Приветствую Вас Гость • Регистрация • Вход • RSS
Суббота, 10.12.2016
Главная » Файлы » Қазақша рефераттар » Қазақ әдебиеті [ Добавить материал ]

Сапарғали Бегалин


Оқушылар,студенттер,мұғалімдер,сайт қолданушылары өз материалыңызбен бөліссеңіз қуанышты болатын едік!

[ Скачать с сервера (287.5Kb) ] 20.02.2014, 21:04




       Сүйіктісі халықтың

Жүрегіңнің алаулатып жалынын,
Тамыршыдай дарындыны таныдың.
Қабыл болып ізгі тілек, ақ батаң,
Алдым шексіз ғибрат, мол тағылым.
Танымастай өзгерді ел, жер кейпі,
Озбырлықтың мәңгүрт басы еңкейді.
Семейдегі жарылыстың үні өшіп,
Абыралы қайта түлеп, көркейді.
Көкірегіме ұяласын қалай мұң,
Егемендік, еркіндікті қалаймын.
Кең әлемге нұрын төкті жарқырап,
Қайта туған бақ жұлдызы Абайдың.
Жалауымды күн аймалап, өпті шың.
Өзін емес өзгені де дос тұтқан,
Ұмытпайды өсер ұрпақ тектісін.
Жауды жеңіп көтерген ел іргесін,
Аруақтарды сыйламасақ бізге сын.
Дүр сілкінген қайта түлеп қырандай,
О,Сапеке, халқыңменен біргесің.
                          Жеңіс Қашқынов

















Қазақ халқының кемеңгер әрі сүйікті жазушысы Сапарғали Бегалиннің есімі елімізде кеңінен танымал.
Сапарғали Бегалин артына мол әдеби мұра қалдырды. 
Ол-халқымыздың ғасырлар бойы ауызша тараған әңгіме-аңыздарын, айтыс-өлеңдерін, шешендік толғауларды жатқа білетін ескінің көзі, оның үстіне этнограф, әрі тарихшы,  қазақ халық ауыз әдебиетінің білгірі және жинақтаушысы.  Ол көптеген халық әндерін, аңыз-ертегілерін, айтыскер ақындардың айтыстарының мәтінін жазған.
Сапарғали Бегалин-әдебиетіміздің поэзия, проза жанрларында тартымды, толымды шығармалар берген көрнекті суреткер. Оның шығармашылық сапарында суреткер қаламынан жиырманың үстінде поэма, оннан астам повесть, жүздеген әңгіме, бір роман, көптеген естеліктер, зерттеулер, мақалалар туды.
Ол-сазды лирик, сыршыл ақын.  Оның өлеңдеріндегі басты тақырып-туған жерге деген махаббат, өмірге, тіршілікке деген құштарлық. 
Талантты аудармашы. Ол Пушкин, Лермонтов және басқа да көптеген орыс классиктерінің шығармаларын қазақшаға аударған. 
Сапарғали Бегалин драматург ретінде де көпшілікке танымал. Ол оншақты пьесаның авторы.
Қазақ халқының ұлы ақыны Жамбылдың шығармашылық өміріне арнаған шығармасы, С.Бегалиннің ғалымдық еңбегінің үлкен жемісі.
Халық ақындары Иса, Шашубай, Төлеу, Доскей шығармаларын сұрыптап бастырып, олардың тұңғыш өмірбаянын жазған. Тәттімбет, Әміре, Естай, Майра, Қажымұқан тұлғасын кейінгі ұрпаққа танытуда мол еңбек сіңірген де Сапарғали Бегалин. Халық ақындарының шығармаларын сұрыптап «Халық ақындары», «Өмір жыры», өнер саңлақтары жөнінде «Сахара сандуғаштары» атты жинақтар шығарды.   Сапарғали Бегалин 50-ден аса әндерге өлең жазған ақын. Олардың ішінде «Ақтамақ» (муз. С.Кәрімбаевтікі), «Ақ көгершін» (муз. А.Жұбановтікі) сынды әндері халық әніне айналып кеткен. Ақынның өлеңдері бойынша М.Төлебав, Л.Хамиди, Е.Ерзакович, С.Мұхаметжанов, Е.Рахмадиев сияқты талантты композиторлар ән жазды. 
Қаламгердің жоғары сауаттылығы, аса зеректігі үшін, басқалардан ерекшелеп, даралап көрсететін өзіндік қайталанбас сыпайы мінезі мен тиянақтылығы, ұқыптылығынан, құбылып, өзгермейтін рухани әлемінің кереметтігінен айналасындағы жақын, жора-жолдастары, қаламдастары, зиялы қауым сыйлы ақсақал ретінде таныған, оны ұстаз тұтқан, үлгі еткен.  
Десек те, ең бірінші Сапарғали Бегалин қазақ балалар әдебиетінің дамуына көп еңбек сіңірген, оның негізін қалаушы алғашқы көшбасшысы. Оны қазақ балалар әдебиетінің ақсақалы және классигі деп атайды. 
Бүгінде жас ұрпақты Сапарғали Бегалиннің кітаптарын оқуға шақырғанда, біз алдымен одан халықтың дәстүрлі тіршілігі тудырған кәсіптердің неше түрлі көріністерін, дала өмірінің сан қилы қызықтарын тамашалауға болатынын еске аламыз. Оның төрт түлік туралы жырлары, ертегі, аңыз, мысалдары балалардың өмір тануына, табиғат сырын түсінуге, жан-жануарлар дүниесін ұғып, сырласуына жол ашады. Көпшілік қауым арасында жоғары баға алған  «Сәтжан»,   «Көксегеннің көргендері» сияқты тамаша туындылары құсбегілік, саятшылық өнердің қызықтарына тартпай қоймайды. 
Балаларға арнап жазған өлең, әңгіме, повестері ондап, жүздеп саналады. Сапарғали Бегалин есімін тек қазақ баласына ғана емес, көптеген елдердің балалары арасында да танымал. Оның балалаға арнап жазған кітаптары көптеген ел тіліне аударылған.  
Бүгінде ақсақалдың «Балалар жазушысы»  деген атағы мәңгілік тарихта қалып Республиканың балалар кітапханасы 1996 жылдан бастап  Сапарғали Бегалин есімімен аталады. 
Жазушы атымен аталатын Республикалық балалар кітапханасы өз тарапынан жазушының шығармашылығын көпшілік оқырман арасында насихаттаушы көшбасшылардың бірі ретінде оқырмандармен кітапхана  көптеген шаралар өткізілуде. Солардың ішіндегі ауқымдысы, жыл сайын жазушының туған күні қарсаңында өтетін «Бегалин оқулары».
Міне, осындай көрнекті жазушы, ақын, тарихшы, этнограф, зерттеуші Сапарғали Бегалиннің туғанына биыл 110 жыл толады. Еліміздің жас жеткіншектері осындай тамаша жазушының шығармашылығын білулері керек. Жазушының мерейтойы қарсаңында оның еңбектерін көпшілік арасында насихаттау мақсатымен еліміздің кітапханаларында әр түрлі шаралар өткізілуде. С.Бегалин атындағы Мемлекеттік республикалық балалар кітапханасы өз тарапынан жазушының өмірі мен шығармашылығына арнаған «Қазақ балалар әдебиетінің ақсақалы» әдістемелік құралды көпшілік назарына  ұсынып отыр. 
Құрметті балалар оқуының жетекшілері мен кітапханашылар! 
Халықтың асыл мұрасын бойына сіңіріп бүгінге жеткізген ардақты ақсақал  Сапарғали Бегалин - біздің алтын сандығымыз. Ол сандық ашқан сайын көз қызықтырып, көңілімізді өсіреді. Осы игілікті іске сәт-сапар тілейміз!












Қазақ балалар әдебиетінің ақсақалы
Әңгіме

...Еңсеңді көкке көтере,
Кен есігін кең аштың,
Байлықтың өрін төтелеп
Мақтасам қалай жарастың.
Өсіп ем сенің өріңде,
Қайнарыңнан нәр алып,
Алуан қилы өмірге
Ер жеттім сенде жаралып...,-деп «Туған жер» атты өлеңінде өзі жырлағандай Сапарғали Бегалин бұрынғы Семей облысы (қазіргі Шығыс Қазақстан), Абай ауданы Дегелең ауылында, кедей шаруа отбасында дүниеге келген. Сапарғали атаның ата қонысы-Шоқан мадақтаған, қобызға тартып, ән салған, үлкен эпикалық дастандар тудырған, айтыс ақыны Жанақ жүйрік жырына қосқан Арқаның киелі мекендерінің бірі- Дегелең таулары. Бағзы қазақ қауымындағы жақсы дәстүр бойынша, атасы Бегалы немерелері секілді Сапарғалидың да бес жасында кәлимаға тілін келтіріп, арабша сауатын ашып, өзі оқытқан.  Осы алты-жеті жылға созылған сабақ обал мен сауап, күнә мен қылмыс, жұмақ пен тозақ секілді мәңгілік сұрақтарға имандай ұйытып жауап беріп, Сапарғалидың мінез-құлқын, кісілік келбетін, жүріс-тұрысын исламның адамгершілік мұраттары негізінде қалыптастырып, кейін таулар құлап, дариялар арнасынан ауып, тұтас қауымдар күйреп жатса да, құбылып, өзгермейтін рухани әлемнің алтын өзегін жасап берген.
Табиғатына зерек, ұғымтал балаға оқу оқыған, білім алған өте ұнайды. Бала Сапаштың одан кейінгі білім алуына немере ағасы, сол кездегі оқымысты Ысмағұлдың ықпалы өте зор болады.  Сол жылдары Тәшкенттегі мұсылмандар медресесін бітірген Ысмағұл туған ауылына қайтып оралған болатын. Оның қаладан өзімен бірге алып келген шығыс әдебиетіне, тарихқа байланысты және бастауыш мектебіне арналған оқулықтары ауыл балаларының жаңаша сауатын ашуларына көп көмегі болды. Сол кезде-ақ, ағасы кішкене Сапаштың алғырлығына көңіл аударып, оны үнемі жанынан тастамай Қарқаралы, Семей сияқты қалаларға ертіп жүретін.  Немере ағасының көмегімен Сапарғали Фирдоусидың «Шахнамасын», Ахмет Иассаудың «Хикметімен», Сайхали мен Бақырғани өлеңдерін, «Жүсіп-Зылиқа» дастанын, «Мың бір түнді»  бас алмай, жастығы астына жастанып оқиды.  
Қазан баспасынан шыққан қиссалармен, хикаялармен танысады. Оқыған сайын өзіне үздіктіретін «Қозы Көрпеш- Баян сұлу», «Ер Тарғын», «Қобыланды батыр», «Қыз Жібек», «Ер Көкше» жырларын және де  көптеген  ертегілерді жаттап, жұртқа жаяды.  
«Осыншама өмірдегі ең бір оқшау бақытты кұндерімнің бірі деп әкем Семейден Абайдың 1909 жылғы алғашқы жинағын базарлыққа берген күнін айтар едім. Содан бері ұлы ұстазымыздың ұлағатты сөздерінен екі елі ажырап көрген емен. Менің ең үлкен ұстазым-халық, ел дәстүрі. Ал әдеби үлгі-өнегем-Абай», - дейді жазушының өзі.
  Жазушының бұдан былайғы өмірі үнемі күреске, тартысқа толы болды. «Шешеміздің айтуы бойынша, салқын күздің аяғында, терістіктен ызғырықтап жел соғып, ұшқындап қар жауып тұрған суық күні дүниеге келіппін. Табиғаттың маған еншіге бергені ме, әлде жасағанның бұйрығымен болатын құбылыс па,-білмеймін, әйтеуір жылда осылай, менің туған күнімде терістіктен жел ызғырықтап, ұшқындап қар жауып тұратын әдеті. Бүгін де, міне, ауа райының күрт бұзыла қалғанын көрмейсің бе. Сірә, мені қыспаққа салғысы, сынап алғысы келетін шығар. Бірақ мен де көне қоймаспын»,-дейді жазушы.
Шын мәнінде солай. Табиғаттың да, тағдырдың да Сапарғали ақсақалға тартқан сыбағасы жеңіл емес. Сапарғали Бегалин өз өмірінің жастық шағын суреттеп, ертеректе жазған бір өлеңінде былай дейді:
Мен бала боп өскелі,
Елім боп өмір кешкелі,
Қай белесті аспадым,
Қай қиянды баспадым.
Қай азапты көрмедім,
Қай мазаққа көнбедім.
Алаңсыз өмір кешкен бүлдіршін шағынан кейін, ақынның жасөспірімдік шағы қараңғылық қамаған көңілсіз, жүдеу өмір қыспағында өтеді.  
Жұттан қашып, алыстан жұмыс іздеген әкесіне еріп, 1911 жылы қалаға келген бала пристаньда қара жұмысқа түседі. Содан қазақтың тұңғыш ағартушы- мұғалімі Құлжанов Нұрғали мен Нәзипаның үйінде атының басын ұстап, делбеші боп жүріп, орыс-қазақ училищесін 1915 жылы бітіріп шығады. Семейде оқып жүрген шағында Сапарғали кәдімгі атақты Абай келіп орыс әдебиетінің классиктері Толстой, Лермонтов, Пушкиндермен тұңғыш танысқан Гоголь атындағы кітапханадан кітап алып оқиды. Көбінесе Абай өлеңдері мен Тоқай өлеңдерін қайта-қайталай, ойлана, толғана оқиды. Сапарғали алғаш өлең жазғанда осы екі ақынға ден қойып еліктей жазады. 1914 жылы жас Сапарғалидың тұңғыш өлеңі «Айқап» журналында басылады.
Қыналған киім, сыптай бой,
Қырынған жігіт желөкпе ой,
Киініп кербез ат баптап,
Іздегенің айт пен той.
Барыңды киіп үстіңе,
Қырынып үсті-үстіне,
Ел қыдырып, ет аңдып,
Оныңнан пайда түсті ме...
Бір жілік үшін ел кездің,
Атын алып кербездің,
Алтындай уақыт босқа өтті,
Оныңнан, құрбым не сездің?...
Талапсыз, ойсыз, бос кеуде,
Ермегің елден ет жеуде,
Көп барған үйің мезі боп,
Ұялар бірақ «кет!» деуге.
Ардақты құрбы, көп інім
Қалса да айттым көңілің,
Бос жүрме ізден, оқу тап,
Босқа өтпесін өмірің.
Бұл өлең өз заманына лайық, өз тұсындағы өзімен құрбылас ауылда қымбат уақытын босқа өткізіп жүрген жастарға арналған. Жас ақынның алғашқы туындылары  «Азамат арманы», «Көшер ме тұман серпіліп», «Қазақ қыз-бозбалалары» атты өлеңдері болатын.
С.Бегалиннің тырнақалды өлеңдерінен жалындаған отансүйгіштікі, туған елге деген ұшқындаған жастық сезімдерді байқауға болады:
Сүйем сені, асқар таудың әр басы,
Асылғанда ай толықсып төбеңнен.
Сүйем сені, шыққан күннің шұғыласы,
Жер мен аспан қуанышқа бөленген.
Сүйем сені, жар тастардың қиясы,
Күн сәулесі ойнағанда бетінде.
Сүйем сені, батқан күннің ұясы,
Алтын шапақ ойнағанда шетінде.   
1916 жылғы дүрбелеңде окоп қазуға зорлық-зомбылықпен жіберілген жігіттердің қалың легінде Сапарғали да кете барады. Мұстафа Шоқай басшылығымен Думадан арнайы шешім алдырып азаматтарды аурудан, өлімнен құтқарып, 1917 жылы  елге оралады. 
Бұл тұста жас ақын бірталай өлеңдер жазады. Кейінгі жылдары сотта, газетте, ғылыми қызметте, Жазушылар Одағында кеңесші болып істейді.  
Сапарғали Бегалиннің артына қалдырған мұрасы әжептәуір. Оның шығармашылығы сонау бозбала кезінде жазған тырнақалды өлеңдерінен бастау алса, ең соңғы туындысы ғұмырнамалық «Замана белестері» атты роман. Октябрь революциясының алғашқы күндеріндегі қазақ ауылындағы, қаладағы әлеуметтік –психологиялық өзгерістерді көрсететін  деректі негізі бар мемуарлық еңбек. Шығарманың басты кейіпкерлері-белгілі қоғам қайраткері Мұқаметқали Тәтімов, қазақ әйелінен шыққан алғашқы оқымысты, көзі ашық жандардың бірі-Нәзипа Құлжанова, ұлы жазушы Мұхтар Әуезов, тағы басқа аты, есімі мәшхүр адамдар. С.Бегалиннің бұл романын Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу», Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі», Ғабиден Мұстафиннің «Көз көрген» сияқты айтулы шығармаларымен заңды түрде қатар қоюға болады. 
Ақын Сапарғали -әсіресе, поэма жанрында көп көсіліп, ұзаққа, алысқа сілтеген қаламгер. Бұл саладағы оның көп еңбегі сөз арасында, ат үсті айтылғанымен, терең талданып, өзіне лайық бағасын алмағандығын өкінішпен ескерте кетудің артығы жоқ деп білеміз. Халық аңызының ізімен жазылған әдемі поэма «Абақ арманы». Бұл поэманы оқи отырып Абай, Ілияс құдыреттерімен жасалған тұлпарлар сапына тағы бір сәйгүлік қосылғандай әсер аласың. 
Сапарғали Бегалиннің өткен өмірге арнаған, дерегі, ізі бар материалға сүйеніп жазған дастандарының ішіндегі ең шоқтығы биігі-дау жоқ, атына қатысты туған «Баян жүрек» поэмасы. Қазақ жігіті Сайқым мен қалмақ қызы Баян арасындағы махаббат, ерегістен ығыр болған екі ел арасындағығы келіспеушілік,  достықпен табысуымен сәтті көрсетілген. 
Сапарғали ақсақалдың Ұлы Отан соғысы тұсында, еліміздің үстіне қатер төнген кезде жазған шығармалары өз алдына ауыз толтырып айтарлық еңбектер. Адамдар ерлігін, батырлығын мадақтайтын «Алтай аңызы» (Төлеген Тоқтаров туралы), «Қанатты қазақ» (Нүркен Әбдіров туралы), майданда отан қорғау жолында еңбегімен көзге түскен қазақ әйелі туралы «Жәмилә» деген, фашистердің оқ-дәрі жинаған қоймасын ойрандап, өртеп, сол Отан үшін өзі құрбан болған жас батыр қыз туралы «Орыс қызы» сияқты тебірене оқитын шығармалар жазды.   
Ақынның «Жаз лебі», «Көктем бұлты», «Нөсер артынан», «Сарыжайлау» секілді өлеңдері –сұлу бейнеленген пейзаж үлгілері. Сондай-ақ өзгеше жазылған «Кавказ аңыздары», «Бұқара-Самарқанд сапары»  топтамаларынан да тосын образ, әдемі деталь, есте қалар бейнелер табуымызға болады. Ұлы Абайға, Мұхтарға, Қасым Аманжоловқа арналған өлеңдерге жүректің тереңінен шымырлап шыққан сыр, таза сезім жан бітірген. 
Сапарғали Бегалин жиырмасыншы-қырқыншы жылдары ел ішінде қызмет істеген кездерінде еліміздің кең атырабын көп аралап, ескініңкөздерімен табақтас, дәмдес, сырлас болған. Осы сапарында ол естіп, іріктеп, екшеп қағазға түсірген дүниелер-мол қазына. Халық ақындары Иса, Шашубай, Төлеу, Доскей, Қуат шығармаларын сұрыптап бастырып, олардың тұңғыш өмірбаянын жазған. Сапарғали Бегалин қазақ халқының ардақты ұл-қыздары Тәттімбет, Әміре, Естай, Майра, Қажымұқан, Қалыбек тұлғасын кейінгі ұрпаққа танытуда мол еңбек сіңірген.  
С.Бегалиннің зерттеуші, оқымысты, фольклорист ретіндегі ең жемісті, ең бағалы туындысы-«Жамбылдың ата тегі, өмірі» деген іргелі зерттеуі деп білеміз. Жамбылдың көзі тірісінде өзінен, онымен өкшелес қарттардың аузынан жазылып алынған бұл еңбекте ұлы ақынның өскен ортасы, ата бабасы, алған тағылымы, мінез-құлық ерекшеліктері туралы аса қызық деректер бар. Мұның үстіне Жетісу атырабының аңыз-әңгімелері, жүйрік аты, қыран құсы, сал-серісі, ақын – жырауы, домбырашысы-күйшісі жөніндегі деректер де өте бағалы, дәл. 
«Айдос», «Ұр, торпақ» дастандарынан фольклордың жақсы әсері, өрнек-бедері, бояу нақышы байқалады.
Жазушының қазақтың көшпелі, бұрынғы тұрмыс-әрекетін жіті білетіндігі әңгіме, повестерінде мал баққан адамның психологиясы, аңшылардың жан дүниесі сенімділікпен, шыншылдықпен бейнеленген. Бұл шығармаларда енді қайталанбайтын, тарих қойнауына кеткен, суреткер қаламы арқылы есте қалар тарихи жанды суреттер бар.  
Жиырманың ішінде бірінші дүниежүзілік соғыстың майданында болып, адам қанының судай аққанын көріп, шошынған, отыздың ішінде жазықсыз елдің тападай тал түсте тоналып, зорлап жасалған тәркілеу кеселінен аштан бұралып қырылғанын көріп, не істерін білмей жүрегі қарайған, қырықтың ішінде ұлтының маңдайына біткен асылдарын атып-асып құртқан зұлымдықты көріп, дүниенің бәрінен түңілген, елудің ішінде туған Дегелеңі атом полигонына айналғанын көріп көзінен қанды жас аққан-Сапарғали Бегалин тіршіліктегі жалғыз медеті қалам қайратынан тапқан. Онда да тап тартысы, науқандық мәселелер емес, саясаттан аулақ, балалар әлемі, табиғат аясы шығармаларының негізгі өзегіне айналған. 
Қазақ әдебиетінің проза жанрында С.Бегалин туындылары бір сала іспетті. Әсіресе, ол балалар әдебиетін дамытуға зор үлес қосып, «Бүгінгі Ыбырай», «Қазақтың Маршагы» атануы тегіннен –тегін емес. Есімдері әлемге аян Том Сойер, Гаврош, Тимур секілді қызық мінезді, қайратты балалардың қатарына С.Бегалин өз кейіпкерлері Сәтжан, Көксеген, Уәш, Ердендерді қосты. Қазір олар орыс, татар, грузин, поляк, корей және тағы басқа әлемнің көптеген елдерінің балаларының сырлас досына, ет жақын бауырына айналды. 
Қазір бір ауыздан балалар әдебиетінің үлгілі туындысы саналатын, кезінде одақтық сыйлық алған әйгілі «Сәтжан» повесіндегі қазға түскен ителгінің қимыл-қозғалысы, динамикасы, өмір мен өлім тайталасы бір оқыған адамның есінен кетер ме?! «Көксегеннің көргендері» повесінде Алтай өңірінің сұлу табиғаты, өзгеше, дара сипаты жақсы берілген. 
С.Бегалин прозасының негізгі арқауы –қақаған аяз, дүлей боран, шыжыған ыстық, небір аптапта дала төсін жайлаған кесек тұрпатты, ірі мінезді жылқышылар, қойшылар, аңшылар. Бұлардың дені өмірдің өріне шыққан егделер мен саналы тірлікке енді қадам аттаған жасөспірім, жеткіншектер-ауыл балалары. Жазушы өзінің балалар жазушысы болып қалыптасуы туралы былай деп еске алады:  
«Шығармашылық-балалық шақ әсерлерінен басталады. Әжеңнен, анаңнан, санаңда ән болып сіңетін бесік жыры, елдің эпос айтушыларынан естіген аңыз, ертегілерін, батырлық ғаламат жырлар бала қиялыңды қозғап, қилы-қилы ойларға жетелері хақ. Біз әдебиетке фольклордан келдік. Халық-ауыз әдебиетінен үйрендік. 
Олар–ертегілер, қиял байлығы-тапқырлық, жауыздықтың жазасы болған халық қаһармандары жайлы аңыз. Адамшылықтың қиыннан қиысқан әр алуан сипатталатын тапқыр ойшылдықтың түрлері кейде жыр болып, кейде тақпақ болып айтылар еді. Балалар жазушысы болып қалыптасуымдағы мектептерім де, осылар»,-дейді жазушы өз естелігінде. 
Қырқыншы жылдардың аяғына таман С.Бегалин әдебиетке біржола оралған сәтінде, оның ойында балалар әдебиеті тұрған болатын. Жазушы балалардың ауыр тағдырын екі рет көрді. Бірі –азамат соғысы жылдары, келесісі-Ұлы Отан соғысының ауыр жылдарына тұспа-тұс келген еді. Бұл ауыр жылдардағы қабырғасы қатпаған балалар тағдырдың талай тауқыметін бастан кешті. Ата-анадан жетім қалды. Балалар ерте есейді. Осындай Қиындықты көрген адамның балаға көңілі қалай оянбас. Олардың тағдыры жайлы қалай жазбас. Мен екі ғасыр, екі дәуірді көзбен көрдім. Көпті көріп, білу, ауыр бейнеттің дәмін тату-қалай дегенде де, әлдебір талаптарға талпындырады, жұмылдырады. Мені балалар әдебиетіне әкелген де осы жайлар болса керек.  Енді ішіндегі өзіңе ең тартымдысы қайсы дегенге... Өзің жазған шығарма болған соң, олардың қайсысы да жаныңа жақын. жүрегіңе жылы. Әйтсе де өз шығармаларыңды оқушы, сыншы пікірі арқылы сезгендейсің. Әрқайсысына әр түрлі қанағаттанасың. Сондықтан да қаламымнан шыққан шығармалардың оқушы көпшілік жылы қабылдаған «Сәтжан», «Бала Шоқан», «Көксегеннің көргендері» повестерім»,- дейді жазушы ағынан жарылып.
Көптеген қазақ балаларымен қатар көптеген елдердің балаларының сүйікті кітабына айналған «Сәтжан» повесі дүниеге былай келген екен. Аягөз өңіріне жолсапармен барған жазушы ителгі асырап, құсбегілікпен әуестеніп жүрген Сәтжан деген баламен танысады. Оның тыныс-тіршілігі, сабақты жақсы оқитындығы, бұзау бағушылық жұмысына сондай тыңғылықты баланың тыныс-тіршілігі Сапарғали атаны қатты ойланырады. Бұрын өлең жазып жүрген адамның енді көз алдына көрген оқиғасы повесть болып елестейді. Көрген, зерттеп зердесіне түйген жайлар  толғанысы арқылы «Сәтжан» атты повесть жазып шығады.
«Түз қырандарын ұстап баулуға Сәтжан аса құмар болатын. Ол Серікбай атасының бүркітін қолына алып жем бергенін, аңға алып кеткенін көргенде, мен де құс салсам, деп аса құмарланатын. Ителгі балапанының дауысы шыққан жерін аңдып көп отырды. Жанай көлеңкеге жантайып жатып әндетіп құстың дауысын елең де қылған жоқ. Сонша болмады, жартастың сайға үңілген қия бетіне екі ителгі ұшып келіп қонды. Біреуі жартастың басына әлден уақытта қайта ұшып шықты. Ителгі ұясы бар деген ойын Сәтжан әбден анықтады...». Міне, жазушының бала ойымен, көркем суреттеп жазған повесі осылай басталады. Құсбегілікті жанындай жақсы көретін Сәтжан анасының көмекшісі, мықты аңшы, жақсы дос.  Сапарғали Бегалиннің әдебиеттің қызықты, абыройлы саласына машықтандырып балалар жазушысы болып қалыптасуына ықпал еткен осы шығармасы екен. 
Балалар әдебиетінің қиын талабы мен абыройлы тәрбиелік сипатын ойлағанда, жазушының өзіне тоқ санайтын ендігі бір шығармасы-«Көксегеннің көргендері».   Жазушы жасынан табиғатты сүйіп өсті. Ешкімге тіс жарып айтпайтын жан сырын табиғатқа айтып, сонымен ғана  қуанышты да, қайғыны да бөліссем дейтін. Жазушы қиялындағы қызық өлкенің бірі—Алтай. Жазушы Алтайдағы «Рахман қайнарлары» санаторийінде демалып жатқан шағында бау-бақшаны баптап күтетін қарттың Көксеген деген баласымен танысады. Ол саяткер бала болып шығады. Аюдың паң жүрісі, қызық мінездері жайлы көрген-білгендеін жыр ғып айтып береді. Осы әңгіме желісі бойынша «Көксегеннің көргендері» деген атпен жаңа повесть өмірге келеді. «Көксегеннің көргендері»  повесінің міндеті-табиғат, жан-жануарлар тіршілігінің сырларын ашу, бала бойына сіңіру. Шығармада  «Жаратылыс ғажап, бір аңның қасиеті мүйізінде, мысалы, бұғының мүйізіндегі қан сан ауруға дәрі. Мына күдірдің кіндігіндегі жұпар да сондай қымбат. Ал аюдың өті сан жараға ем. Міне ғажаптар» деп табиғаттың сан қырлы құпиясын ашып, өзі білетін аңдардың сырларын ашумен болатын Көксегеннің табиғатқа, жан-жауарға деген ерекше ықыласы жақсы суреттелген. Жазушы сомдаған маралшы бала Көксеген өзінің туып өскен даласының еркесі десе де болады. Ол сол даланы қалай сүйсе, оның сырын да сондай жақсы біледі. Оның сол далада көргендерінің өзі-замандастары үшін тамаша, таңғажайып хикая. Сапарғали Бегалиннің мұндай шығармалары бүгінде де мән-мазмұнынын жоғалпайтын туындылар қатарына жатады. Сәтжан, Көксеген сияқты балалар образы арқылы жазушы жас ұрпақ бойына ел сүю, жер сүюдің жақсы сезімдерін егеді, оларды халық дәстүрін үйренуге, оны сыйлауға үйретеді
Жазушының балалар әдебиетіне қосқан елеулі еңбегінің бірі – «Бала Шоқан». Жазушы Семейдегі «Приходская школасында» оқып жүрген кезінде Шоқан оның аса талантты ғалым, жиһанкез екенін туралы кейбір кітаптардан, Потанин мен Домбровскийдің тебірене жазғандарынан  оқып-білген. Осыдан барып жазушының көкірегіне ұлы дарын иесі туралы, оның балалық шағы туралы жазуға құмарта бастайды. Бірақ, ол бұл жұмыстың оңай еместігін, үзбей дайындық жасау керектігін түсінеді. Көп жылғы ізденістен, Шоқанның туыстарының естеліктері, мұрахат құжаттарының сұрыпталуынан «Бала шоқан» повесі дүниеге келеді. 
«Ауыл күзектен көшер алдында Шоқан Мысықты еркіне қоймай үйіне ертіп келді. Онысының екі түрлі себебі бар еді. Бірі-күзекке келгелі үйір болып өнеріне сүйсінген шебер бала, бөлініп өзінің үйінде қалады. Екіншісі-күздің аяғында етігі жоқ, үстіндегі шапаны далбаланған Мысық жағынан боздағы шығып тоңып жүр екен. Жаны ашып кетті. Апасына еркелене: Мына Мысыққа менің ана қоңыр шапанымды, жеңіл етігімді беріңізші, кисін, -деді. ...Екі жағының сөзін де, әке кесімін де тыңдап отырған Шоқан қайта-қайта Әбіл қартқа жалтаңдап қарап, әкесіне наразылана көз тастады. Бірақ, әке үкіміне қарсы келудің, көпе-көрнеу Әбілдердің, анау жаяу-жалпылы шұбап келген кедейлердің көріп отырған теңсіздігіне ара түсудің есебін таба алмады. Оның бар ойы» мынау жерсіз, сусыз, қоныссыз кедейлер қайда барып күн көреді, бұларға кім көмектеседі?!»- деу болды». Повестегі Шоқанның кеңсе күзетшісі, кедей баласы Мысықтың балшықтан ойыншық мүсін жасағанын көріп, талабын танып, оны өзімен бірге оқуға алып кетуі. Әсіресе, осы эпизод жазушыға өте ұнап повесть жазуға жұмылдырған еді. 
Сапарғали Бегалиннің  қазақ халқының ұлы дарынды ұлдарының бірі Шоқан Уәлиханов жайлы жазған повесі беймезгіл заманда туып, заманның қыспағына түскен, жарқын талантымен, алғырлығымен қараңғы түнекті жарып өтуге ұмтылған адамның өмірін, балалық, жастық шағын нанымды әңгімелейді. Жазушы ұлы Шоқанның адамгершілік, көпшіл, қайырымды мінездері арқылы тарих белестеріне көз жібереді, тарих пен адамның қарым-қатынасына, адам және оның өзін қоршаған ортадағы күресіне назар аударады. Шоқан бойындағы отаншылдық сезімнің туу, қалыптасу жолдарын бейнелейді. 
Жалпы, Сапарғали Бегалиннің балаларға арналған шығармашылығына шолу жасай отырып оны бірнеше топқа бөлуге болады. Бірінші топқа аң аулауды, мергендерді суреттейтін: «Сәтжан», «Көксегеннің көргендері», «Бала мерген» деген әңгімелерін жатқызуға болады. Екінші  топтағы: «Будан», «Қозышы Нұрман», «Жылқышы» атты поэмалары мал шаруашылығында жұмыс істейтін еңбекшілерді қиын да қажырлы өмірін паш етеді.  Ал табиғатты қорғау, балалардың жан-жануарларға деген қамқорлығы, қоршаған ортаға деген жақсы көзқарас қалыптастыратын «Жас бұтақ», «Қант бұршақ», «Мектеп бағында», «Хат», «Есеннің кірпісі» деген әңгімелері тағы бір топқа жинақталған. Жазушының көтерген  күрделі тақырыбы Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Отан қорғаудағы қаһармандық күреске арналған. Бұған автордың «Тағы кездесті», «Машинист», «Жеткіншектер», «Киіксор» атты әңгімелері енген. Жазушы Бегалиннің тағы бір үлкен тақырыбы жас жеткіншектердің кейбір ұнамсыз мінез-қылықтарын, есірткен еркелердің олпы-солпы ұрыншақ мінездерін әшкере етеді, өмірге икемсіздікті мінейді, соларды түзу жолға, жөнге салуға, жаман әдеттерден аулақ болуға шақырады. Бұған автордың «Ойламаған жүріс», «Ұрыншақ», «Жершіл шымшық», «Бес батыр», «Сымбатты Сима» әңгімелері жатады. Жазушының  шығармаларынан өмірді терең таныған мол тәжірибесі көрініп отырады және бұның өзі жасөспірім жеткіншектерге үлгі-өнеге болатыны сөзсіз. Сонымен қатар жазушы өз әңгімелерінде мектеп жұмысын өндірістік оқу жұмысымен тығыз байланыстырып, балаларды болашаққа, дұрыс бағытқа меңзейді.
Өзінің бүкіл саналы өмірін, еңбегін, шығармашылық қызметін адал қызмет ету жолына жұмсаған Сапарғали ата, өзінің туған өлкесін перзенттік ұлы махабатпен, ыстық жүрекпен сүйетін еді. Оның жер-су, орман-тоғай, өз өлкесінің барша табиғатын соншалық жетік білетін жіті көз Сапарғалиды үлкенді-кішілі қазақ жазушыларының ақылгөйі, «қасындағы жазып қойған хаттай» айрықша зерек,  дарынды адам ретінде сыйлаған.
Мұхтар Әуезов мұхит тектес дарын, телегей-теңіз білім иесі, атақ-даңқы жер жарған, әлемге мәшһүр жазушы, ғалым бола тұра Сапарғали Бегалинді зият тұтып, төрге шығарып, құрмет көрсетіп отырған.  Сапарғали Бегалиннің ауызекі әңгімесін, айрықша зеректігін Мұхтар Омарханұлы ерекше бағалаған. «Абай» романын жазған кезде қасынан шығармай, Шығыс өңірінің, Абыралы, Шұбартау, Қарқаралы өлкесінің керек деген тарихи адамдары, жер-су аттары туралы анықтап, үнемі сұрап отырған.
Міржақып пен Ахметтің кітаптарын жастығының ішіне тығып сақтап келген Сапарғали жазушы ұлтының рухани мұрасына адалдығын көрсеткен тағы бір сүйсінерлік мінезі осы болса керек. Ол өзінің «Сырым» деген өлеңінде  былай дейді:
Өмірге түзде туып, қырда өскенмін,
Күңгірт күн күңіренген жылда өскенмін.
Еңбектеп ес білгенше балапандай
Тұңғиық тұман басқан күн кешкенмін.
Қарманып, қараңғыда күнді іздегем,
Сырымды сұрапыл жел білгізбеген,
Өкпені өрде өшіріп алқынғанмен,
Тар заман күнгейіне кіргізбеген.
...Тозаңға топтан қалмай ілескенмін.
Бәйгесін бостандықтың құрбылармен
Бірге алып, бірге бөліп үлескенмін.
Сол бәйгем алтын шоқты айдарымдай,
Заманда адамдықтың майданындай,
Желпілдеп жел естіртіп айдарымнан
Міне, мен жеттім заман айғағындай.
Бұл өлеңде суреткер өз өмірінің негізгі кезеңдерін, ізденісін тап басып тауып айтқан, қысқа айтқан нанымды айтқан. Сапарғали Бегалин өз өмір жолында өзі білген жақсы мінезін, сырын, ақылын, даналығын бойына жинай беріпті, өзін де өзгені де байытар рухани мол күш жинапты. Міне, шежіре адамның өмірі қандай қызық болса, шығармашылығы да сондай қызық. 
Сапарғали Бегалин 1983 жылы дүниеден өтті. 
Қазақ балалар әдебиетіне сіңірген ересен еңбегі үшін «Құрмет белгісі» және «Халықтар достығы» ордендерімен және бірнеше медальдармен мараппатталған. 





Бала жанының бағбаны
Бүлдіршіндерге арналған ертеңгілік

Кітапханашы алдын-ала бүлдіршіндермен Сапарғали Бегалин өмірімен және балаларға арналған шығармашылығымен таныстырып өтеді. Балаларға оның өлеңдерін оқып, жаттап келуді тапсырады. Және де оқырмандарға жазушының шығармаларына байланысты сурет салып келу тапсырылады.  
Ертеңгілік болатын күні тақырыптық сөре безендіріледі. Оған С.Бегалиннің бүлдіршіндерге арнап жазған өлеңдері мен әңгімелері қойылады. Сондай-ақ, тақырыптық сөреге балалардың көркем туындылары (суреттері) қойылады . 
Ертеңгілікке С.Бегалин туралы қызықты әңгіме айтып беретін ақын, жазушы, журналистерді шақыруға болады.
Ертеңгіліктің бағдарламасы:
1. Кітапханашының кіріспе сөзі.
2. Қонақтардың жазушы шығармашылығына арналған сөздері.
3. Әдеби бөлім.  (Балалар С.Бегалин өлеңдерін оқиды. Жазушының «Ұр, тоқпақ» атты ертегі ізімен жазылған шығармасынан көрініс көрсетеді.)
4. Қорытынды сөз.
С.Бегалиннің бүлдіршіндеге арнап жазған өлеңдері 50-60 жылдары жарыққа шыққан. Сондықтан көптеген кітапханалар қорында оның өлеңдері болмауы мүмкін. Сондықтан төменде ақынның өлеңдерін ұсынып отырмыз.    

Алтай мен ақ лақ
Алтай:
Құлдыр лақ, ақ лақ,
Құлағың неге, шұп-шұнақ?
Айтам саған бір сұрақ
Шошаңдамай сал құлақ!...
Ақ лақ:
Сен мені, Алтай, қуасың,
Қолыңа түссем буасың,Соямын деп ойнайсың,
Бір ойнасаң қоймайсың.
Сонан сенен қашамын,
Қияны, жарды басамын.
Мінезім кекшіл жел құйын
Арғы тегім киіктен,
Туған жерім тас үйім
Жөнелді лақ сағынып,
Ойнақ салып қыратқа. 
Құлыншақ
Қиығындай құрақтың,
Қиығы екі құлақтың,
Үкідей кекілі желбіреп,
Бүліштей ерні үлбіреп,
Томағадай сауыры,
Аш бөрідей бауыры,
Толқынды бұйра жал-құйрық
Шопса құлын құдиып,
Шаншылып күлте құйрығы,
Құлын жердің жүйрігі.
(1941ж.)

Қоян
 Қорқақ қоян-сұр қоян
 Қыста-ақ, күзде-орқоян.
Жазда жалтаң, қыс қысаң
Қорыққанды қой, қоян.
Салпақ құлақ, масақ мұрт,
Қыли көзді, жырық ұрт,
Көлеңкеден қылт еткен,
Қорқақ дейді сені жұрт.
Қара құлақ, ақ қоян,
Қарда қарғып шап, қоян,
Жырық ерін, қыли көз
Көп көжекті тап. қоян.
Өрге шапса үдеген,
Ылди келсе жүдеген,
Иттен, құстан үрей боп
Жылында екі түлеген.
Бір көжегің бер маған,
Нан берейін мен саған.
Тигізбеймін ит, құсқа
Істеймін үйшік мен оған. (1944 ж.)

Қазым, қазым қаңқылда
(Орысша өлеңнің ізімен)
Бала: Қазым, қазым, қаңқылда,
Жүз көліңе, салқында,
Жем шашайын-жейсің бе?
Конфет берші дейсің бе?...
Қаз: Жоқ! Жоқ!
   Конфет маған болмайды ас,
   Арпа менен бидай шаш.
Төменгі сынып оқырмандары арасында «Қазақ балалар әдебиетінің атасы С.Бегалин- 110 жаста» немесе «Балдырғандар бағбаны С.Бегалин – 110 жаста» атты кітап сөресін ұйымдастырып, сонымен қатар «Есеннің кірпісі» деген әңгімені дауыстап оқып,  жазушының «Керкиік» атты кітабы бойынша әңгіме өткізіп, соңынан сұрақтарға жауап бергендері дұрыс.

Сұрақтар жобасы:

1. Ерден қандай бала?
2. Жазушы Бегалиннің «Керкиік» атты әңгімесі сендерге несімен ұнады? (Әсер алған жерлерін айтып береді).
3. Ерденнің істеген істері қандай, үлгі алуға тұрарлық па?
4. Неліктен жүдеу керқұланды «Керкиік» деп атайды, Керкиік тұлпар өнеріне қалай жетті?
5. Ерден, Коля, Темір бастаған звено қандай табыстарға жеті және звеноға да, колхозға да қай күн ең қуанышты күн болды?

Төменгі сынып оқушыларына арналған әдебиеттер:

1. Бегалин С. Есеннің кірпісі: Әңгіме. – Алматы:Жалын, 1997. –12 б.

2. Бегалин С. Ермектің алмасы.- Алматы: Жалын, 1985.-24 бет:сур.

3. Бегалин С. Керкиік: Әңгіме. – Кітапта: Бегалин С. Сәтжан.  Алматы, 1978. –121б.
4. Бегалин С. Сырлы қайнар: Өлеңдер. – Алматы:ҚМКӘБ, 1963. –78б.
5. Бегалин С. Сел: Әңгіме. – Кітапта: Бегалин С. Сәтжан.  Алматы, 1978. –152б.
6. Бегалин С. Олжабектің оқуы: – Кітапта: Жыл он екі ай. – 1980. –Алматы, 1980. –11б.



    









      Орта буын оқырмандарымен жүргізілетін көпшілік жұмысқа жазушының өмірі мен шығармашылығы туралы, «Балалардың сүйікті жазушысы» немесе «Жазушы С.Бегалин – 110 жаста» атты кітап көрмесін ұйымдастырып, ондағы әдебиеттерге шолу жасаған дұрыс. Сонымен қатар С.Бегалин осы топтағы оқушыларға арнап жазған «Сәтжан» атты кітабына талдау жасалып соңынан сұрақтарға жауап бергендері жөн. Осы топтағы оқырмандармен жазушының өмірі мен шығармашылығына бойынша ауызша журнал өткізуге болады.
Кітап көрмесінің жобасы:
«Балалардың сүйікті жазушысы С.Бегалин –110 жаста»
                   Разы бүгін ел саған,
Еңбегің үшін арналы
Әсері күшті сөзіңмен
Жанына ұрпақ сән кіріп,
Жасымас асыл сезімің,
Жасай да берсін мәңгілік.
Ж.Өмірбеков
Әдебиеттер:

Бегалин С. Сәтжан: Повесть. – Алматы: Жалын, 1978. – 188б.

Бегалин С. Көксегеннің көргендері: Повесть. – Кітапта: Бегалин С. Сәтжан. Алматы, 1978. – 49 б.

Бегалин С. Мектеп түлектері: Әңгімелер. – Алматы: ҚМӘКБ, 1961. – 111б.
Бегалин С. Қыран туралы аңыз: Повесть пен әңгімелер. – Алматы: Жалын, 1978. – 27б.

С.Бегалиннің «Сәтжан» атты кітабын талдауды ұсынамыз, талдауға арналған сұрақтар жобасы
Сәтжан мен Жанай жазғы каникулда үлкендерге қандай көмек көрсетті?
Достар шың басына қалай көтерілді, ондағы суреттер сыры қалай ашылды?

Сәтжан мен Жанай бос уақыттарын қалай өткізді, мектепте қандай үлгілі істердің ұйытқысы болды?

Балалар Ителгіні баптап өсіруге кімнен үлгі алды, Сәтжан ителгісінің қандай қызғылықты істері болды?

Сендер Ителгі Бүркіттің саятшылық өнерін көрдіңдер ме, көрсеңдер алған әсерлеріңді айтыңдар?
Ауызша журнал беттерінің жобасы:

Ауызша журналды өткізудің мақсаты – жазушы С.Бегалиннің өмірі мен шығармашылығын оқырмандарға кеңінен тарату, автор шығармаларынан оқырмандардың алатын тәрбиелік мәнін көрсету. Ауызша журнал өткізер алдында жазушының шығармашылығына арналған көрме ұйымдастыру қажет. Кітап көрмесіне кітапхана қорындағы әдебиеттерге қоса материалдар жергілікті баспадан, яғни С.Бегалиннің туғанына 110 жыл толуына байланысты шыққан газет-журнал мақалаларымен толықтырылуы керек. 
Ауызша журнал беттерінің үлгісі.
1 – бет. Қазақ балалар әдебиетіндегі сүйікті қаламгер С.Бегалин өмірінен; (бұл бетте С.Бегалиннің өмірі жайлы, оның қазақ әдебиетіндегі сіңірген еңбектері туралы айтылуға тиісті).

2- бет. С.Бегалин балаларға арналған, алуан түрлі сыры мен оқиғасы қызықты кітаптардың авторы: (бұл бетте жазушының тек қана балаларға арналған шығармаларына шолу жасалып, оның оқырмандарға беретін тәрбиелік мәнін көрсету. Жазушының  табиғатты суреттеуі, оқушылардың жақсы мінездерімен қоса жаман әдеттен арылу керектігін көрсететін шығармалары жайлы айтуға болады).

3 – бет. Балалар әдебиетінің ақсақалы тарихымыз бен мәдениетіміз үшін де зор еңбектер жасады. (Ұлы ақын Жамбылдың, ән еркесі – суырып салма ақын Иса Байзақовтың, атақты Шашубайдың өмір баяндарын жарыққа әкелген болатын).

Ауызша журналдың соңынан ондағы әдебиеттерге шолу өткізген 
жөн.  
Ауызша журналға арналған әдебиеттер.

Бегалин С. Ана қайраты. – Алматы: ҚМӘКБ, 1960. – 182б.

Бегалин С. Сырлы қайнар: Балаларға арналған өлең-поэмалар. – 
Алматы: ҚМӘКБ, 1963. – 80б.
С.Бегалин. Сәтжан. Алданған жолбарыс. Сымбатты Сима.- Кітапта:  Қазақ балалар әдебиетінің хрестоматиясы/ Құраст Ш.Ахметов.-Өңд.толықт., 3-басылым.- Алматы:Арман-ПВ, 2005.- 7-47б. 

Бегалин С. Сахара сандуғаштары: Естеліктер мен естігендер. – Алматы: 
Қазақстан, 1976. – 167б.

Бегалин С. Сәтжан: Повесть. – Алматы: Жалын, 1978. – 168б.


Жан-жануарлар әлеміне саяхат
Ойын-саяхат

         4-6 сынып оқырмандарымен Сапарғали Бегалиннің торқалы тойына байланысты «Жан-жануарлар әлеміне саяхат»,-атты ойын-саяхат өткізуге болады. Бұл көлемді жұмысты өткізу үшін басқа кітапханалармен байланыс жасап керекті қосымша әдебиеттерді жинауға сол әдебиеттер арқылы көрме ұйымдастыруға, хабарландыру жазуға және жазушы еңбектерімен таныстыру үшін әңгіме ұйымдастырған жөн. 
Кітапханашы мектеп мұғалімдерімен келісе отырып балаларға тапсырма береді. Мысалы: Оқушылардың бір тобына С.Бегалиннің әңгімелерінде кездесетін құстардың, жануарлардың суреттерін салуға, екінші топқа жазушының шығармашылығына деген көзқарасын ортаға салуға, үшінші топқа «Менің сүйікті кейіпкерім» атты тақырыпқа шығарма жазуды ұйымдастырады. Арада біраз уақыт өткеннен кейін саяхатшылар фестивалін немесе күндерін өткізуге болады. Бұл жұмысты жүргізу кезінде жазушының белгілі бір шығармасы жайында, болмаса қысқаша жалпы бірнеше әңгімелері туралы, оқушылардың жазған шығармаларының ішінен таңдаулы бірнеше шығарманы оқып беруге және сурет көрмесін ұйымдастыру арқылы тұжырымдауға болады.   















Балалардың сүйікті жазушысы
Шын жазушылық өнер – 
                                                                           Асыл да, ауыр өнер…
                                         Ө.Тұрманжанов
6-7 сынып оқушыларына арналған С.Бегалин шығармашылығы бойынша білгірлер турнирі
Ойынға «Балалар әдебиетінің ақсақалы» атты көрме безендіріледі.
          1. Цитата ретінде С.Мұқановтың жазушыға арнаған өлеңінен үзінді алуға болады:
...Сүйсініп оқитұғын туған халқы,
Жеткенше талант, ойдың шама-шарқы,
Бірталай еңбек жазды, алды жарқын,
Ласы жоқ, кіршігі жоқ, таза арты.
2. «... Біз үшін бір бағалысы-сол жолдың бәрінде Сапекең өзінің туған халқының бар өзі білген жақсы мінезін, сырын, ақылын, даналығын бойына жинай беріпті, өзін де өзгені де байытар рухани мол күш жинапты. Оның шығармашылығына да қуат берген сол күш.»   
                                                                                С.Қирабаев
3. «...Өзінің бүкіл саналы өмірін, еңбегін, шығармашылығын  адал қызмет ету жолына жұмсаған Сапекең, өзінің туған өлкесін перзенттік ұлы махаббатпен, ыстық жүрекпен сүйетін еді...»  Н.Ғабдуллин

Ойынның мақсаты: Ойын түрін пайдалана отырып, балалардың жазушы туралы білімдерін бекіту. Жазушы шығармашылығына деген қызығушылықты арттыру.
    Керекті құралдар: «С.Бегалин шығармашылығының білгірі» медалі, 7 секторға бөлінген ойын алаңы. тілі бар зырылдауық ойыншық, сұрақтары бар жеті конверт (әрбір секторға бір конверттен), 21 жетон. 
Ойынның шарты: Ойынға 7-10 адамнан құралған 2 топ қатысады.  Ойын басталмас бұрын топ мүшелеріне өздерінің көшбасшыларын сайлауына уақыт беріледі. Содан кейін көшбасшылар блиц-турнирі өтеді. Жеңген көшбасшының тобы ойынды бірінші болып бастау құқығына ие болады. 
Зырылдауықтың көмегімен сұрақтар таңдалады.

Жүргізуші: Сәлеметсіңдерме, балалар! Біз бүгін тамаша балалар жазушысы Сапарғали Бегалиннің шығармашылығына шолу жасап, білгендерімізді еске түсіреміз. Бүгінгі ойынның мақсаты:  С.Бегалин шығармашылығын жете білетін білгір топты анықтау. Жеңген команда аранайы медальмен мараппатталады. 
Сонымен ойынның шартымен мұқият танысып алыңдар. Сендердің алдарыңды 7 секторға бөлінген ойын алаңы тұр. Және әрбір сектордың жанында сұрақтары бар жеті конверт тұр. 
Ойынды бастамас бұрын көшбасшылар блиц-турнирін өткіземіз. Жеңген көшбасшының тобы ойынды бірінші болып бастау құқығына ие болады. 
Сұраққа ойлануға 1 минут уақыт беріледі. Уақыт өткен соң сұрақтың жауабы тыңдалады.
Қарсы команда сұрақты толықтыруға немесе дұрыс жауабын берулеріне болады. «әрбір дұрыс жауапқа 3 ұпай беріледі. Әділқазы мүшелері әрбір топтың жауабын мұқият тыңдап, оларға тиісінше ұпай санын бөліп береді. Сонымен... Турнирімізді бастаймыз.
Көшбасшылар блиц-турниріне арналған сұрақтар:
1. Сәтжанның досының аты-Жанай
2. Уәш аулаған ешкі- елік
3. Кірпі тауып алған бала- Есен
4. Жас аңшы Уәштің итінің аты- Арлан
5. Сәтжан ұстап алған қыранның түрі- ителгі
6. Уәш өлтірген мысық-сілеусін
7. Табыншы қыздың аты-Халиман
8. Жұмақан кімнің немересі болған- Жамбыл Жабаевтың


Турнирге арналған сұрақтар:
        1. Ермек баптаған «ғажайып ағашта» қандай жеміс өседі? Баланың күтіміне ағаш қандай жауап қайырды? Ермек қандай сәлемдеме жіберді?
«Ағаштың бірнеше түбінде түйіні үлкен қызғылты ақтаңлақ тартқан апорт, шырынын әлі сыртына теппеген көкшіл антоновка. Тағы бір түбінде ерте пісетін лимоновка, сталовка, тағы басқа біртүсті алмалар өседі. 
      ... Ертеңіне машинаға тиелген көп алманың ішінде айрықша жолдамасы бар бірнеше жәшік алма орын алды. «Ермек өсіріскен, көп сортты алманың жемісі»-деген жазу әр жәшікте бар еді. («Ермектің алмасы»)

2. Сәтжан бұзауларын өргізетін жер қалай аталады? Сәтжанның итінің аты?  
Жанай екеуі күндегісінше ертемен бұзауын өргізіп «Таңбалы тастың» бір үлкен саласына алып барады. Сәтжанның қасынан екі елі қалмайтын «Бөрібасары» бұзаулардың алдын шолып сайдың қабағына шықты.

Похожие материалы

Рахмет ретінде астында тұрған жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!

Категория: Қазақ әдебиеті | Добавил: Admin
Просмотров: 3469 | Загрузок: 449 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]