Приветствую Вас Гость • Регистрация • Вход • RSS
Понедельник, 5.12.2016
Главная » Файлы » Қазақша рефераттар » Қазақ әдебиеті [ Добавить материал ]

Ескелді би


Оқушылар,студенттер,мұғалімдер,сайт қолданушылары өз материалыңызбен бөліссеңіз қуанышты болатын едік!

05.03.2014, 18:51
Ескелді би (шамамен 1692 —1770 жж.) Әмбе жалайыр әулие атанған Ескелді би — күллі қазақ халқына қауіп төнген ХVIII-ғасырда ел қорғаған ерлердің бірі. Ол өзінен екі жас кіші Балпық әулиемен, Қабылиса сияқты әрі ақын, әрі батырмен, қол бастаған Орақ батырмен бірге жоңғар басқыншыларына қарсы жойқын жорықтар жасап, елінен, жерінен айырылып босып кеткен жалайырлардың басын құрап, Жетісу өлкесіне қоныстандырған тарихи тұлға.
Мазмұны   
1 Шежіреден
2 Өмірбаяны
2.1 Балалық шағы
2.2 Ер жеткен шығы
2.3 Батыр Ескелді
3 Ескелді би туралы жырлар
4 Әулие Ескелді
5 Ескелді би айтқан сөздер
6 Пайдаланған әдебиет
Шежіреден

Ұлы жүздегі он екі ата Жалайырдың бір тармағы Сиыршы руынан өрбіген бес баланың бірі — Тоқымбеттен Бейімбет туады. Одан тараған үш ұлдың ортаншысы — Жанғабыл. Оның баласы Жылкелді — бес ұлдың әкесі. Үшіншісі Ескелді екен. Жылкелдінің бәйбішесі алты Алашқа мәлім Төле бидің Ұланбике атты қызы екен. Талдықорғандық журналист, жазушы Әли Ысқабаев жинаған деректерге қарағанда, Ұланбике анамыз ұзатылғаннан кейін араға бірер жыл салып, әкесі Төле бидің ауылына төркіндеп барады. Мал ішінде Кертаған деген өгіз жұр екен. Құрбыларымен, шешесімен сырласқанда Ұланбике сол өгіздің басына жерік екенін білдіреді. Мұны естіген Төкең: "Кертаған — малымның құты мен берекесі еді, менің дәулетім қызыма ауысайын деген екен", — деп, өтінішін орындатады. Қызының құрбы-жеңгелерін шақырып: "Өгіздің басын бұзбай тұтас асыңдар, қай жерін қалап жейді екен, байқап отырыңдар" — дейді. Бірақ Ұланбике бас пісіріп алдына келгенде, құрбы жеңгелеріне: "Мені оңаша қалдырыңдар" деген тілек айтады. Әйткенмен бір-екі жеңгесі жабықтан сығалап қарап тұрады. Жерік қыз бастың тілін ғана кесіп алып, жеген екен. Мұны жақсылыққа жорыған Төле би: "Құдай қаласа қызым ұл туады екен, ол қызыл тілдің шешені, өз елінің көсемі болады екен" — деп болжапты. Қызы төркінінен еліне қайтқан соң аман-есен босанып, ұл туады. Жылкелді қайын атасына ат шаптырып сүйінші сұратқанда, Төле би: "Тілекті алла ескерді, Жалайыр еліне ес келді, баланың есімі Ескелді аталсын. Елінің есін жиғызып, халық қамын ойлайтын азамат болып өсер ме екен", — деп, жас нәрестенің ертеңін болжап, шілдеханасына арнайы ақ боз ат шалдырып, дүбірлі той жасаған екен.
Өмірбаяны

Балалық шағы
Ескелдінің жастайынан зерек, тапқыр болып өсуіне қоршаған ортасы игі ықпал еткен. Ел билеген азаматтар, айыр тілді билер бас қосқанда әкесі Ескелдіні бала кезінен бірге ертіп жұрген. Келе-келе есі кіре бастаған кезде билер шиеленіскен дау-дамайдың шешуін таппай дағдарып отырғанда балаң жігіттің еті қызып, арқасы қозып, сөз сұрай бастаған. Ауыл ақсақалдары, білікті билер оқта-текте сөз кезегін бергенде Ескелді асқан тапқырлықпен, шешендікпен, ақынша ұйқас сөздер тауып, сөйлей жөнеледі екен. Бұған әкесі Жылкелді ұяла қысылып: "Балам, үлкендердің алдына бекер түсесің", — деп, тыйым салмақ болғанда сөз төркінін ұғатын зерделі, зиялы кісілер: "Жылкелді, баланың талабын қайтарма, бұл жерде "ата тұрғанда ұл сөйлегеннен без, ана тұрғанда қыз сөйлегеннен без" деген көне мәтелді қолдану ретсіз, балаңның ұғымы да, түйсігі де бөлек, басқа балаларға ұқсамайды" дегенде, көңілі тасып шабыттанған Ескелді:
Қой асығын қомсынып,
Шымыр емес демеңіз,
Қолға жақса сақа ғой.
Ұл сөйлесе шамсынып,
Жасы кіші демеңіз,
Ақылы асса дана ғой, — деп тоқтаған екен. Бұған әкесі де шаттанып: "Балам, алдыңнан жарылқасын, үй баласы ма десем, ел баласы екенсің, еліңнің ай маңдайлы арысы бол!". — деп, батасын берген екен. Төле би жиені бес жасқа толғанда ұлы жүздің бар жақсысын шақырып, Ескелдіні оң тізесіне отырғызып: "Ақыл-есім орнына келді, енді бір он бес жыл жасаймын" — деп, өзінің де алдағы ғұмырын болжаған екен. Бұл жолы Төле би ең ұлы үш батасының бірін Ескелдіге берген екен. Қызырдың сөзіндей бірінші батасын Абылай ханға, екінші батасын Жетісу жерін жау қалмақтан азат етуде айрықша еңбек сіңіріп, теңдессіз ерліктер жасаған Өтеген батырға берсе керек.
Ер жеткен шығы
Бірде Абылай хан жорық сапарынан келе жатып, жолай Сыр бойын жайлап отырған Жалайыр еліне ат басын бұрыпты. Осы өңірдегі сыйлы кісілердің бірі Жылкелді оны арнайы қонақ етеді. Сый-сияпат көріп, көңілі толған Абылай үй иесін сөзге тартады. — Ақсақал, әңгіме айта отырайық. Сіздің ойыңызша, жол анасы не, су анасы не, сөз анасы не? — деп сұрақ қояды. Адамгершілігі, кісілігі айрықша болса да Жылкелді мүндай тапқыр сөзге орашолақтау-тұғын. Сонда да сұраққа жауап беру керек: —Жол анасы үлкен даңғыл жол шығар. Су анасы — мұхит, сөз анасы тіл шығар, — депті күмілжіңкіреп. Сонда сөзге құлақ тігіп отырған Ескелді: —Жол анасы тұяқ болар, су анасы бұлақ болар, сөз анасы құлақ болар, — деп жауап берген. Енді бір деректе, ер жетіп келе жатқан жиенін Төле би сынамақ болған екен. Алыстан сәлем беруге арнайы келген Ескелді әбден кәрілік жеңген нағашы атасына:
Армысыз, ата!
Таудан аққан бұлағым,
Жауға шапсам ұраным.
Сыйынсам да аллаға
Өзіңді айтып тұрамын!
Алты Алаштың өрісің,
Халқымыздың төрісің.
Өзің ғана табасың
Әрбір істің желісін, — деп, сәлем берген екен. Жақын жолдастарын ертіп, сонау Сыр бойынан Қазығұрт етегіне арнайы келген жиеніне риза болғаны сонша бірден өбектемей, ақыл-есінің қаншалықты толысқанын байқау үшін: —Досың қайда? Дұшпаның қайда? — деп сұрақ қойыпты Төле би. Ескелді сұқ саусағымен жұрек тұсын нұқыпты да, аузын ашып, тілін көрсетіпті. —Жақсылық пен жамандықтың тұрағы қайда? — деп сұрағанда, Ескелді оң иығы мен сол иығын көрсетіпті. — Білікті адам қандай? Ақымақ адам қандай? — деп сұрағанда Ескелді күн көзіне күн салып қарап, алысқа үңіліпті, содан кейін көзін жұмып, төмен қарапты. Сонда қарт би "түсіндім" дегендей басын изеп, "балам, қолыңды жайшы" депті.
Шырағың жанып тұрсын,
Бұлағың ағып тұрсын.
Мың да бір бәледен,
Жүз де бір кесапаттан
Алла тағала қағып тұрсын.
Жазың жайлы болсын,
Қысың майлы болсын,
Отын-суың сайлы болсын.
Саған қастық ойлағанның
Көкірегіне қайғы толсын.
Дұшпаның табаныңда болсын,
Достарың қабағыңда болсын.
Маңдайыңда жұлдыз болсын,
Таңдайыңда бұлбұл болсын, — депті.
Қонақтар бой жазып сыртқа шыққанда, жолдастары: — "Достарың кім? Дұшпаның қайда?" дегенде, неге жүрек тұсын нұқып, неге аузыңды ашып тіліңді көрсеттің? — деп сұрағанда, Ескелді: —Қас та, дұшпан да, дос та адамның өзінен. Жүрегің жұмсақ, пейілің кең болса, дос көп. Жүрек — адам денесінің төрешісі. Төреші әділ болса, жұрт айналаңа жиналады, сондықтан достықтың діңгегі деп, жүрек тұсын көрсеттім. Тіл — адамның әрі досы, әрі дұшпаны. Парасатты сөз айтсаң, біреуге жақсылық тілесең, жан-жағың жарқырап жүреді, байқамай, ағат сөз айтсаң — жан-жағың жабыла шағатын жылан-шаянға толады. Мен соны мезгедім. —"Жақсылық пен жамандықтың тұрағы қайда?" деген сұраққа оң иығың мен сол иығыңды неге көрсеттің?,—деп сұрағанда, Ескелді: —Көне аңыздарда Қаһарман, Қатибин деген екі періште адам баласының жақсылығы мен жамандығын екі иығында отырып, үнемі жазып отырады деп, әжем мен атам айтатын. Бұл — жай сөз емес, әрбір пенде адамдықтан асып кетпесін деген тілектен туған. Бала жігіт бірнеше күннен кейін еліне жүрмек болғанда, Төле би жиенін өз ордасына шақырып, ақ бурыл дөненді, күмістеп шапқан ер-тұрманымен алдына көлденең тартып, алмас қылыш сыйлапты. Ескелді нағашы атасы берген түлпарға мініп, алмас қылышын жарқыратып қолына ұстағанда, тұлғасы жауға енді аттанғалы тұрған батырға ұқсаса керек. Сонда Төле би:
Бір алла жар болып,
Қызыр-Ӏлияс шылауыңда болсын.
Атың құтты болсын,
Жаның жұпты болсын.
Табаныңнан мұз өтсін,
Маңдайыңнан күн өтсін.
Үйің ырысқа толып,
Төріңе Қызыр түнесін.
Ғайып-ерен қырық шілтен
Жан-жағыңнан қолдасын.
Мұратың халық болсын,
Алдың жарық болсын! — деп бата беріпті.
Батыр Ескелді
Күллі Ұлы жүзді аузына қаратқан Төле биден бата алған соң Ескелдінің абыройы көтеріліп, барша Жалайырдың билігіне араласа бастайды. Өзінен екі жас кіші Балпық би де осы тұста ел басқаруға жарап қалған еді. Екеуі тізе қосып, Орақ батырды қолбасшы етіп, елді үгіттеуге, мәміле жүргізуге от ауызды, орақ тілді Қаблиса (Қабан) ақынды бас етіп, Сыр бойындағы елді Жетісу өлкесіне қарай көшіреді. Бұл оқиға Қалқа Жапсарбаевтың дастанында тамаша суреттелген. Шежіре бойынша оқиға 1767 жылы болған сияқты. Ауыз әдебиетін, тарихи деректерді көп жинаған Әубәкір Диваев былай деп жазған: "Үйсіндер Сырдан ауып келген... Сарқырама, Қараөзен, Қуаң деген жерлерден қалмақты қуып, Жетісуға егін салып орналасқан. Үйсіннен Қасқарау Өтеген батыр, Суаннан Қараекенің баласы Дәулет, Жалайырдан Ескелді, Сыпатай, Байқоңыр батыр бесеуі жерге бастап алып келді. Қалмақтан әуелі жерді босатқан Қаракерей Қабанбай, Тарақтыдан шыққан Тәттібай батыр, Қораластан шыққан ер Жауғаш, Ыстыдан шыққан Шой батыр Абылайды хан көтеріп, қалмақты қуған". Бәрі шындық, тек Абылайды әлгі аталғандар ғана емес, күллі қазақтың ру басылары, қолбасшылар хан көтергені тарихтан белгілі. Тағы бір шындық, Бұхар жыраудың ашумен айтқан бір сөзіне бола Абылайды Төле би құл ретінде ұстады деу мүлде қате, ол оның түйесін де баққан емес, ақылына, мінезіне іштей риза болған ұлы би болашақ ұлы ханды өз ұлындай көріп, тәрбиелеп өсірген. Талдықорғанның маңайындағы Үштөбе деген жерде Абылай бастаған қол қалмақтармен бетпе-бет кездесіп қалады. Сол кездегі салт бойынша әуелі екі жақтың батырлары жекпе-жекке шығуы керек. Сонда Долонхор деген қалмақ батырымен Ескелді айқасып, ұзақ арпалыстан кейін аттан аударып, басын кесіп әкелген екен. Сонда қазақтар жаппай шабуылға шығып, жауды қашырған дейді. "Ер Ескелді аталатын" тұсы сол. Осы оқиғадан кейін Ескелді бір топ жасаққа қолбасшы болып тағайындалады. Ол Абылайға былай десе керек:
Алдияр деп айқайлап,
Тұла бойда қан ойнап,
Елім үшін құрсанып,
Қылыш іліп білекке,
Өлімге де бас байлап,
Жеткіз деп құдай тілекке,
Суық ұстап түсімді,
Қайрап қойып тісімді,
Найзаға байлап ақ байрақ,
Жауға шаптым бөгелмей,
Сынағалы күшімді!
Ескелді бастаған қол Ӏле, Қаратал, Көксу бойында қалмақ жасақтарына қырғидай тиіп, бекіністерін талқандап, үнемі жеңіске жетіп отырған. Азық- түлік, күш-көлік әкеле жатқан тылдағы керуенін ілгері бастырмай, тау-таудың қуысына тығып талқандайды екен. Ол бастаған қолдың Ӏле, Бақанас жақтағы ерліктері осы күнге дейін ел аузында. Ол Қапалда Қабанбай тобына қосылып, жаралы жауды шекарадан асыра қууда да айрықша көзге түскен.
Ескелді би туралы жырлар

Ескелді мен Балпық бейнесі ауызекі аңыздарда ғана емес, халыққа белгілі ерен жүйрік ақындардың да жырларына ілінген. Мысалы, ұлы жырау Сүйінбай Қатағанмен айтысқанда былай деген:
Мен бір жерде тұрмайын,
Ӏледен әрі өтейін,
Қызыл тілмен жетейін,
Таңбалы тасты бетке ұстап,
Желкеңді қиып кетейін,
Он екі ата ол жақта,
Тарақ деген жұртым бар,
Ақкөбікті өлтірген,
Орақ деген мықтым бар.
Арғы атасын айтайын,
Толған айдай толқыған,
Қоғалы көлдей шалқыған,
Көсем өткен Ескелді,
Шешен тілді Балпықтан.
Сыпайы туған бұл жұртым,
Ӏле өзенін жерлеген,
Сыр суындай өрлеген,
Дұшпанға намыс бермеген,
Бақ-дәулеті кернеген,
Он екі ата Жалайыр
Аршынға қолын сермеген,
Батырлық, ерлік сонда бар,
Маңына дұшпан келмеген.
Сүйінбай ақынның сөзін талай жылдан кейін одан әрі жалғастырған ақын Сара былай жырлайды:
Ел едік Үйсін, Найман аулы аралас,
Қосылған төскейде мал, төсекте бас.
Жалайыр жалпақ, жуас берекелі,
Ертеден мәлім еді ел екені.
Сағынып аңсай іздеп келгенімде,
Ортаңнан қызық көрдім мерекелі, — дейді де:
Балпық пен Ескелдідей кемеңгер де,
Айтулы сөзге жүйрік тереңдер де,
Дарынды Дарабоздай бәйбіше өткен
Ақылы асып туған ерлерден де.
Үш жүзге мәшһұр болған аты көптен,
Жайылып талай жерге даңқы жеткен.
Маржандай көмейінен сөз төгілген,
Бақ қонған Бақтыбайдай ақын өткен...
Сол Бақтыбай айтысқа шығарда үш әулиеге сиынады екен:
Ия, Алла! Тіл жағыма бергін медет,
Қолдай гөр, Ескелді атам өзің демеп, —
деп бір бастаса, ар жағын жалғап:
Атам Қабан оңдаса,
Ескелді, Балпық қолдаса, — деп сиынады екен.
Ал XX ғасырдың ақыны Қалқа былай деп толғаған:
Балпық пенен Орақты
Ескелді биді басшы ғып,
Алдынан жер шолады.
Атырауды айналып,
Қаракенге барады.
Ӏшіне шыққан бүлдірген
Бүлдіргені жұпардай,
Мұрынды исі жарады.
Аққан суы мөлдіреп,
Ӏшсең шөлің қанады.
Қараталдың өлкесі
Ӏледен де бағалы.
Әулие Ескелді

Көзінің тірісінде әулие атанған, әрі шешен, әрі батыр Ескелді бидің кейбір заттарын ұрпақтары әлі күнге дейін көздің қарашығындай сақтап отыр. Қазіргі Алматы облысы Қаратал ауданындағы Сарыбұлақ ауылында Ескелді-Балпық мұражайы бар. Сонда Ескелді ұрпағы Әлбилан баласы Нұрсағат қария сақтап тапсырған дулыға көрмеге қойылған. Және бір қасиетті мүлкі бұрынғы Талдықорған облысындағы "Жетісу" колхозының Екпінді ауылында тұратын Жүнісбай баласы Сүлеймен карияның үйінде сақталып тұрғанын 1992 жылы қазан айында өткен дүбірлі той кезінде естіген едік. Ескелді бидің әулиелігін куәландыратын бір дерек: сонау бір жылдары Қаратал өңіріне күріш егеміз деп жер қазғанда тік тартылған канал Ескелдінің зиратына тіреліпті. Жергілікті қариялар зиратқа жақындамаңдар, алыстан айналдыра қазыңдар десе, бұл жұмысты басқарушылар: "Әулиеге де, құдайға да сенбейміз"— деп, экскаваторшыны жұмсай беріпті. Алып машина қайта-қайта бұзылып сынса да, аналар өршелене түскен. Ақыры экскаватор құлап, машинист оңбай жараланған. Соңында канал арнасын күмбезден бұрып әкетуге мәжбүр болған. Мұны көзімен көргендер бар!
Ескелді би айтқан сөздер

Талдықорғанда тұратын ақын, журналист Әли Ысқабаев Ӏле өзенінің Балқашқа құятын сағасында өмір сүрген Найзабай баласы Қосшыбай қарттан Ескелді би айтты деген мынадай сөздерін жазып алған:
Екі жақсы бас қосса,
Бірін бірі қия алмас.
Екі жаман бас қосса,
Кең қонысқа сия алмас.
Жаңбырсыз — жер жетім.
Басшысыз — ел жетім.
Бақ пен дәулет тең келсе,
Адамның толар кемелі.
Қиямет көрсең де ғұмырдан,
Тұяғың таймасын тұғырдан.
Көңіл — гүл,
Тіл — бұлбұл,
Сезім — сері,
Нәпсі — бөрі.
Сабыр — ақыл серігі.
Жаманның дәмесі зор, сөзі қотыр,
Көкірегі қараңғы көр, көзі соқыр.
Әйел — үйдегі ырысың,
Ұл — айбарлы қылышың.
Қыз — түздегі өрісің,
Келін — кеңейген тынысың.
Олақ — міншіл,
Қызғаншақ — күншіл.
Сырғақ — сыншыл,
Бос сөз — былшыл.
Пәнидегі сорлы адам,
Арын төгіп сорлаған.
Қаріп-қасірге шырақ бол,
Жетім-жесірге бұлақ бол.
Жеріне қарап елі туады,
Еліне қарап ері туады.
Ел қонбаса — жер азады,
Жер болмаса — ел азады.
Қатарынан озатын ұл биікте жүреді,
Ез атанып тозатын ұл иықта жүреді.
Ақылды елді оздырады,
Ақылсыз өзін-өзі тоздырады.
Есерліктің белгісі,
Кеуде соғар, керілер.
Өсекшілдің белгісі,
Сөзі жылмаң көрінер.
Жаман болса алғаның,
Дау-дамайда қалғаның.
Өмірдің көріп жалғанын,
Тарылады жан-жағың.
Араға үш жүз жыл салған соң, әрине, көп сөздер ұмытылған. Әйтпесе Ескелді сияқты ел бастаған би, қол бастаған батыр айтқан ұлы сөздер үшан-теңіз болуға тиіс. Бүл әулиенің рухы да, ісі де ұрпақтар жадында мөңгі сақталарына күмән жоқ. Мұны біз Қаратал өзені бойында өткен 300 жылдығына арналған ұлан-асыр тойдан, оған орнатылған зәулім ескерткіштен анық байқадық.

Похожие материалы

Рахмет ретінде астында тұрған жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!

Категория: Қазақ әдебиеті | Добавил: Admin
Просмотров: 584 | Загрузок: 107 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]