Приветствую Вас Гость • Регистрация • Вход • RSS
Пятница, 9.12.2016
Главная » Файлы » Қазақша рефераттар » Қазақ әдебиеті [ Добавить материал ]

ҚАЗАҚ ЛЕКСИКОГРАФИЯСЫ: БІРТІЛДІ ОҚУ СӨЗДІГІН ТҮЗУДІҢ ҒЫЛЫМИ НЕГІЗДЕР


Оқушылар,студенттер,мұғалімдер,сайт қолданушылары өз материалыңызбен бөліссеңіз қуанышты болатын едік!

26.02.2014, 11:23
ҚАЗАҚ ЛЕКСИКОГРАФИЯСЫ: 
БІРТІЛДІ ОҚУ СӨЗДІГІН ТҮЗУДІҢ ҒЫЛЫМИ НЕГІЗДЕРІ 
ЖҰМЫСТЫҢ ЖАЛПЫ СИПАТТАМАСЫ

      Лексикография өзге ғылым салаларымен тығыз байланыстағы, көптеген жағдайларда осы ғылым салаларының тоғысында, шек-арасында дамып отыратын ғылыми пән болып саналады. Қоғамдық сананың көрінісі ретіндегі, ұжымдық тәжірибені жинақты түрде бейнелейтін ғылыми шығарма ретіндегі лексикографиялық туындыларды түзудің ғылыми-теориялық мәселелері тіл білімінің әлеуметтік лингвистика, психолингвистика, этнолингвистика, лингвомәдениеттаным салаларымен тікелей байланысты. Лексикография теориясы ұғымның, зат пен құбылыс атауларының мағыналарына түсінік беру жағынан семасиологиямен, тілдегі сөздік құрамның жиынтығы ретінде лексикологиямен, ғылыми апарат пен метатіл мәселелері жағынан логикамен, тіларалық коммуникацияға байланысты аударма теориясымен, басқа да көптеген ғылым салаларымен тығыз байланыста. Сөздік атаулының, бір жағынан, ғылыми өнім, екінші жағынан, ақпарат көзі, үшінші жағынан тілді үйрететін дидактикалық туынды болып саналатыны белгілі. Тілдің табиғатын зерттейтін көпқырлы ғылым саласы ретінде лингвистиканың дидактикамен тоғысатын жерлері көп. Осы екі ғылым саласының ара-жігінде пайда болып жатқан ғылыми пәндер де жеткілікті. Солардың бірі – лексикографиядағы жаңа салалардың бірінен саналатын оқу лексикографиясы. 
    Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Ұсынылып отырған жұмыс шағын көлемді біртілді сөздіктің ғылыми негіздерін, сөзтізбе құрамы мен құрылымдық ерекшеліктерін зерттеуге арналған. Осы сала бойынша қазақ тіл білімінде жүргізілген зерттемелердің көпшілігі өзге тілді азаматтарға арналып жасалатын екітілді аударма сөздіктердің құрылымын қарастыруға бағышталған болатын. Бірінші кезекте өз ана тілін үйренушілерге бағдарланған, екіншіден Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілін өз бетінше үйренгісі келетін өзге тілді (отандас және шетелдік) азаматтар үшін де өте пайдалы болатын біртілді шағын сөздіктің құрылымы іс жүзінде бұған дейін зерттелген емес. Көпұлтты, көп конфессиялы республика жағдайында халықты ұйыстыратын басты факторлардың бірі мемлекеттік тіл болғандықтан, оны үйренуге қолайлы жағдай тудыру - ғылыми қауымның басты міндеттерінің бірі. Қазақ тілін өз бетінше үйренуге арналып түзілетін шағын көлемді сөздіктерді түзудің ғылыми негіздерін зерттеу  осы аталған міндетті жүзеге асыруға қызмет етеді. Оқу лексикографиясының теориялық мәселелерінің жан-жақты зерттелінбеуі, зерттелген жағдайда да тәжірибеге енгізілмеуі еліміздегі сөздік түзу ісінің жай-күйіне кері әсерін тигізуде. Осы жайт қазақ тілінің қолданымға ыңғайлы шағын көлемді сөздіктерін зерттеу мен құрастыру ісіне тікелей қатысты. Дидактикалық, ғылыми және анықтамалық интенциялардың теңгермелі болуын ескере отырып жасалатын біртілді шағын оқу сөздігінің ғылыми-теориялық негіздерін зерттеу қазіргі таңдағы қазақ теоретикалық лексикографиясында маңызды мәселеге айналып отыр. Аталған жайттар зерттеу тақырыбының өзектілігін көрсетеді.
     Зерттеудің негізгі нысаны – оқу лексикографиясындағы қазақ тілінің лексикалық негізіне бағдарланған біртілді шағын оқу сөздігін жасаудың ғылыми-теориялық негіздері, оның сөзтізбесін түзудің құрылымдық ерекшеліктері.   
     Зерттеудің пәні. Тіл білімінде лексикографияның жеке саласы ретінде қарастырылатын оқу лексикографиясы. 
     Зерттеу жұмысының дереккөздері.  Дереккөздер ретінде шағын оқу сөздіктерінің отандық және шетелдік үлгілері, оқу лексикографиясының жалпытеориялық, құрылымдық мәселелері зерделенетін ғылыми еңбектер, қазақ лексикографиясының тарихы бойынша жасалған зерттемелер, шағын көлемді оқу сөздігін түзудің тәжірибесі мен ғылыми негіздері қарастырылатын зерттеу еңбектері пайдаланылды.
     Зерттеудің әдіснамалық негіздері. Жұмыстың ғылыми-теориялық базасы мен әдіснамалық негізі ретінде осы тақырыпқа қатысты әлемдік лексикография мен қазақ лексикографиясы салаларындағы Л.В. Щерба, В.П. Берков, Ж. Дюбуа, К. Дюбуа, А. Рей, Л. Згуста, П.Н. Денисов, В.В. Морковкин, Ю.Н. Караулов, Ш.Ш. Сарыбаев, Б.Қ. Қалиев, М. Малбақов, Р. Түсіпқалиева, т.б. ғалымдар тарапынан жазылған ғылыми еңбектердегі тұжырымды ой-пікірлер алынды.
     Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Зерттеудің басты мақсаты – жалпылама қолданымға арналып түзілетін, ортақ лексика-грамматикалық минимумға негізделген, құрылымдық бірліктер мен сөздік құрамдағы базистік лексиканы қамтитын шағын көлемді сөздік түзудің ғылыми-теориялық және практикалық негіздерін анықтау. Аталған мақсатқа жету мүддесі төмендегі міндеттерді шешуді талап етеді:
     1. Оқу лексикографиясының әлемдік тәжірибесін қорыта отырып, оның жалпытеориялық мәселелерін бағамдау;
     2. Отандық оқу лексикографиясы тәжірибелерін тұжырымдау;
     3. Шағын көлемді оқу сөздіктерінің құрылымына қатысты ғылыми-теориялық әдебиетті зерделеу;
     4. Шағын сөздіктің сөзтізбесіне алынатын лексикаға қатысты алғанда тілдік сананың лексикалық базасын құрайтын бірліктердің, құрылымдық сөздердің, жалпығылыми базистік сөздіктің құрамын анықтау;
    5. Сөздік бірліктерді сөзтізбеге сұрыптап алуда басшылыққа алынатын ұстанымдар құрамын айқындап, олардың қызмет ету ерекшеліктерін көрсету;
     6. Зерттеу нысанына сәйкес сөздік түрінің  сөзтізбесіне алынатын тілдік бірліктердің сандық және сапалық құрамын айқындау. 
     Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Жұмыстың ғылыми жаңалығы ретінде ең алдымен қазақ тіл біліміндегі теориялық лексикография мәселелерінің қазақ лексикографиясы тәжірибесіне қатысты алғаш рет жүйелі түрде зерттелуін, екіншіден, біртілді лексикография саласындағы шағын көлемді оқу сөздігінің ғылыми-теориялық, құрылымдық мәселелерінің қазақ тілінде тұңғыш қарастырылуын, үшіншіден, қазақ тілінің лексикалық негізін құрайтын базалық лексика құрамын сөзтізбеде қамту мәселесінің қазақ тіл білімінде тұңғыш рет зерттеліп отырғандығын айту қажет. Осы зерттеме арқылы шағын оқу сөздігіне алынатын базалық лексика құрамын анықтауға мүмкіндік туып отыр. 
     Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар:
     - қазақ лексикографиясындағы «оқу лексикографиясы», «оқу сөздігі» атауларының орнына терминдік мәнде «тілүйренім лексикографиясы», «тілүйренім сөздігі»  атауларын  қолданған жөн; 
     - 4000 бірліктен тұратын шағын оқу сөздігінде қазақ тілінің лексикалық негізін құрайтын базалық лексика толық қамтылуы қажет; 
     - қазақ тілінің лексикалық негізі - инвариант қызметін атқарады;
     - базалық лексиканы қамтитын біртілді оқу сөздігіне алынатын лексикалық бірліктер құрамы үш бөліктен құралады (құрылымдық сөздер, ең жиі қолданымдағы лексикалық бірліктер,  ең басты тақырыптық сөздер); 
     - құрылымдық сөздер - тілдегі лексикалық негіздің өзекті бөлігі;
      - біртілді шағын оқу сөздігінің сөзтізбесіне тақырыптық топтар құрамындағы негізгі атаулардың мүмкіндігінше толық қамтылуы қажет; 
      - сөздіктің барлық түрінде де дидактикалық интенция басым болады.
     Зерттеу жұмысының теориялық маңызы. Зерттеудің теориялық тұрғыдан маңыздылығына қатысты қазақ лексикографиясында шағын көлемді біртілді сөздік түзудің ғылыми-теориялық негіздерінің айқындалып отырғандығын атауға болады. Ұсынылып отырған еңбекте сөз болатын теориялық мәселелер таяу болашақта елімізде түзілетін шағын сөздіктердің ғылыми негізде құрастырылуына мүмкіндік тудырады. Сонымен бірге, қазақ лексикографиясында шағын жанрларда жасалатын біртілді сөздіктердің сөзтізбе құрамы мен құрылымының теориялық мәселелерін анықтауға, жалпы оқу лексикографиясы теориясы мәселесінің қазақ тіл білімі негізінде зерделенуіне өзіндік үлесін қосады.
     Зерттеу жұмысының практикалық мәні. Зерттеуде қазақ тіл білімінде тұңғыш рет қазақ тілінің лексикалық негізіне бағдарланған біртілді шағын оқу сөздігінің сөзтізбесін түзудің құрылымдық ерекшеліктері анықталып отыр. Мұның өзі зерттеудің болашақта жасалатын шағын сөздіктерді құрастыру ісінде басшылыққа алынатын көмекші құрал қызметін де атқара алатындығын білдіреді. Зерттеудің нәтижелерін қазақ тілін еліміздегі өзге тілді азаматтарға, шетелдіктерге үйретуде, жалпытілдік және салалық лексикалық минимум сөздіктерін құрастыруда, қазақ тілінің өзге тілді азаматтарға арналған оқулықтары мен оқу құралдарындағы сөздіктерді, салалық минимум сөздіктерін жасауда қолдануға болады. Сонымен бірге, зерттеу нәтижелерін қазақ лексикографиясы бойынша, лексикографияның тарихына, теориясы мен практикасына байланысты арнаулы курстарда пайдалану мүмкіндігі болады. 
     Зерттеудің әдіс-тәсілдері. Зерттеу барысында сипаттамалы әдіс, салыстырмалы-тарихи әдіс, құрылымдық және лингвостатистикалық әдістер, салыстыру, салғастыру, анализ, синтез жасаудың әдіс-тәсілдері қолданылды. 
     Зерттеу нәтижелерінің талқылануы мен жарияланымы. Зерттеу жұмысының тұжырымдары мен негізгі нәтижелері республикалық және халықаралық деңгейдегі ғылыми-теориялық, ғылыми-практикалық конференцияларда, атап айтқанда: "Қазіргі таңдағы ғылым мен білім” атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда (Шымкент, 2005), "Мемлекеттік тіл: бүгіні мен ертеңі” атты Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің 15 жылдығына арналған ғылыми-әдістемелік конференцияда (Шымкент, 2007), "Мемлекеттік тілдің дамуындағы жаңа үрдістер” атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда (Шымкент, 2007), "Педагогикалық кадрларды дайындаудың қазіргі заманғы өзекті мәселелері және жаратылыстану ғылымдарының даму перспективалары” атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда, "Қазақ халқының рухани мәдениеті: зерттеу мен оқытудың өзекті мәселелері” атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда (Шымкент, 2008) және Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 80-жылдығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда (Алматы, 2008) баяндалып
Талқыланды, сондай-ақ, Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті Шымкент институты мен А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жанындағы лингвистикалық семинарларда баяндалып, түрлі ғылыми басылымдарда 12 мақала жарыққа шықты. 
     Зерттеудің құрылымы. Диссертациялық еңбек кіріспеден, негізгі екі бөлімнен және қорытындыдан тұрады. Еңбектің соңында зерттеуде қолданылған әдебиеттер тізбесі берілген.

НЕГІЗГІ БӨЛІМ

     Диссертациялық жұмыстың кіріспе бөлігінде зерттеудің өзектілігі негізделіп, жұмыстың мақсаты мен міндеттері айқындалады. Зерттеудің нысаны, пәні, материалдары мен дереккөздері, ғылыми жаңалығы, зерттеу әдістері, теориялық маңызы мен практикалық мәні, қорғауға ұсынылатын тұжырымдары, жұмыстың талқылануы мен жариялануы туралы баяндалады. 
    «Теоретикалық лексикографияның ғылыми негіздері» деп аталатын бірінші бөлімде теоретикалық лексикографияның құрылымдық негіздері зерттеледі. Лексикографияның теориясы мен тарихы құрамындағы негізгі категориялардың мазмұнына талдау жасалады. 
Адам баласының тілі - негізінен сөздерден тұратын тіл. Осыны білгендіктен Ф.Соссюр «сөздердің тіл механизмінің өзегін құрайтындығын» жазған болатын. Осыған ұқсас «Сөз – тілдегі сөздік құрамның негізгі бірлігі ғана емес ол, сонымен қатар, жалпы адамзат тілінің орталық өзегін құрайтын бірлік» деген тұжырымды орыс ғалымы А.И.Смирницкий де айтқан еді [1]. 
Лексикография – лингвистикалық қызметтің барлық нәтижелерін жария етіп, жарыққа шығаратын негізгі канал болып табылады (В.В.Морковкин). Оның үстіне, тіл білімі ғылымында сөздің барлық қасиеттерін жинақты түрде қарастыратын бірден-бір саланың да лексикография болып табылатындығы белгілі. Осы тұрғыдан лексикографияны тіл туралы ғылым санатындағы лингвистика мен тілді танып білуге ықыласты қоғамның арасын жалғайтын тілдесім қызметі деуге болады. 
     Адамзат қоғамында практикалық лексикографияның пайда болып, сөздіктердің түзіле бастағанына төрт мың жылдан астам уақыт өткен. Ал содан бергі кезеңде жасалған сөздіктердің жалпы саны, ХХ ғасырдың ортасында жасалған санақ бойынша, он мыңнан асқандығы белгілі.   Лексикография мәселелерін зерттеушілер сөздік түзу саласында мол тәжірибе жинақталғанымен, сөздік құрастыру тәжірибелерін қорытып, ғылыми талдау жасаудың, оны жетілдірудің ғылыми-теориялық негіздемесін даярлау ісінің тым кеш қолға алынғанын айтады. Расында да, лексикография атты ғылым саласының  XX ғасырдың ортасына дейін жетілген теориясының болмағандығы да шындық. Осы орайда, лексикография теориясының мәселелерін жүйелі түрде зерттеп, оны жеке ғылыми пән ретінде қарастырудың XX ғасырдың орта кезеңіндегі академик Л.В.Щербаның еңбегіне дейін [2] жүйелі түрде жүргізілмегенін айтпай отыра алмаймыз. Теориялық мәселелерді зерттеудегі кемшіліктер лексикографиядағы практикалық жұмыстардың болашағының айқын болмауына, сапасының нашар болуына әкелді.
     1.1 Лексикография теориясы мәселелері. Бұл тақырыпшада лексикография теориясында қаралатын «лексикография» ұғымының мәні мен мазмұны, біртілді оқу сөздігін түзудегі лексикологиялық заңдылықтар («сөздік лексикологиясы»), сөздіктердің жанрлары мен типтері туралы ілім, сөздіктің элементтері мен параметрлері туралы ілім, біртілді оқу сөздігіндегі лексикографиялық құрастырма негіздері туралы ілім, бастапқы материалдар туралы ілім, сөздік түзу ісін жоспарлау мен ұйымдастыру туралы ілім жөнінде сөз болады. 
     «Лексикография» ұғымының мәні мен мазмұны. Лексикографияның теориясында қарастырылатын алғашқы мәселе, бірінші аспект – «лексикография» ұғымына анықтама беру болып табылады. Ғалымдардың лексикография терминіне берген анықтамалары әртүрлі. Испан лексикографы Х.Касарес оны «сөздік жасау өнеріне» балаған болатын.  Лексикографияға үлкен лингвистикалық сөздікте:  «сөздік түзудің теориясы және практикасымен айналысатын ғылым саласы» түрінде түсінік беріледі. Қазақ тіл білімінде аталмыш терминге берілген негізгі анықтамалардың бірінде (Ғ.Қалиев) ол екі мағынада: 1) сөздік жасаудың теориясы мен практикасын зерттейтін тіл білімінің саласы; 2) белгілі бір тілдегі я ғылым саласындағы сөздіктердің жиынтығы – ретінде көрінеді [3]. О.С.Ахманованың лингвистикалық терминдер сөздігінде: 1) сөздік түзу туралы ғылым; 2) тілдегі лексикаға сипаттама жасау ретінде сөздік түзу ісі; 3) тілдегі немесе білім саласындағы сөздіктер жиынтығы  - деген анықтама беріледі. Кеңестік дәуірдегі екі тілді (аударма) лексикография теориясының негізін қалаған ғалым В.П.Берковтың пікірі бойынша, лексикография: 1) сөздік түзу ұстанымдарын зерттеумен айналысатын ғылым саласы, сөздік жасаудың теориясы; 2) сөздік түзу ісі; 3) тілдегі сөздіктердің жиынтығы; 4) елдегі сөздіктердің жиынтығы [4, 4].  Келтірілген анықтамалар бойынша дау айту қиын. Алайда, бұл жерде бір мәселені естен шығармаған жөн. Ол сөздің бастапқы этимологиясына қатысты мәселе. Ол туралы бұдан арғы зерттеу барысында, «оқу лексикографиясы» терминінің мәнін ашу кезінде кеңірек сөз болады. 
      Біртілді оқу сөздігін түзу ісіндегі ішкі лексикологиялық заңдылықтар. Ұғымдарға сөздікте түсінік беру мәселесі, В.В.Морковкиннің сөзімен айтқанда, сөздік лексикологиясы («словарная лексикология») - лексикография теориясындағы маңызды аспектілердің бірі. Сөздік түзу ісінен хабары аз адамдар оны жасауды оңай шаруа деп ойлайды. Олардың ойынша, барлық зат, құбылыс, ұғым атауларының жалпыға ортақ, түсінікті анықтамалары бар болғандықтан, мәселе соларды түрлі дереккөздерден теріп алып, сөздікте тізіп беруде ғана болмақшы. Алайда, өкінішке орай, лингвистикалық еңбектердегі тілдік бірліктерге берілетін ғылыми сипаттамаларға ден қойып, сараптама жасайтын болсақ, ортақ мәнді бірөңгей қағидалардың өте сирек ұшырасатынын байқау қиын емес. Ғылыми еңбектерде бір-біріне мүлде қарама-қарсы келетін сипаттамалардың да болу жағдайлары  кездеседі. Ғалымдардың ғылыми көзқарастары, пікірлері бір-бірінен ерекшеленеді. Ғылыми зерттемелерге назар аударар болсақ, бір-біріне баламалы қатынастағы, бірін бірі толықтыратын, кей жерде бір-біріне қайшы келетін көзқарастардан туындайтын ғылыми тұжырымдардың  куәсі боламыз. Бір қарағанда қарапайым көрінетін  «сөз» ұғымына берілетін анықтамадан бастап, сөздердің лексика-грамматикалық таптарына берілетін түсініктемелерге дейін әрқилы болуы мүмкін. Бұлар - әр ғалымның, әрбір ғылыми ортаның, әр ғылыми мектептің көзқарастарындағы өзгешеліктерден туындайтын ерекшеліктер. Осындай жағдай лексикографиялаудың мақсаттарына сай келетін, сөздікке қатысты ерекше лексикологиямен айналысуға алып келеді. Сөздік лексикологиясында сөздіктің түріне, типіне, жанрына, жасалу мақсатына, адресатына, көлеміне байланысты тілдік бірліктерге жасалатын алуан түрлі сипатттаманың әдіс-тәсілдері, лексикографиялаудың заңдылықтары екшеліп, айқындалады. Тілдік және метатілдік құбылыстарды лексикографиялаудың қажеттеріне бағдарлай түсіндіру қамтамасыз етіледі. Осыған қажетті әдістемелік шешімдердің типтік үлгілері ұсынылады. М.Малбақовтың пікірі бойынша, сөз болып отырған ұғым лексикалық бірліктердің сөздіктерде лексикографиялану заңдылықтарын қамтиды. Лексикалық бірліктер санатына жеке-дара бірліктер де, тұтас бір топты, категорияны, жүйені қамтитын күрделі бірліктер де кіреді. Ғалым лексикографиялану заңдылықтары бойынша келтіруге болатын көп мысалдардың бірі ретінде сөздіктердегі негізгі сөздік тұлғаның берілу ерекшеліктерін, лексикалық бірлікке берілетін сипаттаманың ерекшеліктерін атайды. Мысал ретінде сөздіктегі негізгі сөздік тұлғаның сипаты мен сипаттамасына қатысты «етістіктердің негізгі сөздік тұлғасы қандай», «сөз таптарының конверсиясы қалайша көрсетіледі», «лексикалық бірліктің тілдік жүйедегі, сөздік құрамдағы орны қалай бейнеленеді» деген тәрізді сұраулардың лексикографиялық шығармалардағы шешімі әр түрлі болып шығатыны белгілі. Сөздіктегі сөз мағынасын ашу (сөздіктегі семасиология), лексикалық бірлікке анықтама беру мәселесі – лексикографиялаудың күретамыры іспеттес мәселе. Оның шешімі нақты сөздіктердің сыртқы типологиялық, ішкі құрылымдық ерекшеліктеріне тәуелді. Мәселен, сөздіктердегі тілдердің саны мәселесін алайық.  Сөздіктің біртілді, екітілді және көптілді түрлері болады. Біртілді сөздікте сөзге берілетін анықтама мектепке дейінгі балаларға арналып жасалатын шағын сөздікшеде - бір түрлі, мектеп оқушыларына арналған сөздікте - екінші түрлі, ал жалпылама қолданымға арналып түзілетін үлкен сөздікте - үшінші түрлі болуы мүмкін. Салалық ғылым түрі бойынша арнаулы ғылыми тілде, кәсіби маманға арналып жасалатын терминологиялық сөздіктегі анықтама яғни ғылыми дефиниция бұлардан да өзгеше болмақ. Екітілді сөздіктің өз ерекшеліктері бар. Аударылатын сөздің мағынасын толық ашу ісі екінші тілде балама сөздің болу/болмауына байланысты болмақ. Кей жағдайда сөз мағыналары біріктіріліп жіберіледі немесе негізгі мағына ғана беріледі. Осы мәселеге қатысты В.П.Берков «Кіріс тіл – аргумент, шығыс тіл – функция» - деген еді [4 , 13]. Демек, екінші тілдің жүйесі мен құрылымы толық көрінбейді, олар тек бірінші тілге толық сипаттама беру үшін қажетті мөлшерде ғана ашылады. Және бұл мәселе де, жоғарыда сөз болғандай, сөздіктің көлемі мен адресатының ерекшеліктеріне (оқырманның ана тілі, тілдік даярлығы, мамандығы, т.б.) байланысты әр түрлі шешілуі мүмкін.   
     Сөздіктердің жанрлары мен типтері туралы ілім. Испан лексикографиясын зерттеген Я.Малкил 1959 жылы сөздіктер типологиясын жасау үшін қажетті үш айырым белгіні атайды: 1) сөздіктің диапозоны, яғни материалды қамту аясы; 2) сөздіктің перспективасы; 3) сөздіктің презентациясы [5]. Бірінші және үшінші айырым белгілер түсініктеме беруді қажет етпейтін болғандықтан, екінші белгіге тоқталалық. Ғалым перспективаның да үш түрін қарастырады. Бірінші: тарихи (динамикалық) және синхронды (статикалық) сөздік. Екінші перспектива материалды орналастыру ұстанымына байланысты: а) әліпбилік (дәстүрлі) орналасу; ә) семантикалық (сөз таптары немесе тақырыптық топтар бойынша орналастыру); б) еркін орналастыру. Соңғы үшінші перспектива, автордың өз сөзімен айтқанда, сөздіктің негізгі тоны [бұл жерде сөздік метатілінің ерекшеліктері сөз болып отыр – Ж.Б.] мен нормативтілікке қатысына байланысты. Сөздіктің тоны: а) объективті, ә) нұсқаушы (preceptive) немесе б) ойнақы болуы мүмкін. Нұсқаушы тонға байланысты автор оқырманды тәрбиелеудің яғни оның сөз мәдениетін көтеру мақсатының байсалды лексикографиялық еңбекке келісімсіздігін, лайықсыздығын ескертеді.
      Сөздіктер типологиясы бойынша 1962 жылы арнаулы еңбек шығарған Т.А. Себеок өзінің жіктемесін эмпирикалық негіздерге сүйене отырып жасайды. Ол он жеті белгіні атайды: 1) сөздіктің автордың ана тілінде жасалуы; 2) сөздіктің мәтіндерге байлаулы болмауы; 3) сөздіктің материалды қамту шектері; 4) сөздіктегі материалдың алуан түрлілігі; 5) атау сөздің жекеше немесе көпше тұлғада берілуі; 6) сөздіктің сөз формасына негізделуі; 7) сөздіктің сөз мағынасына негізделуі (синонимдер сөздігі); 8) сөздік мақалалардың әліпбилік ретте сыртқы тұлғалары бойынша берілуі; 9) сөздік мақалалардың мағына, мән бойынша реттеліп берілуі; 10) қарама-қарсы сілтемелер қолдану жолымен материалды формалық жағынан қосалқы безендірудің болуы; 11) қарама-қарсы сілтемелер қолдану жолымен материалды мағыналық жағынан қосалқы безендірудің болуы; 12) сөздің паспортталуы: а) қандай диалектіге жатады, ә) қандай мәтіндерде тіркелген; 13) экземпликация (қолданым мысалдары); 14) глосса (сөзге жасалатын түсініктемелер мен ескертпелердің болуы); 15) сөздік бірліктің қолданым жиілігінің көрсетілуі; 16) сөздік бірліктің этимологиясының берілуі; 17) сөздік мақалада энциклопедиялық түсініктеменің болуы  [5].  Ғалымның пікірі бойынша, сөздік лексикографтың өз ана тілінде жасалатын болса, мұндай сөздікте нұсқаушы, академиялық типті сөздікке айналу тенденциясы сақталады. Сөздік нақты мәтіндер негізінде жасалса, мәтіндерді басты назарда ұстаса, ол анықтамалық сөздік типіне жақындайды. Бұл жіктемеде сөздіктің тілі, ішкі құрылымы, сөздік бірлік пен сөздік мақаланың орналасу реті, құрамы мен құрылымы ескерілген. Автордың практикалық бағдарды басты назарда ұстануына байланысты құнды жіктемелердің бірінен саналады.
     Француз лексикографы Ж. Рей-Дебов Я. Малкилдің, Т. Себеоктың, т.б. біраз ғалымдардың жіктемелерін қорыта келіп өз жіктемесінде төмендегі айырым белгілерді нұсқайды: 1) дидактикалық шығарма (автордың жеке пікірі байқалмайды); 2) анықтамалық ретінде пайдалану үшін жасалған (сөздік кірістер белгілі жүйе бойынша кодталған, ақпарат берудің арнайы бағдарламасы бар); 3) екі құрылымды: макроқұрылымы (номенклатурасы, яғни сөзтізбесі) және микроқұрылымы (сөздік мақалалардағы ақпараттар жиынтығы) бар; 4) материалдың ерекше орналасымы (тұлғасы немесе мазмұны бойынша); 5) сөздік бірлігі (кіріс сөз) құрылымы жағынан әріп пен фразадан жоғары бірліктер аралығында; 6) ақпараттардың реттеліп, бірақ бір-бірінен бөлектеліп орналастырылуы; 7) сөздіктің номенклатурасы – реттелген, иерархиялық тұрғыдан құрылымданған көпшілік; 8) сөздіктегі айтылым (сипаттама) екі мағынаны біріктіреді: таңбалар туралы айтылым және заттар туралы айтылым [5]. Ғалым аталған мәселелерді терең зерттеп, талдаумен айналысатын ерекше лингвистикалық пәннің – теоретикалық лексикографияның жасалуы қажеттігін жазады. 
     Француз ғалымдары К. Дюбуа мен Ж. Дюбуа лексикография теориясының қарастыратын мәселелері ретінде сөздіктер типологиясы мен сөздіктің құрылымдық элементтері туралы ілімді атайды. Яғни ғалымдар бұрыннан белгілі типология мәселесіне сөздіктің ішкі құрылымдық элементтері мәселесін қосады. Орыс ғалымы П.Н. Денисов лексикография теориясының негіздерін зерттеген еңбегінде осы тұжырымды жөн санайды [6, 5]. Оның пікірі бойынша, сөздіктердің жіктемесі дегеніміз – белгілі бір мәдени ареалда немесе белгілі бір ұлттық лексикографиялық дәстүрде тарихи тұрғыдан қалыптасқан сөздіктер мен олардың жанрларының практикалық жүйеленген түрдегі сипаттамасын жасау [6, 6]. 
ҚАЗАҚ ЛЕКСИКОГРАФИЯСЫ: 
БІРТІЛДІ ОҚУ СӨЗДІГІН ТҮЗУДІҢ ҒЫЛЫМИ НЕГІЗДЕРІ 


Похожие материалы

Рахмет ретінде астында тұрған жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!

Категория: Қазақ әдебиеті | Добавил: Admin
Просмотров: 1245 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]