Приветствую Вас Гость • Регистрация • Вход • RSS
Пятница, 9.12.2016
Главная » Файлы » Қазақша рефераттар » Қазақ әдебиеті [ Добавить материал ]

Бердіқожа батыр


Оқушылар,студенттер,мұғалімдер,сайт қолданушылары өз материалыңызбен бөліссеңіз қуанышты болатын едік!

23.02.2014, 18:14
Алаштың алдаспаны

 Бердіқожа батыр туралы  біз не білеміз

 Балдәурен – балалық шақтағы бір бейне әлі есімде. Ол ауылдағы Тасқынбай атаның келбеті еді. Қадірменді қария тарих туралы, өткен бабалар өмірі туралы керемет әңгімелер айтатын. Соның бірі төмендегідей толғаныс-тын. 

"Батырлардың ішіндегі хас батыр ғана өлімнен қорықпаған, келер күн, ұрпақтың ертеңі деп найзасын көкке шаншып, шарқ ұрған солардың бірі ғана емес-ау, бірегейі Бердіқожа батыр еді ғой. Ол тек шанышқылының ғана  емес, алты Алаштың, тұтас қазақтың қайсар, ер мінезді ұлы болатын. Әттең ... Осы күнге дейін бабамыздың жерленген жерін біле алмай жүргеніміз өкінішті-ақ!” – дейтін қария. Со­дан кейін ол кісі бізге мейірлене көз тастап: "Ал, сендер, балаларым, алда-жалда батыр бабаларың туралы естіген-білгендерің болса – ұрпаққа естелік қалдырыңдар, зиратын тапсаңдар, басына барып дұға оқып, кіндік қаны тамған жердің бір уыс топырағын  біздің атымыздан салыңдар. Сонда бабаларыңның аруағы бір аунап түсері хақ!”, деп аталық аманатын айтушы еді. Бұл сөзді кейінірек Қаратай Тұрысов, Мекембай Омаров ағаларымыз да еске алып, қостап-қолдап, қуаттап жүретін.

Одан бері де көп уақыт өтті. Талай су ағып, бірталай дүние өзгерді. Ұрпақтың алмасуы, қоғамның ауысуы болды. Қайда жүрсем де ауыл ақсақалы аманат еткен сол бір сөз құлағымнан кетпей қойды. "Шанышқылы Бердіқожа батыр! Ол кім? Қандай батыр, несімен батыр болған? Неге шанышқылы деп тұтас рудың атын батырға қосарлап айтады?  Қазақ еліне қандай еңбегі сіңген? Тарихта бар болса, жерін жаудан қорғаса, ерлік көрсетсе – неге есімі Қарасай, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай және тағы сол секілді батырлардың қатарында аталмайды? Зираты қайда? Ұрпақтары неге үнсіз?” деген сауалдар жан-жағымнан үздіксіз қаумалап, үнемі мазалап жүретін. Әсіресе соңғы кездері: "Неден бастау керек? Кімге бару қажет?” – деп жиі ойланатынмын. Мұның жауабы бір күні табылды. 

2005 жылдың 22 шілдесі болатын. Қызметтен келіп, әдеттегідей "Егемен Қазақстан” газетін оқи бастадым. Онда филология ғылымдарының докторы, профессор Ақселеу Сейдімбектің "Байғозы батыр” атты  көлемді дүниесі жарық көріпті. Оқып отырып төбем көкке бір елі жетпей қалды. Таптым! Табылды! 

Мақалада шанышқылы Бердіқожа батыр туралы ғалым – қаламгер ағамыз бір рет емес, үш жерде ерекше атап көрсетіпті. Төмендегі жолдарды жүрегім толқып, сірә, он-жиырма рет оқыған шығармын. "Байғозы батыр өз кезегінде ... керей Жарылғап, әлтеке Жидебай, шанышқылы Бердіқожа, шапырашты Наурызбай, уақ Баян, албан Райымбек сияқты батырлармен жорықтас жолдас, төс тигізген дос-құрдас болады. Осы орайда Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің сөзі еске түседі, – деп жалғастырады ғалым. — "Абылай ханның заманындағы қазақ жұртынан шыққан батырлар қаракерей Қабанбай, қанжығалы Бөгенбай, қаз дауысты Қазыбек, Шақшақұлы Жәнібек, көкжарлы көкжал Барақ... шанышқылы Бердіқожа, сырым Малайсары... балтакерей Тұрсынбай, тарақты Байғозы, он сан Орта жүзге ұран болған Олжабай, Малай жәдігерден Жауғаш, Биғаш, бөрі тонды бөрте атты, бөрі бас Орманшы, ақсары Шотана, қозған Биікше мерген, қарауылшысы әлтеке Жидебай, уақ Баян. Бұл айтылған батырлардың бәрі де Ербекейше бұзау жарып батыр атанған емес, жалғыз жүріп қалмақтың қамалын бұзған батырлар...

Алтын қақпалы қорғанды бұзатұғын жолда сырым Малайсары да бар еді, шанышқылы Бердіқожа да бар еді, – депті Мәшһүр Жүсіп”.

"Егемендегі” мақаланы оқи отырып, Бердіқожа батыр  ру, тайпаның, шағын елдің емес, берісі қазақтың, арысы алты Алаштың намысын қорғаған, бес қаруын сайлап, кегін алмай қоймаған, артынан ерген бір қауым жұртты  асыраған нар тұлғалы ер екеніне көзім анық жетті. Батырды іздеуге мұрындық болған мақаладан кейін дереу баба жөнінде нақты дерек берген қазақтың Мәшекеңі, Алаштың атақты шежіресі атанған Мәшһүр Жүсіптің еңбектеріне ден қойдым. 

Қолыма алғаш түскені 1993 жылы Алматыдағы "Жалын” баспасынан шықан М.Көпейұлының "Қазақ шежіресі” атты кітабы болды. Соның 73-ші бетінде, аруағынан айналайын, Мәшекең "Шанышқылы Бердіқожа” деген арнайы тарау жазған екен. Онда мынадай жолдар бар: "Абылай хан заманында шанышқылы Бердіқожа батырды жерге таласып, кектесіп жүріп руы аздығынан өштескен дұшпан  өсіп-өнген руы – туғаны көптігінен ұстап алып өлтірейін деп жатқан екен:

Туысқаны аз елдің ерлігі зая, 
Тілеуқоры жоқ ердің еңбегі зая. 
Екіден кіші балам, 
Ержеткен соң бәлем,
Қаратал Қояндыға қосыңды тая, —

деген екен. Сол айтқаны айтқандай болып, екіден кіші, үшінші баласы ер жетіп, ат арқасына мінген соң, әкесін өлтірген екі ағайынды неме екен, сол екеуінің бірін Қаратал Қояндыда өлтіріп, бірі қашып, "бұл Арқада болсам, мені тірі қоймас” деп, Бұхар кеткен екен. Соны қоймай қуып барып, сол Бұхарда жүрген жерінде өлтіріпті. Бердіқожаны жоқтаған жоқтауында айтылған екен:

Мінгені Бердекемнің қара алаяқ,
Жау, шіркін, кіселепті-ау аямай-ақ.

Бердіқожа батыр балаларын сынағанда былайша сынайды екен. Үйелмелі — сүйелмелі үш баласы болыпты, бір-бірімен тетелес туған. Бірде пышақты сабын жерге тіреп, ұшын жоғары қаратып, балаларына:

– Ана жақтан домалап келіп, мына пышақтың үстінен өтіңдерші, – дейді екен. Үлкен баласы домалап келуін келіп, дәл пышаққа жақын келгенде, тайқып, жалтарып аунайды екен. Екіден соңғысы пышақпен жұмысы жоқ, жалтармай, бұлтармай аунайды екен. Пышақтың өзі жалтарады екен. Өзін жау өлтірерін білген соң, жолдасына айтқан екен:

– Жау жерінде қалдым ғой, менің сүйегімді алып кете алмассыңдар, бір бармағымды кесіп алып, маңайлас жерлеріне көміңдер де, соған там салып, "Бер­діқожа тамы” атаңдар. Мені есіне алғандар дұға ғылып өтер, — деп.

Дағанделі өзенінің жағасына там салыпты, шошақ мола күні бұл күнгіше құламай тұр деседі. Дағанделі өзені Қарқаралыға қараған елдің шетінде, Көкшетау, Дуана тауларынан көрініп тұрады, – дейді. Жүргіншінің қара жолының үстінде, Жетісуға барғандар Қозы Көрпеш – Баян тамын көрдік, Шанышқылы Бердіқожа батырдың тамын көрдік деседі”. 

Мәшһүр Жүсіп атамыз қалдырған жазбаларында осылайша ой түйіпті. Жоғарыдағы сөйлемдерді оқығаннан кейін мен тағат таппадым. Тарихшылар мен ғалым-зерттеушілердің XVІІІ ғасырдағы тарихи оқиғалар, сол кезеңдегі батырлар мен билер жөнінде жазған кітаптарын іздестіре бастадым. Ішінен Бердіқожа бабам туралы деректерді теруге көштім. Соларды жинастырып жүріп, Мәшекең жазып кеткен Қарағанды облысындағы Қарқаралы ауданының азаматтарына да сұрау салдым. Мұндайда уақыт өтіп бола ма? Дегенмен, батыр бабамыз жайында жазыл­ған кітаптар, зерттеулер, мақалалар мен архивтік мәліметтер бірте-бірте жинақтала бастады. Үстіміздегі жылдың мамыр айында Қарқаралы ауданынан жақсы хабар келіп жетті. Мәшекең атамыз жазғандай, Дағанделі өзенінің биік бір белесінде Бердіқожа батырдың тамы бар болып шықты.

Дереу жолға жиналдық. "Қазақстан” ұлттық телеарнасының тілшісі мен операторы, тағы бірнеше азамат осы жылдың 17 мамырында Қарқаралыға келіп жеттік. Бізді ұлтжанды азамат, Қарқаралы ауданының әкімі Ниханбай Омарханов жылы жүзбен күтіп алып, батыр жерленген жерге өзі бастап алып барды. Қарқаралыдан 250 шақырым қашықтықтағы Темірші ауылына түске таман іліндік. Ауылдан 45 шақырым жерде Мәшекең жазған Көкшетау мен Дуана таулары орналасқан екен. Екі таудың аралығындағы Дағанделі өзенінің биік жерінде ескі мазар тұр. 

Осыдан екі жарым ғасыр бұрын тұрғызылған батыр бейітінің қос қабырғасы құлап, кесектері жан-жақта шашылып жатыр. Күмбезінің жартысы ғана сақталыпты. Дегенмен жел мен жауыннан мүжіліп, күн көзі қақтаған батыр мазары өзінің асқақтыған сақтап қалыпты. Ұзындығы сегіз метр шамасында, күмбезі доғал, төрт құлақты, биік етіп соққаны көрініп тұр. Сақталып қалған оңтүстік шығыс бұрышы иіннің бітісі оның шаршылы шикі кірпіштен өрілгенін аңғартады. Бейіттен сәл төменде таспен шегенделген құдық бар екен. Тереңдігі қырық құлаштай. Суы таза әрі суық. Кезінде бұл маңайда, іргедегі Дағанделі өзені бойында батыр бабаға қарасты ауылдар қоныс тепкен көрінеді.

Дәл осы жерде XVІІІ ғасырда Абылай хан туының астына бір қол болып бірігіп, Қазақ елін қанымен, жанымен қорғаған Бөгенбай, Қабанбай, Қарасай, Жәнібек, Барақ батырлармен тізе қосып айдаһардай Қытай мен қаһарлы жоңғар-қалмақ басқыншыларына қарсы ерлік көрсеткен Бердіқожа батырдың мүрдесі жатыр дегенге не сенеріңді, не сенбесіңді білмейсің. Алайда,  арнайы ат басын тіреп келген бізді Темірші ауылының әкімі Қайрат Мұхтардың сөзі жігерлендіре түсті.

– Бала кезімізде көнекөз қариялар "бұл зиратта жаугершілік заманда қол бастаған батыр жерленген” деп айтып отыратын. Кейіннен Мәшһүр – Жүсіп Көпейұлының кітабы арқылы Бердіқожа батыр жатқанын оқып білдік. Кейбіреулер  "Бармақтың бейіті” деп те атайды. Оның мәнісі мынада болса керек: жоңғарлармен шайқаста жау қоршауында қалатынын сезген батыр үзеңгілес жолдастарына бармағын қы­лышпен шауып беріп, оны ел көп жүретін жерге жерлеуін сұраған деседі. Бұл нақты дәлелденбеген. Аңыз түрінде айтылады, – деп Мәшһүр Жүсіп сөзін еске салды.

Ал Темірші ауылының тұрғыны Қабыкеш Елжанов деген қария ауыл басшысын қостап, былай деді:

– Осы Дағанделі өзенінің бойында 1968 – 1970 жылдары жылқы бақтым. Онда өзеннің суы мол, ағысы қатты еді. Мына жақтан Шұбартау ауданының, мына жақтан Қарқаралының малшылары осынау көкорай шалғынды, майса алқапқа келіп бас қосатын. Бірін-бірі қонаққа шақырып, әңгіме-дүкен құратын. Сондай әңгіменің бірінде баршатастық керей Таңсықбайдың Қасені бұл зиратта Бердіқожа батырдың денесі жатыр дегенді айтып еді. Мен бұл бейітті 1962 жылы көргенімде қабырғалары бүтін, кесектері түгел болған. Содан бері қаншама жылдар өтті. Күтім болмағасын бейіт құлап, топыраққа айналады емес пе?..

Аудан әкімінің айтуынша, осы аумақта Қазақ елінің қазығы ретінде сақталған 300-ден аса тарихи-мәдени ескерткіш бар көрінеді. Жалпы Қарқаралының үш мың жылдан астам тарихы бары белгілі. Ғалымдар бұл аймақтың 10-15 пайызы ғана зерттелгенін алға тартады. Десе де, соңғы жылдары Елбасының "Мәдени мұра” бағдарламасы аясында бірқатар игілікті іс-шаралар қолға алыныпты. 

Кезінде қазақ өнерінің ордасы атанған Қоянды жәрмеңкесінен бастап Қарқаралының тарихын зерттеуде, тарихи ғимараттарға жөндеу (реставрация) жүргізуде едәуір жұмыстар атқарылыпты. Әкімнің айтуынша, іргесі қаланғанына 156 жыл болған Қарқаралыдағы Құнанбай мешіті қалпына келтіріліп, Абай тоқтаған үй мен дәулескер күйші Тәттімбеттің мазары жөндеуден өтеді екен. Сонымен қатар дауылпаз ақын Қасымның (Аманжолов) туған ауылын абаттандыру, атақты сазгер-әнші Мәди Бапиұлының мұраларын жарыққа шығару үшін де қомақты қаржы бөлініпті. Бір атап айтарлығы осынау игілікті шаралардың арасында Бердіқожа батырдың бейітін жаңарту ісі де жоспарда бар екен. 

Сонымен, өзіміз басына тәу етіп, Құран бағыштаған, кіндік қаны тамған жерден алыс жатқан Бердіқожа батыр туралы жоғарыда айтқаннан басқа  не білеміз? Енді қолда бар деректерге бір сәт назар аударып көрелік. Қазақстан ұлттық энциклопедиясының 2-ші томының (Алматы, 1999 жыл) 286-бетінде Бердіқожаға да орын берілген. Онда: "Бердіқожа батыр (шамамен 1690-1770 ж.ж) – жоңғарларға  қарсы шайқаста қол бастаған аға батыр. Мағлұматтарға қарағанда қазақ қолбасылары Бердіқожа батырсыз хан кеңесін өткізбеген, жорыққа да шықпаған. Оны Ұлы жүзде Төле биден кейінгі үлкен саяси қайраткер, ұлы қолбасшы мәртебесінде құрметтеген. Бердіқожа батыр Аягөз, Бұланты-Білеуті және Сарысу өзені бойындағы, Іле басындағы Талқы, Ебі, Алакөл, Алтайдағы Ұланасу, Қандысу, Айдынсу, Шар, Шорға ұрыстарында, Қозымаңырақ, Қоймаңырақ, Ақшәулі, Итішпес көлдері маңындағы, Аңырақайдағы шайқастарда Ұлы жүз жасақтарына басшылық еткен” деп жазылған. Басқа-басқа, ғылыми-тарихи жағы жіті зерттелген, күмәнді ойдан ада энциклопедиялық еңбек бұлтартпас айғаққа құрылады. Демек, Бердіқожа батыр Абылай ханның дәуірінде әрі қолбасшы, әрі ірі саяси қайраткер болғаны тарихтан мәлім болып отыр. Хан кеңесі, анау-мынау емес, үш жүздің игі жақсысы бас қосқан хан отырысы Бердіқожа батырсыз өтпеуі – оның  ақылы асқан кемеңгер адам екенін дәйектейді. 

Тарихи тақырыпқа тың түрен салған, қазақ әдебиетінде қабырғалы орны бар Қабдеш Жұмаділовтің "Дарабоз” романында да Бердіқожа батырдың достыққа берік, адамгершілігі мол, қиындықта әрдайым жолдас-жораның жанынан табыла білетін қасиетті адам екені айтылған. Жазушы шанышқылы Бердіқожаның 1729 жылы Итішпес – Алакөл бойында қалмақтармен болған ірі шайқаста кертөбелінен айырылған қаракерей Қабанбайға өзінің ақбоз атын беріп, қаптаған қалмақ қолынан батырды аман алып қалғанын баяндайды. Жазушының пікірінше, Қабанбайдың "Дарабоз”  атануына себепші болған да сол Бердіқожаның ақбоз аты екен. Содан кейін Бердіқожа мен Қабанбай екеуі жан аямас дос болады. Көп жыл бойы Қабанбаймен тізе қосып, Орта жүз жағында бірге соғысады.

Шежіреші Мәшһүр–Жүсіптің: "Шанышқылы Бердіқожа – Абылай заманындағы ең атақты, ең сенімді батырлардың бірі”, деген сөзі  Бердіқожаның Абылайдың адал да хас батыры болғанын дәлелдесе керек.

Сұлтанмахмұт Торайғыровтың "Жалаңаш баба” деген шығармасында Абылай туы астында біріккен қаракерей Қабанбай, қанжығалы Бөгенбай, шанышқылы Бердіқожа, көкжарлы көкжал Барақ батырларды атайды. Зерделі ақынның сөзіне сенсек, көкжал Барақ пен тама Шынқожа найман жігіттерінен құралған 2000 жауынгерлерді бастап, Алатаудағы қырғыз ауылдарын шауып, көп олжамен қайтыпты. Осы жағдай, кейінде болған жер мен керуен жолдары үшін даулар азаттық жолында бірге күрескен екі ел арасына сызат түсіріпті. Осы кезде "Қордай, Шу бойы мен Талас аймағын қорғап, тыныштықты орнататын Бердіқожа бар ғой”, – деп, оған үлкен сенім артып, Абылай хан дау мен келіссөздерге араласпаған екен. Бұл тарихи мәліметтерге сүйенсек, Бердіқожа көзсіз батыр ғана емес, екі ел арасын бітімгершілікке шақырып, жер, ел, ер дауларын шешуге қатысқан, қабілетті елші де болғанын аңғарамыз.

Ғалым, қаламгер Ақселеу Сейдімбек жоғарыдағы айтқан мақаласында ғасырдан астам уақытқа созылған (XVІІ – XVІІІ ғ.ғ.) бұл соғыс қазақ хандығы үшін, бір жағынан шығын мен құрбандық әкелсе, екінші жағынан – мемлекеттің орнығуына, елдік ұғымының бекемденуіне, ұлттық сезімнің нығаюына, туған жердің халық санасында киелі сипат алуына, ең мәндісі ұлттық асқақ рухқа идеал болатын әйгілі тұлғалардың халық жадына орнығуына айрықша ықпал еткенін айтады.

Шоқан Уәлиханов жазғандай, сол заман қазақ халқы үшін шын мәнінде ерлік пен серіліктің заманы болды. Қазақ халқының жоңғар (ойрат, қалмақ) шапқыншылығына қарсы жүргізген "Ұлы Отан соғысында” (А. Сейдімбек) қазақтың көп батырының арасында Ұлы жүздің шанышқылы руынан шыққан Бердіқожа батырдың атының ерекше аталуының қисыны бар. Бұны тарихи жазбалар да, сол кездегі деректер де толық растайды. 

Қаламы қарымды жазушы, тарихи тақырыптардың білгірі Мұхтар Мағауиннің 13 томдық шығармалар жинағында (Алматы, "Қағанат” баспасы, 2002 жыл) шанышқылы Бердіқожа туралы қызықты әрі тың деректер молынан бар екен.

Мұхаң өзінің кітабында былай деп сөз өрнектейді:

"... Хан Абылай аттанды дегенді естіп, 
Келіпті шанышқылыдан Бердіқожа ...

Мәнісі мол, жүгі ауыр осы бір өлең жолдарын алғаш рет аспирант кезімде, ежелгі жыраулар мұрасын айғақтап, қадым кітап, көне жазбаларды қопарыстаған сәтті күндердің бірінде, қазақтың барлық ескілікті сөзін көкірегіне түйген Мәшһүр – Жүсіптің "Мес” жинағынан ұшыратқан екем. Екі жүз жылдық ойрат – қазақ соғысының ақырғы, шешуші кезеңі, Абылай хан үш алашқа сауын айтып, қалмақтың бетін теріске бұрған әуелгі ұлы жорықтарының біріне дайындалып жатқан шағы болса керек. "Келіпті      шанышқылыдан Бердіқожа”. Әрине жалғыз емес. Соңында аз ба, көп пе, тастүйін жасағы бар ... 

Көз алдыма ақбайпақ қара тұлпарға мінген, мұздай құрсанған жаужүрек жас батыр елестеген. Сол күннен бастап Бердіқожа есіміне назар аударып едім. Ғылым академиясының  қолжазба қорында "Бердіқожа батыр” атты жыр бар екен. Арнайы алдырып көрдім. Шақпақ жол оқушы дәптеріне араб әрпімен жазылған. Көлемі әжептәуір, бірақ әлдебір ұмытылған эпостың екі бөлек үзігі сияқты, аяғы және жоқ – жақсылығын көре тұра көңілім толмайды, іздегенім табылмаған. Әйтсе де, Бердіқожаның Абылай заманындағы атақты ер екені, қаракерей Қабанбай, қанжығалы Бөгенбай, керей ер Жәнібек, көкжарлы Барақ батырлармен үзеңгілес серік, қарулас батыр болғаны аңдалған”. 

Жазушы Мағауин осылай ой өрбітіп, Бердіқожаның көптеген ерлік істерін, батырлық мінезін алға тартады.

Тағы бір жерінде қаламгер: "Ауыл арасындағы тентек – ұлт батыры дәрежесіне жетіп, қамшы ұстаған байшыкеш – көсем дәрежесіне көтеріліп, балпақ – болат таңылып, ұлтан – ұлт тұлғасы деп жарияланған, Алаштың туын көтеріп, елін сақтаған аруақты батырлар қатардағы көптің біріне айналған, асқаралы алыптар атаусыз қалып жатқан бүгінгі күні, әрине, тікелей ұрпақтары, байлыққа жетпеген, аталас ағайыны билікке жетпеген басқа да арыстар сияқты, бір кезде қазақтың қайқы қара қылышы болған Бердіқожа батырдың есімі де ұмытылуға жақындаған еді. Әйтеуір мүлде ескерусіз қалмасын деп "Қазақ тарихының әліппесі” атты кітабымда Абылай заманының  бас  батырларының қатарында атадым”, – деп жазыпты. Аталасы үшін ғана емес, дүйім елдің, алты Алаштың мұраты үшін атқа қонып, елінің тәуелсіздігі жолында жан берген қазақтың қайқы қара қылышы – Бердіқожа батырды атаусыз қалдырмай, есімін ілтипатпен еске алған жазушы ағамызға мың алғыс. 

Мұхтар Мағауиннің сөзінен көп нәрсені ойға түюге болады. Бірақ бір нәрсе мені мазалап, қояр емес. Неліктен Бердіқожа өзінің туып-өскен атамекенін тастап Арқа жеріне келіп, мәңгі тыныс тапты? Не себеп? Бұл жайында ғалым-зерттеушілер не дейді?

Орыс әскерінің офицері, тарихшы әрі этнограф ғалым Иван Григорьевич Андреевтің  "Қырғыз – қайсақтың Орта жүзінің сипаттамасы” деген еңбегінде бұл жөнінде аздаған мағлұмат ұшырасады. Оның жазуынша, 1781 жылы  Абылай хан қайтыс болғасын Алатаудан асырылған қырғыз қайтадан қазақ жеріне еміне бастайды. Міне, осы кезде Аягөз маңына қоныс тепкен Бердіқожа батыр қырғыздарға қарсы соғысқа аттанады. 1785 жылы Аягөздің тұсында батыр бастаған қазақ қолы қырғыздарға күйрете соққы береді.  Бердіқожа батыр 18 жыл бойы қырғыз ауылдарымен аралас отырған жерін тастап келгенде, қырғызға қарсы шыққан жорықтарында көмек бермеген аягөздік наймандарға ренжіп, Сарыарқаға ойысады. Сөйтіп, 1783 жылы мамырда Шыңғыстау аймағына біржолата көшіп келеді. "Егемен Қазақстан” газетінде (27.06.07.) басылған "Сардар” поэмасында ақын Несіпбек Айтұлы "Олжабай Наурызбай, Шөңкей, Шөрек, Жақсыбай, көкжал Барақ, ер Жәнібек, Ханкелді, Бердіқожа, Баян, Жантай Баймұрат, Байғозы, Атан, Райымбек” деп ұлылар қатарына қосады. 

И. Андреевтің жазуына қарағанда, Бердіқожа бастаған Шанышқылы ауылы малға бай, жылқысы көп, ұзын саны үш жүз шаңырақ болыпты. Әрине, Бердіқожа батыр Арқаға наймандарға өкпелеп келді ме, әлде, басқа да жағдай болды ма, ол жағын анық біле алмаймыз. Ақиқаты – ақиреттегі денесі Арқаның алып төсінде жатқандығы.

Бердіқожа батырдың өлімі туралы да әртүрлі дерек бар. Орыс офицері И. Андреевтің жазбасына сенетін болсақ, Бердіқожа батыр аз ғана қолмен қырғызға қарсы шайқасқа аттанады. Іле өзеніне келіп, қырғыздарға таяу аялдайды. Қазақ қолы артта қалған жасақты күтіп аттарын отқа жібереді. Осы кезде қырғыздың жасағы, шамамен 80 адам, олар да аттанысқа шыққан екен, қос тігіп бейқам жатқан қазақтың үстінен түседі. Бердіқожаның басын шауып, далаға тастап кетеді. Мұндай сұмдықты көрген қазақтың артынан келген жасағы қырғыздарды қуа жө­неліп, ұрыста жеңіп, Есенгелді манаптың ұлын тұтқынға түсіріпті. Батырдың сүйегін алып еліне қайтады.

2007 жылы Бішкек қаласында жарық көрген "Алымбектин санжырасы” ("Қырғыз шежіресінде”) деген кітапта Бердіқожа батырдың Есенқұл бастаған көп қолмен аямай шайқасып, ақыры, қырғыздың қылышынан қаза тапқаны жазылған. Демек, батырдың  қырғыздардың қолынан мерт болғаны ақиқат.

Бердіқожа батыр – 1786 жылы қаңтарда, мәйіт бұзылмайтын қыс кезінде қаза тапқан. Ауылға жетіп, қаралы хабарды естірткен соң, Бердіқожаның әйелдері тұтқынға түскен Есенгелді манаптың ұлын пышақтап өлтірген. Батырдың артында інісі Секлоян (Секержан) мен төрт ұлы қалады. Үлкені – Лепес, енді бірі – Шоқ, қалғанының есімдері белгісіз ...

Арманы жоқ батыр жау қолынан өледі деген сөз бар –  Ер мұраты сол болса керек. Бердіқожаның соңынан ерген шанышқылылардың бір бөлігі бас батырынан айырылған соң Шығыс Түркістанға өтіп, абақ-керей арасына барып, керей ішіндегі шанышқылы атаны құрайды. Сол шанышқылылардың бүгінгі ұрпағы өздерін керейміз, аруақты Бердіқожаның әулетіміз десіп жүр. Бірақ олардың кейін өз жері Ташкент маңына қайта оралғаны туралы да тарихи дерек бар ... 

Бірқатар тарихи жазбаларда Бердіқожаның аруақты, әулие, өте қасиетті кісі болғаны айтылады. Дегенмен, қаншалықты әулие – батыр болғанын дөп басып айту қиын екенін біле тұра, біз куә болған бірнеше жайт Бердіқожаның тегінің тегін емес екендігін айғақтайды. 
"Батырдың бейіті табылды. Тез жетіңіздер!” деген хабарды естіген күннің ертеңіне Қарқаралыға барғанымызды жоғарыда айттық. Сол жолы аудан әкімі Ниқанбай Омарханов бізді жылы жүзбен қарсы алғанымен, өңінде бір абыржушылық бар екенін байқағанбыз. Оған біз онша көңіл аудармадық. Қабылдауында отырып Бердіқожа батыр туралы ой бөлісе бастағанда ұялы телефоны шыр ете қалды. Сөйлесіп жатып көзіне қуаныштан жас алғандай болды. Сұрастыра келсек, Ниханбайдың тұрмысқа шыққан қызы бірер апта перзентханада толғағы қысып, босана алмай, қиналып жүр екен. Құдайдың құдіретінде шек жоқ ғой, Бердіқожа батырдың басына жиналып жатқанда мынадай қуанышты хабарды естіп, төбеміз көкке жеткендей болды. Өзі де қайта-қайта: "Батыр бабамыздың шапағаты шексіз екен. Әруақты кісі ғой” дей берді ...

Тағы бір көрініс. Батыр бейітінің басына барғанда күмбезге лашын келіп қонып, адамнан да, киноға түсіріп жүрген оператордан да үрікпей, міз бақпай отыра берді. Біз мұны батырдың зиратын қызғыштай қорғап жүрген киелі құс деп түсіндік.

Қарқаралыдағы Құнанбай мешітінің имамы Нұрбек қажы бейітке жүрелей отырып батырдың аруағына дұға бағыштаған сәтте ойламаған жерден  төбемізге дала бүркіті келіп, айналып жүргені де таңқаларлық жайт еді. Не алыстап кетпей, не жақындап келмей, қыран көкте самғады да жүрді. Біз көлікке отырып Қарқаралыға қарай бет алғанда, төбемізде қалықтай ұшып, едәуір жерге дейін шығарып салды. Мүмкін, бұл қыран Бердіқожа батырдың киесі болар... 

Мұхтар Мағауин өзінің кітабында Бердіқожа батырдың аруағы туралы бірқатар сыр шерткен екен. Көкшетау мен Дуана тауларының арасы "Шоқан” кеңшарының жайлауы болып саналады. Жазушыны батыр бейітіне бастап келген Кенже Қашымашымовтың айтуынша, 1965 жылдың 22 маусымында кенеттен қара бұлт қаптап бұршақ жауып, кеңшардың тоғыз мың қойы үсіп өліпті. Ал Бердіқожа тамының түбінде отырған Балтабек Жұмабековтың бір тоқтысы да шығынға ұшырамапты. Тіпті, екі-үш шақырым қашықтықта жауған бұршақ бұл жерге тамбаған. Көпшілік мұны батыр аруағының қасиетіне балайды. Маңайдағы ауылдардан батыр бейітінің басына арнайы келіп, осында түнеп, бір перзент  сұрап, бас амандығын тілеп жүргендер әлі күнге бар екен.

Батыр жерленген жердің тағы бір ерекшелігі, бұл жай ғана жер емес. Тарихи мекен! "Тауарих хамсада” жазылғанындай, Абылай хан шүршітке қарсы қол жинап, соғысқа аттанарда дәл осы Дағанделі өзенінің бойына ордасын тігіпті. Бұл – баяғы Құнанбай қажы әкесі Өскенбайға үш жүзге сауын айтып, ұлан-асыр ас берген жер. Ас берілген Көкшетау тауы ежелгі "Қозы Көрпеш – Баян сұлу” жырындағы Жорға тауының аралығында, Ащы мен Көкше суларының құйылысы Дағанделі өзенінің бастауы оң қабақ, биік жерде тұр. Сарыарқаның осындай шұрайлы, кең алқап төсін алаштың хас батыры, қазақтың қайсар ұлы Бердіқожа  да тегіннен тегін таңдамаса керек.

Бердіқожа батырдың кіндік қаны тамған ата қонысы Сыр мен Келес өзендерінің аралығы екендігінде ешкімнің шүбәсі болмауы тиіс. Батырдың атадан балаға жалғасқан шанышқылы руынан тарайтын ұрпақтары өсіп-өркендеген, бүгінде Шымкент, Сарыағаш, Ташкент, Тараз, Алматы, Түркістан, Кентау және тағы басқа қалаларда түрады.

Біздің ең алдымен осы Бердіқожа батыр туралы деректерді іздеуге түрткі болған, қазақтың шежіресін, аймақтың тарихын жетік білетін, көпті көрген, көзі ашық Нұрмұхамед Әжіметов ақсақал еді. Осы ретте батырдың мұрасын зерттеп, оны тиянақтап, көпшіліктің назарын аударған баба  ұрпағы Үміткен Сүйіншіқызының еңбегін де айта кеткен жөн.

Сондай-ақ, кезінде Ташкентті билеген датқа Молдақошық, Баба түкті шашты Әзиз атамыз, батыр Қасымбек пен Қараман, атақты күйші-сазгер Қазанғап Тілепбергенұлы, мемлекет және қоғам қайраткері Қаратай Тұрысов, жазушылар Немат Келімбетов және Тұтқабай Иманбеков, әйгілі әнші Жамал Омарова, ел құрметіне бөленген Мейрамбек Жексембиев, Ошақбай Көлбаев пен Аралбай Байсапаров ағаларымыз, генерал  Шахнұрат Әлімов, Кеңес Одағының батырлары Ілесбек Жолдасов пен Ілияс Оразов, "Даңқ” орденінің толық иегерлері Тұрдымұрат Әзімбаев, Тайыр Тастандиев, Алқар Оңғаров, халық әртісі  Алмагүл Сүгірбаева, көрнекті ғалымдар Усмадияр Маханов, Досым Сүлеев пен Өрісбай Чоманов, Еуропа, әлем біріншіліктерінің жүлдегері, боксшы Нұржан Сманов, тағы басқа қазаққа белгілі азаматтар мен осы жолдардың авторы да Бердіқожа батырдың ұрпақтары екенін мерей-мәртебе тұтады.

Осы ретте батырдың тұстасы, қазақтың қайсар да рухты ақыны Ақтамберді жыраудың:

"Білімді туған жақсылар,
Аз да болса көппен тең!
Жақсысы кеткен ауылдың,
Артынан жақсы шықпаса,
Өртеніп кеткен жермен тең!” – деген аталы сөзінің ақиқаттығына тағы  бір көз жеткізгендей боласың. Ұрпағы бардың – ұланы бар, ал ұланы бардың – ұлылығы ұмытылмайды... 

Бір әттеген-айы, батырмен жорықтас, үзеңгілес болған Бөгенбай, Қабанбай, Қарасай, Райымбек, Жәнібек сынды батырлардың есімдері Қазақ елінің көп қалаларындағы көшелерге, білім мен мұражайларға беріліп жатқанда Бердіқожа атының ешбір жерде аталмауы көңілге қаяу түсіреді. Демек, шанышқылы Бердіқожаның тарих сахнасына қайта шығып, кейінгі өскелең ұрпаққа ұран болатын кезі жетті. Тек бұл іске мұрындық, жетекші болатын, қажымай-талмай еңбек ететін нар тұлғалы азаматтар қажет-ақ. 

Осы жерде қисыны келетін бір ой, әлі күнге дейін тарихшыларымыз Бердіқожа батырдың туған жылы мен өлген жылын дәл анықтай алмай келеді. Ұлттық энциклопедияда 1690 жылы өмірге келіп, 1770 жылы өмірден өтті десе, орыс зерттеушісі И. Андреев 1685 жылы туып, 1786 жылдың қантарында қайтыс болды деп жазады. Мұндай әрқилы пікірдің басқа еңбектерде де ара-кідік ұшырасып жүргені жасырын емес. Осыны бір ізге түсіру біздің міндетімізге жататыны анық.

Батырдың атын асқақтату – рудың атын әйгілеу үшін емес, қазақтың өткенін бүгінгі күнге жалғастыру, елін сүюдің үлгісін ұрпақтың санасына орнықтыру үшін керек. Қазақ мемлекетін қалыптастыруда қабырғалы іс тындырған хас батырларды құрметтеу – өткенді жаңғырту, болашаққа бағдар, келешекке кемел қадам жасау. 

Бердіқожа батырды енді шындап қолға алмасақ, жазушы М.Мағауин айтқандай, тарих бетінен, ұрпақ санасынан ұмытылып, өшіп қалуы да кәдік. Қазақ елін, Алаш мұратын алға қойған, соған адалдық танытқан хас батыр Бердіқожаның есімін қайта жаңғыртып, оның ерлік ісін "Мәдени мұра” бағдарламасына енгізу арқылы мемлекет тарапынан атқарылатын ресми іс-шаралар тізбесіне қосса, батыр туралы тарихи деректер мен мағлұматтарды жинастырып кітаптар шығарса, деректі фильм түсіріп, туған елінде есте қалдыру шараларын қолға алса – нұр үстіне нұр болар еді.

 Автор туралы анықтама

Бақтыбай Қасымбеков 1958 жылы өмірге келген. Лениинградтағы  Технология  институтын  үздік бітіріп, Мәскеудегі Н.С.Курнаков атындағы жалпы және неорганикалық химия институтының аспирантурасын аяқтап, техника ғылымдарының кандидаты, одан кейін ғылым докторы атанған. 70-тен астам ғылыми еңбектер мен патенттердің иегері. Отанымыздағы нанотехнологияны қолдану арқылы  асыл  заттарды  кристалды түрде өндіру процесі мектебінің негізін қалаушы. Ол сонымен қатар, ұлтымыздың арғы-бергі тарихын зерттеп, зерделеумен де айналысып жүр. Қазір Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің ақпарат басшысы болып қызмет атқарады.


Авторы: Бақтыбай ҚАСЫМБЕКОВ, техника ғылымдарының докторы, профессор.


Похожие материалы

Рахмет ретінде астында тұрған жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!

Категория: Қазақ әдебиеті | Добавил: Admin
Просмотров: 543 | Загрузок: 114 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]