Приветствую Вас Гость • Регистрация • Вход • RSS
Пятница, 2.12.2016
Главная » Файлы » Қазақша рефераттар » Қазақ әдебиеті [ Добавить материал ]

Қазанғап Тілепбергенұлы


Оқушылар,студенттер,мұғалімдер,сайт қолданушылары өз материалыңызбен бөліссеңіз қуанышты болатын едік!

21.02.2014, 16:20
Қазанғап күйші


Тілепбергенұлы Қазанғап (1854-1927) – қазақтың әйгілі күйші-композиторы. Туып-өскен жері – арал көлінің жағасы, Құланды түбегінің Ақбауыр деген жері. Топырақ бұйырған жері – сол Ақбауыр маңы, Айшуақ ауылының іргесі. Шыққан тегі – Ұлы жүз құрамындағы байырғы тайпалардың бірі - Шанышқылы. Шежіре дерегі бойынша, Ұлы жүз Ақарыстан тараған ұрпақтың бірі Кейкі би, одан Төбей туған. Төбейден Майқы, Қоғам, мекіре, Құйылдар деген төрт ұл туады. Осылардың Қоғамынан Қаңлы мен Шанышқылы туған. Шанышқылыдан Қорбақа, Дархан, Қырықсадақ, Бектау деген төрт ұл туады.
Осылардың ішіндегі Қырықсадақтан Қазанғаптың аталары өрбіген. Кіші жүздің Ресейге бодан болуы ел ішіндегі әлеуметтік-саяси құрылымға ертерек өзгеріс енгізіп, бұрынғы ру аралық пәтуә- бірлік шырқының ертерек бұзылуына себепші болды. Әрідегі Сырым батыр, онан соң Исатай мен Махамбет бастаған жойқын көтерілістер, берідегі Бекет батыр бастаған көтеріліс Қазанғаптың жөргектен құлағына сіңісті болған, қала берді көзі көрген заманалық тауқымет айғағы болатын. Бойы өсіп, бұғанасы қатып үлгермей-қ Қазанғаптың маңдайына қойшылық өмір бұйырған. Қой соңында өткізген он жылда ол домбыраны жан серігі етіп, өзінің сезім – түйсігін күй тілінде сыртқа шығаруды машық етеді. Содан, оң-солын тани бастағанда күйге біржола өмірін арнамақ болып, әке-шешесінен рұқсат алады. Доңызтау-Аққолқада – Төреш, Бесқалада – Орынбай, Құрманияз, Орынборда – Үсен төре сияқты әйгілі домбырашылармен кездеседі. Арал алабын, Үстірт, Маңғыстау аймағын, Ақтөбе, Ырғыз, Қостанай, Троицк, Орынбор төңірегін шарлап, ел ішіндегі күй сарындарын көкірегін армансыз сіңіреді. Небір додалы күй сайыстарына түсіп, өнерін шыңдайды. Мұның бәрі Қазанғап бойындағы тегеурінді дарынның жарқырай көрінуіне, шабыт тұғыры болуына себепші болады. Қазанғап қарақалпақтар ортасында болған кезінде Балжан деген қызбен көңіл жарастырып, бас құрауға уәде байласады.
Алайда, жоқ-жітік тірлік кешкен қарт әке-шешенің жағдайымен Қазанғап уәделі уақытта Балжанға келе алмайды. Кейін тағдыр айдап, тұрмысқа шыққан Балжанға келе алмайды. Сонда Балжан: «Қазанғап аға, тағдырдың бұйрығы осылай болды. Менде жазық жоқ, сағынышты серік етіп, уәделі мерзімді екі еселеп күтіп-ақ едім. Уәдеде тұра алмаған айып-шамыңызға өмір бойы маған күй арнап өтіңіз!» - деп, ашық мінезбен ағынан жарылады. Қазанғап адалдық пен сұлулық айғағындай Балжан аруды өмір бойы күй арқауы , шабыт тұғыры етіп өткен. Қазанғап шығарған күйлердің ішінде Балжанға арналған күйлер циклі қазақ күй өнерінің ең бір шуақты шоғырына жатады. Жалпы, Қазанғап эпикалық күйші. Оның күйлері қазақтың өткеніне де, бүгініне де, болашағына да терең бойлайды. Қазанғап күйлері халық тарихының артта қалған алмағайып кезеңі туралы «Ноғайлы босқыны» деп, он алтыншы жылғы патша жарлығын жарадай сезіне отырып «Жұртта қалған», «Окоп» деп күңіренеді. Қазан төңкерісінен кейінгі ел өмірінің түбірлі өзгерістерін ұлы көшке теңеп «Қызыл керуен» деп бебеулейді.
Ал, «Майда қоңыр», «Учитель», «Өтті-ау дүние», «Көкіл» сияқты күйлері өмірдің мәні мен сәні туралы, бүгін мен болашақтың қамы туралы таусыла толғанады. Қазанғаптың күйшілік болмысына ден қойғанда, оны да ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында қазақ халқының рухани әлемінде көрініс тапқан антиутопиялық ағымның, кертолғау сарынының, зар заман тақырыбының аса дарынды өкілі деп аныған жөн.
Қазағымның күмбірлеген домбырасының шанағынан төгілген әуеннің айтары мол. Сөзбен айтып жеткізе алмас сырың да, көкірекке сыймас құлазыған көңілің де, шаттыққа толы қуанышың да домбыраның жансыз тілімен-ақ жүрекке жетеді. Құлан қуып, қаза болған хан баласының қайғылы хабарын естірткен де "Ақсақ құлан” күйінің құдыреті. "Аман бол, шешем, аман бол!” деп Құрманғазыны анасымен қоштастыратын да осы домбыра. Ал, жансызға тіл бітіріп, сөйлететін, сезім мен санаңды оятып, жүрегіңе жеткізетін арқалы талант иелері – күйшілер, домбырашылар... "Мынау біздің ұлттық өнеріміз, мынау біздің күйіміз!” деп әлемдік мәдениет деңгейінде мақтана аламыз.
Қазақтың күй өнерінің негізін салып, бүгінгі күнге жеткізіп кеткен күйші бабаларымыз аз емес. Қазақ даласының әр өңірінде туған олардың әрқайсысы өзіндік стилімен ерекшеленеді. Құрманғазының, Тәттімбеттің, Сүгірдің, Динаның, Абылдың, Дәулеткерейдің өздеріне ғана тән күйшілік дәстүрі болған. Сондай дербес мектептің негізін қалап кеткен халық күйшісі – Қазанғап Тілепбергенұлы. Мұны академик Ахмет Жұбанов та "Қазақ домбыра өнеріндегі жеті мектептің бірі – Қазанғап дәстүрі” деп атап көрсеткен. 
Ұлы күйші көп жылдарға дейін зерттелмей келді. Шындығын айтқанда, кешегі кеңес дәуірінде зерттетпеді, Қазанғаптың күйлерінен астар іздестірілді. Қазақ музыкасын профессионалдық тұрғыдан зерттеп, бір ізге түсірген, ұлттық өнерімізге еңбек сіңірген академик Ахмет Жұбанов 1940-жылдары Қазанғапты жарыққа шығармақ болған. Кітап та жазады. Алайда, Ахаңның үстінен "шаш ал десе, бас алатын” біреулер арыз жазып, кедергі келтірген көрінеді. Кейін кітапты өзгертіңкіреп жариялауға тура келеді. Сол кездегі жандайшаптардың қойған айыбы – Қазанғап қыз-келіншектерді күйге қосыпты, пессимистік сарын басым, күйлерінен феодализмнің иісі аңқып тұр, ескі заманды аңсаушы. Тағы бір айып – Қазанғап кеңес өкіметін дәріптеп күй шығармапты. Алланың берген сыйымен күй тартып, ел аралап, серілік құрған Қазанғап жаңа қоғамды қолдай қоя ма? Саясатта не шаруасы бар. Әрі ол кеңес тұсында төрт-ақ жыл өмір сүрді. 
Мұның бәрі жай ғана сылтау. Әңгіменің мәні басқада-тұғын. Қазанғаптың атын ататпай, күйлерін жарыққа шығармайтындай басты себептердің бірі – күйшінің отарлық езгіге қарсы болып, халықтың мұңын мұңдауы, жоғын жоқтауы. Патша өкіметі қазақ даласында отарлау саясатын жүргізбек болғанда, Жем-Сағыз өзені, Мұғалжар тауы, Ұлы Борсық құмы бойынан көтерілгендердің арасында Ерназар мен Бекет батырлар бар еді. Қос батыр түрмеге қамалғанда, күйші жүрегі қан жылады. Көкіректе жиналған запыранды домбыра арқылы шығарды. "Қос қыран”, "Бекеттің жыр күйі” атты күйлерді батырлардың ерлігіне арнады. Елдегі аласапыран жағдайға, қос ұлдың қамауға алынғанына ағайын мұңайып, зар илегенде, "Шырылдатпа”, "Жіберсейші”, "Ерназар, Бекеттің зары” күйлерін шығарады. 
1916 жылы 25 шілдеде орыс патшасы қазақтардан солдат алу туралы жарлық бергені тарихтан белгілі. Патшаның бұл жарлығына қарсы болған қазақтар бір жерден екінші жерге үдере көшкенде, мүмкіндігі жоқтар жұртта қалып қойған. Мұны да Қазанғап "Жұртта қалған” деп күйге қосады. Бұл күйлерден жазықсыз зәбір көрген қазақтың мұңы естіледі. Осылайша орысқа қарсы шығып, домбырамен жырлаған Қазанғаптың күйлері Кеңес үкіметіне үрей туғызды. Елін, халқын сүйген Қазанғаптың, қазіргі заманның тілімен айтқанда, патриоттық күйлері кешегі кезеңде қайдан ұнай қойсын. 
Дегенмен, қайраткер Ахмет Жұбанов қайтпас қажырлылық танытып, қазақ музыкасының антологиясына ұлы күйшінің есімін енгізді. Күйшінің есімі онсыз да белгілі-тін. Елдегілер жасыруға келмейтін Қазанғаптың күйлерін орындап жүрді. Ал, А.Жұбанов ұлы күйшінің күйлерін жинастырып, нотаға түсіргеннен кейін ашық насихатталып, халық арасына тарай бастады. Сондай-ақ күйші туралы мәлімет 1975 жылы жарық көрген Қазақ Совет энциклопе­диясында жазылды. Сол энциклопедияның 6-томында: "Қазанқап (Қазанғап) Тілепбергенұлы 1854 жылы қазіргі Ақтөбе облысы Шалқар ауданында туған, 1921 жылы сонда жерленген. Қазақтың халық күйшісі, композитор. Жасынан ән-күйге құмар болған. Тұңғыш күйі – "Торы ат” деп жазылған. Энциклопедияда атап көрсетілген күйшінің тырнақалды "Торы ат” күйі "Торы аттың кекіл қапайы” деп те аталады. Бұл туындыны өзінің алғашқы ұстазы Шүйт Орынбайға тартып беріп сынатып, батасын алған екен. Кейінірек ұстазына арнап "Орынбай Ақжелең” күйін шығарады.   
Жалпы, күйшілер арасында "Ақжелең” күйі кең тараған. Мәселен, Боғданың "Кербез Ақжелең”, "Кербез керік”, Ұзақтың "Ұзақ Ақжелең”, Құрманғазының "Бас Ақжелең”, Дәулеткерейдің "Қыз Ақжелең”, Абылдың "Ақжелең”, Махамбеттің "Ақжелең” атты күйлері болған. Осындай дәстүрлі "Ақжелеңді” Қазанғап әрі қарай дамытып, Ақжелеңнің 62 түрін шығарады. Қазанғаптанушылардың айтуынша, солардың қырыққа жуығы белгілі көрінеді. Қазанғап қашан да күй тартуды алдымен "Ақжелеңнің” бір түрі "Күй шақырудан” бастайды екен. Ақжелең сөзінің өзі көңілділікті, ақжарқындықты, думандылықты білдіреді, соған сәйкес күйлер де жеңіл, ойнақы орындалады. Дегенмен, әрбір Ақжелеңнің мазмұнына, болмысына, оқиғасы мен құбылысына байланысты өзіндік ерекшеліктері бар. Онда көтеріңкі көңіл-күймен қатар, мұңды жағдай да көрініс табады. Көңіл құлазып, ренішке беріле берген кезде, құбылып, күрт сергітіп, рухыңды көтеретін қайрат, күш-жігер төгіліп бір салады. Неге "Ақжелеңнің” саны алпыс екімен байланысты? Өйткені ол адамның алпыс екі тамырының қуат-күші, жүрек пен алпыс екі тамырдың тынысы. Жүректің сезіміне, көңіл-күйге байланысты өзгеріп отырады. Сондықтан олардың орындалу өрнегі де санқилы. 
Лирикаға құрылған Қазанғап "Ақжелеңінің” 15 күйі Балжан қызға арналған. Қазанғап Балжанмен Қарақалпақ елін аралап жүргенде танысады. Уәли деген байдың жалғыз қызы екен. Сұлу, киім киісі де, жүріс-тұрысы да ерекше. Ол кезде Балжан он бес жаста екен. Қазанғап ауыл-аймақты күймен сусындатып, бірнеше күннен кейін еліне жиналады. Сол кезде Балжан қыз күйші ағасын қимай, жиі-жиі келіп тұруын өтінеді. 
Алайда, Қазанғап араға жылдар салып барып оралады. Келсе, Балжан ұзатылып жатады. Қазанғап тойдың үстінен түседі. Уәли бай күй тартып, думанға айналдыратын адамның келгеніне қуанады, Балжан Қазанғапты көргеніне қуанады. Оң жағынан орын береді. Сол жағында қалыңдығы. Ішкі сезімін ірке алмаған еркін қыз Қазанғапқа күткенін, енді тағдырдың жазуымен күйеуге шығып бара жатқанын айтады. Қазанғап той үстінде "18 жасар Балжан қыз” күйін шығарады. Той бірнеше күнге созылады. Балжан күй тарттырып, жібермеуге айналады. Қыздың алты бірдей адуын ағаларынан қорыққан және намысқа тырысқан жеңгелері күйшіден еліне қайтуын өтінеді. Жағдайды түсінген Қазанғап қоштасу ретінде тағы бір күй орындайды. Бірнеше күн Қазанғап күйлеріне қанық болған тойшылар жаңа күй екенін аңғарып, күйдің атын сұрайды. Ал, Қазанғап үндемей отырады да, шешуін өздеріне қалдырады. Сонда Балжан қыз: "Қазанғап ағаның келгеніне бірнеше күн болды. Күйдің мазмұны қайтуға рұқсат сұрап тұрған секілді”, — депті. "Рұқсат берші, Балжан қыз” күйі осылай туған. Бұдан кейін Балжанды бірнеше жыл көрмесе де, қазір бұрынғы шолжаңдықты қойып, қазақ әйелдеріне тән ұстамды жанға айналған болар деген оймен "Балжан әйел” күйін шығарады.
Қазанғапта махаббат лирикасымен қатар, табиғат лирикасына құрылған күйлер де бар. "Жем суының тасқыны” күйінен өзеннің сылдырап аққан сұлу ағысын, буырқана тасыған толқынын естіп, айналасындағы әсем табиғатты аңғаруға болады. Сондай-ақ өзен бойындағы ауыл адамдарының тіршілігін, мінез-құлқын, қонақжай, ыстық ықыластарын да түсіне аласың. "Дүркін-дүркін дүние”, "Қап, әттеген-ай”, "Домалатпай Ақжелең”, "Ілме”, "Жаңылтпаш” көңіл-күй лирикасына құрылған. Бірде Бүркітбай байдың жорғасының жүрісін, сұлулығын көріп сүйсінген Қазанғап "Торы жорға аттың бөгелек қағуы” атты күйді суат басында шығарған көрінеді. "Торы аттың кекіл қақпайы”, "Майда қоңыр”, "Бөгелек”, "Ақсұңқар құс” күйлері де жан-жануарларға арналған.
Ақтөбе өңірінде Үсен төре деген күйші өткен. Өзі бай, өзі күйші Үсен төре бұрын-соңды көрмеген Қазанғапты жылы шыраймен қабылдай қоймайды. Қазанғап үйде жүрген келіншектен ілулі тұрған домбыраны сұрайды. Келіншек атасы Үсеннің жақтырмайтынын білсе де, қонаққа амалсыз алып береді. Содан Қазанғап бірнеше күйді қайырып тастайды. Риза болған Үсен төре басын көтеріп, Қазанғап екенін біледі, жөн сұрасады. Қазанғап кетерінде "Қанша байлық болғанмен, дүние екі айналып келмес. Заман өзгерер, маңдайдағы бақ-дәулет мәңгі болмас” деген терең ойды білдіретін  "Өттің дүние, кеттің дүние” атты философиялық күйін Үсенге арнап шығарады. "Жұртта қалған”, "Көкіл” күйлерінен де үлкен философиялық тұжырымдар есіледі.
Сондай-ақ, Қазанғап бұрынғы жыраулық дәстүрді домбыра тілімен дамыта білген. "Ноғайлының босуы”, "Балжанның жыр күйі”, "Бекеттің жыр күйі” атты күйлер жыраулық сарынмен үндес келеді.
Қазанғап домбыраны оңқай да, солақай да тартқан. Ал, күйлерін орындаудағы өзіндік шеберлігі әрі ерекшелігі – сүйретпе қағыс пен ілме қағысты астастыра отырып, саусақ тимейтін пернелердің өзінен дыбыс шығаратындығы. Сондай-ақ қарсы қағыс, буын-буынмен тарту да Қазанғапқа тән. Күй мазмұнына қарай оң қол мен сол қолды ауада кейде сермеп, кейде әсем билете отырып, күйдің мәнін жеткізу, бейнелік көріністер жасау, баурап алу үшін, саптап тарту тәсілін де пайдаланған.   
"Шәкіртсіз ұстаз — тұл” деген, Қазанғаптың шәкірті аз болмаған. Олар – Матай Қуантайұлы, Құрманғали Өмірзақов, Кәдіралы Ержанов, Нұрқат Қосуақұлы, Медеубай Бақтыбергенұлы және басқа көптеген домбырашылар. Сондай шәкірттерінің бірі – Жәлекеш Айпақов. А.Жұбанов Қазанғаптың күйлерін зерттеп жүріп, 1965 жылдары Шалқарда Жәлекешті кездестіреді. Оның шеберлігіне тәнті болған Жұбанов Алматыға алдырып, Құрманғазы атындағы ұлт аспаптары оркестріне домбырашы етіп қабылдайды. Барлық жағдайын жасайды. Оның себебі бар. 1904 жылы туған Жәлекеш Қазанғаптың көзін көрген, әкесі қоңсылас қонған. Ж.Айпақовтың орындауындағы Қазанғаптың 13 күйі Қазақ радиосында 1975 жылға дейін беріліп келді. Қазанғап күйлерін алғашқы насихаттаушылар ретінде Жәлекеш Айпақовқа Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген артисі атағы берілген. 
Ахмет Жұбанов Кәдіралы Ержанов орындаған Қазанғаптың күйлерін магнитофон таспасына жазып алған. Мол мұраны сол күйінде жеткізген еңбегін бағалаған академик Кәдіралыға консерватория есебінен өмірлік стипендия тағайындаған. К.Ержанов 1885 жылы туған, яғни Қазанғапты көзімен көріп, күйшінің өзі орындаған күйлерді құлағымен тыңдап, жүрегімен қабылдаған шебер домбырашы болды. Ахаң бастап берген соқпақ жалғасын тапты. 1978 жылдың маусымында Қазақ Ұлттық ғылым академиясының экспедициясы Шалқар ауданында болды. Экспедицияның басында академияның корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы Бек Сүлейменов және ұлттық фольклордың, жалпы мәдениетіміз бен өнеріміздің нағыз жанашыры Мардан Байділдаев болды. Ел аралап, күйші туралы деректер жинады. Осы сапарда күйшінің қызы Ақілгекті жолықтырып, бірқатар мәліметтерге қанығады. Қазанғаптың 75 жастағы шәкірті Шүрен Сартовпен кездесіп, бірнеше күйді таспаға жазып алады. Экспедицияның жемісті еңбегінің нәтижесінде Қазанғаптың бейіті анықталды. 1921 жылы Қазанғап қайтыс болғанда ағайын-туыспен бірге Кәдіралы, Балмағанбет және басқа шәкірттері басын қарайтып, бейітін тұрғызады. Бірақ, қиын уақытта тұрғызылғандықтан болар, кейініректе жермен-жексен болады. Дегенмен, 1994 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе педагогика институтының ректоры Мұхтар Арынның басшылық етуімен  Қазанғаптың 140 жылдығы атап өтілді. Ақтөбе қаласында екі күн бойы ғылыми конференция, күй сайысы өткізілді. Той Шалқар ауданында жалғасып, күйші жерленген Ақбауыр құмындағы бейіті жаңартылды. 
Қазанғап мұрасын Ахмет Жұбановтан кейін беріле зерттеп, зор еңбек еткен Сәдуақас Балмағамбетов еді. Сәдуақас 1974 жылы Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік консерваториясын бітіргеннен бастап сол оқу орнында еңбек етті. Сол кездегі билік Қазанғапқа әлі де қырын қарап тұрғанына қарамас­тан, қазанғаптануға кірісіп кетті. Күйшінің өмірі туралы онсыз да білетін, себебі, Сәдуақас сол өңірде туған. Күйлеріне бала кезінен қанық. Қазанғаптың шәкірті болған әкесі Балмағамбеттен талай күйді үйреніп өсті. Енді тек ғылыми тұрғыдан зерттеп, дәлелдеу еді. "Тірі Қазанғап” атанған С.Балмағамбетов балалық, студенттік шақтан кейінгі тура 25 жыл профессионалдық ғұмырын Қазанғаптың мұраларына арнады. 
Қазанғаптанушы, журналист Мұхамбетәли Есмағанбетов Сәкеңнен жасы кіші болса да, шығармашылық байланыстары арқылы рухани достықта болды. М.Есмағамбетов Сәдуақастың қалай "тірі Қазанғап” атанғанын айтып еді. Ұлы сазгер Нұрағаң (Тілендиев) бір отырыста Сәдуақастың тартқан күйіне тәнті болып, "мынау кімнің күйі?” депті. Қашаннан сырбаз, ешкімге бас имейтін, өткір мінезді Сәкең: "Немене, Қазанғап Тілепбергенұлы деген қазақтың ұлы күйшісін білмеуші ме ең, бұл сол Қазанғаптың "Кербез Ақжелеңі” деген екен. Сонда Нұрағаң "Ойпырмай, сонда бұл күйді Қазанғаптың өзі қалай тартқан екен, сен нағыз тірі Қазанғаптың өзісің ғой” деп, Сәкеңнің домбыра тарту шеберлігіне өзінің жүрекжарды бағасын берген екен. Содан кейін С.Балмағам­бетов күйші-домбырашылар, өнер адамдары арасында, ел ішінде "тірі Қазанғап” атанып кеткен.
С.Балмағамбетов Қазанғап күйлерін нотаға түсіріп, 1983 жылы күйтабаққа жаздырды. "Саз зергері Қазанғап” атты кітабы өзі қайтыс болған соң екі жылдан кейін, яғни 2001 жылы профессор Айтжан Тоқтағанның көмегімен жарық көрді. Кітапта Қазанғаптың жиырма күйінің нотасы берілген, әрбір күйдің шығу тарихы айтылған. С.Балмағамбетовтің орындауындағы "Қазанғаптың күйлері” атты үнтаспа шығарылды. Қазанғаптанушылардың ішінде Абдулхамит Райымбергеновті де атап өтуіміз керек. Ол ұзақ жылдар бойы Қазанғап күйлерін орындап, қалың жұртқа таныстырудағы еңбегі зор. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері марқұм Бақыт Басығараев өмір бойы Қазанғап күйлерін тартып, халыққа жеткізді. Академик Ахмет Жұбанов ертеректе Басығараевқа хат жазып, түптің түбінде Қазанғаптың халықтың рухани байлығына айналатынын айтқан.  Ахаң (Жұбанов) бастаған ауыр да игілікті еңбектің нәтижесінде Қазанғап қайта оралды. Өнер сүйген адам үшін, жалпы қазақ үшін ең қуаныштысы осы. 2004 жылы Қазанғаптың туғанына 150 жыл толды. Облыстық тарихи-өлкетану мұражайы "Күй тәңірі – Қазанғап” атты шығармашылық кеш ұйымдастырды. Сол сияқты танымдық, насихаттық мақсатта басқа да шаралар өткізілді. Сол жылы Астана қаласында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде күй кеші өтті. Кеште ғалымдар Мырзатай Жолдасбеков, Ақселеу Сейдімбек Қазанғаптың күйшілігі туралы тұшымды әңгімелер айтып берді. Өткен жылы Ақтөбе қаласында Қазанғаптың 150 жылдығы күй сайысымен жалғасты. Сайысқа Астана, Алматы, Тараз, Қарағанды, Павлодар, Орал, Атырау, Ақтөбе облыстарынан отызға жуық күйші қатысып, екі күн бойы Ақтөбе аспанын күймен көмкерді. Мерейтой Қазанғаптың туып-өскен, жерленген жері Шалқар ауданында қорытындыланды. Күйшілер Қазанғаптың бейіті басында болып, күйшіге тағзым етті, орнатылған ескерткіштің ашылу салтанатына қатысты. 
Облыстық мәдениет департаментінің, халық шығармашылығы үйінің ұйымдастыруымен басқа да игі шаралар жасалды. Жергілікті "Димаш-Али” дыбыс жазу студиясы "Күйдің пірі – Қазанғап” атты компакт-диск шығарды. Мұнда Қазанғаптың жиырма күйі қазанғаптанушылар Бақыт Басығараевтың, Жайлау Асылхановтың, Нұрболат Жанамановтың орындауында берілген. Сондай-ақ С.Балмағамбетовтың "Саз зергері – Қазанғап” кітабы қайта өңделіп, "Қазанғап” деген атпен жарық көрді. Кітапты толықтырып, баспаға әзірлеген Нұрболат Жанаманов. Нұрболат Қазанғаптың күйлерін насихаттап, мұрасының ұмытылмауы үшін тер төгіп жүрген бірден-бір адам. Қазанғап ұмыт қалмаса екен деп Ақтөбеге де, Алматыға да, Астанаға да өз еркімен сан қатынаумен жүргенін білуші едім. Сондай-ақ Қазанғаптың күйлерін шебер орындаушы. Шебер деген олқылау болар. Себебі, Қазанғаптың 150 жылдық тойына келген белгілі профессор Айтжан Тоқтаған Нұрболаттың шеберлігі туралы "Музыкалық білімі барлардың өзі осылай тарта алмас” деп, оның табиғи талантына таңданыс білдіргені бар. 
Қазанғап күйлерінің кейде нотаға сыя қоймайтын қалтарыс-бұлтарыстарына дейін дәл орнымен жеткізе біледі деп бағаланған Нұрболат Қазанғапты насихаттау әлі де жеткіліксіз деп қынжылады. Мен айтамын: экономикамыз өрлеп, санамыз өзгеріп, ұлттығымызды да ұлықтармыз, деп. Кәкімбек Салықов Тәттімбет туралы "Ең қиыны, ұлы күйші бүгінгі ұрпақ тарапынан әлі күнге лайықты бағасын ала алған жоқ” деп жазған болатын ("Егемен Қазақстан”, 2005 жыл, 18 қараша). Н.Жанаманов та осыны айтып отыр. Ақтөбелік тарихшы-ғалым Закратдин Байдосов 1908 жылы Ресейдің императорлық географиялық қоғамының шақыруымен Қазанғап пен бір жыршының Орынборда 10 күн бойы күй тартып, жыр жырлағаны туралы архивтік деректі Ресей мұрағатынан кездестіргенін айтып еді. Императордың өкілдеріне керек болған Қазанғап өзінің төл халқына да керек. 


Материалдардың кейбірі  http://www.tamxi.com/ сайтынан алынды


Похожие материалы

Рахмет ретінде астында тұрған жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!

Категория: Қазақ әдебиеті | Добавил: Admin
Просмотров: 1907 | Загрузок: 80 | Рейтинг: 5.0/1
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]