ел қайда, малы қайда, ері қайда?
Жау келсе, ту көтеріп шығар алдан?
 
Суырылып сонда жігіт сөз сөйледі:
«Жөн білсең бұл Ордаға тиме»-деді.
«Ұя бұзғанның Ордасы ойран болар,
Зорлық жасап, зобалаңға күйме»-деді.
 
Төле би деген көсем данамыз бар,
Бізде де ер, ту ұстар баламыз бар.
Қарлығашты үркіткен ғарып болар,
Майдандассақ кең жатқан даламыз бар.
 
Үрікпесең, аман болсын балапандар,
Әр үйде балапандай балақан бар.
Бәріне де тіршілік, ғұмыр керек,
Баланы бақытына балаған бар.
 
Төле би бабамыздың тәлімі деп,
Сардараға атта тұрған таяулап кеп.
Көрсетті шаңырақты қолымен нұсқап,
Әр сөздің нықтап айтты, түбін тектеп.
 
Ат үстінде қарт Сардар толқып кетті,
Мына сөз сүйегіне барып жетті.
Қанша жауыз болса да, ол да пенде,
Ақ  қара, жақсы, жаман екі бетті.
 
Айнала қолын бұлғап жасағына,
Бір бөлігі ишарасын жасады да,
«Мынадай данасы бар елге шаппа»,-
Деп айтты Бұрқан жөнге қосады да.
 
Соны айтып әлгі Сардар кетті қайтып,
«Қарлығаш би» аңызын еліне айтып.
Жорықпен дала кезіп көп жорытқан жан,
Тамсантты тау мен дала, жеріне айтып.
 
Бір сөзі мыңға татыр даналардың,
Дос түгіл, жау бас иген бабалардың,
Бір сөзі бір мың қолды қайтарыпты,
Осыны әділдікпен бағалар кім?
 
«Қарлығаш би» -Төле деп аты қалған,
Кемеңгер бабамызда бар ма арман?
Есер дүние, ессіз жас не біледі,
Барады көлегейлеп мына жалған.
 
Дана баба, батырлар өтті талай,
Бұлаңдайды бұл заман қалай-қалай.
Бұйдасын соза тартқан бір сары атан,
Барамыз табан ауып алға қарай.
 
Орны бабамыздың жәннет болсын,
Төрт құбыла түгелімен нұрға толсын,
«Қарлығаш би» атымен аталатын.
Бізден де бір ауыз сөз үлгі қалсын.
 
Бұл сөзді естігенмен бала кезде,
Алабұртқан ойға шорқақ шала кезде.
Көшкінші ұлы Көтбай ақын айтқан еді
Өлеңмен бірдей жүйрік қара сөзге.
 
Кейіннен жазып қойдым қалам хаттап,
Алды-артына сөз қостым және нақтап.
Зағыпар Туғанбайдың баласымын.
Кеше гөр кеткен болсам әдепті аттап.
 
Ақ атқа салауат етер бабам,
Бір міндет атқармақшы болды балаң.
Өзімше қарызымды өтедім деп,
Осымен бұл өлеңді еттім тәмам.


Похожие материалы

Рахмет ретінде астында тұрған жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!

Категория: Қазақ әдебиеті | Добавил: Admin
Просмотров: 4783 | Загрузок: 258 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]