Приветствую Вас Гость • Регистрация • Вход • RSS
Суббота, 10.12.2016
Главная » Файлы » Қазақша рефераттар » Қазақ әдебиеті [ Добавить материал ]

ЕР ЖӘНІБЕК


Оқушылар,студенттер,мұғалімдер,сайт қолданушылары өз материалыңызбен бөліссеңіз қуанышты болатын едік!

03.03.2014, 18:49
ЕР ЖӘНІБЕК

Шоқан Уалиханов: "Абылай хан заманы – қазақ батырларының дәуірі” деген ұлы сөзін тегін айпаса керек. Оның сыртында Абылай дәуірі жоңғарлар мен қазақтардың сұрапыл шайқастарына толы болды. Не бір батырлар шықты. Соның бірі – біз сөз өткелі отырған Ер Жәнібек батыр.
Осы Керей Жәнібек батырды ел аузында "Ақыр Жәнібек” деп те атайды. Себебі қазақтың тарихында көптеген Жәнібектер өткен. Соларды шатастырмау үшін, әрі Жәнібектердің ерлік дәуірінің ақыры ретінде есте тұтқан болуы мүмкін. 
Осы Жәнібектерге келер болсақ, алғашқысы 1456 жылы хан болған Әз-Жәнібек. Екіншісі Шақшақ Жәнібек (Тархан Жәнібек деп те атайды). Оның сыртында Божбан Жәнібек дегендер болған. Божбан руынан шыққан Жәнібекті кезінде қазақтың тұтастығын бұзғаны үшін Абылай ат құйрығына байлап өлтірген. Ер Жәнібек турасында айтатын болсақ, бұл – үшінші Жәнібек. Оның шыққан тегі туралы, мынадай қысқаша шежірелік икем айтуға болады. Керейден – Құттыберді туған. Құттыбердінің шешесі – Абақ бәйбіше. Осы Құттыбердіден – Ителі, Қарақас, Молқы, Жастабан, Сарбас тарайды. Ителіден – Байлау мен Қойлау; Байлаудан – Жәдік, Жәнтекей, Шеруші туған; Жәнтекейден – Сүйіншал, Сүйіндік, Сүйінбай. Ал осы Сүйінбайдан – Жайлау, Сары, Самырат, Сәменбет, Төлеке тарайды да,  осы Сары руынан – Бердәулетұлы Ер Жәнібек туған. Жәкеңнің туған жылы туралы әзірге тоқтамды мәміле жоқ. Әркім әртүрлі болжамдар айтады.   
Шыңжандық Қостай Исабаев 1690 жылы туған дейді. Бұл тарихи негіздерге дәл келмейді. Осы мақала авторының пайымдауынша Жәкең 1710 жылы туған болып келеді. Олай дейтініміз: Шақшақ Жәнібек батыр бір ұзақ сапардан келе жатып Керей ауылдарына түстенсе керек. Сол күні Бердәулеттің бәйбішесі бір ұл тауып, атын қойып беріңіз деп нәрестені Шақшақ Жәнібектің алдына әкеліпті. Шақшақ Жәнібек батыр толғанып отырып былай депті; "Ей, Бердәулет, мына нәрестеге көңілім толып, көкірегім желпініп отыр, өз атымды қояйын, дұшпанға боқтатпас, жаманға даттатпас” деп нәрестенің құлағына сенің атың Жәнібек деп үш айтып, былай деп бата беріпті: 

                         Керей деген елің көп, 
                         Ел айналар шешен бол.
                         Жағаласар жауың көп, 
                         Жауға шапсаң есер бол.
                         Ел ішінде дауың көп,         
                         Жұрт алдында көсем бол,
                         Шайқасқан да есен бол,
                         Жекеге шықсаң желденіп,
                         Жауыңның басын кесер бол! – депті.

   Осылай аузы дуалы батырдың айтқаны келіп Жәнібек әрі шешен, әрі батыр, әрі ақын болып өскен екен. 1710 жылы Әз-Тәуке ханның жарлығымен Жоңғар ордасына елшілікке Қаз дауысты Қазыбек бастаған бір топ елші барған. Сол топтың ішінде жоғарыдағы Шақшақ Жәнібек болған. Бұл елшілер Жоңғар ордасынан қайтар жолда қалмақ пен қазақтың арасына сынадай қадалып отырған Абақ керейлер ауылында ат суытқан шығар. Бұл қалайда есте  боларлық болжам. Бұдан кейін Жәкеңнің туған жылын анықтауға тұрарлық болжам Абылай мен Ер Жәнібек турасына айтылған қисса-дастан, аңыз әңгімелер. Көптеген жыр қиссаларда Жәкең он сегіз жасында жауға аттанған болып келеді. Сонда ол 1710 жылы туды деп есептесек, 1728 жылы жауға аттанған болмай ма? Бұл уақытта қазақ даласында жоңғарлардың қылышы үстемдік алып тұрған тұс. 
Жәкеңнің батыр атануын Абылайдың оң тізеден орын бергенімен байланыстырып көрейік. 1728 жылы Абылайдың өзі де танылмаған, тек 1729 жылғы Аңырақай соғысында "Абылайлап” жауға шауып әйгілі болған. 1730 жылдары Абылай атағы қазақ даласын дүбірлетіп кетті. Ал, 1730 жылы жоңғарларды Іле өзеніне дейін қуып, жыл бойы соғыс болғаны тарихтан белгілі. Дәл осы сұрапыл шайқастардың бірінде Абылайдың аты майдан даласында жүруге жарамай, қазақ қолынан береке кетіп, алды қашып, арты қаша ұрыс салып жатқан тұста астындағы көк дөненін омыраулатып жетіп келген жас жігіт: "Ей, хан Абылай, мына менің атыма мін, елді тоқтат, есерді бас, жауыңа мен ие болайын” дегенде Абылай сұлтан: "Жас жігіт екенсің, барып менің атымнан уәхи айтып қашқанды бөге, жауға өзім төтеп беремін” дегенде әлгі жігіт қаһарланып: "Сенің басыңды қалмаққа тастағанша, өзім кесіп алайын” деп тап берген екен – мыс.  

                           Осыны айтып Жәнібек, 
                           Абылай ханға қарады.
                           Тап бергенде Абылай, 
                           Қорыққаннан көк дөненге, 
                           Қарғып мініп алады, – деген ел аузында ұзақ жыр бар.

Бұл кейінгіге аңыз болып айтылып келе жатқан ерен ерліктерінің бірі. Осы оқиғадан кейін Абылайхан Ер Жәнібектің өтініші бойынша Шыңғыс шапқыншылығы тұсында тоз-тозы шығып бытырап кеткен Абақ керейлерді бір тудың астына біріктіріп елдік рәсімнің кепілі ретінде үш құлаш ақ жібек туды қаратамақ найзаға байлап береді. Ел ішінде "Жәнібектің ақ туы” деп аңызға айналған бұл жәдігер бертінге дейін сақталған. 1940 жылы Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық көтеріліc кезінде Алтай қазақтары жауға қарсы осы туды ұстап шыққан. 1947 жылы Оспан батыр туды батырдың ұрпағы Рахат Зарыққанұлына табыс етеді. 1958 жылы Баймолда Сарсабайұлының үйінде сақтаулы тұрған туды Қытай үкімет орындары музейге тапсырамыз деп деген желеумен алып, кетіп, із-түзсіз жоғалтқан. Сондай-ақ Жәкеңнің жорық саптыаяғын 1946 жылы академик Әлкей Марғұлан Зайсаннан тауып музейге өткізген. Осы жәдігер Алматыдағы орталық музейде сақтаулы тұр.  Жәкеңнің нағашы жұрты жайында біреулер ұлы жүз Сары үйсін десе (Зейнолла Сәнік), көптеген шежірелерде нағашы атасы арғын Қазыбек би деген адам еді делінеді. Жәнібек батыр бала кезінде нағашы атасының тәрбиесінде ер жетіп, жылқы жайып, қоспен бірге дүзде жүрген екен. Бір күні Қазыбек би жылқысын шолып басты-басты айғыр үйірлерін түгендеп келе жатса, қаңтарулы тұрған атты көреді. Жанында жас бала жиені Жәнібек ұйықтап жатыр, екі бөрі баланың үстінен айқыш-ұйқыш секіріп, ойнап жүр. Еріксіз атының басын тартқан Қазыбек би бұған таң қалып қарап тұрса, екі бөрі ғайып болыпты. Сонда Қазыбек бидің кәрі жүрегі лүпілдеп, сақалы селкілдеп тұрып былай депті:

                            Аруақты батыр боларсың,
                            Алысқан жауды аларсың.
                            Еліңді ел етерсің,
                            Ежелгі жерге жетерсің.
                            Екі бөрің тұрғанда,
                            Екіленбей не етерсің, – депті.

Бұл қазақтың қасиет қонған билерінің айтқаны келмей кеткен бе? Жоғарыдағы бір ауыз сөзбен бір рудың тарихи күрделі келешегі бастау алып жатыр. Шыңғыс ханнан кейін тоз-тозы шығып қаңғырып кеткен Абақ керейлер құрып кетудің аз-ақ алдында тұрған. Аталас Уақ руларын пана тұтып, Бармақ батырдың отының басында, қосының арасында жүрген еді. "Еліңді ел етерсің” дегендей Абақ керейді ел етіп, жеке шаңырағын көтерген осы Жәнібек батыр. "Ежелгі жерге жетерсің” дегені ежелгі қонысы Алтай тауын айтқаны. Бұл жерге 550 жылдан кейін Абақ керейлер осы Жәкеңнің салмақты саясатының арқасында қайта қоныстанды. Алғаш бала Жәнібекті батасын беріп, жауға аттандырған да осы Қазыбек би екен. Тағы бір қалмақтармен болған қақтығыста елмен бірге жауға аттанбақ болған Жәнібекті нағашы атасы Қазыбек тоқтатып: "Қарағым, елің өрде жатыр, олар сені құттының басы, елдігінің оты деп ойлайды. Жассың жауға шаппа. Жазым боларсың. Қасымда бол” дейді. Сонда бала Жәнібек, "Желкілдеген тудан, жер қайысқан қолдан қалатын, мені от айналған көбелектей көрдіңіз бе?” – деп шығып кетіпті.
Сонда Қазыбек би мынаның көк бөрісі ұстаған екен, батамды берейін деп шақырып алыпты:

                           Жол басқарсаң, жолың киелі болсын,
                           Ел басқарсаң, қолың киелі болсын.
                           Көк бөрің қолдасын, – деп бата беріпті. 

Осылай Жәнібек батырдың алғашқы сайысы қалмақ батыры Сәдірмен болған жекпе-жегі. Бұл туралы  "Ер Жәнібек” жырында:

                           Жәнекеңнің мінгені,
                           Бөктергелі көк дөнен.
                           Келе жатқан Сәдірге.
                           Қарсы бір тұрды көлденең, – деп жырланса, ендігі бір қиссада:

                           Жәнекең жаудың алды жекпе-жегін,
                           Кешпеді ата-баба қаны тегін.
                           Асқынған, Сәдір сұмды қанға бояп,
                           Дариғай-ай, қайтты алғаш кеткен кегім, – деп жырланады.

Жәнекең батырлығының сыртында ел басқарған би болып, не бір дауға түсіп, нашарға теңдік әперіп отырған. Атақты жазушы М.Әуезовтың қолжазба қорында сақталған, бертінде "Абай” журналына жарияланған мақалада: "Абайдың атасы Өскенбай керей Ер Жәнібек батырдың қызы Ермектен туады. Кішкентай кезінде Өскенбай қатты ауырып, оның амандығы үшін бір құрсақтан туған Мырзаханды Өскенбайдан айналдырып садақа етпек болады. Ермек бәйбіше: баладан баланың артықшылығы жоқ, қойыңдар дейді. Осы оқиғаға куә болған Жәнібек батыр: егер Мырзахан адам болса, осы Өскенбайдың арқасында адам болар. Өскенбайдың көзінде біздің тұқымға тартқан от тұрған жоқ па?” депті. Сол сияқты тарих ғылымдарының докторы А.Тоқтабаевтың мына бір естелігінде ескерген жөн сияқты: "Ұлы Абайды кемсітпек болған ауылдың қужақ шалдары: Абай сенің атаң шөккен түйеге міне алмайтын момын деседі. Осы даналық саған қайдан қонған – дейді. Сонда Абай қазақта әрі шешен, әрі би, әрі батыр екі адам болған. Бірі кіші жүздегі Сырым Датұлы, екіншісі менің үлкен нағашым керей Ер Жәнібек. Осы нағашымнан қонған қасиет болар, – деген екен”.
Жәкеңнің қартайған кезінде іргелі ру Найманның тұмасы Шынқожа батыр бірде Керейдің сегіз азаматын мерт етіп, есе бермей кетсе керек. Бұған күйінген Жәнібек батыр Шынқожаның ауылына келіп, қазақша құшақ айқастырып тұрып:

                             Ашамайлы Абақпен егізімді,
                             Қайтып қиып өлтірдің сегізімді.
                             Шығарайын деп келдім лебізімді, – деп Шынқожаны құшақтаған бойы қысып-қысып жіберген көрінеді. Құшағынан әзер босанған Шынқожа құн беріп, екі жақ разы болыпты. 
Ер Жәкең Қаракерей Қабанбай батырдың майдандас серігі болған. Тағы бір тарихи деректе "Қабанбайдың ең бір жақсы көрер батырлары Керей Жәнібек пен Бәсентиін Малайсары болған” деп атап өтеді.
Үмбетай жырау Абылай ханға Қанжығалы Бөгенбай батырдың қазасын естірту жөнідегі толғауында орта жүздің бес тірегі деп мыналарды айтып өтіпті:

                             Аруағыңа болысқан,
                             Әділ билік қылысқан.
                             Қашпаған қандай ұрыстан, 
                             Керейде батыр Жәнібек,
                             Қаз дауысты Қазыбек.
                             Қу дауысты Құттыбай,
                             Қаракерей Қабанбай, 
                             Қанжығалы Бөгенбай, 
                             Абылай сенің тұсыңда, 
                             Сол бесеуі болыпты-ай.

   Тарихшы Құрбанғали Халид "Абылай ханның дәуірінде әскер басы болған адамдар, Қабанбай, Алтынбай, Ақтанберді, Еспенбет, Матай Шөңкей батыр, Керей Жәнібек, Қанжығалы Бөгенбай, Бәсентиін Малайсары, Борақбантай батырлар” деп жазған ("Тауарих хамса”). Бір күндері Қабанбай батырдың інісі Қарақұрсақтың ауылын қырғыздар шауып, Қабекең сауын айтыпты, бұл туралы "Қабанбай батыр” жырында:

                  Жатушы ек елімізде сары қазы жеп, 
                  Шабатығын қырғызға біз не қылып ек.
                  Намысын Қабанбайдың әперем деп,
                  Керейден іздеп кепті Ер Жәнібек, –деген жолдар бар. Жәнібек батыр өмірінің соңғы жылдары қоныс кеңейтіп, Алтайға қарай елді көшірген. Бұл көштің тағдыры көп жылдан бергі ел арманы болса керек. Осылай ел арманын арқалаған Жәнекең былай деп толғаныпты:

                     Күлтелі күрең тұрғанда,
                     Ер азаматым тұрғанда,
                     Көптігіне бағынбаймын. 
                     Атаным сай, атым сай,
                     Балтам да сай, тесем сай,
                     Қара Ертістен көпір салып өтем,
                     Кеудемнен жаным шықпаса,
                     Ежелгі жерге жетем.

Осылай Жәнекеңнің ақ туын желбіретіп, Абақ керейлер 19 ғасырдың басында байырғы мекені  Алтайға келіп қайта  қоныстанды.

Жәнібек батырдың қаза болған жылы жайында ғалым Зуфар Сейітжанұлы "Ер Жәнібек” сексен жастан асып, 1792 жылы шамасында қайтыс болды дейді. Бұл дерек тарихи мөлшерге тым жақын, әрі дұрыс болуы да мүмкін. Батырдың зираты Семей өңіріндегі Жарма ауданының орталығы Георгиевка кентінен 15 шақырым жерде орналасқан. Ортабұлақ ауылына тиіп тұр. 1970 жылдары ұлтшыл азамат Әшімбек Бектас ақсақал Жәкеңнің зиратына қызыл кірпіштен құлыптас белгі орнатқан. (Суретте). Бірақ батырдың аты-жөнін "Шақшақ Жәнібек Қошқарұлы” деп қате жазыпты. Ал, Шақшақ Жәнібектің Түркістанда жерленгені тарихтан белгілі. Ер Жәнібек жырының мына жолдары көпке үлгі:

                        Жәнібек батыр еді көп өнері, 
                        Ізінде жатыр ерлік төбелері.
                        Андыздап бұл дәуірге келе жатқан,
                        Айтқаным сол ерліктің көбелегі.
                        Қомдады тарихқа жыр қанатын,
                        Жебей көр екпін беріп жырға да тың,
                         Уа, ата, бар ерлігің табылар ма? 
                         Ақтарсам қара жердің бір қабатын.    

Сонымен, Жәнібек Бердәулетұлы (1714-1792) – жоңғар шапқыншылығы кезінде ерекше көзге түскен батыр, шешен.
Ол үш жүздің хандары Әбілмәмбет және Абылай (Әбілмәнсүр) кезінде жоңғар шапқыншыларына қарсы соғыстарда қазақ қолының ең батыр сардарлары Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Уақ Өтеген және Орақбай, Малайсары қатарлы батырлармен тізе қоса отырып, «Құба Қалмақ» аталған жоңғар шапқыншыларына қарсы соғыстарда ерекше көзге түскен қолбасы, әйгілі шешен, әділ би әрі сол кездегі тұтас Абақ-Керейдің ел иесі болған. Бір шайқаста мінген тұлпары болдырып қалған Абылай ханға астындағы көк дөненін түсіп беріп, Абылайды құтқарып қалады. Өзі жекпе-жекке шыққан екі қалмақ батырын жеңіп, жаудың бетін қайтарады. Жоғарыда аталған батырлармен тізе қоса отырып, жоңғар шапқыншылығына қарсы соғыстың аяғына дейін қатынасады. 1731 жылы Кіші жүз ханы Әбілқайыр Ресей империясының бодандығын қабылдаған кезде Ер Жәнібек керей тайпасын бастап, Сыр бойынан үдере көшіп, Қалба тауына келіп қоныстанады. Осы арада Алтайдың Ақтау төңірегіндегі бір асуынан жол салып асып барып, Өр Алтайды шолып қайтады. Бұл асу кейін «Жәнібек асуы» деп аталып кеткен. 1760 жылы Жәнібек батыр абақ керей руын Алтай тауының қазіргі Шыңжаң өлкесіне қарасты байырғы мекеніне апарып орналастырады. Сөз бастаған шешендігімен, ел бастаған көсемдігімен, жауға шапқан батырлығымен бүкіл абақ керейдің ұранына айналған Ер Жәнібек сексеннің үстіне шығып қайтыс болады. 
Ер Жәнібектің өмірі мен ерліктері жөніндегі деректерді құнттап жинап құнды еңбек жазып, ел кәдесіне жаратқандардың бірі – ақын, жазушы драматург Асқар Татанайұлы. Оның «Тарихи дерек келелі кеңес» деген еңбегінде келелі де мол шежірелік деректер беріледі. Онан соң жазушы Шәміс Құмарұлының кесек тарихи романы «Ер Жәнібек» 1999 жылы баспадан шығып таратылды. «Қазақ тарихындағы әйгілі адамдар» деген кітаптар тізбегіне «Ер Жәнібек» деген тарихи кітап қосылды. Ел арасына кеңінен таралған Жәнібектің іс-іздері жырланған дастандардың қазірге дейін анықталған саны жетіге жетті. Қытай Халық Республикасы басылымдарында Жәнібек жөнінде отыз шақты аңыз-әңгіме жарияланған. Халық арасында тараған «Жәнібектің көк дөнені» деген күй бар.
Батырдың Шіңгіл ауданында тұратын он бірінші ұрпағы Зардықанның үйінде сақталған қасиетті туын 1940 жылы Оспан батыр Қытай қазақтарының ұлт-азаттық көтерілісі кезінде көтеріп шыққан. Батырдың зираты Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданының Ортабұлақ деген жерінде. Зиратының басына ескерткіш орнатылған.
Қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте ерлігімен ел есінде қалған, Абылайға арқа сүйеу болған әйгілі батырлардың бірі – керей Ер Жәнібек Бердәулетұлы. Батырдың дәл қай жылы туып, қай жылы қайтыс болғаны туралы жазба дерек сақталмаған, ел аузындағы қария сөзге қарағанда Жәнібек 1708 жылы туып, 1792 жылы дүниеден өткен. Ал ресми деректер батырдың 1714 жылы туғанын қабылдаған.
Қазақ тарихында аты аңызға айналған Әз Жәнібек, Шақшақ Жәнібек сияқты "Ер Жәнібек” – батырдың халық берген аты. Тарихтағы әйгілі Жәнібектердің соңы болғандықтан кейде "Ақыр Жәнібек” деп те атаған.
Ер Жәнібектің әкесі Бердәулет Сарыұлы 1680 жылы туған, 1723 жылы елді "Ақтабан шұбырындыға” ұшыратқан қазақ-қалмақ соғысында қаза тапқан. Жәнібек "Ақтабан шұбырындыдан” кейін, қазақ қолының қайта ес жинаған кезінде ерлігімен ерекше көзге түскен. Бөгенбай, Қабанбай, Наурызбай, Шақшақ Жәнібектерден кейінгі ұлы қолбасы, қазақ-жоңғар соғысының соңғы қаһарманы.
Халық аңызы бойынша Жәнібек — киелі батыр ғана емес, асқан шешен де болған адам. Оның бұл қасиеті туралы аңыздар ел арасында күні бүгінге дейін ұмытылмай айтылып келеді. "Жәнібекке көкбөрінің даруы”, "Көк дөнен”, "Жәнібектің Абылайдың оң тізесінен орын алуы”, "Жәнібектің Қабанбайдан бата алуы”, "Қотырақ уақиғасы”, "Жәнібектің Бидайық тауын көруі” сияқты не бір көркем тамаша аңыздар сақталған. Осы аңыздар негізінде туған "Ер Жәнібек” атты төрт жыр бар. Бұлар Абылай дәуіріндегі қолбасылар туралы туындылардың ішіндегі шоқтығы биік жырлардың қатарында.
Соның бірі – 1984 жылы Қытайда "Ұлттар” баспасынан шыққан "Қазақ қиссалары” деген кітаптағы Жәнібек туралы дастан:

Осыдан екі ғасыр бұрын өткен,
Аңыз боп ел ішіне тарап кеткен.
Арғы атасы – керейдің сары руы,
Бір әңгіме айтайын Жәнібектен.
Жәнібек жиырмаға келген жасы,
Бұлшық етті, бура сан, зор тұлғасы.
Жауырынды, иықты, қас-қабақты,
Ержүрек батырдың бар нысанасы.
Жәнібек жастайынан мінген атқа,
Жайылған батыр даңқы әр тарапқа.
Досымбек, Өмір дейтін асқан батыр,
Сары үйсін нағашысы батыс жақта, – дей келіп, дастанда әрі қарай соғыста Жәнібектің Абылайды қатерден қалай құтқарғандығы баяндалады. Бір жорықта тұтқиылдан қалмақтардың қалың қолына жолыққан қазақ жасағы қатты сасып, шеті сөгіліп қаша бастайды. Мұны көрген Абылай бастаған қазақ батырлары тұс-тұстан қолдың алдына шығып тоқтатуға тырысады. Алайда, астарындағы болдырған аттар қашқан қолға жете алмайды. Артынан жау басып келе жатады. Сондай қысылтаяң кезде, аты болдырып келе жатқан Абылайды Жәнібек көріп қалады да, астындағы атын ханға көлденең тартады. Жігіттің дөненіне мінуге Абылай арланып: 
– Батырым, мынау кісі сыйласатын кез емес, сені жауға тастап, атыңды міне қашқаным жөн болмас, одан да тезірек барып қолдың алдын тоқтат! – деген екен.  Сонда Жәнібек: 
– Тақсыр, мен қолдың алдына барғаныммен, маған ешкім тоқтамас, ал Сіз барсаңыз, жігіттер намысы оянып, қайта қайратына мінер. Қазақта батыр көп, хан Абылай біреу-ақ. Оның үстіне арттан жау қаптап келе жатқанда, Сізді тірідей жауға тастап кете алмаймын. Егер мына атқа мініп, қашып құтылмайтын болсаңыз, ханның басын қалмаққа қалдырып, қорлатқанша өзім алып кетемін! – деп қылышын суырған екен. Сонда Абылай хан Жәнібектің көк дөненіне қарғып мініп, қашқан қолдың алдын қуып жетіп, тоқтатып, өкшелеп келе жатқан жауға қарсы шайқасқа қайта кірген екен. Қалмақты жеңіп, естерін жинап, олжаны бөлісіп болған кезде, Абылайдың есіне бағанағы көк дөненін мінгізген жігіт түседі:
– Мана, жан алып, жан берген сәтте маған бір жас жігіт осы дөненді мінгізіп еді, иесін тауып келіңдер, – дейді. 
Шабармандар көк дөненді жетектеп, Жәнібекті іздеп жүрсе, бір қостың іргесінен біреудің күректей табаны шығып жатқан көрінеді. Көк дөнен әлгі табанды иіскеп, оқыранып тұра қалыпты. Жәнібек сол екен.
– Абылай хан сені шақыртып жатыр, – депті шабармандар. 
– Мені қайтпек, көк дөненді ханға бір мінгізгем. Енді ханның тақымынан қайтып алмаймын, – деп жата беріпті.
Шабармандар қайтып келіп:
– Жәнібекті таптық, бірақ "ханға берген атымды қайтып алмаймын” деп келмей қойды, – десіпті.
Хан қайта жұмсап:
– Ханның бұйрығын орындасын, алып келіңдер! – депті.
Шабармандар Жәнібекке ханның әмірін жеткізіпті. Сонда Жәнібек:
– Абылай оң тізесінен орын берсе ғана барамын! – депті.
Хан батырдың тілегін қабылдап, оң тізесінен орын беріпті дейді.
Алайда, ел арасындағы Жәнібек туралы жыр-аңыздар әлі де жүйелі түрде жиналып, зерттелген емес. Тіпті Жәнібек Бердәулетұлына қатысты кейбір деректер Шақшақ Жәнібектің атына көшіріліп жүр. Бұл есімдердің ұқсастығына қатысты кеткен қателіктер болса керек. Бүгінгі ұрпақ Ер Жәнібектің атын Шақшақ Жәнібек қойғанын да біле бермейді. Ер Жәнібек Шақшақ Жәнібекті пір тұтып, әкесіндей сыйлап өткен көрінеді. Оған Жәнібектің Шуаш шешенге: 

Сен кемсек ауыз, жарғақ құлақ,
Жылқыға суат бермес ылайсың.
Астыңа ала шолақ ат берсе,
Алты ай мініп арытпассың.
Қолыңа қырық кез оқ берсе,
Дұшпанға бірін атып дарытпассың.
Сен би болып та жарытпассың.
Менің дауысым Қазыбекке тартқан,
Сүйегім Шақшақ Жәнібекке тартқан! – деген сөзі дәлел.
Халық Жәнібекке түркінің көк бөрісі дарыған деп те аңыз қылады. Бала кезінде нағашысының үйінде жүрген Жәнібек бірде далада ұйықтап қалады. Уақытында келмеген соң артынан іздеп барған балалар Жәнібекті екі қасқыр жеп жатыр екен деп қашып келеді. Оны естіген үлкендер атқа қонып, балалардың бастауымен Жәнібектің жатқан жеріне барса, ұйықтап жатқан Жәнібектің басына бір қасқыр, аяғына бір қасқыр мініп отыр екен дейді. Бұл нысанды көрген үлкендер бұл бала асқан батыр болады екен десіп қуанып қайтады. Ақсарбас айтып тілеу тілейді. Жәнібек шынында да асқан батыр болып ержетеді.
Ол туралы айтылатын аңыздың бірінде қазақ-қалмақтың бір жолғы соғысында қалмақтың бір нояны "жекпе-жек, жекпе-жек!” деп майданға шығады. Қазақ жағынан жас батыр Жәнібек шығады. Жәнібекті көрген соң әлгі айқұлақтанып кісі жейтіндей болып тұрған қалмақ нояны кері бұрылып, қаша жөнеледі. Жұрт таң-тамаша болады да қалады. Ноян өз қолына барып: 
– Мынау тегін адам емес екен. Біз соғыспай келісімге келелік, – дейді. Ноянның айтқаны болады. Соғыс болмай, екі жақ бейбіт келісімге келеді. Артынан тарту-таралғысын алып қазақ қолына келген әлгі нояннан Қабанбай батыр: 
– Ой, ноян, бағана майданға жараған бурадай шабынып, екпінді шығып едің, біздің батырды көрген соң жының неге қағылды? Соғысқалы келіп сауға берген қалмақты алғаш көрдім, бұл қалай? – дейді. Сонда әлгі қалмақ нояны: 
– Сіздің батырыңыздың екі иығында екі көкжал отыр екен, ала алмайтынымды және жолымның болмайтынын содан білдім. Сіздерді емес, артымнан ерген елімді аядым. Өзіме де жан керек емес пе?, – депті.
Жәнібектің атын қазақтың басқа батырларына қатысты жыр-дастандардан да жиі ұшыратамыз. "Қабанбай” жырында:
... Кей жаман айырылады мал баға алмай,
Жарымес жаңылады сөз таба алмай.
Қабекең қайғыланды дегенді естіп,
Келіпті өзі батыр хан Абылай.
Мінгені хан екемнің қарагер-ді,
Еседі бейне желдей қара жерді.
Қабекең қайғыланды дегеннен соң,
Батырдың өзі тұстас бәрі келді.
Қан құсты қайғылы боп ер Қабанбай,
Жауымнан қалам ба деп кек ала алмай.
"Намысын Қабекеңнің әперем!” – деп,
Келіпті Қанжығалы ер Бөгенбай.
Жатушы ек елімізде сары қазы жеп,
Шабатын біз қырғызға не қылып ек.
"Намысын Қабанбайдың әперем!” – деп,
Керейден іздеп кепті Ер Жәнібек! — деген жолдар бар.
Жәнібек аты осы жырда Абылай хан, Бөгенбай, Бердіқожа, Жантай, көкжал Барақ, Малайсары, би Боранбай, Райымбек, Шөрек, Қасабай, Дәулетбай батырлармен қатар аталады.
Ер Жәнібек, әсіресе, қазақ даласының шығысын жоңғар басқыншыларынан тазартуда жеке ерлігімен, жеңісті жорықтар ұйымдастыра білген қолбасылық өнерімен ел сеніміне ие болған. Қазақ руларын Зайсан, Алтай өңірлеріне орнықтыруда елге тірек болып, көзінің тірісінде даңққа бөленген. Абылай мен Қабанбайдан бата алған. Сол ерлігін ақын Ақыт Үлімжіұлы "Ер Жәнібек” дастанында:

Қазаққа Қап тауындай қорған болдың,
Жауыңа жасыл түсер зордан болдың.
Шайқаста тізеңді имей, дауда бермей,
Еліңді Алтай бастап Ордан келдің, – деп жырлаған. 
Жәнібек жорықта Абылайдың ақ туын ұстаған аруақты батыр. Осы арада мына бір жайды есте ұстаған жөн: Абылай өз кезінде әр рудың қолбасы батырларына ту ұстатып жауға аттандырған. Оларға берілген ту әрине Абылайдың өз туы емес, дегенмен Абылай берген жорық туы болғандықтан жұрт оны "Абылайдың ақ туы” атап кеткен. Жәнібек батыр ұстаған Абылайдың ақ туы ХХ ғасырдың 40-жылдарына дейін батырдың ұрпақтарының қолында болған. 1940 жылдардағы Қытай қазақтарының ұлт-азаттық көтерілісі кезінде ол туды Жәнібектің жүрежаты Зардықан деген батыр ұстап жүрген екен. Көрген адамдардың айтуынша ту тозып, етегі жыртылып кеткендіктен сыртын ақ матамен қаптап тастаған дейді. Тудың онан кейінгі тағдыры туралы дерек жоқ. Егер Қытайдағы мұражайлардың біріне өткізілмеген болса, Алтай аймағы Шіңгіл ауданында тұратын Сағдат Мырзахметұлының қолында болуы мүмкін.
Қытайда жасаған тарихшы Асқар Татанайұлы Жәнібек батыр туралы 80-жылдарда біраз мақалалар жазып, көптеген деректерді қағазға түсірген. Оларда Жәнібектің ерлігі, шешендігі, киелілігі, сыншылығы, т.б. қырлары туралы қызықты материалдар бар. Қытайда тұратын жазушы Шәміс Құмарұлы батыр туралы ел аузындағы аңыз желісімен "Ер Жәнібек” (1998 ж. Шыңжаң, "Халық” баспасы) атты роман жазды. Моңғолияда тұратын бауырымыз Сұлтан Тәукейұлының "Ақыр Жәнібек” (2000 ж.) атты романынан да хабарымыз бар. 


Похожие материалы

Рахмет ретінде астында тұрған жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!

Категория: Қазақ әдебиеті | Добавил: Admin
Просмотров: 876 | Загрузок: 87 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]